Астана ақшамы. – 2014. - №46. – 26 сәуір
Айдана Рысбай.
Жас ғалымдар жиыны
Астана қаласының Еуразия гуманитарлық институтында студенттер мен магистранттардың «Ғылым және жаңа ұрпақ» атты ХVI Жоғары оқу орындар аралық ғылыми конференциясы өтті. Жиын аясында жас ғалымдардың педагогика және психология, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, қазақ және орыс филологиясы, шетел филологиясы және аударма ісі, құқықтану, экономика және қаржы саласындағы зерттеулерінің өзекті мәселелері мен келешегі талқыланды. Жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің қазіргі бағдарын айқындау, саралау және жетілдіру, студенттік ғылыми орта қалыптастыру – конференцияның негізгі мақсаты ретінде қарастырылды.
Аталмыш іс-шараның тұсауын Еуразия гуманитарлық институтының бірінші проректоры, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Амангелді Исмаилов кесті. Конференция барысында Еуразия гуманитарлық институтының оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, профессор Қадыр Ахметовке сөз берілді.
Ғылыми басқосуға барлығы 329 баяндамашы қатысты, оның 208-і – Еуразия гуманитарлық институтының студенттері. Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ гуманитарлық заң университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, «Қазақстан-Ресей» университеті, «Астана» университеті, «Тұран-Астана» университеті, Қазақ инженерлік техникалық академиясы, ЕАГИ колледжі, Астана гуманитарлық колледжі, Алматы қаласынан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Халықаралық бизнес академиясы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Қарағандының «Болашақ» университеті, сондай-ақ Ресей Федерациясынан Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті, Омбы мемлекеттік педагогикалық университеті студенттері мен магистранттары қатысты.
Пленарлық мәжілісте студенттер А. Естемесова «Президент Н.Ә. Назарбаев Жолдауларындағы афоризмдер», Т.Раменская «Городские молодежные субкультуры», Д. Чугирова «Инновационные технологии иноязычного образования в условиях 12-летней школы», Н.Хайролла «Ұлттық идеологияны қалыптастырудағы Абылай ханның феномені», М. Сейтказина «Правовые аспекты влияния Таможенного Союза на экономическую ситуация в Республике Казахстан», С. Межевикин «Ипотечное кредитование в современных экономических условиях Республики Казахстан» атты тақырыптарда баяндамалар жасады.
Конференция қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды. Үздік баяндамалар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, алғыс хаттармен аталып өтті және конференция тезистерінің жинағына енгізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |