Алаш айнасы.- 2010.- №28 (254).-23 ақпан
М. Алмасбекұлы. С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашевпен сұхбат
Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген білім гранттарын
аграрлық оқу орындары ғана иеленуі керек пе?
Қазақ елінің ауыл шаруашылығы үлкен даму белесіне аяқ басты. Бұл-осы салаға қажет маман иелеріне сұраныс артады деген сөз. Сұраныс болса, оған керек мамандықты иегеру үшін білім алуға ұмтылатын шәкірттердің қарасы көбейері де даусыз. Бірақ аграрлық саладағы оқу орны басшыларының пікірінше, осы бағыттағы мамандықты бытыратпай, негізі оқу орындарына топтастырған дұрыс дейді және оның тиімді тұстарын атап көрсетеді. Ал екінші жақ жеке меншік оқу орындарын қолдау үшін мемлекеттік білім грантын бәріне бірдей бөлгенді жөн санайды.
-
Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген білім гранттарын аграрлық оқу орындары ғана иеленуі керек пе?
Иә, біз қазір мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін білім алуға бөлінген қаржының тиімсіз қолданылуына жол берудеміз. Кеңес үкіметі кезінде ауыл шаруашылығын тиісті мамандармен тоғыз бейінді институт қамтамасыз ететін. Ал, қазіргі кезде 23 университет даярлап жатыр. «Агрономия», «зоотехния», «орман шаруашылығы» тіпті «ветеринарлық медицина» және «ветеринариялық санитария» мамандықтарын жаңадан ашылған жекеменшікті жоғары оқу орындары (ЖОО) да ашып алған. Сөз орайы келгеннен соң айта кетейін, Ұлыбританияда мал дәрігерлерін төрт-ақ университет даярлайды, ал бізде мұндай ЖОО-ның саны 8-ге жетті. Жер көлемінің 4 пайыздан сәл астамын орман алып жатқан біздің елге осы саланың мамандарын даярлауға 10 университетке лицензия берудің қандай қажеттілігі болған екен? Білім гранттарының осындай талан-таражға салынуы және өз қаржысына жоғары білім алып, ауыл шаруашылығы саласының маманы болып шығуға талпынушылардың аздығы толыққанды оқу топтарын қалыптастыруға кедергісін тигізіп-ақ отыр. Аудиториялық қорды, оқу құрал-жабдықтарын тиімді қолдану үшін және профессор-оқытушылар құрамының еңбегіне төленетін қаржыны ұтымды жұмсау үшін академиялық топтардағы студенттердің саны 20 адамнан кем болмауы керек. Ал қазіргі жағдай бұл ұстанымнан әлдеқайда алшақтау тұр. Айталық, биылғы оқу жылына «агрономия» мамандығы бойынша төрт университет оқу топтарына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бір студенттен ғана қабылдай алды, ал үш ЖОО-да грант иегерлерінің жалпы саны небәрі тоғыз адамды құрады. Жалпы алғанда, білім гранттарын ұтып алған талапкерлерден қазақ және орыстілді толымды оқу топтарын екі университет қана қалыптастыра алған. «Зоотехния» мамандығының білім гранттарын алған 22 талапкер сегіз университеттің 10 оқу тобына бытырап кеткен. Айта кететін мәселе - екі-ақ ЖОО аталмыш мамандықтың грант иегерлерінен толыққанды топтарды тек қазақ тілінде оқитын студенттердің есебінен ғана құрастыра алды. Болашақ мал дәрігерлеріне арналған 37 грант 6 университеттің 10 оқу тобының үлесіне тиген. «Орман шаруашылығы» мамандығына бөлінген 100 гранттың 55-і Астана және Алматы қалаларындағы аграрлық университеттердің үлесіне тиді, ал қалғандары 6 ЖОО ның еншісіне кетті, ал екі оқу орны бірде- бір студент ала алмаған.
Әрине, білім саласында да бәсекелестіктің болуы керектігін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, оның міндетті түрде шынайы болғаны абзал, яғни бәсекеге түсетін оқу орындарының белгілі бір мамандарды сапалы түрде даярлай алатын ғылыми мектебі болуы тиіс. Өкінішке қарай, аграрлық кешен мен ЖОО-лар арасындағы мамандарға деген сұраныс пен ұсынысты ескерместен және қалыптасқан ғылыми әлеуетінің жоқтығына қарамастан, жекеленген оқу орындарының ауыл шаруашылығы мамандықтарының лицензиясына қол жеткізуі, жұмсартып айтқанда, түсінбеушілігімізді тудырып отыр. Мемлекеттік грант иегерлерінің тарыдай шашырап кетуі ЖОО-дарының қаржы жағынан, ал студенттердің білім сапасы жағынан ұтылысына әкелетіні айтпаса да түсінікті. Міне, сондықтан да материалдық базасы мен ғылыми әлеуеті әлсіз, жылдан жылға белгілі бір мамандық бойынша оқу топтарын қалыптастыра алмай жүрген ЖОО-лар Білім және ғылым министрлігінің аттестациясын күтпей-ақ өз еркімен лицензияларынан бас тартып, саусақпен санарлық студенттерін танымал ғылыми мектебі бар университеттерге аударса дұрыс болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |