Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының гарнизондық ЖӘне қарауылдық Қызметтер жарғысы



бет5/13
Дата09.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#125359
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Қарауылдарды даярлау

142. Қарауылдар тағайындалатын әскери бөлімдер мен бөлімшелердің командирлері қарауылдың жеке құрамын іріктеуге, орналастыруға және оны қызмет өткеруге даярлауға, қару мен жауынгерлік оқ-дәрілердің ақаусыз жай-күйіне және қарауылдардың таралымға уақтылы келуіне жауап береді.

Қарауылға әскери ант қабылдамаған, толықтыруға келгендерді даярлаудың тиісті бағдарламасын меңгермеген әскери қызметшілерді, ол бойынша Қылмыстық кодексте көзделген іс-әрекеттер белгілері бар теріс қылық жасаған тергелу үстіндегілерді, ауруларды және аталған уақытта өз моральдық-психологиялық жағдайы бойынша қарауылдық қызметті өткере алмайтын, сондай-ақ тәртіптік жазасын өтеу тәртібіндегі басқа да әскери қызметшілерді тағайындауға тыйым салынады.

143. Әскери бөлімдердің штабтар бастықтары гарнизондық немесе ішкі қарауылдар нарядқа түскенге дейін үш тәулік бұрын қарауылдар тағайындалатын бөлімшелердің командирлеріне постылардың орналасу схемаларын, постылар табельдерін және қарауылдар бастықтарына, олар жеке құраммен зерделеу үшін нұсқаулықтарды тапсыруға міндетті. Зерделегеннен кейін көрсетілген құжаттар әскери бөлімнің штабына қайтарылады.

144. Қарауылға түсер алдындағы түні әскери қызметшілер ешқандай қызмет өткермеуі немесе сабақтар мен жұмысқа тартылмауы тиіс.

Түсетін күні, күн тәртібінде көрсетілген сағатта қарауылдың жеке құрамына қызмет өткеруге дайындалу (міндеттерін білуін, қаруды ұстай алуын тексеру) үшін кемінде 3 сағат, ал қарауылға түскен кезде бір тәуліктен кейін - кемінде 4 сағат, оның ішінде 1 сағат демалу (ұйықтау) үшін берілуі тиіс.

145. Ротадан (батареядан) тағайындалған қарауылдың жеке құрамын даярлауды рота (батарея) командирі ұйымдастырады және даярлықты ол жеке өзі; батальоннан (дивизионнан) тағайындалғанды - батальон (дивизион) командирі өзі, ал әскери бөлімнен тағайындалғанды - бөлім командирі орынбасарларының біреуі жүргізеді.

Қарауылда қызмет өткеруге дайындау үш кезеңде жүргізіледі:

бірінші - нарядқа түскенге дейін екі-үш күн бұрын постылар табельдеріне сәйкес қарауылдың жеке құрамын іріктеу, бөлу және тағайындау жүзеге асырылады;

екінші - нарядқа түсер алдындағы күні, күн тәртібінде көрсетілген сағатта қарауылдың жеке құрамымен жарғылардың ережелерін, күзетілетін объектілерді, постылардағы сақшылар ерекше міндеттері мен әрекеттерінің нұсқаларын макет арқылы нақтылай отырып постыларға табельдерді, сондай-ақ қаруды ұстаған кезде тиісті нұсқаулықтар мен талаптарды зерделеу жөнінде сабақтар жүргізіледі. Қарауылға түскен кезде бір тәуліктен кейін осы сабақ түсер күні сабақтың алтыншы сағаты орнына жүргізіледі;

үшінші - қарауылға түсетін күні постылардағы сақшылардың іс-қимылдарын пысықтаумен практикалық сабақтар жүргізіледі.

Жарғылардың ережелерін және сақшылардың ерекше міндеттерін зерделеу жөніндегі сабақ қарауылдарды дайындау үшін сыныптарда, гарнизондық қарауылмен практикалық сабақ - осы мақсаттар үшін арнайы жабдықталған қарауылдық қалашықтарда, ал ішкі қарауылмен - әскери бөлімнің қарауылдық қалашықта (14-қосымша) өткізіледі.

Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісін (операторын) дайындау гарнизон бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) ұйымдастыратын ай сайынғы сабақтарда және қарауылды тарату алдындағы практикалық сабақтар барысында жүзеге асырылады.

Жеке құрам бір-екі тәулік уақыттан кейін қарауылдық қызметті өткерген жағдайда қарауылдарды дайындаудың бірінші және екінші кезеңдерінің іс-шараларын өткізуді әскери бөлімнің командирі қарауылды дайындау сапасы төмендемейтіндей есеппен белгілейді.

146. Қарауыл жасақталатын рота (батарея) командирі:

өз орынбасарларымен, взводтар командирлерімен және олардың орынбасарларымен бірлесе отырып, әрбір кандидатураны талқылауға және күзетілетін объектілердің маңыздылығын және постыларда қызмет өткеру шарттарын ескере отырып, постылар бойынша қарауылдың жеке құрамын орналастыруға, сондай-ақ постылық ведомосты толтыруға және оған қол қоюға (15-қосымша);

қарауылды дайындаудың екінші және үшінші кезеңдерінде сабақтар өткізуге және жеке құрамның өз міндеттерін және қаруды ұстаған кезде қауіпсіздік талаптарын нақты білуге және сенімді орындалуына қол жеткізуге;

қарауылға түсетін жеке құрамды постылық ведомосқа тексеру нәтижелерін ресімдей отырып, бөлімнің медициналық пунктіне медициналық тексеруге жіберуге;

қарауыл жеке құрамын таралымға жіберер алдында оның қаруының және жауынгерлік патрондарының жай-күйін, жуыну керек-жарақтарының бар болуын, әрбір әскери қызметшінің сыртқы пішінін тексеруге;

қарауылдың таралымға уақтылы келуін қамтамасыз етуге;

қарауылдың қызмет өткеруін тексеруге;

қарауыл ауысқаннан кейін қарауыл бастығына міндеттердің орындалғаны туралы баяндауға, постылық ведомоста жазылған барлық ескертулермен танысуға, сабақ басталғаннан кешіктірмей қарауыл жасақталған бөлімшенің барлық жеке құрамымен қызметті өткеруді талдауға және келесі күннің сабақтары басталмай, постылық ведомосты белгі қоюмен және ескертулер бойынша қабылданған шаралармен әскери бөлімнің штабына жіберуге міндетті.

Бұл міндеттер:

егер қарауыл батальоннан (дивизионнан) тағайындалған болса, батальон (дивизион) командиріне;

егер қарауыл әскери бөлімнен тағайындалған болса, бөлім командирінің орынбасарына қолданылады.

147. Таралымға шыққанға дейін 15 минут бұрын қарауылдар қызмет өткеруге дайын және қарауыл бастығының өз бағынысына қабылданған болуы тиіс. Осы уақытта қарауылдар бастықтары:

жауынгерлік патрондарды алуға және оларды тарату ведомосына қол қойғыза отырып, жеке құрамға беруге, оқжатарлардың (оқтізерлердің) дұрыс жарақтандырылғанын тексеруге;

постылық ведомость бойынша қарауылдар есебін тексеруге;

қаруды қарап шығуға;

киімнің және жарақтардың ақаусыздығын тексеруге;

қарауылдың әзірлігі туралы рота (батарея) немесе батальон (дивизион) командиріне баяндауға міндетті.

Қарауыл қалашығынан қарауылдар сөмкелерінде оқжатарлары бар оқталмаған қарумен жүреді (пистолеттермен қаруланған әскери қызметшілерден басқа).

148. Барлық гарнизондық қарауылдарды әскери бөлімнен бөлім бойынша кезекші жөнелтеді. Қарауылдарды жөнелткені туралы ол әскери бөлімнің командиріне (штаб бастығына) және қарауылдар бойынша кезекшіге баяндайды.

Қарауылдарды ауыстыру

149. Таралымнан кейін қарауыл қарауылды ауыстыру орналасқан орнына келеді. Жаңа қарауыл бастығы оны күзетілетін объекті аумағы кіреберісінің алдына немесе қарауыл бастығына нұсқаулықта көрсетілген қашықтықта қарауылдың үй-жайы алдына тоқтатады, ауысатын қарауыл бастығына өзін таныстырады және бұрынғы парольді оған айтады. Содан соң ол оған маңдайшебімен қарауылдық үй-жай алдындағы алаңға өз қарауылын сапқа тұрғызады.

150. Ауысатын қарауыл бастығы, оған айтылған парольдің дұрыстығына көзі жеткеннен кейін, үй-жайда өз көмекшісін немесе таратушылардың біреуін қалдыра отырып, өз қарауылын қаруымен қарауылдық үй-жайдан шығарады және жаңа қарауылдың маңдайшебі алдына алты-сегіз адымда алаңға қарауылды сапқа тұрғызады. Сапқа тұрғызылғаннан кейін қарауылдар бастықтары жаңа қарауыл бастығынан бастап кезекпен «Қарауыл, ТҮЗЕЛ»,»ТІК ТҰР» командаларын береді.

Пистолеттермен қаруланған қарауылдар бастықтары команда бере отырып, қолын бас киіміне апарып, бір-біріне саптық адыммен келеді, біреуі екіншісіне екі-үш адым қалғанда тоқтайды және жаңа қарауылдың бастығынан бастап баяндайды, мысалы: «Капитан мырза, жаңа қарауыл ауысу үшін келіп тұр. Қарауыл бастығы капитан Тащилин»; «Капитан мырза, бұрынғы қарауыл ауысу үшін дайын. Қарауыл бастығы капитан Бейсебаев», одан кейін қолын бас киімінен түсіреді.

Автоматтармен немесе карабиндермен қаруланған қарауылдар бастықтары қолын бас киіміне апармайды және «ТІК ТҰР» командасынан кейін автоматтарды «қарубауға» күйіне алып, бір-біріне қарсы жүреді.

Баяндаудан кейін қарауылдар бастықтары «ЕРКІН ТҰР» командасы береді, қарауылдық үй-жай кіреберісіндегі сақшыны, егер ол қойылса, ауыстырады, ал содан кейін өз қарауылдарына: «Оң-ҒА», «Адым - БАС» командаларын береді. Жаңа қарауыл бастығы өз қарауылын қарауылдық үй-жайға кіргізеді, ал ауысатын қарауыл бастығы өз қарауылын ауысатын қарауылдың жеке құрамын күту бөлмесіне (орнына) әкетеді, қаруды пирамидаға қоюға команда береді, өзінің орнына лауазымы үлкенді қалдырады және өз көмекшілерімен және таратушылармен бірлесе отырып, қарауылдық үй-жайға кіреді.

Ауа температурасы - 150С және одан төмен кезде, сондай-ақ қолайсыз ауа райында және бір постысы бар қарауылдарда қарауылдарды ауыстыру осы бапта мазмұндалған ережелер сақталмай, қарауылдық үй-жайда жүргізіледі. Жаңа қарауыл бастығы ауысатын қарауыл бастығына өзін таныстырғаннан және оған бұрынғы парольді айтқаннан кейін өз қарауылын ауысу үшін қарауылдық үй-жайға кіргізеді.

151. Жаңа қарауылдың жеке құрамы үй-жайға кіргеннен кейін қаруын пирамидаға (пистолеттерді - сейфке) қояды, одан кейін ауысатын және жаңа қарауылдар бастықтары өз таратушыларына мөрлерден таңбаларды (пломбалардан бедерлерді) тапсыруды және қабылдауды, ал көмекшілеріне қарауылдық үй-жайларды тапсыруды және қабылдауды бұйырады және тапсыру дұрыстығын қадағалайды. Ауысатын қарауыл бастығының көмекшісі тапсырады, ал жаңа қарауыл бастығының көмекшісі қарауылдық үй-жайды және онда тұрған жабдықты, мүкәммал мен мүлікті тізімдеме бойынша қабылдайды. Қарауыл бастығының көмекшісі жоқ қарауылда қарауылдық үй-жайды, жабдықтарды, мүкәммал мен мүлікті қабылдау мен тапсыруды қарауыл бастығы жүргізеді. Ауысатын қарауыл бастығы жаңа қарауыл бастығына ауысатын қарауыл құрамынан алған барлық ескертулер мен нұсқаулар туралы хабарлайды.

Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісі ауысатын көмекшіден құжаттаманы, аппаратураны қабылдайды және оның жұмысқа қабілеттілігін тексереді, одан кейін қарауыл бастығына қабылдағаны туралы баяндайды, қабылдау журналына жазба жасайды.

152. Мөрлерден таңбаларды (пломбалардан бедерлерді) қабылдағаннан кейін жаңа қарауыл бастығы: «Бірінші ауысым, ҚАРУДЫ АЛ», қаруды алғаннан кейін - «Бірінші ауысым, САПҚА ТҰР» командаларын береді.

Осы команда бойынша таратушылар мен бірінші ауысымның қарауылдары өз қаруын ала отырып, оңнан солға қарай постылардың нөмірлері бойынша бір қатарға сапқа тұрады. Таратушылар өздерімен мөрлерден таңбаларды (пломбалардың бедерлемелерін), ал тәуліктің қараңғы уақытында қолшамдарын өзімен бірге алып, өз ауысымдарының оң жақ қапталдарына тұрады.

Ауысатын қарауылдың таратушылары қатар және жаңа қарауылдың тиісті таратушыларынан оңға қарай тұрады.

Жаңа қарауыл бастығы таратушылардың және қарауылдың міндеттерін білуін тексереді, қарауылдарға қаруды ұстау тәртібіне ерекше назар аудара отырып, әрбір постыда қызмет өткеру ерекшеліктерін еске салады, темекі шегу және тұтандыру керек-жарақтарын, сондай-ақ бөгде заттарды тапсыруға команда береді, ауысымды қарауылдық үй-жайдан шығарады және оны қаруды оқтау және оғын алу үшін алаңға сапқа тұрғызып, команда береді: «Ауысым, оң жақтан бастап бір-бірден - ОҚТА». Осы команда бойынша оң қапталдағы әскери қызметші алға бір адым жасайды және жартылай оңға бұрылады, сүңгіні қаруға бекітеді және осы Жарғының 116, 117-тармақтарына сәйкес оқтайды, ал қарауыл бастығы қарудың оқталғанын тексереді. Қаруды оқтағаннан кейін әскери қызметші «Қару оқталды және сақтандырғышқа қойылды» деп баяндайды, оны өз бетімен «қарубауға» күйіне алады және артқа қарай бір адым жасайды.

Осындай кезеңділік кезектілікпен қалған таратушылар мен қарауылдар қаруды оқтайды.

153. Ауысым қаруды оқтағаннан кейін жаңа қарауыл бастығы ауысымға қызмет өткеруге ауызша бұйрық береді және: «Ауысым, оң-ҒА», «Постыларға адым - БАС» командаларын береді. Әрбір таратушы: «Ауысым, менің соңымнан - АДЫМДА» командасын береді және алдын ала қадағалаушыларды тағайындай отырып, ауысымды постыларға алып жүреді.

Қарауылдық үй-жайдан бірінші ауысым кеткеннен кейін бастық (қарауыл бастығының орынбасары) қарауылдың қалған жеке құрамын резервтік топқа жауынгерлік есеп жасайды және күзетілетін объектілерге немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасауға тойтарыс беру, өрт сөндіру және жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру белгісін алған жағдайларға міндеттер қояды.

154. Ауысымның (бақылау-күзету топтарының) постыларға және постылардан қозғалуы бір лекпен жасалады. Таратушы лектің бас жағында жүреді. Әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы және ескерткіштер жанындағы постыларға ауысымның қозғалысы постыға дейін 30 адым қалған кезде саптық адыммен жасалады.

Ауысатын қарауылдың таратушысы қатар және жаңа қарауылдың таратушысынан солға қарай жүреді.

Барлық командаларды жаңа қарауылдың таратушысы береді. Постылардың көп саны бар қарауылдарда, сондай-ақ бірі екіншісінен немесе қарауылдық үй-жайдан үлкен қашықтықта орналасқан кезде ауысымның постыларға қозғалысы көлік құралдарында жүргізілуі мүмкін.

155. Жаңа қарауыл бірінші ауысымының соңғы қарауыл постыға қойылған кезде ауысатын қарауылдың таратушысы өзінің қарауылдарын өзі ауысымның басында жүре отырып, қарауылдық үй-жайға апарады. Жаңа қарауылдың таратушысы қатар және ауысатын қарауылдың таратушысынан солға қарай жүреді.

Барлық команданы ауысатын қарауыл таратушысы береді.

156. Постыларға бара жатқанда және постылардан келе жатқанда қарауыл ауысымдары әскери сәлемдесуді Саптық жарғыда мазмұндалған ережелер бойынша орындайды.

157. Қарауылды ауыстырған кезде жаңа қарауыл бастығы ауысатын қарауыл бастығымен бірлесіп, қарауыл бастығына нұсқаулықта көрсетілген күзетілетін анағұрлым маңызды объектілердің жай-күйін, оларға жарық түсірудің, қоршаудың және окоптардың дұрыстығын, қарауылдық үй-жайдың және гауптвахтаның жай-күйін қарап шығу және сыртынан қарау жолымен тексереді, бұдан кейін одан тізімдеме бойынша құжаттарды, оқ-дәрілері бар жәшіктерді, олардағы мөрлерді және оларға кілттерді, күзетілетін объектілерді ашуға рұқсаттаманы, тұтқындалғандардың атаулы тізімін (16-қосымша), сондай-ақ байланыс және өрт сөндіру құралдарын қабылдайды.

158. Постылардан келгеннен кейін бұрынғы және жаңа қарауылдардың таратушылары кезекпен жасалған ауысулар туралы өз қарауылдар бастықтарына баяндайды, мысалы: «Лейтенант мырза, ауысу жасалды, постылар ақаусыз тапсырылды (қабылданды). Бірінші таратушы сержант Ванюнькин». Ауысатын қарауыл бастығының командасы бойынша қарудың оғы алынады. Ең бірінші ауысатын қарауылдың ауысымы, одан кейін жаңа қарауыл таратушы қарудың оғын алады. Қарудың оғын алу үшін қарауыл бастығы: «Оң жақтан бастап бір-бірден - ОҒЫН АЛ» командасын береді.

Осы команда бойынша оң жақ қапталдағы таратушы (қарауыл) алға бір адым жасайды, оңға жартылай бұрылады, қарауыл бастығының қадағалауымен өз қаруының оғын алады, жарақтандырылған оқжатарды (патрондары бар оқтізерді) сөмкеге салады және баяндайды: «Қарудың оғы алынды», бекітпе рамасын (бекітпені) артқа тарта отырып, қаруды тексеруге береді. Қарауыл бастығы қаруды тексереді, одан кейін таратушы бекітпе рамасын бұрынғы күйіне қояды (бекітпені орнына келтіреді), шүріппені басады, қаруды сақтандырғышқа қояды және баяндайды: «Сақтандырғышқа қойылды», сүңгіні ағытып тастайды (жинайды), қаруды «қарубауға» алады және артқа қарай бір адым жасай отырып, өз орнына тұрады.

Осындай кезеңдік кезектілікпен қалған қарауыл ауысымы қарудың оғын алады. Одан кейін қарауылдар үлкеннің командасы бойынша ауысатын қарауылдың тұрған жеріне, ал таратушылар - қарауылдық үй-жайға қарай жүреді.

159. Қарауыл бастықтары баяндауды қабылдап және қарудың оғын алып, ауысатыннан бастап ауысатын қарауылдың постылық ведомосына қол қояды, бұл ретте жаңа қарауыл бастығы оған ауысым уақытында анықталған барлық кемшіліктер туралы ескертулерді енгізеді.

Егер қарауылды ауыстырған кезде қарауылды тексеру үшін келген адам қатысқанда, таратушылар одан рұқсат ала отырып, қарауылдар бастықтарына жасалған ауысулар туралы баяндайды. Таратушылардан баяндауларды қабылдағаннан кейін жаңа қарауыл бастығы: «ТІК ТҰР» командасын береді, одан кейін қарауылдар бастықтары кезекпен тексерушіге жасалған ауысымдар туралы баяндайды.

Барлық жағдайларда қарауылдар бастықтары ауысу туралы өз қарауылдары (әскери бөлімі) бойынша кезекшіге байланыс құралдары арқылы баяндайды немесе оған өзі баяндаумен келеді.

160. Қарауылды ауыстырғаннан кейін ауысатын қарауыл бастығы ауысатын қарауылды өз әскери бөліміне (бөлімшесіне) әкетеді. Әскери бөлімге (бөлімшеге) келгеннен кейін өзі қарауыл құрамымен оқжатарлардан оқтарды алуды және бөлім бойынша кезекшіге (рота сержантына (старшинасына) тапсыруды ұйымдастырады.

Бөлімшеге келгеннен кейін қарауыл бастығы қарауылдың жеке құрамын сапқа тұрғызады және бөлімше командиріне міндетті орындағаны туралы баяндайды.

Мысалы: «Капитан мырза, қарауыл толық құрамда келді. Қызметті өткеру уақытында оқиғалар болған жоқ. Қарауыл бастығы лейтенант Өтепов».

Одан кейін постылық ведомоста белгі қойылған қарауылды тексеру нәтижелері туралы баяндайды және оған басқа құжаттармен бірге постылық ведомосты тапсырады. Одан кейін қарауыл құрамы қарауыл бастығының дербес қадағалауымен қаруды (жауынгерлік патрондарды) тапсырады.

Объектіні тек түнде күзеткен қарауылдар объектіні күзету мерзімі аяқталғаннан кейін қарауылдың ауысуын күтпестен, бөлімшеден келген үлкеннің командасы бойынша өз әскери бөліміне (бөлімшесіне) қарауыл бастығымен жіберіледі. Ол туралы қарауыл бастығы постылық ведомоста жазба жасайды және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге баяндайды. Бөлімшеге келгені туралы үлкен бөлім бойынша кезекшіге, бөлімше командиріне (сержантына, старшинасына) баяндауға және қарауылдардың қаруды және оқ-дәрілерді өткізуін бақылауға міндетті.

161. Ауысқан қарауыл құрамы ауысқан күні сабақтардан және жұмыстан босатылады; объектіні тек түнде күзеткен қарауылдар сабақтардан және жұмыстан бөлімшеге келгеннен кейін 4 сағатқа босатылады, осы уақытта оларға жатып демалуға (ұйықтауға) рұқсат етіледі.

162. Жауынгерлік әзірлік белгісін алған кезде қарауылдарды ауыстыруды жауынгерлік есепке сәйкес бөлінген бөлімшелер жүзеге асырады. Осы жағдайда қарауылдардың таралымы жүргізілмейді. Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің қысқаша нұсқау берулерінен және парольді алғаннан кейін ауысу үшін қарауыл қарауылдық үй-жайға келеді.

Қарауылдарды ауыстыру қысқа мерзімдерде белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Постылардың саны, қарауыл адамдарының ерекше міндеттері және жаңа пароль жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруі белгісін алу жағдайына құжаттамаларда белгіленеді (осы Жарғының 121-тармағы).

163. Күзетілетін объектіден қарауылды алуды күзетілетін объекті бастығының қатысуымен мөрмен расталған гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) жазбаша бұйрығына сәйкес қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші жүргізеді. Қарауылды алу туралы қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің, қарауыл бастығының және күзетілетін объекті бастығының қол қоюымен акті жасалады. Актіде күзетілетін объектіні, қарауылдық үй-жайды және онда тұрған және постылардағы жабдықтар мен мүкәммалды тапсыру туралы көрсетіледі.

Тұрақты қарауылдарды алу туралы гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) қарауылдар кестесін бекіткен бастыққа баяндайды.

Сақшыларды ауыстыру

164. Сақшыларды ауыстыру 2 сағат сайын жұп немесе тақ сағаттарда жүргізіледі.

Ауа температурасы - 200С және одан да төмен кезде, ал жел соққан уақытта және аяз болған кезде сыртқы постылардың, сондай-ақ жылытылмайтын үй-жайда болатын ішкі постылардың сақшыларын ауыстыру 1 сағат сайын жүргізіледі. Температура +300 С және одан жоғары (көлеңкеде) кезде сақшыларды ауыстыру сол сияқты 1 сағат сайын жүргізіледі. 1 сағат сайын сақшыларды ауыстыру туралы нұсқауды осы жағдайларда қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекші жасайды.

Егер сақшыларды ауыстыру 1 сағаттан кейін жүргізілсе, онда қарауыл бастығы постылық ведомоста сақшылар осындай сағаттан бастап 1 сағаттан кейін, ал мынадай сағаттан бастап осындай ауысым түскеннен кейін - 2 сағаттан кейін ауыстырылғаны туралы жазба жасайды.

Қарауылдық үй-жайдың кіреберісіндегі сақшыларды ауыстыру қарауыл бастығының көмекшісі немесе қарауыл бастығы әрбір 30 минут сайын жүргізеді.

165. Ауысым сақшыға 10-15 адым арақашықтыққа жақын келген кезде қарауыл таратушысы: «Ауысым, ТОҚТА» командасын береді және қарауылдардың біреуіне постыны және оларға кіреберістерді қадағалауға (ауысым машинада жүрген кезде - қаруды оқтауға және қадағалауға) бұйрық береді.

Мысалы: «Қатардағы жауынгер Манабаев, постыны және оған кіреберістерді қадағалау».

Ауысым жақын келген кезде сақшы оған қарсы қарап тұрады және таратушы 3-4 адымға жақындаған кезде автоматты «қарубауға» күйіне өз бетімен алады, қарсы бір адым жасайды және қызметті өткеру нәтижелері туралы баяндайды, мысалы: «Сержант мырза, қызмет өткеру кезінде оқиғалар болған жоқ. Үшінші ауысым екінші постысының сақшысы қатардағы жауынгер Қарабалин». Ауысатын қарауыл таратушысы сақшыға: «ТІК ТҰР» командасын береді. Одан кейін жаңа қарауыл таратушысының командасы бойынша, мысалы: «Қатардағы жауынгер Ыбраев, постыға адым - БАС», сақшы саптық қалыпты қабылдайды, оңға қарай бір адым жасайды, қарауыл сақшыға келеді және қарама-қарсы қарап оның орнына тұрады.

Ауысатын және жаңа қарауылдардың таратушылары бір-біріне қарама-қарсы олардан бір-екі адымда сақшы мен қарауылдың екі жағына тұрады.

Ауысатын қарауыл таратушысының «Сақшы, постыны тапсыр» командасы бойынша сақшы ауызша постыны тапсырады. Бұл ретте сақшы мен қарауыл бір-біріне басын бұрады. Постыны ауызша тапсыру сақшы постының нөмірін атаудан, постылар табеліне сәйкес барлық күзету мен қорғауға жататындарды қарауылға тізбелеуден, сондай-ақ өзі қызмет өткеру уақытында жақын жерде нені байқағаны туралы көрсетуден тұрады.

Постыны ауызша тапсырғаннан кейін қарауыл өз таратушысының «Қарауыл, постыны қабылда» командасы бойынша сақшының және ауысатын қарауыл таратушысының қатысуымен жаңа қарауыл таратушысымен бірге күзетілетін объектіні қарап шығуға және жарық түсуінің, қоршаулардың, есіктердің (қақпалардың) дұрыстығын, терезелердің, торлардың және сақтау орнының (қойманың) жай-күйін, құлыптардың, баулардың, мөрлердің (пломбалардың) бар болуы мен жай-күйін және олардың таңбаларға (бедерлемелерге) сәйкес келуін, күзетудегі жауынгерлік машиналардың (қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың) санын, сондай-ақ техникалық күзет құралдарының, байланыс, өрт сөндіру құралдарының болуын және жай-күйін, окоптардың, постылық мұнаралардың, бақылау-іздік жолақтар мен постылық киімнің жай-күйін тексеруге міндетті.

Тұтқындалғандар бар камера жанындағы постыны қабылдау кезінде қарауыл, одан басқа, оларда болатын тұтқындалғандардың санын тексеруге міндетті.

Постыға түсетін қарауыл қажет болған кезде таратушының көмегімен постылық киімді киеді.

166. Егер постыны қабылдау және тапсыру кезінде қандай да бір ақау (қоршаулар немесе мөрлер, пломбалар, құлыптар, баулар, есіктер, терезелер бұзылған) немесе мөрлердің (пломбалардың) таңбасы (бедерлері), сондай-ақ күзетуде болатын жауынгерлік машиналардың (қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың) саны постылар табелінде көрсетілген санға сәйкес келмейтіні анықталған болса, таратушы қарауыл бастығын шақыртады; мұндай жағдайларда жаңа қарауыл постыларды қабылдаған кезде бұрынғы және жаңа қарауылдар бастықтары шақыртылады.

167. Постыны тапсыруды және қабылдауды аяқтағаннан кейін сақшы және постыға түсетін қарауыл күзетілетін объектіге қарама-қарсы жаққа таратушыға қарап тұрады және кезекпен баяндайды.

Мысалы: «Сержант мырза, қатардағы жауынгер Вишневский нөмірі үшінші постыны тапсырды». «Аға сержант мырза, қатардағы жауынгер Ыбраев, нөмірі үшінші постыны қабылдады».

Баяндаудан және таратушыдан нұсқаулар алғаннан кейін сақшы осы Жарғының 321-тармағында көрсетілгендей, қаруды алып, постыдағы өз міндеттерін орындауға кіріседі.

168. Қарауылдың сақшы жағдайына (сақшының қарауыл жағдайына) ауысуы бұрынғы таратушының: «Постыдан адым - БАС» командасы бойынша постыны қабылдау (тапсыру) туралы ол баяндағаннан кейін айқындалады.

169. Ауысатын қарауыл таратушысының командасы бойынша, мысалы: «Қатардағы жауынгер Оразалиев, постыдан адым - БАС», ауысқан қарауыл ауысымның артына тұрады және қаруды «қарубауға» күйіне өз бетімен алады, ал посты мен оған кіреберістерді қадағалаған қарауыл сапқа тұрады. Одан кейін жаңа қарауыл таратушысы: «Ауысым, менің соңымнан адым - БАС» командасын береді және ауысымды келесі постыға апарады.

170. Ішкі постылардың сақшыларын ауыстыру кезінде ауыстыруды өткізгеннен кейін таратушы үй-жайдың кіреберісіне барады: «Ауысым, ТОҚТА» командасын береді, қарауылдардың біреуін үлкені етіп қалдырады және команда береді, мысалы: «Қатардағы жауынгерлер Долин мен Қамзаев, менің соңымнан адым - БАС». Қарауыл таратушымен үй-жайға кіргеннен кейін осы Жарғының 165-169-тармақтарына сәйкес сақшыларды ауыстырады.

171. Постылар қарауылдық үй-жайдың екі жағында орналасқан кезде таратушы алдымен қарауылдық үй-жайдың бір жағында орналасқан постылардағы сақшыларды ауыстырады, ал одан кейін ауыстырылғандарды қарауылдық үй-жайға қалдырып, осы ауысымның қалған қарауылдарын сапқа тұрғызады және оларды постыларға апарады, бұл ретте ауысым құрамында таратушымен бірге кемінде үш адам болуы тиіс.

172. Қарауылдың келесі ауысымдарын, оларды постыларға жіберу және сақшыларды ауыстыру үшін сапқа тұрғызу, сондай-ақ қаруды оқтау және оғын алу бірінші ауысым үшін көрсетілгендей жүргізіледі.

Ауысым постылардан келгеннен кейін және қарауыл бастығына жасалған ауысым туралы баяндағаннан кейін пистолеттен басқа, қарудың оғы алынады. Одан кейін таратушы қарауылдарға автоматтарды (карабиндерді) пирамидаға, ал пистолеттерді - сейфке қоюға бұйрық береді.

173. Жаңа постыларға сақшылар қоюды, сондай-ақ таратылатын постылардан сақшыларды алуды қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшінің және күзетілетін объекті бастығының қатысуымен мөрмен расталған гарнизон бастығының (әскери бөлім бастығының) жазбаша бұйрығы негізінде қарауыл бастығы жүргізеді. Сақшыларды қою (алу) туралы постылық ведомоста жазба жасалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет