Қазақстан жастарының азаматтық Ұстанымы



Дата14.06.2016
өлшемі100.03 Kb.
#136042
Мұсабаева А. Б., «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты социологиялық зерттеулер бөлімінің эксперті, әлеуметтану магистрі

ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫ


Азаматтық позиция үш құрылымдық элементтен тұратын жүйе. Оған эмоциялық-сезімдік компонент, зияткерлік компонент және қызмет компоненті жатады. Борыштық сезімі, ар-ождан, абырой, азаматтық талаптарды ұғынуы және таңдаған мінез-құлықтың дұрыстығына іштей бекем болуы, осылардың барлығы тұлғаның азаматтық сезімдерінің жиынтығын құрайды. Зияткерлік компонент тұлғаның азаматтық дүниетанымдық көзқарастарының жиынтығы. Ол өзіне мемлекет, құқық және азаматтардың міндеттері туралы қарапайым білімдерден бастап моральдық-саяси жалпылауды, басқаша айтқанда, азаматтық ойлауға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Азаматтық ойлау дегенде біз елдегі және әлемдегі болып жатқан күрделі әлеуметтік-саяси құбылыстарды ой сараптамасынан өткізу, талдау, салыстыру, жалпылау және бағалауды, олардың арасындағы байланыс пен қарама-қайшылықты түсінеміз.

Ал қызметтік компонент білімін және нанымдарын өмірде қолдануға азаматтың дайындығымен сипатталады. Ол азаматтық жауапкершілік және тұлғаның белсенділігі арқылы көрініс алады [1].

Кез келген мемлекет жастардың бойында өз отанына, еліне деген мақтаныш сезімін, отансүйгіштігін тәрбиелеуге талпынады. Әлеуметтік болмыста әр адамды алып қарасақ, олар өзінің алдындағылардан үйренеді, оны толықтырады және артында өсіп келе жатқандарға үйретіп жатады. Бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтап, мемлекеттігімізді одан әрі дамытып, оны нығайта түседі.

Қазіргі заманғы жастар қоғамның қарқынды дамуы тұсында, оның ықпалын өмірінің барлық қырларынан сезініп өсіп келе жатыр. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басынан бастап қазақстандық жастардың әлеуметтену процесі еліміздегі түрлі саяси өзгерістердің, құндылықтардың өзгерісімен, әлеуметтік саладағы түрлі реформалардың жүргізілуімен қатар өтуде.

Нарықтық қатынастарға өту қоғамда бәсекеге қабілетті тұлғаның қалыптасуына түрткі болды. Қазіргі таңдағы жас ұрпақ біздің жақын болашақтағы бағытымызды анықтайтын күш болып табылады. Осы орайда жастардың өзіне қатынасы, қоршаған ортаға және азаматтық позициясын анықтау өзекті мәселе болып табылады.

«Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты 2010 жылдың қараша айында Астана қаласында «Жастардың әлеуметтік-саяси көзқарастарын» зерттеу мақсатында тереңдетілген сұхбат жүргізген болатын. Зерттеудің мақсаты жастардың өздерінің әлеуметтік өмір сүру деңгейіне қанағаттану деңгейін анықтау, саясатқа қызығушылық деңгейін айқындау және олардың болашаққа деген сенімін зерттеу болып табылды. Бұл мақалада мақсатты топтың материалдық жағдайына қанағаттануы, билік институттарына сенімі, елдің саяси өміріне қызығушылығы назарға алынды.

Зерттеу барысында ұялық іріктеу әдісі қолданылды. Ондағы негізгі мақсат жастардың барлық санаттарын қамту мүмкіндігіне қол жеткізу еді. Осылайша, зерттеу нәтижесінде сұхбат жұмыспен қамтылған, соның ішінде қызмет көрсету саласында еңбек етіп жатқан жастармен, құрылыс саласында, базарда жұмыс істейтін жас азаматтармен, жоғары оқу орындарының және колледждердің студенттерімен жүргізілді.

Сұрауға қатысқандардың көпшілігі өздерінің материалдық жағдайымен қанағаттанады, бірақ арасында студент жастар білім беру грантында оқығанымен, шәкірт ақының жетіспейтіндігін айтып, ата-аналарынан көмек алатынын, не қосымша жұмыс істеу керектігін айтады.

«Шәкіртақы аламын, барлығын 5-ке жапқаннан кейін жоғары көлемде аламын. Бірақ кейде әке-шешемнен де ақша сұрататыным рас. Анда-санда қосымша жұмыстарды да істеймін» (ер, 20 жас, студент, қазақ).

«Егер жұмыс істесе жақсы. Қазір жалпы барлық студенттер жұмыс істейді, себебі студенттерге ақша үнемі жетпейді. Сондықтан да жұмыс істеуге тура келеді. Студент ақы әдетте жетпейді» (әйел, 20 жас, студент).

«Жоқ, қанағаттанбаймын. Себебі: әлеуметтік жағдайым, бір жағынан ақшаны аз табамын. Екіншіден, күн суық, өзіме бұл жұмыс ауырлық тигізіп жатыр» (ер, 23 жас, базарда жүк тасушы).

Базарда жұмыс жасайтын жастар өздерінің әлеуметтік жағдайына қанағаттанбайды. Олар жұмыс іздеп, өз елді-мекендерін тастап, Астана қаласына күн көріс үшін келген. Алайда, олардың тапқан табыстары өздерінің күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандырудан әрі аспайды.

Жастар еліміздің саяси өміріне қызығушылық танытады. Оны өздерінің азаматтық міндеттері ретінде қарайды.

«Әрине осы мемлекетте тұрғандықтан оның саясатынан бейхабар болуға болмайды. Себебі біз осы мемлекеттің бір мүшесіміз. Сол саясатқа араласуымыз керек» (әйел, 19 жас, студент).

«Саясатқа араласа алатын, белді мүшесімін деп есептеймін. Неге десеңіз, егер Қазақстанның бүгіні мен кешегісін сараптайтын болсақ, қазіргі таңда, мысалы Қазақстанды айтып жатыр ғой, дипломатиялық қатынаста үлкен жетістікке жетті деп. Оны біз қайдан көреміз? Яғни нақты дәлелі, мысалы ЕЫҚҰ-ға төрағалы етуі. Әлемдік саясаттағы Қазақстанның салмағын осыдан көріп отырмын» (ер, 20 жас, студент).

Сұрауға қатысқан жастардың ішінде кейбіреулері елдің саяси өміріне көңілдері толмайтындықтарын білдірді. Олардың айтуынша:



«Ия, саясатқа қызығушылық білдірем, енді әңгіме жоқ. Бірақ саясат енді... (кідіріс жасады) жалпы зиян деп те ойлаймын бір жағынан. Ол оңай нәрсе емес қой саясат. Ол жатқан саясаттың ішінде де өзі саясат бар... Сол сияқты саясаттың ішінде де үлкен саясат бар. Ол деген... Ішінде жаман нәрсе де, жақсы нәрсе де болады» (ер, 19 жас, студент).

«Саясатқа қызығушылық білдіреміз, әрине. Елімізде болып жатқан саясатына көңіліміз толмайды дегендей...» (28 жас, ер, құрылысшы).

«Жалпы жақсы саяси жүйе. Бірақ жоғарыда тұрған шенеуніктердің арасында жемқорлық деңгейі өте жоғары, олар бірінші өз қамдарын ғана ойлайды. Билікке әділ сайлау арқылы емес, тамыр-таныс арқылы келеді. Халық алыстатылған, барлығы тек жоғары билік арқылы істеледі» (ер, қызмет көрсету саласы).

Тәуелсіздіктің ұландары саяси жүйені жалпы жақсы деп есептейді, кем тұстарын біртіндеп дұрыстауға болатындығына сенімді.



«Қазақстанның саяси жүйесі... Әрине, «Москва сразу не строилось» дейді, сондықтан да әлі де жақсартуға болады саяси жүйесін. Жас мемлекет болғандықтан әлі де жұмыс істейді ғой» (ер, 18 жас, студент).

«Қазақстанның саяси жүйесі жалпы жақсы. Мынау Назарбаев басшымыз жақсы жүйені жүйелі түрде жақсы орнатып жатыр. Саясатымыз өте жақсы, былай барлығы «гладко» деп орыстар айтады ғой, енді «гладко» айта алмаймыз жақсы деп. Коррупция, жемқорлық басты проблема қазір. Халықтың сол наразылығын тудырып отырған сол проблема» (ер, 19 жас, студент).

Саяси партиялардың арасында жастар көбінесе «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясын жақсы таниды. «Қандай саяси партияларды білесіз?» деген сұраққа барлығы дерлік тек билік партиясын атап өткен.



«Қазіргі таңда елімізді алға бастап, көп тірліктерде, көп жұмыстарда алдағы жұмыстарда көшбасшы болып келе жатқан «Нұр Отан» партиясы және оның жастар қанаты «Жас Отанға» сенім артамын. Өйткені қазіргі таңда «Нұр Отан», «Жас Отан» партиясы халыққа көптеген демеу жасап және де жастарды көп қолдауда» (әйел, 19 жас, студент).

«Қазір мен қандай да бір партияға сенемін деп айта алмаймын. Халыққа қызмет көрсетуді үдету керек. Халықпен жұмыс жасай білу керек. Яғни олар халықпен жұмыс жасамайды. Өзінің белгілі бір мекен ету жерінде ғана жұмыс жасап жатыр, ал былай бүкіл мемлекетке олар таралып жатқан жоқ. Жаңағы мемлекетіміз бойынша бір-ак партия, елбасымыздың партиясы билік ету сферасын кеңейтіп жатыр» (ер, 20 жас, студент).

«Бір-ақ партия қызмет етіп жатыр. Ол «Нұр Отан» ХДП. Бір партиялы жүйе болып отыр. Ал Қазақстанда басқа саяси партиялар деген де, мысалы «Руханият» партиясы бар, «Азат» партиясы әлі тіркелмей отыр, «Әділет», «Ауыл». Көптеген партиялар бар, бірақ мынадай түсінік бар менің ойымша «Саны бар, бірақ сапасы жоқ» (ер, 20 жас, студент).

«Нұр Отан», себебі қазіргі ең үлкен партия осы және де біз Президентке сенеміз» (ер, 17 жас, студент).

«Бір-ақ партия қызмет етіп жатыр. Ол «Нұр Отан» ХДП. Ал қалған партиялар шын мәнінде тіркеуде тұр, бірақ қызмет етіп жатқан жоқ. Бізде бір қалыптасқан теріс әдет бар, ол сайлау жақындағанда ғана қызу іске кірісетін. Ол халықты анда-санда нан беріп алдаумен тең. Ондайды мен түсінбеймін. «Нұр Отан» партиясы дегенде Парламенттің, Сенаттың, биліктің, барлық жердегі мәслихаттардың көпшілігі осы партиядан. Бір партиялы жүйе болып отыр. Ол бір жағынан менің түсінігім бойынша дамыған, демократиялы мемлекеттерде, мысалы бір партия билік етпейді. Қарсы топ, оппозициялық топ болса да, бір қарсы топ болса да кемшілігін анау айтып отыратындай нәрсе болса, құба-құп дер едім» (ер, 20 жас, студент).

Жастар белгілі бір саяси партияның немесе қозғалыстың мүшесі болуға дайын. Зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтер жас ұрпақтың бойындағы азаматтық жауапкершілік және белсенділіктің тұғыры бар екендігін көрсетеді. Азаматтық қоғам институттарының мүшесі болу арқылы олар қоғамдық мәселелерді шешуге араласуды көздейді. Осылай деген жас азаматтардың басым бөлігі «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі болғысы келетіндіктерін айтады.



«Иә. «Жасыл ел» немесе «Нұр Отан» (әйел, 19 жас, қызмет көрсету саласы).

«Нұр Отан» партиясының мүшесі болғым келеді» (ер, 16 жас, студент).

«Әрине, саяси партия мүшесі болғым келеді. Осы саясатқа араласып, халықтың өмірін, халықтың жағдайын жақсартқым келеді. Халық үшін жұмыс істегім келеді» (ер, 18 жас, студент).

Дегенмен де, олардың арасында меркантильді ғадетті басшылық ететін азаматтар да кездесті.



«Егер де ол төленетін болса, қандай да бір кіріс әкелетін болса онда иә. Қатысу керек, бірақ оған уақыт болмайды» (ер, қызмет көрсету саласы).

Сонымен бірге, «сен тимесең, мен тиме» дегендей көзқарастарды ұстанатындар да табылды.



«Жоқ. Саясат ол менікі емес, менің өмір сүру салтым бөлек. Мен оларға араласпаймын, олар маған араласпайды. Мен өз-өзіммен өмір сүремін» (ер, 17 жас, студент).

Тереңдетілген сұхбат барысында жастардан бүгінгі жастар өздерінің талаптарын еркін түрде жұрт алдында білдіре алады ма, деген сұрақ қойылды. Алынған жауаптар екіге бөлінді. Бірі біздің жастар саналы, елімізде сөз бостандығы берілген, сондықтан да пікірлерін еркін білдіре алады десе, қалған бөлігі жастар түгілі, халықтың өзі де ықпал ете алмайды дейді. Оның себебі ретінде Қазақстанда демократияның жоқтығы деп есептейді.



«Менің ойымша еркін білдіреді деп ойлаймын. Өйткені қазіргі жастар өте саналы. Өз ойларын ашық айта алады. Олар мемлекеттік дәрежеде өздерінің пікірін айта алады» (әйел, 19 жас, студент).

«Еркін пікірлерін, бізде негізі сөз бостандығы берілген ғой. Жастар өз пікірлерін ашық айта алуы керек» (әйел, 19 жас, студент).

«Білдіре алмайды. Біліміңді, пікіріңді білдіру үшін де тірек керек қой жоғарыдан. Жақсы сол тірегің болмаса сенің, қанша жерден білімің, сауатың болмаса, жарыққа шығу соны көрсету қиын да біздің Қазақстанда» (ер, 28 жас, құрылысшы).

«Жоқ көрсете алмайды. Оған жастар түгілі, халықтың өзі де көрсете алмайды.(М: Оған не себеп?)Демократияның жоқтығы біздің Қазақстанда» (ер, 20 жас, құрылысшы).

«50 пайызы ғана, жанына батса айта алады, бірақ көбінесе ондай белсенділік танытқысы келмейді, бұғып қалғанды жөн көреді» (ер, 29 жас, құрылысшы).

Айтып өту керек, жастардың билік институттарына деген сенімі айтарлықтай. Бірінші кезекте олар Елбасына үлкен сенім артады. Дегенмен бұл сенімнің астарында өз мәселелеріне шешуде басқа біреуге арта салудың жолы болуы мүмкін. Оны мына алынған жауаптар көрсетеді.



«Президентке және депутаттарға, біз оларды сайладық қой, олар осыған жауапты» (ер, 16 жас, студент).

«Үкіметке өздерінен кейін лайықты ұрпақтың келгені қажет» (ер, 17 жас, студент).

«Үкімет басындағы ағаларға сенбесек, енді кімге сенеміз?! Солар ғой қазір осы мәселелерді шешіп, талқылайтын» (ер, 28 жас, құрылысшы).

Әйтсе де алдында туындаған мәселені шешуде бар жауапкершілікті өз мойынына алуға дайын азаматтар да бар:



«Әрине біз үкіметке, Президентке сенім артпауымыз керек. Жастар өздеріміз еңбектенуіміз, соған жету үшін өзіміз талпынуымыз керек. Оқуымыз, ізденуіміз керек. Сонда ғана сол мәселелерді шеше аламыз» (әйел, 19 жас, студент).

«Үкіметке, Парламентке сенім артудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Үкімет пен Парламент шығарып жатқан сансыз заңдарының пайдасы шамалы. Жастар болып бірігіп, жаңағы айтады ғой, «күш – бірлікте» деп. Бірігіп қазақша сөйлеп, сосын жаңағы тіл мәселесінен өзге өзіміздің дәстүрлерімізді, ата, ұлттық дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды сақтап қалу, жаңағы ділімізді, яғни менталитетімізді. Қазіргі менталитет батыстық менталитетке айналып бара жатыр» (әйел, 19 жас, студент).

«Жоқ оларға сенуге болмайды. Әркім өз қалтасын ғана ойлайды. Қазіргі заманда сондықтан да әрқайсы тек өз күшіне сенуі керек» (ер, 29 жас, құрылысшы).

Сонымен зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, біз мынадай түйін жасай аламыз. Жастардың азаматтық позициясы қалыптасу үстінде. Олардың өзіндік ой-пікірі қалыптасқан, елдегі болып жатқан саяси өзгерістерге, болып жатқан оқиғаларға ден қояды. Өздерінің бағасын беруге тырысады. Билік институттарында орын алған жемқорлық теріс факторының бар екендігін атап айтады. Жастар алдында тұрған мәселелерді шешуде билікке сенім артады. Дегенмен, білім мен еңбек ету арқылы мәселе туындаған жағдайда өз қолдарымен шешуге болатындығына сенімді жастар қатары да бар.

Бұл сұрауға қатысқан информанттар жас шамасы бойынша елдің тәуелсіздік жылдарымен қатар өсіп келе жатқан буындар. Осы жастардың азаматтығы, отансүйгіштігі, саяси мәдениеті мен құндылықтары және көзқарастары аға буын үшін, елдің ертеңі үшін маңызды. Ертеңгі билік осы жастардың қолында. Тәуелсіз елде дүниеге келіп, ұлттық тіліміз бен діліміздің, мәдениетіміздің жандануы тұсында әлеуметтенген жас жеткіншектердің әлеуетін қазірден бастап, елдің келешегі үшін дұрыс бағыттау парызымыз. Сондықтан да мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан Қазақстанды қарқынды дамытуға бағытталған бағдарламаларға жастарды жаппай тарту арқылы біз елдің ертеңі үшін сенімді бола түсеміз.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Формирование гражданственности учащихся на современном этапе. – www.superinf.ru

ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫ

Қазақстан жастарының азаматтығын қалыптастыру мемлекеттік жастар саясатының және саяси партиялардың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Автор жастардың саяси белсенділігі, туындаған мәселені шешуде өзінің қауқары мен билік органдарына, саяси субъектілерге сенімі және болашаққа артқан үміттері арқылы олардың бойындағы азаматтық ұстанымның қалыптасуын қарастырады.



ГРАЖДАНСКАЯ ПОЗИЦИЯ МОЛОДЕЖИ КАЗАХСТАНА

Формирование гражданственности у молодежи Казахстана является важной задачей государственной молодежной политики и политических партий. Автор рассматривает формирование гражданской позиции молодежи сквозь призму политической активности молодежи, ее способности решать возникшие перед собой проблемы и доверия органам власти и субъектам политики, также верой в свое будущее.



THE CIVIC STAND OF YOUTH OF KAZAKHSTAN

Formation of civilization at youth of Kazakhstan is an important problem of the state youth policy and political parties. The author considers formation of a civic stand of youth through a prism of political activity of youth, its ability to solve the problems which have arisen before self and trust to authorities and subjects of a policy, also belief in the future.







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет