Асылбек Мүтәліпұлы Қыраубайтегі жан-дүние сырлары кіріспе



бет2/5
Дата09.06.2016
өлшемі2.22 Mb.
#125431
1   2   3   4   5

Білімге құлаш сермейік
Болмысы аңғал халықпыз,

Қамқор бола салатын.

Жаны нәзік халықпыз,

Сәлден көңілі қалатын.


Күлімдеп келген көршіге,

Жүрегін ала жүгірген.

Үйде жатып уайымдап,

Бор кеміктей үгілген…


Қиыла келген жауына,

Қиналтпай қолын ұсынған.

Қонақ келсе үйіне,

Қой соймаса қысылған.


Таспен ұрса ас беріп,

«Төбесіне» шығарған.

Тоймен құмар қандырып,

Тойсыз жаны қуарған.


Жағасы жайлау, жаны жаз,

Баладай балқып жатырмыз.

Тауларға ұқсас «сұстымыз»,

Далаға ұқсас ақынбыз.


- «Осы біз кімбіз?!» - дегенге

Кеудені ұра қараймыз.

Қызметшіміз біреуге,

Біреулеріміз малаймыз.


Иыққа келіп жармасқан,

Сілкілесең түспейді.

Бір де бір халық дәл біздей…

Ет асып, арақ ішпейді.


«Білімді жығар» дегенді

Барамыз күнде ұмытып.

Асқандар асқар тауыңды,

Кетпесін бір күн үгітіп.


Жер үстін алған бөлісіп,

Көк үшін заман алысқан.

Білімсіз елдің тағдыры—

Іргесі қирап, бағы ұшқан.


Адырайып қарайды,

Аспанды жаулап алғандар.

Айда тойын өткізсе,

Қазақта қандай арман бар.


Дәстүрімізді осыған,

Келді кезең бағыштар.

Заманың түлкі болғанда,

Алымды ұрпақ шалып қал.

Техника, ғылым, компьютер,

Ғарышты озар меңгерген.

Қызық, ойын, би қуған,

Елін құлға теңгерген.


Даланың алып ұлдары,

Ғылымға аттың бұр басын.

Қашанғы басты иеміз,

Бізді де жұрттар тыңдасын.


Ғылымға жұмсап қалыңдар,

Тәуелсіздіктің пайдасын.

Көршіге «көзің жете ме?…»

Айдатып малын қоймасын.



Ой, тойымсыз иттер-ай!
Ойым сыймас өлеңге

Жанымды түсін адамдар!

Есесі кетпей өмірге

Ерігіп өтер адам бар…

Құйындай өмір ойнаса,

Іліне ұшар сабандар.
Көлденең тұрып көшеде

Көңілдес іздеп алаңдар...

Сіркеге су тигізбей,

Сергелдең болған сабаздар.


Жерді ойып түсердей

Тебініп өтер табандар…

Жақсылықты білмейтін,

Жымысқы ойлы арамдар.


Ел алдап, халқын тонаған

Қос аяқты тажалдар.

Қылқынғанда ұялмай

«Қолда» деп халқым «азандар»


Қулығы артса кекірейіп

Кердең басқан жамандар

Ақылым артты деп ойлап

Күні үшін амалдар


Қылғытса да үндемес,

Аузын ашпас «сазандар».

Бірін-бірі алдаған,

Тиынға тоймас «базарлар».


Құлқынның көп қой құлдары

Дүние көрсе жалаңдар.

Ит өмір емей немене...

Өздерің байқап қараңдар?!

Мә, ортаңа бір тулақ

Ырылдасып талаңдар

Әй, мыналар қайтеді-ей?

Таласып қалмай тараңдар!


Қалдырып жеңдер кейінге

Өсіп келеді шағалдар -.

Халқын, елін аямас,

Опырып жейтін мамандар...


Заманым мынау бөлінген

Бірі бай, бірі малайлар -.

Әттең шіркін, дүние-ай...

Еліме кім қарайлар?!




Ауылдағы ақсақалдан Астанаға хат
Ассалаумағаллейкум!

Астанадағы ағайын.

Елдегі қарттан сәлем ал,

Өмірдің көрген талайын


Саясат – алда, мен – сонда,

Адам шіркін тозады.

Түсінбесем де кей істі

Дүбірге арқам қозады.


Бірге жүргім келеді,

Шетінен ұстап кеменің.

Сондықтан сұрақ көмейде?..

Түсінбей – ақ келемін.


Бостандық, тіл мен дініміз,

Тәуелсіздіктегі табысым.

Бітіргендей болдық па?!

Осымен жұрттың бар ісін


«Мемлекеттік болдық!» - деп

Тілді қойдық жоғары.

Шырылдайды газеттер,

«Қазақ тілі» қоғамы…


Бұл мәселе жөнінде,

Айтқан сөз жерде қалады.

Жыл өткен сайын басшылар,

Жүре тыңдап барады.


Заманның тыныш кезінде,

Бұларды бізге қимайды.

Қағылғанда қалтамыз,

Қиын кезде қинады.

Еркіндік бердік, өздерің

Көтер дейді салмағын.

200 жыл орысша

Оқығандардан қалғанын.


«Мен де батыр болам» деп

Заман еді бұрын алысқан.

Әйел де сол кез құлшынып,

Он бала тапқан жарыстан.


Сол баланың жартысы,

Қояр емес шүлдірлеп.

Қаражат беріп арнайы,

Оқытпаса білгір кеп.


Жауапкершілікті түсініп

Қолға алдым қазір қаламды.

Киіз кітап жаздым да,

Оқыттым бір баламды.


Оқыту ортақ әдісін

Ойшылдар ойлап тапқанша.

Дүкенге кітап түскенше

Жазайын қарап жатқанша.


Атқа мінер әкімдер

Байимыз! деп бөседі.

Бітірмесе де ешбір іс,

Көңілім соған өседі.


Байы – байы! Дегенге

Көзіміз жанды бақырдай.

Мыңнан тұлпар озғанда,

Өзгесі болды пақырдай.


Ауыл сайын бір байдан

Болса жақсы жаныңда

Тәжірибедегі қояндай

Болдық па қайдам, тағы да?..


Ортамызда бір жігіт

Орта шаруа сияқты.

Ыңғайы келсе бір күні

«Кулактаймыз – ау» шырақты.

Барамыз осы, қайда біз

Анықтап алсақ бағытты.

«Алда, алда!» деп барлығы

Сенделте бермей халықты.


«Шыдасаң, бәрі болар» деп

Сенімнің құсын ұшырды.

Бірақ бізде дәрмен жоқ

Қуып жетер құсыңды.


Денімізден әл кетіп,

Саудыраған ми қалды.

Алақан жайып баруға

Арымыз жетпей қиналды.


Жетпіс жыл жиған дүние

Тарыдайын шашылды.

Ауылдағы қазақтың

Аңқайған аузы ашылды.


«Жарық күн» деді ұмтылдық

Мың тіріліп, мың өліп.

Тағы да заман өзгерді,

Таяққа қалдық сүйеніп.


Әкеміз болып коммунист

Үйретті бізді сиынып.

Ақыры Тё мырзаға,

Жиып бердік жиылып.


Коммунистер, комсомол

Не айтса жүрдік, тақ тұрып.

Жетпісімде желкелеп

Жіберді құзға лақтырып.


Тамақтан қысып, тірнектеп,

5 –6 мың сом жиғанмын.

Ауысқанда сол құрғыр

Шұжыққа жетпей қиналдым.


«Түзу жүр де, түзу кел!»

деп үйреттік балаға.

«Енді алдап, ақша жи!»

деп қуамыз далаға.


Елдің жайын кім ойлар?!…

Дүние үшін жарыссақ…

Қазіргінің үндеуі –

Алып ұр да, алып сат!


Демократияға шырақтар,

Қарсы екен деп ойлама.

Еңбексіз, бірақ алып сат,

Халыққа біткен сор ғана.


Жұрттың бәрі Бутя,

Әлем – систем бола ма?

Бала, келін, немере

Панасыз жүр қалада.


Келінім ерге қараса,

Балам жерге қарайды.

Кірейін десе саудаға

«Рекет» деген сабайды.


Таусылғандай амалым

Дүние болды арманым.

Бизнеске салмақпын

Сақалымның қалғанын.


Білетұғын ауылда,

Шал қажет болса ел жайын.

Менеджер, дилер, коммерсант

Бол десеңіз мен дайын!…


Жасалған маған опыттар,

Жанымды босқа бермеймін.

Суға уды қоссаң да

Іше беремін өлмеймін.


Тек күйініш, өмірім

Қуларға кетті алданып.

Сазартар едім талайды

Жетпіске тұрмын байланып.


1998 жыл.
Дайындал балам өмірге
Әлди, әлди балам-ай!

Шешең кетті қарамай.

Жымысқы базар заманда

Жұмысқа қалдым жарамай.


Үшінші мың жыл басталған.

Әр қадам үшін ақша алған.

Үмітім енді баламда,

Үмітім енді жастардан.


Сырымды айтсам, бұл өмір...

Біреуге шаттық, жыр өмір.

Біреуге дүние – тұл өмір.

Біреуге арқан, қыл өмір.


Сыпырып сатар барымды.

Саудаға сылтау табылды.

Тып-тыныш жүрген қазағым

Тым-тырақай қағынды.


Қолынан келген қарымды.

Ақшасы көп – «дарынды».

Көп оқыған ақылды

«Ақымақтықтан» арылды


Бай барады тарылып.

Кедей тұр тағы қағылып.

Бір шөлмекке мал беріп,

Нан сұрайды жалынып.
Ұл – мазақ, қызды мас қылған.

Ағайынды қас қылған.

Заманнан озып барамыз

Жаратылған соң қасқырдан.


Халқыма қорған болғандай

Қайратты тілім солғандай

Қазақта қасқыр бабамның

Құйрығы ғана қалғандай?!...


Өмірге сен де аттадың.

Балапан дүние, жас жаның.

Білерсің балам бір күні

Жалғанның жанып жатқанын.


Таң болып шапақ атпақсың.

Төменге тартар батпақ сұм.

Тіршілік үшін келген соң,

Тұншығып қалай жатпақсың?!


Ұмтылып алға өтерсің.

Жетпесем, өзің жетерсің!

Аласапыран мына дүниеде,

Алыспай өтсең «Бекерсің!»

Дайындал балам, дайындал.

Өмірде қиғаш жайың бар...

Кім болсаң да табынар -

Жаныңа жолдас арың бар.


Тілің бар, туған елің бар.

Кең байтақ жатқан жерің бар.

Бар, жоқты мына дүниеден,

Қайтарып менің кегімді ал.


Мыңдаған ұрпақ сөйлеген.

Кессе де басын өлмеген.

Тілімді құртқан мәңгүрттен,

Есемді алып бер дер ем!


Көрсе де көзі көрмеген.

Салт-дәстүрді жерлеген.

Ел сатқаннан күні үшін.

Есемді алып бер дер ем!


Өтірік сөзін зерлеген.

Аспан мен жерді теңдеген.

Екі жүзді сұмдардан

Есемді алып бер дер ем.


Ел үшін қайнап көрмеген.

Қолдарын босқа сермеген.

Бәріне селқос пендеден

Есемді алып бер дер ем.

Тарихымды жалмаған.

Өзімді өзім алдаған.

Жылдарым үшін есемді

Мен үшін қайтып ал балам!


Осылай балам осылай...

Өмірдің мынау босын-ай?!

Бүгінгі менің ермегім,

Бүгінгі сырлас досым-ай,


Түсінсең әке сырын ал.

Жүрегіндегі жырын ал.

Аманат осы қарағым

Құлағыңа құйып ал!


* * *
Салтты айтсам ескішілмін, тыңдалмаймын.

Тәлімсіз, тәрбиесіз туғандаймын?!

Ата-баба ұятын таптап тұрып,

Жаңа ұрпаққа қиянат қылғандаймын.


Үлкендер үйретпесе салтымызды.

Мәңгүрттік баурап алған жартымызды.

Жартының жартысы жүр базар кезіп,

Кім сонда қорғайтұғын халқымызды.


Тәлімнің талап тастап тарландарын.

Күткіземіз, ұялмай-ақ алдан дәйім.

Таптасаң сан ғасырлық салтымызды,

Табарсың ей замандас қайдан дайын?!


* * *
Өмір деген сол екен
Өмірді көрдім жігіттер

Ауызбен айтып жеткізсіз

Жақсылығы да мол екен

Табиғат әсем, күні нұр

Қызыққа қимас толы екен

Бала өмірі бал өмір

Жайнап тұрған шоқ екен

Жігіттік кезің қайнаған

Шартылдаған ток екен

Отыз бен алпыс арасы

Салиқалы жол екен

60-тан кейін ұрпағың

Құдай берсе қол екен.

Арғы жасты не дейін.

Домалаған доп екен

Ілуде біреу болмаса

Жүз жасың өмір соңы екен

Білсе де соны адамдар

Қырғи қабақ көп екен

Сапырылысқан, жалмаңдап

Тоңмойын тобыр топ екен

Жандылардың ішінде

Адамның қарны тоқ екен

Ойына келсе – бүлдіру

Арсыздың алар орны екен

Алға озғанды көре алмас

Жағаңызға жармасқан

Сұм адамдар сор екен

Тыныш жүрсең түртпектеп

Арпалысқан долы екен

Қызметтері үлкеннің

Кеудесі іскен зор екен

Қызметің жоғында

Достың жүзі оқ екен.

Ұшсаң дағы шыға алмас

Айналаңыз тор екен

Еткен еңбек, маңдай тер

Күйбең күнің қор екен

Зейнеті – бекер, бос әуре

Мәңгілік деген жоқ екен

Келешек бұлдыр, белгісіз

Қазылған алдың ор екен

Тірлігіңде тырбаңдап

Барар жерің көр екен.

Түбі жоқ терең, тұңғиық

Өмір деген сол екен.



Күз бен қаңғыбас
Қара күз, үйме жапырақ

Желге ұшып бетке ұрады

Қаңғыбас байғұс қалтырап

Бүкшиген, тағдыр – құрағы...


Ызың жел дене қариды

Суықтың өтіп ызғары

Пана іздеп байғұс налиды,

Қуарып барып қу жаны.


Иықпен жауып құлағын.

Қолымен орап денесін.

Ысқырып желден шығар үн,

Сөккендей дене көбесін.


Бәтіңке ауыр, ой да ауыр?!

Аяғын зорға сылтиды.

Балағын жұлқып жел-дауыл

Тізеден биік жыртылды.


Жұлқына ұшып, жалбырап,

Көйлек те кетті ашылып...

Жете алмай сорлы таңға ұзақ

Қалар ма екен шашылып.


Үйлер де алған бекініп,

Қабағы қатаң түйіліп.

Қуанып, ойнап, секіріп

Жел ғана жүр үйіріліп.


Қара бұлттар қаптаған

Жарықты жалмап жеп келед...

Қаңғыбас пана таппаған

Қисаңдап келед бетпе-бет.



Жағада жатыр бір кеме
Жабырқамайын, жағада жатып

Неге мен?!

Қираған қалдықпын, еңсесі биік

Кемеден.


Құм басқан кеудем, қабырғаларым

Ырсиған!..

Дәуір жылатқан, заман құлатқан

Құр сұлбам...

Өмірді сен де, өмір сені де

Шаршатып


Өкіне жатырмын, өте алмай енді

Бұл сыннан...


Кезінде кербез, теңіз бетін

тілгілеп.

Таусылмайтындай шаттығы шіркін,

Тірлік ед!

Мына теңіз де, ана жиек те

Көгілдір.

Күн сәуле – ойнап, ай сәуле – аунап,

Өмір – нұр!

Келмеске кеткен қайран сол

Өмірлерім-ай !

Уақыт тілін кейін бұрап бір

Шегіндір!..

«Шегіндір!» деймін-ау, шегінбесіңді

Білемін.

Келмеске кеткенді аңсайды кәрі

Сүйегім.

Сықырлап тұрсам да, арман боп теңіз

Қаласың.

Бөлгім келмейді жаңа мен ескі

Арасын.
Қалқайып тұрсаң да, қартайып тұрсаң да

Кемесің


Ең болмағанда көлеңкелейтін

Панасың.


Соған шүкір де, қанағат етем

Осыған.


Мені көргенде, қаңғыған құс та

Шошыған.
Кім білер мені, кім жүрер мені

Ескеріп

Тарихты зерттер бір күні ашып,



Тексеріп.

Әзірге осы кеудемді басқан

Ауыр құм.

Өткен өмірім мен үшін ғана

Естелік.



Жапырақ көңіл желігер
Сары даланың төсінде

Бір тал өскен жайқалып

Бір жапырақ ішінде

Тұрушы еді, байқалып


Құстарды көріп, желпініп

Ұшқысы келіп, жұлқынып

Тұрушы еді тынымсыз

Көкке қарап, ұмтылып


Бойын билеп еркіндік

Жұлына ұшса арманы

Ұмыттырып барлығын

Қызығы көрер алдағы


Кенет келген қатты жел

Жапырақты жұлқи жөнеді

Буынынан үзілген

Жапыраққа болды керегі


Қанат бітіп пырылдап

Жапырақ көкте ойнады

Көңілі құс боп ұшады

Еркіндік кернеп бойдағы


Құлдилап, кейде зымырап

Желге төсеп қанатын

Жағалай тұрған талдарға

Биіктен көзін салатын


Дауысы болса айқайлап

Қаратар еді–ау барлығын

Жырлар еді талдарға

Еркіндіктің ән-жырын


Ертеңді ойлап не керек

Ашылса бақыт сандығы

Өлшеулі өмір шектеулі

Болса-дағы әр күнің


Кешқұрым жел де тоқтады

Жапырақ жерге құлады

Естілмейді енді ешқашан

Жапырақтың мұң әні


Осында жатып қуарар

Осында анық тұрағы

Мүмкін сол жапырақ нәрінен

Беймәлім талдың шығары


Шыға қалса бір бұтақ

Жердің жетіп құнары

Жапырақтары еркіндік

Сөз жоқ аңсап тұрады

Көз байланған түнек кеш

Далаға қаңбақ шалқиды

Жол бойында жалғыз тал

Тал басын жел шарпиды


Дірілдеген жапырақ

Желбіреп желмен қалқиды

Мендегі көңіл сенімді

Көңілде қиял әрқилы




Халық болсаң – қазақ бол !

Келешекте үміті , болашағы

Жөн сұрасаң, жол тілеп, бал ашады

Қиналсаңыз жаныңды жадыратып

Туысыңдай түбі бір қарасады

Арғы – бергі бабаңды түптеп келіп

Жеті атадан тамырды таратады

Негізің қазақ болып тумасаң да

Ең жақын бауырың боп тарасады

Я жиен , я нағашы , я бөле шығып

Көңілің туыс тауып жарасады

«Қарға тамыр қазақ» деп жай айтпаған

Осындай көріп пе едің тамашаны
* * *

Үлкен сыйлап , кішіні құрмет тұтып

Бедірейіп, бетіңе тура айтпайтын

Сәл нәрсеге шамданып, тіке ұмтылып

Көңіліңді қалдырып құрғатпайтын

Үйіңе қыдырыстап келе қалса

Базарлық ала келіп, құр қайтпайтын

Аңқылдап ашылатын қонағына

Жүрегінде түйірдей сыр жатпайтын

Сылдыратпай кесені шайын құйып

Баласын қонағына шулатпайтын

Астыңа көрпе салып, белге жастық

Қалай «аунап – тұрсаң» да бұлғақтайтын

Үйдегі шаруаңды ұмыттырып

Асығыс ауылыңа жиналтпайтын

Бұйымтайың барлығын біле тұра

Алақ-жұлақ айтқызып, тыңдалтпайтын

Жұмысыңды бітіріп, жолға салып

Жасаған қызметін бұлдатпайтын

Көлігіңе қонжиып отырғанша

Жаныңды жабырқантып, қиналтпайтын

Көріп пе едің қазақтай жомарт халық

Соңғысын сұрасаң да міз бақпайтын

* * *


Айтқан сөзін – атылған оққа теңеп

Өзі тыңдап, өзгені тыңдататын

Асыңды ішіп, ыдысыңды теппейтұғын

Өзі сыйлап, өзгені сыйлататын

Жау көрсе тастүйіндей бекитұғын

«Тасты уатып, мұз шайнап», түн қататын

Зеңгінің арасында жүрсе дағы

«Қазақ!» десе «Мен бар !» деп үн қататын

Өнер десе танауы қусырылып

Кесек – кесек кеудеде жыр жататын

Құрметтеп өнері асқан өрендерді

Сарайдағы бұлбұлдай жырлататын

Иығыңа шапан жауып, алдыңа мал

Астыңа тұлпар сыйлап «тулататын»

Балуанның беліне байлай салар

Базардан сатып алған қымбат атын

«Қолымды қайтарма» деп өтінеді

Намыстан өртенеді қимаса атын

Өмірінде сені алғаш көрсе дағы

Осындай ел көрдің бе сыйласатын

* * *
Өмірде қас іздемей, дос іздеген

Дос десе қазақ шіркін бас ұрады

Жүрегін дастарханға жайып салып

Тағы бір кездескенше асығады

Көршісінсіз бір өзі көже ішсе

Көңілі кірбің тартып ашығады

Дос, жолдас, туған – туыс, құда – жекжат

Барлығын жиып алып шашылады

Төріне отырғызып қонақтарын

Бәрінің мәртебесін асырады

Құтылып жиған дүние салмағынан

Тасынып, бір марқайып басылады

Дос іздесең бауырым, қазақты ізде

Сен үшін жан беретін досың әні

Қазақтың досы бол да, жауы болма

Жау болсаң жаның онан шошынады

Сақ пен Ғұн, түркі, тұран тарихын біл

Сөзімнің шын бейнесі ашылады

Сынаптай ел шашылып жатқанымен

Жау келсе тас түйіндей қосылады

Ер түгіл, қыздарын да батыл еткен

Қасиетті бабамның топырағы

Туған елі, туған тілі, туған жері

Қазақтың мызғымайтын бас Ұраны!


* * *
Тұғырың -шайқалмайтын шаңырағың !

Туған жер - өзегіңмен сағынарың!

Елінің бақытына жаны пида Елінің елдігі үшін арығанның

Жоғалтпаған жүректе намысты ерге

Негізі – туған ел ғой,табынарың

Халқыменен теңеліп, сөзде тұрған

Басында бақ, астында тағы барың

Ел дәстүрі - өреңнің биіктігі

Тұла бойда жаңылмас жаны барың

Қыздарын анасындай сыйлайтұғын

Қазақпыз «Батыр!» деген Бағыланын

Қай елде, Қап тауында жүрсе дағы

Білеміз қазақ шамы жағыларын

Екі қазақ қиянда қалса-дағы

Бір – бірінің қасынан табыларын

Намысын тіл мен елдің бермей тұғын

Көрерсің Ұлы ұрпақтың қаны барын

Халық болсаң Қазақ бол, ұл мен қызы

Сөзі- шешен, ісі- батыл, өзі- дарын !

Айтылмас сырымалынбас қамал секілді

Айтылар сырымтүйіні ойдың бекімді.

(Автордан)

Мен қазақпын!
Мен қазақпын, елім үшін жаралғанмын.

Басталған елесімін көп арманның

Ел үшін құрбан болған бір бабамның,

Бір тамшы қанынан нәр алғанмын.

Өмірден сұрағым да ұғарым көп,

Қырандар көп, қалқысам сыңары боп.

Шыр етіп өмір туын тіккен жерім,

Қорғаушы, қолдаушым бол, тұмарым боп

Кеудемді жел мен жаңбыр сабаласын,

Өзіме белгілі сырт қала алмасым.

Туған жерде тамырым қалар болса,

Қиып түссін, қиналмас қара басым.

Менен бұрын аз емес қиылғандар,

Өтінішім - қиылмаңдар, қырылмаңдар

Бастарыңды сендер де көтеріңдер

Кешегі дәрменсіз кеп жығылғандар.

Білесің бе қандасым, білесің бе?…

Қазақ болу жазылған үлесіңе.

Туған жердің сен де бір үмітісің,

Еркің жоқ бұл өмірден құр өшуге.

Күн тигізбей күтем деме жанды мына.

Қазақ болу жазылған тағдырыңа

Атадан мұра қалған бұл даланы

Қолыңда: жоқ қылу да, бар қылу да.

Кең төскей жазиралы атырабым,

Өзіңмен әрбір күнді батырамын,

Бақиға да басыма жастап кетем,

Туған жердің бір уыс топырағын.



Қазақ атын қадірле
Жүзге бөліп, жүз күйдіріп жүреміз.

Сүріндірсек, сүйсіне кеп күлеміз.

Сонау белде бірге туып, бірге өлген,

Бар қазақтың бауырлығын білеміз.

Біле тұрып, күйбеңдейміз, күндейміз,

Түймедейді түтіндетіп, үрлейміз.

Бірін – бірі шалып жатқан қазақты,

Осы біздер ұлт дейміз бе, кім дейміз?!

Сүріндірсек қызығына батамыз.

Сырттан сөгіп, тасадан тас атамыз.

Көк аттылы көлденеңге көлгірсіп,

Иілеміз де, бүгілеміз де жатамыз.

Бауырларым, мұның қалай ойлансақ,

Жүрмейікші ынтымаққа ойран сап!

Берекесі кетсе ұлттың бойынан,

Жүрер өзге төскейіңде сайран сап!

Жүзге бөліп жүргеніңше алайып,

Түбі бірдің түтіндігін салайық.

Бірлігі бір, босағасы берік ел!

Бәріміз де қазақ болып қалайық.



Адам үшін
Бәйшешектей тас жарып өседі өмір,

Күндеріңді туралап та кеседі өмір.

Ұмтылсаң да, болдырып болмағанды,

Тағдырыңды тоқтаусыз шешеді өмір.


Өмірдің шаттығы көп, құрығы алда,

Тыпырлап бір орныңда тұрып алма.

Еліңнің еңсесін де көтере жүр,

Теңселіп теңелгендей жүгі нарға.


Ел үшін аямаған жанын қанша,

Елімнің намысы мен ары қанша.

Адамда небір қайсар бар – ау жандар,

Қайтпайтын «пышақтайын жонығанша!»


«Тәйт!» десең тоқтайтұғын тобыры бар,

Езі бар, ермесі бар, шоғыры бар.

Жұмыр жердің беттерін бейіт етіп,

Арсыздың да алатын орыны бар…


Біреулер мерт болады босқа шауып,

Біреулер ісіменен топқа қауіп…

Ойнаған адамдармен малғұндарды,

Қояр ма еді, өлгенде де отқа салып.


Кім көреген бұл тағдырдың таразысын,

Аз өмірді бөлмейік араз үшін.

Жақсылықтың жарқыратып туын ұстап,

Көтерейік ұрпақ үшін, адам үшін!



Мазасыз ой
Даланың бүгінгісі ертеңі де….

Сыймайды кешегінің өлшеміне.

Кеше мен бүгін үшін өмір сүрсек,

Телміріп өтпейміз бе «күлшеліге».

Дүние - өлшем, өміршең ыршынады,

Белгісіз кім қалары, кім шығары.

Заманың өзгерместей болғанымен,

Өмірдің мың айналар ұршығы әлі.

Бұл дала толы ойға, армандарға

Белгісіз арман дәмі енжарларға….

Кең дала солар үшін жаралған ғой,

Көсіліп шабатұғын тарландарға.

Көз салсам быт – шыт болған қорғандарға,

Өз - өзіне риза болғандарға.

Қауіптенем даланың сиярына-

Тасыған ақыл – ойың тар маңдайға.

Көңілім осы жайға алаңдаған,

Жауабын тауып берші адам маған.

Келешек ұрпағыңа жетер ме екен….

Бүгінгі жиған дүниең қанарлаған!





Домбыра
Домбырам менің, бар ма сенің теңдесің?!

Тапқандаймын күй сезімнің көмбесін.

Тартқан сайын, қайдан тауып шертесің,

Жүрегімнің тартылмаған пернесін.

Қолға алсам саусағыма жанысып.

Кетесің – ау ескі достай табысып.

Құрдастардай көк шалғынға аунаған,

Сылдырайсың, сылқылдайсың қағысып.

Оздырам деп екеуіңнен өнерін,

Дауысым да қосылады жарысып.

Сен күмбірлеп, мен шырқаймын тоқталмай,

Кейде сенен, кейде менен қалысып.

Дүбірлеткен тұлпарға ұқсап кетеміз,

Қаршылдатқан ауыздықпен алысып!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет