Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясы



Дата17.06.2016
өлшемі132.87 Kb.
#142657
Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясы
Ахметова М. А. – бастауыш сынып мұғалімі

Дидактикалық материалдар

1-сыныпқа арналған математикадан дидактикалық ойындар және қызықты тапсырмалар
«Не өзгерді?»
Мақсаты: түс, пішін, мөлшер, кеңістік қатынастары туралы түсініктерін бекіту; байқағыштықтарын, зейінін, есте сақтау қабілеттері мен тіл байлықтарын дамыту.

Заттар жинағы (геометриялық фигуралар, заттық суреттер, мазмұнды суреттер, т.б.) сөрелерге қойылады немесе тақтаға бекітіледі. Мұғалім (оқушы) бір затты алып тастайды немесе орындарын ауыстырады. Оқушылар қандай өзгеріс болғанын ауызша айтады. Заттарды әр жерге қойып, заттардың санын көбейтіп, ойынды күрделендіруге болады.


«Шешуін тап»
Мақсаты: оқушылардың математикалық білімдерін дамыту; математикалық түсініктерін қорытындылау және бекіту.

Математикалық объектілердің жиынтығын (3-тен 6-ға дейін) мұғалім 4 және одан да көп әр түстегі сөрелерге, жинақ полотносына, магнитті тақтаға орналастырады. Бір оқушы кез келген түстегі сөрені іштей таңдайды. Басқа оқушы ол жерде қандай математикалық объектілер орналасқанын айтады да, ол заттың сол сөреде бар-жоғын сұрайды. Сөйтіп, оқушының қай сөрені таңдағанын табады. Мысалы, оқушы сұрайды: «Онда 3 және 5 сандары бар ма? Кесінді ше? Қызыл үшбұрыш бар ма?», т.с.с.

Ойынды мынадай сұрақтар қойып күрделендіруге болады: «Үшбұрыш кесіндінің оң жағына немесе сол жағына орналасқан», т.с.с.
«Эстафета» («Тізбек»)
Мақсаты: есептік, реттік санау дағдыларын, ауызша есептеу тәсілдерін дамыту.

Оқушы қатарынан 2-3 санды атайды, ары қарай келесі оқушы санауды жалғастырады. Бұл ойынды доптың көмегімен жүргізуге де бола­ды.


«Пойыз құрастырамыз»
Мақсаты: реттік және есептік санау дағдыларын, ауызша есептеу тәсілдерін дамыту.

Мұғалім оқушыларды тақтаға кезекпен шақырады. Олардың әрқайсысы вагондардың рөлін атқарып, өздерінің нөмірлерін айта- ды. Мысалы, бірінші шақырылған оқушы: «Мен бірінші вагонмын» деп айтады. Екінші оқушы бірінші вагонға тіркеледі де, өзінің реттік нөмірін айтады, қалғандары: «Бірдің артынан бір - екі» деп айтып отырады. Қалған вагондар да осылай «тіркеледі». Содан соң вагондар «ағытылады», ал балалар хормен санайды: «Бірсіз үш - екі», т.с.с.


«Өрнек құрайық»
Мақсаты: пішін және түс туралы оқушылардың білімдерін бекіту.

Әрбір оқушыда әр түстегі, мөлшері әртүрлі геометриялық фи- гуралардың жиынтығы болады. Мысалы, көк түсті үлкен, кіші және қызыл түсті үлкен, кіші үшбүрыштар; көк түсті үлкен, кіші және қызыл түсті үлкен, кіші дөңгелектер; көк, қызыл түсті үлкен, кіші шаршылар. Фигуралардың түсі, пішіні, мөлшері түрлендірілуі мүмкін.

Оқушылар фигуралардан түсті өрнектер құрастырады. Мысалы, бірінші сол жаққа қызыл кішкентай дөңгелек, одан соң кішкентай қызыл үшбұрышты қояды, т.с.с. Кейінірек ойынды күрделендіруге болады. Оқушылар мұғалімнің бұйрығымен өрнек құрастырады, ал содан соң бұл өрнекті орналасу тәртібін сақтай отырып, ары қарай жалғастырады. Тағы бір нұсқасы ретінде мұндай тапсырма оқушының бұйрығымен орындалады.
«Зейін сал»
Мақсаты: заттарды түсі бойынша айыра білу дағдыларын бекіту.

Әр түсті заттардың суреттері беріледі: қызыл қызанақ, қызыл сары сәбіз, жасыл шырша, көк шар, көгілдір көйлек, сары орамал. Оқушылар тақта алдында заттардың жазықтықта орналасқан бейнелерінің қасына жартылай дөңгеленіп тұрады. Мұғалім заттың аты мен түсін айтып, қолын жоғары көтереді. Балалар да қайталайды. Егер мұғалім заттың түсін айтпаса, оқушылар қолдарын көтермеу керек. Кім қателессе, берілген тапсырманы орындайды. Бірнеше заттың атын атап, заттың түсі қандай екенін айтуға тапсырма беруге болады.


«Сенің портфеліңдегі заттар қандай материалдан жасалған?»
Мақсаты: заттарды материалы бойынша ажырата білуге үйрету.

Ойыншыларға әртүрлі түстегі жетондар беріледі. Қоңыр түс - ағашты, сұр - металды, ақ - қағазды, қызыл - пластмассаны, т.б. белгілейтінін келісіп алады. Портфельдерінде бар заттарды қарастыра отырып, қажет түстегі жетондарды бір шетке қойып отырады. Соңынан портфелінде қолындағы жетонның түсіне сәйкес неше зат бар екенін анықтайды.


«Заттарды тап»
Мақсаты: биіктігі бойынша заттарды айыра білу дағдыларын бекіту, оған сәйкес сөздерді балалардың сөздік қорында қалыптастыру.

Биіктігі бірдей немесе әртүрлі заттар алынады. Мұғалім бөлменің әр жерінде биіктігі бойынша бірдей немесе әртүрлі заттар жасырулы тұрғанын ескертеді. Шартты белгіден кейін балалар заттарды тауып, бірақ тапқандығы туралы айтпай, жүргізушінің сол жағына келіп, қатармен тұрады. Кім бұрын заттарды тапты, сол жүргізушіге жақынырақ тұрады. Бірнеше минуттан кейін іздеу жұмысы тоқтатылады да, қатарда тұрған балалар бірінен соң бірі не тапқандығын, бұл заттардың биіктігі жағынан қандай айырмашылықтары барын айта бастайды.



Дыбыс қай жақтан шығады?»
Мақсаты: кеңістікте бағыт көрсете алу дағдыларын бекіту; сөйлеу тілдерінде «оң жақта, сол жақта, алдында, артында» сөздерін қолдана білу.

Бір оқушының көзі орамалмен байланады. Екіншісі бөлме ішінде жүріп, қоңырауды сыңғырлатады (үстелді тықылдатады, қол ша- палақтайды, т.б.). Бірінші оқушы дыбыстың шыққан орнын айтады: «Менің оң жағымда шылдырлады», т.с.с. Ешқандай қателеспеген оқушы қоңырауды алып, жүргізуші қызметін атқарады.

Дыбыстың бағытын жақсы айыра алатын оқушылар үшін тапсыр- маны күрделендіруге болады. Бір уақытта бірнеше дыбыстың бағытын айту тапсырылады: «Бірінші рет дыбыс алдымнан, екінші рет оң жақтан, үшінші рет сол жақтан шықты».
«Керісінше»
Мақсаты: кеңістікте бағыт көрсете алу дағдыларын бекіту.

Мұғалім қозғалыс бағытын немесе кеңістіктегі заттар арасындағы қатынасты суреттейтін кез келген бір сөзді айтады. Мұғалім былай дейді: «Мысалы, «төменде» деген сөзді айтамын, мен шақырған оқушы оған қарама-қарсы мағынадағы сөзді айтуы керек (жоғары - төмен, оң жақта - сол жақта, оң - сол, алдында - артында, алғашқы - соңғы)». «Төменнен жоғарыға-жоғарыдан төменге, кітаптың басында-кітаптың соңында», т.б. сөз тіркестерін пайдаланып, тапсырманы күрделендіруге болады.


«Неше рет?»
Мақсаты: заттар мен құбылыстарды санау дағдыларын бекіту.

Мұғалім бірнеше рет қол шапалақтайды, ал балалар соған сәйкес цифр жазылған карточканы көрсетеді.




«Сөйлемді аяқта»
Мақсаты: әртүрлі белгілері бойынша заттарды салыстыру дағды- ларын бекіту.

а) Мұғалім сөйлемнің басын айтады, оқушылар оны жалғастырады. Мысалы: «Егер шырша қайыңнан аласа болса, онда қайың... (шыршадан биік). Егер еменнің діңі қайыңның діңінен жуан болса, онда қайыңның діңі... .Үстел аласа, ал шкаф ... . Сабақ ұзақ, ал үзіліс ... .», т.с.с.

ә) «Жуан, жіңішке, дөңгелек, ұзын, қысқа», т.б. сөздерді пайдаланып, сөз тіркесін аяқтауды ұсынуға болады.

«Артық фигураны тап»
Мақсаты: заттардың белгілерінің біреуі бойынша балаларды салыстыруға үйрету, логикалық ой-өрістерін дамыту.

Мұғалім жинақ полотносына бірнеше фигураларды қояды. Олардың бірі басқа пішінді болады. Мысалы, әртүрлі мөлшердегі 5 дөңгелек және 1 шаршы.

- Артық фигураны тап. Неге олай ойлайсың?

Мұндай тапсырманы түрлендіруге болады: әртүрлі мөлшердегі бірақ түсі бірдей фигуралар және басқа түстегі бір фигураны қояды.



«Фигураны тап»
Мақсаты: оқушыларды заттарды бірнеше белгілері бойынша салыстыруга үйрету; пішін және мөлшер туралы білімдерін бекіту.

Тақтаға түстері және мөлшері әртүрлі геометриялық фигуралар қойылады. Мұғалім айтады: «Тақтадағы фигуралардың ішінен кішкентай қызыл фигураны тап, ол көпбұрыш емес», т.с.с.

Басқа фигуралармен осыган ұқсас тапсырмалар ойластыруға бо­лады.

«Заттарды салыстыр»
Мақсаты: берілген белгі бойынша заттарды салыстыруды үйрету.

Мұғалім портфельден әртүрлі заттарды шығарады, ал балалар бел- гілі бір белгісі бойынша салыстыруы керек. Мысалы, дәптер мен кітап қалыңдығы және салмағы бойынша, сызғыш пен қаламсауыт ұзындығы бойынша, т.б.


«Ұшақтың ұшуы»

Мақсаты: кеңістікте бағыт таңдай білу; математикалық тілдерін да­мыту.

Мұғалім мерекелік шеру кезінде ұшқыштардың әуеде түрлі фи­гуралар жасайтындығын айтады. Мұғалім ұшқыш рөлінде болады. Оның ұшағы (сурет немесе ойыншық) қозғалыс бағытын өзгерте отырып, әртүрлі фигуралар жасайды. Ал оқушылар бағыттың өзгеруін анықтайды және мұғалімнің белгісі бойынша «жоғары, төмен, оңға, солға, оң жақта, сол жақта, оңнан солға, солдан оңға қарай» сөздерін пайдаланып, хормен бағытты айтады.


«Моншақ жинау»
Мақсаты:3 санын қосу тәсілімен таныстыру.

Анар 3 моншақтан тұратын тізбек жасап, мынадай мысал құрас- тырды: 3 + 3 = ? «Анар моншақтарды қалай тізгенін табайық. Өздерің де моншақтардың суретін салып, тізіп көріңдер». Оқушылар моншақты әртүрлі тізуі мүмкін: мысалы, 3 жасыл моншаққа 2 қызыл сары және 1 көк моншақ қосады немесе 3 жасыл моншаққа 1 қызыл сары және 2 көк моншақ қосады.

Мұғалім тақтаға 3 санын қосудың 2 тәсілін жазады:
«Қандай ойыншық жасырылды?»

Мақсаты: есептеу дағдыларын бекіту.

Тақтадағы ойыншықтардың бейнесі санмен және әріппен белгіленген. Карточкаларда бейнеленген ойыншықтардың біреуі жасырылады. Егер карточкалардың сол жағында жазылған әріптерден сөзді дұрыс құраса, оны табуға болады.



«Математикалық футбол»
Мақсаты: есептеу дағдыларын бекіту.

2 топқа (қыздар және ұлдар) бөлініп ойнайды.

Мұғалім айтады: «Футбол алаңында доп домалап келеді (суретте футбол алаңында әр жерде тұрған доп бейнеленген). Барлық футбол алаңы шаршыларға бөлінген. Доп футбол алаңының біресе бір, біресе келесі шаршысына түседі. Допты дұрыс «ұру» керек (ұру бағытын шифрлап тастау - яғни доп бағыт алған шаршыдағы нөмірге тең болатындай етіп доптарға мысалдар жазылады). Қыздар мен ұлдар кезекпен ойнай­ды. Допты «соғады» - доп ұшып келіп бірінші шаршыға түседі (қыздар жоғарғы доптағы жауабы 1 болатын мысалды құрастырады және жазады). Ұлдар доп «соғады» (олар да оң жақ қақпаның жоғарғы добындағы жауабы 1 болатын мысалды құрастырады, жазады). Ойын осыған ұқсас жалғасады. Соңында қай топтың көп ұпай жинағаны (ойластырылған жауаптармен дұрыс мысалдар құрастыруы) тексеріледі.

«Менің сүйікті жануарым»
Мақсаты:есептеу дағдыларын бекіту.

Балалар аңдардың суреттеріне қарайды. «Сендердің әрқайсысыңның өздеріңе ұнайтын жануарларың болады, қазір біз кімге не ұнайтынын табамыз (суреттің астына аңдардың нөмірін көрсететін мысалдар жазылған). Сендер барлық мысалдарды шешсеңдер, өздеріңе ұнайтын аңдарды табасыңдар, мысалдарыңның жауабы жазылған карточкалар мен кезекпен шығасыңдар». Оқушылар мысалдардың жауабына қарай жауап берушіге қандай аң ұнайтынын табады.



«Ең үздік есептегіш»
Мақсаты: суреттермен цифрлар санының сәйкестігін құру.
Мұғалім магнитті тақтадағы бөлімдерге 1-ден 10-ға дейінгі суреттерді орналастырады. Әр бөлімді кезекпен аша отырып, балаларға суреттерді санап, тиісті цифрды көрсетуді ұсынады

«Санды тап»
Мақсаты: натурал сандар қатарының реті туралы білімдерін бекіту.

Балаларға мына сандарды табу ұсынылады:



  • 6 мен 8 сандарының арасындағы сан;

  • 5-тен 1-еуі артық, 7-ден 1-еуі кем;

  • 7 мен 9-үйде көршілер тұрады, мен қайда тұрамын? т.б.

«Балыққа жем бер»
Мақсаты: есептеу дағдыларын жетілдіру.

Магнитті тақтаға балықтың суреттері ілінеді. Әр балықта қосу мен азайтуға мысалдар жазылған. Балалар кезекпен балықтарды ұстап, мысалдарды оқиды. Кім балықты көп «ұстайды», сол мықты «балықшы» атанады.



«Математикалық балық аулау»
Мақсаты:10 көлеміндегі қосу және азайту тәсілдерін бекіту.

6 сары, 2 қызыл, 2 жолақ - барлығы 10 балық дайындалады. Артқы бетінде қосу және азайтуға мысалдар жазылған балықтар магнитті тақтаның бетіне орналастырылады. Мұғалім балаларды кезекпен шақырады, олар балықтарды «аулап», мысалдарды оқиды. Мысалдарды шығарған барлық оқушылар жауабын цифрмен белгілеп, оны мұғалімге көрсетеді. Кім балықты көп «аулайды», сол ең жақсы балықшы атанады.



«Қашқын сандар»
Мақсаты: қосудың ауыстырымдылық қасиеті туралы білімдерін бекіту.

Балалар 3 топқа бөлінеді. Әр топтан 5 оқушыдан шығады. Оларға 1 карточкадан таратады (цифр немесе амалдар таңбасы жазылған). Белгі берілгеннен кейін әр бестіктің балалары қосуға мысалдар құрастырады. Мысалы, 2+8=10; 7+1=8; 5+4=9.

Жүргізуші басқа мысалдарға өзгеретіндей сандардың «қашып ке- туін» ұсынады: 8+2=10; 1+7=8; 4+5=9. Әр топтың бір мүшесі құрастырылған мысалдарды тақтаға жазады. Мысалдар жұбын салыстыра отырып, оқушылар қосудың ауыстырымдылық қасиетін қайталайды.

«Сиқырлы орындық»
Мақсаты: 10 көлеміндегі қосу, азайту дағдыларын қайталау.

Әр балаға цифрлар жазылған карточкалар таратылады. Мұғалім мысалдар жазылған карточкаларды көрсетеді. Балалар мысалдарды тез есептеп, мәні өзінің карточкасындағы цифрға сәйкес болса, жүгіріп шығып, орындыққа отырады.



«Аңқау математик»
Мақсаты:есептеу дағдыларын дамыту.

Тақтаға цифрлары мен таңбалары қалдырылған мысалдар жа- зылады. Аюдың суреті салынған. Цифрлар мен таңбалар жазылған, түсті қағаздан қиылған үйеңкінің жапырақтары тақтаның бір шетіне қыстырылады.

Мынадай әңгіме айтылады: «Аю мысалдарды шығарып, жауапта- рын жапырақтарға жазды. Жел соғып, жапырақтар жан-жаққа ұшып кетті. Енді оған көмек керек». Оқушылар тақтаға шығып, керекті жапырақтарды тауып, бос орындарды толтырады.

Толық ондықтар. Жүз

«Ойлаған ондық сандарды тап»
Мақсаты: ондықтармен есептеуді орындау дағдыларын дамыту.

Ойынға сынып оқушылары толық қатысады. Мұғалім айтады: «Мен бір сан ойладым. Ол санға 30-ды, содан кейін 40-ты қосқанда, 100 шықты. Мен қандай сан ойладым?» «20-ға ойлаған санды және 30-ды қосқанда, 70 шықты. Қандай сан ойладым?»



«Толықтыру»
Мақсаты: есептеу дағдыларын дамыту.

3 топ ойнайды. Оқушыларды 3 қатар бойынша бөлуге де болады. Мұғалім айтады: «Мен сандарды атаймын, ал сендер 100-ге дейін неше жетпейтінін айтасыңдар». Содан кейін толық ондықтарды атай-ды, оқушылар осы санды 100-ге дейін толықтыратын санды айтады. Ешқандай қате жібермеген топ жеңеді.



«Кім көп табады және дұрыс көрсетеді?»
Мақсаты:10 көлеміндегі сандардың реті туралы білімдерін бекіту.

Қағаз бетіне 1-ден 10-ға дейінгі сандар әр түспен, әртүрлі пішінде

жазылған. Олар әр жерге орналастырылады. Ойнаушының мақсаты - ең кіші саннан үлкен санға дейін немесе керісінше көрсетуі керек. Осы тапсырманы бәрінен жылдам орындаған оқушы жеңеді.

«Қандай мысал шығарылды?»
Мақсаты: есептеу дағдыларын жетілдіру.

Мұғалім тақтаға жазылған мысалдардың бірінің жауабын көрсетеді. Оқушылар осы мысалды тауып, оны атау керек.



«Есептеуіш машиналар»
Мақсаты: есептеу дағдыларын жетілдіру.

Мұғалім математикалық өрнектерді оқиды, ал оқушылар есептейді және есептеу нәтижелерін цифрлар жазылған карточканың көмегімен көрсетеді.



«Математикалық баспалдақ»
Мақсаты:есептеу дағдыларын жетілдіру.

Мұғалім мысалдарды баспалдаққа жазады. Екі оқушыны шақырады. Оларға бұйрық берілгеннен кейін балалар мысалдарды шығаруды бастайды. Кім баспалдақтың ең жоғарғы басқышындағы мысалға бірінші жетсе, сол жеңеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет