Аудан әкімі Ә. Далбағаевтың 2015 жылы атқарылған жұмыстары бойынша аудан халқы алдындағы есебі құрметтi аудан тұрғындары!



Дата22.02.2016
өлшемі292.61 Kb.
#1482
Аудан әкімі Ә.Далбағаевтың 2015 жылы атқарылған жұмыстары бойынша аудан халқы алдындағы ЕСЕБІ
Құрметтi аудан тұрғындары!
Ауданды әлеуметтік экономикалық дамыту мақсатында 2015 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, қол жеткізілген жетістіктер мен шешімін таппай отырған мәселелер және алдағы уақытта атқарылуға тиісті негізгі міндеттер жөнінде Сіздерді хабардар етуге рұқсат етіңіздер.
Баяндамамды бастамас бұрын сіздерді келген жаңа мешін жылымен құттықтай отырып, береке-бірлік, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізде табыс тілеймін.
Есепті уақытта аудан экономикасының серпінді дамуын, аудан халқының әлеуметтік қорғалуын, ауданның ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, негізгі міндеттер ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауының, мемлекеттік бағдарламалардың және басқа да Елбасы мен Үкіметтің, облыс әкімінің тапсырмаларын орындауға бағытталған жоғары органдардан түскен құжаттардың жүзеге асырылуына ерекше назар аударылды.

Тарих қойнауына тағы да бір жылды шығарып салдық. Ол жылдың басты саяси оқиғасы - әрине сәуір айында өткен кезектен тыс Президенттік сайлау. Бұл сайлауда тұрғындар тағы да еліміздің тыныштығын, халқымыздың әл-ауқатын артуын таңдап, осы жетістіктердің басында келе жатқан тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бірауыздан дауыс беріп, өз болашағын таңдады.

Осы сайлауда жеке дара шығып, жеңіске жеткен Елбасы сайлауалды бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамды» халыққа ұсынды.

«100 нақты қадам» - бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары.

Бұл жоспар 5 салаға бөлініп, әрқайсында мемлекетіміздің даму барысында атқарылатын шаралар көрсетілген.
Жалпыхалықтық қолдауға ие болған Елбасымыздың 2015 жылғы 30 қарашада жасаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы бүкіл әлемді қаржылық дағдарыс қыспаққа алып, қәзіргі аумалы-төкпелі кезеңде өзінің өміршеңдігімен ерекшеленіп, болашаққа бағыт-бағдар беруде.

Тәуелсіздік туын тіккелі өткен 24 жыл ішінде 90-шы жылдар қиыншылығын еңсере келе екі дүниежүзілік қаржы дағдарыстарынан өтіп, біраз тәжірибе қалыптастырғанымызды ескере келе Елбасы қазіргі кезеңде әлемде жалғасып жатқан жаһандық экономикалық дағдарыс пен алпауыт елдердің текетіресін, өзара санкциялар алмасуы жағдайында қоғам мен экономикамыздың тұрақты дамуы, азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында арнайы дағдарыстың алдын алу Стратегиясын іске асыру керектігіне, ол үшін бес міндет жүктейтініне тоқталды. «Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды қадағалап отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз- елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік ел ету» деді мемлекет басшысы.

Өткен жылдың 28 желтоқсанында аудан активінде қатысты бөлімдерге, ауылдық округтерге осы бес міндетті орындау жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, оны іске асыруда қажетті жұмыстар басталып кетті. Осы есебім сіздердің алдыларыңызда болғандықтан, баяндама барысында сол міндеттерді тиісті сала бойынша қайтадан айтып өтсем артық болмайды деп ойлаймын.

Былтырғы жылдың тізбегіндегі тағы да айтуға тұратын оқиғаларға келсек, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық Экономикалық Одақ жәйлі келісім шарт күшіне еніп, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения мемлекеттерінің экономикаларының нығая тусуіне жол ашылды.

Кең түрде аталып өткен Қазақ Хандығының 550 жылдығы, Ата заңымыздың, Қазақстан Халықтар ассамблеясының 20 жылдығы және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толу мерекелерін ұлықтау, Қазақстан халқын әсіресе жастарды патриоттық сезімге, елді, жерді сүюге үйрететіні белгілі
Біздің жұмысымыздың басты өлшемі - халықтың берер бағасы. Сондықтан да, тұрғындар алдында жүзеге асырылған істер бойынша есеп беру дәстүр болып қалыптасты. Атқарған жұмысымызды саралап қана қоймай, алда тұрған міндеттерді межелейміз.

2015 жылы аудан жұртшылығымен өткізілген есепті кездесулеріндегі түскен ұсыныстардың орындалуы жөнінде

Өзімнің 2014 жылы атқарылған жұмыстар туралы есепті кездесулер 17 округтерде және аудандық қорытынды есебі барлығы 18 кездесулер өткізілді.

Бұл кездесулерде тұрғындар тарапынан барлығы 6 ұсыныс түскен. Оның ішінде: ауыз су мәселесі – 2, жолдарды жөндеу – 2, аббаттандыру – 1, басқа да экономикалық сипаттағы ұсыныстар – 1.

6 ұсыныстың 6-ы есепті мерзімге орындалуы жоспарланып, 5-і іс жүзіне асты. Атап айтсақ:

1. Үлгілі, Көлтабан ауылдарының ауыз су жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстарына тиісінше 18 және 21 млн.теңге бөлініп, бүгінгі күнге қаражатты «Ақсу су құбыры мекемесі» толығымен игерді.

2. Суықсай – Арасан елді мекендер арасындағы 4,5 шақырым автокөлік жолына ағымды жөндеу жұмыстарын «Фирма Талдықорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 млн.139 мың теңгеге жүргізді.

3. Қарашілік – Сырттанов елді мекендер арасындағы 13 – 36 шақырым аралығындағы автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары өтті. Бөлінген қаражат – 171 млн.теңге. Мердігерлік ұйым «Фирма Талдықорған жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

4. Жансүгіров ауылындағы орталық саябақты аббаттандыру мақсатында саябақтың кірмесі (аркасы) және ішіндегі сахна ғимараты, жаяу жүргіншілер жолы ағымды жөндеуден өткізіліп, аббаттандырылды..


Қарасу ауылдық округі Кенжыра ауылында өткен есептік кездесуде осы елді мекенге кіре берістегі Сарқан өзені бойында орналасқан көпірді қалпына келтіріп, ұзарту мәселесі көтерілген болатын. Қәзіргі кезде бұл ұсынысты іске асыру үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізілді. Құрылыс монтаждау жұмыстарына қажетті 148 млн.теңге 2016 жылы бөлу жоспарлануда.
Ауылшаруашылық саласы

Ауданымызда басты сала болып есептелетін ауылшаруашылығы саласына келетін болсақ, ауылшаруашылығының өнім көлемі - 14 956,1 млн. теңгенің өнімдері өндірілді.


Елбасымыздың қамқорлығы мен Үкімет, облыс әкімі тарапынан көрсетіліп отырған көмектің арқасында жылдан-жылға егіс көлемі үлкейіп, өнім түсімі де көбеюде.

Егістік көлемі - 56 мың 409 га, өткен жылдың көлемінен 1498 гектарға артты. 32150 гектар дәнді - дақылдардан 52480 тонна, 13569 гектар майлы дақылдардан 21416 тн өнім жиналды.

2016 жылдың өніміне 15500 га қара пар жыртылып, 15000 га күздік бидай себілді.

Ауданымызда төл дақылы болып саналатын қант қызылшасының көлемін ұлғайту, қант зауытын іске қосу ең күрделі де өзекті мәселе болып тұр. Себілген 860 га қант қызылшасының 530 гектары ғана жинауға барып, жоспардағы 18000 тоннаның орнына 6146 тонна Көксу қант зауытына өткізілді. Қызылша өткізуден Қызылағаш ауылдық округінен (132 пайыз) басқа бірде бір ауылдық округ тапсырма деңгейіне шыға алған жоқ. 42-45 пайызға Жансүгіров пен Жаңалық ауылдық округтері орындады. Ал Есеболатов, Қапал, Суықсай, Ойтоған, Қаракөз ауылдық округтері мүлдем өнім өндірген жоқ.

Облыс әкімінің ірі өндіріс орны болып саналатын Ақсу қант зауытын жүргізу жәйлі нақты тапсырмасы 2016-2017 жылдары ауданымыздың келешегі шешілетінін білдіреді. Жөнделген зауыт толыққанды жұмыс істеу үшін шикізат қажетті деңгейде болу керек екендігі бәрімізге мәлім. Аудан болып қант қызылшасын өсіруді нақты қолға алуға тиіспіз, біз үшін басқа балама жол жоқ.

Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасын толығымен орындап, яғни, кем дегенде 1260 гектар қызылша алқабын сеуіп, 37800 тонна қант қызылшасын өндіру міндеті тұр.

Олай болса ақсудың дамуының артықшылығы қант зауытын жандандыру мүмкіншілігінен айырылып қалмаудың қамына кірісетін мезгіл жетті. Мен барлық ақсулықтарды осы маңызды іске бір кісідей атсалысуға шақырамын. Елбасының Жолдауда айтқан «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін еңбек етейік!» деген ұраны меніңше дәл осы ақсуда қызылша өсіру мәселесіне айтқандай көрінеді.

Аудан әкімінің орынбасары (Қ.Тілемісов), ауыл шаруашылығы бөлімі (Ә.Жақыпбеков) ауыл әкімдері, шаруа қожалықтары қызылша алқабын кеңейту, өнімділігін арттыру мәселесі осы жылдың бірінші міндеті деп есептеп, оны іске асыруда аянбай ету керек.

Жыл басынан «КазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы 164 млн. 770 мың теңгеге 42 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизингке алынса, 45 млн. 600 мың теңгеге 16 дана әр түрлі ауылшаруашылығы техникалары шаруашылықтардың өз қаражатына сатылып алынды.

Ауданда жаңа технология енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 60 гектарға алма ағаштарына, 15 гектар картоп алқабына тамшылатып суару әдісі, дәнді дақылдарға 1280 гектарға нолдік технология, 10139 гектар майлы дақылдарға интенсивтік технология енгізілді.

Ауыл шаруашылығына инвестиция құюдың өзектілігі күн тәртібінен түскен емес. Алтынарық ауылындағы Агрохолдинг сияқты әр ауылда өсу орындарын ашу маңызды.

Тамшылатып суару технологиясын енгізе отырып пияз бен картопты өсіруде біршама табыстарға жетіп келе жатқан ұжымның оң тәжірибесін аудан бойынша тарату маңызды. Арнайы қоймалар салып, қыс мезігілінде арзан бағамен нарыққа өнімдерін шығаруды жоспарлап отырған агрохолдингтің ісіне тек қолдау көрсетуге тиіспіз.


Мал шаруашылығы өнімдері: оның ішінде ет – 12040 тонна, сүт – 28556 тонна болып былтырғы жылдың деңгейінен көбейсе жұмыртқа – 3275 мың дана болып былтырғы жылдың деңгейінде. Жүн –575 тоннаға жетіп, 0,2 пайызға артты.

Мал тұқымын асылдандыру жұмыстары да жолға койылды. Аудан бойынша асыл тұқымды мал өсірумен 5 шаруашылық айналысады.

Мал нәсілін жақсарту мақсатында ірі қараны қолдан ұрықтандыратын 24 пункт жұмыс жасайды.

Ірі қара - 75770, оның ішінде 32581 сиыр, қой-ешкі – 332622, жылқы – 20896, түйе – 48, шошқа – 187, үй құстары – 112628 басты құрады.

Мал азығы өнімдері толық дайындалды. 119 мың 600 тонна шөп, 3800 тонна пішендеме, 21800 тонна сабан, 4800 тонна сүрлем, 19540 тонна жем жоспарға сәйкес әзірленді.
2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 650 бас ірі қара сатып алу жоспарланса, 164,4 млн теңге несиеге 13 шаруашылық 780 бас ірі қара малдарын сатып алды.

2015 жылға «Құлан» бағдарламасы бойынша 220 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасымен 630 бас қой алыну сатып алу жоспарланған, бұл жоспарлар 100 пайызға орындалып, 220 бас жылқы, 630 бас қой сатып алынды.

Қәзіргі қиын-қыстау, қымбастшылық заманында ата бабамыздың ежелден айналысқан кәсібін дамытып, өз жағдайымызды көтерудің бір жолы осы мал санын, оның ішінде асыл тұқымды малдарды көбейту деп санаймын. Ол үшін бізде шабындық, жәйілім жерлер баршылық.

Елбасымыздың Жолдауындағы бірінші міндет - қаржы секторын тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нарық ахуалға сәйкестендіру. Ол үшін ең бастысы қаржы секторында теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамсыз ету.

Теңге тұғырлы болуға керекті алғышарттар өзімізде жеткілікті. Адамға ең бірінші азық-түлік қажет болса, оны өзіміз қауіпсіз ете аламыз. Ол үшін сырттан тасымалдап келген қант, ет - сүт өнімдерін өзіміз жеткілікті мөлшерде арзан өндіріп, керек боса сыртқа шығару қамын жасауымыз керек. Төл теңгеміздің құнын өсіру үшін отандық өнімнің тынысын ашуға тиіспіз. Мысалы, ауданда нан өнімдерінің бағасын белгілі бір межеден қымбаттатпау үшін бидайды мол өсіруді қолға алып, бар диірмендерді істетуіміз керек. Ұн көп болса оның бағасы да түседі, нанның да құны арзандайды. Бұл дегеніміз нарықтық экономиканың заңдылығы.
Саланы басқарып отырған орынбасарым, ауылшаруашылық бөлімінің басшысы және ауылдық округ әкімдері көктемгі егін жұмыстарын ұйымдасқан түрде өтуін, Жолдаудағы бірінші міндетті орындау үшін ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыруды, мал басын асылдандыруды, репродукталық шаруашылықты құру, субсидия тарату, жылыжай салу, жаңа ауылшаруашылық техникаларын алу шаруаларын қатаң бақылауға алып, оларды іс жүзіне асыруда барлық мүмкіншілікті пайдаланып, жұмыстарды өз деңгейінде атқару қажет.
Ветеринария саласына жылдан жылға Үкімет тарапынан бюджет қаражатын бөлу көбейтілуде.

«Эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргіу» бағдарламалары бойынша 2015 жылға 125 млн. 75 мың теңге, «Энзоотиялық ауруларға қарсы іс шаралар» бағдарламасы бойынша 3 млн. 365 мың теңге, «Алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатың құнын иелеріне өтеу» бағдарламасына 20 млн. 97 мың теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілді.

Бруцеллез ауруы ірі қара малдары арасында 118 бас, 2014 жылмен салыстырғанда 86 басқа артқан, қой ешкі малдары арасында 961 бас ауру анықталып отыр. 2014 жылмен салыстырғанда 158 басқа азайған.

Сібір жарасының стационарлы – қолайсыз пункттеріне құрылыс жұмыстарына жүргізу үшін 4 млн. 400 мың тенге бөлініп, Қапал, Қызылағаш, Егінсу, Қарагөз, Суықсай, Сырттанов, Жансүгіров, Есеболатов ауылдық округтеріне құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Аудандық ветеринария бөлімі және ауылдық округ әкімдері мал арасындағы бруцеллезге қарсы шараларын күшейту, бөлінген қаражатты тиімді, әрі мақсатты пайдалану жұмыстарын қатаң бақылауда ұстаулары тиіс.

Ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі 682 мың 366 гектар, оның ішінде: 32 мың 625 гектар суармалы жер, 45 мың 822 гектар тәлім жер, 21 мың 863 гектар шабындық жер, 575 мың 705 гектар жайылым жер.

Пайдаланбай бос жатқан жерлер тексеріліп, қортындысында 447 шаруа қожалықтары, 23 заңды тұлға жерлерін пайдаланбағаны анықталды. Игерілмей жатқан жердің көлемі – 119 мың 961 гектар, оның ішінде суармалы – 7556,91 гектар, тәлім – 15953,25 гектар жер, шабындық – 2630 гектар, 93820,85 гектар жайылым.

Осыған орай, «Алматы облысының жерді пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының» мемлекеттік мекемесіне 78 мың 287 гектар жер шара колдануға жіберілді.

Қалған 41 мың 673 гектар жер телімдерін иесіз мүлік ретінде есепке алынып, Қазақстан Республикасының азаматтық кодексінің 242 бабына және Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 82 бабына сәйкес бір жыл өткен соң сот органдарына жіберіледі.

Жер – ел байлығы, ұлт қазынасы. Олай болса жердің толыққанды игерілуі мәселесіне дұрыс қарауымыз керек. Ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін біз барлық бос, иесіз жатқан жерді қолданысқа енгізілуін қамтамасыз етуге заңдылыққа сәйкес жұмыс істеуіміз қажет.


Суармалы жерлердің толықтай игерілмеуінің бірден – бір себебі тоғандардың бітеліп қалуына көп байланысты екенін өмір көрсетуде. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданымызда суару жүйелерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда аудан аумағында 1372,07 шақырымды құрайтын 109 дана ирригациялық жүйелер бар.

2015 жылғы вегетациялық суару маусымына дайындық кезеңінде 17 дана гидротехникалық құрылғылар, 20 дана су өлшейтін бекеттер, 5,0 шақырым темір бетон конструкциялы тоғандар, 500 метр темір бетон жабық құбырлар ағымды жөндеуден өтіп, жер каналдар 1500 м3 құм-кайраннан тазартылды. Гидрометриялық су өлшеу бекеттерінің 25 данасы 2016 жылға дейін аттестациядан өтті.

2015 жылы 327 дана шарт жасалып 7230 гектар жерге 58,943 млн.м3 су жеткізу жоспарланған. Жоспар 96% орындалып 56,56 млн.м3 су жеткізілді.

“Ақсуирригация” мекемесі теңгеріміндегі МР-2, ВРХ-1 шаруашылық аралық каналына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен бөлінген 10,2 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.

Бүгінгі таңда, аудан аумағындағы 718,4 шақырымды құрайтын тоғандар аудандық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өтуі жоспарланған. Биылғы 2016 жылға жоспарланған пилоттық жоба іске асқан жағдайда 24 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы дұрысталып, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу мүмкіндігі туады.


Өнеркәсіп

2015 жылы өнеркәсіп саласында 3 млрд 931 млн тенгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем көрсеткіші 131,5 пайыз құрады.



Инвестиция:

Тартылған инвестиция көлемі – 2 млрд. 830 млн теңгені құрап, жылдық болжам 97,4 пайызды құрады. Оның ішінде: республикалық бюджет – 695,6 млн теңге, жергілікті бюджет 1314,5 млн теңге. Жеке қаражаты 610 млн теңге.

Сырттанов ауылдық округінен 430 га. суармалы жер алып, «Матай групп» компаниясы 600 бас «Голстен Фриз» тұқымды голландық сиырлар әкеліп тауарлы сүт фермасын, күніне 20 тонна сүт өңдейтін зауыт салуды көздеуде. 11 млн евро, немесе 4 млрд. теңге инвестиция енгізіліп, 60 жұмыс орны ашылмақшы. 2016 жылы жұмыс басталып, 2017 жылы толығымен іске кірістіру жоспарлануда.

600 млн. теңге инвестициямен қазақ-голландия компаниясы да Ақсу ауылдық округінде тауары сүт фермасын ашуды жоспарлап отыр.

«ТТ -групп» компаниясы басшылығы 2016 жылдан бастап 900 млн. теңге қаражатқа Ақсу өзені бойында 4,4 меговаттық шағын ГЭС салуды бастайтынын растап отыр.

Жер бөлініп, жабдықтау – сметалық құжаттары дайындалып Бүйен өзені бойында да шағын ГЭС салу жоспары да 2016 жылы басталады деп күтілуде.

Арасан ауылдық округіндегі «ЭКСПО -2017» көрмесіне өз өнімдерін жіберуге келісім жасасқан «Жетісу Гранит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шығарған өнімді Арасанда өңдеуді жүзеге асырамыз деген жоспарларының орындалуына қол жеткізу маңызды.

«Туған жерге туыңды тік» акция шеңберінде жеке инвесторларды жол, аурухана, мектеп, балабақша, мәдениет, спорт нысандарының мәселесін шешуге одан әрі жұмылдырайық.

Жолдаудағы үшінші міндет - Елбасы экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жерде индустриялық- инновациялық даму саясаты жалғасын табатын болады.

Төртінші міндетте - жаңа инвестициялық саясаттың негіздері нақты көрсетілді.


Сондықтан аудандық кәсіпкерлік бөліміне (Е.Нұрпейсов), округ әкімдеріне белгіленген жоспарларды жүзеге асыруды, сондай-ақ ауданымызда инвесторлар тарту мәселесімен айналысатын арнайы кеңес құрып, ауылдық округ әкімдерінің рейтингісін шығаруда олардың әрқайсысының қанша инвестиция тартып, жаңа нысандар ашқаны, жұмыс орындарын құрып, неше адамды еңбекпен қамтығанын есепке алу мәселесін аудан әкімінің орынбасарлары Е.Базархановқа, Қ.Тілемісовке, С.Қорғанбаевқа тапсырамын.

Шағын кәсіпкерлік:

Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің тіркелген саны 3456, жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 2991 бірлікті құрайды. Бұл тіркелген субъектілердің 86,5%. Жұмыспен қамтылғандар саны – 8233 адам.

Өндірген өнімдерінің көлемі - 1 млрд. 627 млн. 500 мың теңге, немесе 127,6 пайызды құрады.

Бюджетке түсетін салық, басқада төлемдер 86 млн. 300 мың теңге немесе 184,4 пайызға орындалды.

Шағын және орта бизнесті дамытуда сөзден іске көшетін мерзім келді. Жылына кем дегенде 2-3 шағын және орта бизнес құрылымдарының ашылуына байланысты округ әкімінің жұмысына баға беріледі. Осы мақсатта «Туыңды туған жерге тік» акцияның әлеуетін тиімді пайдаланған жөн.
Сауда:

Аудан бойынша 2015 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 790 млн.400 мың теңгені құрады.

Былтыр сауда және қызмет көрсету саласы бойынша көзделген 5 нысан ашылды.


Баға мониторингі:

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру штабы өз жұмысын жүргізуде.

Бақылауда тұрған 33 түрлі азық-түлік тауарларының бағалары сауда орындарында ұдайы тексеріліп отырылады.

3 әлеуметтік сауда орындары, 7 әлеуметтік бөлімдер ашылған.

Жансүгіровте, Матайда және Қапал ауылында әр сенбіде ауылдық округтердің қатысуымен әлеуметтік азық-түлік тауарлары ет, сүт өнімдері, ұннан жасалған өнімдер және көкөніс, жеміс-жидек өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге Үштөбе, Талдықорған, Сарқан қалаларының тауарөндірушілері және «Жетісу Агро Сауда» ЖШС-гі де қатысуда.
Бюджеттің кіріс, шығыс бөлігінің орындалуы.

Есепті кезеңге бюджеттің шығындар жоспарының орындалуы – 5 млрд.353 млн.641 мың теңге болды. Орындалу пайызы – 100,0.


Салық және басқа да бюджетке төленетін төлемдердің жоспарының орындалуы.

Бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түскені 779 млн. 910 мың теңге түсті немесе 110,1 пайызға орындалды.

Оның ішінде: жергілікті бюджет болжамы 663 млрд 704 млн мың теңге болса, нақты бюджетке түскені 718 млрд 621 млн 200 мың теңге немесе 108,3 пайызға орындалды, республикалық бюджет болжамы 44 млрд 754 мың теңге болса, нақты бюджетке түскені 61 млрд 289 млн 600 мың теңге немесе 136,9 пайызға орындалды.

Аудан бюджетінің кірісін ұлғайту – Жолдаудың екінші міндетін орындау болып табылады. Ол үшін ішкі резервтерді қарастыруымыз керек. Жер салығына тың көзқарас керек. Тиімді пайдаланбай жатқан жерлердің салығын өсіру жәйлі биыл жыл соңында аудандық маслихатта шешім қабылданды.

Орташа суармалы жерді 1 гектарына салығы 1236 теңге, тәлімді жердің 1 гектарына 288 теңге, әр шабындық жердің 1 гектарына 238 теңге, жайылым жердің 1 гектарына 112 теңге болса, пайдаланылмай жатқан 119 мың 961 гектар жерлерден жаңа талаппен салық өндірсек оның көлемі 254 млн. теңге болады, немесе жылда өндіріп жүрген 760 млн. теңге жалпы салығымызға қоссақ, 1 млрд теңге деңгейге шығуға болатынын көріп отырсыздар.

2016 жыл басынан жер ресурстары комитеті (Қ.Бекбатыров) ауылдық округ әкімдерімен бірлесе отырып жаңа шешімді жүзеге асыруда нәтижелі жұмыс ұйымдастыруды талап етемін. «Нұр Отан» белсенділері сіздердің тараптарыңыздан тиянақты бақылау орнату қажет.

2016 жылдан жергілікті салықтар (жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық, елді мекендер жерлеріне жеке тұлғалардан алынатын жер салығы, жеке тұлғалардан көлік көлік құралдарына салынатын салық) ауыл округтерінің арнайы шоттарына түседі. 2015 жылы осы салықтар түрінен 51 млн. теңге салық жиналғанын және 10 млн. теңге көлік салығынан өндірілмегенін ескерсек келесі жылы ауыл округтері өздерінің арнайы шотына 60 млн. теңге салық түсірулеріне немесе 117 пайыз өсіміне қол жеткізуге болады. Ауыл округ әкімдері осы бағытта нақты еңбек етуге кез келді.

Әлеуметтік салықтың да жиналуында көлеңкелі тұстары жоқ емес. Жасырын емес, кейбір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары өз қарамағындағы жүздеген, мыңдаған гектар жері бар болса да жұмысшыларын жоқтың қасы қылып көрсетеді.

Аудан бойынша 1878 шаруа қожалықтарында 2570 қызметкер ғана есепте тұр. Мысалы «Матай» шаруа қожалығы 3537 гектар жерге 4 жұмысшы, «Баласаз» шаруа қожалығы 2112 гектарға. 1 жұмысшы, «Ералым-Бауыржан» шаруа қожалығы 1257 гектарға 1 адам жұмысшы көрсетеді.

Ауданның салық комитеті ауылдық округ әкімдеріне қаншама ескерту жасаса да, шаруа қожалықтарының жалдамалы жұмысшыларының нақты санына ешкім жете алған жоқ. Хронометражды зерттеу нәтижесі бойынша жеке кәсіпкерлердің де қызметкерлер санын толық көрсетпейтіні байқалады. Соның салдарынан бюджет 30 млн. теңгеге жуық түсімнен айырылады, ал жүздеген жерлестеріміз зейнетақы қорына қаражат аудармай, келешекте ең төмен зейнетақымен қалу қаупі бар. Әр шаруа қожалығы, әр кәсіпкер жолдауда ескерткендей қоғам алдындағы борышын толығымен өтеп, «Көлеңкелі экономиканы» жарыққа шығарып, салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделі болуға тиіс.

Арнайы салық режимін қолданатын 336 салық төлеушінің 57 әрекетсіз, 693 патентпен істейтін салық төлеушілердің 401 әрекетсіз, 82 заңды тұлғалардың 44 әрекетсіз екенін ескерсек жылда аудан бюджетіне 60 млн. 265 мың теңге салық түсімі түспеуде.

Автокөлік жүргізушілер, жалдамалы жұмыстағылардың салық төлемдерінде де сұрақтар аз емес.Осы екі-үш мысалдан-ақ салық жинауда қанашама ішкі резервіміз бар екенін көріп отырсыздар.

Сонымен қатар, 2017 жылы қазіргі қосымша құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізуге дайындықты бастау қажет.

2017 жылдың 1 қаңтарынан кірістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енетінін ескеріп, оған әр қайсымыз дайын болуымыз керек.

Бюджет шығындарын оңтайландыру мәселесімен әрбір бюджеттік мекеме айналысуы тиіс. Сондықтан аудан әкімінің орынбасарлары (С.Қорғанбаев, Қ.Тілемісов, Е.Базарханов), бөлім басшылары шығындарды оңтайландыру жөнінде нақты ұсыныстар тізбегін дайындауды, мемлекет пен жекеменшік серіктестіктің мүмкіндігін толығымен пайдалану жолдарын қарастыруды, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне (Г.Жандосова), аудандық қаржы бөліміне (А.Рахметова), аудандық кірістер басқармасына (А.Желдібаева) аудан бюджетінің кірістер мен шығыстарының жүйесін қайта қарауды тапсырамын.
Құрылыс, күрделі жөндеу

Құрылыс саласында 2015 жылы 869 млн. 674 мың тенге, оның ішінде 149 млн. 900 мың тенгесі жеке меншіктер қаражатынан игерілді. Қазіргі таңда жеке меншіктер есебінен 1697 шаршы метр тұрғын үй салынып, былтырғы жылмен салыстырғанда 103,7 пайызға артты.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 1 млрд. 023 млн тенгеге жасалып 2014 жылмен салыстырғанда 120,4 пайызға артты.

Жансүгіров аулындағы 81 орындық интернатымен бірге Е.Сиқымов атындағы 300 орындық орта мектепті қайта жаңартуға 2014 жылы жобалық сметалық құжаттама даярланып, 2015 жылға құрылыс монтаждау жұмыстарына 611 млн. 296 мың теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан мемлекеттік пайдалануға қабылдау коммисиясымен қабылданды.

Жансүгіров ауылындағы 10 коммуналдық тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысына жергілікті бюджеттен 16 млн. теңге 2014 жылға бөлініп игерілді. Негізгі қаражат жергілікті бюджеттен 2015 жылға 108 млн 478 мың теңге толығымен бөлінді. Аталған нысан бойынша құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалды.

Тиісті аудан әкімінің орынбасарына, аудандық құрылыс бөлімінің басшысына аудандағы құрылыс жұмыстарының сапалығына назар аударып, олардың белгіленген уақытында тапсырылуы міндеттеледі.


Аудан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету

Суықсай ауылының су жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстарына 242 млн. 367 мың теңге қаражат бөлініп, Талдықорған қаласындағы «Темірқазық Стройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған қаражатты толығымен игерді.

Жаңалық, Қаракөз, Кеңғарын ауылының су жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстарына барлығы 372 млн. 362 мың теңге қаражат бөлініп, «Көлсай Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын жүргізді.

Жансүгіров ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін күрделі жөндеу жұмыстарына және кәріз жүйелерінің күрделі жөндеу жүмыстарына барлығы 147 млн.769 мың теңгеге келісім шарт жасалынды. Бүгінгі күнге бұл қаражатты «Dike» және «Көлсай Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі толығымен игерді.

Капал-Арасан, Қызылжар ауылдарының ауыз сумен жабдықтау жүйелеріне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 70 млн. теңге қаражат бөлініп, «Retail Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті жұмыстарды жүргізді.

Ойтоған, Қарашілік, Ащыбұлақ ауылдарының ауыз су жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, кәзіргі таңда мемлекеттік сараптама қортындысы күтілуде.



Қызылағаш ауылындағы ұзындығы 2,7 шақырым науа жүйесінің құрылысына 29 млн.281 мың теңгеге жобалық сметалық құжаттамалары, Көшкентал, Ақсу, Есеболатов, Көкөзек ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстарының жобалық сметалық құжаттамасы барлығы 1 млрд.11 млн.126 мың теңгеге дайын.

Жолдарды жөндеу

Аудан бойынша осы уақытқа дейін әр түрлі себептермен жөндеу жұмыстары атқарылмай келген жалпы ұзындығы 17,2 км. құрайтын облыстық маңыздағы автомобиль жолдарына облыстық бюджеттен 24 млн. 400 мың қаржы бөлініп, оларға ағымды жөндеу жұмыстары атқарылды.

Сағабүйен - Сырттанов автожолының 13-36 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 170 млн 929 мың теңге бөлініп, аталған қаржы толығымен игерілді.

Аудандық маңыздағы жолдар бойынша елді мекендердің көше жолдарының жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді.

Аталған қаржыға Жансүгіров ауылының көше жолдары, атап айтқанда Желтоқсан, Мұратбаев көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары шеңберінде Желтоқсан көшесі бойында жаяу жүргіншілерге арналған «Арбат» құрылысы салынып бітті. Аталған нысан өткен жылдары жабайы ағаштар өсіп, аудан орталығының сыртқы келбетіне кері әсерін тигізіп келген болатын. Жаяу жүргіншілер автокөлік жүретін бөлігімен жүріп қатынау салдарынан жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптары да сақтала бермейтін. Өткен жылы «Арбат» құрылысын салу барысында автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалды. Оған айғақ автокөліктедің жүру бөлігі мен жаяу жүргіншілерге арналған бөлік жеке-жеке болып белгіленді. Бұның өзі жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарына сәйкес тұрғындарға жасалған қамқорлық деп түсінуіміз керек. Сонымен қатар, нысанды салу барысында абаттандыру жұмыстарына ерекше назар бөлінді. Атап айтқанда жаяу жүргіншілер жүретін бөлікке тас тақташалар (брусчатка) төселіп, түнгі шамдар орнатылды, адамдар отырып демалатын орындықтар, қоқыс тастауға арналған урналар мен арнайы гүлзарлар орналастырылып, декоративті ағаштар отырғызылды.. Аталған нысанның құрылысын жүргізген мердігерлік мекеме «Риголит» ЖШС-гі.

Қапал ауылындағы «Капалка» өзені арнасындағы көпір былтыр табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан бұзылуға ұшыраған болатын. Жалпы Қапал ауылы бұрынғы Қапал ауданының орталығы болғандықтан тұрғындар көп шоғырланған ауыл болып саналады. Осыған орай, бұзылған көпірді шұғыл түрде қалпына келтіру мәселесінің қажеттілігі туындауына байланысты, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыс әкімдігінің резервтік қорынан 20 млн. теңге қаражат бөлініп, аталған қаржы толығымен игерілді. Атап айтқанда, аталған нысанда жаңа көпірдің құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігерлік ұйым «Инвест Строй LTD» ЖШС-гі.

Алматы - Өскемен – Молалы - Үштөбе облыстық маңыздағы автожолының 16 шақырымдағы құбырлы су өткізгішін қалпына келтіру жұмыстарына 17 млн. теңге, Кеңжыра ауылына кіре берістегі автожолға уақытша өткел орнату жұмыстарына 8 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлініп, толығымен игерілді.

«Нұры жол» бағдарламасы шеңберінде біздің аудан жерінен өтетін Талдықорған - Өскемен, ауданға кіре берістегі айналма жолдан Балхашқа дейінгі жолдар құрылыстары 2016-2017 жылдары басталатынын ескере келе «Ұлы Жібек» жолының бойына орналасқан ерекшелігімізді толығымен пайдалану қамына кірісуіміз керек. Жол бойғы сервистік қызметтерді дамыту жоспарын әзірлеуіміз қажет.

Балхашқа баратын жол өтетін жерлерді үкімет меншігіне қайтару жәйлі тапсырмалар алдық. Аудандық жер қатынастары бөліміне (Қ.Бекбатыров) Молалы, Егінсу, Матай ауылдық округ әкімдеріне (С.Дауытбаев, Д.Қырықбаев, Р.Мұсағалиев) тез арада тиісті шаруа қожалықтарына түсіндіру жқмыстарын қолға алып, тапсырманы мезгілінде бітіруді тапсырамын.

Жол - экономиканың күре тамыры болып табылады. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар мейлінше жалғасын таба бермек.



Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында 2015 жылға кешенді жоспар жасалынды.

Осы бағдарламаға сәйкес 703 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, нақты 1130 адам қамтылып, жоспар 161 пайызға орындалды. (облыс бойынша 129.2 пайыз).

Кешенді жылдық жоспар бойынша қоғамдық жұмысқа 350 адам жоспарланып, 352 адам жіберілді, жоспар 101 пайызға орындалды.

Сол сияқты жастар практикасына 33 адам жолданып, жоспар 122 пайызға орындалды. Игерілген қаржы 5 млн.447 мың тенге. Тұрақты жұмысқа 12 адам орналасты немесе деңгейі 36 пайызды құрайды.

Жұмыспен қамту шараларымен қамтылған 1130 адамдардың міндетті зейнетақы төлемдері 1032 адамға аударылды немесе осы көрсеткіштің деңгейі 91 пайызға көтерілді.

Жыл басынын 622 жана жұмыс орындары ашылды, онын ішінде ауылшаруашылық саласында - 186, саудада - 145, басқа салаларда - 291. Жылдық жоспар 102 пайызға орындалды. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызды құрады.


Мүгедектерді оңалту бағдарламасы

Аудан бойынша 2012-2018 жылдарға арналған аудандағы мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Биыл мүгедектер көп баратын денсаулық сақтау саласына – 9, мемлекеттік басқару органына – 4, мәдениет саласына – 4, білім саласына – 2, барлығы 19 пандус салынды.

Мұқтаждығына байланысты міндетті гигиеналық құралдармен 68 адам қамтамасыз етілді.

Протездік құралдар жасатуға 74 адам Семей протез зауытына жолдамамен қамтамасыз етілді.

Жыл басында сурдотифлоқұралдармен 7 адам қамтамасыз етілді. Кресло арба мұқтаж 11 адамға берілді.

Санаторлық - курорттық жолдамамен 23 адам қамтамасыз етілді. 17 мүгедек тұрақты жұмысқа орналасты.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 1-ші бағытына сәйкес биылғы жылы ауданымызда 1 жоба іске асырылды. Ол Жансүгіров ауылындағы сумен жабдықтау жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарына 14 адам уақытша жұмыспен қамтылды. 62 млн. 474 мың теңге қаражат игерілді.

Екінші бағыты бойынша кәсіпкерлік негізінде 22 адам оқып қолдарына сертификаттарын алды. 2015 жылға жоспар бойынша 21 адамға 63 млн. қаражат бөлінген. Бүгінгі күнге 36 адамға 72 млн 750 мың теңге шағын несие берілді. Өз ісін кеңейткендер 10, өз ісін жанадан ашқандар 26 адам. Кірістер басқармасына 32 адам тіркелді.

Ал, 3-ші бағытына сәйкес 2012-2015 жылдар аралығында кәсіптік оқуды 23 адам аяқтады. Олардың 14-і Талдықорған медицина колледжін, 9-ы Талдықорған агротехникалық колледжін ветеринар мамандығы бойынша аяқтады. Олардың барлығы аудандық емханаға, аудандық ветеринарлық станцияға тұрақты жұмысқа орналасты.

Қайта даярлау курстарына 20 адам жіберіліп, жоспар 100 пайызға орындалды. Бұл шараға 2 млн. 711 теңге толығымен игерілді. Желтоқсан айында барлығы жұмысқа орналасты.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 27 адам жіберіліп, жоспар 104 пайызға орындалды. Бөлінген 4 млн.95 мың тенге толығымен игерілді.


Жолдауда Елбасы Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды міндеттеді және оның көлемі 2009 жылдан жүзеге асырылып келе жатқан бағдарламадан ұлғайтылатынын хабарлады. Жаңа Жол картасының негізі жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді аббаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз етуден, кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімде қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың, кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеуден тұрады.

Яғни, аудан әкімінің орынбасары (Е.Базарханов), тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі (Н.Кәкімбаев), автомобиль жолдары бөлімі(С.Құсмолдин), ауылдық округ әкімдері инфрақұрылымдық және елді мекендерді аббаттандыру жобаларын дер кезінде дайындамасақ ауданға қаржы бөлінуі нашарлайтынын айтпаса да түсінікті. Аудан әкімінің орынбасары (С.Қорғанбаев), жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (Қ.Бекбаланов), жұмыспен қамту орталығы (Б.Құрманғалиева), ауылдық округ әкімдері кадрларды дайындау нақты сұранысқа сәйкес болуын қамтамсыз етуге тиіссіздер.

Бізде шағын несие беруде біршама тәжірибе жинақталды. Соңғы үш жылда 304 адамға 549 млн. 130 мың теңгенің шағын несиесі таратылып, соның арқасында 106 жаңа жұмыс орны ашылды. 229 азамат өз ісін ашып, 75 азамат өз ісін кеңейтті. 3200 бас ірі қара, 1665 бас ұсақ мал, 94 бас жылқы алынып 255 адам мал шаруашылығын дамытуда. Қоятын кепілдігіміздің құны 1-3 млн. теңгеден аспайтын біздің аудан үшін шағын несие өте тиімді екенін өмір өзі дәлелдеп отыр. Алайда алған шағын несиенің келісім шартқа сай өсімін қайтармай жатқандар да жоқ емес. Жаңа Жол картасында ауданға кең көлемді несие бөлінсін десек ауылдық округ әкімдері жинақталған қарыздарды жыл соңына дейін қайтаруды қамтамасыз ету керек.


Білім саласы.

Балалардың білім алуына жағдай жасау мақсатында заман талабына сай мектептердің барлығы интернет желісіне қосылған, «Megalein» жүйесіне 7 мектеп, спутниктік кеңжолақты интернет желісіне 19 мектеп қосылған, Компьютерлер саны – 1633, бір компьютерге 5 оқушыдан келеді.

2011 – 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік Бағдарлама негізінде инклюзивті білім беруді қажетті деңгейде дамыту үшін 2015-2016 оқу жылында аудан бойынша 8 мектепте 64 оқушы инклюзивті оқытумен қамтылған.

Ұлттық біріңғай тестілеу қорытындысымен орташа балл – 74,8-ді құрады (обл-73). «Алтын белгіні» 8, «Үздік атестатты» 4 оқушы алды.

2015-2016 оқу жылында ыстық тамақпен 26 мектеп қамтылды. Ондағы балалар саны 5955, яғни 87,4 пайыз және 431 аз қамтылған балаға (100%) тегін ыстық тамақ берілді.

Кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі бөлімшеде 39 жасөспірім есепте тұр, олардың 20 мектеп оқушылары.

Аудан әкімінің орынбасарына, аудандық білім бөлімінің басшысына, мектеп ұжымдарына ата-аналар комитетімен біріге отырып, білім сапасын көтеруде нақты іс-шараларды атқарылуын күшейту қажет. Көзі ашық, сауатты ел боламыз десек осы жұмыстарға баршамыз аса көңіл бөліп, ат салысуымыз керек.

Жолдауда индустриялдық-инновациялық бағдарламаны іске асыру барысында техникалық кадрлар даярлаудың жаңа сапа көрсеткіштерін қамтамасыз ету тапсырылды. Осыған орай ауданымызда екі колледждің барлығын пайдаланып аудан экономикасына керекті білікті мамандар даярлауды ұйымдастыруды аудан әкімінің орынбасары (С.Қорғанбаев), колледж директорлары (С.Еспаев, Е. Асылханов) тапсырамын. Қант зауытының жөндеу жұмыстары биыл басталатын болса, зауытқа керекті мамандарды оқытып шығу жолдарын қарастыру керек.

2017 жылдан бастап кәсіптік- техникалық білім беру мемлекет есебінен қаржыландырылатынын толыққанды пайдалануға тиіспіз. Облысымызда кейбір үлкен аудандарда колледждер жоқ екенін білесіздер, ал бізде екеуі орналасқан. Сондықтан, мамандар дайындаудың сапасын жоғарылату, кадр тапшылығын еңсеру мәселелеріндегі мүмкіншілігімізді артықшылығымызға айналдыруға жағдайымыз бар.

Денсаулық сақтау саласы

2015 жылы туберкулезбен 20, вирустық гепатитпен 9, бруцеллез ауруымен 19 адам тіркелген.

Әлі де болса ауданда көптеп кездесетін онкология, туберкулез аурулармен қайтыс болуына жол бермеу аудан дәрігерлерінің басты міндеті болуы тиіс.

Мәдениет және тіл саласы

Ауданда 22 мәдениет Үйлері мен клубтар, 22 кітапхана және 2 музейде 150 мәдениет қызметкері халыққа рухани қызмет атқарады. 2015 жылға мәдениет және кітапхана саласын қаржыландыру бағытына 129 млн.теңге қаржы бөлінсе, Елбасының мәдениет қызметкерлерінің еңбек ақысын 40 пайызға көтеру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2016 жылы мәдениет және кітапхана саласын қаржыландыру бағытына 163 млн.теңге қаржы бөлінді.

Мұның сыртында ауылдық округтердегі мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың шаруашылық және басқа да шығындарын өтеуге 4 млн.192 мың теңге бөлінді.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты 2015 жылы 878 мың теңге қаржы бөлінсе, 2016 жылы жергілікті бюджеттен 936 мың теңге қаржы бөлінді.

2015 жылы аудан бойынша 5692 мәдени шара өткізілді.

Ауданда 5 халықтық атағын алған өнер ұжымдары бар. 3 өнер ұжымы: Ақсу халық театры, «Ақсу сазы» ұлт аспаптар ансамблі, «Саға сазы» ұлт аспаптар оркестірі халықтық атақты қорғады.

2015 жылы облыс орталығында өткен аудан мәдениет күндерінің қортындысы бойынша ауданымыз ынталандыру сыйлығын иеленді. Ал Ақсу халық театры облыстық халық театрлары фестивалінде бірінші орынға ие болды.

Мәдени ошақтарының жастардың бос уақытын тиімді пайдалануын ұйымдастыруда, ұлттық салт дәстүрлерді насихаттауда ізденіспен жұмыс істеуінің маңызы жойылмақ емес.

Жолдаудағы бесінші міндет - Елбасы әлемдік дағдарыстың уыты күшті болса да, мемлекет белсенді әлеуметтік саясатын жүргізетіндігін айтты.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердің 40 пайызға, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстелуі, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын 30 пайызға артылатыны осының дәлелі. Әлемде бірде-бір ел дағдарыс жағдайында және қаржы жетпей тұрғанда әлеуметтік көмекті ұлғайтуға тәуекел ете алған емес. Тек Қазақстан ғана осындай қадамға барып отырғанын бәріміз бағалауымыз керек.

Әлеуметтік жағынан қорғалуға жататын жерлестерімізге қол ұшын берудегі ізденістеріміздің ауқымын кеңейте беруге тиіспіз. Өткен жылғы 8 пәтерді аудандық қор есебіне алып үйге аса мұқтаж жалғыз басты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жерлестерімізге үй кезегі келгенше ешкімге тәуелсіз өмір сүруіне жағдай жасағанымыз мына дағдарыс кезіндегі өте ұтымды шешім болып отыр. Аудан халқы қолдаса бұл жұмысты жалғастырсақ деген ойдамыз.

Аудан әкімінің орынбасарына (С.Қорғанбаев) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне (Қ.Бекбаланов), ауылдық округ әкімдеріне қайырымдылық жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпей, жүйелендіріп өтпелі қиыншылықтар кезінде мұқтаждық көрген жерлестерімізге қол ұшымызды беруді ұйымдастыруды тапсырамын.
Қоғамдық тәртіпті сақтау.

2015 жылдың 12 ай қортыңдысы бойынша жалпы қылмыстың өсуімен сипатталады, яғни 2014 жылы 346 қылмыс тіркелген болса, ал 2015 жылы 375 қылмыс тіркеліп, 29 қылмысқа өсіп отыр. Жалпы ашылу көрсеткіші 2014 жылы 81.1%, 2015 жылы 81.5 пайызды құрап отыр.

Ауыр қылмыс 2014 жылы 7 қылмыс тіркелсе, ал 2015 жылы 19 қылмыс тіркелген. 12 қылмысқа өсіп отыр.

Аса ауыр қылмыс, адам өлтіру 2014 жылы болмаса, биылғы жылы 2 қылмыстан орын алды.

Аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстардың саны артқанын ескере отырып, қылмысты азайту бағытында жан-жақты шаралар қабылдап, ауқымды жұмыстар атқару қажет.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес

Аудан әкімдігінің 2015 жылғы 08 тамыздағы «Қазақстан Республикасы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс шаралар аймақтық жоспарын бекіту туралы» №302 қаулысын басшылыққа ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылықтың сақталуы мақсатында іс шаралар жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, аудан бөлімдері, округ әкімдері, құқық қорғау органдардың басшыларымен бірге осы жоспарды жүзеге асыру бойынша жұмыс атқаруда.

Аудандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының биылғы жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, бүгінгі күнге дейін ай сайын жоспарға сәйкес отырыстары өткізілуде

Округ әкімдері мен мекеме басшыларының, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімдерін жетілдіруде барлық мемлекеттік мекемелерде жалпыға бірдей құқықтық білім беру оқулары жүргізіліп келеді.

«Ақсу өңірі» газетінде тұрақты рубрикада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша материалдар жариялануда.


Спорт, туризм саласы

Елбасының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортпен қамтуды 30 пайызға дейін көтеру міндеті тұр.

Әр округке бөлінген спорт нұсқаушыларының жұмысын ұйымдастырып, барлық спорттық нысандарды тиімді пайдалана отырып, тұрғындар арасында дене шынықтыру – сауықтыру жұмыстарын бүгінгі күннің талабына сай жүргізу, ұлттық спорт түрлерін дамыту кезек күттірмейтін мәселе.
Діни ахуал, үкіметтік емес ұйымдармен, жастармен жұмыс

Ауданда заңды түрде тіркелген 24 мешіт бар. Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында әр деңгейде семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер жоспарлы түрде өткізілуде. Ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер мешіт имамдарына жалақы төлеу мәселесіне түсіністікпен қарап, елдің тыныштығына, жастардың қазаққа жат діндердің ықпалына ілікпеуі үшін үлес қосуда.

Есепті кезеңде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруда шаралар атқарылды. Аудан бойынша 7 қоғамдық бірлестік, 4 қоғамдық қор, барлығы 13 үкіметтік емес ұйымдар заңды түрде тіркелген.

«Жастар саясатын» жүзеге асыруға жылма-жыл баса көңіл аударылуда.

Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы баршамыз үшін ең басты құндылық. Сондықтанда ауданда саяси-қоғамдық ахуалды қалыпты жағдайды сақтау басты міндетіміз.
Қадірменді жерлестер!

Қасиетті ағынды Ақсуымыздың бүгінгі даму келбеті баршаңыздың көз алдыңызда.

«Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық» дейді дана халқымыз. Күн сайын туған ауданымыздың тұрмыс-тірлігін түгендеп, тыныс-бірлігін бүтіндеу, оның алымы мен қарымын қадағалау халық алдындағы жауапкершілік, өз еліңе деген жанашырлық деп түсінемін.

Осы жыл еліміздің егемендік алғанына 25 жыл толуымен ерекшеленеді. Ендеше, «Көп біріксе ел болар, көп тілегі көл болар» демекші бірлігімізге тірлігіміз жарасып, туған ауылымызды, ауданымызды тарихи маңызына сай дамытып, өркендету – ортақ іс деп білемін.



Ауданымыздың экономикалық жағдайы жылдан-жылға дамып, халқымыздың әл-ауқаты арта берсін демекпін. Ол үшін алдағы уақытта да межелі міндеттерді ел мүддесіне сай жүзеге асыру одан әрі жалғасын табатынына сіздерді сендіргім келеді.
Ықылас қойып, тыңдағандарыңызға рахмет!





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет