ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ
АРТА БЕРСЕ ДЕЙМІЗ
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің басты саясаты - ел халқының әл-ауқатын арттыру деп көрсетілген. Қарағандылықтардың әл-ауқатын әсіресе әлем экономикасындағы тұрақсыздықтар жағдайында ілгерілетуге күш салу - жергілікті атқарушы органдардың да басты мақсаты.
Жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі, әрине, әлеуметтік саланы қолдау мен дамыту.
2008 жылы Қарағанды қаласында 10 664 адам жұмыспен қамтылса, соның ішінде 2 031 адам квота бойынша еңбекке жұмылдырылды. 1 145 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, 1 652 адам кәсіби біліктілік оқуларына жіберілді.
Жыл басынан бері 64,1 миллион теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегі, 18,3 миллион теңгенің балалар жәрдемақысы, үйде оқып, тәрбие алатын мүгедек балаларға 3,9 миллион теңгенің жәрдемақысы, 18,2 миллион теңгенің тұрғын үй жәрдемақысы төленді.
Қарағандыда жалпы сырқат, туа біткен және еңбек барысынан болған 17 060 мүгедек тұрады. Мүгедектер мемлекеттік тапсырыс шеңберінде санаторлық-курорттық емдеумен, Соғыс және еңбек ардагерлері үйінде сауықтыру шараларымен қамтамасыз етіледі. 2008 жылы 250 мүгедек тифлотехникалық, 705 мүгедек сурдотехникалық, 192 мүгедек арнайы қозғалыс қажет жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Қарағандыда білім берудің 145 ұйымы жұмыс істейді. Олардың бәрі интерактивтік құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. 77,6 миллион теңгеге 14 мультимедиалық және лингафондық кабинет жасалып, 1 500 компьютер қойылды. Барлығы оқу-әдістеме әдебиеттерімен толық қамтамасыз етілген.
1-4 сынып шәкірттерінің тегін тамағына қалалық бюджеттен 260,4 миллион теңге бөлінді. Асханасы бар мектептерде түстену бағасы 80 мен 104 теңге аралығында болса, асханасы жоқ мектептерде 78 теңге шеңберінде тамақтандыру мүмкіндігі бар дәмханалар жұмыс істейді.
Қаламыздың спорт саласындағы өмірі де жан-жақты. Қоғам тұрақтылығын, ұлтаралық келісімді, қазақстандық салт-сананы қамтамасыз ету мақсаттарында үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, жастармен жұмыс мемлекет тарапынан қолдау тапты.
Қаланың атқарушы органдарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі - қарағандылықтардың тұрмыс жағдайын тәуірлендіру мақсатына бағытталған мемлекеттік, өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында Қарағанды қаласында 2008 жылдың басынан бері 222,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл дегеніңіз 2007 жылмен салыстырғанда 158,7 пайызға көп.
Ермеков көшесіндегі арендалық тұрғын үй мен Шахтерлер даңғылындағы ипотекалық блоктар және арендалық тұрғын үйдің құрылыстары жалғасуда.
Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі қалалықтар үшін ғана емес, күллі Қарағанды облысының халқы үшін айтарлықтай оқиға болды. Оның тұсауын өзінің қызмет сапарының барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі кесті.
Былтыр орнатылған Бұқар жырау, Абай, Сәкен ескерткіштері де шаһарымызға ерекше сән беріп тұр.
«100 мектеп, 100 аурухана» аталатын президенттік бағдарлама аясында тұрғызылған «Гүлдер» мен «Көгілдір тоғандар» шағын аудандарындағы емханалардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
2008 жылы Майлин-Совхозная автожолына 153 миллион 739 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы ұзындығы 61,5 шақырым 50 автожолға 1 миллиард 086,8 миллион теңгенің орташа жөндеулері жасалды.
Былтыр 60,0 мың шаршы метр аумақтағы асфальт-бетон жабындылар тегістелді. 25,5 мың тонна тегістеу қабаттары төселіп, 43,5 мың шаршы метр аумақтың ой-шұңкырлары бітелді. Тағы 459,4 мың шаршы метр аумаққа 68,5 мың тонна асфальт-бетон қоспасы жайылды.
Жалпы көлемі 4 миллион 588 мың шаршы метр 181 автожолды ұстап тұруға 729 миллион 6 мың теңге бөлініп, игерілді. Былтыр бірінші рет негізгі жолдардан аулалар мен әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық нысандарға дейінгі 524 мың шаршы метр 171 бұрылысқа қаражат бөлінді.
Бұқар жырау даңғылына, Ленин көшесі мен Бейбітшілік даңғылына 23,0 мың шаршы метр брусчатка, 10,1 мың қума метр поребрик төселді.
Аймақтық «Менің аулам» бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. 2008 жылы көп қабатты тұрғын үйлердің 200 ауласы абаттандырылды. Жұмыс түрлері - жолжиектер жөнделіп, асфальттар төселді, подъезд кіреберістері жарықтандырылып, спорт алаңқайлары жасанды көгалдармен қамтамасыз етілді.
Шаруашылық алаңдарының контейнерлік 56-сы жөнделіп, 90-ы жабдықталып, 127-сі жаңадан жасалды, 127 балалар алаңы орнатылды.
Қабылданған «100 лифт, 100 қасбет, 100 жабынды» бағдарламасы да алғашқы нәтижелерін бере бастады. Оның мысалы ретінде құлпырып сала берген Ленин көшесін атауға болады. Қала көшелерін көгалдандыру мен жарықтандыру, саябақтарды тиісті қалыпта ұстау мақсаттарында жұмыстар жүргізілуде.
Ең керекті азық-түлік товарларына инфляциялық процестерді тежеу мақсатындағы маңызды шаралар барысы жалғасуда.
Көкөністер сатып алу келісім-шарттары жасалды (картоп - 34,05 мың тонна, қырыққабат - 10 мың тонна, сәбіз - 8,3 мың тонна, пияз - 8,6 мың тонна).
2008-2009 жылдарға ұлттық тұтыну нормаларына сәйкес, яғни 41,0 мың тонна астық қоры жиналды.
2008 жылдың тамыз айынан бері «Шығыс» пен «Ғасыр» базарларында апта сайын ет пен көкөніс өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Былтыр оларда 970 тонна ет өнімдері, 1 070 тонна көкөніс өнімдері өткізілді.
Қарағандылықтардың көңіліне жаққан дәстүрлі «Ауыл-Береке-2008» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 458,2 миллион теңгенің товарлары өткізілді. Олардың барысында товарлар базардың орташа бағасынан төмен: ет өнімдеріне 4,8%-дан 16,4%-ға дейін, көкөніс өнімдеріне 25%-дан 33,3%-ға дейінгі аралықтағы бағамен сатылды.
2008 жылдың қарашасында бір мезгілде 1,0 мың тонна көлеміндегі көкөністер сақтауға болатын көкөніс қоймасы пайдалануға берілді. Қазір онда 80 тонна картоп, 700 тонна қырыққабат, 9,3 тонна сәбіз, 25 тонна алма сақтаулы. Бұл көкөністер бағаны ұстап тұру мақсатында маусымаралық кезеңдерде қала аумағындағы коммуналдық базарлар мен 15 әлеуметтік павильон арқылы сатылатын болады.
Қалалықтарға қажетті жағдайларды жасай отырып, көп жағдайдың олардың өздеріне де байланысты екенін біз жақсы түсінеміз. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің артуы алдымен кәсіпорындарымыз бен соларда еңбек ететін азаматтарымыздың арқасы. Атап айтсақ, 2008 жылы қаламыздағы кәсіпорындар 121,8 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарды.
Аймақтық «Экономиканың нақты секторы» бағдарламасының шеңберінде былтырғы жылдың басынан бері Қарағандыда жаңадан 11 өндіріс орны іске қосылып, оларда 780 жұмыс орны ашылды. Атап айтсақ, олар олар: «Қарағанды Торгтехника комбинаты» ЖШС (құрылыстардың қоршаулық конструкцияларын монтаждау учаскесі іске қосылды), «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС («Арглабин» препараты субстанциясының, экстракциясы мен синтезі цехы іске қосылды), «Қазақстан Инвест Көмір» ЖШС (кокс пен активтендірілген көмір өндіру учаскесі іске қосылды), «Қазақстан экскаватор заводы» ЖШС (жол және жер қазу машиналарын өндіру заводы іске қосылды), ЖК «Мандриченко» (алкогольсіз сусындар шығару учаскесі іске қосылды), «Вторпром» ЖШС (құю өнімдерінің цехы ашылды), «Восток» жиһаз фабрикасы» ЖШС - жиҺаз шығару, «Эгоформ» ЖШС (жаңа пенаполиуритан өндірісі қолға алынды), «Қарағанды ағаш өңдеу комбинаты» АҚ (желімделген ағаш брустар мен каркастық панель үйлер жасау учаскесі іске қосылды), «СтройКам» ЖШС (фракциялық қиыршықтасты өндеу мен өндіру учаскесі іске қосылды), «Силициум Қазақстан» ЖШС – металлургиялық кремний өндірісі заводы.
Қаланың ірі және орта кәсіпорындары, ұйымдары негізгі қорға жасалған 55,4 миллиард теңге инвестицияны игерді. Бұл, 2007 жылмен салыстырғанда, 34,1%-ға артық. Қарағандының 71 мекеме-кәсіпорындарында сапаның халықаралық стандарты енгізілсе, соның 20-сына сертификат 2008 жылы берілді.
Қалада шағын кәсіпкерліктің 23 380 субъектісі тіркелген, яғни олардың саны 8,3%-ға артқан. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын 63 460 адам бар, 2007 жылдағыдан 29,8%-ға көп.
Экономиканың нақты секторы мен шағын және орта бизнесті дамыту арқасында бюджетке 13 миллиард 894 миллион теңге кіріс түсті (2007 жылмен салыстырғанда 136,9 миллион теңгеге артық). Қала бюджетінің шығыстары 100% орындалды.
Жергілікті атқарушы органдардың барлық жұмыстары Елбасының тапсырмаларын орындау мен халықтың әлемдік экономикалық дағдарыстан зардап шекпеуін қамтамасыз етуді көздейді. Осы мақсатта қаладағы 65 кәсіпорынмен өзара әріптестік, өндіріс тұрақтылығы мен еңбеккерлердің әлеуметтік қорғалуы туралы меморандумдар жасалды.
Халықпен кезекті есеп беру кездесуіне келгендегі негізгі көрсеткіштеріміз осындай. Әрине, өз жұмыстарымыздың барысында біз алдымен қарағандылықтардың қолдауына, олардың орынды сындары мен жан-жақты бағамдауларына сүйенеміз.
Былтыр Қарағанды қаласы тұрғындарымен өткізілген екі кездесуде қала өміріне, жер бөлінісіне, тұрғын үйге, қоғамдық көліктер жұмысына, жолдар жағдайына, абаттандыру мен халықты әлеуметтік қорғауға қатысты 154 арыз-шағым, ұсыныстар түсті. Осы және басқа да мәселелерді шешу мақсатында қала әкімдігі 2008 жылы 4 536 қаулы қабылдап, 634 өкім шығарды. Олардың баршасын даярлау үшін тиянақты жұмыстар жүргізіліп, 51 отырыс өткізілді.
668 адам қала әкімінің жеке қабылдауында болды. Халықпен қарым-қатынасты арттырып, маңызды дерлік мәселелерден хабардар болып отыру мақсатында былтыр қоғамдық бекеттер жұмыс істеп, олардың қабылдауында 778 адам болды. Қаланың барлық арнайы қызметтерінің өкілдері қатысқан «Ашық есік күндеріне» 247 адам келді. Қарағанды қаласы әкімінің ақпараттық порталына былтыр 227 мың адам хабарласты.
Биыл Қарағанды өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өтеді. Заманның кейбір қиыншылықтарына қарамастан жерлестеріміз ерен еңбектері мен туған қалаға деген қадір-құрметтерінің арқасында аталмыш мерейтойды лайықты дәстүрмен атап өтеді деп сенемін.
Қарағанды қаласының әкімі Ислам Тоғайбаев
Достарыңызбен бөлісу: |