ҚАЗАҚ жыраулардың дүниетанымы (ХV-ХVІІІ ҒАСЫРЛАР)
XV-XVIII ғғ аралығында өмір сүрген жыраулар қазақ қоғамының қалыптасу кезеңі мен оның даму сатысындағы бай рухани мұра қалдырды, олар өздерінің жырларында қоғамдық өмірдің әлеуметтік саяси жағдайы мен халықтың ой-санасын бейнеледі. Жыраулар адам өмірінің мәні неде, өмір мен өлім мәселесі, адам мен дүние арақатынасының сырын ашу туралы сұрақтарға жауап іздеді. Сол уақыттағы ішкі және сыртқы саяси жағдайының шиленісуі жыраулардың дүниетанымына үлкен әсірін тигізді. Олардың көзқарастарында жалпы адамзаттық ойға ортақ белгілермен қатар өзіне тән ұлттық ерекшелігі болды. Сонымен қатар, жыраулардың дүниетанымдағы өзіндік ерекшеліктерінің бірі аз сөзге көп мағына беру, көркем нақты сөздермен құралған. Екінші жағынан, үлкенді сыйлау, достық, кішіпейіл болу, инабаттылық, адамгершілік және т.б. категориялардан тұратын адамгергішілік туралы ойлары. Бұл көзқарастар діни-философиялық сарында көрінді.
Меңдібай Әбілұлы жыраулар поэзиясы (ХV-ХVІІІ ғасырлар) туралы былай деп жазады: «Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілдері Махмұт Қашғар, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Жүйнектердің шығармалары түркі халықтарының әдеби мұрасына айналды. Әрине, осындай әдебиетші-ғұламалардың поэзиялық шығармалары қазақ жыраулық поэзиясының өкілдеріне әсер етпей қойған жоқ. Асан қайғы жырау мен Сыпыра жырау, Қотан жырау, Шадкиіз жырау мен Бұқар жыраулар өздерінің поэзиялық шығармаларында діни дәстүрді қалыптастырды. Бірақ кешегі Кеңес заманында жыраулық поэзия өкілдерінің шығармаларындағы діни ағым жөнінде ғылыми тұрғыдан пікір өрбітуге кеңестік идеология кедергі келтірді...» \1, 2 б\.
Осы ХV-ХVІІІ ғасырларды қамтитын қазақ хандығы дәуірі әдебиетіндегі жыраулар поэзиясындағы діни-философиялық сарынның пайда болуы заңды құбылыс еді. Араб шапқыншылығының нәтижесінде көне түркі жазуы ұмыт болды. Енді түркілер, соның ішінде қазақтар енді білімін, жазу-сызуын араб таңбасына ауыстырды.
Ислам дәуірі әдебиетінің өкілдері тарапынан шығарылған әдеби-мәдени еңбектер қазақ даласына ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп келген еді. Сондықтан Ахмет Ясауи, Ахмет Жүйнеки, Жүсіп Баласағұн шығармалары қазақ жыраулары мен ақындарының нәр алатын бұлағы болды, ал Асан жырау, Шалкиіз жырау, Бұқар, Шал ақындардың поэзиясында діни-философиялық сарынның орын алуы әдеби дәстүр жалғастығынан туындаған фактор екенін атап айтуға тиіспіз.
Асан жырау туралы М.Мағауин: «Кейінгі ұрпақ әулие танып, аңыз кейіпкерлеріне айналдырған, ал Шоқан Уәлиханов «көшпенділер философы» атаған Асан Қайғы өз заманының үлкен ойшылы еді...»-деп жазды \2, 8 б\.
Шалкиіз жыраудың шығармашылығы жайлы М.Мағауин: «...Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – түз тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады...» -деп жазды. Сонымен бірге Бұқар жырау туралы: «...Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы қазақ хандығының бас идеологы болады...»-деп жазды \2, 9 б\.
Ал Шал ақынның діни бағыттағы шығармашылығын ой елегінен өткізген М.Мағауин: «...Шал ақынның (1748-1818) біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырыптық жағынан алғанда біршама бай. Бұлар: дін, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайы сөз етілетін философиялық-дидактикалық үлгідегі туындылар...» \2,10 б.\ -деп атап көрсетуінде үлкен маңыз бар.
Асан жыраудың :
...Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы,қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан,
Қарағай басын шалмай ма,
Мұны неге білмейсің?...» \2, 24 б\ -деуінде үлкен діни-философиялық мән жатыр.
Жыраулардың хан ордасына жүріп мемлекет басқару ісіне тығыз араласқан, хандар мен батырларға, бүкіл халыққа ақыл өсиет айқанын, болашақты болжағанын хандар мен ерлікпен аты шыққа батырлардың, қолбасшылардың ерліктерін мадақтағаны әрқайсысымызға мәлім. Осы туралы филология ғылымының кандидаты М.Әбілұлы мынадай ғылыми-танымдық тұжырымдар жасайды: «Асан әулиенің Жерұйықты іздегені, өз халқына деген махаббаты да осы орта ғасырлардағы діни-танымдық идеологияның жемісі екенін атап айтуымыз қажет. Асан заманында ХV-ХVІІ ғасырларда мұсылманшылық идеологияның пәрменділігі сонша, қазақ жерін мекендеген тайпалар көкті, күнді, отты құдай тұтып, табиғаттың әр алуан құбылыстарына (жер сілкіну, өрт, тасқын, дауыл, т.б.) сиынып келсе де, мұсылманшылық дәстүрлер халық санасына орнықты. Хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың жыраулар өсиеті мен кеңестеріне бас июі осының айғағы. Хандардың жырауларды кеңесші, ақылшы етіп алуы да осы пікірімізді дәлелдейді.
Жыраулардың толғаулары мен жырларында адамгершілік, ізгілік, адалдық, жалпы мұсылман қауымының дүние-танымы, сенім-түйсігі орнықты. Асан-жырау да өзінің толғауларына осы философиялық ой-пікірлерін арқау етті.
Асан әулиенің:
«...Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қәйтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қәйтіп күн көрер?!»-деп келетін бір ғана шумақ жырынан бүкіл табиғат, адам өмірі туралы терең пәлсапалық толғанысты көреміз (Мұхамедрахым Жармұхамедұлы). Ал, табиғат пен адам өмірін қорғау- Ислам дінінің басты мақсаты...» \3, 2 б\
Шалкиіз ислам дінін ұстаған жыраулардың бірі. Ол:
«...Тәңірінің үйі Кебені,
Ибраһим Халил Алла жасапты,
Ғазырейіл-жан алмаға қасапты,
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!...»- деп жырлайды.
\2, 41-42 б\.
Шалкиіз құдайдың шын парызы-қарауындағы халыққа рахымды, әділет өмір жүргізу деп санайды.
Белгілі ғалым-жазушы Меңдібай Әбілұлы «Шалкиіз жырау жырларындағы діни-танымдық сарындар» атты ғылыми мақаласында: «Жырау «тәңіріні үйі Кебе» -деп Қағбаны айтып тұр. Қағба Алла тағаланың жер бетіндегі алғашқы үйі. Әйгілі Қағба әл-Масхид әл-Хәрәмнің дәл ортасында орналасқан.
Әрбір мұсылманның төртінші парызы –Қажыға бару болса ол Меккеге баруы шарт. Исламның ең қасиетті орны Қағба-шағын үй, төрт бұрышты тас ғимарат. әл-Қағбаның төрт бұрышы төрт жақты көрсетеді.
...Ислам дінін құрметтеп, адамгершілік пен имандылыққа ұйытылған адамның көңілі әрқашан нұрланып жүреді. Адам баласы Алланы білуі және оған шын көңілмен сенуі қажет...
...Қазақ жыраулар поэзиясының атасы Шалкиіз Тіленшіұлының діни көзқарастарында ғылыми тұрғыдан пікір өрбіту, оның діни бағыттағы шығармаларын жинап, зерттеу, біздің әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ізгі ниетті парызы болмақ...» \1, 2б\
Бұқар жыраудың мына өлеңінің тәрбиелік мәні бар:
«...Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес,
Берем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес,
Қазулы жолдар көмілмес,
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдердің де кімнің дейсің белі бүгілмес...» \2, 97 б\ .
Шал ақын адам өмірінің көзді ашып-жұмғанындай тез өтетіндігін айта келе, өмірді бағалай білу керек деп, жастарға өсиет қалдырды:
Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе бәйтерегінің сынғандай-ақ,
Жігіттер, жас уақытты бос өткізбе,
Тағдыр деген көзді ашып-жұмғандай-ақ \2, 85 б\ .
Жыраулар қазақ рухани мәдениет даму саласында өшпес із қалдырды. Өздері өмір сүрген заманның әлеуметтік-саяси жағдайын көрсете отырып, сол қоғамның ой-санасын, тұрмыс-жағдайын, әдеп-ғұрыптарын жеткізе білді.
Әдебиеттер тізімі
1. Меңдібай Әбілұлы, «Шалкиіз жырау жырларындағы діни-танымдық сарындар», Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті, №31, 17-шілде, 2004.
2. М.Мағауин, « Бес ғасыр белестері», кітапта: «Ай, заман-ай, заман-ай...», Алматы, Қазақ ССР баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті Бас редакциясы, 1991, 9 бет
3. Меңдібай Әбілұлы, « Асан қайғының діни көзқарастары», республикалық
«Аймақ» газеті, 13-шілде, 2005.
Достарыңызбен бөлісу: |