http://www.inform.kz/kaz/article/2448341
14 Наурыз 2012, 19:24
Астанадағы агроуниверситет студенттерінің бастамасымен «Амал» мейрамы атап өтілді
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттерінің бастамасымен тұңғыш рет Астана қаласындағы ЖОО студенттері арасында «Амал» мейрамына арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.
Агрономия факультетінің салтанат залында өткен шараға ҚазАТУ ректоры, профессор А.Қ.Күрішбаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, республикалық «Тұмар» журналының бас редакторы Ф.Оңғарсынова, Президенттік сыйлықтың иегері, «Әдебиет» шығармашылық бірлестігінің директоры - бас редакторы Ж. Б. Саухат сынды танымал тұлғалар, ұстаздар мен студенттер қауымы қатысты. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенті Ерлан Қылаубаев бастаған бір топ студент-жастар Астанада - Наурыз мейрамын «Амал» мерекесі мен «көрісу» салтын жаңғыртуды мақсат тұтып отыр.
«Амал» мейрамы мен «Көрісу» салтының қандай тәрбиелік мәні бар? -деген сауалға жан-жақты жауап берілген «Амалдың ақ таңы» атты деректі фильм көрсетілді. Сөйтіп студент-жастар ата салтын жаңғыртуды біз қолға алдық, сіз куәгер болыңыз, атсалысыңыз деген ұсыныс тастады.
Күннің шуағы төгіліп, мұздың көбесі сөгіліп, жер-ана бусанып жатқан қазіргі шақты ата-бабаларымыз «амал туды» деп ағайынның амандығын сұрасып, ауыл-аймақтың мал-жанын түгендеген. Осылай қытымыр қысты шығарып салып, амалдың туғанын ерекше мереке етіп қарсы алған. Наурыз айының 14-і күні жаңа ай туатын болса, 21-інде күн мен түн теңеліп, жаңа күн, яғни жыл жаңарды деп есептелген.
Амал келді, тағы да амал келді, жақсылықтың бастауын ала келді. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған.
Амал мерекесі ата-бабаларымыздан келе жатқан ескі дәстүріміздің бірі. Осы кезде «көрісу» деген салт болған. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген. Көрісу дәстүрі тек еліміздің батыс өңірінде емес, барша қазаққа тән мереке, Наурыздың беташары десе де болады. Дәл 14 наурызда келіп көрісе алмағандар тоғыз күнге созылатын Наурызнаманың кез келген күні келіп көрісетін болған. Көрісудің тәрбиелік, әлеуметтік, эстетикалық маңызы зор.
Амал туып, ай мен үркер тоғысатын күндерді кейбір аймақтарда тоғыз тоғыс деп nе атайды. Яғни амал, тоғыс, көрісу болсын барлығы Наурызнамаға сәйкес келеді. Vерекеге жиналған жұртшылық fлдағы жылдары күллі ел болып, осы игі дәстүрді Сарыарқаның кең жазирасына қайта әкеліп, алаштың байтақ даласында жандандыру қажет деген пікірін білдірді.
Достарыңызбен бөлісу: |