Қазақ халқының рулар шежіресі шығарушылар алқасынан



бет1/5
Дата15.02.2024
өлшемі136.71 Kb.
#492015
  1   2   3   4   5
Мұхамаджан Тынышбаев


Мұхамаджан Тынышбаев



ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ РУЛАР ШЕЖІРЕСІ

ШЫҒАРУШЫЛАР АЛҚАСЫНАН
Жеті атасын білген ұл
Жеті жұрттың қамын жер.
Өзін ғана білгенұл
Құлағы мен жағын жер.
[Халық мәтелі]
«Шежіре» сөзі түркі, моңғол сөзінен шыққан және көптеген халықтарға ортақ көне ұғым. Егер моңғол халқында ол «цээжээр» делінсе, қалмақ тілінде «чееджыр дасх», «чееж», ал тува ұраңқай тілінде – «шээжиллээр» түрінде кездесетін «есте сақтау», жаттап алу, жадыда ұстау» деген мағынаны береді. Яғни, моңғолша «цээж» – кеуде, жад. Ал көне түркінің ХІ ғасырдың тілші ғалымы Махмуд Қашқари «Диуани-лұғат-түрік» еңбегін жазуда шежірелерді қолданғандығын айтады. Шежіре көшпелілердің генеалогиялық, мәдени, әлеуметтік шынайы орнын анықтап берумен қатар, ру, тайпасының қалыптасуы, елді мекендері, ата қонысы, тұлға, көсемдері, туысқандық байланыстары, бастан кешкен оқиғалары, соғыс, ерлік, батырлығы туралы баяндайды. Көшпелі қоғамда орын алған барлық әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани құбылыстарға қатысты өткен оқиғалар тарихи сана, руаралық қатынастар тұрғысынан түсіндіріледі.
Түрік қағанаттарының белгілі қағандары Тоныкөк пен Білге қағандардың құрметіне қойылған «Күлтегін» ескерткішінің «Үлкен жазуында» мынадай үзінділер бар: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде Қаражер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстінде ата-тегім Бумын қаған, Істеми қаған отырған. Отырып түркі халқының ел жұртын қалыптастырған, иелік еткен»
делінген [11]. Біздің ойымызша, бұл тек жазбаша шежірені көрсеткен уақыт. Ал ауызша шежіре бұдан да ерте кезеңді көрсетеді. Мәселен, тарихи мәліметтер бойынша Ғұн империясының билеушісі Мөде қағанның (б.з.д. 228-174) жиырма төрт тайпалық одағы болған. Бұл қазақ шежіре, жырларында айтылып қалатын «жиырма төрт баулы ел» тіркесінің ғұндар заманынан бері келе жатқандығынан хабар береді. Олай болса, Ұлы Даланың шығысында әр кезеңде өмірге келген Сақ, Ғұн, Түрік, Оғыз, Моңғол сияқты көптеген ірі мемлекеттерді құраған ру- тайпалардың ұрпақтан ұрпаққа сабақтасқан байланысы аңғарылады.
Қазақ шежірелерінің зерттелу тарихына көз жіберсек, қазақ ойшылдары топтаған шежірелердің ішінде М.Дулатидің, Қ.Жалайридің шежірелері, Қазыбек бек Тауасарұлының «Ата шежіресі», «Жәңгір хан шежіресі», Ш.Уалиханов жазып алған «Ұлы жүз шежіресі, А.Ниязовтың «Үш жүздің шежіресі», М.Шорманұлының шежіресі, Ө.Бөжейұлының «Қазақ жұртының шежіресі», Мәшһүр Жүсіптің «Қазақ шежіресі» қымбат қазына болып табылады. Сон-дай-ақ шежірені топтау ісіне 1911 жылы Орынборда басылып шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік-қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі»,1903 жылы Қазанда басылған Н.Наушабайұлының «Манзумат Қазахия» сияқты кітаптарының да орны бөлек. Алайда, совет кезеңінде жарық көріп, шежіре мәселесін арнайы қозғаған ғылыми зерттеулердің ішінде Мұхамеджан Тынышбай ұлының «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» (Материалы к истории киргиз-казахского народа) деген 1925 жылы Ташкентте басылған еңбегі айрықша сүбелі. Негізгі мамандығы темір жол инженері бола тұра соңына қазақ тарихына қатысты тамаша ғылыми зерттеулер қалдырып кеткен М. Тынышбайұлының (1879-1937) орысша жазылған бұл еңбегінде қазақ шежіресі, қазақтардың қайдан шыққаны және қазақ хандығының құрылуы, қазақтардың 1917 жылға дейінгі саны туралы майын тамыза әңгімелеген ғылыми қисындылықтармен, арғы бергі тарихты зерделеумен тәнті етеді.
Туған халқының ғылыми тұрғыда жүйелеген шежіресін өз ана тілінде оқығысы келіп, аңсап отырған жұртшылық назарына біз бұған дейін ғылыми айналысқа түскен шежірелік деректерді жинақтап беруді жөн көрдік. Ол бойынша рулар тарихы – негізінен ардақты ғалымымыз М.Тынышбайұлының жоғарыда аталған еңбегінен ықшамдап алынып беріледі де, жеке аталарды тарату Қазақ совет энциклопедиясының әр томынан алынған деректермен дәйектеліп отырады. Яғни, бұл орайда біз жанымыздан ештеңе шығарып жатқан жоқпыз.
Сонымен бірге оқырмандар назарына Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегі мен қазақтың арғы тегін, ру-тайпаларын тармақтап, жүйелеп беретін схемалық басылымды ұсынып отырмыз.
Бұл кітапты шығару мақсатымыз – өз тарихын, тегін білсек деген жұртшылық назарына біршама ғылыми сұрыптауға түскен шежіре нұсқаларын бір жерге жинақтап, ұсыну.
* * *
Мұхамаджан Тынышбаев



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет