Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 қазандағы
№ 604 бұйрығына
қосымша
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және бастауыш білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың дайындық деңгейіне және оқу мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) бастауыш білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті бастауыш білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;
2) бағалау – әзірленген критерийлер негізінде білім алушылардың нақты қол жеткізген оқу нәтижелерін оқудан күтілетін нәтижелермен салыстыру процесі;
3) бағалау критерийлері – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын нақты өлшеуіштер;
4) білім беру процесінің мониторингі – білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін жүзеге асырудың нәтижелері мен жай-күйіндегі өзгерістердің динамикасын жүйелі бақылау, диагностикалау, талдау, бағалау және жай-күйін болжау;
5) білім беру құндылықтары – білім беру мазмұнын айқындау үшін негіз болатын, білім алушының тұлғасын қалыптастыруда жетекші фактор болып табылатын оқу мақсаттарының жүйесін құрудағы бағдарлар;
6) білім беру қызметі – білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктерін және жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру субъектілерінің мақсатқа бағытталған, педагогикалық негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс;
7) білім беру саласы – мәндес оқу пәндерінің жиынтығын қамтитын бастауыш білім берудің базалық мазмұнының құраушы бөлігі;
8) жиынтық бағалау – белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан), сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді/ортақ тақырыптарды оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;
9) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуға тең қол жеткізуі үшін жағдай жасау;
10) оқу жүктемесінің инварианттық компоненті – білім беру ұйымдарының типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан барлық білім алушылар оқып білуге міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
11) оқу жүктемесінің вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымы айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
12) оқытудан күтілетін нәтижелер– оқыту процесі аяқталғанда білім алушының нені біліп, түсініп, көрсете алатынын сипаттайтын құзыреттіліктер жиынтығы, оның ішінде білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктері ескеріледі;
13) сабақтан тыс іс-әрекет – білім беру ұйымындағы біртұтас оқу-тәрбие процесінің құраушы бөлігі, үлгілік оқу жоспарында айқындалған оқу жүктемесінен тыс іске асырылатын білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысандарының бірі;
14) үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің (сабақ) тізбесін регламенттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;
15) формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, білім алушылар үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді;
16) элективті курс – білім алушылардың таңдауы бойынша курс, білім алушылардың білім дайындығын кеңейтуге бағытталған оқу жоспарының вариативті компонентінің құрамдас бөлігі.
3. Стандартты қолдану:
1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген бастауыш білім берудің мақсаттары жүйесіне қол жеткізу есебінен оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;
2) қазақ, орыс және шетел тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдай жасауға;
3) қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруі мен алған білімдерін қолдана білуін дамытуды көздейтін бастауыш білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;
4) білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу пәндері мазмұнының тереңдігі мен күрделілігін қамтамасыз ететін пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңмен толықтырып отыруға;
5) күнделікті білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі принципін іске асыруға;
6) балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен қосымша білім беру қызметтерін алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдайлар жасауға;
7) орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында бастауыш білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;
8) білім беру ұйымдарындағы инновациялық практиканы қолдау мен дамытуға;
9) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.
4. Жеңіл ақыл-ой кемістігі және орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушыларға арналған білім беру ұйымдарындағы инварианттық компоненттің оқу пәндерінің көлемі мен мазмұны "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) бекітілген үлгілік оқу жоспарларына және "Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8424 болып тіркелген) бекітілген үлгілік оқу бағдарламалармен айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |