ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРУДАҒЫ
КОНВЕРСИЯЛЫҚ СӨЗ
ТҮРЛЕНДІРУ ТӘСІЛІНІҢ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Т.А. Айнабекова
Кез келген экономикасы мен саясатының, әл-ауқатының, ғылымы мен өнерінің, мәдениеті мен әдебиетінің дамып, өркениетті, алдыңғы қатарлы ел болуында оның басқа елдермен, мемлекеттермен экономикалық, саяси, мәдени, рухани байланысы маңызды орын алады. Елдер мен мемлекеттер, халықтар мен ұлттар арасындағы осы ауыс-түйістер молайған кезеңде, олардың арасындағы рухани-мәдени, әлеуметтік-саяси, экономикалық сауда қарым-қатынастары күннен -күнге қарқындап келе жатқан дәуірде екі жақтың бірін-бірі түсінісу құралы болатын, әрі болған оқиға мен ойды, өнердің әсемдігі мен әдемілігін, ғылым мен білім, әдебиет мазмұнын дәлме-дәл жеткізе алатын аударма дәнекер ретінде аса үлкен роль атқарады. Мұнда аудармашы аударылатын кітаптағы (түпнұсқадағы) оқиға мен ойды, соны дүниені, соны өмірді, соны ортаны өз көзімен көріп тұрғандай ойша қабылдап, оның әрбір ұсақ деталіне дейін бойына сіңіріп алу керек те, сонан соң ана тілінің (аударылатын тілдің) бар мүмкіншілігімен оқушыларына айтып беруі керек [4, 7, 10]. Ал аударманың “дәлме-дәл”, “толыққанды” аударма болуы аудармашының лингвоэтникалық құзіретіне тәуелді, яғни аудармашының жалпы бағдарлы ақпаратты (фоновое знание) білуіне және екі тілді меңгеру деңгейіне байланысты2.
А.Д. Швейцер бірқатар зерттеушілердің пікірлеріне сүйене отырып, аударманың бір мәртелік акт болып табылмайтындығы туралы айтқан болатын. Аудармашы аударманың ең тиімді нұсқасына қол жеткізу үшін, алдымен түпнұсқадағы сөйлемді (түпнұсқа мәтіннің бір кесіндісін) мүмкіндігінше бірнеше нұсқада аударып көреді де, олардың ішінен ең сәтті шыққан біреуін екшеп, теріп, сұраптап, таңдап алады. Ауызша аудармада аудармашы аударманың ең тиімді нұсқасын таңдап, теріп алуды көп ойланып жатпайды, оны іздестіру ісі мүмкіндігінше жылдам, автоматты дерлік деңгейде өтеді. Бұл болжам бойынша алдымен аудармашы түпнұсқа мәтінді ойша болса да сөзін сөз етіп аударып алады. Бұл процесс және сөзі-сөз етіліп аударылған нұсқа сыртқы көзге анық байқалмағанымен, аудармашының санасына “сіңіп” қалады. Дегенмен, аудармашы оң нәтижеге қол жеткізу үшін сөзбе-сөз аударудың нәтижесі түріндегі аударма мәтінді бірнеше рет түрлендіріп көреді.
Практикада көпшілік жағдайда оқып отырған мәтіннің түпнұсқа емес, аударма екендігі анық білініп тұрады. Мұндай жағдайда аударманы “Сәтті шыққан аударма” деу орынсыз. Біздің пікірімізше, аудармашының түпнұсқа мәтіннің “тілдік шырмауынан” шыға алмауының, яғни аударма тілінің жатық болмауының негізгі себептерінің бірі – аудармашы санасында сөзі-сөз етіліп аударылған нұсқаның терең ұялап қалуынан болса керек. Кейде аудармашының шаршауы, зейіннің шашырауы, ұқыпсыздық сияқты факторлар да оның аударманың ең тиімді нұсқасына қол жеткізе алмауына әкеліп соғады.
Аудару процессі туралы жоғарыда баяндалған түсініктерді негізге ала отырып, аудару процесінің бірінен кейін бірі белгілі бір ретпен келетін операциялар түріндегі мынадай теориялық үлгісін ұсынуға болады:
түпнұсқа мәтіні кесіндісін сөзін-сөз етіп аударып алу;
- сөзі-сөз етіп аударылған мәтінді мүмкіндігінше бірнеше нұсқада түрлендіру;
- осы нұсқалардың ішінен түпнұсқа мазмұнын толық жеткізе алатын, әрі аударма тілдің ерекшеліктерін бере алған, сонымен бірге көркем аудармаға қойылатын талаптарды толық қанағаттандыратын нұсқаны теріп, таңдап алу.
Бұл операциялардың әрқайсысы түпнұсқа тілі мен аударма тілі жүйелеріндегі, олардың нормаларындағы, сәйкесті узустарындағы және ақпараттық қорлары арасындағы алшақтықтарды жоюға бағытталған. Сонымен, көркем аударма процесінде сөзін-сөз етіп аударудың орны ерекше, аудармашы аударуда сөзі-сөз болып аударылған нұсқаны негізге ала отырып, баламалылыққа қол жеткізудің жолдарын іздестіреді, түпнұсқа мәтінге балама аударма мәтін жасау үшін категориалді-морфологялық, синтаксистік, лексикалық, стилистикалық т.с.с. сөз түрлендіру тәсілдерін қолданады. Неміс тіліндегі көркем шығарма мен оның қазақ тіліндегі аударма шығармасын салыстыру неміс тіліндегі біріккен зат есімдерді қазақ тіліне аударуда конверсиялық сөз түрлендіру тәсілінің де орын алатындағын көрсетті.
Аударма саласындағы конверсиялық сөз түрлендіру айрықша аудару тәсілі ретінде лингвистер мен аудармашылар назарында ертеден-ақ іліккен [5, 108]. Ғалым А. Салқынбай конверсияны мағынасы баламалы сөйлемдердегі субьект пен обьект арасындағы қатынастың көрінісі ретінде анықтайды [3, 108]. Бұл тәсілдің мәнісі – түпнұсқада субьект пен обьект арасындағы сипатталған қатынас аудармада басқа жағынан сипатталады: түпнұсқа мәтіндегі А-ның құрамында Б бар сөйлемі аударма тіліне Б А-ға тиісті, А, Б-дан бұрын сөйлемі Б А-дан кейін, А Б-ны соқты сөйлемі Б А-дан соққы жеді болып беріледі [2, 121]. Неміс тіліндегі көркем шығармалар мен олардың орыс тіліндегі балама шығармаларын салыстыра-салғастыра зерттеген орыс ғалымы Л.К. Латышевтің еңбектерінен мынадай мысалдар кездестіруге болады:
1. Langsam, genussuechtig isst Sophie. Sie isst alles auf, was sie bekommt. (H.Fallada. Wolf unter Woelfen)
Зофи обедает не спеша, со вкусом. Сьедает все, что подали. (Г.Фаллада. Волк среди волков)
2. Sie litt an Torschlusspank. (E. –M.Remarque. Drei Kameraden)
Ее угнетал страх приближающейся старостию (Э.-М.Ремарк. Три товарища)
Түпнұсқа мәтіндеріндегі етістіктерге орыс тілінің жүйесі сөздіктегі дайын сәйкестіктерді ұсынады. Мысалы: bekommen-получить, leiden-страдать.
Түпнұсқа сөйлемдерді сөзбе-сөз аудару нәтижесінде мынадай аударма сөйлемдер алуға болады:
Зофи обедает не спеша, со вкусом. Сьедает все, что она получила.
Она страдала от страха приближающейся старости.
Сөзбе-сөз аудару түпнұсқа мәтіндегі субьект пен обьект арасындағы қатынас аударма мәтінде сақталатындығын, алайда осы қатынас түпнұсқаға қарағанда басқа жағынан берілгендігін көрсетеді: Түпнұсқа мәтін бойынша Зофи “алған” нәрсенің бәрін жесе, аударма мәтінде “берген” нәрсенің бәрін жейді, түпнұсқа мәтінде ол “жапа шексе”, аударма мәтінде оны “мазалайды”. Демек, түпнұсқа мәтіндегі пікір мен аударма мәтіндегі пікір осы сияқты белгілері бойынша бір-бірінен алшақтайтын болса, онда лингвистика мен аударматануда конверсиялық сөз түрлендіру тәсілі орын алған деп есептеледі. Біздің пікірімізше, конверсиялық сөз түрлендіру тәсілі біріккен сөздер сыңарлары арасында да кездеседі, мұнда да кері процесті байқау қиын емес. Мысалы:
1. Und dieses Wort war fur die beiden, die umshlungen in jenem Bett lagen, da ich fruher bewohnte, wie ein Sirengcheuil (Sirfmatter E. Der grine Juni).
Менің жатын төсегімде құшақтары айқасып жатқан екеуге бұл сөз сарнаған сиренадай әсер етті (Неміс повестері).
2. Hinter ihnen drohnte Kanonendonner (Grein A. Das Marcher uber die).
Арттан зіркілдеген зеңбірек естілді (Неміс повестері).
3. Eines Tages reiBt mir ein Sowjetsoldat die Mutze vom Kopf, und wirft sie auf einen Misthaufen und trampelt darauf herum (Strifmatter E. Der grine Juni).
Бір күні совет солдаты басымдағы телпегімді жұлып алып, үйінді қидың үстіне тастады да, таптай бастады (Неміс повестері).
4. Es ist immer noch Juni und ein sonning Tag, und die Luft ist voller Lercheniant und es ware mit wohl, wenn die funf Worte aus einen Gedicht von mir waren, aber sie sind aus einen Gedicht von Storm (Strifmatter E. Der grine Juni).
Маусым айы, жадыраған жаз, “шырылдаған бозторғай қалықтайды аспанда”, егер осы шумақтың сөзі менікі болса, жаным жәннатта тұрар ма еді, әттең дүние-ай, бірақ Штормның өлең сөздері ғой (неміс повестері).
Мұнда түпнұсқа мәтіндеріндегі біріккен сөздерді аударуда аудармашы олардың сыңарлары арасындағы мынадай кері процеске сүйенген:
1. Sirengcheuil біріккен зат есімнің екінші сыңарында берілген мазмұн оның бірінші сыңарында берілген мазмұнының нәтижесі ретінде түсініледі, сондықтан да бұл біріккен сөз қазақ тіліне сиренаның сарыны түрінде берілуі тиіс еді.
2. Kanonendonner біріккен сөзіне қазақ тілінде зеңбіректің зіркілі сөз тіркесі сәйкес келеді.
3. Misthaufen біріккен сөзіне қазақ тілінде қидың үйіндісі сөз тіркесі баламасы болады.
4. Lercheniant біріккен сөзге қазақ тілінде бозторғайдың шырылы сөз тіркесі сәйкес келеді.
Алайда аудармашы аударма мәтінді қазақ оқырмандарына табиғи тілде жеткізу мақсатында аударма процесінде конверсиялық сөз түрлендіру әдісін пайдаланған.
Достарыңызбен бөлісу: |