Астана ақшамы.- 2015. - № 16. – 12 ақпан
Өкешқызы Г.
Депутаттар студенттермен дидарласты
Алдағы сессияда жастарға мемлекеттік қолдау көрсетуді қамтамасыз етудің және оларды елорданың қоғамдық өміріне қатыстырудың жай-күйі мен шаралары туралы мәселе қарастырылады. Осыған орай, қалалық мәслихаттың депутаттары С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде болып, студенттердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Халық қалаулылары алдымен жоғары оқу орнының белсенді студенттерімен кездесті. 1957 жылы Ақмола ауылшаруашылық институты ретінде құрылған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті – астанамыздың алғашқы жоғары оқу орны. Оның ұзақ жылдар бойы орталық және солтүстік Қазақстан өңіріндегі ірі агротехникалық білім ордасы болып келгені белгілі. Бүгінде ғылыми-зерттеу орталығына қадам басқан білім ордасы әлемдегі озық 800 жетекші оқу орны мен отандық жоғары білім беру саласы көшбасшыларының қатарында екенін айта келе, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Ақылбек Күрішбаев университет тарихына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда көп бейінді білім ордасында ауылшаруашылық және техникалық бағыттағы мамандықтардан басқа білім беру, өнер, қызмет көрсету, әлеуметтік игілік және бизнес бағытындағы мамандар даярланады.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына орай, оқу орны қазіргі кезде халықаралық деңгейдегі аграрлық зерттеу университетін құруға дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан соң, депутаттар студенттермен емін-еркін пікір алмасып, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Алғашқы болып сөз алған Абай Иманов оқу орнының әрбір студенті өзінің осы университетте оқитынын мақтаныш санайтынын ерекше атап өтті. «Біз, тәуелсіз елдің жастары қазіргі уақытта мемлекет қамқорлығын көріп отырмыз. Бұл ретте ҚазАТУ-де ғылым мен біліммен қаруланам деген әрбір азаматқа барлық жағдай жасалған» дей келе, ол өзінің екінші курсты ТМД елдері арасындағы ең мықты жоғары оқу орнының бірі саналатын Минскідегі Беларусь мемлекеттік аграрлық университетінде оқып, әйгілі МТЗ зауытында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алғанын айтты. Оның пікірінше, елордалық жастар Елбасының сенімін ақтауға, мемлекеттің дамуы үшін қызмет етуге дайын. Олар тек, қаладағы қоғамдық көліктерде жол жүру билеттерінің құнын елу пайыз жеңілдікпен сатып алуды қалайды. Мәслихат хатшысы бұл бағытта көп жұмыстар жүргізілгенін, алдағы уақытта оның шешімін табуы әбден мүмкін екенін ескертті.
Студенттер арасында мемлекет саясатына, елімізде шағын және орта бизнестің дамуына, әсіресе елдегі дағдарысқа бей-жай қарай алмайтындар да бар екен. Солардың бірі, экономика факультетінің студенті А. Бисенов әлемдік дағдарыстың Қазақстан экономикасына әсері туралы сұраса, компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультетінің студенті Т. Қанафина ҚазАТУ қабырғасында өнерлі жастардың көп екенін ескере келе, кейбір ауқымды іс-шараларды өткізуде мұндағы акт залының тарлық ететінін тілге тиек етті. Осыған орай, оқу орнының басшысы алдағы уақытта жаңа «Студенттер сарайы» бой көтеретінін жеткізді. Басқа да сұрақтарға тұшымды жауап берген мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов Мемлекет басшысының жастарға деген орасан зор қамқорлығы туралы айта келе, оларды өз елінің патриоты болуға шақырды.
Одан кейін халық қалаулылары университеттің заманауи қондырғысы бар зертханаларында болып, соңғы инновациямен жабдықталған кабинеттерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді, студенттер асханасын, техникалық факультеттің жаңа корпусын аралап, дәріхананың, әлеуметтік дүкен және емхананың жұмысымен танысты.
Достарыңызбен бөлісу: |