1.Арнайы білім беру жүйесінің қазіргі даму кезеңінде балалық мүгедектіктің алдын алу, өзекті мәселесі ретінде қарастырылады. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдардың қызметінде кемтар балалар мен отбасына ерте жастан қолдау көрсету жетекші беталыс болып саналады.
Отандық (Ерсарина А.Қ., Жалмұхамедова А.Қ., Сүлейменова Р.А., т.б.) және шетел (Bloom A.S., Geordt A., Walton G.M., Bannister C.V., Разенкова Ю.А., Стребелева Е.А. т.б.) ғылыми зерттеулер бойынша ерте жастан кемістікті анықтау және дәл сол кезден кешенді түзету жұмысын бастау, кейіннен бала дамуында басқа ауытқушылықтардың алдын алуға жол ашады. Осы бағытта жұмысты дұрыс ұйымдастыру мен жүзеге асыру кемтар балалардың жалпы дамуы мен әлеуметтік бейімделу және қоғамға бірігу мүмкіндіктерін Жоғарлатады. Аталмыш балалармен түзету жұмысын жүргізуде емдік шаралардан ерекше психологиялық-педагогикалық қолдауға көңіл бөлу қажет.
Түзеу педагогиканың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары да ерте жастан түзетушілік көмектің тиімділігін ғылыми түрде дәлелденген. Қазір республикамызда бес деңгейлік мемлекеттік мүмкіндіктері шектеулі балаларға ерте жастан түзетушілік көмек көрсету жүйесі әзірленіп (Сүлейменова Р.А.) жүзеге асырылып жатыр. Бұл жүйе емханалар мен перзентханалардағы скрининг әдістемесінен басталады да, кейін арнайы білім беру ұйымдарында жалғасады. Нақты жүйе келесі деңгейлерден құрастырылған.
1 деңгей – дене және психикалық дамудағы ауытқушылықтарды скрининг әдістемесінен өткізу. Скрининг – катер тобындағы балаларды анықтау мақсатымен жаппай стандартталған тексеру. Бұл міндетті медициналық қызметкерлер атқарады.
2 деңгей – дене және психикалық дамудағы ауытқушылықтарды терең кешенді тексеру. Бұл қызметті психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар орындайды.
3 деңгей түзетушілік көмек көрсету қызметінің оңалту орталықтары, психологиялық педагогикалық түзету кабинеттері мен арнайы балабақшалар және жалпы үлгідегі балабақшалардағы арнайы топтар атқарады.
4 деңгей ерте көмек көрсетуді ғылыми әдістемелік қамтамасыз ету жұмысын ғылыми зерттеу орталықтары мен зертханалар жүргізеді.
5 деңгей ерте көмек көрсету жүйесін мемлекеттік құқықтық қамтамаасыз ету қызметінің мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғауды басқару ұйымдары атқаруға тиіс.
Отандық арнайы білім беру жүйесінде қазіргі уақытқа дейін мектеп жасына дейінгі кемтар балаларға арнайы көмек көрсету саласы өзектілігін жоғалтпады. Жалпы білім беру ұйымдарының мәліметтері бойынша мектеп жасына дейінгі есепке алынған мүмкіндіктері шектеулі балалардың 23% аса саны арнайы көмек алуда.
2. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Балалардың мектепке дейінгі сапалы тәрбие және оқыту мен толық қамтылуын, олардың мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бағдарламаларына теңдей қол жеткізуін және «инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруін» қамтамасыз ету көзделген.Қазіргі уақытта дамуында ақаулары бар балалар саны артып отыр.Оларды оқыту кеңейіп, түзетіп қолдау технологиялары жетілдірілуде. Білім беру жүйесінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларға айырықша орын бөлінген. Бұл балаларға қатысты біздің алдымызда тұрған негізгі міндет-олардың әлеуметтік ақталуы мен биімделуіне, қоғамдағы толыққанды өмірге дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету. Қ.Р Президентінің 07.12.2010 жылғы №1118 Жарлығымен бекітілген білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруді қарастырады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру ортасына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медика-педагогикалық тұрғыдан қолдау»туралы заңы қабылдады.Осы заң аясында жарымжан балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік, медициналық тұрғыда қамтамасыз ету қарастырылған. Инклюзивті білім беру –мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы білім беретін мектептерде тең жағдайда бірдей білім алуына қолжетімділігін ұйымдастыру. Мәселен арбамен қозғалатын балалар үшін мектептерде арнайы панустар өзге де мүмкіндіктер қарастырылуы керек. Бұл индикаторлар 2011-2015жылдарға арналған стратегиялық жоспарда да талап етілген. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру.Тәжірибе көрсеткеніндей қатаң білім беру жүйесінен балалардың бір бөлігі шығып қалады, өйткені қалыптасқан жүйе мұндай балалардың даралық қажеттілігін қанағаттандыра алмайды. Инклюзивті бағыт мұндай балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Инклюзивті білім беруді ұйымдастыру үшін қандай арнайы жағдайлар қажет Ең алдымен, даму мүмкіндігі шектелген балалармен жұмыс жасай алатын мамандар даярлау.Екіншіден архитектуралық кедергілерді жою. Білім мекемелерін арнайы тұтқалармен, парталармен, үстелдермен және басқа да компенсаторлық құралдармен жабдықтауды, көтергіш қондырғылар, пандустар, санитарлық бөлмелердің арнайы қондырғыларын орнататын іс-шаралар кешенін бастау қажет. Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзивті білім беруді жетілдіру мақсатында төмендегідей мәселелерді қарастрады. 2015 жылға қарай аталған міндетті шешу үшін қажетті нормативтік база құрылады. Инклюзивті білім беру шеңберінде жалпы және арнайы білім берудің өзара әрекетінің тетігі әзірленеді, мүмкіндігі шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары әзірленеді мүгедек балаларға қашықтықтан білім беруді ұйымдастырудың тәртібі әзірленеді.
Осы жұмыстардың барлығы да Қазақстан Республикасының «Білім туралы» «Бала құқықтары туралы», »Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық –педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» Заңдарын және Ережелерді басшылыққа алады.
3. Мүмкіндігі шектеулі балалар – бұл белгілі тәртіпте бекітілген, туа біткен, тұқым қуалаушы аурулармен немесе жарақаттың салдарымен негізделген, өмір сүру әрекетінде шектеулері бар, дене және психикалық кемістіктері бар он сегіз жасқа дейінгі балалар.