Асхатұлы Жалғас дінаралық келісім: Өзектілігі мен тәжірибесі



Дата09.07.2016
өлшемі152 Kb.
#186551
Оңтүстік Қазақстан облысы Дін істері басқармасының «әлеуметтік бастамалар орталығы МКМ» Ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің қызметкері.

Асхатұлы Жалғас


ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ: ӨЗЕКТІЛІГІ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ

Бүгінде елімізде тыныштықты, қауіпсіздікті, бейбіт өмірді, толымды табысты тұрмысты, тұрақтылықты қамтамасыз етуде, демократиялық, əділ жəне ұтымды саяси, экономикалық дамуға қол жеткізуде қолдан келгеннің бəрі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Дəл қазіргі уақытта бірлік, татулық, достық, ынтымақтастық, экономикалық, саяси даму жəне темірдей тəртіп қана елді аман сақтай алатыны анық.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елдігімізді қалыптастыру, егемендігімізді нығайту және келешек дамудың дұрыс бағытын табу жолында талай жетістіктерге қол жеткізді десек артық айтқан емес. Халқымызға тән толеранттылық сипаты, сонымен қатар ел басшылығының әділ саясаты арқасында Қазақстан саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда тығырыққа тірелуден аулақ болып, ХХІ ғасырға сәтті қадам тастады. Еліміз әлеуметтік-экономикалық және демократиялық жаңарулар бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, осының барлығы да Қазақстанның көпқұрамды халқының қоғамдық бейбітшілік пен келісімді сақтап отырған мезгілінде іске асты.

Қазақстанның осынау жетістіктерін айтар кезде оның қарқынды дамуының тірегі болып саналатын ұлтаралық және конфессияаралық келісімді жадымыздан шығармауымыз қажет. Бұл біздің еліміздің алға қарай нық қадам басуына мүмкіндік беретін зор алғышарт болып табылады. Алайда, адамзат дамуының тарихы көрсеткендей, сан алуан халықтар арасындағы достық, келісім мен бейбітшілік мәңгілікке орнай салатын игілік емес. Оны сақтай білу үшін ел болып жұмылған күйде күнделікті және тұрақты түрдегі тынымсыз әрекеттер жасалынуы қажет. Міне, сонда ғана Қазақстанда етене өмір сүретін сан алуан ұлт және конфессия өкілдерінің дауысы бір қуатты сарынға айналатын болады.

Осы орайда, республикамызда конфессияаралық сипаттағы мәселелерге баса назар аударылғанын білеміз. Қазақстан – ұлан-байтақ даласында көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келген мемлекет. Осындай саналуандыққа қарамастан, бүгінгі күні мемлекеттік және әлемдік масштабтағы ресми өкілдер орталарында Қазақстан этносаралық және конфессияаралық келеңсіздіктері жоқ санаулы ғана «оазистердің» бірі болып табылады деген түсінік қалыптасты.

Еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтыруда маңызы ерекше болған нәрсе – дәстүрлі сипатқа сай Ислам, христиан және иудейлік діндердің бойында жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтарының болуы. Бұл дәстүрлі діндер Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында және шаңырағы шайқалмай, қауіпсіз өмір сүруінде маңызды рөл атқарады: олар қоғамымыздағы достықты қарым-қатынасты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Еліміздің биік мінберлерінен айтылған осындай ойларды халыққа түсіндіріп, Қазақстан көне заманнан бері сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысқан мекені болғандығын, ел аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиан және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүргендігін, яғни конфессияаралық келісім ісінде ата-бабаларымыздан аманат боп қалған игі дәстүрлердің әу бастан-ақ болғандығын баяндайды.

Осы айтылған сөздердің дәлелі ретінде, қоғам ішіндегі конфессиялық ахуалдың анық-қанығын білу үшін ҚР МСМ Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы тарапынан «Діни құндылықтардың Қазақстандағы әлеуметтік-саяси жағдайға әсері» және «Тұрғын халықтың Қазақстандағы негізгі конфессияларға сенуінің динамикасы» тақырыптарында жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелерін келтіргенді жөн санадым.

Зерттеулер нәтижесінде анықталғандай, Қазақстанның ересек тұрғындарының 95%-ы белгілі бір дінді ұстанады. Соның ішінде 92%-ы – ислам және православие дінінің өкілдері. Дегенмен, тұрғын халықтың басым бөлігі күнделікті өмірде діни қағидаларды емес, зайырлы қоғам принциптерін негізге алатынын мәлімдеген. Сонымен қатар, көпшілік халық негізінен мемлекеттің дін саласындағы саясатын оң бағалайды.

Қазіргі кезеңде Қазақстанның дамуына тән ерекшеліктердің бірі қоғам өміріндегі дін рөлінің толассыз артуы болып табылады. Оның өзектілігі мен мәртебесі артып, әлеуметтік функциялары кеңейіп, дінге сенушілер мен діни бірлестіктердің саны артып келеді. Соңғы онжылдықта республикамыздың көпконфессионалды кеңістігі дәстүрлі діни сенімдердің барлық діни бірлестіктерінен бөлек, бұрын Қазақстанда болмаған дәстүрлі емес діни қозғалыстардың жаңа ұйымдары енуімен және басқа да дінисымақ құрылымдардың пайда болуымен күрделене түсті. Осындай өзгерістер аясында барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері үшін экономикалық, әлеуметтік, мәдени, діни жанданудың бірдей мүмкіндіктері қамтамасыз етілген және халықтың біртұтастығы, ізгілік, ұлт құқықтары мен адам құқықтарын үйлесімді ұштастыру қағидаттары іс жүзінде көрініс тапқан сан алуан мәдениетті және конфессиялы қоғамда келісім мен төзімділікті қалыптастыру ісіндегі Қазақстанның жетістіктері айқын көрінеді.

Осындай жетістіктерге арқау болып отырған Елбасының мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды дамыту мақсатында іске асырған бастамаларының алғашқыларының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы еді. Еліміздегі барлық ұлт өкілдеріне өз тілін, дінін, мәдениетін өркендетуге мүмкіндік беру саясаты қоғамдық келісім мен бейбітшілікті қалыптастыруға арқау болғаны даусыз. Шет елдерде теңдесі жоқ мұндай институт қызметінде, тіпті әлемдік өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың мәселелерін шешуде қолдануға болатын мол тәжірибе жатыр.

Ең маңыздысы, Қазақстан тек ел ішіндегі татулық пен рухани жандануды қалыптастырумен ғана шектеліп қоймай, әрқашан да күллі әлемдік қауымдастықты ғаламдық деңгейдегі сындарлы үнқатысуға шақырып келеді. Осындай саясатқа ұласып отырған әлемдік маңызға ие бастама – Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу идеясы болып табылады. Бұл форум арқылы Қазақстан жер-жаһанның түрлі конфессиялары мен мәдениеттері өкілдерінің басын қосып, бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығын оларға өз ауыздарымен айтқызды. 2003 жылы І Съез жұмысына түрлі конфессиялардың 17 делегациясы қатысса, ІІ Съез әлемнің 43 елінен келген 29 делегацияны қарсы алды. Ал олардың арасында тек діни көшбасшылар ғана емес, ғалымдар, саяси және мәдени қайраткерлер, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық институттардың өкілдерінің келуі бастамаға жаңа серпін берген айтулы оқиға болды.

Ал, ІІІ Съез отырысына 77 делегацияның келуі форумның беделі артып, әлемдік өркениет өкілдерінің өзара төзімділік, құрмет және түсіністік жолында үнқатысуға ынтасы артып отырғанын көрсетті. Себебі, бұл жолғы бас қосуда әлемдік діндердің көшбасшылары конфессияаралық үнқатысумен ғана шектеліп қоймай, өз кезегінде, өркениеттер қақтығысының алдын алуға кепіл болатын – мемлекеттердің мәдени және рухани тұрғыда өзара әрекеттестігі мен ынтымақтастығының маңыздылығын алға тартқан болатын. Көпшілік «Батыс пен Шығыс арасында «өркениеттер қақтығысы» басталды!» деп жар салған, 2001 жылы 11 қыркүйекте орын алған қаралы оқиғалардан кейін, мамандар тарапынан біршама мемлекеттер «әлемдік бітімгер» рөліне үміткер атанды, алайда бұл міндетті орындау толықтай тек Қазақстанның ғана қолынан келді. Бұл тұстағы Қазақстан бастамаларының жетістігі – Батыспен жүргізілетін қатынастарды әдеттегі саяси, қорғаныстық және экономикалық сипаты шеңберінен тыс алып шығуы еді: Қазақстан Батыс-Шығыс қатынастарындағы конфессиялық мәселедегі түсініспеушілік секілді «жанды нүктесін» дер кезінде нұсқап, мәселені көтере білді әрі өзін этносаралық және дінаралық үйлесімділіктің үлгісі, дінаралық және мәдениетаралық үнқатысудың орталығы ретінде ұсына білді. Бұл ойдан ала салынған емес, керісінше жаһанданған әрі бір мезетте күйзеліс үстіндегі әлемге әу бастан қажет болып тұрған стратегия еді. Осы бастаманың жүзеге асуына тірек болған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев, бүгінгі уақыт ағымындағы әлемдік қауымдастық қажеттілігін дұрыс болжай біліп, оны бір мезгілде еліміздің мүддесі үшін ұтымды қолдана алды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінде қатысушылар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «өркениеттер қақтығыстарында» әлемнің түпсіз терең шыңырауға құлап кетпеуіне съездердің аз үлес қоспағанын атап өткен еді. Аталмыш Съезде талқылауға ұсынылатын тақырып – «Адамзаттың таңдауы – бейбітшілік жəне келісім» болатын. Сондай-ақ, бұл съезде Қазақстанда ғана емес, бүкіл əлемде конфессияаралық келісімді сақтау жəне молайту мақсатын көздейтін Діни қайраткерлер кеңесін құру туралы тұжырымдамаға əлемдік конфессиялар көшбасшыларының қол қоюы көзделген еді.

Съезде дипломатиялық корпус өкілдері өз елдеріндегі дін саласындағы заңнамалық база тəжірибесімен бөлісті, сондай-ақ, Елбасы осылай ұдайы өткізіліп отырған Əлемдік жəне дəстүрлі діндер көшбасшыларының съездеріне жоғары баға берді.

Жалпы, Съездер мəдениеттер мен діндердің үнқатысуына, барлық жерде бірдей қабылданған төзімділік пен еркіндік құндылықтарына негізделген бірыңғай өркениеттілікке ұмтылатындықтарын растады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бесінші Съезі 2015 жылғы 10-11 маусымда Астанада өтетіні көзделіп отыр. Алдағы форумның басты тақырыбы ретінде «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» болып белгіленді. Бүгін Съезд Хатшылығының ХІІІ отырысының қорытындылары бойынша осындай шешім қабылданды.

Мемлекет басшысының бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі былтыр он жылдығын атап өтті. Осы жылдар бойы Астана форумына қатысушылар «үнқатысу, өзара түсіністік пен құрмет алуан мәдениеттер мен діндегі адамдардың жайлы және бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ете алатын қуатты жасампаз күш» екенін паш етіп келеді.

Алдағы бесінші Съезі көрнекті діни қайраткерлер мен саясаткерлер және халықаралық ұйым басшылары тарапынан қолдауға ие болды. Сонымен қатар Съездердің шеңберінде түрлі дін өкілдерінің арасында байланыстар орнатылып, нығайтылды, соның нәтижесінде олардың арасындағы сенім мен өзара құрмет арта түсуде. Алдағы уақытта бесінші Съезі әлемдік діни тұрақтылықты қамтамассыз етуге және діни келеңсіздіктердің алдын алуда өз жемісін береді деп ойлаймыз.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің қызметінің жемісті салдарынан Астанада «Бейбітшілік және келісім сарайының» құрылуы, Съез Хатшылығы жұмыс тобының қызметін атқаратын әрі дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды дамытуға бағытталған көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың ұйытқысы болып отырған Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының құрылуы – Қазақстанның өркениетаралық және дінаралық үнқатысу мәселелерін ғаламдық деңгейде талқылауды жалғастыра беруге мүдделі екендігін көрсетеді. Мұның айғағы ретінде, Қазақстан ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ны «Батыс-Шығыс» үнқатысу алаңын кеңейтуге және әлем елдерінің мемлекет басшылары мен БАҚ-ды осы ортақ іске белсенді қолдау көрсетуге үндеп отыр. Себебі, Қазақстанның бұл саладағы ұстанымы айқын: ол – бейбітшілік, түрлі ұлттармен конфессиялар арасындағы келісім.

Әлемдік дамудың жаңа тарихи кезеңі адамзат баласының әлемдік діндердің қауіпсіздік жүйесіндегі ролін және өркениеттердің жаңа серпінмен рухани бірлесуі қажеттілігін түсінуімен сипатталады. Ол түсінікке сәйкес, ұлтаралық және дінаралық әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы өркениеттердің өзара үнқатысуы әлемнің үйлесімділікте дамуының негізгі шарты болып табылады. Осыған орай, өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысу бүгінгі күннің күн тәртібіндегі түйінді мәселеге айналады.

Қазақстанның бастамалары осы өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарына алға тартып, өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра білді.

Ойды қорыта айтқанда, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның өзін ұлтаралық және конфессияаралық сұхбаттың белсенді алға тартушысы ретінде ұстануы бостан бос емес. Сан алуан ұлт және конфессия өкілдері мекен ететін біздің еліміз олардың тығыз өзара әрекеттесуінің мол тәжірибесіне ие және сондықтан өркениеттер мен конфессиялардың жемісті сұхбатының мекені болу атағына бірден бір лайықты ел.



Abai.kz



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет