Қаңтар
Республикалық Әбіш оқулары байқауын өткізу
ЕРЕЖЕСІ
І. Жалпы ереже
Осы ереже республикалық Әбіш оқулары байқауының (бұдан әрі - байқау) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметінің қамсыздандырылуын, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысу және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін айқындайды.
Байқау мақсаты: Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, қазақ әдебиетінің ірі өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттау, дарынды балаларды анықтау, қолдау көрсету және дамыту.
Байқау міндеттері: оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Байқаудың ұйымдастырушысы:
- Маңғыстау облысының білім басқармасы;
- «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен.
ІІ. Байқауға қатысушылар
Байқауға қатысушылар: облыстық кезеңнің жеңімпазы атанған жалпы білім беретін ұйымдардың 8 - 11 сыныптарының оқушылары.
Облыстардың, Алматы, Нұр - Сұлтан және Шымкент қалаларының, республикалық мектептердің, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ командалары қатысады. Бір команда сегіз оқушыдан құралады.
Байқауға қатысу ерікті түрде жүргізіледі. Қатысушылар мен жетекшілердің іссапар шығыны (оқушыларға жатын орны, тамақтануы тегін) жіберуші жақтың есебінен болады.
Оқушылардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігіне жетекшілер байқауға келген сәттен бастап тұрғылықты орнына жеткізілгенге дейін толық жауапты.
Байқау Әбіш Кекілбаевтың туған жерінде өткізілетіндіктен тек Маңғыстау ауданы Онды ауылынан жеке команда қатыса алады.
ІІІ. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
Республикалық Әбіш оқулары байқауы төрт бағыт бойынша өткізіледі.
1. Иллюстрациялық суреттер. Ә. Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу.
Байқауға қатысушы үй тапсырмасы ретінде алдын-ала Ә.Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салады. Қойылатын талаптар: байқауға 1 оқушы қатысады. Жұмыс саны 3-тен аспауы тиіс. Суреттің оң жақ бұрышында жұмыстың тақырыбы, оқушының аты - жөні, облысының атауы, мектебі, сыныбы мен жетекшісінің аты-жөні толық көрсетіліп жазылуы қажет. Орындау техникасы: жұмыс форматы - А3 түрінде. Кескіндеме (акварель, гуашь, акрил), графика (тушь, перо, қылқалам, түрлі - түсті қарындаштар және т.б). Салынған сурет рамаға бекітіледі.
Республикалық кезеңде байқауға қатысушыға қазылар алқасы бір тақырып ұсынып, оны жоғарыдағы орындау техникасына сәйкес салуды тапсырады.
Достарыңызбен бөлісу: |