Ақсұңқарұлы, С. Евней Бөкетов / С. Ақсұңқарұлы // Орталық Қазақстан. 2005. 24 наурыз. Менің ғұмырымның жартысы Қарқаралы мен Алматының арасында өтті. Еңбек демалысым наурызбен тұспа-тұс келеді. Француздардың «Ақындар провинцияда туып



Дата25.02.2016
өлшемі31.54 Kb.
#25193
Ақсұңқарұлы, С.

Евней Бөкетов / С. Ақсұңқарұлы // Орталық Қазақстан. - 2005. - 24 наурыз.
Менің ғұмырымның жартысы Қарқаралы мен Алматының арасында өтті. Еңбек демалысым наурызбен тұспа-тұс келеді. Француздардың «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөзіне өзінің тағдыр-талантымен көзі жеткен екі кісі болса, біреуі мен шығармын.

Рязанның ну ормандарында дүниеге келген бала Есенин орыстың ақшаңқан астанасы Петерборға ақсүйек Александр Блокты іздеп келеді. Орыс табиғатындай тап-таза, мөп-мөлдір өлеңге таң-тамаша болған Блок көзіне жас алып: «Ғұмырыңды сақташы, жаным»,— деп бәйек болған екен. Бізге мұндай өнердің қамқоршысы құдайы кездесе қойған жоқ. Бірақ, Қарқаралыдан шыға салып, ат басын Алматыға бұрамыз. Қарқаралыдан Алматыға тіке тартар темір жол да, аспан жолы да жоқ. Қарағандының үстінен өткенде жүректі бір тәтті сезім шымырлатып, ордалы ой ұшқыны осып өтуші еді. Қазақтың төбесінен қамшы ойнатқан кеңес заманы төбеден тосырая қарап тұрса да, Қарағанды шаһарының еңінде ерекше бір ұлттық тәкаппарлық, бекзат интеллектуалдық бейне, Сарыарқаны сансыз құрлықтармен күре тамырдай қосатын азаматтық ақыл-ой ағыны «мен мұндалап» тұрады. Орыстың провинциялық қалашықтарына ұқсас осынау шаһардың көшелерінде ХІХ-ХХ ғасырдың өліарасында көзден ғайып болған ұлттық ренессанс тұлғаларының соңғы тұяғындай Евней-Аға-Бөкетов алшаң басып жүруші еді. Қазақтың бір ұлттық университетінің қақ төрінде сол кісі отырғанды. Алты бақан алауыз бірнеше топ-топ ұсақ-түйек пенде түгілі, әлемдегі ең азулы соңғы империя да одан именуші еді.

Менің тұла-бойы тұңғыш туындым «Жиырмасыншы ғасырдың 20 сәті» жаңа ғана жарық көрген кез. Бірде Ақселеу Сейдімбеков:

- Сені Евней ағаң іздеп жатыр. Ағаға іні сәлем бермеуші ме еді? — деген. Мен таң қалдым. Ол кісі мені біле қояды деп ойламағам. Осындай бір наурызда Алматыға кетіп бара жатқан сапарымда «Қазақстан» қонақ үйінен телефон шалып, ағаммен бір көрісу арман екенін жеткізгем. Ол кісі сәлемімді қуана қабыл алып, өзінің төсек тартып жатқанын, сәті келгенде кездесіп әңгімелесуге бейілді екенін айтты.

Бірақ сәті түспеді. Біз кездесе алмадық. Содан бері біраз уақыт өтті. Дүние төңкеріліп түсті. Қазақ егемен ел болып, ғаламға танылды. Бірақ Қарағанды көшелері үңірейіп түр — Евней аға жоқ!..

Қарағандының әкесі — Кеңес Одағы, енесі — Карлаг. Оны ұлттық шаһарға айналдыру үшін ұлттық тұлғалар керек! Ұлысты Көк Тәңірі жаратады. Тәңірінің жазуымен жарық дүниеге шырылдап келіп адамзат үмбетінің бір бөлшегіне айналған әрбір ұлт пен ұлыстың маңдайына туу мен қоса елу де жазылған. Тентіреген тайпалар текті ұлтқа айналады да, мәртебелі мемлекет құрады. Ұлтқа айнала алмай, тоз-тоз боп құрып кеткен ұсақ-түйек тайпалардың көз жасынан» арыстан жал мұхиттар мен көк айдын көлдер жаралды ма?! Оларды кім іздейді?! Олардың жоғын кім түгендейді?!

Үндістердің Яман тайпасының соңғы тұяғы АҚШ-тың бір қаласына келіп, фәниден бақиға аттанған. Қазақ XXI ғасырда ат жалы, атан қомында жүріп жасаған ұлттық менталитетінен, тілінен, дінінен, мәдениетінен эпосы мен поэзиясынан айырылып, дүниежүзілік тексіз космополистік цивилизацияға судай сіңіп, сағымдай жоғалып кетпеуі үшін бізге, дәл осы сәтте ұлттық тұлғалар – Евней Бөкетовтер қажет болып тұр!

Евней аға, меніңше, дәл осы кезеңде, исі қазақ XXI ғасырға ұжымды ұлт, еңселі ел болып бара ала ма, жоқ па дейтін екіұдай ой кешіп отырған алмағайып заманда тірі болуы керек еді. Алла оны алды-артына қаратпай, ала жөнелді. Өкінішті!

Көресісін көріп, көзіне көк шыбын үймелеген жұрт қана мемлекет бола алатыны шын болса, меніңше, халық - ананың қүрсағынан ендігі тағы бір Бөкетов туатындай кез болды! Мүмкін, ол қазір тал бесікте тамылжып ұйықтап жатқан болар? Жоқ, әлде, қайранға түскен балықтай, қазақ мектебінде оқып жүр ме? Кім біледі...

Оның да жүрегі күпті, көңілі — алаң. Мұсылман күнпарағын ашып, Наурыз мейрамы келетін осынау ұлыстың ұлы күні, Саған бір тілек айтам, Тәңірім, сол балаға қуат бере гөр!



Екі ғасырдың тоғысында екі ойда отырған осынау жұртқа өз еліне шекесінен қарайтын қу шеке шенеуніктіңде, Алматыдағы құнсыз қытай товарын алыс ауылға барып пұлдап, құндап сататын алыпсатардың да, ақ шаңқан сарайларда «Алашым» деп ойбайдан аттан салып, қазақтың қасіретіне мұрнын шүйіріп те қарамайтын айтыскер шәйірдің де керегі жоқ, Тәңірім! Диамат пен исматтан басы апиынша айналған ақымақ оқымыстының да қажеті шамалы. Ұлтқа ұлы тұлға керек! Жер бауырлаған пендеңді қайтадан гомосапиенс бейнесіне түсіріп, көзін Көк Тәңіріне қарататын қазақ керек! Аузын аққа жарытып, дүние-мүлік базарынан - азамат мәдениетінің алтын бекетіне ат шалдытар руханият базарына алып шығатын Евней Бөкетовтерге зәру мына жұрт!

Қабыл ала гөр, Тәңірі, тілегімізді...

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет