Аудан әкімі А. Бекбосыновтың «2010 жылы атқарылған жұмыстар және 2011 жылға қойылған міндеттер» туралы есептік баяндамасы



Дата03.03.2016
өлшемі46.5 Kb.
#35320
Аудан әкімі А. Бекбосыновтың «2010 жылы атқарылған жұмыстар және 2011 жылға қойылған міндеттер» туралы есептік баяндамасы
Қадірлі жерлестер!
Елбасы Н.Назарбаев ағымдағы жылғы 28 қаңтар күні халыққа Жолдау арнағаны барлықтарыңызға мәлім. Осы Жолдауда Елбасы 3 негізгі бағыттағы мемлекеттік бадарламаларды дамытуға басты назар аударды. Олар білім, денсаулық және тілдерді дамыту, сонымен қатар жаңа бағдарламалар қабылданатын болады:

  1. Жаңа жұмыспен қамту стратегиясы;

  2. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты модернизациялау;

  3. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету

Осы аталған бағдарламалар күнделікті мәселерді шешуге, әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған.

Президенттің Жарлығымен 2011 жыл «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» деп жарияланды. Аудан көлемінде аталған Жолдауды талқылау жұмыстары да басталды.



Құрметті жерлестер!

Осыған орай, өткен жылдың қорытындысы мен алда тұрған міндеттерді қысқаша баяндауға рұқсат етіңіздер.

2010 жылы өндірістік өнімді өндіру көлемі 2010 жылы 1 799,3 млн. теңгені немесе 2009 жылмен салыстырғанда 102,6 пайызды құрады.

Аудан бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуына да қол жеткізілді.

Бюджеттің кіріс бөлігі 100,3 пайызға, оның ішінде өзіндік кіріс болжамы 102,7 пайызға орындалды.

Бюджеттің шығыс бөлігін игеру 100 пайызға орындалды

Аз қамтылған тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуге, білім, мәдениет, спорт салаларын дамытуға бөлінген қаржы мөлшері 1 млрд. 773 млн. теңгені немесе аудан бюджетінің 68 пайызын құрады.

Аудан бойынша 2010 жылы орташа еңбекақы 42785 теңге болды.

2010 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен негізгі капиталға жалпы сомасы 1 783,9 млн. теңгеге инвестиция тартылды.

2010 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығының жалпы өнімі 8 млрд. 794 мың теңгені құрады. Есептік мерзім аралығында ауданда 12564 тонна ет, 42257 тонна сүт, 183,9 тонна жүн және 8,6 млн. дана жұмыртқа өндірілді.

Мал басының саны 2009 жылдың деңгейінде сақталды.

Мал шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында 12 мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді.

Ауданда 6 асыл тұқымды мал шаруашылығы мен 12 ірі-қараны қолдан ұрықтандыру пункттері жұмыс істейді.

9 марал шаруашылығында 6280 бас бұғы мен марал бар.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша алғаш рет облыстық бюджеттен марал шаруашылығын дамыту мен қолдауға 23453 мың теңге жәрдемқаржы бөлінді.

Ауданның ветеринариялық іс-қызмет мәселелерін жедел шешу, ветеринариялық – алдын-алу шараларын дер кезінде жүзеге асыру мақсатында, «Катонқарағай аудандық ветеринариялық қызметі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды.

Ауданда 3 ветеринарлық дәріхана жұмыс істейді, қазіргі уақытта біз әрбір ауылдық округте ветеринарлық дәріхана немесе лотоктар ашуды көздеп отырмыз.

Қолданыстағы екі мал сою пунктіне аудан орталығында және Катонқарағайда қосымша 17 мал сою алаңдары құрылды. Аудан бюджетіне бөлінген 1,4 млн. теңге қаржыға мал өлекселерін көметін 7 орын жасалды.

Аудан бойынша барлығы 23231 тонна дән бастырылды, әр гектардан орташа есеппен 13,9 центнер өнім алынды, 19552 тонна картоп, 4361 тонна көкөніс жиналды. Күнбағыс алқабы толық жиналды. Оның мөлшері 15560 тонна болды, әр гектардан орташа есеппен 8,5 центнерден өнім алынды.

Лизинг бойынша 133,2 млн. теңгеге 17 бірлік жаңа техника сатып алынды.

«Катонқарағай ауылдық несиелік серіктестігі» қорынан ауылшаруашылық тауар өндірушілерге 10,0 млн. теңге, «Мұзтау-несие» ЖШС қорынан – 11,8 млн. теңге несие берілді. Облыс әкімінің қолдауымен «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Акционерлік қоғамынан 21,0 млн. теңге несие бөлінді.

Ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің нәтижесінде 193 ұсақ шаруа қожалықтары 26 ірі ауылшаруашылық құрылымдарының құрамына енгізілді.

Ауданда шағын кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бойынша арнайы бағдарлама қабылданған.

Бизнестің 2304 шағын субъектілері тіркелген. Бұл салада 4686 адам еңбек етеді. Шағын кәсіпкерлік саласының іс-қызметі нәтижесінде аудан бюджетіне 69,1 млн. теңгеден аса салықтық түсімдер түсті.

Ауданда 250 дүкен, 2 базар, 25 кафе, 14 ЖҚС (жанар-май құю станциясы), 21 дәріхана, 19 қызмет көрсету орындары жұмыс істейді.

Ауданда туризмді дамыту бағдарламасы қабылданып, орындалу үстінде. Катонқарағай ауылында «Баян» туристік емдеу-сауықтандыру кешені ашылып, Топқайың ауылына жақын жерде «Нұр Бұлақ» туристік сауықтыру кешені іске қосылды. Аудан аумағында 9 пантымен емдеу орындары қызмет істейді.

Кез келген өңірдің тынысы жолының жағдайы арқылы анықталады.

Аудан әкімдігінің Қаулысымен аудандық маңыздағы автомобиль жолдары «Нарын» мемлекетік коммуналдық кәсіпорнының шаруашылық жүргізу құқығына берілді.

2010 жылы жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарын ұстап тұруға және жөндеу жұмыстарына 120,8 млн. теңге жұмсалды.

Көктерек ауылына кіреберіс жолға қара жамылғы төселді. Коробиха, Аршаты, Новополяковка-Ульяновка ауылдарына кіреберіс жолдарға құмтас төгіліп, жөндеуден өткізілді.

Өрел ауылының, Үлкен Нарындағы - Мир, Катонқарағайдағы – Торайғыров көшелері, Новополяковка ауылының көшелері орташа жөндеуден өткізілді.

Көктемгі су тасқынының салдарынан автомобиль жолдарының жекелеген учаскелері бүлінді. Жолды қалпына келтіру үшін сметалық есептеулер жасалды. Аудандық бюджеттің есебінен «Новополяковка-Ульяновка», «Новохайрузовка-Кұндызды», «Жаңаүлгі-Жамбыл-Берел», «Ақмарал, Шұбарағаш, Коробиха» ауылларына кіреберіс жолдар қалпына келтірілді.

Облыстық «Парыз» қорынан бөлінген қаражат есебінен «Согорное-Барлық-Ақсу, 27-39 км» жолға орташа жөндеу жүргізілді.

Ауданның елді мекендерінің көшелерін қардан тазалауға жыл сайын аудан бюджетінен қаржы бөлінеді.

Ауданның құрылыс индустриясы бірқалыпты дамуда. Елбасы Жолдауына сай, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Катонқарағай ауылында 75 төсектік аурухана, Өрелде 320 орындық орта мектептің құрылысы аяқталды. 2010 жылы жалпы ауданы 2313 шаршы метрі құраған тұрғын үйлер қолданысқа берілді. Үлкен Нарын ауылында 16 пәтерлі тұрғын-үй пайдалануға тапсырылды, оның кілті жас мамандарға, мүгедектерге, ҰОС (Ұлы Отан соғысының) және еңбек ардагерлеріне берілді.

«Ауыз су» бағдарламасы аясында Малонарым және Новоберезовка ауылдарының су желілерін өзгертіп салуға 130,7 млн. теңге бөлініп, игерілді. Үлкен Нарын ауылындағы желілерді күрделі жөндеуден өткізуді жалғастыруға 17,4 млн. теңге, сумен қамту желілерін ұстап тұруға 4,5 млн. теңге бөлінді. Өрел ауылындағы су қорын анықтау мониторингісін жүргізуге 2 млн. теңге бөлініп, ол толық игерілді.

2010 жылы көшелерді жарықтандыруға 8 млн. 850 мың теңге бөлініп игерілді. Ауылдық округтердің орталық ауылдары, ірі ауылдар жарықтандырылды.

«Жол картасы» шеңберінде ВЛ-0,4 кв электр желісі ағымдық жөндеуден өткізілді, оған 18,1 млн. теңге жұмсалды. Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдарында 46,4 млн. теңге қаржыға көріктендіру жұмыстары жүргізілді.

2010 жылы көлемі 144,6 мың тонна әртүрлі жүктер ауданға жеткізілді, жүк айналымы 1569,6 мың тонна шақырымды құрады.

«Жол картасы» бағдарламасын іске асырудың арқасында шаруа қожалықтарын дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу іс-шаралары барысында халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту, кедейшілік деңгейін төмендету мәселелері шешілуде.

«Жол картасы» бағдарламасын іске асыру үшін 234 млн. теңге бөлініп, игерілді, 282 жұмыс орны құрылып, оның 248-ін жұмыспен қамту бөлімінде тіркелген жұмыссыздар құрады.

Жыл көлемінде 135 жұмыссыз тіркелген. 2010 жылдың басынан бері 1119 жаңа жұмыс орны ашылған.

253 жұмыссыз адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. Мамандарды қайта даярлау курстары аясында 109 адам оқуға жіберілді. Оның 69-ы жұмысқа орналасты.

Аумақтық қамту бағдараламасын іске асыру шеңберінде әлеуметтік жұмысшылар санын 40 орынға дейін арттырып, 15 түлек үшін жастар тәжірибесін ұйымдастыру көзделген. Осы мақсаттарға 6,6 млн. теңге бөлінген. Әлеуметттік жұмыс орындарына барлығы 46 адам жіберілген, «жастар тәжірибесі» бағдарламасына 26 адам қатысты.

Кәсіптік оқыту бағдарламасы толығымен орындалды.

2010 жылы қаладан ауылдық жерге жұмыс істеуге келген 26 маманға жалпы сомасы 2 млн. 947 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді. Одан басқа 14 маман 12 млн. 432 мың теңгенің бюджеттік несиесін алды.

Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҰОС (Ұлы Отан соғысының) қатысушылары мен ҰОС (Ұлы Отан соғысының) мүгедектеріне, соғыс жылдарында қаза тапқандардың, қайтыс болған ардагерлердің жұбайларына, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген 1599 адамға республикалық бюджеттен 18,7 млн. теңге материалдық көмек көрсетіліп, жергілікті бюджеттен қосымша 2,6 млн. теңге бөлінген.

Қазіргі уақытта мектеп мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жас ұрпақтың сапалы білім мен өнегелі тәрбие алуына барлық жағдай жасалуда. 54 жалпы білім беру мектептерінде 5131 оқушы білім алуда. Мектеп жанындағы үш интернат, 6 мектепке дейінгі мекеме, балалар музыка мектебі, спорт мектебі мен №22 кәсіптік лицей жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау үшін психолого-педагогикалық түзеу кабинеті бар.

Білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға көбейіп келеді. Өткен жылы осы саланы дамытуға аудан бюджетінен 1 млрд. 501 млн теңге бөлінді. Оның ішінде мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, кітаптар алуға, оқушылард ыстық тамақпен қамтамасыз етуге ақша қарастырылған.

Сондай-ақ, «Жол картасы» бағдарламасы аясында 57 млн. 549 мың теңге қаржыға Солоновка, Ақсу, Көктерек, Бесүй мектептері, Үлкен Нарын ауылындағы ауылдық лицейге күрделі жөндеу жүргізілді.

ТЖ (төтенше жағдай) қорының есебінен Катонқарағай ауылындағы Ленин атындағы орта мектебінің шатырына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.

Оқушыларды тегін тасымалдау үшін Аққайнар, Аршаты, Белқарағай ауылдарына 3 автокөлік сатып берілді.

ҚР Президентінің 2010 жылғы Жолдауының негізгі міндеттерін орындау мақсатында «Балапан» бағдарламасы бойынша Өрел ауылында балабақша ашылды. Мектептер жанындағы 28 шағын орталықта 612 бала тәрбиеленуде.

Аудан ұстаздары өздерінің кәсіби деңгейлерін үнемі жетілдіріп отырады, соның нәтижесінде оқушылардың білім сапасы артуда. ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тест) қорытындысы бойынша біздің аудан облыс бойынша бірінші орын алды. Аудан бойынша орташа көрсеткіш 95,03 балды құрады

Ауданымыз медициналық мекемелермен толық қамтамасыз етілген. 2010 жылы кепілді тегін медициналық көмек көлемі 456,8 млн. теңгені құрады. 2010 жылы барлығы 5891 адам емдеуден өтті.

«Жол картасы» бағдарламасына сәйкес аудандық орталық аурухананың жылу жүйесіне ағымдық жөндеу жұмыстарына 5 млн. теңге бөлінді. Денсаулық сақтау мекемелерінің материалды-техникалық базасын нығайту мақсатында 58,7 млн. теңге әмбебап маммографиялық рентген КАРМУ «Маммокар» кешені сатып алынды.

Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдарында 180 түрлі дәрі-дәрмекті төмендетілген бағамен сататын 2 дәріханада әлеуметтік бөлімдері тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Мәдениет саласында да жұмыстар атқарылуда. Әр түрлік көркем өнерпаздар мен ұжымдардың концерттері, байқаулар өткізілді.

2010 жылы ағымдық бюджет пен «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес 53 млн. 966 мың теңге Барлық, Белқарағай, Аққайнар, Новохайрузовка ауылдық клубтарындағы ағымдық жөндеу жұмыстарына және Малонарым ауылдық клубына күрделі жөндеу жүргізуге бөлінді. Аудан орталығында тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған би алаңы және жазғы дәмхана салынды.

Үлкен Нарын ауылындағы «Қайғылы ана» мемориалды кешеніне, Катонқарағай ауылындағы ескерткішке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2010 жылы «Қазақстан - 2030», Елбасы Жолдауы, Астана Саммитінің қорытындыларын түсіндіру, насихаттау, ақпараттандыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл іспен ауданда 62 ақпараттық-насихат тобы айналысып, 326 кездесу өткізілді.

Әртүрлі деңгейдегі спорттық бұқаралық іс-шаралар саны жылдан-жылға артып келеді.

Спорт жарыстарын өткізуге, қатысуға аудан бюджетінен 5 млн. 492 мың теңге бөлінген. 24 ірі спорт жарыстары өткізілді. Біздің аудан облыстық ХІ мемлекеттік қызметкерлердің спартакиадасында 3-орынды иеленді.

«Қылмыспен күрес» бағдарламасына сәйкес аудан әкімшілігі, сондай-ақ құқыққорғау органдары кездесулерді, дөңгелек үстел отырыстарын, сынып сағаттарын, оқушылардың, жастар мен ересектердің қатысуымен қоғамдық таңдауларды жүйелі түрде өткізіп отырады.

2010 жылы 138 қылмыс жасалған, 2009 жылмен салыстырғанда қылмыс деңгейі 12,7%-ға төмендеген. Қылмысты ашу деңгейі 89,2% - құрады.

Құрметті жерлестер!

Бүгінгі күнге дейін барлық елді мекендерде ауылдық округ әкімдерінің есептік кездесулері өткізілді.

Ауылдық округтердегі тұрғындармен өткізілген есептік кездесулерімде әлеуметтік тұрғыда айтылған өтініш-тілектерге ерекше назар аударылды. Әкімдердің өткен жылғы есептік кездесулерінде тұрғындар тарапынан айтылған бір де бір өтініш-тілектер ескерусіз қалған жоқ.

2010 жылдың басынан бері аудан тұрғындарынан 87 ұсыныс келіп түсті, олардың 70-не кездесулер кезінде толыққанды жауап беріліп, қалған 17 ұсыныстың орындалуы атқарушы биліктің бақылауына алынды. Бүгінгі күні олардың 16-сы орындалды, ал біреуі – Аршаты ауылында Бұқтырма өзенінің үстіне көпір салу жұмысы жүргізілуде.

Биылғы жылы ауданымыздың алдағы уақытта дамуы үшін барлығымыз жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруымыз қажет:

- Әлеуметтік-экономикалық дамудағы басты тапсырма – өткен жылы қол жеткізген оң нәтижені сақтап қалу;

- Ауылшаруашылық жерлерді, әсіресе, егістік жерлерді түгендеу жұмыстарын аяқтау қажет. «Жер туралы» Кодекске сәйкес мақсатсыз пайдаланылмай немесе толық көлемде қолданылмайтын, егістік айналымына енбейтін жерлерді мемлекет ресурстарына қайтаруды және оларды шаруашылықтардың пайдалану мүмкіншіліктерін ескере отырып, қайта бөлуді жүзеге асыру қажет.

-Инфляцияны тежеу мақсатында азық-түліктің негізгі түрлерінің бағасын тежеу және тұрақтандыру бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.

-Аудан орталығындағы кірпіш зауыты қалпына келтіріліп, оның өндірістік қуаттылығы – жылына 3-5 млн. кірпіш шығарады.

-Білім беру саласында облыстық бюджет есебінен Аққайнар ауылында 180 орындық орта мектеп салу жоспарлануда.

- Үлкен Нарын ауылында 250 орындық балабақша үйі салынбақ.

-2011 жылы Еңбек және Топқайың орта мектептерін күрделі жөндеуден, Солдатово орта мектебін ағымдағы жөндеуден өткізу қарастырылған.

-Новоберезовка, Новохайрузовка ауылдарындағы бала бақшаларды күрделі жөндеуден, Өрелдегі балабақшаны ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған.

-Жамбыл ауылындағы клубты күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр.

Атқарушы биліктің қажырлы еңбегінің арқасында республикалық бюджеттен «Үлкен Нарын-Күршім» бағытындағы жолдың 0-23 шақырымын, «Малонарым-Солоновка-Новополяковка» жолының 8-30 шақырымын, «Согорное-Барлық –Ақсу» жолдарының 27-54 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінуде.

Облыстық және жергілікті бюджеттен Бесүй ауылына кіреберіс – 5 шақырым, Ақсу-Жазаба – 3-9 шақырым жолдарды орташа жөндеуден өткізуге және Үлкен Нарындағы «Сурка» өзенінің үстіндегі көпірдің су өткізетін қондырғыны орташа жөндеуден өткізуге қаржы қарастырылып отыр.

Аршатыдағы Бұқтырма өзенінің үстіне көпір салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды даярлауға қаржы бөлінетін болады.

Облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында жергілікті маңыздағы жолдарды құжаттандыруға қаржы бөлінді.

Новоберезовка және Малонарым ауылдарындағы су жүйесін өзгерту жұмыстары жалғастырылып, Үлкен Нарын мен Катонқарағайдағы су құбырларын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлініп отыр.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мақсатында арнайы ДУК автомобилі, сондай-ақ, аудан орталығы мен Катонқарағай ауылы үшін қоқыс салатын 40 контейнер мен контейнер тасымалдайтын көлік сатып алу жоспарлануда.

Үлкен Нарын ауылының маңында қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін арнайы орын жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттар даярлануда.

Ағымдағы жылы да аудан орталығы мен Катонқарағай ауылын абаттандыру жұмыстары жалғастырылып, ауданның елдімекендеріне жарықшамдар орнатылатын болады.

Ауданда жергілікті биліктің шешетін күрделі мәселелер әлі де болса жеткілікті. Бұл - Үлкен Нарында қазақ тілінде оқытатын Қ. Дамитов атындағы мектеп ғимаратының құрылысы, Аршатыдағы Бұқтырма өзеніне көпір салу, Шыңғыстай ауылында сумен жабдықтау жүйесін қайта өзгерту жұмыстары.

Шыңғыстай ауылындағы Бұқтырма мен Көктерек өзендерінің жағалауларын бекіту жұмыстарын атқару қажет.



Қадірлі жерлестер!

Сөзімді қорытындылай келе, қажырлылық пен бірлік және ынтымақтастық кез-келген қиындықты жеңеді дегім келеді. Мемлекет Басшысы Н. Ә. Назарбаев айтқандай, Қазақстанның мақсаты – қолда бар игілікті сақтап, жаңа асуларды бағындыру. Сондықтан, бұл мақсатқа бірлесе ұмтылуымыз қажет!


Назарларыңызға рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет