Астрахан №1 орта мектебінде алкоголді ішімдіктерден бас тарту декадасына байланысты жүргізілген жұмыстар туралы



Дата19.06.2016
өлшемі64.78 Kb.
#147288
Астрахан №1 орта мектебінде алкоголді ішімдіктерден бас тарту декадасына байланысты жүргізілген жұмыстар туралы

Ақпарат.

Алкоголді ішімдіктерден бас тарту декадасына байланысты сынып сағаттары өткізілді. 9,10,11 сынып оқушыларына « Алкоголді ішімдіктің тарихы мен қоғамдағы әсері» деген тақырыпта дәріс оқылды және де осы тақырыпта қабырға газеттері шығарылды.

АЛКОГОЛЬДІ ІШІМДІКТІҢ ТАРИХЫ МЕН ҚОҒАМДАҒЫ ӘСЕРІ

Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ өте ерте кезден – ақ адам баласы кейбір органикалық заттарды ала білген және оларды өздерінің тұрмыстық қажеттілігіне пайдаланған. Мысалы, қантты заттарды ашыту арқылы шарап ішімдіктерін дайындаған.

Алкогольді ішімдікті алғаш рет 8 мың жыл бұрын Месопотамиялықтар жасай бастады. Месопотамиялықтар нан жасау үшін арпаны суға жібіту арқылы, ойламаған жерден алғаш рет сыра жасаудың тәсілін игерген болатын. Тарихи деректерге жүгінсек, 6 мың жыл бұрын қазіргі батыс Иран мен Анадолы территориясын мекендеген Сумерлер де шарап пен сыра қолданғаны белгілі. Ежелгі дәуірде алкогольді ішімдіктер ашытылған жеміс-жидек пен дәнді дақылдардан ғана жасалатын. Ал қазіргі қолданыстағы спирттік өнімдер синтетикалық жолмен бөлініп алынатын, адам ағзасына өте зиянды заттардан құралады. Алкоголь арабтың «аль-kuhul» – «сүрме» деген сөзінен шыққан. Ал спирт сөзі латын тілінен шыққан: «spiro» – «үрлеу, дем алу» деген мағынаға келеді. Орта ғасырда жаңадан дамып келе жатқан химия ғылымы алхимиктер еңбектерінің арқасында біршама ілгері жылжыды. Мысалы, айдау әдісін тауып, оны жетілдіру нәтижесінде, араб алхимиктері 900 жылдарда аза шарап спиртін алды. Алкогольді алғаш рет араб алхимигі Рагеза жасаған. Ол «философиялық тас» шындығын іздеймін деп, кездейсоқ этил спиртін бөліп алады.

Ал Еуропада алкоголь ХІІІ ғасырдан бастап қолданыла бастады. Этил спиртінің уытты әсерін зерттеуге И.М.Сеченов, И.П.Павлов, Н.П. Кравков, В.М. Бехтерев, С.С.Корсаков сияқты физиологтар, фармакологтар мен клиницистер үлкен үлес қосты. Бір таңданатын жағдай әлемнің барлық елі алкогольдің адам денсаулығы мен қоғам бақыты үшін үлкен індет екенін біле тұра өндіруден бас тартпай отырғаны. Өйткені, алкоголь өндірісі бүкіл дүние жүзінде ең табысты өндіріс салаларының бірі деп есептеледі. Мәселен, Кеңес Одағы ыдырап, еліміздің экономикалық жүйесі нарыққа қарай қайта құрыла бастаған кезде, Қазақстанда барлық өндіріс салалары құлдырады. Экономика астан-кестең болды. Дегенмен осы жылдарда Қазақстанда екі өндіріс саласында құлдырау болмаған. Бұлар: мұнай өндірісі мен алкогольді өнім өндіру салалары. Осыдан-ақ спиртті ішімдік өндірісінің қаншалықты табысты сала екендігін аңғаруға болады. Қазіргі таңда бірнеше мұсылман елінен басқа әлемдегі барлық ел алкогольдің зиянын біле тұра, ішімдік өндірісін белсенді түрде жалғастыруда. Тіптен экономикасы құлдырап өнім өндіруге қауқары жоқ елдердің өзі басқаға шамасы жетпесе де арақ-шарап өндіруге шамасы жетеді екен. Алкогольдiң артынан ала келетiн әлеуметтiк iндеттерi орасан көп. Түрлi адам шошырлық аурулар мен қылмыстардың да түп атасы – осы алкоголь.

Спирттік ішімдіктерді жүйелі түрде пайдалану бауырдың, жүректің, жүйке жүйесінің ауыр зақымдануына алып келеді. Кейде алкоголь «күш береді» дегенді де есітуге болады. Олай дейтін себебі спиртті ішімдікті қолданғаннан кейін жүйке жүйесі же- дел қозады да, күштің көбейіп, сенімділік пен батылдықтың артуына ықпал еткендей жалған сезім тудырады. Жылыну үшін арақ ішетін адамдарда болатын жылу сезімі де алдамшы. Себебі бұл сезім қысқа мерзімге созылады және тез жоғалады. Алкогольдің әсерінен терідегі қан тамырлары жедел кеңейіп, жылудың көп бөлінуіне және организмнің тез салқындауына жетелейді. Отбасындағы зорлық- зомбылық оқиғаларының үштен екісі және балалардағы қатыгездіктің үштен бірі ата-аналарының маскүнемдігіне байланысты. Өз кезегінде мұндай балаларда басқалармен салыстырғанда зұлымдық пен арақты шектен тыс ішуге бейімділік жиірек байқалады. Қайғылы оқиғалардың, адам өлтірудің және өзіне қол жұмсаудың 50 пайызы арақ ішумен сабақтас. Жол-көлік оқиғаларында да алкогольдің алар орыны ерекше. Қазақ даналығында айтылған "Ел болам десең, бесігіңді түзе” дегендей, салауатты өмір сүруді өсіп келе жатқан ұрпақ санасына сіңіретін алды- мен ата-ана, содан соң қоғам мүшелері. Арақтан алыс жүрген адамның – отбасы тыныш, ырысы халал, ұрпағы аман, ақылы толық, иманы берік болары хақ. Жапон халқында мынадай бір мақал бар екен: «шарапты алдымен адам ішеді, кейін шарап адамды ішеді», - деген. Осы мақалдың астарында үлкен мағына бар екенін аңғару қиын емес және шараптың қаншалықты зиян екенін түсінеміз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша, жылына сегiз литр алкоголь пайдаланған жан дені сау адам деп есептелмейді екен.

Атақты физик, академик И.П Павлов: «Адамдар арақ-шарапты қуаныш үшін ішсе де, ол адам баласына қуаныштан гөрі қайғы-қасіретті көбірек шеккізеді», – десе, ал орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой алкоголь туралы: «Арақ – адам есін жояды, ұятын қашырады, арамдыққа және қылмысқа итермелейді», - деп жазған болатын.

Спиртті ішімдіктің немесе алкогольдің ұрпақ үшін зиян екені ерте кездерде – ақ белгілі болған. Ертедегі Рим мемлекеті 30 жасқа дейінгі еркектер мен әйелдердің арақ-шарап ішуіне тыйым салды. Себебі, ұрпақ дүниеге әкелетін жастардың денсаулығының арақ-шараппен уланғаны елдің болашағына қатер екенін түсінген еді.

Тарихи деректерге сүйенер болсақ, ежелгі Русьте де жаңа үйленген жастардың спиртті ішімдіктер ішуіне тыйым салынғаны белгілі. Ал Францияда орта ғасырларда жарым-жан, мүгедек туған балаларды «жексенбі күні көңіл көтеріп арақ-шарап ішуден пайда болған балалар», «көңіл көтеру кештерінің балалары» деп атаған.

Ғалымдар өте аз мөлшерде пайдаланылған спирттік ішімдік бір сағаттан кейін-ақ ерлер мен әйелдердің қанынан байқалатынын дәлелдеген. Ана құрсағындағы сәби қоректік заттардың денін анасының қаны арқылы алады. Ал алкогольдік ішімдіктер ең бірінші адам қанын улайды. Алкоголь әке-шешесінен қан арқылы балаға даритындықтан, баланың дене бітімі мен ақыл-есінде көптеген кемшіліктер мен ауытқушылықтар туындайды. Алкоголь әке-шешенің қанына қаншалықты көбірек сіңсе, сәбидің денсаулығы мен ақыл-есі де соншалықты кем болып дүниеге келеді екен. Маскүнемдердің балаларының арасында шетінеу оқиғасы көп болады. Баланың кейбір дене мүшелері жетілмей туады. Мәселен, тілі сақау – болып шығады, түрі ұсқынсыз болады т.б. Ал енді бала емізіп жүрген әйел арақ шарап ішсе, алкоголь қан арқылы сол заматта ана сүтіне еніп, жас нәрестенің денсаулығына орны толмас зардап келтіреді. Ең әуелі, нәрестенің нерв жүйесін бұзады. Сонан соң сәбидің асқазанын, бауырын, бүйрегін, жүрек-қан тамырлар жүйесін ауруға шалдықтырады. Баланың ақыл- есінің кем болуының ең негізгі себептерінің бірі де дәл осы маскүнемдік дерті екен.

Баланың іштен ауру, есуас болып тууы үшін ата-анасының маскүнем, ішкілікке салынған болуы міндетті емес. Ауызға алған азғана алкогольдің бір айға дейін адамның қанында болатынын қазіргі медицина дәлелдеген. Сондықтан алкогольді ата-анасы бір дүркін ішкен кезде біткен бала да жарымес, аурушаң болып туа береді екен. Ішкілікке салыну тек қана ауру-сырқауға арқау болып қоймай, адамды моральдық азғындыққа ұшырататын індет. Маскүнем ата-ананың тәрбиесінде болған баланың психикасында көптеген ауытқушылықтар орын алады. Мұндай балалардың бойындағы қорқу, ұят, намыс секілді сезімдер өзге балаларға қарағанда басқаша қалыптасады. Мәселен, балалардың түнде өзінен-өзі қорқуы, жеңіл дәретін ұстай алмауы, көп ретте маскүнем жанұяның балаларында кездесетін жайттар. Мамандар балалардың тілінің сақау болып шығуын да ата-аналарының маскүнемдігі салдарынан деп есептейді. Маскүнем отбасында өскен баланың көп ретте адамгершілік қасиеттерден жұрдай болып келетіні, сонымен қатар, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, өсе-келе ішкілікке әуес болатыны анықталған.

Арақтан улану адам өміріне үлкен қатер төндіреді. Арақтан уланған жан емдеу-сауықтыру шараларынан кейін жазылғандай болғанымен, бәрібір ерте ме кеш пе, міндетті түрде бауыр циррозы ауруына шалдығып, адамның дүниеден ертерек озуына сеп болатыны анықталған. Мәселен, көршілес Ресейде арақтан уланған адамдардың саны орыс-шешен соғысында өлген жауынгерлер санынан төрт есе көп көрінеді. Чешенстанда он жылға созылған соғыста қаза тапқан федералдық әскердің саны 10 мың болса, 2008 жылы Ресейде бір жыл ішінде арақтан уланып өлгендердің саны, ресми деректер бойынша, 30 мың, кейбір ресми емес деректер бойынша, 40 мың адам екен. Ал елімізге келер болсақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша жыл сайын 100 мың қазақстандық сапасыз арзан арақтан уланып ауруханаларға түседі екен.

Жалпы зияндылығы жайлы аз да болса біраз жайға көз жеткіздік. Ойлап қарасақ осы «алкогольді сусынға тәуелділік, ішімдікке салыну қалай басталады», - деген сұрақтың туындауы сөссіз. Енді осы мәселеге біраз тоқтала кетсек. Көптеген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек адамдардың әуел баста ішімдікті көбінесе көңіл сергіту үшін ішетіндігі анықталған. Ішімдік сататын ойын-сауық орындарының көптігі де осыны дәлелдейді. Адамдар ойын-сауық орындарынан басқа жаңа жыл мерекесі, той- думан, туған күн сияқты мерекелерде ішімдік қолданады.Қоғамда ең көп жайылған осындай ішімдік ішу түрі кей- бір адамдар үшін маскүнемдіктің алғашқы сатысы болып табылады. Ішімдік ішудің маңызды себептерінің бірі – көңіл-күйді көтеру. Адамдар көбінесе көңіл-күйі нашар болғанда, істері алға баспағанда, қиналғанда немесе әртүрлі жағымсыз жағдайларда ішімдік қолданады. Дегенмен бастапқыда ешбір адам ішімдіктің түбінде өзін құрдымға батыратынын жете түсінбегендіктен «аз-аздап» деген желеумен ішімдікке қалай салынғанын білмей қалып жатады. Қазіргі заманда адамдар рухани күйзелісті жеңу үшін де ішімдікке үйір болатын көрінеді. Күнделікті өмірдің ауыртпалығы, үлкенді-кішілі проблемалар, шаршап- шалдығу, қаржының жетіспеуі секілді қиыншылықтар адамның рухани дүниесін де құлдырататын мән-жайлар. Ерік-жігері нашар адамдар осы бір жағдайды сәл де болса ұмытудың жолы ретінде ішімдікті жанына жолдас ететіні жасырын емес. Осылайша уақыт өте келе әлгі адам ішімдікке мүлдем салынып, не отбасына, не отанына қайыры жоқ маскүнемге айналып шыға келеді.

Қорытындылай келе араққа салыну, арақтан улану, маскүнемдікті шын мәнінде ұлттық қасірет деп санау орынды. Ол адамдардың өмірін қысқартуы өз алдына, арақтан уланған адамнан туатын ұрпақтың да дені сау болмайтыны белгілі. Сондықтан халықты бұл жаман әдеттен арылтуға бүкіл ел болып, қоғам болып атсалысу қажет.



ТІЖ м.а П.Ж.Курганбаева

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет