Қартабаева Е. Т. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ. к. Сманова А. М



Дата27.06.2016
өлшемі133.45 Kb.
#160792
ӘОЖ 94 (5)

Қартабаева Е.Т.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ.к.


Сманова А.М.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, тарих кафедрасының доценті, т.ғ.к


Ортағасырлық түркі халықтарының ислам өркениетіндегі орны
Аннотация

Мақаланы жазуға арқау болған негізгі мәселелер - ислам дінінің Орталық Азияның түркі халықтары арасында таралуы, оның негізгі ерекшеліктері, түркілердің ислам өркениетіне тартылуы, түрік-ислам синтезі мәселелері. Аталмыш мәселелер ғылымда қанша қарастырылғанымен, әлі де болса шешімін таппаған, түйіні көп, даулы мәселелердің қатарына жатады. Мақала авторлары деректер мен тарихи ізденістер негізінде Қазақстан тарихнамасындағы осы даулы мәселенің зерттелуіне өз үлесін қосуды мақсат етеді.



Түйін сөздер: ислам, түркілер, Орталық Азия, өркениет, мәдениет, Ренессанс, отырықшылық, көшпелілік.
Арабтардың түркілер жеріне жаулап алу жорықтарын жасамағандығы қазіргі таңда ғылымда дәлелденіп отыр. Деректерге сенсек, түркілер жерін жаулап алу арабтардың жоспарында мүлде болмаған. Осыған орай Мұхаммед пайғамбардың түріктермен соғыспау жөніндегі хадисі сақталған. Хадистің бірнеше нұсқалары кездеседі, соның бірінде: «Түріктерге, олар өздері тиіспесе, тиіспеңдер» десе, тағы бірінде: «Түріктердің ашуын шақырмаңдар, өйткені олар аса қауіпті» делінеді. (Махмуд ибн Уәли және басқа да беделді хадисшілер келтіреді) [1, 198].

Тағы да бір деректі келтіре кетейік. Сасанилік Иранмен арада болған Нехавенд (642) шайқасынан кейін, жеңіліс тапқан сасанилерді қуған араб қолбасшысы Ахнаф ибн Кайстың басшылығындағы мұсылман әскері Амудария өзенінің бойына дейін жаулап алады. Осы арада Ахнаф ибн Кайс халиф Омарға шабарман жіберіп болған жағдай туралы мәлімет береді. Мұхаммед пайғамбардың ескертулерін мұқият орындаған Омар ахуалды ұққан соң оған мынадай бұйрық-хат жібереді: «Сақ болыңыз, зинхар! Өзеннің арғы жағына өтпеңіз! Өзеннің бер жағында қалыңыз! Хорасанда ғана жеңісіңіз жалғасты болмақ. Өзеннің ар жағына еш уақытта өтуші болмаңыз, әйтпесе бытырап, әлсіреп қаласыздар!» [2, 199].

«Ескі дүниенің» ширегін өзіне бағындырған арабтардың түркілер жеріне жаулаушылықпен келмеуін немен түсіндіруге болады. Біздің пікірімізше, ең алдымен, Халифат билеушілері, көреген саясаткерлер бола отырып, ежелден-ақ жауынгер халық ретінде аты шыққан түркілерді күшпен өзіне бағындыра алмайтындығына көзі жеткен. Оның үстіне бұл кезеңде түркілер, саяси ұйымдасуы жағынан да, кең тарихи аренаға енді ғана шыққан арабтардан кем түспеген тәрізді. Түркілер тарихын зерттеуші қазақстандық ғалымдардың бірі Б.Е. Көмековтің пікірінше, «VІІ-VІІІ ғғ. Араб халифаты мен Түрік қағанаты бәсекелес күштер ретінде бейбіт қатар өмір сүрді» [3]. Араб жаулаушылығы басталған кезде түркілердің қуатты империялық державасы - Ұлы Түрік қағанаты ыдырап кеткенімен, оның орнында қалыптасқан Батыс Түрік қағанаты, Түргеш, Қарлұқ қағанаттарының да халықаралық беделі айтарлықтай болатын.

В.В. Бартольдтың пікірі бойынша арабтар түріктердің мәдени (отырықшы) аудандарға шапқыншылықтарын тойтарып қана отырды, олар түрік қағандарының ордасына дейін, яғни далаға ішкерілеп кіре қойған жоқ [4, 29]. Иран мен Орта Азиядан өзгеше, қазіргі Қазақстан территориясының арабтардың басқыншылығына түспегені жөнінде Бартольдтен басқа тарихшылар да көрсетеді. Зерттеуші Н.Д. Нұртазина: «VІІІ ғ. араб жаулаушылығы түрік жерлеріне жеткен жоқ, Оңтүстік Қазақстанның өзі араб жаулауынан тыс болды», - десе [5, 58], археолог К.М. Байпақов: «Оңтүстік Қазақстан қалаларын да, Жетісу қалаларын да арабтар жаулап алған жоқ»,-дейді [6, 188], ал М. Вяткин болса: «араб жаулаушылығы Сырдариядан солтүстікке қарай аспады», - деп көрсетеді [7, 50].

Соған қарамастан түріктер мен арабтар арасында ешқандай әскери қақтығыстар болған жоқ дей де алмаймыз. Мұндай қақтығыстар болды, бірақ олар түркілер жерінде емес, көбіне Соғды мемлекетінің территориясында, Мәуереннаһрда өтті. Түріктердің Мәуереннаһр халқымен бірге арабтарға қарсы күреске қатысуының себептерін тек түріктердің өздеріне төніп кеп қалған араб жаулаушылығының алдын алудан туындады деп түсіндіруге болмайды. Түріктердің Мәуераннаһр жерінде арабтарға қарсы күреске қатысуының әр түрлі себептері болуы мүмкін. Соның ішінде түркілердің өз вассалдары (түркілер мен соғдылықтар арасында ежелден патрон-вассал қатынастары қалыптасқандығы тарихтан белгілі) алдындағы «ағалық» парызы немесе соғыстан түсетін олжа үшін және сондай-ақ жалдамалы әскер есебінде, т.т. себептерді көрсетуге болады [5, 60].

Ал тікелей Орталық Азия жерінде арабтар жалғыз ғана шайқас жүргізді, бұл 751 жылғы атақты Талас шайқасы. Шайқастың тарихы ғылымда жақсы зерттелген. Талас шайқасы түркілерге қарсы емес, керісінше, түркілермен бірлесе отырып Қытайға қарсы бағытталғаны белгілі. Арабтар мен Тан әскері арасында өткен, бес күнге созылған бұл зор арпалыс, түркі халықтарының тарихында шынында да аса маңызды рөл атқарды. Шайқас барысында түріктер (қарлұқтар) өздері үшін маңызды тарихи таңдау жасады. Тандық Қытайға бағынышты болып отырған қарлұқтар көтеріліс жасап, арабтардың жағына шығып кетеді. Қарлұқтардың бұл әрекеті шайқастың нәтижесін анықтап берген болатын. Тан әскері жеңіліс тауып, Орталық Азия жерінен біржолата кетуге мәжбүр болды. Жеңіске жеткен арабтар да аймақта қалып қойған жоқ. Олар Таразда бір горнизонын ғана қалдырып, негізгі бөлігі Мәуерреннаһрға қайтып кетеді.

Талас шайқасынан кейін, көп ұзамай-ақ түріктер ислам дінін қабылдай бастайды. В.В. Бартольд, деректерге сүйене отырып, қарлұқтар ислам дінін халиф Махдидің (775-785) тұсында-ақ қабылдай бастаған деген пікір айтады [8, 39]. Талас шайқасынан кейін арабтармен жақын араласа бастаған түріктер, олардың дінімен танысады. Бұл діннің өздерінің рухани сұраныстарына жауап беретіндігін, және жалпы қоғамдық өміріне сәйкес келетіндігін ұғынған қарлұқтар оны өз еркімен қабылдай бастаған деген болжам жасауға болады.

Сондай-ақ, Талас өңірі мен Жетісуда ислам дінінің өте ерте, яғни VІІІ ғасырда-ақ тарай бастауын, бұл аймақтың Ұлы Жібек жолындағы маңызды пункт болғандығымен де түсіндіруге болады. Исламда сауда мен дін бір-біріне қарсы қойылмады. Мұсылман қоғамының бүкіл қаймағы (элита) – Мұхаммед пайғамбардың барлық серіктері – саудагерлерден, қолөнершілерден, т.б. тұрды, бірақ олардың қатарында бірде-бір көшпелі бәдәуи болған жоқ [9, 309]. Ислам, шынында да, саудаға және саудагерлерге оң көзбен қарағаны белгілі. Құранда саудамен айналысу барынша дәріптеледі [Цит: (4, 38)]. Құран өсімқорлықты қатты сынға алып, айыптайды, алайда мұның өзі саудамен айналысудың артықшылығын көрсету үшін жасалды. Саудаға осылайша құрметпен қараған Құран, сондай-ақ, жеке меншікті де Алланың атымен қасиетті деп бекітті. Мұсылман құқығы мен этикасы мұсылман үшін лайықты өмір салты деп ауқатты, экономикалық жағынан тәуелсіз қала тұрғынының өмір салтын есептеді. Мұның өзі Мұхаммед пайғамбардың қайдағы бір қиалшыл-утопист емес, көрнекті реформатор болғандығын көрсетеді.

Орта Азиядағы түркілерге шекаралас жатқан мұсылман елдері үшін дала халықтарымен сауданың үлкен маңызы болды, Хорезм шеберханаларында дала халықтары үшін арнайы маталар шығарылып отырылған. Түріктер арасында исламды таратуда ортаазиялық көпестер үлкен рөл атқарды. Махмұт Қашқари өз «көпесі» бар адамды білдіретін «баста» деген терминді келтіреді. «Баста» белгілі бір мұсылман көпесімен байланыста болады, оны жақсы біледі. Көпес үнемі соның үйіне түседі, «оған ислам елінен киім-кешек, әйеліне орамал, біраз бұрыш, тары, жүзім және жаңғақ әкеліп тұрады» [10, 160]. Таяу Шығыс, Иран мен Орта Азиядан келген көпестер жай ғана көпестер емес еді, олар пайда табуды ғана көздеп қоймай, сондай-ақ дін мен мәдениетті таратушылар да болды. Сауда мен дін ол дәуірде бір-біріне қайшы келмегені жөнінде айттық. Сауда керуендерімен немесе дін уағыздаушы және саяхатшылар ретінде арабтар VІІІ ғ. өзінде-ақ Орталық Азияға – Ертіс бойындағы қимақтарға, Енисейдің жоғарғы ағысындағы қырғыздарға, шығысында – ұйғырларға, батыста – бұлғарлар мен хазарларға дейін жетті. Еділ бұлғарларының арасында олардың исламды VІІ ғ. өзінде-ақ үш араб уағызшы-сахабасы (пайғамбардың серіктері – Абдурахман, Зубейра және Тулейха) арқасында қабылдағаны жөнінде аңыз тарады [11, 122]. Мұсылмандардың тауарларымен және жалпы өмірімен таныса отырып түріктер олардың мәдениетін, соның ішінде дінін де қабылдауға асыққан тәрізді [4, 55].

Орталық Азияға исламның келуімен бұл аймақ халқының, яғни негізінен көшпелі малшылардың өмір салты мен әлеуметтік психологиясында өзгерістер байқала бастайды. VІІІ ғ. басында исламды қабылдауды ұсынғанда түріктер (түріктердің дәл қайсы тайпасы екені деректерде көрсетілмейді) араларында бірде-бір қолөнерші, «шаштараз да, ұста да, тігінші де» жоқ халық, егер исламды қабылдап, оның барлық шарттарын орындайтын болса, қалай күн көрмек, деп жауап берген екен [4, 53]. Алайда, көп ұзамай, көшпелі және жартылай көшпелі түрік тайпаларының арасында отырықшылық дамып, қолөнер мен саудаға деген оң көзқарас қалыптаса бастайды. Мұны археологиялық зерттеулер жақсы көрсетеді. Осы дәуірде қалалық мәдениет Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда ғана емес, Ертіс бойы аудандары мен Орталық Қазақстанға да тарала бастады. Араб географы әл-Идриси (ХІІ ғ.) Ертіс жағалауын мекендеген қимақтардың 16 қаласы болғандығы жөнінде мәлімет береді [12, 32].

Сонымен бірге, сол дәуірден бізге жеткен негізгі деректердің бірі, Қарахан мемлекетінің атақты идеологы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты дастанын оқи отырып, сол дәуірде түркілердің әлеуметтік психологиясында үлкен өзгерістер орын алғандығына көз жеткіземіз. Жүсіп Баласағұн өз заманының ең бір білімді адамы және өз елінің көреген саясаткері бола отырып қала мәдениеті мен отырықшы өмір салтын жақтады, ол көшпенділік өмір тек қана тұрақсыздық, берекесіздік туындатып отырады деп түсінді. Өз еңбегінде ол егінші мен қолөнерші, көшпенді малшыға қарағанда қоғамға анағұрлым пайдалырақ деген ойды айқын түрде жеткізеді. Билеушіге халықтың әр түрлі топтарына қалай қарау керектігін үйрете отырып, ол көшпелілерге сенімсіздікпен қарауға ашық түрде шақырады [13, 416]. Жүсіп егіншілер мен қолөнершілер мемлекетке анағұрлым қажет және анағұрлым сенімді деген көзқарасты халыққа сіңіргісі келеді, ал көшпенділерге барынша қырағы, қауіппен қарауға үйретеді. Автордың бұл көзқарастарын назардан тыс қалдыруға болмайды, өйткені ол, іс жүзінде, түркі қоғамында орын алып отырған көшпеліктен, қоғамдық өмірдің анағұрлым жоғарғы формасына қарай беталысты көрсететін еді.

Орталық Азия түркілерінің көшпеліліктен отырықшылыққа өту процесі исламның келуінен көп бұрын-ақ басталып кеткен болатын. Зерттеуші К.М.Байпақов Орталық Азия халықтарындағы отырықшылық пен көшпенділіктің арақатынасын қарастыра отырып, шаруашылық жүргізудің бұл екі түрі бағзы замандардан тұрақты түрде өзара ықпалдастықта болғаны, және жалпы дамудың беталысы үнемі көшпенділіктен отырықшылдыққа қарай жүріп отырғаны, сондай-ақ отырықшылық пен қалалық өмірдің циклды түрде дамығаны жөнінде пікір айтады. Яғни, басқаша айтқанда, отырықшылық Орталық Азия түркілері арасында бірден орныға салған жоқ, оның дамуы тарихи дамудың белгілі-бір заңдылықтарына сәйкес және нақты тарихи жағдайлармен байланысты аракідік үзіліп қалып, жергілікті халық арасында көшпелі өмір салты қайта жанданып отырған. Осы тұжырымның растығын дәлелдейтін нақтылы мысалдар келтіре кетейік. Б.з.д. І мыңжылдықтың ортасынан бастап Жетісуда сақтар мемлекеті қалыптаса бастағанда, оларда көшпенділікпен қатар отырықшылық та болған. Бұған дамыған үй құрылысы дәстүрлері мен ірі рулық қорғандардың болуы куә. Қоладан жасалған ыдыстар, шырақтар көмбесінің табылуы да сақтарда тұрақты мәдени орталықтар болғандығын растайды [6, 55].

Отырықшылықтың ұлғаюы мен егіншіліктің даму тенденциясы үйсін мемлекетінде күшейе түсті. Деректерден көретініміздей, үйсіндерде орталық орда – Чигуэн және төңірегінде егістіктер мен бау-бақшасы бар көптеген мекендер болған. Егін алқаптарын жасанды суғару жүйелері арқылы суарып отырған. Бұл отырықшылық дамуының екінші кезеңі еді.

Жетісуға біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында ғұндардың келуі, ал кейінірек бұл аймақтың бастапқыда Шығыс Түрік, ал кейін Батыс Түрік қағанатының құрамына кіруі VІ ғ. ортасы мен VІІ ғ. басында Жетісудың шаруашылық және мәдени өмірін күрт өзгертіп жіберді. Қағандықтарда көшпелі өмір салты басым болды, бұған материалдық мәдениет те сәйкес келген еді. Атап айтқанда, алдындағы кезеңмен салыстырғанда мәйіттің үстінен қойылатын ескерткіштердің саны күрт азайып кетеді, сақ-үйсін және түрік мазарларының санын салыстыруға да болмайды [6, 56]. Алайда VІІ ғ. алғашқы жартысында-ақ Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға ауысқан Ұлы Жібек жолының бойында қалалар пайда болды. Олардың бірқатары қағандардың ордасы ретінде қалыптасса, кейбірінің негізін соғдылықтар салды.

Соған қарамастан, бұл дәуірде де түркілер негізінен көшпелі өмір салтын кеше берген еді. Мұны араб-парсы авторларының деректері де растайды. Түркі тайпалары – қарлұқ, қимақ, оғыздар жөнінде «оларда мекендер мен бекіністер жоқ, олар шегенің орнына мал терісінен жасалған белбеулермен бекітілетін қабырғалы шатырларда тұрады», – деп жазады Якуби (ІХғ.). Ибн-Фадлан: «Олардың үйлерін бірде бір жерден, енді бірде басқа жерден көресің», – дейді. Худуд ал-Аламның белгісіз авторы оғыздарда қалалардың болмағандығын айта келе, «олар шатырларда тұратын көп халық», – дейді.

Отырықшы және қалалық өмір дамуының келесі кезеңі Орталық Азия халықтары тарихында мұсылман дәуірімен сәйкес келеді, бұл кезең VІІІ ғ. басталып ХІІІ ғ. бірінші ширегіне дейін, яғни монғол шапқыншылығына дейін жалғасты. Яғни, исламның келуі түркілердің рухани өміріне ғана ықпал етіп қоймай, бүкіл өмір салтын өзгертті. Әрине, түркілер өмірінде орын алған өзгерістерді тек сыртқы ықпалмен ғана түсіндіруге болмайды. Көшпеліліктен отырықшылыққа өту тенденциясы, жоғарыда айтып кеткендей, ежелгі дәуірлерден-ақ басталып кеткен болатын. Ислам, тек осы беталыстың қарқынын күшейтіп, оған жаңа серпін берді.



Осы орайда, батыс тарихнамасында, соның ішінде кеңестік тарихнамада қалыптасқан, ерте дүниедегі түркілер тарихына деген менсінбеушілік көзқарасты жоққа шығаратын уақыт жетті. Мысалы, кеңес зерттеушілері Мұсылмандық Ренессанс құбылысының қалыптасуына байланысты Н.Конрад ұсынған концепцияны, яғни ренессанс өз антика дәуірі (дамыған ерте өркениеті) болған халықтарда ғана орын алды, ал жас халықтарда, өткен тарихында айтарлықтай «көне өркениеті» болмаған, тарихи дамудың үлкен жолына енді ғана түскен халықтарда «Ренессанс» өзіне жақын орналасқан жоғары мәдениетті халықтың сәулесінің түсуі ретінде ғана іске асады деген теорияны қабылдады. Бұл теорияға сәйкес Орталық Азия халықтарының өз көне өркениеті болмағандықтан да бұл аймақта тек «шағылысты ренессанс» («отраженный ренессанс») [14] болды деген тұжырымға келеді. Алайда неге біз, сол түркілердің қазіргі ұрпақтары, еуроцентристік тарихшылардың соңынан еріп, түркілердің көне дәуірден-ақ өркениетті халық болғандығын жоққа шығаруға тиіспіз. Жоғары мәдениетті белсенді түрде қабылдап, игеріп, оны ары қарай жасампаздықпен дамыту үшін түркі халықтарының да берік тарихи іргетасы болуы, мәдени дамудың айтарлықтай жоғары сатысында тұруы шарт емес пе? Басқаша жағдайда жоғары дамыған мәдениет ұрығының түріктер топырағында өніп шығып, гүлденуі мүмкін емес еді. Дәл осы, арабтар келгенге дейін-ақ өздерінің дамыған мәдени дәстүрлерінің болуы Орталық Азия мәдениетінің араб дәуірінде ерекше гүлденуіне негіз болды. Әрине, түркі топырағынан шыққан ұлы ғұламалар, атап айтқанда, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи және т.б. өздерінің теңдессіз туындылары арқылы өз уақытының интеллектуалдық дәрежесімен салыстырғанда аса жоғары деңгейге көтерілгені даусыз. Алайда мұның өзі бұл ғұламалардың өз халқының бұған дейін жинақтаған мәдени жетістіктерін өз бойына сіңіріп, ары қарай дамуына сырттан жаңа бір серпін алғанынан деп ұғыну керек. Оның үстіне, түркі халықтары ислам мәдениетін тек жай ғана тұтынушылар емес, сол мәдениетті белсенді түрде жасаушы (ғылымда әл-Фараби ортағасырлық араб философиясының негізін қалаушы ретінде мойындалады) және мұсылман әлемінде саяси үстемдікке жеткен тұста, ислам мәдениетін әлемге таратушы халыққа айналды. Көне дәуірден дамыған өркениеті болмаған халық бірден мұндай мәдени секіріс жасай алмас еді. Осы тұрғыдан алғанда, Тойнбидің өркениеттік теориясына (атап айтқанда, үндеу-жауап) сәйкес, ортағасырлық түркілер ислам тарапынан болған үндеуге өз қоғамының қойнауынан лайықты жауап тауып, ислам мәдениетінің иіріміне тартылып, сол мәдениеттің одан ары қарқынды дамуына зор үлес қосты.
Әдебиеттер

  1. Зайончковский А. Старейшие арабские хадисы о тюрках VІІІ-ХІ вв. // Тюркологический сборник. – М.: Наука, 1966. – C. 194-202.

  2. Бұлұтай М Ж. Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды. –Алматы: Білім, 2000. – 504 б.

  3. Кумеков Б.Е. .// Материалы международной научно-теоретической конференции “Древнетюркская цивилизация: памятники письменности”, посвященной 10-летию независимости Республики Казахстан. – Алматы: Ғылым, 2001.-С. 207-215.

  4. Бартольд В.В. Тюрки. Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии.- Алматы: Жалын, 1998.- 192 с.

  5. Нуртазина Н.Д. Ислам в истории средневекового Казахстана. –Алматы: Фараб, 2000. – 312 с.

  6. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. (VІ- нач. ХІІІ вв.) – Алма-Ата: Наука,1986. – 254 с.

  7. Вяткин М. Очерки истории Казахской ССР. – М.: Госполитиздат, 1941. – Т.1. – 367 с.

  8. Бартольд В.В. Сочинения. Т.2.Ч.1. История культурной жизни Туркестана. -М.: Наука, 1963. – С.167-433.

  9. Беленицкий А.М. и др. Средневековый город Средней Азии. – Л.: Наука, 1973. – 389 с.

  10. Материалы по истории туркмен и Туркмении. М.-Л.: Изд. Акад. наук,1939. – Т.1. – 612с.

  11. Нурмуханбетов Б.И. Некоторые черты раннего ислама в Средней и Нижней Арысы//Известия НАН РК. Серия Общественных наук. – Алматы: 1997. – С. 34-38.

  12. Арабо-персидские источники о тюркских народах. – Фрунзе: Илим, 1973 – 140 с.

  13. Амребаева Ж. Мир ценностей Юсуфа Баласагуни в поэме “Кутадгу билиг” (К постановке проблемы) // История и культура Центральной Азии и Казахстана. Исследования молодых.- Алматы: Аль-Фараби, 1998. – С. 160-169.

  14. Конрад Н.И. Запад и Восток: Статьи. – М.: Наука, 1966. – 520 с..


References

  1. Zayanchkovcki А. Stareyshye arabskie hadisy o tyurkah VIII-XI vv. // Tyurkologicheskii sbornik. M.: Nauka, 1966. pp. 194-202.

  2. Bulutay M. Zh. Ata-bab diny. Turkyler nege musylman boldy. –Almaty: Bilim, 2000. 194 p.

  3. Kumekov B. E. .//Materialy mezhdunarodnoy nauchno-teoriticheskoi konferencii “Drevnetyurkskaya civilizacya: pamyatniki pismennosti”, posvyashennoy 10-letiyu nezavisimosti Pespubliki Kazakhstan. –Almaty: Gylym, 2001.-pp. 207-215.

  4. Bartold V.V. Tiyurki. Dvenadcat lekcii po istorii tureckih narodov Sredney Azii.-Almaty: Jalyn, 1998. P 192.

  5. Nurtazina N.D. v istorii srednevekovogo Kazakhstana. –Almaty: Farab, 2000. 312 p.

  6. Baipakov K.M. Srednevekovaya gorodskaya kul’tura Yuzhnogo Kazakhstana I Semirechya. (VI- nach. XIIIvv.)- Alma-Ata: Nauka, 1986. P 254.

  7. Vyatkin M. Ocherki istorii Kazakhskoy SSR. M.: Gospolitizdat,1941. T.1. 367 p.

  8. Bartold V.V. Sochinenya. T.2.Ch.1. Istorya kulturnoy zhyzni Turkestana. –M.: Nauka, 1963. – P.167-433.

  9. Belenckii A.M. I dr. Srednevekovy gorod Sredney Azii. – L: Nauka, 1973.

  10. Materialy po istorii Turkmen i Turkmenii. – T.1. – M.–L.: izdat. Akademii yauk,1939. 612 p.

  11. Nurmuhanbetov B.I. Nekotorye cherty rannego islama v Sredney I Nizhney Arysy//Izvastya NAN RK. Serya Obshestvennyh nauk.- Almaty: 1997. –PP. 34-38.

  12. Arabo-tyurkskie istochniki o tyurkskih narodah. –Frunze: Ilim, 1973. 140 p.

  13. Amerbayeva Zh. Mir cennostey Yussufa Balasaguny v poeme “Kutdagu bilig” ( K postanovke problem) // Istorya i kultura Centralnoy Azii i Kazakhstana. Issledovanya molodyh.- Almaty: al-Farabi,1998. – P.160-169.

  14. Konrad N.I. Zapad I Vostok: Stati. – M.: Nauka,1996. – 520 p.


Картабаева Е.Т.

профессор кафедры всемирной истории, историографии и источниковедения КазНУ им. аль-Фараби, к.и.н.


Сманова А.М.

доцент кафедры истории КазГосЖенПУ, к.и.н


Место средневековых тюркских народов в исламской цивилизации
Резюме

Проблемы, ставшие причиной написания статьи – это распространение ислама среди тюркских народов Центральной Азии, его особенности, интеграция тюрков в мусульманскую цивилизацию, проблема тюрко-исламского синтеза. Хотя об этих проблемах написано достаточно много, но до сих пор вызывают споры некоторые вопросы данной проблемы, и в целом относятся к дискуссионным проблемам отечественной науки. Авторы статьи ставят цель на основе источников и историографических работ внести свой вклад в изучении этой дискуссионной проблемы.



Ключевые слова: ислам, тюрки, Центральная Азия, цивилизация, культура, Ренессанс, оседлость, кочевничество.
E.T.Kartabayeva

Candidate of Historical Sciences, Associate Prof. of al-farabi Kaznu



СManova a.m.

Candidate of Historical Sciences, Associate Prof. of KazMKPU


Location medieval Turkic peoples in the Islamic civilization
Summary

Problems, that have caused this writing - is the spread of Islam among the Turkic peoples of Central Asia, its features, the integration of Turks in the Muslim civilization, the problem of the Turkish-Islamic synthesis. Although written about these issues a lot, but still some controversial issues of the problem, and generally refer to the controversial issues of national science. The authors set the goal based on sources and historiographical works to contribute to the study of this controversial issue.



Keywords: Islam, Turks, Central Asia, civilization, culture, Renaissance, sedentary life, nomadism.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет