Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi
және «Казахрыбхоз» балықшылардың қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектiлері республикалық қауымдастығы арасындағы балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы
МЕМОРАНДУМ
1. Жалпы ережелер
1. Бұдан әрі Министрлiк деп аталатын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi атынан Ереже негiзiнде әрекет ететін Министр А.С. Мамытбеков бiр тараптан және бұдан әрі «Казахрыбхоз» деп аталатын «Казахрыбхоз» балықшылардың қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектiлері республикалық қауымдастығы атынан Жарғы негiзiнде әрекет ететін Басқарма төрағасы В.Я. Бобров екiншi тараптан, бiрлесiп «Тараптар» деп аталатындар,
балық ресурстары мен басқа да су жануарларын және олардың тiршiлiк ету ортасын сақтау, сондай-ақ оларды тұрақты пайдалану мәселелерiне мемлекеттiк органдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін шоғырландыру қажеттілігін;
барабар, әдiл және заңнама талаптарына жауап беретін басқарушылық шешiмдер қабылдаудағы азаматтық қоғамның рөлiн және мүдделiлiгiн;
балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеу мәселелерiндегі әкімшілік кедергiлердi және сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындауына жол беретiн жағдайларды төмендетудегі Тараптардың мүдделiлiгiн;
«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шiлдедегi Қазақстан Республикасы 3aңының талаптарын;
Тараптардың елiмiздің және мемлекеттiк басқару органдарының оң имиджін қалыптастыруға ұмтылысын
назарға ала отырып,
Тараптар төмендегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен ынтымақтасуға және өзара іс-қимыл жасауға келісті:
1) Казахрыбхоз өкiлдерiн жұмыс топтарының және комиссиялардың құрамына тарту және қосу арқылы балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы нормативтiк құқықтық актілердің және басқа да құжаттардың жобаларын әзiрлеуге қатысу;
2) балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру, халықаралық тәжiрибенi енгiзу және балық шаруашылығына инвестиция тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
3) кәсіпкерлікті дамыту мақсатында әкімшілік кедергiлердi төмендету, балық шаруашылығы субъектілерінің өкiлдерiнен түсетін ұсыныстармен алмасу және оларды талқылау арқылы мемлекеттiк қызметтерді көрсетуде неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау;
4) әуесқой (спорттық) балық аулауды және балық аулау туризмiн таныту және оны дамыту үшiн жағдайлар жасау;
5) балық шаруашылығы субъектiлерінің балық шаруашылығын дамыту жоспарларын орындауын қамтамасыз ету;
6) балықтар мен басқа да су жануарларын жаппай ауыру, олардың қырылу қаупі туындау жағдайларында және басқа да себептер салдарынан, сондай-ақ бөлiнiп кеткен су айдындарындағы шабақтарды құтқару жөніндегі іс-шараларды өткiзу;
7) кадрларды даярлауға және балық шаруашылығы саласындағы бiлiмдi тарату жүйесiн дамытуға қатысу;
8) Казахрыбхоз өкілдерінің өткiзiлетiн балық қорғау акцияларына және рейдтiк іс-шараларға қатысуы;
9) балық шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және оларға ықпал ететін жағдайлардың алдын алу және оларды анықтау мәселелерi бойынша өзара іс-қимыл жасау;
10) балық шаруашылығын дамыту мәселелерi жөніндегі семинарларға, кеңестерге, конференцияларға және халықаралық ұйымдардың съездерiне қатысуға өзара мүмкіндік беру.
2. Меморандумның қолданылу, тоқтатылу
және оған өзгерiс енгiзу мерзiмдерi
2. Осы Меморандум азаматтық-құқықтық шарт болып табылмайды және әрбір Тарап үшін ешқандай міндет жүктемейді.
Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшiне енеді, 3 жыл мерзiмге жасалады және ағымдағы кезең бітерден кемінде алты ай бұрын Тараптардың ешқайсысы тоқтатудың себептерiн көрсете отырып, оның қолданылуын өзінің тоқтату ниеті жөнiнде екінші Тарапқа жазбаша түрде хабарлама жолдамаса, автоматты түрде келесi үш жылдық кезеңдерге ұзартылады.
3. Тараптардың жазбаша келісімі бойынша Меморандумға өзгерiстер енгізілуі мүмкін.
4. 2016 жылғы 20 сәуірде Астана қаласында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде екі төлнұсқада жасалды.
Барлық нұсқалардың заңды күшi тең.
-
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы
министрі
___________ А. Мамытбеков
|
«Казахрыбхоз» балықшылардың қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдастығының
Басқарма төрағасы
____________ В. Бобров
|
Достарыңызбен бөлісу: |