ҚАЗАҚ СТИЛЬ ТИПОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті А.Е.Айтбаева,
Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті магистр оқытушысы Жумагелдин Ж.Ш
Түркі әдебиетін тұтас алғанда, қазақ әдебиетін жеке алып қарағанда, онда жалпы ауыз әдебиетіне тән нормативтік эстетикадан, жалпы тұрақтанған формул-клишелерден тұратын әдеби канондарға қоса, дара әдеби стиль қалыптастыру талабы үнемі бой көрсетіп отырды. Бұл алдымен көне түркі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алып, кейінірек XV-XVIII ғасырларда жыраулар поэзиясындағы толғау жанрында айқынырақ танылды.
ХІХ ғасырда әнші-ақындар шығармашылығында бой көрсетті; осы тұстағы зар-заман ақындары жырларында өзгеше қырымен танылды. Шәңгерей жырларында сыршылдық кейіпте, Дулат поэзиясында әлеуметшілдік мұң-зар түрінде бедерленді; Абайдың дара ақындық стилі түрінде рәсімделді. Қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі, сонымен қоса тұтас стильдік кезеңі осымен аяқталады да, әдебиетте жаңа дәуірді, жаңа стильдік кезеңді белгілеп берген, «Абайдың классикалық стилі» деп атауға болатын кезең басталады. Бұдан соңғы ұлттық стильдік-көркемдік ізденістер осы Абай дәстүрімен және ХХ ғасыр басындағы жаңа тарихи-қоғамдық ахуалмен, әсіресе орыс және әлем әдебиетіндегі даму процесімен тығыз сабақтасады.
Стильді әдебиетке байланыстыра алғаш іргелі ой айтқан автор А.Байтұрсынов. Оның Абай шығармаларына берген «сөзі аз, мағынасы көп, терең» деген бағасы - ұлттық стиль тануымыздың басы деу жөн [1, 343] .
Ғалым Абай стилінің ерекшелігін сөзімен бағалап қана қоймай, жеке басының қасиеттерін - сөзді сезіне білуіне, сыншылдығына, білімділігіне байланыстырады. Осы ұлттық әдебиеттің стильдік тұрғыдан одан әрі дамуына бағдар болған (норма емес) Абай стилінің қадау-қадау ерекшеліктерін көрсеткен. Кейінірек ол атақты «Әдебиет танытқышында» «стиль» сөзін қолданбағанымен, «стиль» мен «стилистиканың» айырмашылығы мен арақатынасын көрсететін қазіргі жазушы «қолтаңбасы» (почерк), мәнері (манера) ұғымдарына жуықтайтын байламдар жасайды. Осы дәстүрді кейін Қ.Жұмалиев Абай жөніндегі зерттеулерінде жалғастырып, ақынның қазақ әдеби тілін түзудегі, сөзді поэтикалық контексте қолданудағы, өмірді әрі реалистік тұрғыда, әрі әсерлі бейнелеудегі ізденісін стильдік ізденістер тұрғысынан пайымдады.
Осы тұстағы М.Әуезов пікірінше, тіл - стильдің құралы ғана, анық стиль - ұлттық мінез, бейне жасайтын ақындық теңеу, кесте [2, 355]. З.Қабдоловтың пайымдауынша, стиль - жазушының бүкіл шығармашылығына тән идеялық бірлік және идеядағы, тақырыптағы, тілдегі ерекшеліктер [3, 280]. З.Ахметов: «Стиль - жазушының өмір шындығын танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға-бітімін танытқан даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы», - деген ой түйеді [4, 305].
Профессор Қ.Жұмалиев стиль ұғымын адамзат қоғамының өзгеруімен үнемі өсіп-дамып отыратын тарихи категориялық ұғым деп санайды. Сонымен бірге ол стиль мен әдіс, стиль мен бағыт арақатынасына көбірек көңіл бөлді, осыған орай стильді әлеуметтік құбылыс деп танып, туындының негізі - авторлық дүниетаным, ал шыңы - стиль деген тұжырым жасады. [5, 429].
Жинақтай келгенде, әдебиетіміздегі стильдің тарихи даму жолдарын екі арнада қарастырған дұрыс деп білеміз. Бірі - әдебиеттің дара стиль кезеңіне дейінгі стильдік көркемдеу құралдары. Екіншісі - авторы айқын түркі жазба ескерткіштерінде алғаш профессиональды негізде көрініп, кейін толғау жанрында айқындала түскен дара поэзия белгілері.
Қазақ әдебиетінің стильдік дамуында Абайдың ақындық стилінің ролі айрықша. Бұл стильдің айқын жаңалығы - Дулаттай өткенді көксеуден, яки Шәңгерейдей өз көңілін оңаша күйттеп кетуден емес, ақындық ноқтатұғыр ойды адамнан бастап, адаммен түйіндеп, соның бәрін өзіндік «Адам бол!» философиясына әкеп тіреп отыратындығы. Абайға дейінгі стильдік белгілер осы философия аясында жаңа әдеби стиль болып қорытылып шықты. Бұған Абайдың өлеңге қойған талабының биіктігі, озық нәрсені пайдаланудағы батылдығы және қазақтың бойындағы кемшілікті қатты ызамен түйреген сыншылдығы себеп болды. Осы үш белгі халықтың бойында көркемдік сананың өскендігінің, әдебиетте көркемдік мазмұн кемелдене бастағандығының көрінісі, бұрын қыстығып келген стильдік ізденіс-бұлқыныстар Абай қаламымен мүлдем жаңа өріске шыққандығының нышаны. Ақын Шортанбай, Дулат пен Бұқар жыраудың аты аталатын белгілі өлеңінде өзіне дейінгі ақындарға сын тағу арқылы жаңа өлең түрінің стильдік басты-басты белгілерін - «сөздің ұнасымды, жарасымды, тәтті және мағынасы түзу» болып келуін көрсетеді және стиль теориясындағы қабырғалы мәселені - адресат, яғни осы жаңа сөзді ұғатын орта керек екендігін ескертеді. Автор шығармада өз үнін естіп қана қоймай, оқырманының («тыңдаушының») да үнін естіп отыратынын айқын сезген. Сол себепті ол өмірдегі сөзден өлеңдегі сөзді - үйлесімді, дәл сөзді жоғары қояды. Сөйтіп, Абай шығармашылығында алғаш рет сөз стильдік мағынаға ие болады. Бірінші рет сөз өмір шындығын бейнелеудің, адам баласының сол өмірдегі орнын пайымдаудың ұлттық болмысқа етене мәнеріне, яғни әлем әдебиетіндегі үлкен дара стильдің біреуіне айналады. Ол қазақ халқының әдеби тұрғыдан өсіп-өркендеуінің бағытын бергендіктен классикалық стиль деңгейіне көтерілген. Осы стилімен Абай қазақ әдебиетінің ұзақ даму кезеңін түйіндеп, одан әрі жаңа, функционалдық дәуірін бастайды. Сондықтан Абай шығармашылығына «классикалық стиль» деп қарайтын бағаға негізінен келісуге болады.
Қазақ қаламгерлерінің қай-қайсысы да Абай салып кеткен ізді басты. Соған орай Абайдан соңғы әдебиеттің стильдік сипаты Абайдың әлеуметшілдігі мен Абайдың оқырман жүрегіне жол салу ерекшелігін бағдар етті. Екінші жағынан бұл кезеңдегі әдебиеттің типологиялық ерекшеліктері дәуір сипатынан туындайды. Әдебиетіміздің осы кезеңдегі басты идеясы (лейтмотиві) - озық елдерге теңелу, ал көркемдік идеясы (пафосы) - оқу, білім-ғылым, өнер үйрену. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басын типологиялық тұрғыдан Ояну дәуірі деп алсақ, сол дәуірдің әлге леймотиві мен пафосы сол дәуірдегі мәдени стильді құрайды. Бұл әдеби стильге арқау болған екі типологиялық белгі әдеби процеске стильдеу (стилизация) арқылы кіріккен. Саналы түрде стиль тезисіне түсіру поэзияда белең алған бұрынғы заманмен соңғы рет қоштасу сарынынан, кейде құты қашқан бүгінге бақ-берекелі бұрынды қарсы қою талабынан туады. Осы орайда қазаққа көз үйреншікті толғау үлгісі, толғау өлең өлшеуі мол қолданылады. Осы тәсіл сыналап, жаңа идеялары айтқан кезде де пайдаланылады. Алайда, көп ұзамай оқырманды (суырып салмаға үйренген тыңдаушыны емес) дәстүрлі поэзия нормаларының қанағаттандырмауы және жаңа мазмұндағы көркемдік шындық ескі пішінге шалыс келуі себепті классикалық толғау үлгісін стильдеу процесі тоқырайды [6, 107]. Енді ортақ тақырыптағы түрі де өзара ұқсас өлеңдердің арасында үйреншікті мазмұнды тосын әуез, соны ақындық лұағатпен жеткізетін дүниелер жиіленеді. Ортақ стиль мен дара стильдің белгілерін бірдей танытқан, сөйтіп қазақ поэзиясында стиль ауысу процесі қарқын алғанын байқатқан алғашқы жинақ - Мағжан Жұмабаевтың «Шолпан» өлең кітабы /1912 жыл/.
Дара стильге суреткердің жеке басының қасиеттері, адамгершілік өрісі және өзі өмір сүрген дәуірде орын алған өмір құбылыстары, мәдени орта әсер етіп отырады, сөйтіп автордың мінез-құлқындағы, өмір жолындағы, әлеуметтік жағдайындағы, ой ойлауы, дүние түйсінуіндегі даралық сипаттар - оның стилінің қалыптасуында үнемі әсер беретін факторлар. Көркем идея өмірдің өз шындығынан өрбігенмен, әрдайым суреткердің өзіне тән даралық бітімінің қал-қадырында ғана кескінделеді, сол себепті ол автордың өз идеясына, өз иланымына айналады. Бірақ, солай екен деп бүгін былай, ертең олай, арғы күні тағы басқаша жазып, қырық құйқылжу - стиль емес, машық. Мұның өзі қаламгердің мәнді әлеуметтік ойды өзінің өзегін күйдірер ой толғамына, өз пікір, өз философиясына айналдыра алмауынан, өмірлік шындықты өзінше қорытып, өзінше бағалай алмауынан.
Қорыта келгенде, ақын дара стильге ие болу үшін ониың өмірге өзіндік көзқарасы, дүниетанымы, суреткерлік шеберлігі болу керек екен.
Әдебиеттер:
-
Байтұрсынов А. Ақ жол. Алматы, Жалын, 1991
-
Қ.Жұмалиев. Стиль - өнер ерекшелігі.
-
Әдебиеттану терминдер сөздігі. Алматы, 1988
-
З.Ахметов. Абайдың ақындық әлемі. Алматы, Ана тілі, 1995
-
З.Қабдолов. Әдебиет теориясының негіздері. Алматы, Мектеп, 1970
-
Қ.Жүсіпов. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік.
Алматы, 1993
Достарыңызбен бөлісу: |