КӨКБӨРІ КЕРНЕЙ
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Керней, сенің пірің Көк Бөрі еді,
Көк Бөрі айтып жатыр көкке нені?
Көк Түрік көзден ғайып болғаннан соң,
Көрінбей, о да саған өкпеледі.
Асау ең, аламанда алқынбаған,
Алашта оқшау сенің парқың маған.
Қазақтың хандығының шаңырағына,
Шаншыған уығың тұр алтындаған.
Алыстың, шылбырыңды үзе алмадың,
Алдында нәсіліңнің қызармағын:
Тексіздей көрінгенге көз салмадың,
Жеткізбей жеті атаға қыз алмадың!
Сыныңды алмай заман, сырыңды алған,
Тәңірден тұла бойға жылу қонған.
Ұлының бәрі содан баһадүр боп,
Қызыңның бәрі содан сұлу болған!
Тұлымы желбіреген, кекілменен,
Тұяқ жоқ тұқымыңда жетілмеген.
Жеті атаң түгіл, жетпіс атаңда,
Болмаған жесір деген, жетім деген!
Ертегі, аңыз болған өткен ісі,
Қазақтың жердегісі емес – көктегісі.
Көк туы желбіреген Алашымның,
Керней – көкке ұлыған Көк Бөрісі!
Керней – керегелі нағашы елім!
Мен сенің бір қызыңның баласы едім.
Көк Бөрі, Көк Түрік кеп сайран салған,
Алтай мен Ақсораңның арасы едім!
Көк Бөрі көкжиектен көрініп бір,
Қарап тұр қабырғасы сөгіліп құр;
Һалифа анам дағы аруақ деп,
Менімен осында кеп егіліп тұр...
Орталық Қазақстан. – 2011.- 28 шілде (№122)
Рух іздеп қайда бармадық
Бір кездері Алаштың ақсұңқар ақыны Сәкенді іздеп қайда бармадық?! Қазақ даласы жетпегендей орыстың ит жеккен пұшпағы Магаданнан іздедік-ау Сәкен ізін. Біреулеріміз онымызды түсіндік, екіншілеріміз сөктік. Сөйткен қазақ баласы Сәкен ұланын әлі іздеп жүр. Өйткені Сәкен – қазақ баласының рухы еді!
Біздің де тірлігіміз сол тірлік. Қазақ рухын іздеген тірлік, өйткені біздің бабамыз – Көкбөрі Керней де қазақ рухы болатын!
Біздің тарих бүгінгі күнге жұқа болып жетіп отыр. Өзгелер жазған тарих еді. Бүгінде сол тарихымызды өзіміз жазып жатырмыз. Өндіріп жатқанымыз шамалы, алайда алға жылжып бара жатқанымыз анық.
Алдымен Алаш болғанбыз. Соңынан қазақ атандық. Қайсақ, қырғыз аталып күні кешеге дейін келдік. Ресми түрде қазақ атауын алып берген Сәкен Сейфуллин болатын.
Қазақ елі Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ сынды алып мемлекеттерден тұрды. Қазақ елі – осындай ірі тайпалық одақтардың заңды мираскері. Теңіздің тамшыдан тұратыны белгілі. Арғынның Қаракесек тайпасының Керней бұтағы – сондай тамшының бірі.
Осынау қазақ сахарасын сақтап қалуда біздің бабаларымыздың да есепсіз қаны төгілген, жері үшін, ділі үшін, тілі үшін, діні үшін соғысқан. Содан да барып Керней атаның балалары жер-жаһанға шашырап кеткен. Аңыз әңгімелерден білетініміз бабаларымыз Жоңғар шапқыншылығында, Қытай шабыншылығында соғысқа қатысып, өшпес ерлік үлгісін көрсеткен. Бұл қазақ ұландары үшін Отан соғысы болатын.
Біздің түсінігімізде соғыс бола қалса, ол міндетті түрде жер үшін соғыс болады. Шын мәнінде, біздің бабаларымыз бұдан жоғарырақ тұрған. Балта батыр бабамыздың башқұрт Салауат Жолайдың жағында соғысуы осыны көрсетеді. Башқұрттар жеңіліп шегінгенде қазақтар да Еділ, Жайық бойына ығысады. Және сол жерлерде тұрақтап қалады. Осыдан барып Кіші жүзде біздің Балта батырдың сегіз баласы қалып қойған. Оларды қазақтар жағы Естек десе, башқұрттар жағы Балтас дейді. Башқұрт жерінде Балтас деген аудан бар десек не айтар едіңіздер?! Сол жердегі Балта атасының ұрпақтарымен Сары атасының үрім-бұтағы тұрып жатыр. Ал олар өздерін Арқа төсін жайлап отырған Сарым руының ұрпағымыз дейді. Бұл соғыс дін ғана емес, діл соғысы да болатын. Сірә, мұндай мысалды көптеп келтіруге болатын шығар. Қазақ жеріндегі ұрыстардың бірде біреуінде қазақ ұланы сырт қала алмаған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кіші жүздің патшалық Ресей мен Қоқан хандығына қарсы ұрыстарына өздері тікелей қатыса алмаса да, Арқа қазағы үйірлеп мал айдады. Олай болса қазақ баласы қашанда өз жерінің қорғаушысы бола білген.
Керней аталығы да барлық рулар сынды небір зұлматты бастан өткерген. Ашаршылықта адам жеген арғын атанады, отыз жетіде қазақтың еврейі атанады, екінші жаһан соғысында сатқын атанады... Қайда жүрсе де қуғын-сүреңнен көз ашпайды. Сөйтіп жүріп те жер бетінен құрып кеткен жоқ. Бүгінде тарыдай тарап кеткен Керней аталығының ұзын саны отыз мыңның үстінде деп білеміз. Осы аталықтың Малсейіт тармағы қиын-қыстау күндері Қытайға өтіп кеткен екен.
Осыншама өсіп-өнгенімізді осыдан алты жыл бұрын берген асымызда ғана білдік. 2005 жылы Арқада бұрынды-соңды болмаған Керней бабамыздың асын өткіздік. Сол асқа төрткүл дүниеден ұрпақтары жиналды. Кереқарыс шежіре кітабымызды шығардық. Одан кейін бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Деректі бейнефильмдер түсірілді. Керней бабамыз жөнінде дерекке құрылған кітап та жарық көрді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз одан әрі жалғасын табуда. Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетілді, жағдайсыз балалардың оқуына қол ұшы берілді. Жарылғап ауылындағы мектепке компьютер сыныбы сыйланды. Бұл атқарылған жұмысымыздың бір парасы ғана. Алдағы жұмыс мұнан да көп деп білеміз.
Бүгін біздер бабаларымыздың аяғының ізі қалған жайлауға келдік.
Керней атасының малды ата болғаны белгілі. Бізде мыңды айдаған байлар аз болмаған. Бір ғана Шолақ байға он жеті мың қылқұйрық біткен. Сондықтан да соншама малды асырап-сақтау оңай болмаған. Жайлау мойыны сонау Есілге дейін барған. Аяқты малға ол да алыс емес. Сол жолда көштің ереуілдейтін жері болған. Бүгінгі Керней ауылы – сол бабаларымыздың ереуіл жері. Көшке ілесе алмайтын малын осы жерге тастап кеткен. Сондықтан, бұл көшті ел кәдімгідей тосатын болған.
Біздер сол топырақты бастық. Бабаларымыздың осынау ереуіл жерін бұрыннан білетінбіз. Осы жерде жергілікті халықтың ыстық ықыласына ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Олар өз тарапынан Корнеевка болып бұрмаланған атауды қайтып қалпына келтірді. Мектепке батыр бабамыздың есімін берді. Біздер бұл шаралардың ішінде бола алмадық. Батыр ортақ, аруақ ортақ деген осы. Сондықтан, Керней ауылының ақылман қариялары мен ақжаулықты әжелерімізге басымызды иеміз, кейінгі толқын бауырларымызға ілтипатымызды білдіреміз.
Осыдан он жыл бұрын жер-жерлердің бәрінде төл тарихымызды жер атауларымен жазу өріс алды. Елімізде қаптаған Ивановка, Петровкалардан арыла бастадық. Мынау біздің Ақадыр ауданында олары аздай ауылдар нөмірленіп кеткен-ді. Біздер сонымен де күрестік. Сондай ауылдың бірі Корнеевка болатын. Ол ауылдың тарихын белгілі жылнамашы, қазақ даласының шежірешісі Юрий Попов өз жазбаларында қалдырды. Керней тауы, Керней бұлағы, Керней өзені, жалпы Керней ауылының тарихын мөлдіретіп жазып қоймай, оны баспасөз арқылы жарыққа шығарды. Сол деректерді негізге ала отырып Керней ауылының тұрғындары тарихи атауларын қайтарып алды. Соны естіп іштей ризашылығымызды айтып жүретінбіз-ді. Сол ризашылығымызды білдірудің реті енді келген. Абыз ақсақалдарымыз сол азаматтарға құрмет көрсетіңдер, басына бөрік, иығына шапан жабыңдар, реті келіп жатса, ат мінгізіңдер деген. Сол тірлікпен атқа мінгенбіз.
Біздің бұл жиынымыз тірінің қамы еді. Өйткені бабаларымыз «Өлі жарымай, тірі байымайды» деп айтып кеткен. Олай болса осы ауылдың тұрғындары – кернейліктерге «Бәріңізге бір Алла жар болсын» деген ыстық ықыласымызды жеткізгіміз келген. Осындағы мектепке компьютер сыныбын сыйласақ па деп едік. Алайда түсініспеушіліктер орын алды. Желсөз белең алды. Барсақ күні кеше ғана тұрған Керней ауылы деген сөз өшіріліп тасталыпты. Бұл қалай деп сұрасақ, ауданның осы саласын басқаратын Сәуле Шибаева деген қарындасымыз сондай пәрмен жасапты. Керней мектебіне Сұлтанмахмұт Торайғыров атын беру бойынша қол жинапты. Осыған байланысты шам шақырушылар болды. Тіпті мектепке арнаған сыйлығымыздан да бас тартты. Сонымен, кернейліктер осыдан он жыл бұрын Корнеевканы Керней ауылы деп атау үшін күресіп еді, енді қайтадан Корнеевка қыламыз деп әуре. Бос әурешілік дейтініміз бұл ешқандай Корнеевтің жері емес. Бұл – қазақтың жері.
Осы аста қарапайым халықтың ықыласы бөлек еді. Жергілікті қаламгер Мақсұтхан Ақышев ағамыз тіпті «Кернейдің әулие бұлағы» деген кітапша шығарып сыйлағанда аузымызға сөз түспей қалғанын несіне жасырайық. Аста Алаштың ақсұңқар ақыны Серік Ақсұңқарұлы Жанат Жаубас, Смет Алтай, Амантай Рәшитұлы, белгілі жазушы Өмір Кәріп, туған өлке шежірешілері Сәулебек Жүнісов, Садық Смағұлов, Қанат Боранқұлов, Әділ Бәкір, халық қалаулысы, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров, Керней ауылының тұрғындары, тарихшы Мақсұтхан Ақышев, кезінде ел тізгінін ұстаған Бақи Әбсатов, Таяқбай Шәкірұлы және басқалары сөз сөйлеп, игі тілектерін білдірді. Қарағанды қаласы Балақажы мешітінің найб имамы Өмірзақ қажы Бекқожатегі мен Жарылғап ауылының имамы Мәкітай Байсақалұлы ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған ата-бабаларымыз рухына дұға бағыштап, Сәдібекбаласы Жұмақас ақсақал бата қайырды.
Ас соңында кәдімгі бауырлас ағайын болып құшақтасып тарастық.
Керней ауылында осы атаның бір баласы да тұрмайды. Батыр бабамыз аттас аталарын тауып алып, елдімекен атауы сол кісінің есімімен аталды деген де қисынға келмейтін сөз. Қазақ тегін адамның есімін жер атауы ғып бермейді. Керней ауылын аруақ жанаған жер дейтініміз содан. Жанағаны сол, талай осындай ауыл пышырап кеткенде бұл ауылдың түтіні түзу ұшқанынан таймай тұр.
Төрехан МАЙБАС,
ҚР Мәдениет қайраткері.
Орталық Қазақстан. – 2011.- 28 шілде (№122)
Достарыңызбен бөлісу: |