Асанұлы Қ. Е. А. Бөкетов және көркем аударма мәселелері / Қойлыбай Асанұлы // Ақиқат. – 2002. – №2. – 93-95. –



Дата04.07.2016
өлшемі63.52 Kb.
#176287
Асанұлы Қ.

Е.А.Бөкетов және көркем аударма мәселелері / Қойлыбай Асанұлы // Ақиқат. – 2002. – №2. – 93-95. – (Ғалым мінбері).
Букетов шығармалары және аударма жөнінде жазған сын-зерттеу ма-қалалары туралы кезінде баспасөз беттері мен ғылыми зерттеулерде біраз ай-тылғаны белгілі. Букетовтің «Көркем аударма, хал қалай?» атты мақаласы, автордың бұл салада жан-жақты хабардарлығын көрсетеді. «Көркем аударма — творчестволық қызметтің ең қиын салаларының бірі. Бұл қалыптасқан қағиданы дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ сияқты. Бүгіндері басқа бауырлас әдебиеттермен терезесі тен тұрған төл әдебиетіміз өзінің балаң кезінен бастап оған үлкен ықылас-ілтипат қойып отыр», - дейді автор аталмыш мақаласында.

Жалпы Букетов аударған Есенин, В.Маяковский, Пушкин, Шекспир шығар-маларының шедевр туындылары қазақ тілінде қалын оқырман жүрегіне жол тапқан дүниелер болып саналады. Есениннің «Анна Снегина», «Письмо женщине», «Собака Качалова», Маяковскийдің «Хорошо», Пушкиннің «Полководец», Шекспирдің «Макбет», «Юлий Цезарь», Надсонның «Только утро любви хорошо» атты туындыларының Букетов тәржімасындағы нұсқаларына қазақ әдебиетінің белгілі сыншылары жоғары баға береді. Рабиға Сыздықова: «Е.А.Букетовтің тамаша аудармаларына берілген құнды пікірлерді оқып, жазушы-аудармашының әдебиет пен өнерге деген көзқарасы, әңгімелерінің деңгейіндегі парасаттылығын байқап, марқайып қаласың. Онын аударған шығармалары халкымыздың рухани қазынасына қосылатындығы даусыз» дейді.

Болгар жазушысы И.Вазовтың «Бұғауда» романын 1959 жылы, И.Василенконың «Артемка» повесін, Э.Золяның әңгімелері мен мақалаларын 1956 жылы аударып жарыққа шығарған да Е.Букетов. С.Есениннің «Менің махаббатым» атты өлендері мен поэмалары 1978 жылы соның аударуымен жарық көрді.

Осы жерде Букетовтің аударма саласына ден қоюы, оны әдебиеттің күрделі саласына балай тұрып, оған талап қылуы былайғы жұртгың қызығушылығын туғызды. Біздің айтпағымыз, аудармаға деген әуестік Букетов бойына бала кезінен бастап пайда болған қасиет. Педагогикалық еңбектің ардагері, қарт ұстаз Қари Сеңкібаев «Бәрімізге бауыр еді» атты естелігінде мынадай бір қызық дерек келтіреді: «Евней – көпшіл де, «артист» те болатын. Жаңылмасам, 7-8 кластарда оқып жүргенде болар, ол А.С.Пушкиннің «Тас мейман» атты шағын драмасының қазақша аудармасын өзі бас болып мектеп сахнасына шығарды. Драманы да өзі қойды, басты кейіпкерді де өзі ойнады. Осы күнге дейін ұмытпағаныма қарағанда. бұл қойылым әсерлі шыққан болар деп топшылаймын».

Букетов ең алдымен аудармаға үлкен жауапкершілікпен қараған адам. Оған өзінің: «Аударманы көркем әдебиетгің дарын мен шеберлік тілейтін ауыр саласы деп түсінбеушілікте, оған көлденең көк аттының кірісіп кетуінде деп ойлаймыз. Әрине, көркем дүниеге жеңіл кәсіп деп қараған аудармашыдан рухани қанат тілейтін шынайы шығарма туа қалуы екіталай», — деген сөздері дәлел болса керек. Аударма көкжиегін бетке алғанда Букетов санасында орыстың атақты ақыны, әрі аудармашысы В.А.Жуковскийдің: «Прозаны аударушы — автордың құлы. поэзияны аударушы автордың бәсекелесі», — деген сөздері тұратын. Ол осы қағиданы ұстанды, сол жолда еңбегі де жеміссіз болған жоқ. Қарағандылық ғалымдар Ж.Қ.Смағұлов пен Ш.Ш.Жалмақанов: «Е.А.Букетов және көркем аударма мәселелері» атты ғылыми мақаласында аудармашы, ақын В.А.Жуковскийдін біз келтірген пікірінің Букетов ұғымындағы сипатын былайша өрбітеді: «Бұл сөздер, — деп нақтылайды Е.Букетов, – аудармашы ақынға зор сын, зор жауапкершілік алдында тұрғанын, ұлы ақынның асыл қазынасын басқа тілге аудару аудармашының өзі шебер, талантты ақын болу керектігін дәлелдейді. Көркем аудармада, оның ішінде поэзияда ұлы ақын шығармасын тәржімалағанда стиль мен ритмиканы, ой мен бейнені дәлме-дәл келтіруге ұмтылу қажеттігін басты мақсат тұту керектігіне баса көңіл аударған. Е.Букетов өз аудар-маларында және ол туралы ой-көзқарастарында дәлме-дәл тәржімалауға басты мән берген. Дәлме-дәл тәржімаға жету үшін ақынның аударуға алған шығармасын ғана емес, бүкіл шығармашылық жолын, ақындық кредосын жан-жақты зерттеп, болмыс-бітімін түгелдей түсініп барып, кірісуді қалағанын аңғару қиын емес», — дейді. Мысалы: «Шекспирдік «Макбеті» Букетов аудармасында өзінің поэзиялық бояуы мен ұлттык тұрпатын сақтай отырып, шебер аударылған. Б.Пастернак аударған орыс тіліндегі Дункан-ның: «Наш храбрый родич! Чести образец!» — деген сөздері Букетов аудармасында: «Қан бір арысым, жіберсін бе, намысын!» деп тіптен әсерлі болып естіледі. Немесе үш мыстанның қосылып айтатын:

«Взявшись за руки, бегом:

В круговую в пляс пойдем.

Замелькает хоровод,

Из под ног земля уйдет.

Девять раз кругом, кругом

Обежим и круг замкнем.

Круг заклят, и слово наше крепко!»

— деген өлең жолдары Букетов тәржімасында қазақтың төл өлеңіндей тілге де, жүрекке де жылы тиіп, бірден оқырманын еліктіріп әкетеді.



«Қол ұстасып жөнелейік,

Дөңгеленіп би билейік.

Жер мен аспан көзден ғайып

Болғанынша зымырайық.

Тоғыз рет айналып кеп

Би шеңберін тұйықтайық!

Орта қарғысқа толсын!

Сөзіміз бекем балсын!».

«Аудармашы ақынның бәсекелесі болуы» керектігін Букетовтің мақсат ететіні де осындай жолдарды аударуынан іздестірген жөн сияқты. Абай аудармаларындағы Пушкин мен Лермонтов поэзиясының қуатын да аудармашы талантының қарымынан қарастыратынымыз сондықтан. Белгілі тіл маманы, филология ғылымының докторы Ж.А.Жақыпов: «Қазіргі аударма теориясы аудармаға қатаң талап қояды. Ол «орысшаны қазақшалау, қазақшаны орысшалау» дейтіндей деңгейден әлдеқайда жоғары көтеріліп кеткен. Қазіргі аудармаға қойылатын талап — екі тілді қарым-қатынасты бір тілді қарым-қатынасқа барынша жақындату. Евней Арыстанұлы шығарма­шылығынан біз жарыспалы қостілдікті де, аудармаға қойылатын жаңа талап деңгейін де көре аламыз» — дейді.

Букетовтің аудармаға деген көзқарасы, сондай-ақ батыл, шынайы пікір айта білетіндігі оқырман қауымға 1953 жылдардан бастап таныс бола бастады. 1953 жылдың 24-ші ақпан күніндегі «Ленинская смена» газетінде жарық көрген «О халтурном переводе и невзыскательных издателях» атты ма-қаласы сол кездегі аударманың көркемдік деңгейінің қандай дәрежеде екендігін әшкерелейтін өткір сын ретінде бағаланады. Бұдан кейін де Букетов көркем аударма мәселелеріне үлкен көңіл бөліп, оны үнемі назарында ұстап жүрді. «Казахстанская правда» газетінің 1953 жылғы 29 наурыз күнгі санында ұлы ақын В.Маяковскийдің қазақ тіліне аударылып басылып шыққан кітабының көркемдік мәселесіне арналған екі подвалдық үлкен мақала жарияланды. Авторы әлеуметке әлі таныла қоймаған Евней Букетов еді. «Мақала авторы болса аудармашыларды шетінен қирата сынапты. Ешкімнің Алатаудай атағына, биік беделіне қарамай, бетін бар, жүзің бар деместен сілкілеген екен. Және сынауы сындарлы, дәлелді, пікірі орнықты сияқты», — деген Мұзафар Әлімбаев сөзі Букетов мақаласының мәніне берілген орынды пікір болып саналады.

Көркем аударма жөнінде жазған «Повести Гоголя на казахском языке», «О переводах па казахский язык произведений В.В.Маяковского», «О халтурном переводе и невзыскательных издателях», «Көркем аударма, хал қалай?», т.б. сын-пікір мақалалары өз уақытындағы әдебиет өмірінің кескін-келбетін, даму, өркендеу жолдарын баяндайтын дүниелер қатарына жатады.

Көркем аударма мәселесі әдебиетімізде әлі күнге дейін үлкен проблема болып отыр. Букетов оған үлкен жауапкершілікпен қарауды міндеттейді. Мысалы, «Совет елі өнерінің үлкен өкілі — Э.Межелайтис лирико-философиялық ойдың ақыны. Әлемде өтіп жатқан қоғамдық оқиғаларға тынбай үн қосып, дара даусын танытып келе жатқан күрделі құбылыс, кең танымал суреткер. Оның туындыларын жеңіл-желпі, жүрдім-бардым қазақшалауға болмайды. Өкінішке қарай, ол біздің аудармамызда әлі күнге дейін ойдағындай шықпай келеді. Жасампаз адамға арналған гимн іспеттес атақты «Адам» деген өлеңін алайық» — деп сондағы өлең жолдарының аудармаларын келтіре отырып, Букетов былай деп жазады: «Э.Межелайтис жырларының рухы, арқалылығы қазақшасында өшіп, тым қарабайырланып кеткен. Бос белбеу, жырдың көркемдік құнын кемітетін арзан сөздер көбейген. Еш уақытта Литва ақыны:

«Егіз шырағдан сияқты

Планеталарды жайнатшы»,

/Түпнұсқада Қ.А/



Так стою, меж двумя Шарами —

солнечным и земным»,

— демеген болар еді. Ол жер мен көкті тіреген адам құдіретін жыр етеді. Және, ол «ми қыртысы», мидың алуан байлығы жердің кең қабатынан аумағанды айтпаған, керісінше «Кен қазба байлығы секілді ми қабаттары терең, бай» дегенге сілтеп тұр емес пе айдан-анық?» - дейді.

Бұл Букетовтің көркем аудармада жіберілген кемшілікті келтірген бір ғана мысалы. «Көркем аударма, хал қалай?» атты сын мақаласында осы сияқты көптеген көкейкесті мәселелерді сөз етеді. Букетовтің аударма жайлы жазған ой-пікірлері, сын-ескертпелері өз дәуірінің қажетгілігіне ғана жарап тұрған жоқ. Публицист қаламынан туған толғақты пайымдаулар мен дәлелді дәйектер құндылығы бүгінгі таңда да өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан да: «Көркем аударма — өскелен әдебиетіміздің аса бір көрнекті, аса бір салмақты саласының бірі, оның дамуын, өсіп-өрбуін, сапасы артуын әдебиетіміздің басқа салаларымен бірдей қарастырып, оған күйбеңсіз кең өріс ашуымыз қажет», — деген Букетов сөзі бүгінгі күнде де, болашақта да өз маңызын жоғалтпақ емес.
Пайдаланылған әдебиет:
1. Е.А.Букетов. «Көкейкесті». — Алматы: «Қазақстан». 2000.

2. «Біртуар». — Қарағанды, 1998.

3. Шекспир. Трагедии. —Москва: Изд. «Правда», 1983.

4. Шекспир. Таңдамалы. 11 том. —Алматы: Жазушы, 1982.

5. Ж.А.Жақыпов. «Е.А.Букетов шығармаларын қазақ тіліне аудару тәжірибесінен». - Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1997.

6. «Жазушы және сөз мәдениеті». — Алматы, 1983.



7. «Мәдениет және тұрмыс», 1974. —№1.

8. «Білім және еңбек», 1975. —№7.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет