Қасым поэзиясындағы балладалар
Баллада – өлеңмен жазылатын синтетикалық жанр. Оған тән сипаттар: оқиға, характер, драматизм мен лиризмнің қоса өріліп келуі (баяндау, ақынның бағасы). Атам заманнан оқиғалы жырға, хикая хисса-дастанға құрылған қазақ поэзиясының бұл баллада түрі – әрі жазуға да, оқуға да ықшам, ой мен оқиғадан бос сөзге орын қалмайтын кісі қызығарлық жанр. Психологиялық коллизиялар мен жеке адамның жан дүниесіндегі терең тебіреністер астасып өрбіп, белгілі бір қаһарманның тағдыр жолымен ұштаса көрініп, тосын шешім тауып отыратын баллада жанры қазақ поэзиясының да барынша шеберлікті, көркемдік тартысты жіті де толымды бейнелейтін саласы саналады.
Сұрапыл соғыс жылдарында төл поэзиямызда баллада жанры да ширай шыңдала түскенін байқауға болады. Отан сүйгіштік пен ержүректілік, қайраты қайнардай ерен ерлікті бар даусымен жырлаған ақындардың лирикалық, лиро-эпикалық өлеңдер – осының кепілі.
Баллада бұл тұста Қ.Аманжолов, Ә.Сәрсенбаев, Ғ.Орманов, Ж.Сайын, Қ.Бекхожин, Қ.Жармағамбетов, Ж.Молдағалиев, С.Бегалин, С.Мәуленов, Ә. Әбілевтер шығармашылықтарында көрінді.
Қасым Аманжоловтың «Бурабай толқындары», «Сұлтанмахмұт туралы», «Дариға, сол қыз» атты балладалары бар. Сонымен қатар «Ақын өлімі туралы аңызы» да баллада мінезін танытатын романтикалық поэма. Қаламгердің 1945 жылы жазылған «Дариға, сол қыз» баллада-өліңінде жас жауынгердің ішкі сезімі суреттеледі. Үш бөлімнен тұратын бұл лиро-эпикалық өрнек ғажап көрініске айналған. Кейіпкердің ер жетіп, есейе келе өмір жолында армандай қызға кезіккені жайлы баяндалады. Бірақ бұл кездесу сұрапыл соғыс кесірінен жалғасын таппады. Келесі көрініске жауынгерімізге оқ тиіп, қайраты кеміп бара жатқанын көреміз. Өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан жауынгердің жас көңілі армандаған аруды іздейді: «Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!». Кенет кейіпкерге махаббаттың зор күші оның қолына қару алып жауға шабуына рух береді. Шығарма соңында жеңісті күндері өмір сүріп жатқан кейіпкердің «Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!» деген жан дауысын естиміз. Үш рет қайталанып келген өлең жолдары шығармадағы романтикалық өршіл сипатты асқақтата түседі. Кейіпкердің жан дүниесінде лапылдап тұрған сезімі тіл құдіретімен әсем ажар тапқан. Бұл өлеңдегі баллада жанрына тән сипаттар: көлемі жағынан шағын болып жазылған (48 жол) өлеңде динамикалық күй бір конфликтіге негізделген, кейіпкер де біреу. Оның монологі арқылы ішкі сезімі, толғаныс-тебіренісі, жалпы жауынгер сағынышы сезіледі.
Қасым ақынның шеберлігі жайлы көптеген ғалымдар сөз қозғады. Солардың бірі Ә.Тәжібаев Қасым жайында мынадай пікірі айтып кеткен: «Сөздің ішкі мазмұнын ашу, оның жанын оятып, отын тұтатуға Абай қандай үйретсе, Қасым да бұл дәстүрді ірілендіруде үлкен еңбек сіңірді. Сөзді пафосқа, екпінге айналдыруға Қасым көбімізден шебер еді... »
Қасым әйгілі «Абдолла» атты туындысын неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан қазақ ақыны А.Жұмағалиевқа арнап, Қиыр Шығыста госпитальда жаққан кезінде жазған. Кезінде осы лиро-эпикалық туынды төңірегінде, әсіресе оның жанрын анықтауда, ғалымдар түрлі пікір айтып, ортақ шешімге келу қиындыққа соқты. 1951 жылғы 9 желтоқсанда шыққан «Лениншіл жас» бетінде былай делінеді: «... Соғыс жырларында жазылған өлеңдерді қамығуға, күңіренуге, жатсыруға толы. Қ.Аманжолов «Абдолла» поэмасында жауынгер ақынның ерлік бейнесін жасай алмай, кейіпкерлерінің тек өлген кезін суреттейді, поэмада жігерлі оптимизм көрінбей, ата қазаққа жар салғызып, жұртты бата оқырға жинамақ болып, авторлық зарлайтындығы белгілі...» Ғалым С.Қирабаев дәл осы жылы «Әдебиет және искусство» журналында «Қ.Аманжолов творчествосындағы жат пікірлер» атты мақаласында «Мақталып жүрген «Абдолла» поэмасының өзіне осы тұрғыдан қарап көп сын айтуға болады. Қасым кейіпкерінің өлімін ғана суреттейді. Абдолла жауға қарсы жалғыз күреседі. Онда оптимизм көрінбейді. Жау қолында сүйген әні «Қарғам-ауды» айтады. Сөйтіп, оның өлімі қасиетсіз өлім болып шығады», – деп шығарма мазмұнын поэмадан алшақ екенін білдіреді.
Осы айтылған сындарды ескере келе Қ.Аманжоловтың аталған шығармасын баллада жанрын жақын екенін айта аламыз. Шығармада бір оқиға, бір кейіпкер бар. Кейіпкердің мінез-құлқын оның монологінен, іс-әрекетінен танимыз. Ол жайында, оның осы күнге дейінгі өмірі оқырманға беймәлім. Туған елі үшін жанқиярлық әрекетке барып, жанын жауға емес жалындаған өртке тапсырып, кейіпкер бұл өмірмен қимастықпен, өкінішпен қоштасады:
Бұл емес ед көксегенім,
Бұл емес ед арман-арман!
Осы-ақ болды, келген қолдан,
Осы-ақ болды-ау әттең шіркін!
Баллада соңында көз алдымызда бойына жан біткен тәрізді, зірк-зірк етіп жау танкісі келе жатады, бірақ ол қаһарман кейіпкері жіберген оқтан өртке орантады. Кенет «ыза боп жау жіберді өрт. Кідірді ер, оқ таусылып. Автоматы ең соңғы рет, Алды демін, тынды сұлық». Бұл өлім ер өлімі емей, немене?
Әбділда Тәжібаев біз сөз етіп отырған шығарма жайлы:
«Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолында атам сені
Бомба бол да жарыл жүрек!» – дейтін Қасым жазған «Абдолла» жолдарын әрбір жақсымызға жаттата, пысықтата беруге қарыздармыз. Өйткені ұрпақты ерлікке осындай жырлар әзірлейді. Сонымен қатар, шын сүйетін, сүйген жүрегін көтерген туындай қасиеттейтін, адамды баяндылыққа тәрбиелейтін махаббат лирикасы да ұрпағымызды ерлікке әзірлейтін құралы» – дей келе, бұл туындыны оптимистік трагедия деп атайды. Ал сыншы Е.Ысмайылов шығармадағы кейіпкердің іс-әрекетіне сүйсінетіндей «Қасымның «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында Абдолланың айнала қоршаған жау оғынан жасқанбай, өртпен, ажалмен алысқан арыстандай алып тұлғасы бір мезет от ұстаған Прометейге ұқсайды, өмірмен қоштасар мезгіл жеткен оның табиғи ақындық мінезіне сай, от жалындар сұлу жардай сылаңдап ойнақ салады, өлімді жеңген батырды өмірге құштар сезім де билейді. Ажалмен алысқан жанның жүрегі өмірлік махаббатқа толы», – дейді.
Баллада – халқымыздың қоғамдық өмірі мен рухани тіршілігінің көрінісі. Балладаның ерекшелік сипаттарын еркін игерген Қасым ағамыздың айтар ойы мен түйер түйіндері асқақ та үлкен дүниелер тудырғанын, төл поэзиямызға мол үлес қосқанын аңғартады.
Жанар РАМАЗАНОВА,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың
журналистика кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 30 маусым (№ 105/106). - 8 б.
Достарыңызбен бөлісу: |