Сонымен қазақтың «алты бақан ала-ауыздығы» Гималай тауының Сарыжонына да келіп жеткен-ді.
Гаскөлден қашқан біздің елге (Қалибектің еліне) қарағанда, Тажынор жақтан қашып шыққан бұл елдің көлігі мол және қойлары да тың еді. Одан маңыздысы – бұл елдің көлігі, Гималай тауының әлгі ыс деген бәлесіне үйреншікті еді. Өйткені олардың көлігі өткен 12 жылдың ішінде осы төңіректен алынған. Ол жағдайды көрген әкем: Құсайын, Сұлтаншәріп, Дәлелқандарға: «Бірге көшейік, мына көліктеріңнен көмектесіңдер», – деді. <...>.
Олар оған: келістік – деді. Сонымен бірнеше күн аралас көштік. Бірақ, Құсайын тәйжілер күн өткен сайын бізден қарасын үзе берді. Олардың көлігі мол және тың. Біздің көлігіміз, былтыр Көкліктен көшіп, Такламакан шөлінен өтіп келген, арық-тұрық. Біз олардың ізімен жүріп отырдық. Арада бірнеше күн өткеннен соң, бір жұртта әлгі Жәдік Ісләм ақсақал балаларымен үйіліп отырғанының үстіне келдік. Олардың айтуынша: «Құсайын тәйжілер, көшке берген көлігін алып алып, өздерін жұртқа тастап кетіп қалыпты». Ол жағдай Гималай тауында, қазақтар арасындағы ала-ауыздықтың асқынуына жеткізді. <...>.
Гималай тауында адамзат ізімен кездесуіміз және Шәрбәннің қазасы
Өзіміз «Сары жон» деп атаған Гималай тауы мен Тибет жеріндегі көшіміз қыс бойы жалғасты. Алайда, көкек айына да кірдік. Бізден озып кеткен елдің ізінен басқа, бір адамзат ізіне кездеспегенбіз. Бір күні келген жерімізде тас үйінділерін, тастан тұрғызылған мал қораларды көрдік. Оны көріп: адамзат бар өңірге келдік – деп қуандық. Ал екінші жағынан: бұл маңда біздің алдымызды тосуға шыққан қытай әскері бар ма? Алдыңғы елдің өтіп кеткенін естіп, олардың ізімен келетін басқаларды қолға түсіруді көздеуші жау әскері болуы мүмкін – деген қауіптенушілік те пайда болды.
Сол қауіптенушілікке орай, маңайда Тибеттіктер бар ма? Олардан қытай әскерлерінің бұл төңірекке келген-келмегендігін анықтау мүмкін бе, – деген ой туды. Соны анықтау үшін әкем: Хамза, Нұрсапа, Қайнаш, Мөрдіқан, Тұрдықара бар бір топ кісіні – бір жаққа, Адамбай, Мәдәлім, Нұрмұхаммет Молла, Мұса, Сәбиқандар бар екінші топты – басқа бір жаққа жіберді.
Бұл арада, марқұм Жүніс қажының бәйбішесі Бөтей сол жұртта қайтыс болды. Апам оның көңілін сұрап барып келіп ол кісінің:
– Әттең азан дауысы естілетін, бір мұсылман елі жеріне жетіп өлсем, – деп армандап жатқанын айтты.
Одан бір-екі көшкеннен кейін, тете қарындасым Шәрбан да қайтыс болды. Шәрбанның қайтыс болуымен, апамның қолында менен басқа баласы қалмаған-ды.<...>.
Тете қарындасым Шәрбәннің жерленуі де өте аянышты бір оқиға еді. Бұрын ыс тигендерді жерлегенде, «аю жемесін» деп басына жабайы бұқаның басын қоюшы едік. Тибеттіктер бар жерге келгеннен кейін, өлген кісілер сүйегін жергілікті тибет халқынан да жасыруымыз тиіс болды. Өйткені тибеттіктер өз жерлеріне қойылған шет елдіктердің сүйегін шығарып тастайды екен.
Шәрбән қайтыс болғанда көкек айы болатын. Жаздан әлі онша қылаң жоқ-ты. Жер тоң еді. Тоң жерді терең қазу, ысқа байланысты қиын-ды. Сонымен Шәрбән марқұмның қабырын, қосымыздың ішіндегі от жаққан жерімізден қазып, сол жерге қойдық та, үстіне от жағылғандай етіп, күл-көмір, отты шалаларды орналастырдық. Оның жанына әкеліп бұқаның басын қойдық. Бұқаның басы да, әр жерден табыла бермейтін. Сол үшін де, жігіттерді арнайы жіберіп, бұқа аттырып, соның басын әкелтіп қойғанды әкем . <...>.
Кездескен Тибеттіктермен ұғыса алмадық
Тибеттіктермен байланыс құру үшін жан-жаққа жіберген кісілеріміз қайта оралды. Тибеттіктер оларды көрген жерде аузынан толтырылып оқталатын өте көне мылтықтарымен атқылаған. Бірақ тибеттіктерді қолға түсіру қиын болмаған. Екі жақ бір-бірінің тілін білмегені үшін ұғыса алмаған. Тибеттіктердің өздеріне қаратылып оқталған мылтықтан гөрі түйеден қорқатындығы байқалған. Олар өмірлерінде түйе көрмеген халық екен.
Бізге, тибеттіктердің аттары керек-ті. Оларға біз түйе берсек, қорқып маңайына жуымай қашатын. Басқадай оларға береріміз жоқ-ты. Сол үшін де, біз олардың аттарын көрсек, еншілес кісідей ала беретінбіз. Тибетте жылқы өте аз екен. Біз кездестірген тибеттер, өте жабайы кісілер-ді. Үсті-бастарында мата-бұтадан жасалған ешқандай киім жоқ-ты. Ер-әйел бәрінің үстінде ұзын бір тон, басқа еш киімдері жоқ. Тазалық тұрғысынан да, өте нашар жағдайда болатын. <...>..
ТИБЕТ ЖЕРІНДЕ ҚЫТАЙ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ БІЗГЕ ШАБУЫЛДАУЫ
Ауа райы сәл түзеліп, күн жыли бастаған. Бірақ, біздің өмірімізде онша бір өзгеріс жоқ-ты. Жаяуларымыз, сол баяғы жаяу күйінде. Бізді тастап озып кеткен Құсайын – Сұлтаншәріптерден де бір белгі жоқ. Жартылай жабайы біз кездестірген тибеттіктермен ұғыса алмадық. Олар бізді көрсе қашатын. Ал түнде келіп түйеден басқа көлігімізді ұрлайтын. Олардың жылқысы көрінсе, біз де тартып алатынбыз. <...>..
1951 жылдың шілде айының басында бір күні, ұзақтан бізге қарай шауып келе жатқан жеті-сегіз кісі көрдік. Олардың тибеттіктер болуы мүмкін емес-ті. Тибеттіктер бізді көрсе қашатын. Сөзсіз бұл көрінгендер жау еді. Олар бізге жақындап келіп, бір қыраттың ар жағына түсе қалып, бізді атқылады. Бізді шағын атқылауымен қолға түсетін адамдар деп ойлаған болу керек. Біз де қарсы оларға оқ жаудырдық. Олар қайта қашты. Бұл арада біреуіне оқ тиді. Оны екіншісі өңгеріп әкетті. Оқ тигеннің аты қалып қойды. Атын барып алдық. Қарасақ қытай әскерінің аты.
Сол оқиғадан кейін коммунист қытай әскерлерінің бізді торып жүргенін аңғардық. Көптен бері, жүк арасында артылып келе жатқан пулеметті-оқшашарды теңнен шешіп алып, пулеметшігіміз Мұса Омарбайұлына тапсырдық. Ертерек келіп, қонған жұртта ол, пулеметті тазалап, атып көріп дайындалды. Сол күні кешке көз байланып, қараңғы түскен кезде, Нұрсапа Мергенбайұлы біздің қосқа жетіп келді.
– Балам, Бағдат қазір көріпті, бес-алты атты кісі осы жерден өтіпті. Қанжығаларына байлаған бір заттары бар сияқты, сылдырлаған дыбысы шығыпты. Бізді қоршауға алып жүрген жау сияқты, – деді.
Нұрсапа сөзін аяқтай бергенде, қосымызға Қайнаш Мұхамметжанұлы кірді. Ол кісі де ауылдың сыртынан өтіп бара жатқан атты кісілер көргендігін айтты. Дәл сол күні көш артында аялдап қалған, Қанапия Байқонақұлының әйелі де жоғалып кеткен-ді. Оны көш артынан келер деп күткен. <...>.
Сонымен: бүгін бұл жерден таң атпай тұрғанда, қараңғыда жүрейік. Қоршаған жау болса, арасынан қараңғыда сытылып шығып кетейік, – деп шештік. Түн ортасы ауа бергенде жүкті артып, тамақтанып алып жүрдік. <...>. Біздің ауылдың көші дағдысынша алда жүруі керек-ті. Түйелі көштен сәл бұрын малды айдадық. Алдында қой, оның артында оннан астам жылқыны айдап мен келем. Түн қараңғы. Ештеңе көрінбейді. Қой ұйлығып жүрмейді. Арттан көш те келіп қалды. Сол сәтте атылған бір мылтықтың дауысы шықты. Одан кейін жан-жақтан оқ жауып кетті. Сөйтсек, қойдың арасына араласқан қытай әскерлері, қой айдаған жігіттерді үнсіз ұстап алуға ұмтылған. Оны байқаған Адамбай Арықбайұлы Сауаш, жау қоршауы бар екенін арттағы көшке аңғарту үшін мылтық атыпты. Ондай оқ атылуын шабуыл белгісі санаған болу керек, қытай әскерлері де бізге оқ жаудырды.
Содан бір аптадай бұрын жігіттер тибеттердің бір атын әкелген-ді. Оны әкем мінген. Сол атпен шауып көш алдына шыққан әкем (Қалибек) көшті негізгі бағытынан бұрып, сол жағымыздағы жоталарға қарай бастады. Сол арпалыс кезінде таң да атты. Әйтеуір адам аман деп қуанып жүргенде біреу: «Ой, әлгі Әбіл қайда?», – деді. Сөйтсек біздің қойшы Әбіл қолға түсіпті. Көш сол жақтағы жотада жинала бергенде, алдын орау мақсатымен қалың атты әскер, көштің алдындағы төбеге қарай шапты. Біздің жігіттер де сол төбеге қарай ұмтылды. Төбеге екі жақ қатарласа жетті. Қатты атыс болды. Көш сол төбенің жанындағы жылғамен құлдилады. Түске таяу көштің артынан әкем келді. Астында қоңды да, айбынды бір құла қасқа аты бар. Ер-тоқымы толықтай әскердікі. Сөйтсек, әлгі соғыс кезінде біздің мергендер талай әскерге құм қаптырып, 12 ат түсіріпті.
Сонау, Қызылөзеннен бері айдап келе жатқан қойымыздың өңшең еркек қойы іріктелген болатын. Сол қойымыз да, мылтық дауысынан үріккен бойы алдымыздан шықты. Апам оны:
– Адал малымыз ғой! Кәпірге бұйырмай тұр ғой., – деп ырымдады. Сонымен коммунист қытай әскерімен Тибет жеріндегі бұл шайқасымызда екі кісі жоғалтып, 12 ат түсіріп, жалпы алғанда, аман құтылдық. Бұл Тибет жерінде біздің қытай әскерімен екінші рет қарсыласуымыз еді. <...>.
Жау қоршауына түстік
Талай күннен бері, күндіз-түні дамылдамай көше қашуда едік. Шолғыншылар мен қарауылда жүргендер: «Көрінерде жау жоқ», – дейтін. Сонымен бір күні түсте бір жерге келіп қондық. Бір жағымызда ағып жатқан су бар-ды. Екінші жағымыз жартасты жоталар.
Біз ертеңінде сол сайды құлдап жүрмекпіз. Әлгі күні жұрт тынығуды жақтап, түстен кейін көшкісі келмеді. Сонымен ол күні ол жерге түнедік. Таң атты. Сиыр түс болғанда (сәскеде) көш жүрді. Бір апта алдыңғы соғыста жаудан үркіп алдымызға шыққан қойымызды айдап, тиісті жігіттер жүріп кетті. Артынан әкем, Омар Байқонақұлы, М.Тұрдықары, Дәлелхан Жанымқанұлы сияқты кісілер жүрді. Олар сайды құлдап барып бір қысаңнан өтіп, көгал бар жерге аялдады. Негізгі көш жұрттан жаңа шыға бергенде, алдыңғы жақтан мылтық дауысы естілді. Артынан пулемет-оқшашар сақылдап оқ жаудырды.
Арттағы көш не қыларын, қалай жүрерін біле алмай ұйлыққан кезде, Қайнаш Мұхамметжанұлы шауып келіп, көшті жартасты сайға қарай бұрды. Алайда, оқ жаудырған оқшашарлар мен мылтықтардың дауысы сол жақтан естілуде және жауған оқ та сол жақтан келуде еді. Көш солай қарай жөңкіліп бара жатқанда, әкем (Қалибек Хакім) алдыңғы жақтан қайта шауып жетіп: «Олай кетпе! Кері тарт!», – деп айғайлады. Сонымен көш су жаққа бағанағы көшкен жұртқа қарай кері бұрылды. Алдағы қысаңнан, сондай-ақ, солымыздағы жартасты беттен оқшашардың оғы жауып тұр. Әр үш жағымыздан да, қытай әскерлері жүгіре атып қаптап келеді.
Әкем дереу Мөрдіқан мерген, Адамбай Сауаш, Мұса Сауашан, Сә биқан Пынар, Қиса батыр бастатқан жігіттерді әлгі қаптап келе жатқан жауға қарсы жіберді. Ол күні осы аттары аталған жігіттер өте жанқиярлықпен ел қорғады. Асқына басып, қаптап келе жатқан жау әскерін, қадап атып ойсырата қырды. Мұса Сауашанның пулемет-оқшашары да сол күні, жауға өлім шашты. <...>.
Біз батпақтан өтіп болғанда, қытай әскерлерінің бір бөлімі алдымызды орауға ұмтылды. Қытай әскерлерінің атқан оғы қарша борады. Әкем шауып келіп, ұйлыққан көштің ұзақтағы бір мойнаққа қарай беттеуін бұйырды. Бірақ, көштің алдында ешкім жүргісі келмеді. Жау әскері көштің алдында жүргенді ерекше атқылауда болатын. Әкем маған «Сен баста!», – деп бұйырды да, өзі елдің артында жаумен атысып жатқан жігіттерге қарай шаба жәнелді. Мен әкем сілтеген қияға қарай біздің ауылдың көшінің алдында жүрдім. Дағдысына сай басқа ауылдардың көштері ерді. Ол күні менің астымда бірнеше күн бұрын тибеттерден алған бір ақкөк ат бар-ды. <...>. Қытайлар: «Мына ақкөк атты осы елдің бір батыры шығар», – деп ойлаған болуы мүмкін. Оқты мол жаудырды. Мен ол кезде 18 жасқа жаңа шыққанмын. Мойнымда мылтығым бар. Талай аң атқанмын. Бірақ жауға қарсы оқ атқан емеспін.
Әйтеуір құдай сақтап біз аман-есен батпақтан өтіп, әлгі қиямен келіп Мойнақты асқан кезде, жаудың біз өткен саз-батпақ жақ алдымызды орау үшін ұмтылған әскері, сол Мойнақтың екінші жақ жотасының төбесінен көрінді. Құдай оңдағанда олар көздеген жеріне жетіп үлгермей, біз бұрынырақ келіп Мойнақтан асып кеттік.
Сонымен ол қоршаудан да аман құтылдық. <...>. Қытай әскерінің алғашқы оғы Қалибек, Омар, Дәлелқан және Тұрдықары төртеуі көштен бұрын қысаңнан өтіп барып, бір көгал жерге отыра қалған кезде атылыпты. Онда, Омар Байқонақұлының атына оқ тиген. Ол кісіні әкем мінгестіріп алып шығып көшке жеткізген.
Әлгі Мойнақты асып барып, елдің бас аяғын жинап, адам басының амандығына қуанып, сәл аялдағаннан кейін тағы жүріп кеттік. <...>. Мен айдаған оншақты жылқы да атқылау кезінде жау жаққа үркіп кеткен-ді. Апамның ақбас атаны мен шаңырағы да батпақта қалды. Сонымен дерлік «салт атты, сабау қамшылы» болып алға тарта бердік. Бұл төңіректе атып жейтін құлан жоқ екен. Сол үшін де «әлі жеткен әлі жеткенді жейтін» заманға айналды. Қытай әскерлері біздің малымызды, азық-түлігімізді тартып алуда. Аштан өлмеу үшін, жолда қалып қолға түспеу үшін біз де, тибеттіктерден қажет заттарды тартып алуға мәжбүр болдық.
Тар бір қысаңнан үрейлене өтуіміз
Жігіттердің кейбіреулері: бұл тибеттер Ладақтың (шекарадағы қала) жолын сілтеу барысында өтірік айтуда – деп ашу шақыртатын. Алайда, кінә тек оларда ғана емес-ті. Олардың тілін білмеген, жерінен баса көктеп өтіп, өзімізге қажет заттарды тартып алып жүрген біз де кінәлі едік. Сол жағдайды байқаған кей ойлы кісілер:
– ...Тибеттіктерде де, бізде де кінә жоқ. Кінә көк көз орыс пен маңқа қытайда. Олардың отаршылық зомбылығы болмағанда, бұл қазақ осында келер ме еді? – деп тұжырымдайтын.
Бұл арада бір күні түсте қытайдың шағын бір әскерімен тағы кездесіп қалып атыстық. Өздеріне қауіп төнгендігін байқаған олар қашып құтылды.
06.08.1951 күні «Ұрдық» деген жерге келдік. Бұл екі жағы құз жартас, өте қатерлі бір қысаң-ды. Егер онда жау болғанда, бізді өткізбейтіндігі сөзсіз-ді. Әкем: Хамза Шөмішбайұлын шақырып, қасына таңдап он мерген жігіт алып, жасырынып әлгі қысаңның аузына баруды тапсырды. Сол арада қысаңның сәл қашықтығында жүрген адамдар да көзге түсті. Хамза бастаған мерген жігіттер қысаңның аузына барғанда, қалың көшіміз тұмсықтан кенет шыға келіп, әлгі қысаңға қарай жүрдік. Бізді көрген әлгі адамдар қысаң жаққа қарай жүгірді. Бірақ олар жүгірген жақты біздің адамдарымыз, жасырынып барып, бұрын ұстап үлгерген-ді. Соның арқасында әлгілер, қарсылық көрсете алмады. Біз сол қысаң өткелден өтіп алғаннан кейін, әлгілерді қос шатырымызға шақырдық. Бірнеше мылтық, сыйлық бердік. Олар Үндістан және Ладақ деген атауларды түсінетін.
Ол жерден екі көшкеннен кейін, ақ бормен ақталып боялған бір үй көрінді. Ол Тибет жерінде біз кездестірген тұңғыш үй еді. Дереу оны барып көрдік. Маңайында ешкім жоқ екен. Арпа қоймасы екен. Ондағы адамдардың қашып кеткендігі байқалды. Біз көптен бері дәнді-дақыл көрмегенбіз. Күнделік азығымыз – негізінен ет болатын. Арпа алып, қосымызға апарып қуырып жедік.
Үндістандықтармен тұңғыш кездесуіміз
Арпалы қамбадан көшкен күні жолда, екі атты кісі кездесті. Жуан денелі, біреуі сәл ұйғырша біледі екен. Бұрын ұйғыр саудагерлері мен үндістандықтардың арасына тілмәш болыпты. Оның айтуынша, екі күннен кейін біз Үндістан шекарасына жетеді екенбіз. Оны естігенде біз, бейне алдымызда әкеміз күтіп тұрғандай қуандық. Енді бізге керегі болмас деп жан-жаққа оқ атып қолымыздағы оғымызды, соңғы рет қолданғымыз келді. Өйткені қаруымызды Үндістан әскеріне тапсырып, сол елдің жеріне өтіп, бейбіт өмір сүреміз деген сенімде едік.
18.08.1951 күні Үндістан шекарасына жеттік. Әкем бірнеше кісі ертіп шекараны күзетуші Үндістан әскерлеріне барып, «әлгі «салдырбайдың» тілмәш болуымен сөйлесті. Әкемдер қайта оралғаннан кейін, қап-қара сақалды бір мыңбасы (майор) бастаған Үндістан әскерлері келіп, тізімдеп, қаруымызды тапсырып алды. Бірақ біз әлі тибет жерінде едік. Сол күні қару-жарақсыз Тибет жерінде түнедік. Артымыздан қытай әскерлері келіп шабуылдаса қайтеміз? Қолда қару жоқ, жатқанда ұстап алады ғой деп үрейленіп ұйықтай алмадық.
Үндістан әскерлерінің қаруыларымызды қайтарып, виза бермеуі
Ертеңінде біз шекарадан өтеміз деп асыға күтіп түрғанда, Үндістан әскерлері төрт атқа артып қару-жарағымызды қайта әкелді: «...Орталықтан жарлық бар, сіздерді дәл қазір Үндістан жеріне кіргізе алмаймыз. Мына қаруларыңызды қайтып алыңыздар, керек болар...», – деді.
Ол бізге күтілмеген өте ауыр соққы болған-ды. Өліп-тіріліп, соншама ауыр азап шегіп, үзақ жол жүріп келгенде, Үндістанның бізді қабылдай алмаймыз деуі – біз үшін жаппай қырылу қауіпін тудырған-ды. Енді не істеуіміз керек-ті. Артымызда жау әскері бар. Күнде төбесі көрінуде. Ол қашан шабуылға өтеді деп күнде үрейленудеміз. <...>.
Сонымен Үндістан шекарасында 56 күн виза күттік. Әр өткен күн бізге бір жылдан үзақ-ты. Артымыздағы жау әскерінің мейлінше молайып, бір даярлық көріп жатқандығын да сезетінбіз. Ал біз болсақ, көлік тұрғысынан айтарлықтай жүтағанбыз. Қыс та жақындаған. Бұл жерде атып жейтін Тибеттің сары жонының қалың құланы жоқ-ты. Азық-түлік те күн өткен сайын азайған-ды. Кейін бұрылсаң, бассалғалы түрған қытай әскері, алға жылжиын десең Үндістанның мемлекеттік шекарасы. Оны күзеткен Үндістан әскерлері...
Коммунист емес екенімізді дәлелдеу үшін
Үміт пен үрейлі күндер өтуде еді. Бұл арада коммунист қытай әскерлері екі рет шабуылдады. Құдай қуат беріп, екі жолында да қытай әскерлеріне тойтарыс бердік. Қытай әскерлері шегінгеннен кейін, соғыс болған жерге, үндістандық қолбасылар барып көрді. Соғыс болған жерлерге оларды Сәбиқан Пынар бастап барды. Ол үндістандық қолбасыларға қан ұйлыққан талай шұңқырларды, тас түптерін көрсетті. Үндістандық қолбасылар оны суретке түсіріп, маңайын да сызып, қазақ жағының оларды қай жерде тұрып , қалай атқанын сұрап жазып алды.
Бұл арада кейбіреулер: «...Осы Үндістандықтар бізді қытай коммунистерінің шекарадан әдейілеп кіргізіп жіберіп, елдің ішкі жағында кейін бүлік шығартатын бұзақылары деп күдіктенетін шығар...», – деген топшылау айтатын. Сол тұжырымға сай, қытай әскерлері Үндістан шекарасында бізге екінші рет шабуылдағанда, әйгілі Нұрпай батырдың інісі, Нұрмұхаммет Атамбайұлы бір қытай әскерін қадап атып, басын кесіп әкелді. Қытай әскерінің сол кесік басын: «Міне біз коммунист емеспіз» – деп үндістандық әскерлерге апардық. Олар оған онша разы болмады... Тіпті, ашуланды. Үлкендер оны: «Кәпірлігіне тартып тұр ғой...», – деп бағалады.
Ал кейбіреулеріміз: «Осы үндістандық әскерлердің өзін бір түнде басып алып, Пәкістан жаққа ауытқып кетейік. «Қытай кәпір мен үндістандық кәпір бізді қыратын болды» – деп Пәкістан шекарасына барсақ, заты мұсылман ғой, олар бізді далаға тастамас...», – деген ой айтатын. Бірақ, ол жерден Пәкістанға өту мүмкін емес-ті. <...>.
Коммунист қытай әскерлерінің соңғы шабуылы
1951-жылдың қыркүйек айының аяқ шені болатын. Үміт-үреймен Үндістан шекарасындағы виза күтуіміз ұласулы еді. <...>. Екі айға жуық отырған жұртымызда шөп қалмаған-ды. Қолдағы көлігіміз бен тибеттерден алған азын-аулақ малымыздың өрісі тарылды. Тибет жаққа өрістейік десек, қырамын деп коммунист қытай әскері тұр. Үндістан жаққа Үндістан әскерлері өткізбейді. <...>.
26.09.1951 күні сол бозбала жігіттер өрістен кешке ауылға оралғанда: Ауылдың Тибет жері жағына келіп шоғырланған қалың әскер көрдік, – деп хабарлады. Демек қытайлар тағы бір шабуылға өту әзірлігін көруде еді. Оны естігеннен кейін әкем өз айтқанынан шықпайтын, Мұса Омарбайұлы, Мөрдіқан мерген, Адамбай Арықбайұлы сияқты бірнеше жігітті күзетке шығарды. Басқа бір қатар жігіттердің де күзетке шығып, ел отырған жер төңірегіндегі төбелерде болуын тапсырады. Ол «батырлар» ол күні сол тапсырманы орындамаған.
...Таң құлан иектеле бергенде, ауыл жақтан күрсілдеген минаметтардың және сақылдаған оқшашардың (пулемет) дауысы естілді. Төбелерге жүгіріп шығып қарасақ, ауыл минаметпен атқылануда. Қытайлар жаудырған минамет оғы ауылдың ортасына, кей қостардың шаңырағынан түсіп жарылуда. Ауылдан қашқан бір қатар жаяулар, үндістан әскерлеріне қарай жүгіруде. Көпшілік Үндістан мен Тибет шекарасы арасындағы жартасты бетке қарай қашуда. Ауылдың отырған жері бір жартасты жалдың тұмсығы болатын. Ол тұмсықты солтүстік батысқа қарай айналғанда Үндістан шекарасына өтетін. Біз, қытай әскерлерінің одан бұрынғы шабуылдарынан әбден шошынып-қорыққанымыз үшін, сол тұмсықтың Тибет жағына, Үндістан әскері мен шекарасына арқан тастам жерге ығысып барып паналаған едік.
Қарсы жалдан біз, қытай әскерлерінің ауылға барып кіргенін, байлаулы түйелерімізді шешіп айдап бара жатқанын да көріп тұрдық. Қолдан келер қайран жоқ-ты. Ауылға Тибет жерін басып ат апару мүмкін емес-ті. Сол үшін де мен, Сәбиқан Пынар, Мәжит Жаналтай үшеуіміз, не де болса, Үндістан жерін басып, ауыл отырған тұмсықтың солтүстік батыс жағынан ат апаруды ұйғардық. Қалғандарымыз, сонда тұра-тұратын болды.
Сол ұйғарымымызға сай, біз үшеуміз паспорт визасыз Үндістан шекарасына қарай шаптық. Қытай минаметы мен пулемет-оқшашарының дауысы үздіксіз естілуде еді. Ол қытайлардың ауылға шабуылының ұласып жатқанының белгісі еді. Біз сәл ілгерілеп едік, алдымыздан Үндістан әскерлері көрінді. Бәрінің мылтығының аузы бізге қаратылған. Біреуі, бірдеме деп айғайлап еді, әлгінің бәрі мылтықтарын бізге оқтап, бір тізерлеп отыра қалды. Тағы бір айғай шығып еді, әлгінің бәрі біз үшеуімізді нысанаға алды. Үшінші айғайда да, үндістан әскерлері бізді сығалап нысанаға алып, мылтықтарының шақпағының артын қайырып енді «Ат!» деп берілетін жарлықты күтті. Біз үшеуміз қолды көтеріп: «Лә-илләһа ил-Алла, Мұхаммедар Расұлалла», – деп иман айтудамыз. Дәл сол сәтте үндістандық әскерлердің арт жағында тұрған біреуі: «Қалибек! Қалибек!» – деп айғайлап әскерлерге бірдеме деді. Бізді нысанаға алып, атқалы тұрған әскерлер орындарынан тұрды.
Сөйтсек, әлгі үндістандық, бұдан бұрынғы қытай шабуылдарының бірінен кейін, атысулар болған жерлерге, Сәбиқан Пынар бастап барып аралатқан офицер екен. Ол соңғы сәтте Сәбиқанды танып: «Қалибектің адамы!» – деп айғайлап, атпаңдар деп тоқтатыпты. Әлгі үндістандық қолбасы Сәбиқан Пынарды танымағанда, біз үшеуміз мемлекеттік шекараны бұзған, «қытай әскерлері» ретінде саналып, атылып кеткендей екеміз. Әлгі үндістандық офицер бізге ымдап: барыңдар жүре беріңдер, – деді.
Біз дереу шаба жөнелдік. Алдымызда қашып бара жатқан екі қазақ баласын көрдік. Олардың бірі қазір Ыстанбұлда Зейтінбұрын ауданында тұратын қазақшыл, ұлтжанды азамат Сыдыққан Омарбайұлы Ұлышай екен. Сол кезде ол әлі онға тола қоймаған бала. Екіншісі де, ол кезде 6 жастағы Мұхамметбай Нұрсапаұлы Енгін-ді. Қазір ол Германияның Мюньхен қаласында тұрады. Оларды үндістандықтар су беріп қамқорлығына алды. Жалпы алғанда, ол сәтте үндістандықтарда бір мейірімділік аңғарылған-ды. Бірақ, оның мәнін байыптап түсінуге тырысарлық уақыт жоқ-ты.
Біз ол жерден сәл ілгерілеп едік, жалаң-аяқ, жалаңбас қашқан, қатын балалар жолықты. Бәрі шошыған, үрейлі еді. Даңқы бүкіл Еренқабырға бөктеріне таныс, атақты Иманқұлдың қызы, атақты Атамбайдың келіні, Нұрмұхаммет молла Атамбайұлының әйелі Қамила марқұм мен апам марқұм ішінде шұбырып келе жатқан әйелдерді кездестірдік. <...>.
Сонымен біз төбеге шықтық. Жаудың беті қайтыпты. <...>. Біз сол аянышты ауыр жағдайдағы күйімізде Үндістан әскерлерінің жанына барып үйірілдік.
Мұғжизе!... Мұғжизе! Үндістанның қабылдап виза беруі
Біз сол аянышты ауыр жағдайда үйіріліп тұрғанымызда, Үндістан әскерлері бізге жылы шыраймен күле қарай бастады. Сөйтсек оларға: «Бұларды Үндістан жеріне қабылдаңдар», – деген бұйрық түсіпті. Егер ол күні Үндістан бізді қабылдап, шекарасынан өткізіп алмағанда, біздің қытаймен атысып жүріп, бір бөліміміз қытайдың қолына тірі түсіп, қырылатынымыз сөзсіз-ді.
Сонымен, Үндістан әскерлері қару-жарағымызды тапсырып алды. Тізімімізді жасады. 174 кісі едік. Сол күні және ертеңінде, шекараның Үндістан жағында түнедік. Бұл арада, талай опасыздықты бастан өткізіп, әбден қорқытып зәтте болып қалған кей кісілер:
– Әй осы кәпір (үндістандықтар) ана кәпірге (қытайға) бізді ұстап беріп жүрмесін?!, – деген үрейлі күдікті ортаға салды.
Соған орай, шекарада тұрған екі күнді ұйқы-күлкісіз, үрей-қорқумен өткіздік. Шекарадан Ладақ – Кашмир жаққа қарай жүргенге дейін қобалжып қауіптендік.
Кейін естуімізге қарағанда, коммунист қытай үкіметі Үндістан үкіметіне нота тапсырып, бізді шекарадан кіргізбеуін талап етіпті. <...>. Тағы кейін естуімізше, Үндістан үкіметі оған: «Міне шекарада отыр. Қайтарып әкет, болмаса халықаралық келісімдерге сай біз қабылдауға мәжбүрміз», – депті. Сол үшін де, қытай әскерлері бізге 56 күннің ішінде едел-жедел үш рет шабуыл жасапты. <...>. Ең соңғы шабуылында да, қытай әскерлері бізді қайтарып әкете алмағаны үшін, Үндістан үкіметі бізді қабылдапты.
Сөйтіп, Тибет шекарасында қару-жарақ тапсырып, Үндістан жеріне өткеннен кейін, әскерлердің қоршауында, жаяу-жалпы жүріп 14 күнде Үндістанның шекарадағы әкімшілік орталығы Ладақ деген шағын қалашыққа жеттік.
<...> Ладақтағы үкімет кісілерінен және ұйғыр саудагерлерден естуімізше, Тибеттің Сарыжонында бізден озып кеткен Құсайын, Сұлтаншәріптер, жолда ешқандай жаумен қарсыласпай және Үндістан шекарасында виза күтіп зарықпастан Ладаққа келіп, одан Кашмир өлкесінің астанасы Сиринагер қаласына кеткен. Олардың ондай жолда жаусыз және шекарада кедергісіз өтуінің басты себебі, біріншіден: Тибет жерінің ол аудандарына қытай әскерлері дәл сол кезде жетіп үлгермегендігі. Ал олардың сол аудандарды басып өтіп кеткендігінен хабар алған коммунист қытай әскерлері, ол жолмен келетін басқаларды қолға түсіру шарасын қолданған. Сол үшін де «Қалибектің елі» жеті рет қытай әскерінің шабуылына душар болған. Екіншіден: олардың Үндістан шекарасынан кедергісіз өтуінің басты себебі, олар шекарадан өтіп кеткеннен кейін, коммунистік қытай үкіметі, Үндістан үкіметінен ондай «қашқындарды қабылдамауды» талап еткен.
(Екінші бөлімнің соңы)
Достарыңызбен бөлісу: |