Аттанайық, бала шақтан болашаққа!
(Көңілді музыка ойнап тұрады)
Ортаға ертекші шығады:
Ерте, ерте ерте ме екен, әлде мүлде келер күн бе екен, әлемде Мектеп деген мықты патшалық болса керек. Оның тұрғындары сондай ақылды, білімді, өнерлі болыпты. Ол патшалыққа жамандық атаулы мүлде жоламаған екен. Ол патшалық үш хандықтан тұрады екен. Ең кіші «Бүлдіршін» хандығында кішкене бүлдіршіндер өмір сүріпті. Тәп-тәтті бүлдіршіндер кез келген мейманды тәтті қылықтарымен баурап алады екен. Уақыт өте келе 6 жасқа жеткенде, олар «Балбұлақ» хандығына өтеді екен. Содан соң 10 жасқа толған «балбұлақтықтар» «Орталық» хандыққа өтеді. Ол хандықта алған білімдерін жалғап, сапалы білім мен өнерге баулитын Жоғары хандығына өтіп отырыпты. Бүгін міне, 2014 жылдың 17 мамыры да айтулы күн болып қалмақ. Дәл осы күні «Балбұлақ» хан өзінің үлкен ағасына қонаққа келген болатын.
Орталық хан:
-
Пай, пай, қош келдің бауырым!
Балбұлақ хан:
-
Қош көрдім, ағатай! Өзіңді сағынған екенмін. Кел төс қағыстырып амандассам деп едім.
Орталық хан:
-
Әрине, еркем! Кел, кел. (Екеуі құшақтасып амандасады)
Балбұлақ хан:
-
Аға, менің хандығымнан тағы бір қарлығаштарым ұшқалы отыр. Ақ батамды тілеп, сенің хандығыңа өткелі отырған бүлдіршіндерімнің жұмысымен келген едім. 2010 жылы тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған кішкене бүлдіршіндер бүгін міне ақыл – ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды ажырыта алатын шәкірт болды.
Орталық хан:
-
Е, бауырым, уақыт деген сиқыршы ғой! Міне көзді ашып – жұмғанша кешегі кішкене бүлдіршіндер де есейген екен. Сенің хандығыңнан келген барлық балаларға өте разымын. Десек те, сен білесің, менің хандығыма өту оңай емес, мен хандығыма өнерлі, білімді, шығармашыл балаларды қабылдаймын.
Балбұлақ хан:
-
Аға, жылдағы дәстүрді бұзбағым жоқ! Ендеше сол балалардың өнері мен білімін көрсетер сәт те келген екен. Ал, ендеше көрелік.
(Көңілді әуен ойналып, ортаға сынып жетекшісі шығады)
Сынып жетекшісі:
-
Құрметті ата-аналар, оқушылар, ұстаздар! Бүгінгі күн барлығымыз үшін ерекше күн! Бұл күннің ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған балаларыңыз ақыл-ойы толысып, оң мен солын айырып, жаман мен жақсыныны ажырата білуді үйреніп, ең қызық шағы бастауышпен қоштасқалы тұр. Ендеше осы қуанышты да, қайталанбас күндеріңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Ортаға бүгінгі тойдың иесі 4 сынып оқушыларын ортаға шақырайық.
1-жүргізуші: Қош келіпсіздер, құрметті ата –аналар, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Армысыздар, мұғалімдер әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар
Сан ұрпақты тәрбиелеп оқытқан
Өмір деген үлкен жолда тарландар
2-жүргізуші:
Көз салып қараңызшы бойымызға
Ортақ боп бүгінгі өскен бойымызға.
Қош келіпсіз мейірбан ұстаздарым,
Бастауышпен қоштасу тойымызға.
1-жүргізуші:
Бүгін, міне қоштасады бастауышпен балбұлақ
Әні менен жырына, тарландарым сан құлақ.
Кеше сәби, бүгін, міне жас ұлан
Лаулап жансын болашағың шамшырақ-
деп мектеп директорына сөз береміз.
2-жүргізуші:
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған
Біз алаңсыз балғын шақты балалар.
1-жүргізуші:
Қош келіпсіз, өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай болашағын мәпелер
Бүгін, міне бастауышпен қоштасады
Азамат боп, кешегі сәби – еркелер.
2-жүргізуші: Сіздердің алдарыңызда тұрған 4- сынып оқушылары осыдан 4 жыл бұрын 6 жасар бала болса, бүгін міне, ес біліп, етек жиған шәкірт. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап «Әліппемен қоштасу», дәстүрлі Наурыз тойлары , «Әдепті бала», «Әнші, биші балапан», «Кішкентай аруы», «Жігіт сұлтаны», ән айту сайыстары мен әртүрлі тақырыпта ұйымдастырылған көрмелер,сыныпаралық спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
1-жүргізуші: Армандасаң да, қиялдасаңда балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне, бүгін біз өмірімізге өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отырмыз. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын.
2-жүргізуші:
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да
Мұндай күй болған, сірә, қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық
4 – сынып оқушыларын ортамызға!
Жанерке:
Құрметті ұстаздар мен ата-аналар,
Кез келді сіздерден ақ бата алар,
Ұл-қыздарың көрсетпекші өнерін,
Бар қауым тамсана таңдай қағар.
Заманбек:
Білім алған өзіңнен
Шәкірттердің бірімін
Бақытты етіп өсірген
Анама басты иемін
Ақторғын:
Жұлдыз қызбын әдемі,
Көркіне сай әдебі
Есепке де жүйрікпін,
Ұстаз болғым келеді.
Бекнұр:
Тез үйрендік әділ мен адамдықты
Жирендік, ажырыттық жамандықты
Анамның мен қуанышы Бекнұрмын
Ел қорғаны,мен ертең болам мықты
Назгүл:
Ал мен ақын боламын,
Сусылдаған қаламым.
Жырды сүйер Назгүлмін
«Таудан асқан талабым
Аяна:
Өнеріне халқымның бас иемін,
Тыңдап өскен бабалар өсиетін,
Мен-Аяна деген қыз инабатты
Қадірлеген елінің қасиетін
Қуаныш:
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі
Қуаныш атты сымбатты ұлың ардақтап,
Бар пейілмен басын саған иеді.
Ақмарал:
Адал қызбын халқыма,
Адал болам антыма
Әнімен әуелеген Ақмаралмын
Дақ салмайтын елімнің мен даңқына
Аружан:
Еркесімін сыныптың,
Тентек емес жуаспын.
Аружанмын сыпайы,
Досқа адал шынайы
Диана:
Гүлге толы жан-жағым,
Асыр салып жүгірдім.
Өсті талап-талғамым
Көп нәрсені ұғындым
Маңғазданып, аз сөйлер
Диана деген қызыңмын
Нағима:
Ақ сүтін емген ананың
Еркелеп өскен баламын
Балғын үнім тербетсін,
Отанымның алаңын
Кітапты жүйрік оқыған
Нағима қызың боламын
Жанерке:
Білімді, оқу озатымын сыныптағы,
Талай қиын істерді құрықтармын.
Жанеркемін, алдымда талай іс тұр,
Болашақта жандырар үміт отты.
Нұрзия:
Атым менің болады Нұрзия деген,
Халқым менің ісіме баға берген.
Жеңіс туын тігермін болашақта,
Үміті зор ата-анамның маған деген.
Қуаныш, Заманбек:
Жұп жазбастан жүреміз
Біздің сынып мақтаулы
Өйткені біз сүйеміз
Дәйім тәртіп сақтауды
Ақторғын: Ұлдар, ұлдар тоқтаңдар, құр сөзбен мақтана бергеннен ешкімге ештеңе дәлелдей алмаймыз.
Жанерке: Дұрыс айтасың Ақторғын. Мына отырған ата-аналарымыз бен ұстаздарға өз білімімізді көрсетудің жолын таптым. Достарым, біз қонақтарға әр пән бойынша өз білімдерімізді көрсетіп жіберелік.
Барлығы: Дұрыс, дұрыс. Ендеше іске сәт!
(Қоңырау соғылады. Слайдтан математика сабағы деген жазу шығады)
Бекнұр:
Алғаш рет сандармен таныстым,
Оларды санап жазу қиынға түсті тым.
Қосып алуды да меңгердім,
Көбейту кестесін де үйрендім.
Үйрендім есептің 4 амалын,
Шығарып есеп, теңдеу де құра аламын.
Көп таңбалы сандардың да
Бұза алатын болдым қамалын.
Нұрзия: Достарым, өз білімімізді көрсету үшін екі топқа бөлініп жарысайық!
1-топтың тапсырмасы: біз оқыған 4 жылда қанша рет математика сабағы жүргізілді?
2-топ: Біз оқыған 4 жылда қанша рет қоңырау соғылды?
Топтардың жауаптары тыңдалады.
Нұрзия: Тамаша. Жарайсыңдар, достар!
(Қоңырау соғылады. Балалар үзіліске шығады)
Би: «Қолшатыр» (Ақмарал)
Қоңырау соғылады (Слайдтан Ана тілі сабағы басталғандығы туралы жазылады)
«Әліппе» ұстап, «ана тілмен» таныстым,
Байлығына достарыммен таң қалыстым.
Тілі екен бұл Абай, Жамбыл, Мұхтардың,
Қазақтағы әулие би, үш арыстың.
Осылардың өлең-жырын оқып жаттадық,
Даналық сөзді қазақтан басқадан таппадық.
Мазмұндама, шығарма жазып үйрендік,
Әңгіме айтып, тәп – тәуір сөз саптадық,
Мұғалім: Құрметті оқушылар ана сүтімен бойымызға дарыған тіліміздің сонау тереңнен келе жатқан мұрамызбен танысуға үлкен мүмкіндік жасаған ана тілі сабағы болғаны анық. Кәне не білдік, нені үйрендік ортаға салайықшы.
Назгүл: Апай, рұқсат етіңіз! Маған 4-ші сыныптағы ана тілінен ең керемет әсер қалдырып, ұнаған шығарма «Қанат туралы хикая»
Мұғалім: Жақсы Назгүл, ендеше сол өлеңді мәнерлеп айтып бере ғой!
Өлең мәнерлеп айтылады
Мұғалім: Бұл өлең саған неліктен ұнады?
Назгүл: Осы өлеңді оқыған кезде ата-анама деген ризашылық сезімім арта түскендей болды.
Жанерке: Апай, ғафу етіңіз! Мен де өзіме ұнаған шығармам туралы айтып бергім келеді. Ол Баубек Бұлқышевтің «Ана» деген шығармасы еді.
«Ана» мәтіні оқылады.
Мұғалім: Ол саған неліктен ұнады?
Жанерке: Бұл менің анама деген сезіміммен ұштасып жатқандай көрінді және менің анама айтқым келетін барлық сөздер осы шығармадан табылды.
Мұғалім: Ал, Ақторғын саған қандай шығарма ұнады? Неліктен?
Ақторғын: «Арыстан мен тышқан» шығармасын жатқа айтып береді.
Мұғалім: Өте тамаша! Саған неліктен бұл шығарма ұнады?
Ақторғын: Бұл мысалды оқыған кезде қандай мықты болсаң да, мақтаншақтықтан аулақ болу керектігін, өзіңнен әлсіздерді мазақ етпеу керектігін түсіндім және достарым осы мысалдан үлгі алса екен деймін.
Мұғалім: Өте жақсы, балалар. Әлі де тамыры тереңге кеткен қазақ әдебиетінің жаңалықтарымен танысып, сусындай берулеріңе тілектеспін.
Мұғалім: иә, балалар, қазақ тілінің құдіреті осында. Бір ауыз сөзбен жадыратып, балаша қуантса, бірде бір ауыз сөзбен көңілге мұң ұялатар тіл кереметі осы. Әркез өз ұлтының тілін сүйетін, қадірлейтін және достарын өз соңынан ілестіре білетін азамат болып өсіңдер!
Қоңырау соғылады. Оқушылар үзіліске шығады.
«Бойс» биі (қыздар тобы)
Қоңырау соғылады. Қазақ тілі басталғаны туралы слайдтан көрінеді.
Білдім алғаш дыбыстың не екенін,
Жуан ба, әлде жіңішке ме екенін.
Әріпті де ойдағыдай меңгердім,
Ақтара алдым емін – еркін сөз кенін.
Ойлы болсаң озып көр.
7 сұрақ
1. Сұлу сөзіне мәндес сөздерді ата (келбетті, көрікті, әдемі ажарлы,)
2. «Көз сүріну» тіркесінің мағынасын түсіндір (каз ала алмау, қатты қызығу)
3. Артық сөзді тап
Сулы, балықты, оқушы, білім, асқазан (Асқазан сөзі себебі ол күрделі сөз, екі сөздің бірігуі арқылы жасалған)
4. Қысқарған сөздер айт.
5. Қате жазылған сөзді тап.
Мектеп, ұстаз, қоштасу, жұмышшы (Жұмышшы сөзі, себебі, жұмысшы деп жазылуы керек.
6. 5 етістік ата
7. Қоян сөзінде неше дыбыс бар?
Мұғалім: Балалар ненің суреті шықты.
«Жетіқарақшы»
Осындағы Темірқазықтың қандай пайдасын білесіңдер?
Мұғалім: Адасқан адам аспандағы Темірқазыққа қарап, солтүстікті анықтаған екен, ендеше қазақ тілінен алған білімдерің сендердің өмірлеріңнің Темірқазығы болсын.
Қоңырау соғылады
Мұғалім:
-
Балалар, сендер бұл пәндерден басқа да орыс тілі, бейнелеу өнері, дене шынықтыру, музыка сияқты пәндермен таныссыңдар ғой. Олай болса, олар туралы не айтасыңдар?
Табиғат сыйлағанда сұлулығын
Алтынбек ағайымызды ұғынды кім?!
Пейзаж, натюрморт, кескіндеме,
Ешқайсысы таң емес маған бүгін
Үйрендік бейнелеудің сырын сізден,
Ағайға тілеріміз көп қой біздің
Қашанда арманыңыз алдамасын,
Ызғарын сезбегейсіз өмір – күздің.
Қай кезде де бағыт сілтеп көлемді,
Бізге үйреткен бейнелеудей өнерді.
Алтынбек ағай, ісіңізден бақ тауып,
Шығардыңыз талай талант өнерді.
Нұрзия:
«Үш тұғырлы тіл» - біздің ұранымыз,
Дәметкен апайдан көп сұрарымыз.
Орыс тілі мемлекеттік тілден кейін
Керек болар, тіліміз құмарымыз
Бүгінде тілді білсек қор болмаймыз,
Шүлдірлеп тұрсақ егер зор болмаймыз
Тілейміз Дәметкендей апайларға
Болашаққа сілтейтін жол болғайсыз.
Сәлем, достар, білімдар!
Қане, түзу тұрыңдар!
Мәнді қимыл жасаймыз,
Маған назар бұрыңдар!
Демалыңдар, бір – екі,
Демалыңдар, біркелкі!
«Үш, төрт, бес» деп біз енді,
Бүгейік қос тізені!
Көтер ал да қолға гир,
Көтер оңға, солға бір!
Терең дем алш, бір, екі, үш!
Терең дем ал, жүре түс!
Жаттығулар не түрлі-
Жансаулықтың кепілі.
Кім білмейді біздің Дәурен ағайды
Спорт десе жоқтан ол бар жасайды.
Қашанда спотзалдан табылатын
Жұрт оны «денсаулыққа жаршы» атайды.
Дәурен ағай ұл – қызыңыз жүлдегер боп,
Түссінші алшасынан асығыңыз.
Қашанда биіктерден қол бұлғасын
Азаматқа лайық кәсібіңіз.
Мұғалім: Олай болса, құрметті ұстаздар, сыныбымыздағы ұлдардың биі сіздерге арналады.
Би: «Моряктар» (Ұлдар тобы)
Жанерке: Ия, балалар, осылардың бәрін біз мектептен үйрендік емес пе? Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да, әжем де, әкем де, анам да, енді мен де мектептен тәлім алудамын.
Назгүл: Иә, Жанерке, дұрыс айтасың, мектебімізге қандай жыр арнасақ да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық
Нағима:
Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені.
Аяна:
Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Бекнұр:
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Қуаныш:
Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
Заманбек:
Мектеп – үйім , ұстазым менің – ата-анам,
Сенен өсіп, сеннен ғана нәр алам.
Саяң ыстық , сен мәуелі бәйтерек.
Тамырланып, сан тарапқа тараған.
Диана:
Мектебім- сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін , көктеймін.
Сен – бұлақ, мен- қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.
Аружан:
Мектеп – кеме , білім – теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін ,
Азық етіп ер жетеміз.
Ақмарал:
Мектебім-білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4жыл бойы ата-анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл ,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Ән: «Сүйікті мектебім»
Ақторғын: Біз төрт жыл бойы бәріміз бірге оқыдық. Бізбен бірге ата-аналарымыз да балалыққа талай сапар шеккен болатын. Олар бізге қиын есептерді шешуді, шығарма жазуды, картадан өзендер мен көлдерді, қалалар мен мемлекеттерді табуға болысты. Бір сөзбен айтқанда ата-аналарға (барлығы бірге) РАХМЕТ. Сол себепті біз ақылдаса келіп, мынадай шешімге келдік.
«Алғыс хат»
«Аттанайық, бала шақтан болашаққа!» атты кешті ұйымдастыру коммитетінің шешімімен 4 жыл көлемінде сапалы білім алып, саналы оқушы атануыма тер төгіп, аянбай еңбек еткені үшін ата-анамды марапаттаймын.
4 сынып оқушысы: /Жақсылық А./
(Әр оқушы өз ата-анасына алғыс хаттарын табыстайды)
Мұғалім: Ия, дұрыс айтасыңдар балалар, сендердің осы жетістікке жеткендеріңе, әрине, ең бірінші ата-аналарыңның еңбегі көп екені сөзсіз.
Ата-аналарға сөз кезегі беріледі.
1-жүргізуші: Ата-аналарға арнаған «Чарлстон» биін қабыл алыңыздар.
Би: «Чарлстон»
1-жүргізуші: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», - деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып, білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз – ұстаз екені бәрімізге мәлім. Балалардың ұстазымызға арнаған ән-жырларын айтпас бұрын, ұстаз туралы не айтар едің Ақторғын?
2-жүргізуші: Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға, жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім – мектептің жүрегі» - деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі - бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған. Иә, бұл туралы батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген екен. Олай болса келесі жырларымызды алғашқы ұстазымызға арнаймыз.
Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз.
Әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз.
Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде,
Қайталап атымызды сұрасқанбыз.
Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,
Ақылға келе алмадық ерте көніп.
Бойымыз бірте- бірте үйренісіп.
Мектептің ережесін үйрендік кеп.
Өмірдегі жолымды бір өзіңнен бастадым,
«А»әрпін алғаш сеннен бастадым.
Ұстазым естен кетпес мәңгілікке,
Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.
Бірдей біздің ойымыз да , сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да еңбекте,
Күліп – ойнап біріміз бен біріміз.
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар, мәңгі талай жылдарға.
Қолыма алғаш қалам ұстатқызған
Апайымыз Гүлмира қымбат маған
Сабырлы да салмақты қалпыменен
Қажымай үйретуден бір танбаған.
Көреміз көзіңізден мейірімді,
Сеземіз анамыздың алақанын
Қыран ана секілді күтіп баптап,
Ұшырған ұясынан балапанын
Айтамыз, апай, сізге көп – көп алғыс,
Қашанда қасыңыздан табыламыз
«Бастауыш – бар білімнің негізі» деп
Біз сізді әрқашанда сағынамыз
4 жыл бойы білім берген мәпелеп
Анамыздай біз сыйлаймыз қастерлеп
Рахмет сізге ұстаз апай мол алғыс
Ұмытпаймыз жүремізде дәріптеп.
Көрмеген артық сөйлеп, артық күліп
Шәкірттерін баулыды тәртіпті қып.
Қоштасамыз біз бүгін ұстазбенен.
Ұстаз әнін жаңғыртып айтып тұрып
Ән: «Ұстазым»
1-жүргізуші:
Жетекші боп жүрдіңіз түлегіңе
Біздерді ойлап көңіліңіз жүдеді де,
Шәкірттер тыңдаңыздар ұстаз сөзін,
Сіздерге арнап айтатын тілегін де – дей отырып сөз кезегі Гүлмира апайға беріледі!
Мұғалім: Ұстаз тілегі
Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне,
Сенімдердің айналыңдар серперіне.
Ұстаздық ақ жүректен мен тілеймін,
Тек сәттілік – шәкірттерім ертеңіңе.
Айналайын жап-жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Мен сендерге мәңгілік тілекшімін,
Тілек тілеп тұратын іздеріңнен.
Интермедия: «Оқушы арманы»
Ортаға оқушы шығады. Ортаға үлкен қорап келеді.
Заманбек: Мынау не қылған қорап.? Жаңа жылда аяз атаға менің тілектерімді орындайтын джин жіберші деп сұраған едім. Сол орындалды ма?
Ашып көрем бе екен?
Ары, бері жүреді. Санамақ ойнап жібереді ашайын, ашпайын, ашайын, ашпайын, ашайын
Музыка ойналады да, қораптың ішінен Джин шыға келеді
Қуаныш: Тақсыр, қош көрдік. Сенің үш тілегіңді орындаймын.
Заманбек: Түу, шошыттың ғой. О, сиқыр деген осы екен ғой! Расымен орындайсың ба? Түу, не армандасам екен? Армандарым көп еді! «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» демекші, сөзге жүйрік едім, маған не болды?
Қуаныш: Апырай-ай, болсаңшы! Жаңа жыл кезінде сен сияқты қанша жалқаудың аяз атаға сиқыршы жібер деп хат жазғанын білесің бе? «Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылдық қой!
Заманбек: Жарайды, жарайды. Дәп қазір үйге берілген барлық тапсырмалар орындала қалса екен!
Джин сақалын жұлып алады да, «Сим, салабим, рахатум» үзіп қалғанда барлық тапсырма орындала қалады.
Заманбек: Ойбай, мынауың не? Мынау менің жазуым емес қой!
Қуаныш: Сен маған менің жазуым болсын демедің ғой! Қойшы оны кім біліп жатыр!
Заманбек: Қайдағы, сен біздің Гүлмира апайды білмейсің ғой! Ол мұғалім болмағанда, атақты ізкесуші болар ма еді, кім білсін! Ол кісі ұйықтап жатқанда оятып, мынаны көрсетсең, мынау менің жазуым емес екенін айтады. Қой, мынауың келмейді,
Қуаныш: О! Балақай, тездет, тездет! Мен саған тек 10 минутымды ғана жұмсауым керек. Үлгермесең, өз обалың , өзіңе! Тез, екінші тілегіңді айта ғой!
Заманбек: Туү, сен де болмадың ғой! Тез, тез деп. Ал онда екінші тілегімді орында! Маған Біздің сыныптағы Ақторғынның ән салғаны ұнайды. Өзі де сүп-сүйкімді. Дәп қазір Ақторғын осы жерде бола қалсын!
Джин сақалын жұлып алып, «Сим, салабим, рахатум» дегенде сыныпқа Ақторғын ұрсып кіреді
Ақторғын: А – а, Серіков осында екенсің ғой! Сен үшін мұғалімнен сөз естігім келмейді, осы жолы үй тапсырмасын орындамадың, мені ұятқа қалдырдың, Тез жылдам черновигіңді ал, есепте. Жылдам, Жылдам. Түу, болсаңшы, мына есептің бәрі қате,, үш алудан шаршамадың ба? Сені емес дәптеріңді аяймын. Тез бесінші есепті орында. Жоқ бірінші диктант жазайық. Бірінші сөйлемді тыңда: «бірінші мамыр халықтар достығы күні. Енді жазамыз. Бі-рін-ші
Заманбек Қуанышқа қарап: Ей, Джин, Мынаны әкет, тез, тез! (Ақторғын кетіп қалады.)
Заманбек: Уһ! Кетті –ау әйтеуір! Сен қандай Джинсің өзі! Бәрін бүлдіресің ғой!
Қуаныш: Сен маған Ақторғын алдыңда күліп тұрсын деген жоқсың ғой. Өзің кінәлісің! Тез үшінші тілегіңді айт. Ойланып айтсаңшы, шаршатып жібердің ғой өзің!
Заманбек: Не ойласам екен! Көп ақша сұрасам ба екен? Бірақ анам өз адал еңбегіңмен тапқан нан тәтті деуші еді. Бұным жарамас. Бәрі менен қорықса десем бе екен? Жоқ-жоқ! Гүлмира апай «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деді емес пе?
Ойланып тұрады да, кенет қуанып кетеді.
Заманбек: Таптым, таптым! Әй, Джин тыңда. Сыныбымдағы барлық достарым аман есен болып, бірлігіміз мызғымастай берік болсын. 5 сыныпты мектеп мақтанышы ретінде аттайық! Елімде сәбидің шат күлкісі естіліп, әрдайым тыныштық болсын!
Қуаныш сақалын жұлып алып, «Сим, салабим, рахатум» дегенде, сыныптың барлық балалары шығып Заманбекпен құшақтысып, амандасады, ән айтады.
Ән: «Қазақ жігіттері»
Жанерке: Біз 4 сынып ұлдары мен қыздары ұстаздар мен ата-аналарымыздың алдында бұдан былай да мейірімді, тәртіпті, шыншыл болуға, бүгінге дейін алған білімімді одан әрі толықтыруға, өзімізге білім берген ұстаздарымызды ұмытпауға, өз Отанымызды сүюге
АНТ ЕТЕМІЗ! АНТ ЕТЕМІЗ! АНТ ЕТЕМІЗ (барлығы бірге айтады)
Бәрі:
Ана сүтін ақтаймыз, Жақсы оқып әрқашан,
Қиындықтан қашпаймыз. Білімді бірге шыңдаймыз!
1-жүргізуші:
Бірдей біздің ойымыз да, сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да еңбекте,
Күліп – ойнап біріміз бен біріміз.
2-жүргізуші:
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар , мәңгі талай жылдарға.
1-жүргізуші:
Бастауышым- бал бұлағым ,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын.
2-жүргізуші:
Бастауышым - балбұлағым,
Лаулап жансын шам-шырағың.
Өзің берген біліміңмен.
Самғап ұшты тау қыраның.
1-жүргізуші:
Өтті сенде қызық шағым.
Бастауышым - балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймыз!
Қош бол, қош бол,
Сүйікті бастауышым!
Ән «Бастауышым – балбұлағым»
Қорытынды.
«Орталық» хан: Бәрекелді, жарайсыңдар! Жарайсыңдар! Мен сендерді өз хандығыма қуана қабылдаймын. Қанаттарың талмай самғай беріңдер жас өрендер!
Құттықтау сөз қатысушыларға беріледі.
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі той тағы да қайырлы, құтты болсын. Балалар әркез биіктен көрініп барлығымызды қуанта берсін.
Достарыңызбен бөлісу: |