Талант табиғаттың сиы. Ал табиғаттың төл тумасы саналатын қазақ ұлтының бақ талайы талантқа жомарт



Дата01.07.2016
өлшемі72.15 Kb.
#169623
МIНЕЗДI ТҰЛҒА
Талант – табиғаттың сиы. Ал табиғаттың төл тумасы саналатын қазақ ұлтының бақ талайы талантқа жомарт. Тек соның қадiрiн бiлiп, күтiп ұстауға келгенде азаматтарымыз да, ағайындарымыз да әсiре жортақылық жасап, шектен тыс шүлендiк танытатыны өкiнiштi. Жаратқан ием ешнәрсенi өлшеусiз, шектен тыс және сұраусыз етiп бермеген. Табиғаттың өзi болмысына сiңiрген сол қасиеттi ұқсатып ұстай алмағанына өкiнбей, тағдырға өкпелеп, мына дүниедегi өзiне тиiстi орынды таппай, баз кешiп кеткендер қаншама. Оның басты себебi ұлы Абайдың: ”Осы күнгi …өрмелеп iлгерi бара жатқандар аталарымыздың …тәуiр мiнезiн жоғалтпай тұрса, бiз де ел қатарына қосылар едiк, мiнез жоқ болған соң, әлгi үйренген өнерiмiздiң бәрi де адамшылыққа ұқсамай, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетiп бара жатқанымыздың бiр үлкен себебi сол көрiнедi”- деп дәл тауып айтқан мiнездiң жетiспеуiнде жатыр.

Мiнезсiз талантқа тәрбие де қонбайды. Не өзi көпке ермейдi, не өзгеге ерiк бермейдi, әйтеуiр шерменде күй кешiп өмiрден өтедi. Қуаныштысы сол, ұрпақтан ұласып келе жатқан бойындағы қасиетiн мiнезiне сидырып, өзiн де, талантын да баптай бiлген тұлғаларымыз баршылық. Соның бiрi қазақтың қара сөзiнiң тiзгiнiн ұстап жүрген қайраткер қаламгер Сұлтан Шәрiпұлы Оразалинов.

Ағалап соңына ерген отыз үш жылдың iшiнде Сұлтан Шәрiпұлының бойынан адамды өрге жетелейтiн бес мiнездi анық таныдым. Соның iшiндегi ең басты қасиетi – адалдық. Бұл судан тұнық, сүттен ақ деген ұғым тудырмайды.. Тiршiлiк майданына араласқан азаматтың ақ жайма болып, жұрттың барлығының көңiлiн табуы мүмкiн де емес нәрсе, бәлкiм, оның қажетi де жоқ шығар. Бiрақта Сұлтекең көзқарастары мен мiнездерi сай келмеген адамдардың бетiне тура қарап, батыл сөйлесiп, өзiнiң не үшiн онымен келiспейтiндiгiн iсiмен де, сөзiмен де, мiнезi арқылы да именбей көрсетiп жүрдi. Әлi де сол адалдықтың алмас өзегi жасыды дегенге өз басым сенбеймiн. Өйткенi Сұлтан Шәрiпұлы қандай iске кiрiссе де жанымен берiлiп кiрiседi, өзiн де, өзгеге де “неғылайыны” жоқ талап қояды. Қарапайым тiлмен айтқанда, жанықтырып жұмсай да, алғаусыз аялай да бiледi. Жеке басы жаратпайтын адамының жақсылығын да әдiл бағалай алады. Ал көңiлi бiр қалған адамға қайтып жiбiгенiн және де көрген емеспiн. Бiрақ сол жiгiттердiң өздерi де: “Сұлтан қиянат жасады”- деп айта алмайды, солай деп айтқан өкпе сөздердi әзiрше естiген де жоқпын.

Мұндай “неғылайынсыз мiнездiң” қолайлылығы сол, адам кiммен және неге сөйлесуге бара жатқанына, iсiнiң қандай жағдайда игiлiктi шешiлетiнiне алдын-ала дайындалып барады. Үлкендi - кiшiлi билiк тiзгiнiн ұстаған, ұстап келе жатқан тұстарында ол осы қатал да әдiл мiнезiнен жаңылған жоқ.

Екiншi бiр мiнезi – ұлық та, кiшiк те бола бiлетiн табиғи қасиетi. Бұл арада оның кiсiнi силай да, силата да бiлетiн болмысын айтып отырмын. Үлкенге де, кiшiге де, өзi қарайтындарға да, өзiне қарайтындарға да бiр мiнезбен көрiнедi. Жоғарыдағыларға күле, төмендегiлерге түнере түсетiн екi беттi емес. Қазақтың “бiр беткей адам” дейтiн қанатты сөзi осы Сұлтан Шәрiпұлына қаратыла айтылған сияқты. Кiммен болса да күмiлжiмей тең сөйлеседi. Мұндай мiнездiң өзi қазiр сиреп бара жатқаны өкiнiштi. Зады бұл мiнез - Оразәлi тұқымының ата тегiне бiткен болмыс сияқты. Менiң ұстазым, жазушы Кәмен мен сынып жетекшiм Кәкен Оразалиндердiң де бойында сол мiнездер басым болатын.

Сонымен қатар Сұлтан Шәрiпұлының өзiнен iсi түсiп келгендердi қабылдау бөлмесiнде таңнан кешке дейiн қаңтарып қойған сәттерiн де байқамаппын. Басында салқындық танытқанымен бара-бара сыралғы адамыңа айналып, ретi келсе көлiгiмен үйiңе апарып тастауға да дайын. Бұл – ең әуелi өзiн, содан кейiн өзiнiң отырған орынын силағандығы. Әйтпесе, не мәселе шешпей, не оң қабағын бермей, екi сағат күттiрiп, екi ауыз оңды шешiм қабылдауға дәрменсiз дәбiрлердi әр кеңсенiң төрiнен көрiп жүрмiз. Әсiресе, сондай шелтигендердiң қатары көбейiп, жасарып бара жатқаны жаныңа батады. Мәселеңдi шешпей-ақ қойсын, тым құрыса, ақша алып отырған тақты құрметтесе, Абай айтқандай, “бiз де ел қатарына жылдам қосылар едiк”.

Үшiншi мiнезi – талғам. Бұл оның барлық болмысынан байқалатын және көзге тез түсетiн мiнезi. Кiммен, қай жерде, қалай сөйлесу керектiгi туралы қызмет әлiппесiн ғана қапысыз меңгерiп қоймаған, кiммен және қандай дос болуды, сол достығын қалай, қай жерде көрсетудi де талғаммен iстейдi. Өзгенi қайдам, өз басым Сұлтан Шәрiпұлының кеңсесiне бас сұғып көрмесем де, ол арада қандай адамдардың жұмыс жасайтынын және олардың мiнез-құлқын, киiм киiсiн, сөйлеу мәнерiн барынша дәл топшылай аламын. Бiз сияқты кең қолтық, ерке жүрiстi, еркiн ауызды, қызметке кеңшiлiкпен қарайтын жiгiттердiң өзi аз уақыттан соң сыптығырдай болып ысылып, Өтеген сияқты жұтынып шыға келедi.

Талғамның өзiн өмiрлiк тәртiбiне айналдырған адаммен қатар жүру сырттай қарағанда қиямет сияқты көрiнуi де мүмкiн. Алайда алды ашық ағамыз еркелете де алады және еркелетсе – Сұлтекең еркелетсiн! Сондай бiр жарқын дауыспен жайдары тартқан сәттерде нағыз жiгiттiң сұлтанындай жалданып, сұлуланып кетедi. Кейде үнемi сол қалпынан жазбаса екен деп күпiрленiп қалатынымыз да бар. Ағамызды атымтай жомарт деп айта алмаймын. Бiрақ көңiлi құлап, өзi адалдығына сенген адамының алдындағы ақжармалығын айтпаңыз. Талғаммен тартатын темекiсiн бiр сорып қойып ақ көңiлiн ақ дастархан сияқты жайып салғанда жаның жадырап сала бередi. Дәл сол сәтте мәтiбiн тауып бие сұрасаң, Сұлтекең мiндеттi түрде түйе бередi. Әрине, тағы да талғаммен. Анда-санда сондай сыбағадан дәметiп қалатынымыз да бар. Әттең талғамына жарамаймыз-ау деп күдiктенемiн.

Ағамызға артық дәулет бiтпегенiне куәмiз. Алайда қашан да бар адам, бай адам құсап жүредi. Бұл да сол барды талғаммен ұқсата бiлетiн мiнезiне орай бiткен қасиетi шығар деп ойлаймын. Тұла бойы талғам мен талаптан тұратын осындай адамның тiлегiнен қырық жылдан астам уақыт бойы қылаусыз шығып келе жатқан жеңешеме таң қала сүйсiнемiн. Алла бергенiне лайықтап қосқан қосақ осындай-ақ болар. Аз жазса да талғап жазатын ағамыздың шығармаларының барлығы да тура осы талаппен дүниеге келгендiгiн айтып, дәлелдеп жатудың өзi артық шығар. “Ат иесiне тартады” дегендей Сұлтекеңнiң әр телехабары да өзiне тартқан “мiнездi”, талғамды және мазмұнды келетiнi де сондықтан.

Төртiншi мiнезi – тәуекелшiлдiгi. Өмiр тәжiрибесi мол, ысылған, билiк тiзгiнiн еркiн меңгерген, табанды да тапқыр қайраткер деген адамдардың да бiр сәт тығырыққа тiрелiп, қандай шешiм қабылдарын бiлмей дағдарып қалатын сәттерi болады. Қырық жыл қызметтен қол үзбеген Сұлтан Шәрiпұлын осындай тұйықтан алып шыққан қасиетiнiң бiрi сол тәуекелдi серiк еткен ер мiнездiлiгi. Ойына алған iсiн орындау үшiн ешқашанда және ешнәрседен тайсалған емес. Әрине, кейбiр мәселелердi шешудiң жөн-жобасын алдын-ала ойластырып жүретiн болар. Алайда мынау аумалы-төкпелi заманда шешiлмеген түйiндер таусылған ба. Лауазымды адамдардың қас-қабағынан именiп, сызып берген жолдан, айтып берген нұсқаудан ауытқи алмайтын дүбара шенеунiктердiң талайын танимыз. Өзiмбiлгенсiнгендiктен емес, өзiне тапсырылған мiндеттiң жауапкершiлiгiн толық түсiнгендiктен де қисыны қиын шешiмдердi табан астында қабылдайды. Оның мұндай батыл әрекеттерiн сан рет көрдiм. Азуын айға бiлеген толық билiк иелерiнiң өзi кейде қарауындағы қызметкерiнен қаймығып қалған тұстар да кездестi.

Алған бетiнен қайтпайтын қайсар мiнезiн ұната қоймай, қиянатқа ұшыраған кездерi де жеткiлiктi.. Ойындағысы орындалғанынан қанағат тапса, андай-мындай ұшықтаушылардың қылығына мойымайтыны тағы бар. Бұл мiнезi, әсiресе тiл комитетiнiң төрағасы кезiнде ерекше көрiндi. Сұлтан Шәрiпұлының ұлты алдындағы бiтiрген үлкен iсiнiң бiрi де және бiрегейi де Тiл туралы алғашқы заң. Оның игiлiгiн қазiр барша халық көрiп отыр.

Бесiншi мiнезi – өзгеге айтқанын iстете алатын және өзi де айтқанында тұратын бiр сөздiлiгi. Мұндай қайраткерлер аз, бiрақта бар. Ал Сұлтан Шәрiпұлының уәде беруi өте қиын. Бұл жағынан келгенде жоғарыда айтқан жомарттығына күмәндана қарауға да болады. Сөзден көрi iс тындырғанды ұнататын адамның мiнезi бұл. Бәрiн де талғаммен, толғанып барып қимылдайтын сөзiнiң тиянағы бар қайраткерлерге тән қасиет. Ол сөзi мен уәдесiнiң бағасын бiледi. Сондықтан да оның мүжәзiн табу оңай емес. Зәудемде уәде бере қалса ол iске еш алаңдамай, орындалды деп есептей беру керек. Бұйымтайдың үлкен-кiшiсi жоқ. Сол аз бұйымтайдың өзiне атанның күшiн жұмсап, қашан жүзеге асырғанша өзiнiң де мазасы кетедi, саған да тыныштық бермейдi. Әншейiндегi сабырлы Сұлтанның орынын күйгелек Сұлтан басқандай әсерде қаласың. Болмашыға сондай күш жұмсаған ағамыздың сабырсыз сәтiн көргенде әлгi бұйымтайыңа өзiңнiң де өкiнетiн тұстарың аз болмайды. Айбынды ақын Ғафу Қайырбековтi:

Жаным, Сұлтан! Қара шаңырақ иесi,

Арманым жоқ саған аға бола алсам,-

деп тебiрендiрген де сондай мiнезi екенi даусыз.

Мiне, бүгiн алпыстың асқарына шығып отырған мiнездi тұлға, қарымды қаламгер, байсалды сыншы, әйгiлi тележурналист, қайраткер Сұлтан Шәрiпұлының отыз екi жылдан бергi уақыт iшiндегi бiз байқаған адамгершiлiк қасиеттерi осындай. Өзiн өзi тәрбиелеп, өзiн өзi жеткiзген, еңбегiн ғана сауып, маңдай терiмен қазақтың марқасқа тұлғасына айналған ағамыздың қазiр кемелiне келiп, толысқан тұсы. Елiнiң игiлiгiне үлесiн қосатын нағыз дер шағында. Iнiлiк базына ретiнде:

Тiршiлiкте басыңды шыңға сүйреп,

Қолдан келсе – қонышыңмен бiр басып өт!,-



деген Ғафакеңнiң тiлегiн қайталап айтқым келедi.

Сөз соңында: әуелден өзiңдi елден ерекше еткен жоғарыдағы бес мiнезiңдi тең ұстап, Дулатыңмен бiрге дулатып өт, аға - демекпiн. “Жiгiттiң сұлтаны болдың, ендi әдебиеттiң сұлтаны бол”-деген Олжас ағаңыздың тiлегiн орындайтын кемелдi кезең, мiне, ендi келдi. Жол болсын.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет