Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық қатынастарының кейбір мәселелері



Дата27.06.2016
өлшемі61 Kb.
#161025
Сарыбаев М.С.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, PhD доктор


Қазақстан мен Чехия арасындағы

экономикалық қатынастарының кейбір мәселелері
Қазақстан-Чехия арасындағы қарым-қатынас Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін дами бастады. Чехия Республикасы- Орталық Еуропаның постсоциалистік елдері арасында, экономикалық тұрғыдан алғанда, қарқынды дамыған мемлекет. Екі ел арасындағы байланыс Кеңестік кезеңнен жалғасып келгенімен, қоғамдағы жаңа үрдістерге байланысты экономикалық қарым-қатынаста бірқатар өзгерістерге ұшырады.

Тарихымыздың жаңа кезеңінде Қазақстан мен Чехия арасындағы экономикалық байланыстарға байланысты құжаттар 1993 жылдың қыркүйек айында қол қойылған, оның ішінде ҚР Үкіметі мен ЧР Үкіметі арасында тауар-экономикалық қатынастар және ғылым және техника саласындағы байланыс туралы келісім, ҚР сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі мен ЧР өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы байланыс туралы келісім. Жасалынған келісімдерден кейін екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстанмен сауда-экономикалық байланыс жасаған осы аймақтағы елдермен салыстырғанда, 1993-1994 жылдары Чехия жетекші орынға ие болды.

1996 жылы үкіметтік делегацияның Чехияға іссапары кезінде, ресми делегация мүшелері Қазақстанда тау-кен және агроөнеркәсіп кешендеріне арналған жабдықтар шығаратын орнын ашу мүмкіндіктерін талқылап, химиялық өндірістер, құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар, үй-құрылыс және жаңа астана Ақмоланың нысандарын (қазіргі Астана) салу мәселелерін қарастырды.

Келіссөздер аяқталған соң, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасында үкіметаралық инвестицияны қорғау мен ынталандыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Осы келісім екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды күшейте түсті [1].

Премьер-министр А. Қажыкелдин бастаған осы ресми іс сапарда Чехия астанасы Праганың және аймақтардағы үздік өнеркәсіп ошақтарын аралады. Нақтылап айтқанда, Прагадағы «Аэроводоходы» кәсіпорынын, Чехияның өнеркәсіп және көлік Одағын, Пльзень қаласындағы автомобиль шығаратын «Шкода» зауытына барып қайтты. Делегация мүшелері осы өнеркәсіптердің жұмысымен және өндірісте қолданатын жаңа технологиялық бағыттармен танысты, сонымен қатар «Шкода» фирмасының көліктерін Қазақстанға жеткізу мүмкіндіктерін қарастырды.

90-ы жылдардың орта шенінде Қазақстан мен Чехия теміржол көлігі саласындағы байланыстар қыза түсті. Әсіресе «Инекон» фирмасымен келісім шарты бойынша Батыс Қазақстан темір жолына қозғалмалы локомотивтерге арналған бөлшектер әкелінген. Сонымен қатар, осы кезде Арал вагон жөндеу зауыты аясында «Шкода» фирмасымен бірлесе мұнай өнімдеріне арналған цистерна жасау мәселесі қарастырылған болатын. Бірақ бұл мәселе іске аспай қалған еді, өйткені осы салада құқықтық негіз жоқ еді.

ХХ ғасырдың 90-ы жылдары Қазақстанда Чехиямен бірлескен 30-дан аса кәсіпорын тіркелген болатын. Олардың ішінде қарқынды жұмыс атқарғандардың арасында «Казпромставба» (мұнай өнімдерін қайта өндірумен айналысқан), «Казмясомолсервис» (ауылшаруашылық өнімдерін қайта өндіру), «Мерей» (құрылыс материалдарын және жиһаз өндірген), «Корина», «Синеко» (халық сұранысына ие тауарлар), «Казинтерсервис», «Гепард», «Интерлюкс» (консалтингтік және маркетингтік қызмет атқарған), «Казмарт», «HV Азия-Софт» (коммерциялық іс) және т.б. болды. Сонымен қатар, 16 чех фирмаларының өкілдіктері тіркелген, соның ішінде ең ірілері болып саналған ЧКД «Хоцень» (Қазақстан тамақ өнеркәсібіне арналған тоңазытқыш техникаларын қамтамасыз етті), «Шкода экспорт» (автомобильдер мен троллейбустарды қамтамасыз етті), «Хемапол» (дәрі-дәрмектерді қамтамасыз етті), «Прумыслове ставительство» (инженерлік, құрылыстық және инвестициялық қызмет атқарды) және т.б.

Екі ел арасында экономикалық ынтымақтастықтың күшеюіне үкіметаралық комиссиялардың отырыстары ықпал етті. Соның бірі 2004 жылдың сәуір айының 8-9 аралығында Астана қаласында өткен болатын. 2004 жылдын мамыр айында Чехия Республикасы Еуропалық одаққа мүше ел ретінде кіргеннен кейін, сауда-экономикаға байланысты кейбір келісімшарттар қайта қарастырылды, өйткені Еуроодаққа кірген жаңа мемлекеттерге сол ұйымның жаңа нормалары енгізілген болатын. 2005 жылдың 11 қазанында Прага қаласында экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық қарым- қатынасқа байланысты кезекті Қазақстан-Чехия үкіметаралық отырысы өткен болатын. Бұл отырыс Чехия Президенті Вацлав Клаустын 2004 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасына сапары кезінде жасалған өнеркәсіп, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық қарым-қатынас туралы келісім шартқа қол қойғаннан кейінгі бірінші үкіметаралық делегациялардың кездесуі болатын[2].

Комиссия отырысына Қазақстан делегациясын индустрия және сауда вице-министрі А.Б. Баталов басқарған болатын. Чехия мемлекеті тарапынан өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Мартин Тлапа басқарған еді. Отырыс барысында екі мемлекеттің елшілерімен қатар чех кәсіпкерлері мен Чех Республикасындағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қатысты.

Екі жақ бір-бірін 2004 жылдың 8 сәуірінде Астанада өткен үкіметаралық комиссия отырысында жасалған келісімдер бойынша істеліп жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Бірақ қарым-қатынастағы оң нәтижелерге қарамастан, екі жақта бар мүмкіндіктер пайдаланбағаны аталып өтті. Үлгі етер экономикалық ынтымақтастықтың бір мысалы ретінде Қазақстанда «Шкода» автокөліктерінің шығуын атауға болады. Осы чех-қазақстандық жоба бойынша Өскемен қаласында чехтың «Шкода» автокөлігін шығаратын «Азия-авто» зауыты іске қосылған болатын. 2005жылы осы зауыт 400 көлік шығарған болатын. Үкіметаралық комиссияның Қазақстан жағының төрағасы А. Баталов чехиялық әріптестеріне Қазақстан экономикасының дамуындағы негізгі бағыттары мен келешегі жайлы жеткізді. Қазақстанның келешекте мұнайгаз секторынан тәуелділігінен кету шараларын айта отырып, қазіргі таңда экономиканың түбегейлі жаңаруда мемлекеттік активтерді басқару саясатында, оның ішінде экономиканың өсуіне тікелей байланысы бар жоғарытехнологиялық кешеннің атқаратын рөлі жоғары екенін атап өтті. Сондықтан да Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму Стратегиясы, институттардың дамуы және кластерлік бастамасы ұсынылды. Чехия жағына металлургия, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, сонымен қатар Алматы қаласында аймақтық қаржы орталығы ашылу бағытындағы кластерлерге қатысу ұсынылды.

Екі жақ өкілдері құқықтық келісім-шарттар базасын күшейту керектігін айта отырып, осы мәселе бойынша өзара ұсыныстарын атап өтті. Осы мәселенің шұғыл түрде шешімін табу қажеттілігі айқындалды. Үкіметаралық комиссияның шешуі бойынша, енді өнеркәсіп және энергетика, көлік және коммуникация, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет салаларында ынтымақтасу топтары құрылды.

Бұдан басқа қазақстан-чех Үкіметаралық комиссиясы негізінде 2007 жылдың 12 қазанында бизнес-форум өтті. Форумның жұмысы барысында ҚР-ғы ЧР Елшісі М. Седлачек, «Комениус» қоғамының Президенті К. Музыкарж, ТМД елдерімен Сауда байланыс палатасының басқарушы директоры Ф. Масопуст, Чехияның экспорттық банкінің бас директоры Й. Таубер, «Шкода-холдинг» АҚ –ның бас директоры Й. Заплетал және т.б. қатысты. Чехияның іскер топтарының өкілдері осы форум барысында Қазақстанның экономикалық жағдайымен және Республикадағы бизнесті жүргізу мүмкіндіктерімен танысты. Қазақ делегациясының мүшелері Ұлттық инновациялық қоры, «Инжиниринг және транферт технологиялар орталығы» АҚ, Маркетинг және сараптама жүргізу орталығы, «Қазтранссервис» компанияларының тұсаукесерін жасады. ЧР-ғы ҚР-ның Елшісі Ш. Омаров осы форумның аясында «Қазақстан-Чехия» іскер адамдар Клубын құру туралы ұсынысын білдірді [1].

2007 жылы Алматы-Астана темір жолын жаңарту, Астана қаласындағы көлік мәселелеріне байланысты қазақстан-чех жобалары сәтті жүзеге асты. Чехия өнеркәсіптерде чехиялық ноу-хау мен технологияларды қолдану бағдарламаларына және ауыз суды тазалаудағы жаңа әдістерді енгізуде қаржылай көмек көрсетті.

2009 жылы Қазақстанда чехиялық капиталдағы 76 өндіріс тіркелсе, ал 20 чехиялық фирмалардың өкілділігі аккредитациядан өтті. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың негізгі бағыты: жанармай-энергетика секторы, машина құрлысы және туризм. Орталық және Батыс Еуропаға қазақстандық мұнай шикізатын жеткізетін жаңа бағыт жолдарын ашу негізгі мәселеге айналды. мәнге ие болып отыр. Сондай бағыттың бірі Одесса - Броды - Гданьск. Сонымен қатар Чехия жағы «Достық» және «Адрия» сияқты мұнай құбырларын интеграциялау жобасына да қызығушылық танытып отыр. Машина құрылысы саласында біршама жетістікке ие болып отырған жобалар: Алматыда салынып жатқан метроға вагондар мен жабдықтар жеткізу жұмыстары; біріккен троллейбустік өндіріс орнын ашу. Чехия мамандарының тәжірибесі мен технологиялық жетістіктерін қазақстандықтарға қолдану өте тиімді болатын еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Өскеменде "Азия Авто" машина құрау зауыты жұмыс жасап жатыр. Зауыт жоспарында - өнімдердің жаңа түрлерін игеру, Қазақстандағы сауда үлесін арттыру және Ресей Федерациясының Қазақстанға жақын аймақтарына өз өнімдерін сату. 2015 жылға дейінгі жаңа жоба бойынша штамптау, дәнекерлеу және бояу өндірісін, сонымен қатар машина құрау ісін жылына 120 мың көлікке дейін көбейту жоспарланған. Қаржы саласындағы байланыстың бір көрінісі 2005 жылдан бері Қазақстан аумағында жұмыс жасап келе жатқан чехиялық «Қазақстан Хоум Кредит» несие компаниясын атауға болады [3].

Сондай-ақ Қазақстан мен Чехия арасында аймақаралық қатынастар да қалыптасты. Атап айтсақ, Қарағанды облысы мен Оңтүстік-Морав өлкесі, Ақмола облысы мен Карловар өлкесі араларында байланыстар орнады. Алматы облысы мен Пардубицк өлкесімен достық қатынас орнату жұмыстары жүргізілуде.

Чехия экономикалық жағынан алдыңғы қатардағы мемлекет, сондықтан әлемдегі ілгері компаниялармен байланыс орнатқан. Сол себепті Қазақстан чех компанияларымен ынтымақтасуға өзінің қызығушылығын танытып отыр. Сонымен қатар Чехия тарапынан да біздің елге деген қызығушылықтың барын осы мемлекеттің тығыз экономикалық байланыс орнататын 12 ел қатарында Қазақстанның кездесетінен де байқауға болады. Бұл жөнінде 2009 жылы қыркүйек айында Прага қаласында қазақстан-чех үкіметаралық экономикалық, өндірістік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық комиссиясының үшінші отырысында баяндалды. Осы екі күндік кездесу барысында бизнес-форум өтті. Оған Чехия Парламентінің спикері Милослав Влчек және екі елдің үкімет мүшелері, бизнесмендері мен кәсіпкерлері қатысты. Осы кездесуде екі елдің кәсіпкерлерінің арасындағы тауар айналымын, қызмет көрсету және экономикалық қатынастардың басқа да түрлерін өсіру керектігін атап өтті, өйткені бар мүмкіндіктер толығымен іске асып жатқан жоқ еді. Сонымен қатар, бірлесіп қызмет атқаратын жаңа салалар анықталды, олар - ағаш өңдеу, тоқыма және фармацевтикалық өнеркәсіптері еді. Сарапшылардың қатысуымен жұмыс топтары отырыстарында отын-энергетикалық кешен, ауылшаруашылық, көлік және техникалық реттеу, білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы қарастырылды [4].

Қорыта келе, Сонымен, Қазақстан Республикасы мен Чехия Республикасының экономикалық ынтымақтастығында қазіргі таңда негізгі бағыттары болып чехиялық кәсіпорындарының бірлескен жобаларды іске асыруда күш салысуы. Бұл жобалар отын-энергетикалық өнеркәсібінде, машина жасау, құрылыс, құрылыс материалдарын шығару, көлік және телекоммуникация саласында, сонымен қатар метталургия, химиялық, қайта өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және қайта өңдеу және ғылымды қажет ететін (наукоемкий) жаңа кәсіпорындарын іске қосуға бағытталған.

Чехия басшыларының мәлімдеуі бойынша, Қазақстан Чехияның сенімді және тұрақты серіктестері қатарынан өз орнын алып отыр.

1 Казахстан-Чехия: большие перспективы сотрудничества // Казахстанская правда. 09.10.1996.

2 Казахстан – Чехия: интенсивное развитие отношений // "Чехия сегодня" URL:http://www.czechtoday.cz/index. (дата обращения 20.01.2008).



3 Дни экономики Казахстана в Чехии // URL:www.interfax.kz (дата обращения 25.09.2009).

4 Копецки Б. Возрастающий интерес к взаимному сотрудничеству // World Monitor №1(18) 2009, С. 12-13.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет