Астана ақшамы. – 2011. №16-17. – 10 ақпан Бұлашев А.Қ. Татулық тұғыры – тіл



Дата14.07.2016
өлшемі38.45 Kb.
#198615
Астана ақшамы. – 2011. - № 16-17. – 10 ақпан

Бұлашев А.Қ.



Татулық тұғыры – тіл
Бесенеден белгілі жағдай – ел болу үшін, ең бірінші, бірлік керек. Орташа есеппен алғанда, жер бетіндегі әрбір үлкенді-кішілі он бес этностың тек біреуінің ғана пешенесіне өзіндік ұлттық мемлекет құру жазылған екен. Жаратқан иеміз жар болып, мыңжылдықтың түйіскен тоғысында ата-бабаларымыз аңсаған арманына қол жеткіздік. Бодандықтан айырылу оңай емес, ал жаһандану кезінде тәуелсіздігімізді сақтап, көпконфессиялы мемлекетімізді өркениетті елдердің қатарына қосу одан қиын. Н.Ә. Назарбаевтың дана саясатының арқасында қиын-қыстау замандарды аман-есен өткеріп, әлемге ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастары жарасқан ел ретінде танылдық. Міне, сондықтан де елімізге тән ұлтаралық келісімді мақтаныш етіп, халқымыздың достастығын жаңа деңгейге көтеру әрбір қазақстандық үшін үлкен парыз деп есептеймін. Ал, жаһандану кезеңінде ұлтаралық келісімді одан әрі дамыта алатын бір ғана күш бар. Ол - мемлекеттік тіл.

Елбасы биылғы Жолдауында әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне тоқтала келе, бүгінгі күні қазақ тілін еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрғанын айтып, мемлекеттік тілді білетін отандастарымздың үлесін 2017 жылға қарай 80%-ға, ал 2020 жылы 95 % - ға жеткізуді халқымызға міндет ретінде алға тартты. Көрсетілген меже жан-жақты талқылаудан өтіп, Президенттің қолымен бекітілген Тілдерді дамыту бағдарламысында қарасытырылған шаралардан туындап отыр. Дегенмен, аса маңызды мемлекеттік құжаттың индикатырларына белгіленген мерзімдерде қол жеткізуге кедергісін тигізетін жағдайлар да жоқ емес. Айталық, әр деңгейде өтетін отырыстарда сөзіміздің әлқисасын қазақша бастап, басқа ұлт айтқанымызды түсінбейді-ау деп ресми тілге көшіп кетеміз. Тіпті, ілеспе аудармамен қамтамасыз етілген залдарда да қазақша сөйлеп жатқан шешендерді сирек кездестіреміз. Қазақ тіліне жетік мемлекеттік қызметкерлеріміздің өздері, отырыс залында ілеспе аударманың барын біле тұра, «бәріміз білетін тілде сөйлейін» деп орысша сайрап жатады. Бұл қондырғылар орысша сөйлегендердің сөзін шала-шарпы қазақшаға аударып әлек. Мұндай заңдылық қазақ тілін білмейтін қандастырымзға майдай жақса да, ана тілімізді меңгеруге ынталы әріптестерімізге ауадай керекті ортаны қалыптастыруға бөгет болып отыр. Өз басым тілімізді үйренуге құлшынып жүрген орыс тілді отандастарымыз бен шетелдік азаматтардың осы мәселеге орай өкініштерін жиі естіп жүрмін. Ең бірінші рет мұндай қынжылысты бір жыл ішінде қазақ тілін үйреніп АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Джонстың зайыбының аузынан естіген едім. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, әдетте мемлекеттік тіл халықаралық қатынастарда кеңінен қолданылып жүрген ағылшын тіліне ғана аударылады. Ал, екі мемлекеттік тілі бар елдердің өзінде олар бір-біріне аударылмайды. Мысалы, Канадада француз тілінде немесе ағылшын тілінде сөйлеймін дейсің бе, өз еркің. Міне, сондықтан да болар, зиялы қауымды былай қойғанда, бұл елдің азаматтарының дені-қос тілді бірдей меңгергендер.



Әрине, тіл ортасын қалыптастырсақ, орыс тілді отандастарымыз бірден мемелекеттік тілге ден қойып, үйреніп алады деген ойдан аулақпын. Қазіргі кездегі аға буынды айтпағанда, орта буын да мемлекеттік тілді керек деңгейде меңгеріп кетпес. Бірақ олар іні-қарындастарына,, балаларына, немерелеріне мемелекеттік тілді меңгеру керектігін айтып, қазақ балабақшаларына, мектептеріне оқуға береді. Тілін меңгерген азаматарымызға қазақтай қошемет көрсете алатын ұлт жер бетінде жоқ шығар! Кезінде өзімізде де әке-шешеміз «орыс тілің білмесең адам болмайсың» деп орыс мектептеріне берген жоқ па? Ал, қазақша оқығандарымыз техникум мен ЖОО-ға түскеннен соң, орыс тілін бірінші жылдың жартысында ғана меңгеріп алдық емес пе? Менің ойымша, басқа ұлттар тіл үйренуде қазақтардан кем болмас. Қазіргі кезде ең керегі – ана тілімізге өзіміздің құрмет көрсетуіміз. Өкінішке қарай, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге жиырма жыл болса да, зиялы қауым өкілдері арасында балаларын, немерелерін орыс мектептеріне беріп жатқандары аз емес. Мұны байқап жүрген орыс тілді отандастарымыз қалай ұрпағын қазақ тілінде тәрбиелемек?! Бұл жерде жапондардың баларын он екі жасқа дейін ешқандай шет тілін үйретпейтінін үлгі ретінде айтып кеткен артық болмас. Этносына қарамай бір елдің азаматы болған соң, әлеуметтік-мәдени жағдайға байланысты қауымдасу – заңдылаққа айналған тарихи құбылыс сияқты. Айталық, иммигранттардың ұрпақтарынан қалыптасқан АҚШ халқы өздерін «біз американдықтармыз» деп ағылшын тілінде, ал еуропалықтар мен үндістердің және Африкадан құлдыққа әкелінген қара нәсілдердің қан араласуынан пайда болған бразилиялықтар бір тілде – португал тілінде сөйлейді. Бұл – халықтарды біріктіріп отырған олардың ортақ тілдері. Құдайға шүкір, біз ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған ұлан-байтақ жерінде тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған этностармен бірлігіміз жарасып, Қазақстан халқы болып, тәуелсіз мемлекет құрып отырмыз. Ендігі мақсатымыз – ұлтаралық келісімділігімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, жылдан-жылға нығайта білу. Ал, мұндай бірліктің тұрақты да баянды болуына апаратын негізгі жол – халқымызды құрап отырған барлық этностардың мемлекет құрушы болып табылатын ұлттың тілінде, яғни, қазақ тілінде сөйлеуі. Бір тілде ойлап, бір тілде сөйлеген халықтың ғана бірлігі баянды болмақ. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ғана емес, сонымен қатар әлем тілдерінің арасындағы ең бай тілдер қатарына жататындығын еуропалық шығыстанушылардың еңбегінен жақсы білеміз. Он сегізінші ғасырдың ортасына дейін Ресейдің жоғары оқу орындарында да дәрістер француз, неміс, ағылшын тілдерінде оқылып, орыс тілінің жағдайы қазақ тілінің қазіргі халінен де мүшкіл болып, ғылым мен білім тілінен шығып қала жаздаған еді. Алайда, Ресейдің зиялы қауымы дер кезінде ана тілін құтқарып қана қоймай, оны әлемдегі іргелі тілдердің біріне айналдырып, Ресей мемлекетінің құрамындағы халықтардың ортақ тілі қылды. Ендеше, Жолдауда міндеттелген тапсырмалардың дер кезінде орындалуы үшін ұлтаралық келісімге ұйытқы болып отырған қоғамның әрбір азаматы қоғами, мәдени, әдеби және ғылыми өмірде қазақ тілінің ортасын қалыптастыруға өз үлесін қосуы керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет