Қар көшкіні (Çığ) (екі көріністі пьеса) Орысшадан аударған: Қайырбек Сәдуақасов, 2008 жыл



бет1/2
Дата16.06.2016
өлшемі0.53 Mb.
#139386
  1   2


Тунджер

Джюдженоглу





Қар көшкіні

(Çığ)
(екі көріністі пьеса)


Орысшадан аударған: Қайырбек Сәдуақасов, 2008 жыл

Қар көшкіні деген тек табиғи құбылыс па?
Тунджер Джюдженоглу
1987 жыл. Мен бір кинокомпанияда жұмыс істеп жүрген болатынмын. Бір жолы менің досым, талантты режиссер Юсуф Курченлимен біраз әңгіме-дүкен құрдық. Сондағы оның маған айтқан таңқаларлық жағдайдың желісі мынадай:

«Шығыс Анадолыда, жан-жағын тұтасқан тау қоршаған ауылда жергілікті тұрғындар дауыстап сөйлеспейді, қатты күлмейді, былайша айтқанда қандай да болмасын шу шығармауға тырысады, өйткені дыбыс толқындары қар көшкінін тудыруы мүмкін.

Ең кереметі қар көшкінінің қаупі жылына тоғыз ай бойы сақталады... Содан ондағы адамдардың жылына үш ай бойы ғана айқайлауынаа, мылтық атуына, үйлену тойларын жасауына, бала тууына болады... Яғни, жыл бойында тек осы қауіпсіз үш айда ғана өз сезімдерін сыртқа шығара алады...

Ал қалған тоғыз айда олар не істеуі керек? Ешқандай да дыбыс пен сыбдыр шығармай, алаң мен үрейге толы күн кешулеріне тура келеді...»

Мені толқытқан осы жағдайды сахналандырудың қажеттігін сезіндім.

Ал бірақ осы бір әсерлі болмысты қалай баяндап, оның ғаламат драматизмін қандай көркемдік тәсілмен беру керек?

Осы хикаяттан көркем желінінің өрмегін қалай тоқып, ол шығарманың көрерменге қызықсыз болмайтындай ету үшін не істеу керек?

Осы жағдайды қандай сахналық құралдармен беру керек?

Егер мен тек табиғат құбылысын ғана баяндасам, менің жазған пьесамның көркемдік құндылығы қандай болмақ?

Осы табиғат құбылысына сүйеніп әлеми мәселелерді қамтитын пьесаны қалай тудыруға болады?

Міне осы сипаттағы сұрақтарды менің болашақ пьесамның парақтарына бойлай қыдыруға өзіммен бірге қоса алдым.

Содан мен өзім үшін мынадай ой түйіндедім:

Қар көшкіні деген тек табиғат құбылысы емес...

Бәлкім, ол – біздің санамыздағы үрейдің перзенті болар...
Жаратушы жар болғай!


2002 жылғы 10 ақпен

Стамбұл қаласы

Мюждат Геенге арналады...


Оқиға орыны:
(Жан-жағынан тау қоршаған шағын ауыл, таудағы елді мекендерге тән бір қабатты үйдің ішкі жиһазы орнастырылған .

Терезе мен шатырдан салбырап тұрған мұз сүңгілер...

Қабырғада ұңғылары біріне-бірі қарап екі мылтық ілулі тұр, мылтықтардың дү.мдері едәуір алшақ... Оларды қабырғаға әшейін сән үшін ілген болуға тиіс.

Сол жақта жатын бөлме... Ортада қонақ қабылдайтын үлкен бөлме... онымен қатар, оң жақта басқа бөлмеге апаратын есік... Қарсысында кіре беріс есік орналасқан...

Қонақ бөлмеде қарапайым камин... Жанында тап-тұйнақтай етіп жиыстырған отын... Еденде тоқылған төсеніш, қабырғаларда кілемшелер... Қонақ бөлмеде таяқшалары бар барабан... Барабан өзін дүңкілдетіп-дабылдатар күнді күткендей бұрышта тұр.

ЖАС КЕЛІНШЕК ПЕН ЖАС ЖІГІТ өздеріне бөлінген сол жақтағы бөлмеде ұйықтап жатыр.

Қонақ қабылдайтын бөлмедегі БӘЙБІШЕ каминге таяу жайғасып, жанарын төбеге қадап жатыр... Ол әлденені күткендей бейжай күйде, құс-ұйқыдағыдай біресе көзі ілініп, қалғып, біресе қайта оянып кетеді...

Жанында оның күйеуі АҚСАҚАЛ тұяқ серппей ұйықтап жатыр... Оның бар-жоғы мүлде білінбейтіндей әсер қалады...

Оң жақ бөлмеде ОТАҒАСЫ мен ӘЙЕЛ ұйқы құшағында жатыр...

Төсек-орындардың барлығы жерге төселген...

Үйдің ішінде қабырғалар жоқ...

Бұл көрініс нақты емес әлемнен алынған, бейнебір сипаттаушы символ сияқты...

Құлақ тұндырар тыныштық...

Пьесаның өн бойы, ол аяқталғанға дейін осы тыныштық сақталады... Пьеса кейіпкерлері әрбір қадамын, әр қимылын зәредей де шу шығармауға тырысып жасайды. Баяулатып түсірілген кадрларды көрсетіп жатқандай сезінесің.

Финалға дейінгі барлық әңгіме-дүкен сыбырласып сөйлесумен өтеді.

Кейіпкелер дауыстап сөйлемеуге, ешқандай сыбдыр шығармауға тырысады, олардың шудан үрейленетіндігі бүкіл пьеса бойы көрерменге де әсер етіп, жайылып, тарауға тиіс).


КЕЙІПКЕРЛЕР:
БӘЙБІШЕ – 70 жастың маңайында. Едәуір ширақ...

Өзіне аянышпен қарату үшін өз бетімен

қозғала алмайтын сияқты көрінеді.

АҚСАҚАЛ – 80 жастың маңайында. Таяққа сүйеніп

қана қимылдай алады.



ЖАС КЕЛІНШЕК – 18-дің маңайында. Аяғы ауыр.

ЖАС ЖІГІТ – 20-ның маңайында.

ОТАҒАСЫ – 50-дің маңайында.

ӘЙЕЛ – 45-тің маңайында.

КІНДІК ШЕШЕ

(БОСАНДЫРАТЫН ӘЙЕЛ) – 40-тың маңайында.

ҚАУЫМ БАСШЫСЫ

(ЕР АДАМ) – 75-тің маңайында.

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ӘЙЕЛ – 70-тің маңайында.

ҚАУЫМ МҮШЕСІ ЕРКЕК – 60-тың маңайында.

1-ШІ САҚШЫ – 35-тің маңайында.

2-ШІ САҚШЫ – 35-тің маңайында.


Мезгілі: Осы заман.

Орыны: Кез келген ел.

1 ПЕРДЕ
(Сібіргілеп таң атып келеді...

Не үрген иттің, не шақырған әтештің дауысы естілмейді... Құлаққа ұрған танадай меңіреу тыныштық жайлаған...

Күн көтерілген сайын үйге ғажайып аппақ сәуле құйылады...

Онымен қатар үнсіздік құлақ тұндыралықтай зорая түскендей болады...

БӘЙБІШЕ бәрі ұйықтап жатқанына көз жеткізіп алып, бірінші болып тұрады... Ешбір дыбыссыз түзге шығады... Шамалыдан соң қайтып келеді де асүйден бірдеңені алып, апыл-ғұпыл жей бастайды... Біреу-міреу байқап қалмасын деп жан-жағына алаңдап қарап қояды...

ЖАС КЕЛІНШЕК төсегінен жайлап көтеріліп, тыжырынады... Ауырсынып отырғаны бірден байқалады... Ол күйеуін оятсам ба, оятпасам ба екен деген екіұдай халде... Содан соң оятпауға бел буып, төсегінен дыбыссыз көтеріледі. Оның аяғы ауыр екендігі көрінеді.

БӘЙБІШЕ ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ келе жатқанын сезіп ауызы толы беті төсегіне жата қалады... Ұйықтап жатқан кейіпте бола қалады... ЖАС КЕЛІНШЕК өзіне қамқор болсын дегендей көрпесін сырып қояды.

ЖАС КЕЛІНШЕК дыбыс шығармай алдымен қонақ бөлмеге өтіп, одан түзге шығады...

БӘЙБІШЕ ЖАС КЕЛІНШЕКТІ көзімен шолып жатады...

Біраздан соң ЖАС КЕЛІНШЕК қонақ бөлмеге оралады... Тынышталған сияқты... Қайтадан дыбыс шығармай, аяғының ұшымен басып келеді... БӘЙБІШЕ ұйықтап жатыр екен деп оның көрпесін жабады. ЖАС КЕЛІНШЕК өз бөлмесіне өтеді, БӘЙБІШЕНІҢ жүзінде өзіне қамқорлық көрсеткенге ризалық сезімі аңғарылады, сөйте тұра үнсіз шайнаңдап жатады.

ЖАС КЕЛІНШЕК орнына келіп жатады...

Енді ОТАҒАСЫ тұрып, бөлмеден шығады... Қонақ бөлмесі арқылы өтіп, үн-түнсіз сыртқа шығады...

БӘЙБІШЕ тағы да ұйықтағанси қалады... ОТАҒАСЫНЫҢ көп кешікпей оралатынын біліп, көрпесін тағы да сырып тастайды...

Шамалыдан соң ОТАҒАСЫ оралады...

ОТАҒАСЫ БӘЙБІШЕНІҢ көрпесін жауып өтеді... Өз бөлмесіне аяңдайды... Жайғасады...

БӘЙБІШЕ көздерін қайта ашады, көзін сығырайтады, оң жағына бір, сол жағына бір қарап алып, ойға шомады...

ЖАС КЕЛІНШЕК кенет қатты ауырсынып төсегінен көтерліңкірейді.. Оның толғағы басталғаны сезіліп тұр...)
ЖАС КЕЛІНШЕК – (Қолымен күйеуін түртіп) Тұршы...

ЖАС ЖІГІТ – (Ұйқылы-ояу) Не боп қалды?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ішім...

ЖАС ЖІГІТ – Не болды?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ауырып тұр...

ЖАС ЖІГІТ – Әжетханаға барсайшы...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Барып келдім...

ЖАС ЖІГІТ – Сосын?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Қайтадан ауыра бастады... Мен қорқамын...

ЖАС ЖІГІТ – (Өзіне өзі сенімсіз үнмен) Қорқатын несі бар?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Қорқатын несі барың не айтып тұрған?

ЖАС ЖІГІТ – Суық тигізіп алғансың ғой... (Бұрынғысынша алаңдап) – Басқа не болушы еді?



(Үнсіздік)

ЖАС ЖІГІТ – Қалайсың өзі?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Басылған сияқты...

ЖАС ЖІГІТ – Көрдің ғой, қорқатын түгі де жоқ...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Мен байғұс... ойлап қалып едім...

ЖАС ЖІГІТ – Не жайында?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Толғақ келіп қалды ма деп ойлап қалып едім...

ЖАС ЖІГІТ – Толғақ қайдан келе қалады?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Онда неге ішім бүріп кетті?

ЖАС ЖІГІТ – Ой, сенің жай ішің кеуіп тұрған шығар, оны сен толғақ деп ойлағансың ғой.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Қозғалып кетті... Қозғалып тұр...

ЖАС ЖІГІТ – (Қолымен әйелінің ішін сипайды... Бақыттан масайрап күлімсірейді) Не деген тамаша. Жарық дүниені көргенше асығып тұр ғой...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ол енді бірер күн шыдай тұрса ғой...

ЖАС ЖІГІТ – (Әйелінің қолын алады) Тыңдашы, құр босқа үрейленуді шығар басыңнан... Ең кемі әлі бір ай бар ғой... Қорқатын түк те жоқ... Бұл өңірде тиісті мерзімінен бұрын бала туып көрген жоқ... Менің әжем саған оны айтпап па еді?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бірақ ондай оқиғалар болған дейді ғой...

ЖАС ЖІГІТ – Сен ондайды кімнен естіп жүрсің?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Сенің әжеңнен...

ЖАС ЖІГІТ – Ой, ол деген баяғыда болған оқиға ғой...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бәрібір емес пе, қашан болса да?

ЖАС ЖІГІТ – (Бұған ол өзінше мән бермегенсуге тырысады) Ол уақытта біз туғамыз да жоқпыз ғой...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Жүкті әйелді тірідей табытқа салыпты...

ЖАС ЖІГІТ – Ол сонда осыны саған айтты ма?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ол кісі сенің шешеңе айтқан, ал мен естіп қалдым... Бұл оқиғаны мұндағы барлық қыздар біледі... Бұл табыт біздің түсімізге шошып оятатындай зәремізді алып кіреді... Мен құрсағыма перзент біткелі ұйықтаудан қорқам... Осы үрей мені үйіріп, бауырына тартып, баурап алды... Жалғыз мені ғана емес, барлық жас қыздарды баурап алды.

ЖАС ЖІГІТ – Уей, ол баяғыда болған дүние емес пе... Одан бері ол жағдай қайталанған емес... Сен тағы да шамалап ұйықтап алуың керек!



(ЖАС КЕЛІНШЕК көздерін жұмып, ұйықтауға тырыады... Енді алаң ЖАС ЖІГІТКЕ ауысады... Ол ойға шомып әйелінің шашын сипай бастайды...

Сырттан құйылған жарық көз қарықтырардай аппақ болады... Жарық күшейген сайын мысыңды басатын тыныштық ұлғая түседі...)

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ал енді шынымен-ақ толғақ басталып кетсе ше?

ЖАС ЖІГІТ – Өйтуге тиіс емес...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Неге?

ЖАС ЖІГІТ – Өйткені үлкендер бәрін есептеп қойған...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Сонда не, олар ешқашан қателеспей ме?

ЖАС ЖІГІТ – Жоқ!..

ЖАС КЕЛІНШЕК – Неге қателеспейді сонда?

ЖАС ЖІГІТ – Өйткені олардың қатесі тым қымбатқа түсер еді...

(Үнсіздік)

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бірақ та... Сен өзің де қорқып қалдың ғой...

ЖАС ЖІГІТ – Е, ол табиғи нәрсе емес пе?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Онда менің үрейімді де түсінуге болады ғой...

ЖАС ЖІГІТ – Саған қорқуға болмайды деп айтқан жоқпын ғой... Бірақ қазіргі жағдай басқаша... Екі күннен кейін біз үрей дегенді тіптен ойымыздан шығаратын боламыз... Біздің жылқыларды, есектерді, сиырларды, қойларды, біздің тауықтарды әтештерімен қоса, барлығын қайта әкелетін болады... Үш ай... Сенің нәрестең шаттыққа арнап қару-жарақ гүрсілдетіп жатқанда дүниеге келеді... Ол тұңғыш рет шырқырайды... Ол қаймықпай айқайға басатын болады! Жалпы ешкім де қорықпайтын болады... Өйткені үрейленетін ештеңе болмайды... (ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ шаштарын сипалай бастайды) Бәрі ән шырқай бастайды... Қалтаңдаған қарттарға дейін естерін танғанша сіміріп алып, алаңда биге басатын болады... Тұп-тура үш ай! Бұл шаттық үш ай бойы жалғасады... Ал алғашқы қар түсе салысымен сені мен нәрестені таудан әрі асырамыз, кетеміз бұл жақтан. Біздің тұңғышымызды үрейсіз өсіру ұшін сөйтеміз... Мұнда малымен келгендер де қайтадан қайтады... Өйтпегенде қайтсін, себебі жылқылары кісінейді, есектері ақырады, иттері үреді, сиырлары мөңірейді, әтештері шақырып, тауықтары қыт-қыттайды... Мен саған құпия бір нәрселер айтсам қайтеді?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Айта бер.

ЖАС ЖІГІТ – Біз мұнда мүлде қайтып келмейтін боламыз. Бізден бұрын да кеткен жас жұбайлар сияқты... Кетеміз де таудың етегіне қоныс тебеміз... Үрейленбей өмір сүретін боламыз... Ажал тақағанын сезгенше сонда болып, мұнда қайтып келеміз... Біздің бабаларымыз сияқты...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Сонда жаздыкүні де келмейміз бе мұнда?

ЕР ЖІГІТ – Сен ұлымызбен қаласың, ал мен келемін. Басқаларына қысқы азық-түлік жеткізу керек қой. Ұнсыз, қантсыз, тұзсыз бәрі құриды ғой.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Сен «ұлымызбен» дедің ғой... Біз ұлды болатынымызды қайдан білесің? Мүмкін, қыз бала болатын шығар...

ЖАС ЖІГІТ – Мүмкін, қыз болуы да кәміл... Мен құр әйтеуір, аузыма түскенін айта салғаным ғой...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Ал мен әке-шешемді көзден таса қыла алмаймын... Мен оларсыз шыдай алатын түрім жоқ...

ЖАС ЖІГІТ – Оларды да мұнда ұстап тұрған ештеңе де жоқ қой. Олар да бізбен бірге кетуіне болады.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Онда сенің жақындарың да бізбен бірге жүрсін! Егер біз бәріміз бірге кететін болсақ, сенің мұнда қайта оралып келуің керек болмайды...

ЖАС ЖІГІТ – Олар бұл жерден кетпейді... Атам мен әжем мұнда осы жерде о дүниеге аттану үшін келген... Жаратушы жар болсын, өздері білсін... Біз өз баламызды ойлауымыз керек... Ол үрейсіз ержетсін... (Әйелі ұйықтап қалғанын сезбей) Баяғыда бір дана кісі: «Үрей адамның ойлау қабілетінен айырады... Үрей адамның ойларын бұрмалайды, бұл дегенің басқа түскен ауыртпашылықтың ең қорқыныштысы. Бәрімізді баурап алған үрейді біздің балаларымыздың басына бермесін!», – деген екен. Жо-жоқ, мен ондайды болғызбаймын...
(ЖАС ЖІГІТ әйелінің ұйықтап жатқанын түсінеді. Ол дыбыссыз көтеріледі де қонақ бөлмеге беттейді. БӘЙБІШЕ тағы да ұйықтап жатқанси қалады.)
ЖАС ЖІГІТ – Байқаймын, әже, ұйықтамай жатырсың ғой...

БӘЙБІШЕ – Не болды, балам?

ЖАС ЖІГІТ – Мен өзіңнен бір нәрселерді сұрайын деп едім...

БӘЙБІШЕ – Сұрай ғой...

ЖАС ЖІГІТ – Өзің таяуда шешеме айтып едің ғой... Баяғыда бір әйел босанған еді деп.. Тіптен ертеде...

БӘЙБІШЕ – (Күдіктене) Ол саған не үшін керек болып қалды?

ЖАС ЖІГІТ – Менің әйелімнің зәре-құты қалмай жүр...

БӘЙБІШЕ – Оның қорқатын несі бар? Оған оның қатысы жоқ қой!

ЖАС ЖІГІТ – Әйткенмен, ол қатты қорқып жүр... Жас қой, оған қоса өмірді көре қоймаған... Оның үстіне әсершіл... Шынымды айтсам, болған оқиғаға өзім де қызығып кеттім...

БӘЙБІШЕ – (Шын масаттана) Ол кезде мен де сенің әйелің сияқты уыздай жас едім. Біз төрт келін абысын болдық. Бәрімізге тойды шалқытып тұрып бірге жасады... Бірінші неке түніне дейін бізге ең кемі төрт ай шыдау керек болатын... Үлкендер бізге мұның бәрін тәптіштеп түсіндірген еді... Біздің үшеуіміздің осы уақыт бойы күйеулерімізден аулақ болуға шамамыз келді... Ал бір жас жұбайлар айтқанды құлағына ілмеді... Күн құрғатпай кездесе бастады... Сосын не болушы еді? Қатерлі кезеңнен үш ай бұрын келіншектің толғағы басталды... Сосын амалсыздан болары болды...

ЖАС ЖІГІТ – Не болды?

БӘЙБІШЕ – Қатал заң жұрттың бәріне белгілі... Бірден кіндік шеше болатын әйел босандырып жүрген әйел шақырылды... Бәрі рет-ретімен жасалды... Ақсақалдар алқасы жиналды да шешім шығарды... Сөйтіп біздің құрбымызды табытқа салды да жаңадан қазылған көрге көмді...

ЖАС ЖІГІТ – Ал күйеуі не болды?
БӘЙБІШЕ – Көз жасы көл болды... Жалынып-жалбарынып-ақ бақты байғұс... Тіптен Ақсақалдар алқасынан өзін келіншегімен бірге көмуін өтінді. «Бұндай істе шарасызбыз», – деп тіке бетіне айтты... Келіншегімен бірге көмілуге де рұқсат етпеді...

ЖАС ЖІГІТ – Сосын не болды?

БӘЙБІШЕ – Қатер өткен соң қабірді ашты, бірақ одан бері бақандай үш ай өтіп кеткен болатын... Біздің құрбымызға енді ешқандай көмек жасау мүмкін емес еді...

ЖАС ЖІГІТ – Бұл деген адамшылыққа жатпайтын нағыз тағылық қой...

БӘЙБІШЕ – Басқалар аман қалу үшін сөйтуге тура келді... Төбемізде тау тұрғанда тәуекелге баруға болмайды ғой! Не істейсің енді?

ЖАС ЖІГІТ – Мен қайдан білейін? Мүмкін туайын деп жатқан әйелдің аузын матап қою керек пе еді... Айқайламас үшін...

БӘЙБІШЕ – Өзіңе белгілі емес пе, бізге ойлануға тиым салынған... Солай болған, солай болады да... Біздер, қатындар, ешкімге сырымызды білдірмей, жай босна салатынбыз... Қашан дейсің ғой? Қауіп-қатер өткен соң, бірімізден соң біріміз іле-шала, тістеніп, демімізді ішімізге тартып, қар көшкіні әлі де болатындай үрейленіп босанатынбыз... Бәріміз де... Сондағы шырылдаған дауыс керемет болатын... Таудан тауға жаңғырығатын... Ал бізге нәрестенің шырылдағаны бәріміздің түбімізге жететіндей болатын... Есіңде болсын, ең қатал деген заңның өзі – бәрібір адамдардың бақыты үшін болады...

ЖАС ЖІГІТ – Сондай да бола ма екен?.. Өзгенің қабірінің үстінде бақыт орнатуға бола ма, сонда ар-ұят деген қалай жай табады?

БӘЙБІШЕ –Мұны сенің миыңа кім құйып қойған? Бұл сенің ойыңа да кіріп-шығушы болмасын ... Өтті-кетті... Бір опат мың кеңестен тәуір демей ме... Сол жолғы ажал міне елу жылдан бері өзгені өз соңынан ертпей келеді...

(ЖАС ЖІГІТ біраз уақыт үнсіз отырып қалады да түзге шығады. Көрші бөлмедегі ӘЙЕЛ оянады... Төсектен дыбыссыз көтеріледі... Күйеуін оятып алмайын деп тырысып бөлмеден сусып шығады. БӘЙБІШЕМЕН көздері түйісіп қалады...)

БӘЙБІШЕ – (Әжетхана жақты сілтейді) Ол жақта ұлың бар...

ӘЙЕЛ – Өзің неғып ұйықтамай жатырсың?

БӘЙБІШЕ – Қарным ашып жатқаны...

ӘЙЕЛ – (Естімегенсиді) Ұйықтай тұрсайшы оданда біраз!
(ОТАҒАСЫ да тұрады, дыбыссыз солардың қасына келеді).
БӘЙБІШЕ – (ұлының жанына келгенін көріп жатыр, бірақ оны байқамағансиды) Тамақ ішкім келіп жатқаны... Қарным әбден ашты!

ӘЙЕЛ – Мен бәрін әзірлеп бергенше күтіп жатырсың ғой...

БӘЙБІШЕ – Е-е-е, менің аяғым жүріп тұрса сенен сұрар ма едім?

ӘЙЕЛ – (Бірдеңені апыл-ғұпыл әзірлеп, тамақ салған аяқты БӘЙБІШЕГЕ ұсынады) Байқа, төсекке қиқым түсіріп алма...

БӘЙБІШЕ – Мен бұған дейін қиқым түсіріп көріп пе едім сонша?

ӘЙЕЛ – Мен түсірдің деп айттым ба, мен «түсіріп алма» деп тұрмын!

БӘЙБІШЕ – Ал енді мен бұған дейін түсіріп көрмесем, маған несіне «түсірме» деп бұйырып тұрсың. Бұған дейін тамақты ешқашан түсірмесем, тамақты төкпей-шашпай ішемін емес пе...

ӘЙЕЛ – Ой, осы бос сөзіңмен-ақ мезі қылып болдың мені!

БӘЙБІШЕ – Сен өзің жармаспасаң, мен де үндемес едім.

ӘЙЕЛ – Жарайды, болды-болды, жетер енді!

БӘЙБІШЕ – Мына құрғақ тамағың менің өңешімнен де өтпейді!

ӘЙЕЛ – Енді шай сұрауың ғана қалып еді!

БӘЙБІШЕ – Шамалап су әкеп бере қойшы!
(ОТАҒАСЫ олардың сөз шарпысуын шыдамдылықпен тыңдап тұрады. Жақтырмай әйеліне қарайды).
ОТАҒАСЫ – (әйеліне қарап) Бүгін шаруамыз шаш етектен... Дайындалу керек...

ӘЙЕЛ – Сен осында ма едің?

ОТАҒАСЫ – Оят бәрін...

ӘЙЕЛ – (Мүлдем жай сөйлеп) Ия, сенің шешең елді ояттыра қоюшы ма еді...

БӘЙБІШЕ – Су дедім ғой!
(ӘЙЕЛ, өз-өзінен бірдеңелерді міңгірлеп, су әкеледі, каминге жақындап, отты дыбыссыз қаузайды...

От жана бастайды... ӘЙЕЛ отта тұрған үлкен шәйнекке қосымша су құяды...

ОТАҒАСЫ БӘЙБІШЕГЕ таяп келіп, бетінен сипайды...

БӘЙБІШЕ көзқарасымен ӘЙЕЛГЕ ашулы екендігін сездіреді...

ОТАҒАСЫ әдетке айналған ымменен оған «басқара бер...» деп ишара жасайды...

ЖАС ЖІГІТ ішке кіреді... ОТАҒАСЫ ұлына ымменен келін оянатын уақыт болды дегендей ишара жасайды...

ЖАС ЖІГІТ келіскендей бас изеп бөлмесіе барады да ЖАС КЕЛІНШЕККЕ еңкейіп, шаштарын салалайды...

ЖАС КЕЛІНШЕК оның қолын ұстайды... Осылай бірнеше сәт өтеді, екеуі бақыт құшағында...)

ЖАС ЖІГІТ – Қазір қалайсың?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бәрі орнына келді...

ЖАС ЖІГІТ – Әне, айтып едім ғой саған... (Үнсіздік) Бүгін біраз шаруа бітіру керек...Тұрсаң қайтеді, ә...



(ЖАС КЕЛІНШЕК те тұрады... Төсекті дыбыс шығармай жинастырып жатыр... Күйеуі оны күтіп тұра тұрады да екеуі қонақ бөлмеге шығады...

ӘЙЕЛ мен ЖАС КЕЛІНШЕК дастархан жайғастырады, ОТАҒАСЫ мен ЖАС ЖІГІТ қабырғадағы ілулі мылтықтарды алады...

ОТАҒАСЫ ұлы әкелген дорбадан мылтықты тазалайтын саймандарды алып ұлына мұқият көрсетіп отырып, асықпай мылтықтың біреуін тазалай бастайды...

ЖАС ЖІГІТ те әкесінің қимылдарын сол ретпен қайталап, екінші мылтықты тазалайды...

ӘЙЕЛ мен ЖАС КЕЛІНШЕК баяулатқан фильмдегідей қозғалып дастархан жасап, бір жағынан қонақ бөлмені жинастырып жүр...

Шамалы уақыттан кейін екі мылтық та тазаланып бітеді...

Ыдыстарға шай құйылады...

ЖАС ЖІГІТ мылтығын тазалап болып, оны оқтауға ыңғайланады, бірақ ОТАҒАСЫ жақтырмаған сыңай танытып, олай етуге рұқсат етпейді...)
ОТАҒАСЫ – Әзір емес... Әлі уақыты келген жоқ...

ЖАС ЖІГІТ – Күбідегі су қалай?

ОТАҒАСЫ – Үш елі төмендепті... Кеше...
(Мылтықтар сол бұрынғы қалпыша ілулі тұр..

ЖАС ЖІГІТ оқ-дәрі салынған қорапты мылтықтар тұрған тұсқа ұзатпай орналастырады, ол уақытта әйелдер таңғы астың дастарханын жайып болып қалады. ЖАС ЖІГІТ әкесінің қолына су құяды, әкесі жуынады...

Отағасы орамалмен сүртінеді...

ЖАС ЖІГІТ – Күбіні көріп келсем қайтеді?

ОТАҒАСЫ – Барсаң бар...
( ЖАС ЖІГІТ дыбыссыз аулаға шығады. Көзден таса болады. Әйелдер таңғы асты даярлап бітіп қалады...)
ЖАС ЖІГІТ – (қайтып оралып, қолымен көрсетеді) Екі жарым елі...

ОТАҒАСЫ – Жақсы болды ғой... Мүмкін бүгін-ақ бәрі еріп кететін шығар, мылтықты сонда қолға аламыз... Бір тәубасы ішінде, ертең кешке біржола еріп бітуге тиіс...

ЖАС ЖІГІТ – Тезірек болса екен! Мен күте-күте жалығып біттім!

ОТАҒАСЫ – Сонша неге алаңдайсың? Өз бетімен еріп бітсін, бір күн әрі, бір күн бері, не айырмасы бар! Жау қуып келе жатқан жоқ қой!


( Үстел басын алдымен ОТАҒАСЫ жайғасады... Одан кейін қалғаны орналасады...)
ОТАҒАСЫ – Әкемді неге оятпағансың?

БӘЙБІШЕ – Өзіміз алаңдамай тамақтанып алайық та... Сосын өзім тамақтандырамын ғой... Әйтпесе қазір әрнәрсеге араласа бастайды... Шіркін, баяғыда қандай адам болып еді! Жалындаған от еді-ау шіркін... Баяғыдағылар айтушы еді: «Көрерміз көкжалдың қартайғанда қандай болғанын... деп» Көріңдер енді... Көріңдер қартайған көкжалдың қандай болатынын...

ӘЙЕЛ – жұрттың бәрінің күйеуі сол кісідей-ақ болсын... Міндетін кісіге артпай, өз-өзін күте алады.

БӘЙБІШЕ – (Мұңая жымиып) Саған солай көрінеді-ау!


( Барлығы шама келгенше шу шығармай тамақ алып, шай ішеді...

ЖАС КЕЛІНШЕК бәріне жаңалап шай құйып отыр... БӘЙБІШЕ өз табағындағы тамақты тауысып болып, ұлын шынтағымен түртіп, біресе ұлына, біресе немересіне бірдеңені алдыртады... Тек әйелді айналып өтіп отыр...

Кенет АҚСАҚАЛ төсегінен басын көтереді... Үстел басында тамақтанып отырғандарға түк түсінбей, одырая қарайды...)
БӘЙБІШЕ – Ортаға кел (Басқаларға қарап) Орын берсеңдерші, бізге қарай жылжысын... Бол, өтсеңші бері... (АҚСАҚАЛДЫ үстел басына орналастырмақ ниетпен қолын созады)... Келе қал...
(Оған ОТАҒАСЫ қосылып көмектеседі... БӘЙБІШЕ аузына бірдеңе салуға әркеттенеді...

АҚСАҚАЛ аузына бір ащы дәрі түсіп кеткендей зорға жұтынады).
БӘЙБІШЕ – (Екі қолын жалбарынғандай көкке көтеріп) О, құдайым-ай! Мұндайды басыма бере көрме менің! Мені дәм-тұзым таусылған күні тып-тыныш өзіңе әкетсең болар еді...

АҚСАҚАЛ – (Сөздерін басқалардан гөрі әлдеқайда бәсең, естілер-естілмес етіп) Бәрі кетті... Мен де кеттім...

ОТАҒАСЫ – Жастардың бәрі кетті... Сол кеткеннен қайтып оралған жоқ... Ал біз ше? Біз қайтып оралдық... Қыс бітісімен-ақ оралатынбыз. Өзімізбен бірге ұн, қант, тұз, арпа мен бидай ала келетінбіз... Қыстай тапқан-таянғанымызды ала келетінбіз.... Соншама адамды қыстай асырап шығу үшін... Жыл сайын сендерді бұрынғыдан да үнсіз болуға үйретіп, кері қайтатынбыз. Ал қазір үнемі осындамыз. Сондықтан бірінші болып мылтықты мен атсам деймін... Жылда сөйтуші едік қой... Қазір де солай болады... Өмір бойы солай болады...

ОТАҒАСЫ – Тамақтан бірдеңе алсаңшы, әке...

АҚСАҚАЛ – Өз баласын өсіріп, қайтадан қайтып келген, нағыз ер сол... Енді өмір бойы бар дауысымен айқайлай алмайтынын біле тұрып қайтып келу деген... Немене, менің нағыз ер екендігіме күмән келтіріп отырсыңдар ма? (Үнсіздік) Мылтықты қашан атамыз?

ОТАҒАСЫ – Мүмкін, ертең ататын шығармыз, әке...

АҚСАҚАЛ – Мені кемсітулерін қарашы... Ажалын сезген пілге ұқсап туған жерде көз жұму үшін оралды дейтін көрінеді...

ОТАҒАСЫ – Қайтесің оларды, айта берсін ойларына келгендерін... Білетін адам біледі... Мұнда сенің оралу себебің бұл жерді өзің жақсы көресің...

АҚСАҚАЛ – (Жылайды) Мұнда неге қайтып келгенімді менің өзім жөнді білмеймін... (Дауысы құмығып, еңкілдеп отырып, жалғастырады) Түк ұнамайды маған, ішкен-жегенімде түк дәм жоқ... Тіптен мылтықты дүңкілдеткеннің де түк қызығы қалмады... Оқшантайда оқ таусылды! Осы да өмір болып па?!

БӘЙБІШЕ – (Өзінен өзі міңгірлеп) Оқ-дәрі де болатын! Оқшантай да болатын! Ол оқ-дәрі талай жылға жетті ғой (Күйеуіне қарап) Қайтесің бос сөзді сөйлеп, тамағыңды іш оданда!

ӘЙЕЛ – (Өте жай) Мезі ғып бітті-ау осылар!

АҚСАҚАЛ – Құрбым-ау! Тір жүрген екенсің оқ-дәрің де, оқшантайың да болу керек! Сонда ғана сені өмір сүріп жүр дей алам...

БӘЙБІШЕ – Көрдік қой сенің оқ-дәріңді, көрдік... Неге екенін қайдам, басқалар өз рахаттары үшін өмір сүрді... Сенің оқ-дәріңнен не пайда?

АҚСАҚАЛ – Бағалай алмасаң, әрине, пайдасын да көрмейсің.

БӘЙБІШЕ – Мылтығыңды күніне үш рет атқанда не тұр, сол да қуаныш болып па! Балды күнде былапыттап соға берсең, балың да кермек татыр!

АҚСАҚАЛ – Сондықтан сен емес басқалар дүңкілдететін! Оған өзің де кінәлісің!

БӘЙБІШЕ – Қарай гөр, сөзді көбейтуін қарашы!.. Құдайға шүкір, оқ-дәріңді атқылап біттің, енді қиналмайтын болдым! (Ашуланып) Шайыңды іш!.. Шай ішуге тістің керегі жоқ шығар! Тіссіз-ақ ұлтабарыңа бірдеңе түсер... (Шала естіртіп) Оқ дәрің-жоқ па, тісің бар ма, жоқ па, не пайда одан!

АҚСАҚАЛ – (Дөрекі) Доғарсайшы енді сөзді! Басқаның шаруасына араласпа!



БӘЙБІШЕ – Міне дұрыс болды... Жылаңқырай түс! Тағы! Тағы! Содан жағдайын жөнделіп кетсе, көлдет көз-жасыңды!
(АҚСАҚАЛ үнсіз жылайды, қалғандары тамақтана береді...

Таң біржола атты...

Үйге күннің өзі кіріп кеткендей жапжарық...

АҚСАҚАЛ шай ішіп, тамақтанып болады...

Түрегеліп, әжетханаға беттейді...

ӘЙЕЛ мен ЖАС КЕЛІНШЕК устелді жинастыра бастайды...

АҚСАҚАЛ қайтып оралып орнына жайғасады... ЖАС КЕЛІНШЕК ас үйде дыбыссыз ыдыс-аяқ жууда, АҚСАҚАЛ ӘЙЕЛГЕ сигарет әпер деп белгі береді...)
ОТАҒАСЫ – Әперсейші!
(ӘЙЕЛ АҚСАҚАЛҒА тығулы тұрған сигареттердің бірін ұсынады... АҚСАҚАЛ ЕРКЕК сигаретті масайрай алады... Ұлына тұтат дегендей белгі береді. Отағасы сигаретті тұтатады...)
АҚСАҚАЛ – (Темекісін рахаттанып молынан сорады. Біраз уақыт түтінді шығармай ауызында ұстайды. Баласына қарап ) Саған менің ағаммен жүздесудің сәті түспеді... Ол көзі тірі болғанда қазір менімен қатар отыратын еді. Ол менен екі жас үлкен болатын... Тұйық бала болушы еді... Ешкіммен сөйлеспейтін... Біз бәріміз қар көшкіні болып қала ма деп қорқатынбыз... Ол бәрінен қатты қорқушы еді... (Ол бөлмені нұсқайды) Біз бірге жатушы едік... Кейде ол түн ортасында шошып оянатын... Қара терге малынып оянатын... Мен одан не болды деп талай рет сұрайтынмын... Ол жауап бермейтін... Содан бірде менен ешкімге айтпаймын деген сөзімді алды да бәрін ақтарып айтып берді... Оның айтуына қарағанда, кез келген сәтте кішкентай ғана шудан бәрі бітуі мүмкін деген ой санасынан шықпай қояды. «Қанша сақ болсаң да, жұрттың бәрі үшін жауап бермейсің ғой, тосыннан біреу жаңсақтық жасап қалса бітті ғой. Сосын көзді ашып-жұмғанша бізді жер бетінен сыпырып әкетеді... Өзің тек елестетіп көрші – айдалада бірдеңе дүрс ете қалса болды, біз бұл дүниеде жоқпыз! Қолдан келер еш қайран жоқ!» Ол керемет қорқушы еді, менің ағам, сөйтіп өмір бойы қар көшкіні бола ма деген үреймен өтті. Үрей адамды құртады... Жегідей жейді... Іштен мүжиді... Бір жолы ол тағы түн ортасында оянып кетті... Сосын маған айтқаны: «Мен тұп-тура қазір далаға жүгіріп шығып, айқай салғым келіп тұр. Өзімді өзім билей алатын түрім жоқ – бар дауысыммен айқайлағым келіп тұр». «Есің дұрыс па сенің?», – деймін мен оған, – Ал егер қар көшкіні тура біздің төбемізге түссе ше? Бәріміз қырыламыз ғой... Есіңде ме, одан өзің де қорқушы едің ғой? Немене, енді өзің қорықпайтын болдың ба?» Оның маған қайтарған жауабы: «Ажалдан қорқатын несі бар! Мен үрейден жалығып болдым. Мен тіптен енді үрейленбей өмір сүре аламын деп үміттенбеймін де. Одан да өлген жақсы, үнемі үрейленіп жүргеннен... Күндердің күнінде мен бар дауысыммен айқай саламын... Мен өз үрейімнен тек осылай құтыла аламын! Мен айқай салғым келеді!». Мен айтам оған: «Жарайды... Сен сөйтіп бізді де үрейімізден құтқарасың...», соны айтып үлгермей, өзім зәре-құтым қашып, бүрістім де қалдым. Өйткені осы сөздерді шын көріп, шынымен-ақ айқай салып жүрсе?!
(АҚСАҚАЛ кенет қалғып кетеді...

ОТАҒАСЫ оның күлтабағын алып кетеді...

ЖАС КЕЛІНШЕК, ыдыс-аяқ жуып тұрып кенет шайқалақтап кетеді, оның қатты ауырсынып тұрғаны жүзінен байқалады...

ЖАС ЖІГІТ, секем алып, әйеліне тақайды...)
ЖАС ЖІГІТ – (Ешкім естімейтіндей етіп) Не болды?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Қайтадан басталды...

ЖАС ЖІГІТ – Басылады ғой...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Шыдататын емес (Ыңырсиды) Мен шыдай алмаймын...

ЖАС ЖІГІТ – Сәл шыдашы!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бұған шыдау мүмкін емес...

ЖАС ЖІГІТ – Шыда!
(БӘЙБІШЕ бір қолайсыздықты сезіп, екеуін де жіті бақылай бастайды... Бірақ бәрібір не екенін түсіне алмай әуре...)
ЖАС КЕЛІНШЕК – Не істеуім керек?

ЖАС ЖІГІТ – Мұны бір де бір жан сезбеуі керек!..

ЖАС КЕЛІНШЕК – Қайтіп жасырамыз?

ЖАС ЖІГІТ – Бөлмеге барайықшы.


(ЖАС ЖІГІТ пен ЖАС КЕЛІНШЕК жайлап өз бөлмелеріне өтеді. Бөлмесіне ештеңе болмағандай жайлап өтеді... ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ толғағы жалғасады)
ЖАС ЖІГІТ – Қазір қалайсың?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Басылған жоқ!

ЖАС ЖІГІТ – Өтіп кетеді.

ЖАС КЕЛІНШЕК – Қауіп қайдан болса, қатер содан... Қорыққан шаруама тап болдым... Өмірімде мұндай ауырсынып көрген жоқ едім... Толғақ! Шын толғақ келді! (Үнсіз жылайды...) Не болады енді? Не істеймін?

ЖАС ЖІГІТ – (Жағдайдың шарасыздығына қарамастан, сөзін жалғастырады) Жоға! Мезгілі келген жоқ! Біз екеуміз алғаш рет бірге болғанымыз жылдың басы еді ғой... Тоғыз ай толған жоқ... Оған он күндей қоссақ... Басылады... Күдер үзбе!
(ӘЙЕЛ келінінің жоқ екенін аңғарады... Жуылмаған ыдыстарға қарайды... Келіні кір ыдыстарды өзіне қалдырған екен деп зығырданы қайнайды... Ыдыстарды жуа бастайды...

ОТАҒАСЫ тақтай сүргілейді...

БӘЙБІШЕ маңайдағы оқиғадың себебін аңғаруға тырысады...

АҚСАҚАЛ едәуір қатты ұйқыға берілген... Шамалап қорылдап қояды...

ӘЙЕЛ кір ыдыстарды жуып болып қалады...)
ӘЙЕЛ – (Қолын сүртіп, сөзін күйеуіне қаратып) Келінді көрген жоқсың ба?

ОТАҒАСЫ – Олар бөлмесіне кетті... Жай ма?

ӘЙЕЛ – Кір ыдыстарды тастап кетіпті...

ОТАҒАСЫ – Сен оны көп жұмсай берме... Уақыты таяу емес пе...

ӘЙЕЛ – Менде сен сияқты қамқор ата болса ғой... Мені ешкім өйтіп еркелеткен емес...

ОТАҒАСЫ – Қайтесің сол өткенді қаузап...

ӘЙЕЛ – Маған келгенде өткенді қаузауға болмайды... Біле білсең мен олардың екеуін де күтіп-бағып отырмын... Екеуін бірдей!

ОТАҒАСЫ – Бұдан былай да бағып-қағасың... Сенің пешенеңе жазғаны сол! Ал біздің балаларымыз бізді бағып-қағатын болады...

ӘЙЕЛ – Қайран қалам, қазіргі жастар көмек жасай қояды деп қалай ғана үміт қыласың сен... Мұнда біреулер қайтып келіп пе еді, біздердікі де қайтып оралады деп күтудің қажеті қанша... Кетеді көшіп, қайтып келер деп ойлайсың ба? Біздің таныстармыздың балаларының қайтадан оралғаны барма еді?

ОТАҒАСЫ – Менің ұлым ондай емес.. Ол қайтып келеді...

ӘЙЕЛ – Ол өз басы қайтып оралғысы келуі мүмкін, бірақ келін жібере қояр ма екен? Ол келіннің аузына қарап қалды емес пе... Басқалардың аяғы ауыр әйелі жоқтай...
(БӘЙБІШЕ ұлы мен келіні келіспей қалғанын сезіп қалады... олардың не жайында сөйлескенін түсіне алмай дал... Сонымен қатар жастардың бөлмесінде не болып жатқанын көруге тырысуда...)
ОТАҒАСЫ – Қойсаңшы енді ене боп қойқаңдағаныңды!

ӘЙЕЛ – Шындықты айта бастасаң, ене боп қойқаңдаған бола қаласың...

ОТАҒАСЫ – Қойсашы, шаптыға бермей... Сен де жас келін болғансың... Менің шешеме көрсеткеніңді ешқашан ұмыта қоймаспын... Байғұсқа күні бүгінге дейін күн көрсетпейсің...
(Үнсіздік...

ЖАС КЕЛІНШЕК ауырсынғаны басылды... ЖАС ЖІГІТ сүлгімен тершіген бетін сүртеді)
ЖАС ЖІГІТ – Көрдің ғой, басылды...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Құдайға шүкір...

ЖАС ЖІГІТ – Жүр, қонақ бөлмеге өтейік... Ештеңеге сезіктенбесін...
(ЖАС ЖІГІТ әйелімен қонақ бөлмеге өтеді... БӘЙБІШЕ не болғанын әлі ұққан жоқ, бірақ істің мәнісі неде екенін түсінгісі келіп бәйек болуда...

ЖАС КЕЛІНШЕК ас үйге қарай өтеді...)
ӘЙЕЛ – (Кекете) Әуре болмай-ақ қой, қызым... Мен бәрін жуып тастадым...

ЖАС ЖІГІТ – Байқадың ба, шеше, оның шамалы басы айналыңқырағаны...


(ЖАС ЖІГІТ әкесінің тұсына келіп отырады... Қолына тақтай алады... Ол да тақтай сүргілей бастайды... Біреуін бітіріп, оны дайын тақталарға қосады да, екіншісіне кіріседі...

ЖАС КЕЛІНШЕК АҚСАҚАЛДЫҢ көрпесін қымтайды... Оттықтағы шалаларды қаузайды)
БӘЙБІШЕ – (Қысылыңқырап) Балам... Сен мені, әлгі...
(ОТАҒАСЫ мен ЖАС ЖІГІТ қатарынан орындарынан атып тұрады. БӘЙБІШЕНҢ өз бетімен қозғала алатынын олар біле қоймайды. Олар БӘЙБІШЕНІ екі жағынан демей қолтықтап әжетханаға қарай жетектеп апарады...)

ӘЙЕЛ – (Түрегеліп, олар өткен соң есікті жабады...) Жарылып кеткір!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бұған да шүкір дейік ол кісінің анда баратынын сездіруге қалы келгеніне ... Өзі айта алмаса, біз қайтер едік?

ӘЙЕЛ – (Ашулана) Не істеуші едік? Көнер едік, басқа амал бар ма? Енді маған ең болмаса қол ұшын беретін бір пенде табылсашы, қалжырап біттім әбден!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Маған ренжімеңіз, шеше... Менің қазір қимылдауым қиынға соғып тұр ғой... Әйткенмен, шамам келгенше көмектесуге тырысып жүрмін ғой Сізге...
(Әйел жауап қатпайды... Олар үнсіз...

ОТАҒАСЫ мен ЖАС ЖІГІТ БӘЙБІШЕНІ сүйреткендей жетелеп келеді... Төсекке жатқызады...)
БӘЙБІШЕ – Алла жар болсын сендерге! Қолдарыңның ұшы тиген жер алтынға айналсын! Алла тағала тілеуеріңді берсін! Алла сендерге қол-аяғы балғадай ұл берсін!

ЖАС ЖІГІТ – Айтқаныңыз келсін, әже... (Өзіне өзі) Тек қана бәрі уақытында болғай! Сонда үрейіміздің бәрі кетер еді сонымен!


(ОТАҒАСЫ мен ЖАС ЖІГІТ қайтадан тақтай сүргілеуге, оларды өңдеуге кіріседі...

БӘЙБІШЕ түшкіруге ыңғайланады. Аузы-мұрынын қолымен басып, дыбыссыз түшкіреді)
ҚАЛҒАНДАРЫ – Жәракаамалла!

ҚАРТ АНА – Барлығыңа да құдай қуат берсін.

АҚСАҚАЛ – (Кенет оянып кетеді... Өзінің ағасы туралы оқиғаны аяқтаған жерінен қайта жалғастырады) «Жоқ!», деймін мен оған, «Сен өйтуге қақың жоқ! Сен айқайламауға тиіссің! Біз бәріміз, бәріміз құримыз онда! Сен не, біздің опат болатынымызды ойламайсың ба?»

«Ойлаймын, бірақ өзіме өзім ие бола алмаймын... Тура далаға жүгіріп шығып айқай салғым кеп кетеді...»

Ол соны айтқанда мен оның қалай қиналып жүргенін түсінемін... Ботадай боздайды.

«Сөйтсем жұрттың бәрі менің кінәмнан қырылады...

Құдайым-ай, тура әңгі болып кеткендеймін... Ешкім де ешқашан айқай салуды осыншама армандаған емес. Мұнымен тек әйелге деген құштарлықты салыстыруға болатын шығар... Миымнан шығара алмай қойдым сол құрығыр ойды, өзімді-өзім ұстай алмаймын, неге екенін», – деп бар жан-тәнін салып, беріліп айтады.

Менің жағдайым одан да қиын... Өйткені үрей бәрімізді бүріп тастаған... Ол онымен қоймай, әрі қарай жалғастырады: «Мен шыдауға тырысамын, ал егер де осы қатерлі қателікті басқа біреу жасай салса ше?» Содан бастап біздің жаппай үрейімізге күндердің күндерінде менің ағам ойда жоқта айқай сала ма деген үрей қосылды...

Мен енді оны үнемі аңдитын болдым...

Ол түзге шықса – мен қоса шығам... Сөйтем де оның көзіне жалынышты түрмен мөлиіп қадаламын...

Кей-кейде қолдарымен көлегейлеп, ауызын айқай салуға аша бастап, маған көзі түсіп кеткенде қарасаң оның көздерінде тұңғиық шарасыздық аңғарылады да ағам райынан кері қайтып, тістеніп барып, айқай салудан өзін-өзі зорға тоқтатады...

Бір күні ол маған: «Мен енді айқайлағым келмейтін болды» деп тұр.

«Сен шын айтып тұрсың ба?», – деймін мен.

«Ия», – дейді.

Сондағы қуанғанымды көрсеңдер, айтып жеткізе алмаймын мен...

Көз жасыма да ие бола алмадым... Мен оған, бауырым жаңа түзеле бастадың деп ауызымды жиып алғанша, ол маған: «Қанша айқайлай бере алам мен, айқайлай беруге, айқайлай беруге демім жете ме менің! Айқайдан пайда жоқ... Білесің бе менің не істейтінімді, мен мылтық атамын! Ия, ия, мылтық атамын! Мен мылтық атсам біздің үстімізге қар көшкіні, тіптен бірінен соң бірі бірнеше көшкін құлдилайды!»

Аһ, құдайым-ай... менің ағам шынымен-ақ алжасқан екен...

Менің көз алдымда... Оның үстіне оған не істей қоясың...

Мен тұп-тура әкеме бардым да, бәрін жайып салдым, осылай да осылай деп.

«Онысы жақсы болған, – дейді әкем, – айқалағысы келмегені, ал патрондарды біз тығып тастаймыз, содан ештеңе болмайды... »

Мен оған қарсы шықтым: «Бұл табылған амал емес... Ол өзін-өзі ұстай алмай қалса қайтеміз? Ол мылтық ата алмаса, амалсыздан ол күйгелектенеді де қайткенде айқай салады... Жалпы біздің деміміз біту үшін мылтықты лақтырғаннан түк пайда жоқ... Бар дауысыңмен айқайласаң болғаны – бәріміз опат боламыз ғой... бізге қар көшкінін құлату... ағамның миына кіріп алған... Ал сен шындықты жасырғың келеді... Оны құтқару үшін сөйтіп тұрсың! Мен де сенің балаңмын...

Мен де өлем ғой онда... Сіздер де.. Оның үстіне мұны айтпасақ, онда өзің ғана емес, біз де кінәлі боламыз. Тіптен біз опаттан аман қалсақ та... Әкетай, сен осыған көнуің керек. Менің ағам есінен адасқан. Егер біз бұл туралы хабарламасақ, шара қолданбасақ, ол бақыра салуы мүмкін, сонда бізге не істе деп бұйырасың? Қар көшкіні басып қалса, кім құтылар дейсің одан? Бүгін біз жалғыз бір адамға жанымыз ашыса, ертең жұрттың жаппай қырылғанына душар болмаймыз ба? Ол менің ағам бола берсін, сен айтуың керек, айтуың керек, әке, бұл жайында!..»

Әкем тұңғыш рет қатты ойланып қалды...
(АҚСАҚАЛ қайтадан қалғып кетеді...)
ОТАҒАСЫ – (баласына қарап) Сен бұл оқиғаны білуші ме едің?

ЖАС ЖІГІТ – Қалай білмессің оны?..

ӘЙЕЛ –Бір айтқанын қаншама рет қайталап айта береді езіп!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Менің өзім үш рет естідім...

БӘЙБІШЕ – Дегенмен сендердің ешқайсың менен көп естіген жоқсыңдар... Біз бұл жақтан кеткенде, әсіресе алғашқы айларда, менің бұл оқиғаны күнде естуіме тура келетін... Не десек те, өмір бойы оның жаны жай тапқан емес... Меніңше, бұл азап өле-өлгенше оның қыр соңынан қала қоймас...
(ОТАҒАСЫ мен ЖАС ЖІГІТ тақтайларын сүргілей береді...)
АҚСАҚАЛ – (Қайтадан оянып кетеді, әңгімесін тоқтаған жерінен әрі қарай жалғастырады) Одан әрі әкем шыдай алмады... «Сенікі жөн!», – деді ол маған... Барды да Ақсақалдар алқасына бәрін жайды да салды... Оның сөзін бір адам бөлмей үнсіз тыңдады... Көпке дейін жауап қатпай қойды... Бұдан бұрын олар мұндайды естіп көрмеген болатын... Әкем сонда олардан «Енді сендер менің ұлыммен не істейсіңдер? Менің білуге қақым бар емес пе...», – деп сұрайды. Ақсақалдар біраз ойланып барып: «Жерлес-ау, бізде таңдау мүмкіндігі болып тұр дейсің бе! Не істейтніміз айдан анық... Қар көшкіні бізді басып қалғанша шыдап күте алмаймыз! Оның аузын буып, қол-аяғын байлап, алыстау бір жерге тыға тұрамыз...»

«Қанша уақытқа дейін?!»

«Қар көшкінінің қаупі сейілгенше... Жоқ-жоқ, ешкімнің де ауызын аштыруға боламйды... Есуасқа сенуге бола ма? Кенет оның айқай салмасына кім кепіл?»

Әкем оларға қарсы сауал қояды: «Ойпырау, ас-сусыз оған адам шыдай ала ма? Сіздер оны тікелей ажалға қиып тұрсыздар ғой...»

Әкемді ешкім тыңдаған да жоқ... Ағамның қол-аяғын матады да, ауызын байлап, қазына үйіне қамады да тастады... Оған анда-санда күзеттегілер талғажау тамақ беріп отырды... Ол ойда жоқта бақырып жібермес үшін біреуі оның аузына тамақ тығындап, екіншісі дәп-дәу қолдарымен оның ауызын баса қояды... Сөйткенше он бес күн өтті... Сосын олар келді де. «Сіздің балаңыз өліп қалды!», – деп естіртті. Өзі өлді ме, күзетшілер буындырып өлдірді ме – бізге беймағлұм (Қайтадан қалғып кетеді).
БӘЙБІШЕ – Қатерлі мезгіл өткен соң менің тұңғыш балам дүниеге келді... (Баласына қарап) Сені туып едім сонда... Бірінші қар жауғанда біз осы жерден кетіп едік... Жаңа жерге барған соң біз көпке дейін үндемедік... Біз өзімізбен бірге осы арадан кеткендермен бірге қоныс аударғандар лагерінде тұрдық... Біздің әдет-ғұрпымыз сол бетінде сақталды... Қоныс аударғандардың барлығы басылыңқы, үрейленген бетінде жүретін... Жергіліктілер біздерді жақсы көрді... Бізді кез келген жұмысқа жалдайтын... Біз ешқашан қарсы келмейтінбіз, ештеңеге бас көтермейтінбіз... Ұсынса –аламыз, ұсынбаса – сұрамаймыз... «Кел!» десе келеміз, «кет» десе кетеміз, «бер» десе береміз... Ең ауыр деген жұмыс бізге бұйыратын! Жергіліктілер мен біз жер мен көктей болатынбыз... Олар у-шу болып, өзара быт-шыт болып жатады... Күлсе естерін танғанша күлетін... Біздерді өте жақсы көретін, ал осы жер жайында айтқызбайтын: «Біз сендерді қабылдадық па? Онда шаруаларыңды істеп жайларыңа жүріңдер! Ал енді үрей туғызуға біз жол бермейміз!», – деуші еді олар...

Одан кейін тағы бір нәрестелі болдым... Тағы да ұл еді... Өмірі ұзақ болмады байғұстың... Содан кейін қыз тудым... Оны да құдай көп көрді...

Осыдан кейін-ақ ол өзгере бастады... Ағасы ойынан шықпай қойған сияқты... Күніге ішіп келетінді шығарды... «Бұл жан дертім менің түбіме жететін шығар!», – дейтін. Мен оған сенетінмін... Кейінірек білдім, ол басқа бір әйелге барып жүреді екен. «Не бар саған басқа әйелге барып?», – деймін ғой мен өзімше, ол болса: «Әй, менің ағамның басынан кешкен қайғысынан кейін мен не істегенімді біледі дейсің бе? Басымды қатырма!» деумен шектелетін...

Осыдан кейін ол сол ауылдың әйелдерінен әйел қоймауға айналды... Айтатыны, ағасының алдындағы күнәсі маза бермейді, содан өзін алдаусыратқандағысы сол... «Бәрін естен шығарғым келеді де тұрады! Өйтпесем мені бұл қайғы менің түбіме жетеді...» Еркектердің өз қамығуын қалай басатыны арқылы әйелдердің көрген тауқыметін сонда барып бірақ түйсіндім... Бізбен қатар бір кемпір тұратын... Соның өзі менің байымның жасап жүрген қиғылығын білетін...Күндердің күнінде ол маған: «Еркекті қайтып оралтудың тәсілі аз емес! Сен босқа еңіреп, салың суға кеткенше, бет-әлпетіңді түзеп, оны жарқырап қарсы алсайшы!», – дейді.

Мен айтқанын істедім... Ол болса маған елең де қылған жоқ...

Содан кемпір маған оның жақсы көретін тамақтарын әзірле дегенді миыма құйды... Бірақ оның ең сүйікті асының өзі тамағынан өтпей қойды... Өйткені ол басқа үйден лықия тойып келетін... Ал маған ол кеңірдегінен тойып, мас күйінде оралатын... Тоқ адамға тамақ берудің қаншалықты қиын екендігін сонда көрдім... Содан көпті көрген көршім маған тағы бір тәсілді үйретті... Мен де, балам да анда-санда ауырып қоюым керек екен... Содан мен ауру арқылы жұрттың, әсіресе еркектің назарын аудартуға болатынын білдім...

Көршімнің маған үйреткені: «Тек баланың ауырғаны түк темес... Сен де дімкәс болуың керек, ол балаға қарасын, сонда ешқайда да кетпейді!»

Айтқан кеңестерінің бәрін орындадым да байымды үйге қайтарып алдым ақыры... Ол маған мүлде оңайға түскен жоқ! Оның қазіргі түріне – періштедей болып жатқанына қарамаңдар. Одан менің көрмеген қорлығым жоқ, құдай басқа салмасын!..


(Кенет ЖАС КЕЛІНШЕК ауырсынып, қиналады... Екі бүктеліп қалады... Көрші бөлмеге зорға дегенде өтеді... Оның жағдайын аңғарған күйеуі соңынан кетеді... Ол әйелінен көзін айырмайды...

Мұны БӘЙБІШЕ де аңғарып қалады... Оның зәре-құты қалмай не болғанын түсінгісі келеді...)
ЖАС КЕЛІНШЕК – Шыдай алмаймын енді!.. Құдайым-ай! Шыдай алмаймын!

ЖАС ЖІГІТ – Менің қолымнан не келуші еді?! Шыда!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бұл толғақ... Түсінсейші енді! Аһ, құдайым-ай! Бірдеңе жасасайшы! Құтқара көр мені!
(БӘЙБІШЕ ОТАҒАСЫНА ыммен бірдеңе түсіндіргісі келеді... ОТАҒАСЫ оны байқамағанын көріп, алаңдап түрегеледі де ұлына беттейді...

ӘЙЕЛ БӘЙБІШЕНІҢ өз бетімен жүріп келе жатқанын көріп, таңданғаннан сілейіп тұрып қалады, ол тіптен сөйлеуге де шамасы келмей қалады...)
БӘЙБІШЕ – Балам! Келін!

ОТАҒАСЫ – Не боп қалды, шеше?

ӘЙЕЛ – Жүріп кетті! Сенің шешең жүріп кетті!

ОТАҒАСЫ – Шеше, сен өз бетіңмен жүре алатын болдың ғой!

БӘЙБІШЕ– Ия, мен жүріп келемін... Тек мен жүрдім бе, жүрмедім бе, оны талқылайтын уақыт емес қазір... Келін босанайын деп жатыр!

ОТАҒАСЫ – Не деп тұрсың?

ӘЙЕЛ – Сенің шешең жүре алады екен ғой!

ОТАҒАСЫ – Сен немене, естімей қалдың ба?! Ол: «Келін босанайын деп жатыр» деді ғой!


(Үшеуі бірге көрші бөлмеге өтеді... Олар шамалы уақыт көргендерінен үрейленіп, есеңгіреп тұрып қалады. Бөлмедегі ЖАС ЖІГІТ пен ЖАС КЕЛІНШЕК олардың келгенін аңғармай да қалады...

ЖАС ЖІГІТ әйеліне ыммен үніңді өшір деп әбігер...

ЖАС КЕЛІНШЕК ауырсынғаннан бебеу қағуда... )
ОТАҒАСЫ – Не болды, балам?

ӘЙЕЛ – Не боп қалды?

ЖАС ЖІГІТ – Ештеңе де болған жоқ...

ӘЙЕЛ Тыңдашы...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Менің ішім ауырып кетті... (Ауырсынғанын білдіргісі келмей) Қазір басылады...
(Бәрі ЖАС КЕЛІНШЕККЕ тесірейіп қалған...

ЖАС КЕЛІНШЕК өзінің жан шыдатпас ауырсынып тұрғанын сездірмеуге бар күшін салуда... Одан әрі шыдауға дәрмені жоқ ол еріксізден аяқтары бүгіліп еденге шөге бастайды...)
ӘЙЕЛ – Құдайым-ай! Бұл толғақ қой! Толғақ!

ЖАС ЖІГІТ – Жоға, шеше... Оның құр іші ауырып кетті...

ӘЙЕЛ – Құдайым солай болғыза гөр... Мүмкін, су әкелу керек шығар?

ЖАС КЕЛІНШЕК – Мен енді шыдай алатын түрім жоқ... (Ыңырси бастайды...)

ЖАС ЖІГІТ – (Әйелінің ауызын бүркемелеп) Қазір басылады...

ӘЙЕЛ – Басылмайды...

ОТАҒАСЫ – Не боп кетті өзі?

ЖАС ЖІГІТ – Оның іші ауырып кетті, әке...

ӘЙЕЛ – Бұл іш ауырғанға мүлде ұқсамайды... Білем ғой мен, сан рет босанған... Бұл толғақ!.. Толғақ!..

ОТАҒАСЫ – Құдайым-ай!

БӘЙБІШЕ – Айттым ғой мен сендерге!

ӘЙЕЛ – Енді не болады?


(ЖАС КЕЛІНШЕКТІҢ ауырғаны сәл басылады, оның денесі босап кетеді... Тек қана бет-жүзі моншақ-моншақ терге толы...)
ЖАС ЖІГІТ – Айттым ғой мен сендерге, басылады деп... Көрдіңдер ме, бәрі жақсы...

ӘЙЕЛ – Түк те басылған жоқ... Бұл толғақ арасындағы үзіліс қана... Кешікпей қайта басталады...

ОТАҒАСЫ – Сен қайдан білесің?

ӘЙЕЛ – Мен білмегенде кім біледі? Менің екі балам ғана аман қалғанмен, мен алты рет тудым емес пе... Ашығын айтуымыз керек, бұл толғақ...


(Шамалы уақытқа үнсіздік жайлайды)
ЖАС ЖІГІТ – Неге сонша сенімді боп тұрсың, шеше?

ӘЙЕЛ – Менің жаңағы айтқанымды естімегендей болуын! Сені туғанымды есептемегенде мен бес рет басымнан өткен...


(Тағы да бәрі үндемей қалады...)
ОТАҒАСЫ – Көзімізді жеткізуіміз керек...

ЖАС КЕЛІНШЕК – Бәрі басылды... Менің әшейін ішім ауырып еді, енді басылды...

БӘЙБІШЕ – Сөйтеді ондайда... Басында ауырады да, содан соң басылады... Қайта ауырады да қайта басылады... Сосын қайтадан...

ЖАС ЖІГІТ – Сонда не істеу керек?

ОТАҒАСЫ – Бар да босандыратын әйел – кіндік шешені шақыр...

ЖАС ЖІГІТ – Бірақ та...

ОТАҒАСЫ – Біз оны шақыруға міндеттіміз... Бұл толғақ болмаса, мәселе оңай шешіледі... Біздің де жүрегіміз орнына түседі, сендердің де... Сақтықта қорлық жоқ, сақтанған жақсы, өзіңді үреймен тербеткеннен...

ЖАС ЖІГІТ – Ал егер бұл толғақ болса ше?

ОТАҒАСЫ – (Естімегенсіп) Бар да шақыр кіндік шешені.

ӘЙЕЛ – Содан кейін шешеміз не істейтінімізді... Әзірге басқадай амал жоқ... Біз шақыруымыз керек кіндік шешені.


(Біраз уақыт тағы үнсіздік жайлайды...)
ОТАҒАСЫ – Мұндай жауапкершілікті біз өз басымызға ала алмаймыз... Кешіккен әрбір сәтіміз бізге қырсық болуы мүмкін... Ережеге бағыну керек...

ЖАС ЖІГІТ – Бірақ та...

ОТАҒАСЫ – (Шешімді түрде) Біз әркімнің өмірін қатерге тігуге қақымыз жоқ! Мұндай жағдайдың бәрін тиісті жерге хабарлауға тиістіміз... ережені білеміз ғой біз... Біз оны бұзуға қақымыз жоқ... Шақыр әлгі әйелді...

ЖАС ЖІГІТ – Шақырмаймын!

ОТАҒАСЫ – Шақыру керек оны!

ЖАС ЖІГІТ – Бұл толғақ емес қой! Бұрын да солай болған, әжетханаға барып келген соң басылған болатын... Бәрі дұрыс... көріп тұрсыңдар ғой, бәрі орнында екенін! Кішкене кідіре тұрайық...

ОТАҒАСЫ – Күтетін не бар? Біздің көзімізше босансын демесең?

ЖАС ЖІГІТ – Туайын деп жатқан жоқ ол!

ОТАҒАСЫ – Сен қайдан білесің? Біз көзіміз жетіп сенімді болуымыз керек... Мен саған: «Шақыркіндік шешені» деп едім ғой.

ЖАС ЖІГІТ – Тоса тұршы, шеше! Асығып бүлдіріп алмайық бірдеңені... Күте тұршы!

ОТАҒАСЫ – Не бар күтетін? Құр уақытты босқа алып тұрсың! Созба деймін, шақыр оны! Шақыр дедім ғой саған!

ЖАС КЕЛІНШЕК – Шыдай тұрыңызшы, шешетай! Көрдіңіз бе, бәрі басылды... Менің жағдайым тамаша... Маған алаңдайтын ештеңе жоқ! Мен ант ішейін, ант ішейін, бұл толғақ еместігіне!

БӘЙБІШЕ – Бұл толғақ болмаса, онда одан сен несіне қорқасың? Ол әйел солай екендігін растайды, сосын жұрттың бәрінің көңілі орнығады – сендердің де, біздің де... Солай емес пе, балам?

ОТАҒАСЫ – Шешем жөнін айтып тұр... Біздің көзіміз жетуі керек... Ал оны сол кіндік шеше ғана айта алады...

ЖАС ЖІГІТ – Әйткенмен бұл толғақ болса ше?

ӘЙЕЛ – Біз саған айттық емес пе, бір емес, бірнеше рет айттық! Біз бұл жағдайды уақытылы хабарламасақ біз қатал жазаға тартыламыз! Сен немене, ұмытып қалдың ба, мүмкін болатын қатерді жасырған адам бәрінен де сол көбірек кінәлі болатынын?

ОТАҒАСЫ – (Шешімді түрде) Біз сенімді отыруымыз керек... Әлде, сендер белгілеген күннен бұрын да бірге болған шығарсыңдар, а?

ЖАС ЖІГІТ – Әке, мен туралы қалай ғана солай ойлай аласың?

ОТАҒАСЫ – Олай болса ол әйелді шақырудан несіне қашқалақтап тұрсың? Айтшы өзі, себебі не? Айт! Мен саған бұйырамын: «Айт!». Айт! Айт кәне! Тілің байланып қалды ма? Жоқ әлде естімей тұрмысың мені! Десейші бірдеңе!
(ОТАҒАСЫ ұлының жанына таянып келіп, біресе қолын, біресе білегін қысып, өзін-өзі қаһарлы ашудан зорға тежеуге тырысуда)
ЖАС ЖІГІТ – Сен ойлағандай емес бәрі, әке! Ант ішейін, мүлде олай емес!

ОТАҒАСЫ – Олай болса, сен неден қорқып тұрсың, бұқашық! (Қолын одан сайын қыса түсіп) Сен менің бар абыройыма жармастың ғой... Соқыр тиынға сатып кеттің... Иттен жаратылған неме, тым құрығанда бір айға шыдай тұрмадың ба? Шалбарыңның ауына ие бола алмағаның сонда, енді тарт сазайыңды! Бұдан кейін біз ел-жұрттың бетіне қалай қарамақпыз? Енді өмір бойы біздің бетімізден таңба кетпейтін болды – ұлсымағы мезгілінен бұрын дамбалын шешіпті деген! Титімдей де ар-ұят деген жоқ сенде! Сенің арам әйелқұмарлығың сенің де, біздің де түбімізге жетеді! Біздің қасиет тұтқанымыздың барлығын – ар-ұятымыз, абыройымызды түп-түгел айрандай төктің ғой! Сенің арқаңда, бізді ешкім есінен шығармайтын болды, көр анау отбасын, солардың айғырсымағы жұрттың бәрін оңдырмады дейтін болды! Жөні түзу жұрт бізден айнала қашқақтайтын болды... Соқыр тиын құрлы көрмейтін болды... Маңына жолатпайды енді бізді, безінетін болды бізден!

ЖАС ЖІГІТ – Ешнәрсе болған жоқ дедім ғой, әке, түк те болған емес!

ЖАС КЕЛІНШЕК – (Еңірейді) Әке деймін, біз бірге болған жоқпыз! Ел сөгетіндей ешнәрсе жасаған жоқпыз!


(ОТАҒАСЫ бір сәт тына қалады... Өзінің артық кеткенін жаңа түсінеді...)
ӘЙЕЛ – (Күйеуін ұлынан әрмен әкетіп) Айтып тұр ғой енді, ештеңе болған жоқ деп... Мазасын алмасаңшы енді...
(Отағасы баласынан әрі өтеді... Сабасына түсе бастайды...)
ОТАҒАСЫ – (Қайтадан сенімді түрде) Е, олай болса және бір көзіміз жетсін... Бар да шақыра ғой әлгі әйелді... Бар-бар, созбалақтама! Несін созасың! Шират!

ӘЙЕЛ – Не дейін мен оған?

ОТАҒАСЫ – (үндемей қалады, біраз уақыт ойланып барып) Былай де: «Келінімізден күдіктеніп қалып едік... Қарай салғаныңның артықтығы болмас... Бәрі жөн екендігіне көз жеткізейік деп едік». Бірақ оның толғағы басталғанын есіңнен шығарушы болма... Ол әйелді шақыруға кешігіп қалдық деген ой келіп қалып жүрмесін!
(ӘЙЕЛ үстіне сырт киімді іле салыпдыбысын шығармастан сусып көшеге шығады...

ЖАС КЕЛІНШЕК бәрінен күдер үзіп үнсіз еңіреуде...

Қалғандары алаң болған күйде сілейіп қалған...)
ШЫМЫЛДЫҚ



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет