ПАЛЕСТИНА-ИЗРАИЛЬ ЖАНЖАЛЫ: ШЫҒУ СЕБЕПТЕРІ МЕН БАРЫСЫ
Ілиясова К.М., - т.ғ.к., доцент м.а.
Жалмағамбетов Е.А.(Қызылорда қ., Қорқыт Ата атындағы ҚМУ)
Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін дүние жүзінің саяси картасында айтарлықтай өзгерістер болды. Соның бір айғағы Таяу Шығыста еврейлер негізін қалаған Израиль мемлекетінің пайда болуы . Бұл мемлекет ежелден еврей мен арабтардың қонысына айналған Палестина жерінде құрылған еді. Палестина - Египет пен Сирия арасында орналасқан.
Израильдің құрылуы қазіргі уақытқа дейін шешімін таппаған көптеген даулы мәселелерді туғызып келеді.
Б.з.д. 1 мың жылдықта Палестина жері Египет құрамында болатын. Кейіннен Арабия түбегінде ислам діні пайда болғаннан бастап 1 араб халифы Омар Палестина жерін жаулап алады. Кейіннен бұл жер Осман империясының қол астына өтті. Палестина жеріндегі қасиетті Иерусалим қаласы еврейлер мен христиандар және мұсылмандар үшін киелі жер болып саналады.
1918 жылға дейін Осман империясының құрамында болған Палестина жері империя ыдырағаннан кейін Ұлыбританияға мандаттық жүйе негізінде берілді. 1919 жылы бұл территорияда 568000 араб мұсылмандар, 74000 христиандар және 58000 еврейлер тұрды/1/. Палестинаға еврейлердің иммиграциясы Ұлыбритания мандатығы кезінде күшейді. Британ үкіметі жылына 10000 еврейлер келуіне квота бөлді, сөйтіп Палестинадағы еврейлердің санының өсуі үшін жағдай жасалды. Жалпы еврей мемлекетін құру ісі XX ғасырдың басында-ақ көтерілгенін аңғаруға болады.
Палестина жерінде еврей мемлекетін құруда екі ұлы державалардың АҚШ пен КСРО-ның ықпалы зор еді. АҚШ сол кезден-ақ сионистік ұйымдардың ықпалында болды. Ал XIX ғасырда сионистік ұйымдар Израилді құруда зор жұмыстар жасады. Иерусалимдегі Сион тауы атауынан шыққан сионизм еврейлердің реакциялық шовинистік және буржуазиялық саясаты болғандықтан, негізгі мақсаты Палестина жерінде еврей мемлекетін құру және бүкіл дүние жүзіндегі еврейлерді осы жерге шоғырландыруға бағытталды.Сионистердің басында 1897 жылы құрылған Дүние жүзілік Сионистік ұйым тұрды.Орталығы АҚШ және Израиль мемлекетінде орналасқан/2/.
Израиль мемлекетін құруда КСРО- да өзіндік мүддесін ойлаған. 1947 жылы Палестинада 614000 еврейлер тұрып жатты/3/.Бұл 1919 жылмен салыстырғада 10 есеге өскен. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде фашистік террордан бас сауғалаған еврейлер Палестина жерінен пана тапты. Осы жерде айта кететін жәйт Дүние жүзілік сионистік ұйым Еуропадағы еврейлерді Палестинаға шоғырландырып,осы жерде еврей мемлекетін құру мақсатын көздеген болатын.
1952 жылы 12 қаңтарда Венгрияның астанасы Будапеш қаласында Европалық Равиндер кеңесінде сөйлеген сөзінде Эммануил Рабинович : « Біз екінші дүние жүзілік соғыс кезінде өзіміздің адамдарымызды (еврейлерді) құрбан етуге мәжбүр болдық. Бұл біріншіден бізге,фашистердің жасаған зұлымдықтарын айғақтайтын куәгерлер мен нақты тарихи құжаттарды жеткізді. Сол арқылы дүние жүзінедегі еврей халқына жанашырлық танытып, еврей мемлекетін құруға өз септігін тигізу үшін жасалынған барлық шараларды қолдануға итермеледі. Біздің отандастарымыздың төгілген қаны жауапсыз қалған жоқ, сонымен бірге бұл біздің мақсаттарымызға жету үшін төлеген құнымыз онша көп те емес» деген болатын/4/.Бұдан сионистік ұйымдардың өз мақсатына жету үшін батыл істерге бара алатындығын көреміз.
1948 жылы Палестина жерінде Израиль мемлекеті құрылады. Палестина мәселесі бойынша 3 жоба қарастырылған. Бірінші жоба бойынша 1943 жылы құрылған Ливан мемлекеті сияқты мемлекет құру ойластырылған. Екінші жобаға сәйкес Югославия немесе Швейцария типіндегі мемлекет құру. Ал, үшінші жобада Палестинада екі дербес мемлекет- еврей және араб мемлекеттерін құру көзделді.Ал,Иерусалим қаласына «ашық қала» мәртебесін беру мәселесі назардан тыс қалмады.
Израиль мемлекетін құруда АҚШ-та мүдделі болды. Ал КСРО неге үшінші жобаны қолдады деген сауалға келсек, көптеген жылдар бойы біз еврей мемлекетін құруда АҚШ-тың үлесі басым деген көзқараста болдық, ал шын мәнісінде КСРО-ның көмегінсіз, дәлірек айтсақ И.В.Сталиннің тікелей араласуынсыз Израиль мемлекетін құру мүмкінде емес еді. Неге десеңіз, біріншіден КСРО үшінші жобаны қолдады. Екіншіден, дүние жүзінде ол кезде КСРО-ны билеген И.В.Сталиннің беделі күшті болатын. Үшіншіден, БҰҰ-да КСРО саяси салмағы бар басқа да мемлекеттер арасында беделді зор елдердің бірі болактын.И.В.Сталиннің Палестина жерінде еврей мемлекетін құру жобасын қолдауындағы басты мақсаты- араб мемлекеттерін өзіне қарату еді. И.В.Сталин Израиль мемлекетін құруды жақтаған АҚШ араб елдері арасында беделінен айырылып қалады, содан кейін араб мемлекеттері КСРО-мен тығыз қарым-қатынас орнатады деп ойлады/5/.
И.В.Сталиннің осындай ой-тұжырымдары кейіннен нақты іске асырылды. Көптеген араб елдері КСРО-мен байланыстар орната бастады.Ал, Египет,Сирия,Иордания мемлекеттерімен достық, қарым-қатынастар нығайып, беделі өсті.1947 жылы 28 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сайлау нәтижесінде көпшілік дауысқа ие болған Палестина жеріндегі ағылшын мандаты жойылды,1948 жылы мамыр айында бұл жерде еврей және араб мемлекеттерін құру шешілді . 1948 жылы 14-15 мамырда О.Бан-Гуриан Израиль мемлекетінің құрылғандығы туралы мәлімдеп, тәуелсіздік декларациясын жариялады /6/
1948 жылы Израиль әскерлері 7 араб елдерінің жеріне басып кіріп, бірінші Араб-израиль соғысын бастады. Бұл соғысқа араб елдері Египет, Сирия, Ливан, Иран, Иордания, Сауд Арабиясы және Йемен қатысты. Нәтижесінде Израиль айтарлықтай жерлерді басып алды. Ал, Иордания Иордан өзенінің батыс бөлігін, Египет Газа секторының өзіне бағындырды. 1948-1949 жылдары алғаш рет босқындар мәселесі шықты. Соғыс жылдары Палестинадан 900 мыңдай араб босқындары көршілес жатқан араб мемлекеттеріне кетуге мәжбүр болды/7/. Бұл соғыстағы әскери іс-әрекеттер еврей мемлекетінің жер көлемін ұлғайтуға, сонымен бірге дүние жүзілік аренада өзінің күш-қуатын көрсетуге бағытталды.
1948-1953 жылдары Израиль премьер-министрі, қорғаныс министрі қызметін атқарған О.Бен-Гуриан бірінші Араб-израиль соғысында үлкен рөл атқарды .Ол Израиль мемлекетінің арабтарға қарсы соғысын бастап, Таяу Шығыстағы тіке-тірестің негізін салушы ретінде танымал. Бұған қоса сионистік ұйымдардың да дүние жүзіне бүгінге дейін ықпалы зор болып отыр. Сионистік ұйымдар арабтардың көптеген мемлекеттерінде де жұмыс жасады. Әсіресе ірі араб мемлекеті саналатын Египетте сионизм кеңінен құлашын жайды. Каирде Сионистер «Сионистік журнал», «Израиль журналы» атты басылымдарды үш тілде жарыққа шығарды/8/. Жалпы сионистік ұйымдар Израиль мемлекеті арқылы араб елдерін бағындыруды мақсат етеді. Өйткені, Араб елдері Ұлыбритания және АҚШ-тың ықпал аймағы болған. Осы тәуелділікті ұстап тұру үшін бұл мемлекеттер барлық мүмкіндіктерді қолдануға тырысты. 1952 жылғы шілде революциясынан кейін Египет өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Тәуелсіздік алғаннан Египет Суэц каналын национализациялады. Бұл ағылшын, американ капиталистеріне тиімсіз еді. Себебі Суэц каналы Еуропадан Азияға (Үндістан мен Қытайға) теңіз арқылы шығатын ең жақын жол болатын.
Қорыта келгенде, XX ғасыр басынан бастау алатын еврейлердің дербес мемлекетін құру идеясының екінші дүние жүзілік соғыстан кейін қайта жаңғырып, Палестина жерінде Араб және Израиль мемлекеттері өмірге келді. Екі ел арасындағы үздіксіз соғыстар, тек осы екі мемлекетке қатысты аралық жанжал емес, сол аймақтағы 20-дан астам араб елдеріне қатысты соғыс деуге толық негіз бар.
Әдебиеттер
1. Медведев Р., Медведев Ж. Неизвестный Сталин, М., 2007 374 б.
2. Советский Энциклопедический словарь, М., 1981 1224 бет.
3. Медведев Р., Медведев Ж.Неизвестный Сталин, М., 2007 375 б.
4.www.rance.com “ Full Speech of Rabbi Emmanuel Rabbinoitch in Budapest in 1952”
5. Медведев Р., Медведев Ж. Неизвестный Сталин, М., 2007 380 б.
-
Новейшая история стран Азии и Африки. XX век. В 3-тех частях, часть 3. 1945-
-
2000 Учебное пособие. М., 2004 43 б.
7. Василеев М. История Востока, В 2-х томах. Том 2. М., 1998
8. Агарышев А. Насер, М., 1975 42 б.
РЕЗЮМЕ
Статья посвящена истории образования Израиля, палестинско-израильским отношениям конца 40-50-х годов ХХ в.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Израиль мемлекетінің құрылуы, Х ғасырдың 40-шы ж.аяғы-50-шы жылдардағы Палестина мен Израйль қарым-қатынастары тарихы айтылған.
ДЕРЕКТАНУ ЖӘНЕ ТАРИХНАМА
БЕҒАЗЫ-ДӘНДІБАЙ МӘДЕНИЕТІ ТАРИХИ ЕҢБЕКТЕРДЕ
Бакаева Г.Е. - оқытушы, Қалдыбаев С.О. - оқытушы
(Алматы қ., Қазмемқызпи)
Әлемге Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген атпен танылған қола дәуірі бүгінгі Қазақ елінің б.з.д.1-3 мыңжылдықтағы тарихын қамтиды. Қола дәуірінің соңғы да ең жоғары даму сатысына жататын Беғазы кешені Ақтоғай ауданындағы Беғазы тауының етегінде 10 гектарға жуық жерді алып жатыр. Көне заманның жойқын белгілері Беғазы тауының бір тармағында сақталғандықтан Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталған. Бұл мәдениетке тән бір қасиет, ол, бірінші жағынан, андронов дәстүрін сақтайды, екінші жағынан, онда жаңа элементтер: мазарлардың айрықша типі, өзіндік өзгешелігі бар жерлеу салты, қыш ыдыс-аяқтардың жаңа түрлері пайда болады. Мәйіттерді бүктеле жатқызып қоюмен бірге, оларды шалқасынан жатқызып қою да кездеседі. Бұл мәдениетті ашып, кең тұрғыдан насихаттауға ең алдымен Әлкей Марғұлан зор еңбек сіңірді.
Беғазы-Дәндібай мәдениетіне қатысты Ә.Х.Марғұланның «Бегазы-дандыбаевская культура Центального Казахстана» атты еңбегінің алатын орны ерекше. Бұл еңбек 1979 жылы жарық көрген. Ғылыми еңбек алғысөзден, кіріспе бөлімнен, 6 тараудан тұрады.
Қарастырылып отырған Беғазы - Дәндібай мәдениеті мәселесі жоғарыда аталған еңбектің ІІ тарауында көрініс тапқан. Бұл тарауда Орталық Қазақстанның әр уақыттағы ескерткіштерінің ішінен қола мәдениеті дамуының шарықтау кезеңіне тән ескерткіштер кешені ерекше айқындалады. Автор өз уақытында ұзақ жылдар бойы бұл ескерткіштер белгісіз болғандығын, оларды тек соңғы 30 жылда ғана Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы ашып, зерттегендігін айтқан. Ғылымға бұл Беғазы - Дәндібай мәдениеті деген атпен енген болатын.
Автордың көрсетуінше Орталық Қазақстандағы қола мәдениетінің соңғы кезеңіндегі ескерткіштердің бұл тобы Оңтүстік Сібірдің қарасуық мәдениетіне және жергілікті ертесақ мәдениетіне сәйкес келген. Зерттеуші Беғазы - Дәндібай мәдениетін Орталық Қазақстандағы қола мәдениетінің заңды және дамыған түрі екендігін ескерткен /1.61/.
Алайда мәдениеттің шығу тегі жөнінде біржақты пікір болмаған. Бұл мәселе деректік қордың аздығымен, Қазақстанның қола мәдениеті жөнінде фундаментальды материалдардың жоқтығымен түсіндірілген. Мысалы, қола мәдениетінің соңғы кезеңі болып табылған қарасуық типі Қазақстанда болмаған, ал аймақтағы басты андронов мәдениеті ерте сақ кезеңіне өткен деп есептелген. Дәндібай ескерткіші сол уақытта Орталық Қазақстанға тән емес бірегей ескерткіш болған. Ол ескерткіштен тек қана қарасуық мәдениетінің батыс шекарасын және батыстық нұсқасын қарастырады .
Қазақстан территориясында андронов мәдениеті мен ерте сақ мәдениетінің арасындағы өтпелі кезең болмаған деген пікірді қолдаған С.С.Черников болған. Ә.Х.Марғұлан андронмен ешқандай сәйкестігі жоқ кейінгі қола дәуірінің дәндібайлық классикалық ескерткішін ол андрон мәдениетінің соңғы кезеңіне жатқызған деп көрсетеді. С.С.Черниковтың пікірі мынандай болған: «Андроновская культура,когда-то яркая, самобытная и сильная, изживает себя, переходя в культуру ранних кочевников» /2.69/.
С.С.Черниковтың бұл пікірімен Ә.Х.Марғұлан келіспей өз тарапынан археологиялық ескерткіштерге дифференциалданбаған тұрғыдан қарау даму заңдылықтарын дұрыс түсінуге және б.э.д ІІ-І мыңжылдықтардағы Қазақстанның ежелгі қоныстанушыларының мәдениетіндегі өзгешеліктерге кедергі жасайды деген тұжырым жасаған.
Орталық Қазақстанның қола дәуіріндегі бай материалдарды зерттеу, жаңа ұрпақтың өздерінің ата-бабаларының салт-дәстүрін сақтай отырып, жаңа мәдениет түрін жасағандығын көрсетеді. Мұны әсіресе құрылыстық мәдениет ескерткіштерінен керамика және бір-біріне ұқсамайтын, әр кезеңде ерекше типологиялық топты құрайтын қола бұйымдарынан көреміз. Дегенмен Ә.Х.Марғұлан тарихи дамудағы әр түрлі сатылардың ерекшеліктерін біртұтас біріктіру дұрыс емес деп тапқан. Сонымен қатар С.С.Черниковтың кейінгі қола дәуірін кезеңдеуі мен аймаққа бөлудегі жасаған байламын әділетті деп санамаған. Автор бұл зерттеуші жапсырмалы білікті керамиканы ерте андрон уақытына апарып көнелендірмек болған дейді /1.62/.
Жапсырмалы білікті керамиканың кейінгі қола кезеңіне тән екендігін М.П.Грязнов дәлелдеген. Ә.Х.Марғұлан М.П.Грязновтың көзқарасының әділдігін Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің қоныстарындағы (Суық-Бұлақ, Шортанды-Бұлақ) материалдардың көптігі, жапсырмалы білікті керамиканың алдыңғы қатарларда тұруы дәлелдейді деп көрсеткен.
Ә.Х.Марғұлан біз басшылыққа алып отырған ғылыми еңбегінде беғазы - дәндібай уақытындағы бір топ ескерткіштердің ашылуы олардың туыс мәдениеттермен, әсіресе Оңтүстік Сібірдегі қарасуық мәдениетінің арасындағы қарым-қатынас жөнінде мәселені алға қоятындығын баяндай келе қарасуық мәдениетінің шығуы туралы бір қатар шетелдік зерттеушілердің пікірлеріне тоқталған. Өз уақытында автор қарасуық мәдениетінің шығуына байланысты төрт қарама-қайшы көзқарастың қалыптасқандығын айтқан. Автордың көрсетуінше ғалымдардың бір тобы қарасуық мәдениетін инь мәдениетінің әсерінен пайда болған деп есептеген. Зерттеуші бұл гипотезаның швед ғалымы Б.Карлгренаның еңбегінде көрініс тапқандығын көрсетеді. Ә.Х.Марғұланның еңбегінен көріп отырғанымыздай Б.Карлгренаның теориясына тағы бір швед ғалымы Андерсон қарсы шыққан. Ол көп жылдар бойы Ганьсу, Цинхай, Хэнань провинцияларында, Хуанхэ өзенінің жоғарғы аңғарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Көп жылдық бақылауының негізінде Андерсон Ордос қоласы Оңтүстік Сібірден шыққан деген нақты шешімге келген. Андерсонның мұндай шешімге келуін Ә.Х.Марғұлан былай түсіндіреді: «Он имел в виду историческую географию,по которой провинция Ганьсу с Ордосом не входила в состав древнего Китая, а составляла особый регион, населенный северо-западными скотоводческими племенами, больше связанными с Южной Сибирью. В древнекитайских анналах этот район охарактеризован как территория,населенная скотоводами-жунами» /1.62-63/.
Ағылшын ғалымы В.Ватсон қарасуық мәдениетінен автохтонды дамуды көруге тырысқан. Ол қарасуық мәдениетінің негізінде Оңтүстік Сібір өнері жатыр деген байлам жасаған.
Ғалымдардың келесі бір тобы шындықтан алыс көзқараста болған. Олар қарасуық мәдениетінің шығуын Батыс Иранмен байланыстырған. Н.Л.Членовтың ойынша қарасуық мәдениеті Батыс Ираннан шығысқа қарай келген. Алдымен мәдениеттің негізі Ауғаныстанда болған, одан кейін Синьцзянға, Синьцзяннан Монғолияға, Ордосқа, Байкал мен Минусинск шұңқырына енген.
Н.Л.Членов Пауэлла мен басқа да европалық ғалымдардың идеясын жалғастыра отырып луристандық мәдениетті Орталық Европаға дейін әкеліп, оның гальштат мәдениетіне тигізген әсерін анықтамақ болған /3.7/.
Біз басшылыққа алып отырған еңбекте бұл қате көзқарас критика барысында әділ бағаланған деп көрсетіледі /1.63/.
Таяу Шығыстан қарасуық мәдениетінің миграциясы мен оның ежелгі Қытай мәдениетіне әсері жөніндегі идеяны дамытқан Л.С.Васильев болды. Р.Гиршманның, Э.Порадтың, Э.Террастың, Дейсонның, П.Кальмейердің зерттеулері бойынша луристандық қола Оңтүстік Сібірдегі қарасуық мәдениетінен біршама кейін пайда болған.Р.Гиршман луристан қоласын үш кезеңге бөледі: ерте (б.э.д XII-XI ғғ), орта (б.э.д X-IX ғғ), кейінгі (б.э.д VIII-VII ғғ). Ал Э.Порад луристан қоласын б.э.д X-IX ғғ, Дейсон, Э.Террас барлық кешенді б.э.д IX-VIII ғғ, П.Кальмейер б.э.д VIII-VII ғғ. деп көрсеткен. Р.Гиршман Иранда көпжылдық археологиялық зерттеу жұмысын жүргізе отырып луристан қоласының шығуын Азиямен байланыстырады. Оның пікірінше Гиссара қонысындағы ІІІ мыңжылдық боялған керамика Трансоксониядан ауып келген тайпалардың негізінде жаңа мәдениеттің пайда болуы нәтижесінде сазбалшықпен араласқан .
Ғалымдардың үлкен бір тобы қарасуық мәдениеті жергілікті андрон дәстүрінің негізінде жатыр деген принципті ұстанған. Ә.Х.Марғұлан бұл принцип нақты тарихи фактілерге негізделгендіктен қарасуық мәселесін шешуде көп көмегін тигізеді деп санаған. Кезінде Г.П.Сосновскийде қарасуық мәдениеті Минусинск котловинасы мен Забайкальда жергілікті негізде дамыған деген тұжырым жасаған.
М.П.Грязнов қарасуық мәденетінің андроннан шығуы шаруашылықтағы ұқсастықтарға байланысты деген. Оның пайымдауынша қарасуық мәдениетіндегі жаңа элементтер Байкал мен Монғолия алқаптарындағы тайпалардың өзара мәдени үрдісінде пайда болған.
Автор С.В.Киселевтің қарасуық мәдениетіне сырттан келген әсерді айтуда біраз асыра сілтеушілік жасағандығын алдыға тартады. С.В.Киселевтің ойынша қарасуық ыдыстарындағы геометриялық өрнектер ертеандроновтық өрнектің дамыған нәтижесі болып табылады. Қарасуықтық қола құрал-саймандар мен қару-жарақтарда батыстық байланыс байқалмаған /1.64/.
Ә.Х.Марғұланның еңбегінен байқауымызша өте жоғары деңгейде дамыған тас архитектура Беғазы - Дәндібай ескерткішінің өзіндік ерекшелігі болып саналады. Зерттеуші Беғазы-Дәндібай мәдениетінің құрылысын қарасуық мәдениетімен салыстыра отырып қарастырған. Оның баяндауынша Беғазы - Дәндібай мәдениетінің құрылысы жоғары дамыған техникасымен және бай жасалуымен ерекшеленген. Автор беғазыдәндібайлықтардың құрылыс мәдениетіндегі жетістіктердің дәлелі ретінде Жезқазған, Атасу, Бұғылы І,ІІ типіндегі кең металлургиялық қоныстар мен баспана құрылысының қалдықтарын атайды. Ә.Х.Марғұланның көрсетуінше Атасу, Бұғылы І,ІІ, Тағыбай-Бұлақ қоныстарының тас қабырғалары бірнеше ондаған жылдарға шыдас беретіндей етіп салынған. Сонымен қатар тарауда Беғазы - Дәндібай керамикасына да ерекше көңіл аударылған. Еңбектен көрініс тапқандай Беғазы - Дәндібай керамикасы қарасуық керамикасынан пішіні жағынан әр түрлілігімен, бұйымдар қатарының кеңдігімен, сапасының жоғарылығымен ерекшеленген.
Сондай-ақ бұл еңбекте беғазы мәдениетінің қарасуық мәдениетінен айырмашылығы ескерткіштердің кеңдігі арқылы көрініс тапқан. Мәселен,автор мынандай ескерткіштер тобын көрсетеді: Жезқазған, Саяқ, Алабұғы, Үрпек, Имантау, Қызылеспе, Шақпақ, ежелгі мыс балқыту орталықтары Жезқазған (Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл), Саяқ ІІІ, ІV, Суық-Бұлақ,Тағыбай-Бұлақ, Атасу, Шортанды-Бұлақ, Қарқаралы І, ІІ, ірі қоныстар-Бұғылы І, ІІ, Атасу І, Шортанды-Бұлақ, Ақкезен, Қарқаралы І және ІІ;плотина түріндегі ірі гидротехникалық ғимараттардың қалдықтары, құрбандық шалатын орындар секілді
Зерттеуші бұл мәліметтердің бірнеше ғалымдардың Орталық және Солтүстік-Шығыс Қазақстанның алдыңғы скиф мәдениеті тек Енисейдегі қарасуық мәдениетінің ықпал етуінен туындаған деп орныққан пікірлерінің жалғандығын әшкерелеп беретіндігін нық сеніммен көрсеткен /1.66/.
Автор беғазы мәдениеті ерекше этникалық мәдениеттің дамуы болып табылмайтындығын айтқан. Оның көрсетуінше бұл мәдениет ұзақ уақыт бойы заңды жолмен біртіндеп орта қола мәдениетінен бөлініп шыққан. Сол ұзақ уақыт ішіндегі негізгі сатылар Атасу өзенінен Ертіс өзеніне дейінгі аралықта кең тараған ескерткіштер тобымен белгілі өтпелі кезең болып табылған. Зерттеуде көрсетіліп отырғандай Орталық Қазақстан тайпаларының этникалық құрамында еш өзгеріс болмаса да,олардың тұрмысында,мәдениетінде алға басу байқалған. Олар архитектура - құрылыс өнерінде, керамика және металл өңдеуде көрініс тапқан жаңа өндіріс түрінің өсуімен байланысты болған .
Ә.Х.Марғұлан бұл еңбегінде Беғазы ескерткішінің уақыт межесі жөнінде бірер ауыз сөз еткен. Зерттеуші Беғазы кешенінің уақытына байланысты әр түрлі пікірлердің бар екендігін айтқан. Зерттеуден байқап отырғанымыздай Беғазы кешенінің уақытына байланысты бірінші қателік Л.Р.Қызыласов пен Ә.Х.Марғұланның алғаш жарияланған материалдарында кеткен. Онда Беғазының уақыты б.э.д VII-VI ғғ. деп белгіленген /4/.
Автор оның себебін Беғазының үлкен тасты мавзолейлерін Забайкальдың плита қоршауларымен қате салыстыруда деп көрсеткен. Жоғарыдағы уақытқа сәйкес келмейтіндігіне Беғазы 2 мавзолейіндегі садақ ұштары да дәлел болған, олар скиф садақтарының түп тұлғасы болған .
Беғазы кешенінің уақытын алғаш дұрыс анықтаған С.В.Киселев. Ол кешеннің уақыт межесін б.э.д ХІІІ-Х ғғ. деп берген /5.158/.
М.П.Грязновтың бақылауынша қола найзаларының ұшы алдыңғы скиф уақытында пайда болған пішіндерге тән болған. Ол кешеннің нақты әрі ғылыми дәлелденген уақыт межесін берген.
Ә.Х.Марғұлан өз уақытында көптеген еңбектерде Беғазы ескерткішін 200-300 жылға жасартып нақты емес уақыт межесін заңдастыруға ұмтылыс жасалғандығын айтып өткен. Автордың көрсетуінше М.П.Грязнов Беғазы кешенін даталауға забайкаль мен монғолдық плита қоршауларының негіз бола алмайтындығын, беғазы плита қоршауларын Забайкаль мен Монголияның обаларымен салыстыру еш күмән тудырмайтын қателік болып табылғандығын дәлелдеп берген. Беғазы тас мавзолейі өзінің масштабымен ғана емес, сондай-ақ қабырға құрылысының мықтылығымен, әсіресе андронов дәстүріне апаратын көптеген архаикалық элементтері бар мәдениетімен ерекшеленген /1.67/.
Ә.Х.Марғұланның зерттеу еңбегінің біз қарастырып отырған тарауынан беғазы-дәндібай мәдениетінің ескерткіші Беғазы моласы туралы толыққанды мәлімет алуға болады. Бұл тарауда Орталық Қазақстанның кейінгі қола дәуірінің ескерткіштерінің ішінен Беғазы тас мавзолейі ерекше аталады. Тараудан байқап отырғанымыздай Беғазы мавзолейі Жезқазған облысындағы Ақтоғай ауданының территориясындағы Қызыл-Арай мен Беғазы тауында орналасқан. Бұл алып құрылыс ірі гранит кесектерінен салынған.Құрылыстың циклдік қабырғалары және үлкен гранит блоктары қазақ халқының мұндай құрылыстарды «алыптың орны» немесе «мықтын үй» деп атауларына себеп болған. Автор еш күмәнсіз Беғазы типіндегі құрылыстарды қола мәдениетінің даму кезеңінде пайда болған деп көрсеткен /1.69/.
Автор құрылыстық конструкцияның негізгі идеясындағы жобаның нақтылығын, әсіресе ірі гранит плиталармен қапталған қабырғалар конструкциясын, олардың төменгі бөлігінің шой таспен толтырылуын, шатырды жабу идеясындағы шешімдерін, қабырға құлап қалмауы үшін қойылған тіреуді және тағы басқаларды беғазы құрылысының барлығына тән белгілер деп берген.
«Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана» еңбегінің біз қарастырып отырған тарауында ауқымды орынды Дәндібай ескерткіші алады. Дәндібай обасын 1933 жылы М.П.Грязнов ашқан.Ескерткіш Қарағандыдан оңтүстік-батысқа қарай 60 шақырымда Шерубай-Нұра өзенінің оң жағалауында орналасқан. Дәндібай обасы Орталық Қазақстандағы қола дәуірі ескерткіштерінің маңызды бөлігін құраған. Ә.Х.Марғұлан Дәндібай кешенін қазу барысында 11-ші қоршау қызықты нәтижелер берді деген /6.216/. Зерттеушінің көрсетуінше Дәндібай обасының құрылысы толығымен Орталық Қазақстандағы кейінгі қола дәуірінің қабір құрылыстарының конструкцияларымен сәйкес келген. Олардың қатарында Беғазы, Бұғылы ІІІ, Саңғыру І, ІІІ, Ақсу-Аюлы ІІ аталады. Автордың сипаттауынша қоршаудың дәл ортасында жерлеу бөлмесі орналасқан. Қоршау қабырғасының ішінен тереңдігі 1,2 метр болатын ор қазылып, екі қатар болып тастар қаланған екен. Ішкі қабырғаның размері 5,2х5,2 метр, биіктігі-2 метр,қалыңдығы-0,8 метр. Сыртқы қабырғасы сопақша таспен қаланған. Размері 9,8 метр, қалыңдығы-0,5 метр, биіктігі-0,7 метр. Сыртқы қабырға мен ішкі қабырғаның арасынан ұзындығы 3 метр болатын өтпелі коридор жүргізілген. Коридор ішкі қабырғадан жоғары орналасқан /7.3-52/. Зерттеуші коридорды алтарь мағынасында болған деп көрсеткен. Мұнда отқа табыну және өлгендерге арнап құрбандық шалу рәсімдері жүргізілген. Зерттеуден көрініс тауып отырғандай ішкі төртбұрышта пирамида пішіндес қақпақ болған. Оның тек сынықтары ғана сақталған екен. Ол М.П.Грязновтың мұқият жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қалпына келтірілген. Байқауымызша оба тоналған. Ә.Х.Марғұланның баяндауынша тонаушылар құрылыстың оңтүстік бөлігін бұзып кірген. Онда бас сүйегі жоқ адам қаңқасы ретсіз шашылып жатқан. Тонаушыларды аса қызықтыра қоймаған қыш ыдыстар және металл заттары жерлеу бөлмесінің әр бұрышында орналасқан. Бөлмеде қойдың, жылқының сүйектері түріндегі құрбандық азықтарының қалдықтары болған. Бөлмелер мен тас қирандылардан 12 ыдыс, екі қола садағының ұшы,қыспа ретуш техникасымен даярланған миндал тәріздес тас құрал қолға түсірілген. Бұл құралды автор М.П.Грязновтың анықтауынша тері өңдеуге пайдаланған деп болжайды /6.218/.
Беғазы-Дәндібай мәдениетіне қатысты мағлұматтар К.С.Алдажұманов пен А.З.Бейсеновтың редакциялығымен шыққан «Восточная Сарыарка. Каркаралинский регион в прощлом и настоящем» еңбегінде де көрініс тапқан /8/. Бұл еңбектің 3 бөлімі толығымен беғазы - дәндібай кезеңіне арналған. Бөлімнің І тарауында Беғазы - Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері мен зерттелу тарихы қарастырылған. Тарауда б.э.д.13-12 ғасырларда Орталық Қазақстанның андрон тайпаларының материалдық мәдениетінде, шаруашылық-мәдени типінде өзгерістер болып, қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері арқылы көрініс тапқан жаңа кезең басталды деп баяндалады /8.148/. Сонымен қатар М.П.Грязновтың Дәндібай обасына жүргізген зерттеу жұмысына қысқаша тоқтала отырып,зерттеушінің қабірге берген сипаттамасы көрсетіледі. Мәселен, белгілі қабір былай сипатталған: «В яме глубиной 1,2 м устроено квадратное в плане массивное сооружение площадью свыше 27 кв.м (5,2х5,2 м). Стены его толщиной до 60 см и высотой около 70 см сложены из бутового камня. Основа крыши представляла собой пирамидальный бревенчатый сруб в 4 звена, накрытый сверху бревенчатым же накатом из 12-14 бревен. Пирамидальная форма сруба достигалась тем, что бревна каждого нового звена укладывались на 15-20 см ближе к центру сооружения.Так как в месте соединения бревен друг с другом пазов не вырубалось, наклонные стены сруба имели просветы шириной в толщину бревна. Стены ограды сложены из крупного бутового камня.Толщина их была, вероятно, 40-50см, высота неопределима...» /9.131/.
Еңбектен байқап отырғанымыздай ұзақ уақыт бойы Дәндібай материалдары бірегей болып саналған. Бірақ ҚазССР ҒА-ның Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 1940 жылдың аяғында жарқын материалдарымен жаңа обаларды ашқан. 1947 жылы Беғазы обасында қазба жұмысы басталған. Беғазы обасынан ауданы 10 га болатын андронов қоршауларынан қазақ мазарларына дейінгі уақыт аралығына тән обалардың құрылысы табылған.
Сарыарқаның қола дәуірі бойынша алғаш материалдарды талдап қорытындылаған К.А.Ақышев болды. Ол Орталық Қазақстандағы андронов мәдениетін федоров және алакөл кезеңіне бөліп,кейінгі қола кезеңін дәндібайлық деп атаған /10.9/.Бұл кезең мәдениеті жөнінде қарастырылып отырған еңбектен К.А.Ақышевтің мынандай тұжырымдарына көз жеткіземіз: «бұл кезеңнің мәдениеті қарасуық мәдениетінің әсер ету нәтижесі емес, ол алакөл кезеңіндегі мәдениеттің даму нәтижесі». К.А.Ақышев беғазы-дәндібай мәдениетін автохтонды негізде пайда болған дей отырып С.А.Киселевтың: «бұл обадағы керамика Оңтүстік Сібірдің қарасуық мәдениетіндегі ыдыстарға жақын» деген пікіріне қарсылық танытқан /8.149/. Мұның негізінде С.В.Киселев Беғазы мен Дәндібай ескерткіштерін Оңтүстік Сібірден қоныс аударушылар қалдырған деп есептеген /5.143-178/.
Басшылыққа алынып отырған еңбекте академик Ә.Х.Марғұланның кең масштабты экспедициялық жұмысының нәтижесінде Сарыарқа территориясынан қола дәуірінің ондаған қоныстары мен обалары анықталғандығы да айтылған. Зерттеушінің қола дәуіріндегі ескерткіштердің көпшілігі Қарқаралы мен Баянауыл тауларына шоғырланған деген пікірі де көрсетілген /8.149/. Бай шабындық пен руда шығатын таулы аудандар Орталық Қазақстанда қола мәдениеті дамуының басты ошағы болып табылған. Осы жылдары Суықбұлақ, Қарқаралы І, Қарқаралы ІІ, Бұғылы І,ІІ, Шортандыбұлақ қоныстарына қазба жұмыстары жүргізіліп, Еңбексүйгіш, Нарбас, Бұғылы ІІІ, Беғазы және басқа да обалардағы қабір құрылыстарының зерттелгендігі тілге тиек етілген.
Еңбектен көрініс тауып отырғандай 1970-1980 жылдары Е.А.Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің экспедициясы беғазыдәндібай кезеңінің жаңа ескерткіштеріне зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қарағаш, Еңбексүйгіш, Доңғал, Диірмен обалары мен Нүркен селосынан Қопа І, Кент тауынан Әкімбек, Доңғал, Домалақтас, Кент қоныстарына қазба жұмыстары жүргізілген екен /8.149/.
Қарастырылып отырған еңбекте беғазы-дәндібай кезеңінің шаруашылығы және материалдық мәдениеті жөнінде құнды мәліметтер енген. Беғазы-Дәндібай кезеңінде адамдардың өмірінде айтарлықтай өзгерістер болған. Андрондықтардың кешенді малегін шаруашылығының орнын отарлы мал шаруашылық алмастырған. Шаруашылықтың бұл түрінде жайылым қыстық және жаздық болып бөлінген /11.237/.
Беғазы-дәндібайлықтардың шаруашылығы негізінен табиғи болған. Қолөнер кәсібінде тұрғындарды қола бұйымдарымен, яғни қару-жарақ, құрал-сайман, әшекей бұйымдармен қамтамасыз еткен тау кен ісі мен металлургия ерекше айқындалған /8.152/.
Бұл еңбекте Беғазы-Дәндібай қоғамының өркениеттік деңгейі де қамтылған. Беғазы-Дәндібай қоғамы басында күшті көсемдері бар ірі біріккен тайпалық-көсемдіктерден құрылып, мемлекеттік құру сатысына дейін жеткен. Біріккен көсемдіктердің экономикалық, әкімшілік, саяси және идеологиялық орталықтары - Кент, Бұғылы ІІ, Шортандыбұлақ қалаларындағы қоныстар болған /8.156/.
Беғазы обасына қатысты Б.Әбеуовтың «Беғазы кешені» атты мақаласының да өзіндік орны бар. Мақалада қола дәуірінің соңғы да ең жоғарғы даму сатысына жататын Ақтоғай ауданындағы Беғазы тауының етегінде 10 гектарға жуық жерді алып жатқан Беғазы кешені туралы айтылған. Автор алдымен Ә.Х.Марғұланның басшылығымен жүргізілген зерттеу жұмыстарына тоқталған. Ол сол уақыттағы ұлы жаңалық - Беғазы-Дәндібай дәуірінің тұтас кешені болған дей отырып, Ә.Х.Марғұлан бұл кезеңнің қола дәуірдегі дамудың ең жоғарғы сатысы екенін дәлелдей отырып көшпелі халықтарда ешқандай өркениетті өрлеу-жазу, сызу, мәдениет, өнер болмаған деген тұжырымды жоққа шығарды деп көрсеткен /12/.
Беғазы кешенінде барлығы алты кесене болған. Б.Әбеуов Ә.Х.Марғұланның «Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты монографиясындағы мәліметтерге сүйене отырып бұл кешен қола дәуірі дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген тұста, патриархалдық-рулық қауымдастықтың тайпалық одақтарға біріге бастаған кезеңінде даңқты қолбасшылар мен атақты адамдарға салынған деп баяндалады. Оның ішінде аса аумақты бірінші және екінші кесенелерге сипаттама берген. Мақала авторы бірінші кесенені өзінің мөлшері мен сәулеттігі жағынан қола дәуірі мәдениетінің теңдесі жоқ аса ірі ескерткіш болып табылатындығын айтқан. Оның ойынша мұның өзі көне қазақ жерінде өркениетті дамудың болғандығының дәлелі саналған. Бұған қоса Беғазы кешеніне жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде қоладан жасалған әр түрлі тұрмыстық заттардың: қару-жарақтың, қыш ыдысаяқтардың, кен алып мыс, қалайы балқытатын орындардың табылуы да бұл дамудың соншалықты биік болғанын көрсетеді деген. Мақалада автор кесенелердің өте ертедеақ тонауға түскенін, сөйтіп алтын, күмістен жасалған аса бағалы ескерткіштердің қолды болғандығын айта кетуді жөн санаған /12/.
Бұл мақалада Дәндібай ескерткіші жөнінде де сөз болады. Автордың айтуынша Дәндібай ескерткіші Орталық Қазақстандағы қола дәуірі ескерткіштері кешенінің құрамдас бөлігі болып табылған. Онда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары қола дәуірінің тым көне кезеңіне тән емес дүниелердің бетін ашқан екен. Автор Беғазы-Дәндібай мәдениет дәуірінің біртұтас кешенінің сілемдерін бізге жеткізгендігін тілге тиек ете келе, оны сақтау және тарихи жазба деректермен қоса келешек ұрпақтарға қалдыруды борыш санай отырып мақаласын аяқтайды /12/.
Сөз соңында айтарымыз: қола дәуірінің соңғы да ең жоғарғы даму сатысы Орталық Қазақстанда жаңа мәдениет - Беғазы-Дәндібай мәдениетінің құрылуымен белгілі. Орталық Қазақстандағы көне дәуір ескеркіштерін зерттеу 1946 жылдан бастап қана шындап қолға алына бастаған. Сөйтіп ұлы ғалым Ә.Х.Марғұланның басшылығымен қазақ жерін мекендеген халықтар тарихының тұтас бір дәуірлері ашылып, ұлы жаңалықтар жасалды. Соның бірі осы Беғазы Дәндібай мәдениеті болып табылды. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне қатысты Ә.Х.Марғұланның «Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана» атты монографиялық еңбегі және т.б. авторлардың еңбектеріне қысқаша тарихнамалық талдау жасалып, авторлардың тұжырымдары мен кереғар пікірлері көрсетілді.
Әдебиеттер
1. Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. - Алма-Ата:,1979 -360 с
2. Черников С.С. Древняя металлургия и горное дело Западного Алтая. - Алма-
Ата ,1949 . – 315 с
3. Членова Н.Л.Карасукская культура // История Сибири. - У.,1964. Т.1 . - 323 с
4. Кызласов Л.Р., Маргулан А.Х. Плиточные ограды могильника Бегазы // Краткие
сообщения Ин-та истории материальной культуры. 1950. Вып . ХХІІ . – 298 с
5. Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири // Материалы и исследования по
археологии СССР.1949. № 9. - 364 с
-
Маргулан А.Х.Сочинения. В 14 томах. Том 1.Бегазы-дандыбаевская культура
Центрального Казахстана. - Алматы: Атамұра ,1998. - 400 с
-
Маргулан А.Х. Третий сезон археологической работы в Центральном
Казахстане // Изв. АН КазССР.Сер.археол. - Алма-Ата ,1951.№ 108 Вып.3. - 89 с
-
Восточная Сарыарка. Каркаралинский регион в прощлом и настоящем.
Под.редакцией К.С.Алдажуманова , А.З.Бейсенова . – Алматы ,2004 .- 598 с
-
Грязнов М.П. Памятники карасукского этапа в Центральном Казахстане //
Советская археология . 1952. Вып.16 . - 186 с
-
Акишев К.А. Эпоха бронзы Центрального Казахстана: Автореф.дис.канд.
ист. наук . - Л., 1953.- 18 с
11. Шнирельман В.А. Происхождение скотоводства . – М., 1980 .- 189 с
12. Әбеуов Б. Беғазы кешені // Сарыарқа 1994. 12 қыркүйек
Түйіндеме
Бұл мақалада Беғазы-Дәндібай мәдениетіне қатысты еңбектерге тарихнамалық талдау жасалады.
Резюме.
В статье авторы расматривают историографию Бегазы-Дандыбаевской культуры.
Достарыңызбен бөлісу: |