Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы 1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар



бет1/4
Дата01.07.2016
өлшемі0.67 Mb.
#169597
  1   2   3   4


Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы



Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетін қатынастар

Осы Заң Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерінің және олардың тексеру одақтарының (қауымдастықтарының) құқықтық ережесін, қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін, олардың құрылу, қызметі, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін айқындайды.


2-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі ұғымы

1. Ауыл шаруашылығы кооперативі (бұдан әрі – кооператив) – табыс алу, кооператив қатысушыларының тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге (қызмет көрсетуге) деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, сондай-ақ кооператив жарғысына сәйкес өзге де мақсаттарда жеке және (немесе) заңды тұлғалар өндірістік кооперативтің ұйымдық-құқықтық нысанында құрған ұйым.

2. Егер кооперативтің құрылтай құжаттарында оның белгілі бір мерзімге немесе белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін құрылатыны көзделмесе, кооператив белгіленбеген мерзімге құрылған болып есептеледі.

3. Кооператив заңды тұлға болып табылады.

4. Кооператив өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді.

5. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооператив қатысушылары оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өздері енгізген салым құны шегінде кооператив қызметімен байланысты шығындар тәуекелін көтереді.

6. Кооперативтің жарғылық капиталға салымдарын толық енгізбеген мүшелері оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының енгізбеген салымы бөлігінің құны шегінде ортақ жауаптылықта болады.

7. Кооператив өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.


3-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін құрудың және оның қызметінің негізгі қағидаттары

Кооператив мынадай:

1) кооперативке қатысудың еріктілігі және осы Заңның талаптарына сай келетін адамдардың кооперативке кіру мүмкіндігі;

2) өзара көмек және кооператив қатысушылары үшін экономикалық пайданы қамтамасыз ету;

3) кооператив қатысушыларының тең құқылығына негізделген демократиялық басқару: бір қатысушы – бір дауыс;

4) кооперативтің өз қатысушыларына өзіндік құны бойынша тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатуы;

5) өз қатысушылары үшін кооператив қызметінің айқындылығы қағидаттарында құрылады және өз қызметін жүзеге асырады.
4-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің фирмалық атауы

1. Кооперативтің кооператив атауын, оның ішінде «өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативі» деген сөздерді немесе «ӨАШК» деген аббревиатураны қамтуға тиіс фирмалық атауы болады.

Кооператив фирмалық атаудың қысқарған нысанын және оның шет тілдердегі баламаларын пайдалануға да құқылы.
5-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің орналасқан жері мен мекенжайы

1. Кооперативтің орналасқан жері деп оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері танылады.

2. Кооператив орналасқан жерiн ауыстырған кезде кооператив бұл туралы қажеттi өзгерiстердi Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзу үшiн кооперативтің нақты мекенжайы бойынша заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органды хабардар етуге мiндеттi.
6-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құқық қабілеттілігі

1. Кооператив коммерциялық ұйым болып табылады, азаматтық құқықтары болады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрін жүзеге асыруға қажетті, оның қызметімен байланысты міндеттерді атқарады.

2. Кооператив тізбесі заңнамалық актілерінде айқындалатын жекелеген қызмет түрлерімен лицензия негізінде ғана айналыса алады.
7-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің филиалдары мен өкілдіктері

1 Кооператив өзі орналасқан жерден тыс жерлерде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 43-бабына сәйкес филиалдар құруға және өкілдіктер ашуға құқылы.

2. Кооперативтің филиалдарын құру және өкілдіктерін ашу туралы шешімді, егер кооператив жарғысында мұндай шешімдерді оның қатысушыларының жалпы жиналысы қабылдайтыны көзделмесе, кооперативтің атқарушы органы қабылдайды.
8-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің қатысушылары

1. Кооператив құрылтайшылары, сондай-ақ ол құрылғаннан кейін кооператив мүлкінен үлеске құқық алған адамдар оның қатысушылары болып табылады.

2. Мекеме, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, өзінің меншік иесінің рұқсатымен кооперативке қатысушы бола алады.
9-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының саны

Кооператив қатысушыларының саны үштен кем болмауға тиіс.

Егер қатысушыларының шығуы нәтижесінде олардың саны ең төменгі саннан аз болса, қатысушылар алты ай ішінде жаңа қатысушыларды қабылдауға және кооперативті сақтап қалуға құқылы. Алты ай өткен соң көрсетілген талаптарды орындамаған кезде кооператив мүдделі тараптардың талап-арызы бойынша жоюға жатады не өз атауынан «ауыл шаруашылығы» деген сөздерді, сондай-ақ осындай сөздер мен сөз тіркестерінен туындайтын сөздерді алып тастауға немесе құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу жолымен «ӨАШК» деген аббревиатураны «ӨК» деген аббревиатураға ауыстыруға міндетті.
10-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының құқықтары

1. Кооператив қатысушылары:

1) осы Заңда және кооперативтің жарғысында көзделген тәртіппен кооператив істерін басқаруға қатысуға;

2) кооперативтің жарғысында көзделген тәртіппен кооперативтің қызметі туралы ақпарат алуға, оның бухгалтерлік және өзге де құжаттамасымен танысуға;

3) осы Заңға, кооперативтің құрылтай құжаттарына және оның жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес кооперативтің қызметінен табыс алуға;

4) кооператив таратылған жағдайда кредиторлармен есеп айырысқаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігінің құнын немесе  кооперативке барлық қатысушылардың келісімі бойынша осы мүліктің бір бөлігін заттай алуға;

5) осы Заңда көзделген тәртіппен өз үлесін иеліктен шығару жолымен кооперативке қатысуын тоқтатуға;

6) осы Заңда және (немесе) кооператив жарғысында көзделген олардың құқықтарын бұзған кооператив органдарының шешімдеріне сот тәртібімен дау айтуға;

7) кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес кооперативтің тауарларын, жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін өзіндік құны бойынша сатып алуға;

8) жарғыға және кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімдеріне сәйкес кооперативтік төлемдер алуға құқылы.

2. Кооператив қатысушыларының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін.

11-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының міндеттері


  1. Кооператив қатысушылары:

1) құрылтай шартының талаптарын сақтауға;

2) құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен, мөлшерде және мерзімде кооперативтің жарғылық капиталына салымдар салуға;

3) кооператив коммерциялық құпия деп жариялаған мәліметтерді жария етпеуге;

4) кооператив қатысушыларының тізілімін жүргізген жағдайда, осы Заңның 17-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген мәліметтердің өзгергені туралы атқарушы органды, сондай-ақ тіркеушіні жазбаша хабардар етуге;

5) кооперативтің органдарына олармен мәмілелер жасау туралы шешім қабылдау үшін жеткілікті өзінің қаржылық жағдайы туралы дәйекті ақпаратты ұсынуға міндетті.

2. Кооператив қатысушылары кооперативтің құрылтай құжаттарында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде көзделген басқа да міндеттерді мойнына алуы мүмкін.


12-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одақтары (қауымдастықтары)

1. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы (қауымдастығы) (бұдан әрі – тексеру одағы) – коммерциялық емес ұйымдар нысанында құрылған және оған кіретін кооперативтердің қаржы-шаруашылық қызметінің ішкі аудитін жүргізуді, осы қызметті үйлестіруді, кооперативтердің мүліктік мүдделерін білдіруді және қорғауды, тексеру одағының мүшелеріне ішкі аудитке жанама қызметтер көрсетуді, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де қызметті жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің одағы.

2. Тексеру одағы оның құрылтайшылары болып табылатын кемінде
10 кооперативтің бастамасы бойынша құрылады. Осы Заңда белгіленген кооперативтердің – тексеру одағы мүшелерінің саны азайған жағдайда, тексеру одағы алты ай ішінде жаңа мүшелер қабылдауға және тексеру одағын сақтап қалуға құқылы. Алты ай өткен соң көрсетілген талаптарды орындамаған кезде тексеру одағы таратылуға жатады.

3. Кооператив міндетті түрде өзінің таңдауы бойынша тексеру одақтарының біріне кіреді. Өзгеше жағдайда кооператив соттың шешімі бойынша не мүдделі тараптардың талаптары бойынша 6 (алты) айдан аспайтын мерзімде таратылуға жатады. Тексеру одағынан шыққан кооператив 30 күн ішінде басқа тексеру одағында өзінің мүшелігін ресімдеуге міндетті. Кооперативтің бір уақытта бірден артық тексеру одағына мүше болуға құқығы жоқ.

4. Тексеру одағы өз қызметін осы Заңға, жарғыға және құрылтай шартына сәйкес жүзеге асырады. Тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы және тексеру одағы мүшелерінің жалпы жиналысы сайлайтын оның байқаушы кеңесі тексеру одағын басқарудың жоғары органы болып табылады. Тексеру одағының байқаушы кеңесі еңбек шарты негізінде жалдайтын тексеру одағының атқарушы директоры тексеру одағының атқарушы органы болып табылады. Аудитордың біліктілік куәлігі бар адам ғана тексеру одағының атқарушы директоры бола алады.

5. Тексеру одағы тексеру одағының қағидаларына сәйкес ішкі аудитті жүзеге асырады.

6. Тексеру одағының қаржылық қызметі оның құрылтай құжаттарына сәйкес тексеру одағын алқалы басқару органы бекіткен кірістер және шығыстар сметасы негізінде жүзеге асырылады. Ішкі аудитті жүзеге асыруға және ішкі аудитке жанама қызметтерді көрсетуге жұмсалған тексеру одағының шығыстары мүшелік жарналар есебінен өтеледі, оның мөлшері көрсетілген смета немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге көздер негізінде белгіленеді.

7. Тексеру одағы ішкі аудит нәтижелері бойынша жазбаша нысанда ішкі аудит қорытындысын жасайды, ол кооператив мүшелеріне және кооперативтің бухгалтерлік есептілігін өзге де пайдаланушыларға арналған және тексеру одағының кооперативтің бухгалтерлік есептілігінің дұрыстығы, кооперативтің бухгалтерлік есептілікті жүргізу тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі, кооперативті басқарушы органдардың жарғы мен Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін сақтауы туралы белгіленген нысанда білдірген пікірін, сондай-ақ кооперативтің, кооперативтер одағының қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижесін нашарлатуға әкеп соғуы мүмкін анықталған бұзушылықтар немесе олардың дәрменсіздігі (банкроттығы) туралы деректерді қамтитын ресми құжат болып табылады.

8. Ішкі аудит қорытындысының нысаны, мазмұны, оған қол қою тәртібі және ұсыну тәртібі тексеру одағының қағидаларында айқындалады.

9. Тексеру одағының байқаушы кеңесі мүшелері санының кемінде


50 пайызын кооперативтердің – осы одақ мүшелерінің байқаушы кеңестерінің төрағалары құрауға тиіс.

10. Тексеру одағының атауы «ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тексеру одағы» деген сөздерді қамтуға тиіс.


2-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативін құру
13-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін құру рәсімі

  1. Кооперативті құру оның құрылтайшыларының құрылтай шартын жасасуынан (осы Заңның 14-бабы) басталады және кооперативті заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өткізумен (осы Заңның 18-бабы) аяқталады.

2. Кооперативті құру рәсімі ол аяқталғанға дейін:

1) бір жыл ішінде, ал егер құрылтай шартында басқа мерзім белгіленсе, осы мерзім ішінде, құрылтай шарты жасалған күннен бастап кооперативті мемлекеттік тіркеу туралы тиісті өтініш берілмеген жағдайда;

2) егер кооперативті мемлекеттік тіркеуден бас тартуға сот тәртібімен белгіленген мерзімде шағым жасалмаса не шағым жасалып, бірақ шағым қабылданбаған жағдайда тоқтатылады.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда кооперативті құру рәсімі ол аяқталғанға дейін тоқтатылған кезде:

1) жарғылық капиталды қалыптастыру үшін ақша, бағалы қағаздар, заттар, зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықты қоса алғанда, мүліктік құқықтарын және өзге де мүлігін салған кооперативтің құрылтайшылары оларды дереу қайтаруды талап етуге құқылы;

2) осы Заңның негізінде жасалған сенімгерлік басқару туралы шарт оның тараптары арасында өзгеше келісім болмаған жағдайда тоқтатылады және осындай шарт бойынша берілген мүлік қайтарылуға тиіс.

4. Кооператив құру рәсімі ол аяқталғанға дейін тоқтатылған кезде (осы баптың 2-тармағы), егер құрылтайшылар жаңа құрылтай шартын жасасса, кооперативті құруға болады. Бұл ретте мемлекеттік тіркеуден бас тартуға себеп болған мән-жайлар ескерілуге тиіс.
14-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шарты

1. Кооператив құрылтай шарты негізінде құрылады.

2. Кооперативтің құрылтай шартында мыналар:

1) кооперативті құру туралы шешім, оның фирмалық атауы және орналасқан жері;

2) кооператив құрылтайшыларының атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмiрлерi (егер құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жері мен жеке сәйкестендіру нөмiрi (егер құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетілген кооператив құрылтайшыларының тізбесі;

3) кооперативті құру тәртібі; оның құрылуына байланысты құрылтайшылардың міндеттері, сондай-ақ құрылтайшылардың кооперативті құру жөніндегі қызметті жүзеге асыруының өзге де шарттары; көрсетілген адамдардың, сондай-ақ кооперативті құру мен тіркеу барысында құрылатын кооперативтің мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілетін басқа да адамдардың өкілеттігін айқындау;

4) кооператив жарғылық капиталының мөлшері;

5) кооперативтің жарғылық капиталына әрбір құрылтайшының ақша салымының құрамы, мөлшері мен мерзімдері туралы немесе заттай нысанда немесе мүліктік құқықтар түрінде салынған салымның ақшалай бағалануы туралы мәліметтер; кооперативтің жарғылық капиталына қосымша салымдар салу туралы шешім қабылдаудың тәртібі, сондай-ақ кооперативтің жарғылық капиталына салымдарды уақтылы салмаудың салдарлары;

6) құрылтайшының кооператив мүлкіндегі үлесін айқындау; кооператив қатысушылары үлестерінің ауысу тәртібі;

7) кооператив жарғысын бекіту;

8) кооперативтің таза кірісін бөлу тәртібі қамтылуға тиіс.

Құрылтайшылардың шешімі бойынша құрылтай шартына кооперативті құруға және оның қызметіне қатысты осы Заңға және басқа да заңнамалық актілерге қайшы келмейтін өзге де шарттар енгізілуі мүмкін.

3. Кооперативтің құрылтай шартында оның қызметінің мәні мен мақсаты көзделуі мүмкін.

4. Егер құрылтай шартында өзгеше көзделмесе, кооперативтің құрылтай шарты коммерциялық құпия болып табылатын құжаттар құрамына кіреді, мемлекеттік және өзге де ресми органдарға, сондай-ақ үшінші жаққа кооператив органдарының шешімімен ғана не заңнамалық актілерде белгіленген жағдайларда ұсынылуы тиіс.

Мемлекеттік тіркеу кезінде тіркеуші органға құрылтай шартын ұсыну талап етілмейді.

5. Құрылтай шартының талаптары осы шартқа қол қойған құрылтайшылар үшін, сондай-ақ кооператив құрылып, тіркелгеннен кейін оған кірген жаңа қатысушылар үшін міндетті болып табылады.


15-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылтай шартын жасау тәртібі мен оның нысаны

1. Кооперативтің құрылтай шарты әрбір құрылтайшының немесе оның уәкілетті өкілінің шартқа қол қоюы арқылы жасалады.

2. Кооперативтің құрылтай шарты жазбаша нысанда жасалады.

3. Шартқа кооперативтің барлық құрылтайшылары қол қояды.

Құрылтайшылар өкілдерінің кооперативті құруға және құрылтай шартына қол қоюға құқық беретін тиісті өкілеттігі болуға тиіс.

Құрылтайшылар қатарына кіретін заңды тұлғаларды олардың тиісті заңды тұлға атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқылы басшылары білдіруі мүмкін.

4. Шартқа қол қоюдан бас тарту кооперативке кіруден бас тартуды білдіреді. Шартқа қол қоймаған адамдарды оның құрылтайшыларының тізбесінде көрсетуге болмайды.

Шартқа ескертпелер жасай отырып қол қоюға жол берілмейді. Кооперативтің жекелеген қатысушылары мәртебесінің ерекшеліктері барлық құрылтайшылар қол қойған шарттың мәтінінде көрсетілуге тиіс.

5. Құрылтай шарты нотариалды куәландыруға жатады.

6. Құрылтай шартына қол қойған құрылтайшылар кооператив мемлекеттік тіркеуден өткен соң кооперативтің қатысушылары болады.



16-бап. Тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы кооперативінің құрылу және қызмет ету ерекшелiктерi

1. Кооператив бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен (тiркеушiмен) кооператив қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзуге шарт жасасуға құқылы.

Құрылтай шартының қолданысы кооператив қатысушыларының тiзiлiмi қалыптастырылған күннен бастап тоқтатылады. Кооператив қатысушыларының тiзiлiмiнен алынған үзiнді-көшiрме қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативтің жарғылық капиталындағы үлеске құқықты растайтын құжат болып табылады.

Акционерлiк қоғам оның қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооператив болып қайта құрылған жағдайда құрылтай шарты жасалмайды.

2. Акционерлiк қоғамнан қайта құрылған кооперативтің жарғысына қайта құру туралы шешім қабылдаған акционерлердiң жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам қол қояды.

Акционерлiк қоғамнан қайта құрылған кооперативтiң жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiм осы Заңның 47-бабында белгiленген тәртiппен кооператив қатысушыларының жалпы жиналысында қабылданады.


17-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің жарғысы

1. Кооператив жарғысы кооперативтің заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайтын құжат болып табылады.

2. Кооператив жарғысында мыналар:

1) кооперативтің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекенжайы;

2) олардың атауы, орналасқан жерi, бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (eгep құрылтайшы заңды тұлға болса) немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жерi және жеке сәйкестендіру нөмірі (eгep құрылтайшы жеке тұлға болса) көрсетiлген кооператив қатысушыларының тiзбесi (кооператив қатысушыларының тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативті қоспағанда);

3) кооперативтің жарғылық капиталының мөлшері туралы мәліметтер;

4) кооператив органдарын құру тәртібі мен олардың құзыреті;

5) кооперативті қайта ұйымдастыру және оның қызметін тоқтату шарттары;

6) кооперативтiң таза кiрiсiн бөлудiң тәртiбi;

7) кооперативтік төлемдерді бөлу тәртібі;

8) кооператив қатысушыларына және үлестерді сатып алушыларға кооперативтің қызметі туралы ақпаратты ұсыну тәртібі және мерзімі;

9) кооперативтің қызметі туралы ақпаратты жариялау үшін пайдаланылатын бұқаралық ақпарат құралының атауы;

10) кооператив қатысушыларының құқықтары мен міндеттері қамтылуға тиіс.

Жарғыда Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа ережелер де қамтылуы мүмкін.

Кооперативтің жарғысында оның қызметінің мәні мен мақсаттары көзделуі мүмкін.

3. Жарғыны құрылтайшылардың жалпы жиналысы бірауыздан бекітуі және оған барлық құрылтайшылар немесе олардың уәкілетті өкілдері қол қоюы тиіс.

4. Кооператив өз қызметін мазмұнын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын Ауыл шаруашылығы кооперативінің үлгілік жарғысы негізінде жүзеге асыруға құқылы.

5. Кооперативтің жарғысын өзгерту осы Заңның 47-бабының нормаларына сәйкес қабылданатын жалпы жиналыстың шешімі бойынша жүзеге асырылады.


18-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін мемлекеттік тіркеу

1. Кооператив мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап құрылған болып есептеледі.

2. Кооперативті мемлекеттік тіркеуді әділет органдары заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.

3. Мемлекеттiк тiркеу деректерi, оның iшiнде кооперативтің фирмалық атауы, жарғылық капиталының мөлшерi, кооператив құрылтайшыларының құрамы мен атқарушы органдары, оның орналасқан жерi туралы мәлiметтер бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі.


19-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативін құрумен байланысты міндеттемелер бойынша жауапкершілік

Кооперативтің құрылтайшылары кооперативті құрумен байланысты және оны мемлекеттік тіркеуге дейін туындаған міндеттемелер бойынша, егер бұл ретте құрылтайшылардың кооператив мүдделері үшін іс-әрекет жасағаны дәлелденсе, ортақ жауапкершілікте болады. Көрсетілген адамдардың іс-әрекеттері кооператив қатысушыларының жалпы жиналысында кейіннен мақұлданған жағдайда кооператив мұндай міндеттемелер бойынша жауап береді.


20-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативі қатысушыларының құрамындағы өзгеріс

1. Қатысушылардың жалпы жиналысының шешіміне сәйкес, сондай-ақ осы Заңның, кооператив жарғысының және құрылтай шартының талаптарын сақтай отырып жүргізілген кооперативтің жаңа мүшесін қабылдау құрылтай шартына қосылу туралы шартпен ресімделеді. Қосылу туралы шартқа кооператив органының уәкілетті басшысы мен қосылған қатысушы қол қояды.

Қосылу туралы шарт құрылтай шартының ажырамас бөлігі болып табылады, ол қосылу туралы шарттың талаптарынан туындайтын бөлігінде өзгертілген болып есептеледі. Құрылтай шартына қосылу туралы шарт нотариалды куәландыруға жатады.

Жаңа қатысушы кооперативтің құрылтай шартына және оның жарғысына, осы құжаттардағы қосылу туралы шарттың талаптарынан туындайтын өзгерістер ескеріле отырып, қосылған болып есептеледі.

2. Қатысушылар тiзiлiмiн жүргiзудi тiркеушi жүзеге асыратын кооперативке жаңа қатысушыны қабылдау кооператив қатысушыларының тiзiлiмiне жазба енгiзу арқылы ресiмделеді.

3. Шығып кеткен қатысушының үлесін сатып алу нәтижесінде немесе үлес ауысуының өзге негіздері бойынша кооператив қатысушысы болған адам үлеске құқық өзіне ауысқан сәттен бастап кооперативтің құрылтай шарты мен жарғысына қосылған болып есептеледі.


3-тарау. Ауыл шаруашылығы кооперативинің жарғылық капиталы
21-бап. Ауыл шаруашылығы кооперативінің  жарғылық капиталын құру

1. Кооперативтің жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарын біріктіру жолымен құралады.

2. Жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері жүз теңгеден кем болмауға тиіс шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын кооперативті қоспағанда, жарғылық капиталдың бастапқы мөлшері құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарының сомасына тең және кооперативті мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар ұсынылған күнге жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне баламалы сомадан аз болмауы тиіс.

3. Кооперативтің жарғылық капиталына салым ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүліктік құқықтар, оның ішінде жер пайдалану құқығы мен зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқық және өзге де мүлік болуы мүмкін.

Салымды жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде енгізуге жол берілмейді.

4. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысандағы немесе мүліктік құқықтар түріндегі салымдар барлық құрылтайшылардың (қатысушылардың) келісімі бойынша немесе кооператив қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне баламалы сомадан асып түсетін болса, оның бағасын тәуелсіз сарапшы растауға тиіс.

5. Кооперативке салым ретінде мүлікті пайдалану құқығы берілген жағдайларда бұл салымның мөлшері құрылтай құжаттарында көрсетілген бүкіл мерзімге есептелген пайдалану ақысымен айқындалады.

Пайдалану құқығы кооперативтің жарғылық капиталына салым болып табылатын мүлікті жалпы жиналыстың келісімінсіз мерзімінен бұрын алуға жол берілмейді.

Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооперативке пайдалануға берілген мүліктің кездейсоқ құрып кету немесе бүліну қаупі мүліктің меншік иесіне жүктеледі.

6. Егер құрылтай шартында өзгеше көзделмесе, әрбір қатысушы салымының жарғылық капиталдың жалпы сомасына қатынасы қатысушының жарғылық капиталдағы үлесі болып табылады.

Кооперативке жаңа қатысушылардың қабылдануына немесе кооперативтен бұрынғы қатысушылардың бірінің шығуына байланысты жарғылық капиталдың мөлшерін қандай да бір өзгерту қабылдану немесе шығу сәтінде қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестерін тиісінше қайта есептеуге әкеп соғады.

7. Құқығы (оның iшiнде шартты жер үлесiне құқығы) кооперативтің жарғылық капиталына салым ретiнде берiлген жер учаскесiн нақтылы бөлiп шығару Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет