3 апта тапсырма
Атқа міну мәдениетінің генезисі.
Сармат атауы біздің заманымыздан бұрын III ғасырдан бастап кездесе бастады. Жазба деректерге сүйенсек, сарматтар б.з.б. ІІ ғасырда қазіргі Батыс Қазақстан мен Қара теңіздің солтүстік аймағын мекен еткен. Алайда, жазба деректерде сарматтар туралы дерек өте аз кездеседі.
Сарматтар алғашындa, яғни б. з. б. VIII ғacырда «сауроматтap» деп аталған екен. Олар біздің заманымыздан бұрын екінші ғасырдан бастап Оңтүстік Орaл мен Еділ бойын, Қазақстанның батыс аумaғына қоныстанады. Бірақ, б. з-дың IV ғасырында ғұндардан жеңіліп, батысқа қарай қоныс аударып кетеді.
Сол заманда өмір сүрген барлық тайпа сияқты сарматтар да ержүрек жауынгер болған. Сондай-ақ, сармат тайпасы дай (дах) – мaссагет, исседондармен тyыстас болып келген және роқсоландаp мен алаңдaр және аорстар, cирақтар т. б. тайпaлар сарматтардың құрамында болған.
Сармат тайпасы туралы грек, рим тарихшылары, соның ішінде Диодор, Геродот, Үлкен Плиний мен Полибий өз еңбектерінде жазып кеткен. Мәселен, Диодордың еңбегінде сарматтар сақтардың жерін басып алып, жер-суын иемденіп, халқын қырғынға ұшыратқан делінген. Ал, Герадот сармат тайпасын әйелдер басқарған дейді. Сондай-ақ, сарматтарда әйелдердің үстемдік еткенін қазба жұмыстары кезінде табылған ескерткіштер де растайды.
Диодор Сицилийский сарматтар Мидийден сақтар мекендеген Танаис өзеніне қоныс аударған деп жазады. Плиний сондай-ақ, сармат тайпасының мидиялықтармен туыстық байланыста болғанын хабарлады. Ал, Геродоттың айтуынша, сарматтар скифтердің ұлдарына тұрмысқа шыққан амазонкалар. Сөйтіп, амазонкаларға үйленген скифтер Танаис өзенінің бойына қоныс аударған делінеді.
Алайда, Герадот скифтердің шығу тегі туралы айтқанда, олардың Азияны мекендеген көшпелі скифтер деп көрсетеді. Кейіннен оларды массагеттер ығыстырып, скифтер Аракс өзені арқылы өтіп, Киммерия жеріне кеткен дейді. Геродот сонымен қатар «савраматтардың» тілі скиф тілі деп жазды. Бірақ олар бұл тілде бұрыннан қате сөйлеген. І Дарий скифтерге басып кірген кезде сарматтар скифтерді қолдап, сақ патшаларының әскерлерінің құрамына кірді.
Б.з.б. V-IV ғасырларда Сарматтар скифтермен көрші тұрып, бейбіт өмір кешті. Скиф сатушылары шығыс елдеріне шығатын кезде сарматтардың жерінен еркін өте алған. Перстермен соғыс кезінде сармарттар скифтердің сенімді одақтастасы болды. Сондай-ақ, Атей кезеңінде де одақтастық қатынастар сақталды және сармат жасағы скиф патшасының сарайында әскери қызметте болды. Ал сарматтардың жеке топтары еуропалық скифтердің аумағында қоныстанды. Бірақ, III ғасырда бұл достық қарым-қатынастың соңы сарматтардың скифтерге қарсы басшыншылық шабуыл жасауымен аяқталды.
Сарматтар жауынгерлігімен ерекшеленеді. Олар көрші скифтерге қарағанда Алдыңғы Азия, Солтүстік Кавказ бен Парфияға сәтті басқыншылық жорықтар жасап, үстемдік еткен. Мәселен, сарматтардың құрамында болған роксоландар Понтия патшасы Митридатпен соғысып, скифтерді жақтайды. Бірақ, кейін кезінде өздері соғысқан Митридатпен одақтасып, Римге қарсы басқыншылық жорық жүргізеді. Алайда, соғыс барысында сармат тайпалар одағының бірі аорстар Рим әскеріне көмектесіп, сирактарды талқандауға қатысады. Ал сирактар ол кезде Боспор патшалығының одақтасы болатын.
Алан тайпалары халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде ғұндарға қосылып, Испанияға дейін барды. Кейіннен ғұндар Батыс Қазақстанға қоныстана бастаған кезде сарматтар олармен етене араласып, біріге бастады.
Негізінен, сарматтар иран тілді ел болған. Бірақ, сарматтар мекендеген жерге ғұндардың келуіне байланысты, олар түркі тілінің ықпалына көшеді. Сарматтар жайлы жазба деректерге қарағанда жан-жақты, көлемді мәліметтерді негізінен археологиялық ескерткіштер береді.
Негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Жылқы мен қой өсірген. Иран тілдес болған. Жылқыны тебіндеуге үйренген түрлері және жорыққа мінетін қазанаттар өсірген. Еділ-Жайық бойын, Қара теңіз жағалауын мекендеген сарматтар малшылықпен қатар егіншілікті де игерген.
Б.з.б II ғасырдың екінші жартысындағы «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы» деп аталып кеткен тарихи оқиғалардың нәтежиесінде Орталық Азияда жаңа мемлекеттік бірлестіктер, соның ішінде Үйсін, Яньцай, Қаңлы мемлекеттері қалыптасты. Соңғысы Қазақстан тарихында елеулі рөл атқарды (К.Байпаков). Мемлекет аты алғаш рет қытай жылнамасы «Шы-Жи»-Даван лежуанда («Тарихи жазбалар»- Ферғана тарауы) жазылған «Қаң жуй го» деген атаудан алынған. Қаң жуй-қаңлы (орыс әдебиетінде «Кангюй»), го-«мемлекет» деген мағынаны білдіреді. Б.з.б II ғасырдың орта шенінде Іледен Әмударияға қоныс аударған даружылар (Ұлы юечжи) тайпаларынан бөлініп қалған рулардың Талас өзенінің бойында қайта бірігуі нәтижесінде құрылған (б.з.б II ғасыр-б.з V ғасыры).
Тұңғыш рет қаңлылар туралы мәлімет Қытай деректемелерінде аталады. Б.з.б 138 жылы император У-ди князь Чжан Цянь бастаған сауда елшілігін Батыс елдеріне аттандырды. Чжан Цянь 13 жылдан кейін оралды. Оның императорға жазған жолдамасында бұған дейін Қытайға беймәлім болып келген қалалық цивилизациялар мен көшпелі тайпалық одақтар сипатталды. Басқа елдердің ішінде Қаңлы да аталды. Аумағы шығысында – Талас пен Шудың төменгі ағысының аралығында, оңтүстігінде – Ташкент ойпатының, солтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысының аралығында орналасқан. Мемлекет билеушісі Дауанның (Ферғана) астанасы Эртли қаласынан солтүстік-батыста ірге тепкен Битянь шаһарында орналасқан (Айбын. Энциклопедия.А.,2011.484.). Қаңлылар-қазақтың халық болып қалыптасуына ұйытқы болған негізгі тайпалардың бірі. Қытай патшалығының жазба деректемелеріне қарағанда, олар біздің заманымыздан бұрынғы III ғасырдан бастап әйгілі болған. Бұл қаңлы атауы б.з.б зороастризм дін кітабы «Авеста» деректері мен үнді халқының эпосы «Махабхарата» қолжазбаларының деректерінде де белгілі болған. Бұл деректерде «Кангха» түрінде берілген. VIII ғасырда орхон жазуымен жазылған «Күлтегін», «Білге қаған» ескерткіштерінде «Қаңғу-Тарбан» түрінде кездеседі. Тарбан деп Отырар қаласын айтқан. Кейбір деректерде «Қаңғар» деп те айтылады. Мұның бәрі «Қаңлы» атауының түрлі тілдердегі дыбыс өзгешеліктері. Ерте заманда Сырдарияның орта шені «Қаң», «Қан» деп аталған. «Қаңлы» осы Сыр бойын мекендеушілер деген сөз дейтін болжам да бар. («Қазақ совет энциколепиясы»,8.том., 456.б.). Сол кездегі ірі елдердің жазба деректерінде көрсетілуі қаңлы тайпаларының жай ғана ру-тайпалық деңгейде өмір сүрмегендігін, олардың мемлекеттік дәрежеге көтерілгенін байқатады. Қытай авторлары Қаңлы туралы жазғанда оны көшпелі тайпалар мекендеген, бірақ қалалары бар үлкен мемлекет ретінде сипаттайды. Қаңлы билеушісінің өкіметі Каспидің солтүстік жағалауына дейін жеткен, мұнда оған Сармат, Алан тайпаларының одағы – Яньцай тәуелді болған. Орта Азияда Қаңлыға бес иелік: Сусе, Фуму, Юени, Ги, Юечань бағынышты болды. Қаңлының бес иелігі Сырдария өзенінің бойына былайша орналасқан: Юечань – Хорезм, Ги – Сырдарияның сағасы, Фуму – Жаңақорғанның солтүстік-батысынан Қазалыға дейін, Сусе – Сырдарияның орта ағысы, Арыс өзенінің аңғары, Қаратау беткейі, Юени – Ташкент жазирасы (Қазақстан тарихы. т.1.А., 1996.273.б.). Ғалымдардың көпшілігі қаңлылардың түркі тілдес халық болғандығына күмән келтірмейді. Жапон ғалымы Сиратори: «Ежелгі қаңлылар тұрмысы, әдет-ғұрып және тіл жағынан қазіргі қазақтар еді» деп дәлелдейді. Қуатты мемлекеттік бірлестік болған.
Жүздесу мен тілдесу және алыс-беріс байланыстары б. з. дейінгі III—ІІ-мыңжылдықтарда басталған. Бадахшан тауынан лазурит және Хотан маңындағы Яркендария өзенінің жоғарғы жағынан нефрит кен орындары табылып, оларды өндіре бастауға сәйкес бұл байланыстар реттеліп, жөнге келтіріледі. Б. з. дейінгі І-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Онтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген агрипейлер еліне кететін Дала жалы жұмыс істей бастаған еді. Осынау жолмен жібек, ұлпандар мен терілер, иран кілемері, асыл металдардан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын. Қымбат бағалы жібек түрлерін таратуға сақтар мен скифтердің көшпелі тайпалары да қатысқан, осылардың дәнекерлік демеуі арқасында сол кез үшін таңсық болған бұл тауар Орта Азия мен Орта теңіз аймағына дейін жеткен. Б. з. дейінгі II ғ. орта шенінде Жібек жолы елшіліктік және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды. Б. з. II—V ғғ. егер Шығыстан жүре бастасақ, Жібек жолы Қытайдың ежелгі астанасы Чаньаннан шығып, Ланчжоу маңындағы Хуанхэ өткеліне баратын да, одан әрі Нань-Шаннің солтүстік сілемдерімен жүріп отырып, Ұлы Қытай қамалының батыс шетінен, Яшма қақпасының шебінен барып шығады. Осы арадан сара жол екіге айырылып, Такла-Макан шөлін солтүстік жағынан айналып өтетін. Терістік жолы Хами, Тұрфан, Шихо көгал аймақтары арқылы Іле алқабына жететін орталығы жжол Чаоннан Қарашарға, Ақсуға, сосын Бедел асуы арқылы Ыссық көлдің оңтүстік жағалауына шығып, Дунхуан, Хотан, Яркенд, Бактрияларды басып өтіп, Үндістан Үндістан мен Орта теңіз аймағына қарай шырқап кететін; бұл Оңтүстік жолы деп аталатын. Ал, Солтүстік жолы Қашғардан Ферғанаға, одан әрі Самарқанд, Бұқар, Мерв арқылы Хамаданға, Сирияға баратын. XI—ХІІ ғғ. Қытайдан шығып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы Батысқа қарай өтетін жол бәрінен де жанданып кетеді. Жолдың бұлай ауытқуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда Орта Азиямен жүретін сауда жолдарын бақылайтын Түрік қағандарының ордалары болатын. Екіншіден, Ферғана арқылы жүретін жол VII ғ. ішкі қырқыс салдарынан қауыпты болып қалған еді, үшіншіден, аса бай түрік қағандары мен олардың айналасындағы кісілер, теңіздің арғы бетінен келген тауарларды аса көп тұтынатындар қатарынан саналатын. VII—XIV ғғ. елшілік және сауда керуендерінің дені Жібек жолымен жүретін. Сан ғасырлар бойы жол тынымсыз өзгеріп отырған, оның бір учаскелері айрықша маңыз алып, көркейіп жатса, екінші бір учаскелері жабылып, ондағы қалалар мен сауда бекеттрі қаңырап бос қалған. Мәселен, VI—VIII ғғ. негізгі күре жол Сирия — Иран — Орта Азия — Оңтүстік Қазақстан — Талас алқабы — Шу алқабы — Ыссық көл шұңқыры — Шығыс Түркістан болған. Осынау жолдың бір тармағы, дәлірек айтсақ, тағы бір бағыты Византиядан шығып, Дербент арқылы Каспий өңірі даласына — Маңғыстау — Арал өңірінен өтіп, Оңтүстік Қазақстанға жеткен. Бұл жол Сасанилар Иранына қарсы, Батыс түрік қағанаты мен Византия арасында сауда-елшілік одағы жасалған кезде, Иранды айналып өтетін болған. IX-—XII ғғ. жолдың бұл желісі, Орта Азия мен Таяу шығыс арқылы Кіші Азия мен Сирияға, Мысыр мен Византияға баратын жолға қарағанда, едәуір аз пайдаланылған, ал ХПІ—XIV ғғ. қайтадан жанданады. Құрлықтағы саяси хал-ақуал елшілер мен саудагерлердің және басқа да саяхат-серуенде жүрген кісілердің қай жолды таңдап алатынын анықтап отырған.
Қазір Жібек жолының тарихын зерттеу, оны жаңғырту, осы жол бойындағы елдердің саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын ұлғайту қайта 0олға алынып отыр. 1987 жылы ЮНЕСКО-ның бас конференциясының XXIV сессиясы «Ұлы Жібек жолын зерттеудің халықаралық жобасын» қабылдады. Оған Грекия, Португалия, Египет, Италия, Қытай, Индонезия, Моңғолия, Оман, Шри Ланка, бұрынғы Кеңестер Одағы қатысты. «Адамды қоршаған орта, жер мен теңіз қорлары», «Мәдениет және болашақ» атты бағдарламалар бекітілді. Осы бағдарламаларды іске асыруға қатысты. 1991 жылы Қазақстанда «Жібек жолы» атты Ұлттық комитет құрылды. Ұлы Жібек жолы көне дәуірде де, қазір де Еуразия халқы үшін мәдени байланыс, саяси рухани мәселелерді шешуде маңызы үлкен.
Көне түрік дәуірі — ежелгі ортағасыр кезеңі (VI-XIII-ғ.) казірғі Қазақстан жерлерінде тілдік және саяси жағдайлардын өзгерулеріне тікелей байланысты болып келеді.
Осы кезде осы жерлерде түркітілдес халықтар этникалық және саяси үстемдікке ие болады. Өзгерістер негізінен Орталық Азия даласының шығыс бөлігінде оқиғаларға байланысты болды. VI-ғасырдың орта шенінде аталған өңірде түрік деп аталатын тайпалар одағының мемлекеті - ұлы Түрік қағанаты бой көтерді.
Көне түрік өркениетінің ұлы жетістіктерінің бірі - өз жазуын жасауы еді. VI-VII-ғасырларда Түрік қағанатының құрамына кірген Орта Азиялық және Қазақстанның тайпалары, сондай-ақ, Төменгі Еділ бойы, Дон өлкесінің, Солтүстік Кавказда Хазар мемлекетін құрған батыс түрік тайпаларының өз жазулары әлдеқашан пайдалануда болатын. Түріктер әріп-белгілерді шағын ағаш тақтайшаларға салатын. Елшілер арнайы ғрамоталармен қамтамасыз етілді. Мәселен, 598-жылы Константинопольдегі император Юстинге келген түрік елшісі қағанның «скиф жазуымен жазылған» сәлемін жеткізген.
VII-ғасырдың I-жартысында түріктер арасында соғды жазуының негізінде геометриялық сызбалардан тұратын 38 белгіден құралған жаңа жазу қалыптасады. Ол ағашқа немесе тасқа түсіруге өте қолайлы болды.
Түрік қағанаты тарихының алғашқы кезеңінде, кеш дегенде VII ғасырдың бірінші жартысында, ертедегі түрік таңбаларына (рулық нышандарына) ұқсас бірнеше белгілермен толықтырылған соғды жазуы негізінде түріктердің арасында жаңа жазу пайда болды. Ол жазған кезде бір-бірімен қосылмайтын геометриялық пішіндегі таңбадан тұрған және соғды әріптерінен ерекшелігі — ағашқа немесе тасқа жазуға жақсы бейімделген еді. Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет XVIII ғасырдың 20-жылдарында I Петрде қызмет атқарған неміс ғалымы Д. Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И. Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинавияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды. 1889 жылы Н. М. Ядринцев Солтүстік моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлпытастарды тапты. Табылған мәтінді оқудың бірінші болып кілтін тапқан дат ғалымы В. Томсен және жазбаларды алғаш рет оқыған орыс түркологы В. В. Радлов болды. Негізгі ескерткіштердің табылған жері бойынша жазу «орхон-ени- сей» жазуы деп атала бастады, ал басқа белгілері (тілі және жазылу сипаты) бойынша ол ертедегі түріктердің руналық жазуы деп аталып келеді.
Руналық жазулардың барлық табылған ескерткіштері ішінде Солтүстік моңғолияның негізінен алғанда Орхон, Тола және Селенга өзендерінің аңғарларында шоғырланған ескерткіштері ең ірілері болып отыр. Олардың бәрі екінші Түрік қағанаты (689—744 жж.) және моңғолиядағы Ұйғыр кағанаты (745—840 жж.) дәуірінде орнатылған. Ең әйгілілері — Білге-қаған мен оның інісі, қолбасшы Күлтегіннің құрметіне 732—735 жылдары тұрғызылған ескерткіштер және екінші Түрік қағанатының алғашқы қағандарының кеңесшісі Төникөктің(716жыл) құрметіне Төнікөктің тірі кезінде-ақ орнатылған ескерткіш. Орта Азия мен Қазақстан аумағында руналық ескерткіштердің екі тобын — ферғаналық тобы мен жетісулық тобын бөліп қараған жөн. Бұларға үлкен-үлкен қойтастардағы, қабір басына қойылған тастардағы тоғыз жазу және Талас өзенінің анғарындағы Терексай қойнауындағы жартас бетіндегі жазулар, Жамбыл қаласының маңынан табылған керамикадағы жазулар, теңгелер мен тұрмыстық бұйымдардағы ұсақ жазулар мен жекелеген белгілер, ағаш таяқшадағы жазу (Талас өзені бойынан кен қазу жұмыстарында кездейсоқ табылған), сондай-ақ Шығыс Қазақстаннан табылған екі қола айнадағы руналық жазулар, Талғар қала жұртынан табылған қыш ұршық бастағы ұсақ жазулар жатады. Бұл ескерткіштердің бәрі Батыс түрік қағанаты мен Қарлұқ мемлекетінде (VII—IX ғғ.) жасалған; қола айналардағы жазулар қимақтарға тән. Ағаш таяқшадағы жазудың біршама жұмбақ сыры бар. Ондағы жазу түрі орхон- енисей жазуынан өзгеше, бірақ ол ертедегі Хазар мемлекетінің аумағында - Еділ, Дон бойында және Солтүстік Кавказда қазба жұмыстары кезінде табылған алтын ыдыстардағы «печенег жазуы» деп аталатын жазуларға (Надь-Сент-Миклош жазулары) ұқсас. Руна жазуының батыстық бұл нұсқасы, барлық әрекеттерге қарамастан, азды-көпті ірі мәтіндердің жоқтығынан әлі күнге дейін ажыратылмай келеді. Мүмкін, Таластан табылған таяқша хазарлар мен Батыс түрік қағанаты арасындағы ертедегі байланыстарды меңзейтін болар. Ертедегі түріктердің руна жазуы XI—XII ғасырлардан кейін қолданудан шығып қалған. Орталық және Орта Азияда оны әуелі ұйғыр курсиві, содан сон ислам дінін қабылдаған түрік тайпаларынын арасына тараған араб жазуы ығыстырып шығарды. Түріктердің руналық жазуымен қатар Қазақстаннын оңтүстігі мен Жетісуда соғды тілі таралды. Ол соғды және түрік тұрғындары арасында халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде де пайдаланылған. Сирия және ұйғыр жазулары қолданылды. Әрине, жазуды ең алдымен қоғамнын білімді өкілдері мен дінбасылар пайдаланған, алайда керамикадағы, айналардағы жазулардың көп табылуы халықтың қалың топтары арасында да сауаттылық таралғанын дәлелдейді. Моңғолия мен Енисейдің руналық мәтіндері маңызы зор тарихи құжаттар болып қана қоймай, сонымен бірге аса көрнекті әдеби шығармалар да болып табылады. Бұл тұрғыда аса көрнектілері — Білге-қаған мен Күлтегіннің құрметіне жазылған руналық ең үлкен екі мәтін. Мәтіннің соңында көрсетілгендей, олардың авторы басқа адам болғанымен, олар Білге-қағанның өз атынан жазылған. Бүкіл ортағасырлық түркі тілдес әдебиетте шешендік өнердің және батырдың ерлігі жайындағы талай ғасырлардың өндеуімен өткен ауызша хикаялардың дәстүрлі түрлерін сақтаған саяси прозаның бұлардан асатын тамаша үлгілері жоқ. Екі жазудың да композициясы әбден ұқсас, тіпті жазулардың денінің мәтіндері де бірдей. Ескерткіштердің кіріспе жолдары бағзы бір замандарға арналған: «Жоғарыда зеңгір көк, төменде қара жер жаралғанда, олардың екеуінің арасында адам баласы пайда болған. Адам баласына менің ата- бабаларым үстемдік құрған!.. Дүниенің төрт бұрышы түгел оларға дұшпан болған. Әскер құрып, жорыққа аттанып, олар дүниенің төрт бұрышының халқын түгел бағындырған... Олар бұған дейін әміршісі болмаған көк түріктердің арасында тәртіп орнатып, басқарған. Олар кемеңгер кағандар, ер жүрек болса керек; олардың балалары да халықпен ынтымақты болған. Олардың мемлекетті соншалық ұзақ басқарып тұрғаны да сондықтан болу керек... Бұлардан кейін інілері қаған болды, одан соң ұлдары қаған болды. Інілері ағаларындай, ұлдары әкелеріндей болмағандықтан, жетесіз қағандар патшалық құрып, олардың қызметіндегілер де сондай жетесіз, қорқақ болып шықты. Бектер мен халық бір-біріне сенуден қалғандықтан, Қытайдан келген алдаушылардың алдап-арбауы мен арандатуына еріп, солардың қитұрқылықтарынан, олардың ағайын арасына от салып, халық пен бектерді жауластыруынан келіп түрік халқы бұған дейінгі елдігінің шырқын бұзды, билік жүргізіп тұрған қағанын өлімге душар етті». 731 жылы осы мәтін жазылғанда құрылған кезі (VI ғасырдың орта шені) аңыздағыша өте ертеде өткендей көрінген бірінші Түрік қағанатының құрылуы мен құлдырауы, дәуірлеуі мен күйреуі жайында Білге-қаған осылайша баяндайды. Егер ескерткіштің тұжырымды мәтінінен қоғамдық үлкен өзгерістердің сарыны сезілмесе, ал баяндаудың өлшемді ырғағынан түріктерге патшалық құрып отырған қағанның арғы ата-бабалары берген жаңа әлеуметтік құрылысты мадақтайтын саяси декларацияның көтеріңкі сарыны айқын бой көрсетіп тұрмаса, өткен окиғалар туралы естелікті екі ғасыр бойы сақталған дәстүрлі тарихи дегеннен гөрі эпикалық дәстүр деп атауға болар еді. Одан әрі сол ырғақта екінші Түрік кағанатының құрылуына байланысты оқиғалар баяндалып, Білге-қаған мен Күлтегіннің ерлігі айтылады[1]
Түріктердің руна жазуы ұзақ пайдаланылуда болып, XI-XII ғасырларда қолданыстан шығады. Ғалымдардың пікірінше, түріктердің ислам дінін қабылдауына байланысты, руна жазуын араб жазуы ығыстырып шығарған.
Азиядағы көне түрік ескерткіштеріне тән ерекшелік - адамды атымен жерлеген обалар мен ғұрыптык қоршаулар болып табылады. Ескерткіштің осындай түрлері Сарыарқадан да табылған.
1957 жылы М.Қ. Қадырбаев Тоқырауын өзені бойындағы Егізқойтас сайындағы (Ақтоғай ауданы) VI-VII-ғасырларда адамды атымен жерлеген обаны зерттеді. Жерлеу тереңдігі 2 метрге жуық үлкен қабірде (2,10 х 1,90 м) атқарылған. Адам сүйегі қабірдің солтүстік бөлігінде, жылқынікі оңтүстік бөлігінде орналасқан. Мәйіт шалқасынан жатқызылып, басы шығысқа қаратылған. Оның жақ сүйегінің жанында садақ оғының жебесі, кеудесінде қабық қорамсаның қалдығы табылған. Қорамсаны ілуге арналған темір шығыршық қара-жасыл жібектен жасалған белбеуге бекітілген. Осы жібек белдіктің іліп қоятын тас бұйымы мен белбеудің қоладан жасалған тоғасы сияқты қалдықтары табылған. Марқұмның сол қол саусақтары тұсында темір пышақ болды. Марқұммен о дүниеге бірге барады деп саналатын құрбандыққа шалынған аты ноқта-жүген кигізіліп, ерттеліп жатқызылған қалпында жерленген. Жылқы денесімен батысқа қаратылғанымен мойны солтүстікке қарай бүрылып қойылған. Адам мен жылқы сүйегінің арасында о дүниелік азық - қой санының сүйектері жатыр. Қабір топырақ, таспен көміліп, үстіне диаметрі 7 м, биіктігі 0,60 м тас оба тұрғызылған.
Көне түрік дәуірінін археологиялык ескерткіштеріне ғұрыптык коршаулар да жатады. Олар VI-IX-ғасырлар аралығында ұзақ уақыт бойы жасалып келді. Көне түріктік қоршаулар марқұмға (ер адам) арнап ас беру ғұрпын өткізуге байланысты жасалды.
Қоршау - тігінен орнатылған тас такталардан кұралатын төрт бұрышты құрылыс. Оның іші тастармен толтырылады. Қоршаудың жанында марқұмның скульптуралық бейнесі - тас мусін немесе қарапайым тас баган қойылуы мүмкін. Тас мүсіннің беті шығысқа қаратылады. Кейде одан әрі шығысқа қарай аласалау тас бағаналар қатары тізіле қойылуы мүмкін. Бұл бағаналар ғылыми әдебиеттерде балбал деп аталады. Кезінде балбалдар қазылып орнатылса, қазірде олар құлап қалған. Бірқатар ғалымдар балбалдар өлтірілген дұшпандарын білдіреді деді. Келесі пікір бойынша, балбалдар ғұрыптық асқа келген тайпа, ру өкілдерінің ездерінің қатынасқандығын білдіргені ретінде әрқайсысының орнатқан белгісі делінеді.
Шығыс Сарыаркадагы кыпшак дәуірі IX-XIII-ғ. бас кезіне жататын қыпшақтық тас мусінді гибадатханалармен мәлім. Тас мүсіні бар қоршаулар сияқты бұл ескерткіштер де ғұрыптық (негізінен ас беретін) құрылыстарға жатады. Қыпшақтың бірнеше ғибадатханасының тұрі белгілі.
Қыпшақ ғибадатханалары көне түрік қоршауларынан тек қана құрылымдық жағынан ғана ерекшеленбейді. Егер түрік қоршауының жанында бір ғана мүсін тұрса, ғибадатханада мүсіндер саны біреуден беске дейін болып келеді.
Көне түріктердікі сияқты қыпшақ кезенінің мүсіндері де адам бейнесін толықтай да, жартылай да (түгел немесе белге дейін) бейнелейді. Алайда, қыпшақ ғибадатханасының мүсіндері көнетүріктердікінен айырмашылығы бар, оны шатастыру мүмкін емес. Белге дейінгі немесе толықтай денемен берілген қыпшақ мүсіндерінде екі қолына да ыдыс ұстап тұрған адам бейнеленген. Кейбір мүсіндердің қолдары қарын тұсында айқастырылып келеді де бірігіп тұрған қол саусақтарының арасында дөңгелене келген тесік бар. Қолы түсіріліп тұруы сирек кездеседі. Ер немесе әйел екендігі анық керсетілген мүсіндер де болады. Мүсіндердің басында бас киімге ұқсас белгі бар да, басқа киім түрлері салынбайды. Көнетүрік скульптурасындағы сияқты айбарлы жауынгердің образы қыпшақтарда кездеспейді. Қас пен мұрынның іспеттес үлгісі қыпшақтарда сақталғанымен, оның басқадай мәні бар сияқты. Қыпшақ ғибадатханаларының мүсіндері монголоид адам бейнелегенімен, үлкен көзділері жоқ. Ғалымдардың пікірінше, қыпшақ мүсіндері ата-баба образын бейнелеген.
Қыпшақ мүсіндерінің XI-XIII-ғ. Қаратеңіз бойы жазығындағы «половцылардың», яғни құмандардың мүсіндерімен белгілі бір ұқсастықтары бар. Құмандардың мүсіндерінде де екі қолына ыдыс ұстаған адам бейнеленген. Сондай-ақ, қыпшақ және құман ғибадатханаларындағы мүсіндерді орналастыру тәсілі де ұқсас. Құман мүсіндері обанын төбесіндегі алаңшаларға да, оба үйіндісінің астындағы қабірге де орналастырылады. Құмандардың «жасырын» мүсіндері әдетте ағаштан жасалады. Мұндай сәйкестіктер кездейсоқ емес, өйткені, құмандар XI-ғ. көшіп барып, Қара теңіз далаларын мекендеп қалған қыпшақтардың тікелей ұрпағы еді.
Үйсін мемлекеті (б.з.д. VIII ғ. — б.з. V ғасырда) — Қазақстанды мекендеген тайпаларда мемлекеттіктің алғашқы белгілері болды.
Бұлар сақтардың этномәдени мұрагерлері үйсіндер болатын. Қазақ мемлекеттігінің тағы бір қайнар көзі үйсіндер мемлекеті болып есептеледі. Үйсіндерде ежелгі өркениетке тән дамудың барлық белгілері байқалды. Бұл қалыпты даму белгілеріне мемлекеттік билік жүйесін, жазудың болғандығын, тұрақты әскерді, елшілік жоралғыларын және т.б. жатқызуға болады. Сақ дәуірінде болған малға, еңбек құралдарына және тұрмыс бұйымдарына деген жеке меншік үйсіндерде де кең қанат жайды. Қоғамның билеуші және бағынышты топтарға бөлінуі мейлінше айқын байқалды. Қоғам — ру ақсүйектері мен тәуелді ұсақ өндірушілер, жартылай тәуелді құлдарға бөлінді. Жерді жеке иеленумен қатар иерархиялық иелену түрі де дамыды (рулық, тайпалық, қауымдық). Ежелгі үйсіндерде әлеуметтік-экономикалық қатынастар өтпелі кезеңге тән сипатта болды. Дамудың мұндай ерекше түрінің болу себебі экономикалық кұрылысқа байланысты. Жартылай көшпелі және жартылай отырықшы үйсін коғамында өндірістің екі негізгі түрі болды: мал және жер. Мал түріндегі байлықтың жиналуы, мал-мүлік, жиһазға жеке меншіктің, тауар алмасудың дамуына әкелді. Әйтсе де көшпелі қоғам ерекшелігіне сай — әлеуметтік қатынастар аса ірі және шағын дәулетті мал иелерінің жеке меншік қатынастары түрінде дамыды. Рулық құрылыстың ыдырауы барысында туындаған таптық қатынастар құлиеленушілік сипатқа ие болды. Дегенмен ежелгі үйсін қоғамында құлдың еңбегін пайдалану өзіндік ерекше түрде дамыды; яғни, құл еңбегі өндірістің негізгі тірегіне айналған жоқ, ал құл иелену классикалық түрге жете алмады. Жазбаша және археологиялық деректерден ежелгі үйсін қоғамында б.з.д. II—I ғасырлардың өзінде-ақ жекелеген адамдардың қолында байлықтың шоғырланғандығы байқалды. Қытай деректерінде: «Үйсіндерде жылқы көп. Олардың ең бай адамдарында төрт-бес мың жылқы болады», — деп көрсетілген.
Демек, малы көп дәулеттілер болса, малы аз немесе жоқ кедейлер тобының да болғандығы даусыз. Сонымен қатар үй малдарына салынған таңбалар, металдан, тастан және қыштан жасалған мөрлер де жеке меншіктің пайда болғандығын көрсетеді. Ертедегі жылнамашылардың мәліметіне қарағанда, үйсіндердің кейбір әскербасылары мен шенеуніктерінде, күнби сарайы жанындағы тағы да басқа лауазымды адамдардың алтын және мыс мөрлері болған. Үйсін мемлекетінің басында үлкен күнби тұрды. Кей зерттеушілер үйсін мемлекетінің ел-басын күнби деп те атап жүр. Қытай тілінде үйсін патшасын гуньмо деп атаған. Үлкен күнбиден кейінгі мемлекеттік лауазым күнби болды. Бұл — бас уәзір. Одан кейіңгі лауазым — тулы (дулы), бұл Қытай мемлекетіндегі үлкен уәзірмен дәрежелес болды. Әскер оң және сол қанатқа бөлінді, оларды екі қолбасы басқарды. Елдің жоғарғы сотының қызметін билер деп аталатын екі орынбасары атқарды, оларды даруға (дарту) деп атады. Абыз атанған лауазым діни басшылықты іске асырды. Бұдан кейінгі мемлекеттік лауазым — бүкіл ұлыстың шыбегі (биі) болды. Оның екі орынбасары болған. Ел билейтін лауазым иелерінің тапсырмаларын орындатып отыратын атқосшы мансаптары болды. Үйсін мемлекетінің астанасы Ыстықкөл жағалауындағы Чигучэн қаласы болды.
Жағрапиясы
Үйсіндер тұрған жер
Жетісу аймағында орналасты. Шекарасы батысында Шу, Талас өзендеріне, шығысында Тянь Шанның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көлінен Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейін созылған. Үйсін бірлестігі жайындағы алғашқы мәліметтер б.з.д. 1 ғасырдағы қытай жылнамаларында кездеседі (Үйсін). 630 мың халқы болған. 189 мың адамдай жасақ құрған. Бірлестіктің бекіністі астанасы — Шығу қ. Батыс пен Шығыс елдері аралығындағы «Ұлы Жібек жолы» торабына орналасқан. Мұның өзі бірлестіктің көрші елдермен (қытаймен, ғұн, қаңлы, алан, ұйғыр, қырғыз тайпаларымен) саяси, экономикалық және мәдени байланысты дамытуына мүмкіндік жасады. Астанасы Чигучен (Қызыл алқап) Ыстықкөлдің жағасына орналасты.
Тарихы
Үйсіндер туралы жазба деректі қытайлар қалдырды. Б.з.д. 2 ғасырда Жетісуға Чжан Цянь бастаған елші келді. Ол көптеген мәліметтер әкелді. Үйсіндер туралы (усунь-го) «үйсін мемлекеті» деп айтты. Мемлекетте 630 мың адам, 188 мың әскер барын да көрсетті. Үйсін патшасы гуньмо деп аталды. Мықты ел болған. Орталық Азия аумағындағы ертедегі алғашқы таптық бірлестіктердің бірі. Егер VIII ғасырдағы жазушылардың Бесбалықты «Үйсін князінің шекарасы» деп атайтынын ескерсек, үйсіндердің шығыс шегі бір кездерде Бесбалық ауданы арқылы өткен деген қорытынды жасау керек. Үйсіндер иеліктерінің шекарасы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өткен. Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатса керек. Үйсіндер иеліктерінің орталығы — Іле аңғары, дегенмен олардың ордасы — «Қызыл Аңғар қаласы» Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында орналасты. Чжан Цянның (б. з. б. II ғ.) хабарлауына қарағанда, үйсіндердін «бұрын» мекендеген жері шығыстағы алыс бір жерде болған, мұның шындықка жанаспайтыны анық.
«Үйсін» терминінің мағынасы осы кезге дейін анықталмай отыр. Ол қытайдың иероглифтік жазбаларынан ғана мәлім, оның қазіргі айтылуы қазақ этнонимдерінің бірі — Ұлы жүз қазақтарының басты этникалық компоненті болып табылатын тайпаның өзін атайтынындай «үйсін» сөзіне сәйкес келеді. Бірқатар зерттеушілер бұл транскрипцияны Орта Азия тарихынан мәлім асиан этнонимі деп білуге бейім. Алайда соңғы зерттеулерде асиан термині ятии этнонимінің диалектілік нұсқаларының бірі болуы мүмкін деген басқаша түсініктеме айтылады, ал оның транскрипциясының дәстүрлі ертедегі кытайша түрі казіргі қытай тілінде айтылатын (юечжи) иероглифтері болған.
Үйсін терминінің транскрипциясын түсіндірудің тағы бір нұсқасы бар. Қазір үйсіен деп айтылатын екі иероглиф ертедегі қытай тілінде асман, яғни асман, «аспан» делініп айтылған деп жорамалданады. Бұл айтылғандарды үйсін гуньмосына күйеуге берілген қытай ханшасының хатындағы: «Менің үйім мені… Аспан Еліне… күйеуге берді» деген сөздер растауы мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, «көк тіреген таулар» дегенді білдіретін тянь-шань деген сөздің өзі де жергілікті атаудың аудармасы сияқты екенін атап өту маңызды.
Үйсіндердің ертедегі этникалық-саяси тарихына байланысты оқиғалар жеткілікті зерттелмеген.
Үйсіндер туралы алғашқы хабарлар б. з. д. II ғасырдың аяғында пайда болады. Қытай императорының сарайындағылар ғұндарға қарсы күресте одақтас іздеп, Батыс өлкеге Чжан Цянь бастаған елшілік жіберген. Чжан Цяньды сюнну-ғұндар тұтқынға алып, олардың елінде он шақты жылдай болады. Алайда ол кейіннен қашып шығып, Жетісуға барады, үйсіндер туралы алғашқы хабарды еліне сол жақтан апарған. Оның кезінде үйсіндер арасында сэ (сақтар) «тармағы» мен юечжилер мекендеген. Юечжилер туралы хабарлар Чжанье ауданындағы сюннулерден алынғандықтан, Чжан Цянь үйсіндердің өзі де бұрын Цилянь- шань мен Дуньхуан аралығында мекендеген деген қорытынды жасаған.
Қазіргі деректер бойынша, үйсіндер Жетісуды қосқанда неғұрлым байтақ аумақты алып жатқан. Қытай үйсіндердің сюннулерге Ордоста соққы беруін қалады. Бұл пікір үйсіндердің нақ сол Чжан Цянь жазып алып, кейіннен шежіреге енгізілген генеалогиялық аңызының редакциясында да әз көрінісін тапқан. Оның айтуынша, үйсіндердің билеушісің бір кезде көршілері юечжилер өлтірген де, оның қаншық қасқыр мен қарға күзетіп жалғыз қалған ұлы есейген шағына дейін шаньюй ордасында тәрбиеленген. Ер жеткен соң гуньмо әкесін өлтіргені үшін кек қайтаруға шаньюйден рұқсат сұрап, юечжилерді талқандапты. Өз кезегінде Орта Азия юечжилерінің аман қалған бөлігі басқа тайпалармен одақтасып, б. з. б. 140 жылы Грек-Бактрия мемлекетін талқандаған.
Үйсіндерде үштік жүйе болса керек. Сюннулер сияқты, олар да үш бөлікке: сол қанат, орталық және оң қанат болып бөлінген (олардың әрқайсысында он мыңнан жауынгер болған).
Үйсіндер бірсыпыра уақыт бойы сюнну-ғұндарға саяси жағынан тәуелді болғандықтан, соңғы этноним белгілі бір уақыт бойы үйсіндердің өзін де тасасында ұстап келген деп санауға болады. Мүны грек-рим жазушыларының ертедегі ғұндар туралы хабарлары дәлелдейді. Мәселен, ғұндар туралы хронологиялық жағынан алғаш рет Страбонның айтқандарында, Бактрия патшалары «өз иеліктерін серлер мен фаундарға дейін жайды» делінген. Тегінде, Грек-Бактриясының иеліктері бір кезде Тарым ойпатының батыс шегінен әріге созылып жатса керек, демек, бұлайша салыстыру тарихи-географиялық тұрғыдан даулы.
Кейінгі уақыттағы үйсіндер тарихы сақтармен және юечжилермен байланысты. Грек-рим авторлары енді «ғұн-үйсіндар» жайында айтады.
Ғұндар атауының үйсіндерге де таралғанына қарамастан, олардың этникалық туыстығы туралы айтуға берік негіз жоқ, дегенмен мұны толық, бекерге шығаруға болмайды. Сюннулердің тілі әзірше белгісіз. Зерттеушілер қазіргі уақытта сюннулер тілін ежелгі түрік тіліне бәрінен де жақын «алтай» тобының тіліне жатқызуға бейім[2].
Үйсіндер қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында Үйсін атауы б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі. Ғұндардың күшеюінен қорыққан Қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жіберді. Қытай елшісі келген кезде Үйсіндер Қытаймен және ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет болды (қ. Үйсін мемлекеті). Үйсіннің шығу тегі, таралуы, халықтардың тарихындағы рөлі жайында тарихи-генеалогиялық зерттеулерде талас пікірлер азды-кемді ұшырасады. Оған себеп — жазба дерек көздері. Оларда адамдардың есімі, лауазымы, қытай транскрипциясы бойынша жазылған. Атап айтқанда, 7 ғасырдағы Қытай жазушысы Чин-гу, «Батыс өлкенің өзге шетелдіктерінен Үйсіндердің едәуір айырмашылығы бар, олардың көзі көк, жирен сақалды» деп жазады (қ. Үйсін антропологиялық типі). Үйсіндердің шаруашылық жағдайы мен мәдениеті жайындағы деректер археол. қазбалардан анықталып отыр (қ. Үйсін дәуірінің ескерткіштері).
Б.з.д. 105 жылдарда Үйсін күнбиіне ұзатылған Қытай императорының қызы киізбен ораған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүтпен қоректенетінін айтып, өлеңмен зарлы хат жазған. Жазба деректемелерде б.з.б. 1 ғасырда Үйсін халқының жалпы саны 630 мың адам (120 мың түтін) болғаны айтылады. Олар 188 мың 800 адамнан тұратын әскер ұстаған. Алғашында Бұлыңғыр өзеннің бойын мекендеген. Б.з.б. 2 ғасырдың орта шенінде Жетісуға, Іле бойына ығысқан. Дегенмен, олардың барлығы көшпеген деген ғылыми жорамал бар. Оны шығыстанушы С.Е. Малов Тоныкөк ескерткіштеріндегі Үйсін есімінің жазылуымен дәлелдейді. Жетісу Үйсіндерінің шығу тегін анықтау жолында А.Н. Бернштам, К.А. Ақышев, Г.А. Кушаевтар археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Шығыстағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі деректер де осындай бұлтартпас қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бұл деректерге сүйенген Ресей ғалымдары Үйсіннің исседондармен туыс екенін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығыс Түркістан тармағы деп бөледі. Б.з. 6 ғасырдан бастап Үйсін этнонимі тарихи әдебиетте кездеспейді. Бірақ одан тараған рулар дулат, албан, Шігіл (жікіл) Түрік қағандығы кезіндегі мемлекеттерді құруға қатысқан. 13 ғасырда Рашид әд-Диннің шығармасында Шағатай ұлысындағы Үйсін халқы туралы айтылады. Жетісу, Оңтүстік Қазақстанды мекендеген Ұлы жүз құрамындағы тайпалардың жалпы атауы ретінде халық арасында да, жазба әдебиетте де қолданылды. Қазақтың дәстүрлі шежіре деректері Үйсінді Шыңғыс хан заманындағы Майқы биден таратады. Ботбай руынан шыққан Диқанбай батырдың шежіресінде (Н.Аристов жазбасында) Майқы биден: Қаңлы, Бақтияр, Қырықжүз, Мыңжүз. Бақтиярдан: Үйсін, Ойсыл. Үйсіннен: Ақсақал (Абақ), Жансақал (Тарақ). Абақтан — Қараша, одан Бәйдібек, Байтулы. Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары болып саналады. Олар: албан, дулат, суан, шапырашты, сарыүйсін, ошақты, ысты. Ш.Уәлихановтың жазбаларында Үйсін — бұл тайпалардың ғана емес, Ұлы жүздің барлық тайпасының түп атасы. Онда Төбейден — Үйсін, одан — Қойылдыр (Қатаған, Шанышқылы), Мекрейіл (Жалайыр), Майқы (Абақ), Қоғам (Қаңлы) тарайды. Үйсін қырғыз халқының құрамында да бар. Солты тайпасының бір тармағы Усон, Қаракесек тармағы Сарыүйсін, Бағышындағы Қалша аталары Үйсін деп аталады. Сол сияқты Үйсін қарақалпақтардың құрамына да енген[3].
Б.з.д. 73 жылға дейін үйсіндердің жері үш бөлікке: сол (шығыс) бөлікке, оң (батыс) бөлікке және гуньмоның өзіне қарайтын орталыққа бөлінген. Бұлар өзара қақтығысқа толы болды.
Қытай ханшалары үйсін гуньмоларына ұзатылған. Олар Қытайдың Орта Азия, Батыс Азия және Еуропамен сауда байланысында маңызды рөл атқарды. Б.з.д. 2 ғасырда пайда болған Ұлы Жібек жолын ұстап тұрған осы үйсіндер болды. Үйсіндер туралы қытай деректерінде б.з. 3 ғасырына дейін айтылады.
Мәдениеті
Үйсін ескерткіштерін зерттеу барысында бұл мәдениеттің үш кезеңнен өткені анықталды: алғашқы кезең — б.з.б. 3-1 ғасырлар; орта кезең — б.з. 1-2 ғасырлар; соңғы кезең — б.з. 3-5 ғасырлар. Бұл кезеңдердегі бейіттердің қазылуында, жобалануында, қару-жарақ, сәндік бұйымдар мен тұрмыстық заттардың түрінде, жасалуында ерекшеліктер бар. Мал, егін шарушылығымен қатар қолөнер, үй кәсіпшілігі өркендеді. Әсіресе қыштан ыдыс-аяқ, құмыра жасау ісі өріс алды. Өндеу кәсібі дамыды. Темір мен қоладан еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік бұйымдар, алтын мен күмістен алқа, сырға, түрлі әшекейлі заттар жасалды. Тоқыма кәсібі, тері илеу, тас қашау, сүйек өңдеу өнері дамыды[4].
Үйсіндердің салт-дəстүрі
Үйсіндердің салт-дəстүрі туралы ғылыми деректер аз. Ертедегі үйсіндердің түсінігінше, өлген адам тіріледі деп сенген. Сондықтан да адамды жерлегенде оған о дүниеде керек болады-ау деген заттардың бəрін қосып көмген. Тірі кезінде пайдаланып жүрген заттардың бəрін қоса көмген. Көптеген бейіттерді қазғанда табылған заттар осыны дəлелдейді. Тамақ ішетін ыдыс-аяқтар, тұрмысқа қажетті басқа да бұйымдар жиі кездеседі. Ер адамдардың жанына сауыт-саймандар, қару-жарағы: садақ, жебелер, қанжар, найза, қамшы, пышақ секілді заттар қойылған.
Діни нанымдары
Табылған заттары мен əшекейлері, қару-жарағы жоғарғы көркемдігімен қатар үйсіндердің діни ұғымын, өмірге көзқарасын да көрсетеді.
Диадемадағы жапырақтар əлемді тіршілік ағашының көзі, өмір нəрі, жан беруші əйел бейнесі болып табылады. Бұл ағаш жер ортасындағы тау шыңына өсіп, дүниенің төрт бұрышын жəне əлемнің үш бөлігін: тамыры тереңге кететін жер астын- о дүниені, адамдар мен жан-жануарлар өмір сүретін жер үстін- бұл дүниені, құдайлар мен құстар мекені- аспан əлемін жалғастырып тұр.
Жерлеу орындары
Бейіт басына тұрғызылған обаның үлкен-кішілігі марқұмның қоғамдағы алған орнының, байлығының қандай болғанын білдірген. Қазба жұмыстары кезінде үлкен обалардан үлкен əшекейлер, қару-жарақ, ыдыс-аяқ түрлері көп шығады. Теңлік қорымындағы қабірден киімге тігілген алтын қапсырмалар, алтын сырғалар, алтын сыммен оралған темір түйреуіш, қола айна табылды. Көлемі жағынан орташа обадан бірнеше қыш құмыралар, ағаш тостаған, қола сырға, түйреуіш, білезік шықты. Қару-жарақтан темір қанжар, пышақ, үш қырлы жалпақ жебе ұштары бар. Кішкентай обалардан бір-екі қыш ыдыс, темір пышақ, қола сырға, моншақ табылды[5].
Археологиялық ескерткіштері
Жетісу жерінде үйсіндердің обалары, қорымдары мекенжайлары зерттелді. Обалардың көбісі диаметрі 6-20 және биіктігі 0,5-1,5 м. Топырақ, тас қиыршық немесе топырақ-тас аралас үйінділер болып келеді.
Қорымдары б.з.д. 3-2 ғғ. жататындары ерте кезеңі.-Қапшағай 3, Өтеген 3, Қызыл еспе. Оларға ортақ сипат қорымдар теріскейден түстікке қарай, әрқайсысында 5-6-дан обасы бар тізбек болып, созылып жататындай жоспарланған.
Достарыңызбен бөлісу: |