Ұлыдан тараған ұрпақ тарихы
1994 жылы «Абай» журналының 12-нөмірінде ұлы ақынның немересі Мәкен Тұрағұлқызы Мұхамеджанова мен шөбересі Ишаға Жақыпарованың «Қажыдан тараған ұрпақтар» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақаланы Құнанбай ұрпағының шежіресі десек те болады. Біз бүгін аталмыш мақалаға сүйене отырып, Абайдың арғы әулеті мен өзінен тараған ұрпағы, олардың кейінгі тағдыры жайында сөз қозғамақпыз. Адамзаттың ақылманы Абайдың шығармашылығы иісі қазаққа жақсы таныс. Ал, оның кіндігінен тараған ұл-қыздары жайлы жастардың біле жүргені артық болмас.
Тобықты Өскенбайдың бес әйелі болған. Соның ішінде Зереден Құттымбет, Құнанбай есімді екі ұл мен Тайбала есімді қыз тарайды. Құттымбет ертеректе қайтыс болып кеткен. Ал, Құнанбай жас кезінен еті тірі, сөзге шешен, әділ де парасаттылығымен көзге түседі. Ол Тобықты еліне старшын, 1852 жылы Қарқаралы дуанына аға сұлтан болады. 1874 жылы Меккеге қажылыққа барып, «Тәкия» қонақүйін салдырған.
Құнанбайдың төрт әйелі болған – Күнке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным. Бірінші әйелі Күнкеден Құдайберді, одан Шәкәрім тарайды. Екінші әйелі Ұлжаннан Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай,) Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан Халиолла, Смағұл және Кәмшат есімді қыз туылады. Төртінші әйелі Нұрғанымнан көрген бір ұл, бір қыздың ғұмыры келте болған. Қызы 11 жасында аурудан, ұлы 5 жасында аттан құлап мерт болады. Көріп отырғанымыздай, Құнанбайдың Ұлжаннан төрт, Айғыздан екі ұл баласы болған. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деуінің сыры осында жатыр.
Абайдың жатырлас ағасы Тәкежаннан екі ұл бала – Мақұлбай және Әзімбай. Мақұлбай өмірден ерте қайтқан. Әзімбайдың ұл-қыздарынан ұрпақ жалғасып келеді. Абайдың інісі Ысқақтың Кәктай, Ахметбек, Ырысқұл деген үш ұлы мен Гафура есімді қызы болған. Кәктай мен Ахметбектің ұл-қыздары өсіп-өніп, ұрпақ жалғастыруда. Абайдың екінші інісі Оспаннан бала болмаған.
Абай ата-анасының ырқымен Қаракесек Шаншар руының ірі байы Алшынбайдың немере қызы Ділдаға жастай үйленген. Екінші әйелі Әйгеріммен сүйіп қосылған. Інісі Оспан қайтыс болғанда оның әйелі Еркежанға әмеңгерлік жолмен қосылады.
Абайдың бірінші әйелі Ділдәдан (1843-1924) туған ұлдары:
Ақылбай (1861-1904ж.), Әкімбай (ерте қайтыс болған). Әбдірахман (1868-1895 ж.ж.) Мағауия (1870-1904 ж.ж.). Қыздары: Күлбадан (1876-1932 ж.) Райхан (жеті жасында қайтыс болған).
Абайдың тұңғыш баласы Ақылбай өлең жазып, ән шығарған. Бүгінде оның әнін Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов орындап жүр.
Ақылбайдан: Әлімқұл (1879-1914 ж.ж.), Әубәкір (1881-1934 ж.ж.), Исраил (1895-1959 ж.ж.) деген балалар мен Сағадат, Пәкизат, Рухия деген қыздар тарайды.
Әлімқұлдың Тайыр мен Шәбеп, Бағыфур (1913-1982 ж.ж.) деген балалары мен Ғазиза, Зәбіш, Қауаш есімді қыздары бар. Тайыр ертерек қайтыс болған, ал, Шәбептен (1903-1959 ж.ж.) ұрпақ жоқ. Бағыфурдан Эрнест (1935-1983 ж.ж.), Бауэр (1937-1978 ж.ж.), Айдар (1949 ж.ж.) туылады. Айдардан Данияр, Даниярдан Дана, Камила, Меруерт. Еркек кіндіктен Абай ұрпағын жалғастырушы Данияр ғана.
Ақылбайұлы Әубәкірден Әлихан (1918 ж.ж.) мен Ғабдысәлем (1907ж.) тарайды. Екеуі де Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы опат болған. Ал, Ақылбайдың Исраил деген ұлынан Назипа, Күлзипа, 1944 жылы туылған Кәсира есімді қыздары бар.
Абайдың орысша оқыған баласы – Әбдірахман. Ол Томск, Петербург қалаларында әскери училищеде білім алған. Ташкент қаласында әскери қызметте жүріп, Алматы қаласында әскери госпитальда 1895 жылы 1 қаңтарда қайтыс болған. Сүйегі туған жері Шыңғыстауға жеткізіліп, Ақшоқыда жерленген. Әбдрахманнан Рахима есімді қыз қалған.
Мағауия – Абайдың ең жақсы көретін балаларының бірі. Мағауиядан Құтайба (1895-1919 ж.ж.), Жағыпар (1898-1934 ж.ж.), Бабыр (ертерек қайтыс болған) деген ұл балалар дүниеге келеді. Қыздары Уәсилә, Камилә.
Құтайбадан 1918 жылы Берекехан туылған. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, 1941 жылы опат болған.
Жағыпардан 1924 жылы Жошыхан тарайды. Ол да Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы көз жұмған. Жағыпардан бес қыз – Рәпила, Наркес, Ләйла, Ишаға, Ғазел.
Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған (1856-1919 ж.ж.): ұл балалары – Тұрағұл (1875-1934 ж.ж.), Мекаил (1884-1931 ж.ж.), Ізкаил (1895-1929 ж.ж.) және қызы Кенже (1901 ж.) туылған. Тұрағұл Абай шығармаларын жинақтап, сақтауға көп еңбек сіңірген. Өлеңдер жинағын 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында кітап етіп шығарған. 1920 жылы Семейде Алаш қозғалысына белсене араласқан. Бай тұқымы ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, Шымкентке жер аударылған. 1934 жылы 6 наурыз күні қызы Мәкеннің қолында қайтыс болады. Өкініштісі, бұл зират кейін «Химфарм» зауытының территориясында қалып, тегістеліп кеткен.
Тұрағұлдан Жебірейіл (1904-1930 ж.ж.), Зұбайыр (1907-1933 ж.ж.), қыздары Ахила (Ақыш), Халима (Қалимаш), Мәкен. Жебірейілдің 1922 жылы туылған ұлы Алпаш та Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1990 жылы Алматы қаласында қайтыс болған. Ұрпақ жалғаспаған. Ал, Зұбайыр 1933 жылы ашаршылықта қайтыс болады.
Мекаил Абай өлеңдерін жатқа айтқан, домбырада, скрипкада ойнаған. «Алаш» партиясын қолдап, қызмет жасаған. Кеңес өкіметі тұсында қуғынға түсіп, 1931 жылы Семейде атылған. Мекаилдан тараған Құзайыр (1912 ж) мен Қалышер (Әлішер) (1921 ж.) Ұлы Отан соғысында көз жұмған (Құзайыр 1945 жылы, Қалышер 1942 жылы қайтыс болады).
Ізкаил арабша оқып, білім алған. Домбырада ойнап, ән салған. 1917 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Абыздың рөлін ойнаған. Кеңес өкіметі тұсында көрген қуғын-сүргіннің салдарынан 1929 жылы қайтыс болған. 1924 жылы туылған жалғыз ұлы Тоқташ Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы опат болады. Көріп отырғанымыздай, Абайдан тараған ұрпақтан бес бірдей ер азамат Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Кейбірінен ұрпақ жалғаспаған. Ал, қыздарынан тараған ұрпағы бүгінде өсіп-өніп, үлкен әулетке айналған.
Өміртай ҚАЛЫҚҰЛОВ, Түлкібас, Келес, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы.
Абайдың Ділдә, Әйгерім және Еркежан деген үш жары болған.
Ол Ділдәға 15 жасында үйленді. Неке жастардың әкелерінің келісімімен қиылған. Ақынның бірінші әйелі алты бала туған.
Ақынның екінші жары – Әйгерім, ол Абайдың сүйікті жары болған. Екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді.
Ал Еркежан әмеңгерлікпен Абайды үшінші жары болып, ақын өмірінің соңғы 11 жылында Жидебайда бірге тұрған. Олардың ортақ балалары жоқ.
Ақынның он баласынан 19 немере мен 13 шөбере тараған. Олардың тоғызы Ұлы Отан соғысына қатысып, тек екеуі туған жеріне оралды.
Биыл «Абай жолы» романының жарық көргеніне 75 жыл. Соған орай Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Бір кітап» көрмесі өтті. Мұхтар Əуезов Абайды əлемге танытты. Десек те, Абай мұрасын жинап, сақтаушы – ақынның ұрпақтары. Абайдың ұрпақтары кімдер, олар қалай өмір сүрді, көзі тірісінен кім қалды? Осы жайында білгіміз келіп, көрмеге келген ақынның жиеншары Лəйлə МҰХЛЕСҚЫЗЫМЕН əңгімелестік.
Лəйлə Мұхлесқызы 1950 жылы 7 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында өмірге келген. Өмірінің көп бөлігін Семейде өткізіп, бірнеше жыл бұрын Астанаға көшіп келіпті. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң Семей педагогикалық институтына түсіп, ұзақ жыл оқу-ағарту саласында қызмет атқарады. Бала кезінен Абай, Ақылбай, Баймағамбет, Мұхтар туралы естіп өскен қыз анасы Қауашпен бірге атасының мұражайына жиі баратын.
– Өз атамның мұражайында жұмыс істеуді армандадым. Ақыры сəті түсіп, 1996 жылы Абай мұражайына аға ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдым. Мұнда 14 жыл қызмет етіп, зейнетке шықтым. Зейнетте жүрсем де, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың Абайтану залына қызметке шақырды. Қазір осында істеп жатырмын.
Лəйлə апай Өскенбай есімді азаматымен бір ұл, екі қыз тəрбиелеп өсірген. Бүгінде ардақты ана, сүйікті əже. Лəйлə апайдың анасы Қауаш Абайдың, Ақылбайдың, Мағауияның, Əубəкірдің өлеңдерін жатқа білген. Сөзге шешен, əңгімешіл кісі болған екен.
– Анам Мұхтар Əуезов пен Мағауияның қызы Кəмила екеуінің махаббатының, тағдырының куəсі болған. Кəмиланың Мұхтар Əуезовке деген сағынышқа толы өлеңдерін жеткізген де анамҚауаш пен Мəкен Тұрағұлқызы. Мұхтар Əуезов Кəмиладан екі қыз сүйеді. Бірақ екеуі де бала кезінде шетінеп кеткен. Сонан «маған бала керек» деп біздің апамызды тастап, орыс əйел алады. Бұл əрекетіне Абайдың ұрпақтары ұзақ уақыт ренжіп жүрді. Ренжімегенде ше?
Абайдың ұрпағын менсінбей, тастап кетті де, басқа ұлттан əйел алды. Бірақ кейін Абайды танытып, кітап жазған соң біздің үлкендер де кешіріп, қайтадан жақсы араласып кетті.
Қауаш Əлімқұлқызы ертекші Баймағамбеттің немересі Мұхлеске тұрмысқа шыққан. Ал Баймағамбет Абайдың досы, «сырсандығы». Сонда қараңыз, Абайдың ұлы –Ақылбай, оның баласы – Əлімқұл, Əлімқұлдың қызы – Қауаш. Абайдың досы – ертекші Баймағамбет, оның ұлы – Салих. Салихтың ұлы – Мұхлес. Солайша, Абай мен Баймағамбеттің ұрпақтары үш атадан кейін шаңырақ көтереді. Мұхлес Салихұлы соғыста болып, Отан соғысының I дəрежелі орденімен, бірнеше медальмен марапатталған. Соғыстан оралғаннан кейін өмірінің соңына дейін ағарту саласында қызмет еткен. Қай жерде жүрсе де оқу-ағарту ісіндегі қызметкерлерге қамқорлық жасап жүреді екен.
Соның бірі – батыр Қасым Қайсеновке көмектескені. Ол туралы жазушы Ахат Жақсыбаевтың Қасым Қайсенов жайында жазған «Қайтпас қайсар» кітабында баяндалады. Қасым Қайсенов 1938 жылы саяси-ағарту техникумын бітіріп, еңбек жолын Павлодардан бастайды.
«…Павлодарда облыстық оқу бөліміне инспектор болып қызметке тұрдым. Жиырмаға жаңа толған жас жігітпін. Оқу бөлімін Маршинин деген орыс басқарады. Орынбасары Мұхлес Баймағамбетов деген аса сабырлы, мейірімді, іскер адам болды, жақсылығын көп көрдім. 1939 жылы фин соғысы басталып, мені əскерге алғанда сол кісі қолыма қаражат берді. Қиын-қыстау кезеңде адамшылық, азаматтық қолұшын берген қамқор ағаны қалай ұмытарсың…».
Осы естеліктен-ақ ертекші Баймағамбеттің ұрпағын тани аламыз.
Лəйлə апайдың Тели есімді əпкесі бар. Жасы 74-те. Өмір бойы тауартану маманы болып қызмет істеген. Қазір №4 Астана қалалық емханасы жанындағы зейнеткерлерге арналған «Алтын жылдар» клубының төрайымы. Өте белсенді өмір сүреді. Тіпті, елімізде өткен EXPO-2017 көрмесінде екі ай ерікті болып жұмыс істеп, ең жасы үлкен ерікті атанды.
Жібекті таңдаған Ғазел
– Мағауияның Жағыпар есімді ұлы болған. Оның қыздары Ишағы мен Ғазел апайларымды таптым. Өмірлерінің соңына дейін жақсы араласып, жерлеуіне қатыстым. Ғазел апайым көп жыл «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді. Бір жолы үйіне барғанымда əдемі қыздардың фотолары бар конвертті көрдім. Семейлік қыздардың суреттері екен. Барлығы «Қыз Жібек» фильміне Жібектің рөлін сомдағысы келіп фотоларын жіберіпті. Ғазел апайым Меруерт Өтекешованы Алматыда таңдаған. Көре сала «басты рөлге осы қызды бекітеміз» депті. Түсірілімдерде Меруертке: «Сен қорықпа. Сен əдемісің. Жібек деп тексені елестетемін», – деп айтып жүреді. Меруерт оны «мама Галя» деп атап кеткен. Ғазел апайыммен өте жылы қарым-қатынаста болды. Апайым қайтыс болғанда жылап келді. Қырқында да, жылында да болды.
Лəйлə апай ұлы ақынның ұрпағы жалғаспай қала ма деп уайымдайтынын да айтты.
– Ұрпақ жалғаушы ұл баласы ғой. Қазір атамыздың Ақылбай баласынан екі ұл бар болуы керек. Ақылбайдың баласы – Əлімқұл, оның Бағфур деген ұлы болған. Бағфурдан Эрнесто, Бауэр жəне Айдар деген үш ұл тарайды. Эрнестоның Айдос деген баласы бар деседі. Əскерге алынып, сонан соң орыс ұлтынан қыз алған дейді. Қайбір жылдары «Алматыда тұрып жатыр, қыздары бар» деп естігенбіз. Бірақ араласпадық. Айдардан Данияр есімді ұл бар. Оның өзі Ресейде білім алып, Наталья деген қызға үйленген. Үш қызы бар.
Он ұрпақтан екеуі аман қалған
Соғыс жылдарында Отан үшін от кешкендер қатарында Абай ұрпақтары да құрметпен аталады. Абайдың он немере-шөбересі соғысқа аттанып, тек екеуі аман оралады. Олар – Алпаш Абаев пен Ишағы Жағыпарқызы. Ал Берекехан, Жошыхан, Рəпила Мағауиндер, Əлихан мен Қапсалям Ақылбаевтар, Құзаир, Қалышер Мекайылұлдары, Тоқташ Ізкайылұлы соғыста ерлікпен шайқасып, қаза болады.
Ишағы Жағыпарқызы – Абайдың кіші баласы Мағауияның немересі. Лəйлə апай оның өмірі туралы айтып берді.
– Ишағы апайымыз қазіргі Абай ауданында туғанымен, кейін балалар үйінде тəрбиеленеді, ары қарай мектеп-интернатта оқиды. 1934 жылы əкесі 36 жасында дүниеден өткен соң Ақылбай атамыздың Шəбап деген немересі оларды көшіріп алуға келеді. Шешесін алады. Ол кезде апайларым Новошульба ауданы, Уба-Форпоста тұрған. Тұрмыстары жақсы, мал бар, үйі де жақсы, сыйлы болып тұрған. Ишағы апайым: «Шəбап ағамыздың мінезі қиын болды. Бауырларымызға маза бермеді. Ғазел мен Жошыхан қашып, Алматыдағы Уəсиланың (Мағауияның қызы) қолына барды. Ал мені Құтайбайдың баласы Берекешпен бірге Семейдегі балалар үйіне тастап кетті», – деп айтатын. Сонда менің əкем Мұхлес Баймағамбетов Облыстық білім беру бөлімінде істейтін. Соған «мен балалар үйіне бармаймын» деп жылап барыпты. Əкем апайымды балалар үйінен алып, №11 мектеп-интернатқа орналастырды.
Ишағы Жағыпарқызы Семейдегі мектеп-интернаттың 9-сыныбында оқып жүргенде бір топ қыздар болып соғысқа қатысу туралы арыз жазады. Мектептегі барлық ер балалар соғысқа аттаныпты. Ел басына күн туған шақта алаңсыз сабақ оқып жүре алмаса керек. Ол əуе əскери полкінде қызмет етіп, ұшақтарды жөндейді, ұшақтан атып үйренеді, парашютпен секіріп, авиация технигі болып, Харбин маңында майданға қатысады. Өзі талдырмаш қыз болыпты. Парашютпен секірерде командирі əзілдеп: «Сенің беліңе тас байлап секіртпесек, мына салмағыңмен жерге қона алмай ауа кеңістігінде қалқып қалып қоярсың», – депті. Жеңіс туы көтеріліп, фашистер тас-талқан болып жеңілгенде де қыздарды үйіне жібермейді. Сөйтсе, жапон соғысы басталып кеткен екен. Əскери ұшақтарға зіл-батпан бомбаларды тиеу, қираған ұшақтарды қайта жабдықтау, жараланған ұшқыштарды ұшақтан түсіру секілді машақаты мол жұмыстарды атқарады. Соғыстан келген соң Алматыда тұратын Уəсила апасының үйіне тоқтайды. Мұхтар Əуезовтен көп жақсылық көреді. Жазушының жəрдемімен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтына түседі. Алайда ол жерден шығып, басқа институтқа сырттай оқуға ауысыпты. Өйткені, Уəсила апасы жұмыс істемейді. Ғазел сіңлісі интернатта. Тиын керек, тамақ керек. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де қамқорлығын көреді. «Абайдың сілемі» деп атап, сол жылдары ай сайын 20 мың теңгеден стипендия беріп тұрған екен.
Ишағы Жағыпарқызының Абайдың немерелері Рахила, Мəкен Тұрағұлқыздарымен аралары жақсы болмапты. Олар Ишағы апайды қызғанады екен. Оның себебі Ишағы апай 1986 жылдан өмірден озғанша өз зейнета-қысынан бөлек, атасының атынан жəрдемақы алып отырған. Ал Абайдың Əйгерімнен туған балалары ол жəрдемақыға ілінбей қалған. Негізінен Абай ұрпақтарының бір-бірімен аралас-құраластығы жақын емес. Оған орысша білім алып, қуғын-сүргін көріп, ортада байланыстың үзілуі немесе Абайдың ұрпағы екенін айтуға қорыққан заманда бір-біріне қарауға шамасының болмауы себеп болуы мүмкін. Осындайда Лев Толстойдың ұрпақтары ойға оралады. 2000 жылы Ясная Полянада Толстой ұрпақтарының халықаралық жиыны өтеді. Содан бері жиын əр екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Қазір жазушының 350 ұрпағы əлемнің əр түкпірінде өмір сүреді. Олардың бірі журналист, фотограф, мал дəрігері, енді бірі Ресей Федерациясы Президентінің кеңесшісі. 2016 жылғы жиында Ресейден, Еуропадан, АҚШ пен Латын Америкасынан Толстойдың 87 ұрпағы бас қосқан екен. Бір-бірінен алшақ кетсе де, барлығы бірдей орыс тілінде сөйлей алмаса да, əр жиында олар ортақ тіл табысып кетеді. Өздерінің шығу тегіне қатысты аса маңызды мəліметке қанығады.
Уәсила Мағауияқызы
Қазір Данияр ғана – Абайдың көзі тірі ұрпағы. Лəйлə апайдың айтуынша, Даниярдың туыстыққа аса жұғымы жоқ көрінеді. Ишағы Жағыпарқызының інісі Жошыхан жастайынан өлеңге құмар болып өседі. 12 жасынан бастап өлең шығарып, ақын атана бастайды. 1942 жылы соғысқа аттанып, 19 жасында Харьковты азат ету үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Майдан шебінен қарындасы Ғазелге өлең арнап, хат жіберіп тұрыпты. Бір хатында «Альбомға» деген тақырыппен мынадай өлең жолдайды:
«Қарындасым, сүйенішім, тірегім,
Мен дегенде өзгеше еді-ау жүрегің.
Ағатайың алыс кетсе қасыңнан,
Жалғызсырап жабығарсың, білемін.
Хош, бауырым, көріскенше күн жақсы,
Сен байқама көзден тамған бір жасты.
Альбомыңды ашқан кезде əрқашан,
Осы бетті көкірегіңе бір басшы!»
Жошыханның біраз өлеңдері бауырларының арқасында «Жыр-аманат» жинағына енгізіледі. Біразы Семейдегі Абайдың мемориалды музейінетапсырылған.
Айдар Бағфурұлы
Қиын заманда көрген құқай
Абай ұрпақтары «байдың баласы» деген желеумен сонау 1922 жылдан қуғын-сүргінге ұшырайды. Сол жылдардың саяси науқанында Абайдың 1876 жылы Əйгерімнен туған ұлы Тұрағұл абақтыға жабылып, төрт айдай қамауда болады. Өзі орысша-арабшаға сауатты. Түрмеден босатылған соң Ақшоқыда жатып, аудармамен айналысады. М.Горькийдің «Черкаш» əңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1924 жылғы «Таң» журналына бастырған. А.Невровтың «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Балалық туралы əңгіме» сынды шығармаларын да қазақ тіліне аударған. 1927 жылы Тұрағұл қайта қамауға алынып, бір жыл түрмеде жатады. Шыққан соң бар дүние-мүлкі кəмпескеленіп, өзін Шымкентке жер аудартады. Тұрағұл Абайұлы 1934 жылы 59 жасында қайтыс болып, Шымкенттегі мұсылмандар зиратына жерленеді. Кейін зираттың үстіне зауыт салынып, Тұрағұлдың сүйегін алатын жанашыр табылмай, зауыт астында қалып қойған. Тұрағұлдың інісі Мекайыл да арабша, орысша білетін, домбыра тартып, əн салған сері кісі болған. Əкесі туралы естеліктерді ел ішіне кеңінен насихаттады. Мұхтар Əуезов те Мекайылдан Абай туралы көп естелік естиді. 1931 жылы бай баласы деп, Мекайылды Семейдегі Полковничный аралында атып тастайды. Сол жылдары Құнанбаев болып жазылған Абайдың немерелерінің бəріқуғынға ұшырап, көбі Қарақалпақ, Өзбекстан елін паналаған. Тұрағұлдың ұлы Жебірейіл де қашып жүріп, небəрі 28 жасында Ташкентте сүзектен қайтыс болады. Өзі қыз біткеннің жүрегін жаулаған көркем жігіт болған деседі. Ақындығы, əншілігі, серілігі де бар. Мұхтар Əуезовпен дос болады. Дүниеден өткенде Мұхтар Əуезов арулап жерлейді.
Данияр Айдарұлы
Соғыс жылдарында да ұлы ақынның ұрпақтары өздерінің кімнен тарағанын ашық айтуға қаймыққан. Соның бір дəлелі, Абайдың шөбересі Жошыхан 18 жасында майдан шебіне алынып, соғысқа аттанарда қарындасы Ғазелді құшақтап тұрып: «Айналайын, Абайдың ұрпағы екенің туралы лəм-мим деп аузыңды ашушы болма. Қудалап интернаттан шығарады, далада қаңғып өлесің», – деп айтып кеткен. Абайдың ұрпағы əзірге Даниярмен тоқтап тұр. Ақтауда тұрады. Бір жолы Семейге барғанында ауыл ақсақалдары ортаға алып: «Келінге айт, халықтың ұлы тұлғасынан қазаққа ұл керек», – деп қоймайды. Ақсақалдардың сөзін құптаған болып, үйіне қайтады да, содан қайтып Семей жаққа аяқ баспай қояды. Үлкен кісінің ұрпағы болудың ауыртпалығын, жауапкершілігін осындайда түсінеді екенсің.
Таңшолпан ТӨЛЕГЕН
«Ұлан» газеті, №37
12 қыркүйек 2017 жыл
Достарыңызбен бөлісу: |