ӘОЖ 811.512.122' 373
К.С. Әбішев
1
, Ж.А. Абдуманапова
1
1
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
1
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫНДАҒЫ ОРНИТОНИМДІ
ТІЛДІК БІРЛІКТЕРДІҢ ЛИНГВОЕЛТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ
Аңдатпа
Мақалада қазақ және түрік халықтарының танымындағы орнитонимді тілдік
бірліктер жайында сөз қозғалды. Түрік тілі мен қазақ тіліндегі орнитонимдерге қатысты
тілдік бірліктердің пайда болу себептерінің ұқсас жақтары, аталмыш тілдік бірліктер
құстың бойындағы ерекше қасиетіне, сыртқы түр-тұлғасына, әсемдігіне, сұлулығына
байланысты атаулардың паремиологиялық бірліктерде, фразеологизмдерде, тұрақты
теңеулерде, антропонимдер мен топонимдерде жиі қолданылуы екі халықтың да құс
туралы танымының өте тереңде жатқандығын аңғартса керек. Түркі халықтарының
қоршаған ортаның, табиғаттың еркін перзенттері – құстарды танудағы мол тілдік деректері
көшпелілерді тек төрт түлік малмен байланысты қарайтын стереотипке қарсы жаңа
пайымдаулар жасауға түрткі болады.
Түйін сөздер: орнитонимдер, құс атаулары, паремиологиялық бірліктер,
антропонимдер, топонимдер.
Түбі бір түркілердің бір бұтағы ретінде орын алған, бірнеше
халықтардың, яғни БАӘ, Мысыр, Византия, Грузия сияқты елдердің
мәдениетімен етене байланысып, тілімен біте қайнасқан түрік ағайынның
«қарға» тамырлы Қазақиямен де жақындығы айтарлықтай. Мақаламызға өзек
болып отырған құс атауларының тек қазақ танымында ғана емес, сонымен
қатар, кезінде бір тудың астында өмір сүріп, тілі мен ділі бір, мәдениеті мен
рухы бір болған, бүгін де бірлігі бұзылмаған қырғыз, өзбек, түрік сияқты т.б.
түркі халықтарының да тыныс-тіршілігін, өмір сүру салтын айқындайтын
деректер құсқа қатысты наным-сенімдерден хабар береді. Мысалы, ауа райын
болжауда халық арасында бір ғана қарлығаштың қимыл-әрекетіне байланысты
түрлі нышандар бар: егер де қарлығаш жоғарылап ұшса, ауа райы құрғақ, күн
ашық, ал дамыл таппай бірде жоғары, бірде төмендеп ұшса, жел, дауыл тұрары
сөзсіз. Егер қарлығаш ұясына кіріп-шығып, тынышсыздана бастаса, жауынды
күтуге болады. Немесе қарлығаш өте төмендеп жер бетін жанай ұшатын болса,
онда ол жаңбыр жауудың нышаны [1]. Дәл осы сенушілік қырғыз және өзбек
халқында да бар екен.
Орнитология (грек. ornіtos – құс және logos – ғылым) – зоологияның
құстар, олардың жүйеленімі, жекеше және тарихи дамуы, физиологиясы,
экологиясы, жер бетіне таралуын зерттейтін саласы. Орнитология терминін
алғаш рет ғылымға XVI ғасырда италиялық ғалым У. Альдрованди енгізді.
Орнитонимдер – лингвистикалық зерттеу нысаны ретіндегі құс атаулары.
Орнитонимдердің басты өкілдері – құстар болса, онда құсты күтіп, баптаушы
құсбегілерді орнитологтар деуге толық негіз бар. Құсбегілік те қазақ пен
қырғыз халықтарына тән. Осы тәрізді ұқсастықтар көптеп кездеседі. Бұның
бәрі халықтар бірлігінің айғағы іспеттес.
Кезінде жер шарының Оңтүстік-Батыс бөлігін мекен еткен, бүгінгі таңда
Батыс және Орталық Азия, Шығыс Еуропа елдеріне тараған оғыздардың өкілі
– түрік халқының мифологиясында тоғыз түрлі жануар мен аң-құс ерекше
орынға ие. Олар: ат, барыс, арыстан, айдаһар, бүркіт, аю, қасқыр, бүркітбасты
гриффон және бүркіттұмсық, бүркітбасты, қол-аяғы мен денесі адам
бейнесіндегі гаруда. Мұндағы гриффон – Көк Құдайы, гаруда – Соғыс Құдайы,
ат – ер азаматтың досы, күш-құдіреттің символы, барыс пен арыстан –
жеңімпаздықтың, айдаһар – зұлымдықтың, аю – Орман Құдайы немесе орман
рухының, қасқыр – билік пен тәкаппарлықтың, бүркіт – тегеурінділіктің,
әділеттіліктің, күш-құдіреттің символы, Көк Тәңрінің бейнесі саналған. Дәл
бүркіт құсына қарата айтылған бұл ұғым, түсінік Ислам мәдениетінен кейін де
қолданылған [2]. Бұл сияқты ұғымдарды былай қойғанда, түрік фольклорында,
мақал-мәтелдерінде, тұрақты тіркестерінде, поэзияда, тіпті жұмбақ пен
жаңылтпаштарында да жалпылама құстар мен орнитонимдерді жиі қолданған.
Бауыр еті балаларын «бүлдіршін» деп атап, «балапаным», «қарғам» деп
еркелететін қазақ халқының танымында құстардың рөлі қаншалықты зор
болса, балаларына «bildircinim» (бөденем), «yavrum» (кез келген аң-құс,
жануар төлінің жалпылама атауы), minik serçe (кішкентай торғай), «çocuğum»
(шөжегім, шөшем, балам) деп айтатын түрік халқының да санасына бұл
құбылыс сіңісті екен. Балаларына жаттатып, айтқызатын
Kırk kara kartal
Kartal kalkar dal tartar
Dal tartar kartal kalkar...
сияқты жаңылтпаштары мен төмендегі бесік жыры да құстардың бала өсіру
барысында, тәрбиелік мәнде де қолданылатынына нақты көрініс бола алады:
Karga karga gak dedi
Bir kaşıcak yağ dedi
Yağ olmazsa bal olsun
Benim oğlum sağ olsun.
Karga hadi git işine
Düşme yavrumun peşine
Karga seni tutarım
Kanadını yolarım
Yelpazeler yaparım
Minimini yavrularsa satarım
Ninni ninni ninnisi var
Benim çocuğumun uykusu var [3].
Бұл тектес бірліктер туралы айтпас бұрын былайша топтастырып,
жүйелеп алғанды жөн көрдік:
1. паремиологиялық бірліктер;
2. фразеологизмдер;
3. тұрақты теңеулер;
4. антропонимдер;
5. топонимдер.
Аты аталған бірліктер қашан да халықтың, ұлттың өткенінен хабар
беретін, дәстүр мен салтын, мәдениетін көрсететін, тарих пен бүгіннің
арасындағы сабақтастықты сақтайтын амалдардың алғашқысы. Соның дәлелі
ретінде төменде құсқа қатысты бірнеше мақал-мәтел беріп отырмыз [4]. (Кесте
1).