Астана ақшамы.- 2011.- №70.- 23 маусым
Өтешқызы Г.
Ғылымға арналған ғұмыр
Республикаға белгілі ғылым-ұстаз, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының толық мүшесi (академик) Жасқайрат Сүндетұлының Астанада тұрып жатқанына жарты ғасырдан асыпты.
«Елу жылда – ел жаңа» демекшi, осы уақыт аралығында Астана адам танымастай өзгердi. Ендi мiне, кешегi шикi кiрпiштен тұрғызылған бiрнеше ғана үйi бар сол шағын қала ежелгi Есiл бойында қанатын кеңге жайып, сәулеттi де сәндi елордаға айналды.
«Ол кезде қала тым кiшкентай едi және мұнда жатаған үйлер көп болатын. Келген бойда көлiк техникумының екi қабатты ғимаратына орналастық. Екi балаға бiр матрацовка берiп, бiр бөлмеде 14 жiгiт қатар жатып, емтиханға дайындалдық. Кейiн солардың iшiнен төрт қазақ жiгiтiнiң бiреуi болып оқуға қабылдандым», - деп еске алады бүгiнде Ж.Сүндетов. Мiне, ағаның содан бергi өмiрi осы қаламен тығыз байланысты.
Ақмолаға алғаш рет 1958 жылы мектеп бiтiрiсiмен келген едi. Онда да жай келген жоқ, арман қуып келдi. Сол жылы ғана ашылған Целиноград ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетiне құжат тапсырады. Бұл – Астанамыздың тұңғыш жоғары оқу орыны, қазiргi Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық унгиверситетi. Бағы жанып, студенттер қатарына қабылданады. Бес жылдан соң, осы институттың алғашқы 63 маманының бiрi болып, «ғалым агроном» дипломын алады. Содан кейiн ғылыми жолы басталады. Сөйтiп, ғұмырының қырық бес жылын ғылымға арнаған ғалым аталмыш университетте отыз жылға жуық уақыт еңбек етiп, алдымен кафедра меңгерушiсi, кейiн профессор атанады.
Өткенге көз салсақ, қазақтың маңдайына бiткен бiртуар перзенттерi Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Диналардың Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Нарын құмының жиегiнде өмiр сүргенi тарихтан белгiлi. Осы Нарында жаңа қару сынау үшiн соғыс полигоны ашылып, елдiң қырға көшiп жатқан кезi болатын. Қоңырқұдық ауылындағы атақты Меңдiғали деген байдың баласы Сүндет пен Сатыбалдықызы Зайданың шаңырағында маңдайы торсықтай ер бала дүниеге келедi. Сол кезде бұл баланың ата-анасы мен туыстары оның болашақта үлкен ғалым болатынын, әрине, бiлген де жоқ. Дегенмен, уақыт өте оның оқуға деген ерекше ықыласы мен құштарлығын сезген әкесi баласының бетiн қақпайды. Оқимын деген жерiне барып, бiлiмiн жалғастыруға мүмкiндiк жасайды. Сөйтiп, ол Ақмоладан бiр-ақ шығады.
Жәкеңнiң жастық шағы негiзгi қазақ дәстүрi бойынша көшiп-қонып жүрумен өтедi. Алғашқы сыныптарды Құрманкөл ауылының бастауыш мектебiнде, жоғары сыныптарды Энгельс атындағы колхоздың орталығы Саралжын ауылында оқып бiтiрген ол оқушы кезiнде сол кездегi тәрбие бойынша пионер және комсомол ұйымдарына мүше болып, звено бастығы, оқушылар және комсомол комитеттерiнде бiрқатар қоғамдық жұмыстар атқарады. Осылайша, жасынан зерек бала алғырлығымен қатарластарынан үнемi оқ бойы алда жүрдi.
Елiмiздiң ең байырғы, алыс түпкiрлерiнен келген балаларға жоғары оқу орнында орысша оқу, әрине, өте қиын болды. Институттағы алғашқы емтиханды оқу iсiнiң меңгерушiсi, экономика ғылымдарының докторы, профессор М.А. Гендельман геодезия сабағынан сынақ қабылдағанда: «Сен орысша сөйлеп үйренгенше жоғары баға қоймаймын» деп «қанағаттанарлық» деген бағаны әзер қойыпты. Осы баға сынақ кiтапшасындағы алғашқы және ақырғы «үш» болған көрiнедi.
Ол институтта оқып жүргенде қоғамдық жұмыстарға, кәсiподақ, комсомол ұйымдарының жұмыстарына белсене араласып, алғашқы ұйымдастырылған домбыра оркестрiне жолдастарымен бiрге барып жүрiп, Қазақстанның 40 жылдық мерекесiнде Алматыда мерекелiк шараларға қатысады, ал 1962 жылы туристiк жолдамамен Таулы Алтай автономиялық аймағын - Барнаул, Бийск қалаларын, Алтынкөл өңiрiн аралайды.
Институт қабырғасында жүргенде-ақ ғылыми жұмыстармен айналыса бастаған ағамыз екiншi курста «Жер өңдеу» кафедрасының меңгерушiсi, профессор Л.Роктанэнның басшылығымен ғылыми үйiрмеге қатысады. Үшiншi курстан экономика саласының пәндерiне құмартып, «Ауыл шаруашылығы экономикасы» кафедрасының үйiрмесiне ауысып, 1961 жылдың сәуiр айында студенттердiң алғашқы ғылыми конференциясында баяндама жасайды. Сол ғылыми жұмыстардың нәтижесiнде «Астықтың өзiндiк құны және оның өзгеру жолдары» деген тақырып бойынша дипломдық жұмыс жазып, мемлекеттiк комиссияның алдында өте жоғары бағаға қорғап шығады. Ғылыми жетекшiлерi - экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Я.Ротин, профессор С.Азев сол мәжiлiсте сөз сөйлеп, оның екi-үш жылдан берi ғылыми жұмыстармен нәтижелi шұғылданып жүргенiн, зерек-ынталылығын және қабiлеттiлiгiн ескерiп, Жасқайратқа аспирантурада оқу қажет екендiгiн арнайы тапсырып, оған түсуге ұсыныс жасайды. Бiрақ, ол әке-шешесiнiң тiлегiн ескерiп және ауыл өмiрiн бiлiп – тәжiрибе алу мақсатында туған елiне оралады. Бұған, әрине совхоз директоры, XXII партия съезiнiң делегаты, республикаға еңбегi сiңген зоотехник Бисенбi Ғұбашевтiң хаты негiзiндегi Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң жолдамасы да себеп болса керек. Не керек, әйтеуiр, Жәкең өзiнiң туып өскен жерi Орал облысы Казталовка ауданы Құрманғазы қой совхозында екi жылдай бас агроном болып жұмыс iстейдi.
Сол кезде совхозда егiннiң өнiмдiлiгi жақсы болып, мол жем-азық дайындалуына байланысты «Тың жерлердi игергенi үшiн» медалiмен марапатталады.
Совхозда агрономдық жұмыстармен қатар экономикалық мәселелермен де айналысқан Жәкең шаруашылықтың өндiрiстiк-қаржылық жоспарларын жасайды, экономикалық семинар-жиналыстар жүргiзiп: толық және iшкi шаруашылық есептерiн игеру керектiгi, олардың әдiстерi мен жолдары туралы баяндамалар мен түсiнiктемелер бередi. Ақыры 1965 жылдан сол совхозда бас экономистiк қызметке ауысады. Сонымен қатар ол ауылдағы қоғамдық жұмыстарға араласып, совхоздағы комсомол комитетiнiң мүшесi, ал 1965 жылдан комитет хатшысы, комсомолдың аудандық бюро мүшесi және облыстық Пленум мүшесiне сайланады және КПСС мүшелiгiне кандидат болып қабылданады. Сол кезде жастардан мәдени бригадалар құрылып, елдi пункттерде, қойшылар қотандарында, тiптi көршiлес совхоздарда, аудан орталығында дәрiстер, концерттер және басқа да мәдени-қоғамдық шаралар ұйымдастырады. Осы жылдың мамыр-маусым айларында Целиноград облысының Қорғалжын ауданында тұратын, студент кезiндегi махаббаты Балайымды елге алып келiп, шаңырақ құрады.
Бұл оның ғылымға деген талпынысына тежеу бола алмайды, ақыры 1966 жылдың мамыр айында өзi оқыған Целиноград ауыл шаруашылығы институтының «Ауылшаруашылығы кәсiпорындарын ұйымдастыру» кафедрасына аспирант болып қабылданады, ғылыми жетекшiсi болып бұрынғы ұстазы - кафедра меңгерушiсi, доцент Яков Петрович Ротин тағайындалады. Осы жылдың күзiнде институттағы экономика факультетiнiң ғалымдарының бiрқатары - профессор С. Азев пен бiр топ ғылым кандидаттары Кострома облысындағы ауыл шаруашылығы институтының жаңадан құрылған экономика факультетiне ауысуына байланысты, өздерiнiң аспиранттарымен бiрге кетiп қалады. Ал, Ж.Сүндетов оларға iлесiп кетпей, өзiнiң ғылыми жетекшiлiгiне сол кездегi Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы және оны ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының Тың филиалынының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Омар Қожасовпен келiсе отырып, ғылыми жұмыстың тақырыбы мен бағдарламасын өзгертедi. Дегенмен, аспиратураға тиесiлi үш жылдың iшiнде «Астық өндiрудiң рентабельдiлiгiн арттыру жолдары» деген тақырыпқа диссертация жазып, оны 1970 жылы қазан айында Алматыда Қазақ ауыл шаруашылығы институтының арнайы ғылыми кеңесiнiң отырысында экономика ғылымдарының кандидаты атағын алу үшiн қорғап шығады.
Өзiнiң баяғы кафедрасына ассистент болып орналасқаннан кейiн доцент, экономика факультетi деканының орынбасары, декан, кейiн сол институттағы «Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарын ұйымдастыру» кафедрасының меңгерушiсi, ал коммунистiк партияға мүше болып қабылданғаннан соң, факультеттегi партия ұйымының партбюро хатшысы, институттың партия комитетiнiң хатшысы болып қызмет атқарады. Осылайша, ғылыми iзденiстер жалғаса бердi. Сол кездердегi ғылыми жұмыстар негiзiнен ауыл шаруашылығында еңбектi ұйымдастыру мен оған ынталандырудың озық әдiстерi және өндiрiлетiн дәндi-дақылдардың сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыру бағытында жүргiзiледi.
Жасқайрат Сүндетұлы 1992 жылдың шiлде айынан бастап 2008 жылға дейiн, сол кездегi Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының президентi, атақты ғалым-экономист, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Бүкiлодақтық, Украина және Қазақстан академияларының академигi, Қазақ ауыл шаруашылығының экономикасы және ұйымдастыру ғылыми зерттеу институтының директоры Ғани Әлiмұлы Қалиевтiң тiкелей шақыруымен осы институттың Солтүстiк және орталық облыстарды қамтитын Тың филиалының директоры, 2008 жылы филиалдың жабылуына байланысты институттың Астанадағы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет iстейдi. Ал, 1994 жылы АҚШ-тың Иллинойс штатындағы университетiнiң шақыртуымен ғылыми делегацияның құрамында бiр ай iссапарда болып, Америка фермерлерiнiң даму жолдары және экономикасымен танысқан Жәкең «АҚШ ауыл шаруашылығының даму тәжiрибесi» деген кiтапша жазып шығарды. Осы жылдар арасында оның 175 ғылыми еңбегi жарық көрдi.
2006 жылдан берi Жәкең Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетiнде профессор қызметiн атқаруда. Ол – Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының саяси кеңесiнiң және Қазақсан ғалымдар одағының мүшесi, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясында экономика бөлiмшесiнiң академик-хатшысы. Оның ғылыми жетекшiлiгiмен бiр докторлық, 5 кандидаттық және 12 магистрлiк диссертациялар қорғалды.
Қазiргi кезде Жасқайрат Сүндетұлы «Орал облысы Жаңақала ауданының Құрметтi азаматы», Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң «Жоғары оқу орынының үздiк оқытушысы – 2009» грантының иегерi. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Құрмет грамотасымен марапатталған, Үкiмет берген бiрнеше медальдары да бар.
Осынау жылдар бойы өзi еңбек еткен Астана қаласының бүгiнде ғылым мен бiлiмнiң, мәдениеттiң орталығына айналып отырғанына шаттанады. Мұнда орналасқан ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының қаулап өсiп келе жатқанына қарап, көңiлi қуанады. Сондай-ақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетi, Қазақ ұлттық музыка академиясы, «Астана медициналық университетi» АҚ, «Қазақ гуманитарлық-заң университетi» АҚ, «Еуразия гуманитарлық институты» жоғары бiлiм мекемесi, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетi, «Тұран-Астана» университетi, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нiң Қазақстандық филиалы, Қазақ инженерлiк-техникалық академиясы, Қаржы академиясы жастарға бiлiм берiп, елiмiздiң болашағына қызмет ететiн мамандарды даярлап жатқанына сүйсiнедi.
Достарыңызбен бөлісу: |