Кеңістік пен уақытты бағдарлауды дамыту
ІІ Сәбилер тобында балаларды кеңістікті бағдарлаумен таныстыру үшін өздерінің дене мүшелерін дұрыс ажырата білуге үйрету керек. Сол арқылы балалардың тұрмыстық әрекеттерімен таныстырады. Мысалы, жуыну кезінде, киіну кезінде тәрбиеші дене бөліктерін айта отырып, балаларды оң және сол қолдарын ажырата білуге үйретеді, тамақтану кезінде қасықты оң қолында ұстауға, ал сол қолда нан ұстау керектігін үйретеді. Балаға оң және сол аяқтарын, құлақтарын көрсетуді айтады және сол аяқ, сол көз, сол құлақтың сол қол жақта орналасқанын, оң көз, аяқ,-оң қол жақта орналасқанын түсіндіреді.
Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыруда сабақта алған білімдерін мына дидактикалық ойындар арқылы толықтырады: «Қуыршақты жуындыру», «Қуыршақты ұйқыға жатқызу», «Қуыршақты киіндіру», т.б. Тәрбиеші балаға қуыршақтың басын, бетін, аяқтарын жуындыруды айтады, және оның беті, басы қайда екенін сұрайды.
Балалар өз денесіндегі кеңістік бағыттарын айтуды үйренеді: жоғарыда - бас, төменде-аяқ, алдында-бет, артында-бел, сол жақта сол қол, оң жақта-оң қол.
Естриярлар (3-4) тобында балалар кеңістікті бағдарлау жайлы түсініктерін кеңейте бастайды. Алдымен баланың алды-артында, оңда-солда тұрған ойын-шықтардың (1-2) орналасуын ажырату сияқты тапсырма береді. Кейіннен ойыншық саны көбейтіліп отырады. Ойыншықтар балаларға жақын қойылады, кейіннен алыстата бастайды. Педагогтің тапсырмасымен бала қай жақта қандай ойыншық тұрғанын айтады, кейін тәрбиеші балаға оңға қарай бұрылуын өтінеді және қай жағында қандай ойыншық тұрғанын сұрайды.
Балаларға мынадай ойындар ойнатуға болады: «Бұл жерде не тұрғанын айт», «Не өзгергенін тап», «Қайда бара жатырсың?», «Жалаушаны тап», т.б. Ойынның тапсырмаларын орындай отырып, балалар кеңістіктің негізгі бағыттарын ажырата бастайды. Мысалы, тәрбиеші балалар жоқ кезде бөлмеге заттарды жасырып қояды да, (суреттің артына, кілемге, шкафқа) балаларды шақырып, ойын басталар алдында оларға қандай ойыншықты қайдан табу керектігін айтады. Іздеуге кіріспес бұрын бала қандай ойыншықты қайдан табу керектігін қайталайды.
Ересектер тобында (4-5) Балалардың кеңістікті бағдарлау жайлы білімдері кеңейтіліп, қорытындала бастайды. Ол үшін арнайы жаттығулар орындату қажет. Мысалы, тәрбиеші балаларға заттарды көлеміне қарай: сол жақтан үлкен, оң жақтан кішкентайынан бастап қою. Немесе үстел үстіне ойыншықтарды қояды: ит, мысық, сиыр, қоян.Тәрбиеші балаларға қарап: Айтыңдаршы, сиырдың алдында қандай жануар тұр? Мысықтың сол жағында қандай жануар тұр? Мысық қандай жануарлардың ортасында тұр? Одан кейін тәрбиеші ойыншықтарды араластырып, оларды алма-кезек орналастырады: кім бірінші тұр? Мысықтың алдында қандай жануар тұр? т.б. Балалардың қоршаған ортада тұрған орнын айттыруға да болады (үстелдің алдында тұрмын, айнаның алдындамын, т.б.)
Ересектер тобында балаларды кеңістікті қағаз парағына бағдарлауға үйрету басталады. Бұл тапсырма бұдан төменгі топтарда болмаған. Тәрбиешінің басшылығымен парақтағы заттың бағыттарын атауды үйрене бастайды: парақтың төменгі жағында, оң жағында, т.б. Мынадай тапсырма беруге болады: парақтың сол жағына 5 дөңгелек, оң жағына одан біреуі артық дөңгелек орналастыр. Парақтың жоғарғы және төменгі бөліктеріне сегіз үшбұрыштан орналастыр. Бала тапсырманы орындай отырып, неше және қандай фигураны қайда орналастырғанын айтып отырады.
Мектепке даярлық топта (5-6) балалар қимыл-қозғалыс бағыттарын, өзімен затттардың, заттармен заттардың және парақ бойынша кеңістікті бағдарлау жайлы білімдерін толықтырып, қорыта бастайды. Балалармен жұмыс жасауда қарама-қарсы бағыттарды да атап өту керек: оң-сол, жоғары-төмен.
Баланың кеңістікті бағдардауда мынадай тапсырма беруге болады: «Парақтың жоғарғы жағына 4 парақша орналастыр», «Не қайда жатыр?» , «Не өзгерді?», «Кім есте сақтады?», т.б.
Кеңістік қатынастардың алуан түрлілігі кеңістік көмекші сөздерді пайдалану арқылы сөйлегенде қолданылады: ішінде, үстінде, астында, алдында, артында, қарсысында, арасында, айналасында, үстінен, көлденеңінен, арқылы, бойлай, т.б., сондай-ақ үстеу сөздер: мұнда, онда, солға, оңға, алыс, жақын, төменнен, жоғарыдан, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |