Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
Министерство образования и науки Республики Казахстан
Манаш Қозыбаев атындағы
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
Северо-Казахстанский государственный университет
им. М.Козыбаева
Қазақ жырының Қадыры
/Ұсынылатын библиографиялық көрсеткіш
Қадыр Мырза Әли-75 жыл/
Петропавл , 2010
Оқырмандарға
Ұсынылып отырған көрсеткіш Қазақстан Республикасы Халық жазушысы, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әли - 75 жас толуына арналған.
Мағлұмат алфавиттік тәртіппен орналасқан.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы ең соңғы шыққан басылымдар енгізілген. СҚМУ ғылыми кітапханасы қорында бар.
Көмекші құрал ұстаздарға, студенттерге және қалың оқырман қауымға арналған.
Қадыр Мырза Әли
(1935 жылы туған)
Той болып кел, келешек, ұлан асыр!
Қалдырайын жазып мен Далама сыр.
Зәлім ғасыр,
Бәріне мәлім ғасыр,
Саған тартып тумасын жаңа ғасыр!-
Мырза Әли Қ.
Қазақстан Республикасы Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әли 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Сырым (Жымпиты) ауданында туды. 1958 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіргеннен кейін, ғылыми кеңестің шешімімен оны аспирантурада оқуға қалдырады. Алайда поэзияны пір тұтқан жас ақын жаңа ашылған «Балдырған» журналына қызметке орналасады. Содан арада төрт жыл өткенде республикалық әдеби журнал «Жұлдызға» ауысып, онда білім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Сол уақыттан бері осынау көрнекті журналдың тұрақты редколлегия мүшесі. 1968-1973 жылдар аралығында ол «Жазушы» баспасында қазақ поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан кейін Қазақстан Жазушылар Одағында поэзия секциясының кеңесшісі болады.
Қадыр Мырза Әли - еліміздегі аты мәшһүр жыр дүлділерінің бірі. Оның бірінші туындысы 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. Ал әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асты. Олардың көбі халыққа кең тарады, «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты.
Баспа бетінде Қадыр шығармалары туралы айтылған пікірлер өте көп. Қадыр Мырза Әли - қазіргі қазақ әдебиетінің майталман шебері, классигі. Мәселен, ақынның шығармашылығы жөнінде академик С.Қирабаев: «Туған жер туралы толғанысты оның тарихы, салт-дәстүрі, халықтың жақсы мінездері жайлы ойлармен ұштастыруда. Қ.Мырзалиевтің ізденістері өте бағалы. «Ой орманы», «Дала дидары» кітаптары қазақ тағдыры жайлы ақынды тебіренткен ойлардың біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің мән-мақсатын сезінуге бастайтынын көреміз. Ол шындыққа, құбылыстың сырына, дала тарихына ой көзімен қарауға үйретеді-десе, академик З.Қабдолов: «Енді тұрысына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте беріп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан, шын Қадыр Мырзалиев,» - деп оның өлеңдерін, поэмаларын аса жоғары бағалады.
Қ.Мырза Әли ең алғаш өзінің шығармашылық жолын балаларға арнап өлеңдер жазудан бастаған ақын. Ал балаларға арнап шығарма жазудың өзіндік ерекшелігі, көптеген қиындықтары бар. Балаларға арнап шығарма жазу үшін автордың балалардың мінез-құлқын, психологиясын, қабылдау дәрежесін жете білуі аса қажет. Қ. Мырза Әли балалардың психологиясын, мінез-құлқын, жазумен айналысқан педагог жазушы екенін танытты. Оның «Көктем» (1959), «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене Қожанасырлар» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964), «Шымыр жанғақ» (1984) сияқты кітаптары өзінің идеялық көркемдік сапасының шымырлығымен қазақ балалар әдебиетінің алтын қорына қосылған туындылар. Ақынның өлеңдері баланың ұғымына жеңіл оқуына оңай. Бәрі де бала жүрегін жаулап алатын, олардың жан-дүниесін тербетер, әдемі, көрікті. Өмірге келген әр жасөспірімнің білім қорын байытып, өмірлік сабақ алуына ұйымды түрде тікелей жәрдемдесетін еңбектер. Көркем өнерінің аса маңызды саласы балалар әдебиетінің өсіп-өркендеуіне Қадыр ақынның сіңірген еңбегін республика жұртшылығы лайықты түрде бағалаумен келеді. Оған дәлел: оның балаларға арналған көптеген кітаптарының қайта-қайта, жеткіншектердің күнбе-күн қолдан тастамайтын рухани игілігіне айналуы.
ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бергі жарты ғасырға жуық ақын шығармалары ересек оқырмандарға айналды. 1965 жылы жарық көрген «Ой орманы» атты өлеңдер жинағындағы мазмұны терең, көркемдік дәрежесі биік өлеңдермен-ақ ақын қалың оқырманның жылы ықыласына бөленіп, бірден әдеби қауымға жете таныла бастады. Оған дәлел - 1966 жылы «Ой орманы» өлеңдер жинағы үшін ақынға Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының берілуі.
Одан кейінгі жылдары ол өндіре жазып, көптеген өлең кітаптарын бастырды. «Дала дидары» (1966), «Бұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1975), «Алақан» (1977), «Қорамсақ» (1980), «Көкпар» (1981),
«Күндер-ай» (1984), «Күміс қоңырау» (1985), «Қызыл кітап» (1986), «Қылыш пен қанжар» (19991), «Мәңгі майдан» (1992), «Заман-ай» (1997), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001) т.б.
2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан Қадыр ақынның таңдамалы туындыларының 12 томы жарық көрді. Сан жағынан да, сапа жағынан да осыншама мол әдеби мұрамен жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің байлығын молайта түскен ақын халықтың рухани мәдениетінің байып, биіктей беруіне орасан зор еңбек сіңірді. Оның шығармаларының тақырыптары да әр алуан. Алайда өлеңін қай тақырыпқа арнаса да, Қадыр ақын негізгі нысанасы, адамда, оның еңбегін, дәстүрін, тұтастай тұлғасын танытуға ұмтылады. Адамды жырлауда Қадыр ақынның да өзіндік ерекшелігі, өзіндік мәнері, көркемдік қолтаңбасы айқын көзге шалынады. Мәселен, адамның жан дүниесінің алуан-алуан сырлары бар екенін, адам өмірінің күрделігін ақынның өзінше жыр өрнегіне түсіруге талпынуын көреміз.
Қадыр ақын үнемі адам бойынан ізгілікті, жақсылықты жарқын сипаттарды іздеп табуға ұмтылады. Адам басындағы сол ұнамды қасиеттерді биік шабытпен жырлайды. Оның өлеңдерінен ақынның адамға деген шынайы сүйіспеншілігі, махаббаты жарқырап көзге түсіп отырады.
Еңбек - адамдарды, халықты өсіретін, алдына қойған арман - мұратына жеткізетін құдірет күш екенін Қадыр ақын шығармашылығында жеткізе айтқан. «Оянған өлке» атты өлеңінде ол келіп, еңбек арқылы жеткен ұлан-ғайыр тарихи табыстарын көркемдік бейнеге түсірген.
Адамды ардақтап, көкке көтере жырлаумен қатар, Қадыр ақын оның бойында бар кемшіліктерді де көре біледі. Адамдарда жиі-жиі ұшырайтын ашқарақтықты, тойымсыздықты, қанағатсыздықты, ақша қуып байлықты арман ететін дүниеқорлықты ақын өткір жыр тәсілімен түйреп отырады.
Қадыр Мырза Әли - негізінде ұлттық ақын. Ұлттық ақын болғанда қазақ халқының ақыны. Оның туған халқының арғы-бергі өмірі, тіршілігі, туралы жазған өлеңдері өте көп. Сол өлеңдердің барлығын жинақтап айтсақ, қазақ халқы өмірінің көркемдік шежіресі, әдебиеттегі образды тарихы деуге де болады. «Бабамыздың шоқ басқан табанымен» атты ел аузында жатталып кеткен атақты өлеңінде ол қазақ халқының ғасырлар психологиясын, экономикалық, әлеуметтік, саяси бейнесін тарихи шындыққа сай үлкен көркемдік шеберлікпен суреттеп береді.
Өз елін, халқын өлшеусіз махаббатпен, жан-тәнімен, жалынды жүрегімен беріле сүюдің үлгі - өнегесін де
Қадыр Мырза Әли өлеңдерінен танимыз. Ақынның бірсыпыра өлеңдерінде жер бетіндегі адамзаттың халыққа апат әкелетін қырғын соғысқа қарсылығы, бейбітшілік үшін қажырлы күресі суреттелген. Ол арғы-бергі тарихтағы Шыңғысхан, Бату, Напалеон, Гитлер, Муссолини сияқты басқыншы қолбасшылардың қолымен, жасалған жауыздық ізін жырға қосады, айуандықты айыптайды.
Әсіресе, Қадыр Мырза Әли өлеңдерінде 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңдегі кеңес адамдарының қаһармандығы, тап болған алапат қиындықтарға төтеп берген төзімділігі, ғажайып жігер-күш танытуы айқын да көркем бейнелермен берілген. Бұл өлеңдерден Қадыр ақынның өзі қатар тұрғылыстарына әріптестеріне ұқсамайтын, өзіндік мәнері, тапқырлығы байқалады.
Қадыр Мырза Әли - достық атты адамдар бойындағы ең бір асыл қадыр- қасиеттің жыршысы. Оның «Миым менің қажығанда», «Досым болсаң!», «Айтқан бойда еретін», «Танып ниет теңіз», «Жолдас үшін үй жақын» т.б сияқты өлеңдерінде адамдар арасындағы достық сезімінің алуан-алуан әдемі суреттері бар. Адам бойындағы достық атты қасиетті, киелі сезімді жырлағанда Қадыр бұрын-соңды қазақ поэзиясында ұшырайтын көптеген көркемдік бояуларды қайталамайды. Ол тың поэтикалық өрнектерді табуға ұмтылады. Бұл адамдардың арасындағы шынайы достықты жырлау үстінде ақын тапқан қазіргі қазақ поэзиясындағы жаңа көркемдік - бейнелеу құралдары, тың да мәнді-мазмұнды поэтикалық өрнектер.
Жеке адамдар арасындағы достық туралы өлеңдермен қатар, Қадыр ақын халықтар арасындағы қасиетті, қадірлі достыққа да өзінің көп өлеңдерін арнаған («Орыс досыма», «Цыган жыры», «Өзбек», «Қырғыз құшағында», «Тәжік топырағында», «Түркімен түрінде»).
Бұл өлеңдерде ақынның қазақтардың достыққа дегенде аса қабілетті, өте берік, ешқашан айнымайтын ақжүрек адалдығын жақсы суреттеген. Жеке адамдарға арнап өлең жазу - қазақ поэзиясында ежелден үзілмей келе жатқан дәстүр. Махамбет, Абай шығармаларында кемелденіп, еңсесі биіктей түскен бұл көркемдік үрдістің жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясында жалғаса түскені де баршаға аян. Сол дәстүрді ілгерілете түскен ақындардың бірі - Қадыр Мырза Әли. Туған еліне өлшеусіз еңбек сіңірген, өнерпаздарына, ақындарына арнаған Қадыр ақынның өлеңдері аз емес «Абылай», «Қабанбай асында туған ой», «Сырым Датұлы», «Амангелді», «Мәншүк» сияқты шығармаларында ол арғы-бергі қаһармандардың ерлік бейнесін шабытты жыр өрнектерімен сомдайды.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыптары Абайға («Күні келген кемеңгер»), Шоқанға(«Шоқан»), Ыбырайға(«Ыбырай»), ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің классиктері Ахметке («Ахмет Байтұрсынұлы»), Мұқтарға( «Мұқтар Әуезов»), Ғабитке («Қара шал») арнаған Қадыр ақынның өлеңдері қазақ поэзиясындағы арнау өлеңдерінің жақсы үлгілерінің қатарын толықтыра түседі. Ақын бұл шығармаларымен де ұлттық поэзияға тың серпін жаңа үн, соны көркемдік бояулар әкелді.
Қазақ әдебиетінің өркендеп өскен бір саласы - табиғат лирикасын молықтыруға да Қадыр ақын едәуір еңбек сіңірді. Оның Жаз(« Жаңбырлы жаз»), қыс («Қыс қамын ерте баста жабыла ойлап»), («Көк тоғай») т.б. жырлары туған елінің табиғатын үлкен ақындық шеберлікпен суреттеген туындылар. Ақынның табиғат жырлары - оқырманның эстетикалық сезімін байыптайтын, туған жердің табиғатына деген сүйіспеншілікті арттыра түсетін еңбектер.
Ақынның табиғат туралы барлық жырларында да оның туған жерге, ел жұртына деген сүйіспеншілігі, перзенттік сезімі көрінеді.
Әдебиеттің барлық өкілі жабыла жырлаған махаббатты да шарлап өткен шиырлардан бойын аулақ ұстап, өзінше тың пікірлер айтуға, қасиетті сиқырлы сезімінің жаңа бір қырларын ашпақ болған талпынысы да табыссыз емес. «Махаббат - ғашықтың пернесі» атты цикл өлеңдерін жазды.
Қадыр Мырза Әли өлеңді көп жазған ақын. Қадыр ақын - өзіне дейінгі аса ірі ақындардай, сөздері мірдің оғындай жыр дүлділі. Оның жоғарыда айтылғандай, көп шығармалардың ішінде қанатты сөздер, афоризмдері де жиі ұшырайды. Қадыр Мырза Әли - ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының жан -жақты өсіп, өркендеуіне, кемелденуіне зор еңбек сіңірген үлкен ақын. Оның өлеңдері ешқашан, Абай айтқандай, бөтен сөзбен былғанған емес. Қайта ол «қиыннан қиысып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін айналасы теп -тегіс, жұмыр» боп келеді. Сондықтан да, оның лирикасын қалың оқырман әр уақытта сүйіп оқиды. Ол сөз өнерін еркін меңгерген, халықтың ең етене жақын рухани серігіне айналған көркем сөздің зергері.
Қадыр Мырза Әли - эпик ақын. Ол ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өсіп жетілуіне көп еңбек сіңірді. Оның поэмаларының көбі лирика - публицистикалық сипатта жазылған.
Поэманың бұл түрлерінің арғы тегі қазақтың ежелгі жыр, толғауларымен тығыз тамырлас екені мәлім. Жиырмасыншы ғасырда қазақтың лирика-публицистикалық поэмасы қатты дамыды. С.Торайғыровтың «Адасқан өмірі», «Кедей»,
І. Жансүгіровтің «Дала», Ж.Молдағалиевтің
«Мен - қазақпын» сияқты лирика - публицистикалық поэманың классикалық түрлері туды. Сол әдебиет алыптарының жасап кеткен ізгі дәстүрін жалғастырып, поэманың осы саласына жаңа өрнек, тың сарын әкелген қазақ ақындарының бірі - Қадыр Мырза Әли. Ол эпикалық кең құлашпен, терең лирикалық тебіреніспен берілген толғау-сырлар арқылы туған елі - Қазақстанның, тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің бет- бейнесін таныта білді.
Ақынның поэмаларында да соны идеялық кең серпін жаңа көркемдік бояулар молынан ұшырайды. Мәселен, оның «Қызыл кітап» (1986) поэмасы - ой толғамы ауқымды, Бүкіл адамзатты ойландырар пікір - тұжырымға бай философиялық туынды. Ақын «Заман-ай» поэмасында (1997) Қазақстанның Кеңес өкіметі жылдарындағы тарихына бүгінгі биіктен жаңаша көзқараспен қарап, шамырқана толғанады. 70 жыл ішінде қазақ халқы бастан кешкен адам небір қиындықтарды нақты көркемдік ойлармен жинақтап, әсерлі бейнелеген. Қадыр Мырза Әли поэмасында 1917-1991 жылдар арасындағы Кеңес Одағындағы халық қасіретінің әрі нақты, әрі жинақталған көркем бейнесі бар. «Заман-ай», «Бес жыл өткен соң» поэмалары - қазақ халқының ХХ ғасырдағы көркемдік тарихын оқырман санасына толық жеткізетін көрнекті эпикалық туындылар.
Ал «Ақырзаман», «Көкейтесті», «Ғадуат ғасыры» сияқты ақындық терең тебіреніспен, шалқыған жүрек жалынымен жазылған поэмалары таңдамалы туындыларының көптомдығының 9 томында (2001) жарық көрді. Бұл поэмаларда ол халықтың өткен тарихына көркемдік шолу жасаған.
Қадыр Мырза Әли көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Әлемдік әдебиет ғұламаларының талайының шығармаларын ол қазақ тіліне аударды. Ал өзінің біраз топтамалары мен таңдаулы өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, болгар, венгер, фин тілдерінде аударылды. Сондай-ақ дарынды ақынның оннан аса кітабы бұрыңғы КСРО халықтарының көптеген тілдеріне аударылып, Ташкент, Баку, Бішкек, Алматы, Мәскеу қалаларында басылып шықты.
Тұтастай алғанда Қадыр Мырза Әли поэмалары бұрын - соңды ешкім айтпаған, айта алмаған жаңа ой - пікірлерге толы. Көркемдік бояулары қалың да жарқын оның поэмалары қазақ поэзиясына жаңа үн, соңы серпін әкелді. Ұлттық эпиканың өрісін кеңейтті.
Қадыр Мырза Әли - драма жанрына да белсене араласқан ақын. Оның «Әмір Темір», «Жаралы жолбарыс» атты драмасы, «Мың бір мұң» атты трагедиясы, «Сақал саудасы», «Түрт сайтаным түрт!» атты комедиялары, «Отырар ойраны» (Ә.Хасеновпен бірлесіп жазылған), «Төле би» (Ә.Таразимен бірлесіп жазылған) атты либреттолары қазақ драматургиясына елеулі көркемдік үлес болып қосылған туындылар.
Қазақ поэзиясының дамуына көп еңбек сіңіріп, зор көркемдік үлес қосқан Қадыр Мырза Әлидің ұзақ жылдарға созылған шығармашылығы әдебиет ғылымы мен сынының әрдайым назарында болып, жоғары бағаланып келеді. Ақынның шығармаларының лайықты бағасын берген академик Зейнолла Қабдолов: «Қадыр Мырзалиев - сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы. Ол жеке бастың дара мұңынан бастап, қым - қиғаш халықаралық қайшылықтарға шейін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады. ... «Демек қазіргі қазақ поэзиясының көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар; Қадыр ақынның лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең», -десе, академик Серік Қирабаев: «Қадыр Мырза Әли ұлт тарихын, мінез-құлқын, ойлы көзбен өлшеп суреттейді. Оңда, терең идеялық мағана бар», -деп ақынның өзіндік бет - бейнесін, шығармашылық келбетін дәл айқындап берді. Ол - өзінің көркемдік дәрежесі биік, тілі нәрлі, ғибраты мол, идеялық мазмұны терең шығармаларымен қазақ сөз өнеріне зор үлес қосқан ірі суреткер, көркем сөздің шебері. Ақын қазақ әдебиетінің көркемдік арсеналын толықтыра, молықтыра отырып, оның мәртебесінің биіктеп, абыройы асқақтай түсуіне қыруар еңбек сіңірді. Сондықтан да, Қадыр Мырза Әли-жан-жақты өсіп өркендеген. Кемелденген қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі болып саналады.
Еңбектерінің әліпбилік көрсеткіші
-
Мырза Әли Қ. Халық тұншықты. Әрең-әрең күн шықты. //Егемен Қазақстан.-2008.-5 қантар.
-
Мырза Әли Қ. Афоризмы.-Алматы: Глобус.-2009.-400с
-
Мырза Әли Қ. Егізжолдар: Нақылнама.- Алматы: Жазушы.- 200-320 бет.- (Қазіргі қазақ поэзиясы)
-
Мырза Әли Қ. Санап үйренеміз. Учимся считать.-Алматы. Алматы: Кітап, 2008.-48 б.:сур.
-
Мырза Әли Қ.Таңдамалы: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы, 2005.-432 бет.
-
Мырза Әли Қ.Таңдамалы: Өлеңдер.-Алматы: Жазушы. 2005.-424 бет.
-
Мырза Әли Қадыр. Қылыш пен қандар күндер-ай: Екі томды шығармалар жинағы.-Алматы: Балауса.-1-том: Өлеңдер.-119-432 бет.
-
Мырза Әли Қадыр. Иірім.- Алматы: Атамұра, 2004.-360 бет.
-
Мырза Әли Қ. Көкейкесті. Өлеңдер мен толғаулар.-Алматы: Атамұра, 2003.- 280 бет.
-
Мырза Әли Қ. Қызыл іңір: поэзия //Жұлдыз.-2007.-№ 1.-б.5-17
-
Мырза Әли Қ. «Өмірдің жартысы өкініштен тұрады...:// Парасат.- 2005.-.№ 1.- б. 16-19.
-
Мырза Әли Қ. Байлықтың өзі бақыт емес...: Поэзия // Егемен Қазақстан.- 2005.- 6 қаңтар.
-
Мырза Әли Қ. Қазақ поэзиясының анталогиясы // Егемен Қазақстан.-2005.- 28 желтоқсан.
-
Мырза Әли Қ. Арқа сүйер ақиқатын болмаса, айтысып керегі не? //Жас алаш.- 2004.- 10 шілде.
-
Мырза Әли Қ. Қайсыбірін айтайын, қайсыбірін?!.: Өлеңдер. // Егемен Қазақстан.- 2001.- 17 ақпан.
-
Мырза Әли Қ. Жұбан Молдағалиевтің рухымен сырласу...Өлең //Ана тілі.- 2000.- 19 қазан.
-
Мырза Әли Қ. Жазмыш. (Ақындар және ақындық қасиеті туралы). //Жас алаш.- 2000.- 6 сәуір.
Өмірі мен шығармашылығы жайындағы әдебиеттер
-
Аяпбергенұлы Р. Қадыр Мырза Әлидің поэзиясындағы теңеулердің ерекшеліктері. // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2005.-№ 7.- б.114-119.
-
Асқар О. Қазақ жырының Қадыры: Қадыр Мырза Әли - 70 жыл Қаңтарда туған қыран. // Қазақ әдебиеті.- 2005.- 7 қаңтар.
-
Әжіғалиева М. Қадыр өлеңдеріндегі синтаксистік параллелизмнің лингвистикалық табиғаты: Көркем шығарма. // Хабаршы Филология. Вестник Каз ҰҮ.- 2005.-№4.- б.37-39.
-
Әлім А. Уақыт пен кеңістікті үндестірген ақын: Қадыр Мырза Әлидің «Алаштың арманы» атты жыр жинағы туралы // Қазақ әдебиеті.-2001.-28 желтоқсан.
-
Әмір-Бек К. Сөзмерген: (Қадыр Мырза Әлимен сырласу) // Жалын.-2004.-№ 7.-б.32-42.
-
Әмір-Бек К. Сөз Гроссмейстрі: Қадыр Мырза Әлидің он екі томдық еңбегінің алғашқы екі кітабі туралы пікір. //Қазақ әдебиеті.-2001.-29 қыркүйек.
-
Әлімұлы А. Талант тағылымы: жазушы Қадыр Мырза Әли. //Ана тілі.-2009.-10-16 желтоқсан.
-
Бақаш Е. Әдебиет ұлттық болуы керек: Жазушы Мырза Әлимен сұхбат. //Заң газеті.-2009.-12 ақпан.
-
Бектас Г. Адам әр минуттың қадырын білу керек: ақын Қадыр Мырза Әлимен. Сұхбат. // Жұлдыз.- 2007.- № 5.- б.172-181.
-
Бектасова Г. Адам әр минуттың қадірін білу керек. Қадыр Мырза Әлимен сұхбат. //Түркістан.- 2006.- 26 қантар.
-
Бейісбай С. Сәттер өтіп барады-ау.: Қадыр Мырза Әли жазушы туралы. //Ана тілі.- 2008.- 20 наурыз.
-
Естайұлы Ж. Ұлы даланың ұлы эпосы: Ұлы шайыр. Қадыр Мырза Әлидің таңдамалы туындыларының көп томдығын қайта оқығанда. //Жас алаш.- 2002.- 30 наурыз.
-
Жанаева Ш. Қадыр Мырза-Әлінің құпия екі өлеңі. // Ақиқат.- 2006.-№ 3.- б.86-91.
-
Жанабаева Ш. Қадыр Мырза Әлидің құпия екі өлеңі. Әдеби сын. // Қазақ әдебиеті.- 2005.- 23-29 желтоқсан.
-
Жайлыбай Ғ. «Ғұмыр сәттерден тұрады...»: Жазушы Қадыр Мырза Әлимен сұхбат. // Қазақ әдебиеті.- 2005.- 18 қараша.
-
Жораев Қ. Ұлағат: жазушы Қадыр Мырза Әлидің соғыс тақырыбындағы жырлары. // Қазақ әдебиеті.- 2010.- 21 мамыр.
-
Жұмағали Қ. Біздің әдебиет - таза кәсіби әдебиет: Жазушы Қадыр Мырза Әлимен сұхбат. //Азамат.- 2006. -6 сәуір.
-
Ибраева Ж. Қадыр Мырза Әлидің соғыс тақырыбындағы жырлары. //Қазақ тілі мен әдебиеті.-2006.-№ 5.-б.71-74.
-
Иманасов С. Халқының Қадыры. Қадыр Мырза Әли-60 жаста. //Қазақ әдебиеті.- 1995 - ақпан.
-
Қашқынов Ж. Ақ құлыңға мінген ақын. Қадыр Мырза Әли-60 жаста. // Қазақ әдебиеті.- 1995.- ақпан.
-
Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9-том. Алматы: ҚАЗақпарат, 2005.- 998 б.
-
Мантаева А. «Иірім» кітабында иманым таза: тамұққа барам деп қорықпаймын. // Жас қазақ.- 2004.- 30.06 - 06.05.
-
Медетбек Т. Шамырқанған намыстан асқақ рух оянады: ақын Қадыр Мырза Әли туралы айтар сөз. // Түркістан.- 2009.- 24 желтоқсан.
-
Мурзағалиева Д. Қ. Мырза Әли өлеңдеріндегі лексикалық қайтамалар: әдебиет. // Сынып жетекшісі.- 2008.- № 2.- б.3-5.
-
Мырза Әли Қадыр //Қазақстан жазушылары ХХ Ғасыр; Анықтамалық.-Алматы, 2004.-б.224
-
Мырзалиев Қ. Ғ. //Қазақстан: Ұлттық
Энциклопедия.-Алматы,2004.-б.499.
-
Сапарбай И. Келе жатқан бір дәуірді сеземін...: Қадыр Мырза Әли драмалық шығармалары хақында. // Қазақ әдебиеті.- 2001.- 23 қараша.
-
Сәрсенбай Қ. Жазушылық - мамандық емес, тағдыр»: Қадыр Мырза Әлимен сұхбат //Жас алаш.- 2004.- 10 қантар.
-
Тарихи тұлғалар.Танымдық көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. А.: Алматыкітап, 2006.- 376 бет.
-
Тілеубердиев Қ. Табиғаттың тағдырына алаңдап: (Қ.Мырза Әли лирикасы хақында). //Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2003.- № 12.- б.86-91.
-
Шайхыұлы Е. Ұлы ақындар көп, ұлт ақындар аз: Қадыр Мырза Әли, халық жазушысы мен сұхбат. //Айқын.- 2007.- 3 ақпан.
Құрастырушы: Қазиқанова А.Қ.
ақпарат-библиографиялық бөлім
Шығаруға жауапты: Нұрпейісова Қ.Н.
кітапхана кешенінің
меңгерушесі
Достарыңызбен бөлісу: |