ТҰРМАҒАНБЕТ ІЗТІЛЕУОВТІҢ ШАЙЫРЛЫҚ
ЖОЛЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы
Қорқыт ата атындағы Қызылорада мемлекеттік университеті
“Қазақ тілі” кафедрасының
аға оқытушы ф.ғ.к.
ХХ ғасырдағы белгілі қазақ ақындарының бірі – айтулы шайыр ұстаз, әйгілі “Шахнаманы” ана тілімізде сөйлеткен ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов 1882 жылы Қармақшы ауданы Ленин атындағы шаруашылықта дүниеге келген. Қазір ол ауыл ақынның атымен аталады. Ауыл молдасынан сауат ашқан кейін көрнекті ғалым Садриддин Айнимен бірге Бұхара қаласындағы “Көгелташ” медресесін бітіріп шығады. Араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, шығыстың бай әдебиетімен сусындайды.
Туған ауылына оралысымен жастарға білім беруді мақсат етіп мектеп ашады. Ұстаздық пен бірге ақындықты мұрат тұтқан шайырдың қаламынан туындаған өлең – жыр, дастандар мол. Сонымен қатар Сыр бойы шайырларының айтысына да бас-көз болған ақын.
Ақындарға ақыл-кеңес беруден жалықпаған. Ақынның білімдарлығы, көрегендігі мен таланты, мәрттігі себепші болған. Мысалы; Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіптің екі мың жолдан асатын көлемді жазба айтысына нүкте қойып, екі дүл-дүлді татуластырушы да осы ақын болған. Екі ақын 1908 жылдан бастап 1915 жылға дейін айтысып келген еді. Тұрмағанбеттің аталық, әділдік жолмен айтқан мынадай пікірі өте орынды еді.
Жөнделмес ерлер жұмысың.
Кең ойлылармен кеңеспей,
Кеңескен сепкен күрмегің.
Болмайды жеміс жеместей,
Аз өмірдің ішінде,
Білмесіңді бір-бірің,
Жүріңдер бектер елеспей!/1.286бет/
Ал 1913 жылы Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібі сөз қағыстырып, аяғы насырға шауып бара жатқанда Тұрмағанбет ақын:
Бектерім бір-біріңмен болсаң тату,
Тарығып тартпассыңдар тіпте қату.
Жемейді – біріккенді, бөрі деген,
Бұрынғы қариялардан қалған ату, - деп айтыскерлерді татулыққа, бірлікке шақырған. Тұрмағанбет Ізтілеуов аудармашы, әрі ақындығымен қоса кейде жазба айтысқа да белсене қатысқан. Мысалы; “Тұрмағанбет пен Әбдікәрім”, “Шәді төре мен Тұрмағанбет”, - немесе “Тұрмағанбет пен Жүрсін қыз”, “Тұрмағанбет пен Ермұраттың айтысқаны”, “Алты ақынның өмір туралы айтысы” және “Көкқұтан мен шымшық” атты мысал айтыстарының жастарға тәрбиелік мәні зор. Алты ақынның (Тұрмағанбет, Шораяқтың Омары, Кете Шахар, Кете Жүсіп, Керейт Шәді, Сарықасқа Молдағали) ішінен айтысты мынандай тәрбиелік мәні зор шумақпен Тұрмағанбет ақын бастайды.
Келтірмес өлімді, ойға, нәпсіге ерсең,
Нәпсіге ер емессің ерік берсең,
Тастайды ара шөлге адастырып,
Алдыңа “Әуес” атты қойып көрсең.
Қазіргі жастарға да айтылатын нәпсіге берілмеу, әуес болмау, жеңіл жүрістен аулақ болу, адамгершілігі биік парасатты азамат болу парызың деп жар салып тұрғандай сезіледі.
Тұрмағанбет Ізтілеуов – аясы кең ақын. Өмірдегі кейбір көріністерді мысал өлеңдер арқылы суреттейді. Мысалы; Тәжік әдебиетінің классигі Әбілқасым Фердаусидің (934-1020) отыз жыл жазған “Шаһнамасын” прозалық нұсқадан жинап, 1936 жылы он бір буын өлеңмен он айда жазып бітірген. 589 беттен тұратын “Рүстем - Дастан” кітабы ақынның шығармашылығының ең биік шыңы. Кешегі өткен жыраулар Балқашбай Жүсіпов, Ақмырза Тұяқбаев, Көшеней Рүстембековтердің жыр орындаушылық репертуарында Тұрмағанбет ақынның насихат өлеңдері болды. Қазір Қармақшыда тұратын айтулы жырау Шәмшат Төлепованың
“Сөйлеген сөзім ыңғайлы
Құмартып халқым тыңдайды”
деп басталатын өлеңі осы Тұрмағанбеттің термесі екені баршаға аян.
Бүгінгі таңда Алмас Алматов, Жұмабек Аққұлов сиқты ұстаздардың тәрбиелеп жатқан жас термешілері де Сыр шайырының нақышын келтіріп жүр. Өмірдің қиыншылығын басынан өткеріп, көзі тірісінде тағдыр тәлкегіне аз ұшырамаған әйгілі ақын 1939 жыл дүниеден өтті.
Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп
Арманда болмай-ақ қой екі көзім, -
деп ой түйіп, өзінің болашағын меңзеп кеткен ақынның туғанына осы жылы 125 жыл толады.
Тұрмағанбет Ізтілеуов мұралар зерттеп, жинақтауда үлкен еңбекті профессор Әуелбек Қоңыратбаев пен Мардан Байділдаев еді. Шайыр ақын мұрасының жалпы көлемі екі жүз мыңдан асса, оның басым көпшілігі әлі баспа бетін көрмей, халық аузында ғана айтылып келеді. Тұрмағанбет шығармашылығы өзге ақын – жазушылардан әлде қайда бөлек стильде туып ақындық келбеті өзгеше көрінеді. Мысалы;
Демек, ... Өлеңмен он бір буын он ай жазып
Бітірдім басым сыйпап, шаршап, терлеп...”/2.7бет/
Ақынның бұл еңбегі қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес мұра болып саналады. Ақынның ақындық стилі халыққа бірден сіңіп қана қоймай, Сыр бойының шайырлық, ақындық үлкен мектебін қалыптастырды, ақындық шеберлігі – жазба поэзиялық терме, нақыл, өсиет мазмұнында күрделене түседі. “Сыр сүлейлері” деп аталатын топтың шығармашылығы әр түрлі стильде, сондай-ақ жазба және ауызекі түрде дамыды.
Ақын жырларының халық жадында соншалық сіңіп, жүрегінен орын алуы оның шығыстық сюжеттерді пайдалана отырып қазақтың өсиет өлеңдерін жаңартып, жырлай білуінде еді. Ақын шығармашылығында романтизмнен гөрі, реализм басым. Ол ойшылдық, сыншылдық, өсиет сөздерді орынды қолданудың шебері бола білді. Сыр халқы оны “Сырда туған Абай” деп бағалады.
Айталық, қазақтың болмысы мен сана сезіміне сыни көзқараспен қарау Абай жырларында басым болса, Ал Тұрмағанбет ақында сол кемшіліктен шығу жолы нақыл - өсиет түрінде айтылады. Мысалы; “Ақыл – тон аңдағанға тозбайтын”, “Негізінде нәпсім – бөрім, ойым-қойым, нәпсіге ойды “жемей” жоқ қой тойым”, “Сөз өлшеуін білмеген, шағалаша шулайды”, “Сөздері шырын шешеннің, Құюлы тұрған қымыздай, сапырулы зеренде;” “Құмартып халқым келгенде, Қолыма алам ожауды, отырам құйып берем де”; ”Жігіттің жарастығы жан барында, дос сыйлау дастарханда нан барында”, т.б. таза қазақы суреттерді ақын жырларынан мыңдап кездестіреміз.
Тұрмағанбет жазба айтыстағы сан алуан білім, қиял жарыстырған ақындарға төрелік айтады, тоқтау қояды. Әйгілі екі Жүсіптің айтысында Тұрмағанбеттің айтқан төрелігі нәтижесінде екі ақын емес, екі ру арасында өршіп тұрған теке теріс сабасына түсіп тоқтайды. Қос Жүсіптің дауына айтқан ақырғы төрелігі де, “Шәкей сал мен алты ақынның өмірі туралы” айтысында Керейт елінің азаматтарына:
“Татулық – таусылмайтын кен секілді,
Кен сақтау – шама келсе, шен секілді.
Ортаңда татаулықтың тұрса туы ,
Дос – дұшпан демес сені “кем” секілді” .../1.306/
дегені нағыз шындық. Татулық, достық бар жерде бәрі болады. Еліміздің келешегі жастар шайырдың осы пікірімен үлгі алары сөссіз.
Тәуелсіздік алғанымызға 15 жыл толды. Біз, жастар, өз аталарымыздың ақыл кенесін тыңдап көкейімізге қондырсақ, өз елімізді бақытты етеріміз сөзсіз.
Т. Ізтілеуов қазақ салтындағы қазылық, билік, төрелік айту дәстүрін де жаңартып, жазба поэзияға (айтысқа) үлкен жаңалық енгізген тұлға. Өзінің ойшылдығын, қиял, білімін жазба айтыс танытқан. Соның дәлелі ретінде мына шумақты талдасақ.
Бар мүлкін бұл жаһанның жинап-терсең.
Олардан, асылы, пайда көре алмайсың,
Айрылып денсаулықтан, азап көрсең.
Дегенмен ақын өзінің өмірі жайлы толғанысын нәпсіге еру – адам баласын адастыратын жол екенін айтып, көпке ой тастайды. Тұрмағанбет енгізген бұл түрді жазба айтыс үшін ғана емес, өлеңге талап қылған әрбір ақынға үлгі боларлық дүние деп бағалаймыз. Себебі, жазба айтыстың ерекшелігі мен мақсаты – адамгершілік, өмір, өлім, жалпы сан тақырыпты қамту, ақынды сарқа сөйлету. Ақын мысалы айтысқа да елеулі үлес қосқан. Мысалы: ”Көкқұтан мен шымшық”, ”Сүлеймен мен шымшық”, ”Ата мен бала”, т.б. хикая дастандарын да мысал айтысқа жатқызуға болады. Ақын әңгімелерінен афоризмнің, көргендіктің небір үлесін көруге болады. Солардың көпшілігі халық аузында мақалға айналып, қазақ тілінің рухын асқақтатып, құнарын арттыра түсуде. Мысалы, ”Сыпайының ісі сыбырмен бітеді”, ”Әкімің залым болса, жердің үстінен асты жақсы”, ”Әкім – бір ұлттыкі, ақын - бар жұрттыкі” т.б.
Т.Ізтілеуов ұстаздығымен елеулі ақын Қармақшы ауданы Ленин атындағы совхозда № 29 қазақ орта мектебінде көп жыл ұстаз болды.
1935жылы Республика үкіметі Алматыға қызметке шақырып алды. Өмірінің соңына дейін Қазақ ССР оқу халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып істеді. Ол поэзияның барлық жанрына қалам тартқан ақын. Шығыс тақырыбына батылы барып, байсалды еңбек жасаған қазақ ақындарының бірі Тұрмағанбет Ізтілеуов. Оның ақындығының шыны – қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан Фирдоуси “Шахнамасының” 40 мың жылдық аудармасы. Бұл күрделі еңбектің бір бөлімі – «Рүстем-Дастан» 1961 жылы өз алдына жеке кітап болып, көп тиражбен басылып шықты. Таңдамалы шығармалары 1972 жылы тұңғыш рет, 1982 жылы екінші рет толықтырылып жарық көрді. Биыл туғанына 125 жыл толып отыр. Сыр бойының сүйікті шайыры Тұрмағанбеттің еңбегі мәңгі жалғасын табады. Жастар шығармаларын оқып, шын биікке самғай береді деп сенемін.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
“Бес ғасыр жырлайды” Алматы “Жазушы баспасы” 1685 жыл үшінші том.
-
“Рүстем-Дастан” хикаясы 1961 жыл 7 бет)
-
“Аралап жердің жүзін жүрер сөзім” Т.Ізтілеуовтің 125 жылдығы қарсаңында. “Сыр бойы газеті” 16 ақпан 2006 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |