Ауыл шаруашылығы саласын жетілдірудегі жаңа стратегиялық бағыттар
Казамбаева А.М. - э.ғ.к., Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті
Азық-түлік нарығындағы сапасыз өнімдер мен шетелдік өнімдердің нарықты жаулап алуы, азық-түлік өнімдерінің шикізат негізін қалыптастырушы ауылшаруашылығы саласын дамытатын стратегияның қажет екендігін айқындап тұрғандай.
Стратегия түсінігіне тоқталатын болсақ, оған көптеген анықтама беруге болады. Ең алдымен кез-келген стратегия ол нақты анықталған позиция немесе бағыт, ұстаным және ол болашықты болжамдайтын жоспар. Сонымен қатар стратегия бұл қандайда бір нәтижеге жету жолындағы алгоритм жүйесіндегі қадам деп айтуға болады. Жалпы стратегиялық басқару жүйесін дамығын батыс елдерінде жиі қолданады. Себебі стратегия белгілі бір құбылысқа қатысты қалыптасқан синергетикалық механизм арқылы жүзеге асады, яғни белгілі бір құбылысқа бірнеше факторлардың әсер етуін анықтау арқылы, оның нәтижесі анықталады [1].
Синергетика механизмі келесі ұстанымдарға негізделіп қалыптасады, олар: өзін-өзі реттеу, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі қамтамасыз ету. Бұл ұстанымдар ауылшаруашылығы саласының басқада салалармен тығыз байланыста екенін және олардың дамып, қалыптасуы ауылшаруашылығы саласының дамуына тікелей әсер ететіндігін дәлелдейді [2].
Мемлекет тарапынан беріліп жатқан ауылшаруашылығы саласындағы қолдаулардың нәтижесін арттыру үшін, екі нақты стратегиялық бағыттарды қалыптастыру қажет, олар ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды дамыту және ауылшаруашылығы саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуді жолға қою керек. Неге бұл екі мәселеге басты назар аудару керек екендігіне толығырақ тоқталайық.
Қазіргі таңдағы ауылшаруашылығы тауарөндірушілері үшін өнімді өндіруден гөрі, оны өткізу мәселесі өте маңызды деп айтуға болады. Бұған мысалды алыстан іздеп қажет емес, биылғы астық жинау кезіндегі қалыптасқан мәселені айтуға болады. Кез-келген тауарөндіруші нарықта өз өнімін өзі жоспарлаған бағада өткізген жағдайда ғана, пайда табатыны экономикалық заңдылық екенін бәріміз білеміз. Сондықтанда ауылшаруашылығы тауарөндірушілерінің өнімін тұрақты өткізу жолдарын қалыптастырмайынша ауылшаруашылығы тауарөндірушілері бұл қыйындықтан өздігімен шыға алмайды.
Қалыптасқан мәселені шешудің екі жолы бар деп ойламыз: біріншіден ол үшін мемлекет ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды қалыптастыруды тікелей өз қолына алуы қажет, екіншіден ауылшаруашылығы тауарөндірушілері арасында өнімді өткізу кооперативтерін құруды дамыту қажет.
Ауыл шаруашылығы өнімдері тез бұзылатын, арнайы сақтау режимін талап ететін өнімдер болғандықтан, оларды өндіру мен қатар, өткізу мәселесі күрделі. Сондықтанда әр облыс деңгейінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін мемлекеттік өңдеуші кәсіпорындарды құру керек деп ойлаймыз. Себебі мал шаруашылығы шикізат өнімдерін сақтау мерзімі өте шектеулі. Мемлекеттік өңдеуші кәсіпорындарды құру көптеген мәселелерді шешуге өз көмегін тигізері анық, олар:
-
халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Қазіргі таңда халықтың азық-түлік өнімдерінен улануы жиі кездеседі;
-
мұндай мемлекеттік кәсіпорындар өңдеуші кәсіпорындар арасында таза бәсеклестікті туғызар еді, себебі нарықта шартты өндіруші кәсіпорындар емес өңдеуші кәсіпорындар қояды. Қыста суыққа, жазда ыссыға шыдап өнім өндірген тауарөндіруші, көптеген себептерге байланысты өз өнімін нақты бағаға өткізе алмайды;
-
мемлекеттік кәсіпорындарды қалыптастыру әрине әлеуметтік жағдайды реттейді, яғни жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ал ауылшаруашылығы тауарөндірушілері арасында өнімді өткізу кооперативтерін құру екі жаққада тиімді болады. Мұндай кооператив облысты жыл бойына арзан ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге және ауылшаруашылығы тауарөндірушілерінің өнімді тұрақты өткізу каналын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысы республиканың батыс бөлігінде орналасқан ауыл шаруашылығы өндірісіне маманданған облыстардың бірі. Облыста ауыл шаруашылығының негізгі екі саласы егін және мал шаруашылығы қатар дамып келеді. Облыстың солтүстік аудандары егін шаруашылығы және бау – бақша шаруашылығымен айналысса, ал оңтүстік аудандар жері құнарсыз әрі қыс айлары аз болып келетіндіктен мал шаруашылығымен айналысады.
Алдағы жылдарда ірі тауарлы астық өндірісін ұйымдастыру жолымен облыстың солтүстік бөлігінің 380 мың га. тыңайған құнарлы жерлерін ауыспалы егіске тарту және өңделетін егістік көлемін ұлғайту қажет деп жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы салаларында өндірілген өнім көлемінің өсуі байқалады. 2010 жылы 2008 жылмен салыстырғанда жалпы өнім көлемі 114%-ға жоғарылаған. Өсімдік шаруашылығында өндірілген өнім көлемі жалпы ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдер көлемінің 46 пайызын құрайды, 2008 жылмен салыстырғанда 2010 жылы жалпы өнім көлемі 229%-ға артып отыр. Ал мал шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 54 пайызын құрайды, яғни облыс шаруашылығы негізінен мал шаруашылығына маманданған. Мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,6 есеге артып отыр (1-диаграмма)[3].
Енді ауыл шаруашылығы саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуді жолға қою мәселесіне тоқталайық. Кез-келген өндіріс нәтижесіне, өндірісте қолданатын еңбек құралының сапасы қалай әсер етсе, еңбек ресурсының біліктілік деңгейіде тікелей әсер етеді. Мысалы өндірісте ескі немесе өнімділігі төмен техниканы пайдаланғанда, өнім сапасы қандай болатынын білеміз, тап сол сияқты біліктілік деңгейі төмен еңбек ресурсының өндіріске қатысты қабылдаған шешім деңгейі де төмен болады.
1-диаграмма. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдері.
(миллион теңге)
Әрине барлық ауыл шаруашылығы саласында нашар мамандар жұмыс жасайды деп айтуға болмайды, дей тұрғанмен сол ауыл шаруашылығы саласына инновациялық жаңалықтардың жетпей жатқанын мойындауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласында өндіріске көбіне жергілікті еңбек ресурстары тартылады. Соның ішінде экономика бағытындағы жас мамандардың ауылдық жерлерге бара бермейтіні анық, ал ауыл шаруашылығы саласында қандайда бір нәтижеге қол жеткізу үшін білікті экономика мамандары қажет-ақ, ол нарқтағы өзгерістерге қатысты нақты шешімдер қабылдау үшін, нарықты зерттеу үшін, сыртқы экономикалық байланыстарды қалыптастыру үшін қажет деп ойлаймыз. Сондықтанда мемлекет білім гранттарын бөлгенде арнайы «АӨК-экономист» мамандығын қалыптастырып және жас маманды бітірген соң ауылға бару жолын қарастыру керек.
Бұл шара келесі мәселелерді шешуге көмектеседі: ауылдың әлеуметтік дамуын тездету; аграрлық нарықта бизнес пен бәсекелестіктің дамуын ынталандыру; ауыл шаруашылығына қазіргі заманғы технологияларды енгізуді жеделдету; нарық проблемаларын ғылыми зерттеуді кеңейту және тағыда басқа мәселелерді шешуге жол ашады деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
-
Семин А. Стратегическое планирование и управление в системе регионального агропромышленного комплекса // АПК: экономика и управление (научно-практический журнал) №1 январь, 2008 г.
-
Занг В.Б. Синергетическая экономика. Время и перемен в нелинейной экономической теории. Москва., 1999 г.
-
Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласының экономикалық көрсеткіштері жылнамасы. Орал, 2010 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |