Астана ақшамы. – 2014.- № 130. – 15 қараша
Өтешқызы Г.
Үш жылдық бюджет жобасы талқыланды
Қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында елордадағы бірқатар басқармалардың алдағы 2015-2017 жылдарға арналған бюджет жобасы талқыланды.
Негізгі бөлім бойынша сөз алған Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Жүсіпова депутаттардың қарауына 2015-2017 жылдарға арналған бюджеттің жобасын ұсынды. Осыған орай, бас қаладағы Білім, Ішкі саясат, Жастар мәселелері жөніндегі басқармалар мен Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармаларының басшылары баяндама жасады.
Қай салаға болсын қосымша қаражат қажет. Мәселен, Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағлан Сматаеваның айтуынша, бұл салада 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыру, кейбір мектептердегі ескірген компьютерлердің орнына жаңасын сатып алу және бірнеше білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін қосымша қаржы керек екен.
Алдағы үш жылға жоспарланған шараларды жүзеге асыру үшін Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға 1 819,5 млн теңге, соның ішінде 2015 жылға 707,2 млн теңге қажет. Осы жөнінде мәлімдеген аталмыш басқарманың басшысы Талғат Рахманберді келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына, сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен 2015 жылдың Қазақстан халқы ассамблеясының жылы деп жариялануына байланысты және Астана қаласының бейбітшілік пен келісім қаласы болып аталуына орай жастардың арасында кең ауқымды идеологиялық іс-шаралар өткізілетінін айтты.
Ішкі саясат басқармасына қосымша 40 млн теңге қажет болса, қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының алдағы үш жылдық шығындарына 18 513,7 млн теңге, соның ішінде 2015 жылға – 5 879,8 млн теңге керек көрінеді. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Самат Қабдулин бұл ретте қаланың құрама командалары мүшелерін республикалық, халықаралық жарыстарға дайындап қатыстыруға, республикалық маңыздағы спорттық іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерге спорттық білім беруге қосымша қаражат қажеттігін алға тартты.
Халық қалаулылары да үнсіз қалмады. Депутат А.Күрішбаев кейбір студенттер үшін қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысын төлеудің едәуір қиындық туғызып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, ай сайын студенттер университетке келіп-кетуге ғана шамамен 9-10 мың теңге жұмсайды екен. Ал, Алматыда көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттер үшін жолақы билеттерінің құны арзан.
– Астанада небары 5 жоғары оқу орны бар. Өздеріңіз білесіздер, біздің Агротехникалық университетте оқитындардың көбі – ауылдан келген балалар. Олардың жағдайы керемет деп айта алмаймыз.
Өйткені, ауылда жұмыс жоқ. Соған байланысты әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардан шыққан осындай студенттер үшін айлық жолақы билетіне 50 пайыз жеңілдік қарастырылуын сұраймын. Бұл мәселе Астанада да оң шешімін табуы керек, – деді А. Күрішбаев.
Одан әрі депутат қала мектептеріндегі үш ауысымдық оқытудың жайын сұрады. Осыған орай, Г.Жүсіпова жаңадан ашылып жатқан мектептер санының жыл өткен сайын арта түсуіне байланысты бүгінгі таңда біздің қалада бұл мәселе аса өзекті емес екенін ескертті. Депутат Б.Солсанов қаладағы №20 мектеп оқушыларының үш ауысымда оқитынын, аталмыш білім беру мекемесінің ғимараты құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге орай баяндама жасаған қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Қабдулин бас қалада Туризм басқармасын құру керек деген пікір білдірді. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан мақұлдады.
Достарыңызбен бөлісу: |