Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі



Дата03.03.2016
өлшемі357.34 Kb.
#36343




Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы
Агентство Республики Казахстан по делам религий

Международный центр культур и религий


Діни терминдер мен ұғымдардың

анықтамалығы



Религиозные термины и понятия

Справочное пособие



Астана, 2012


Жауапты редактор: А.П. Әбуов

Құрастырушылар: Е.М. Смағұлов, М.К. Бектенова, А.А. Абдраимова, Ж.Е. Камзина, Ш.С. Закиров, Л.В. Стефогло, Д.К. Дарыбаева.

Материалдарды қолдану кезінде мәтіннің түпнұсқасына өзгерістер енгізуге тыйым салынады.

Көшіру мен қайта басып шығаруға «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» РММ-нің келісімімен ғана жол беріледі.

© Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, 2012



ДІНИ ТЕРМИНДЕР СӨЗДІГІ

__________________________________________________________
Аббат – (арамей тіл.– «әке») – католик монастырының басшысы.
Аватара – (индуизм мен буддизмде) – құдайдың түрлі адамдар, батырлар кейпінде болуы.
Авеста – зороастризмдегі киелі канондық мәтіндер жинағы.
Автокефалия – (грек. тіл. – «бас») – өзін-өзі басқару, православ шіркеулерінің тәуелсіздігі. Бүгінгі таңда православие шіркеуінің он бес автокефалиялық шіркеуі танылған.
Адат – (араб тіл.- «әдет-ғұрып») – исламды қабылдаған халықтардың дәстүрлі наным-сенімі, құқығы. Тәжірибеде адат нормаларын қолдану шариғатпен тығыз байланысты. Шариғатта Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне теріс келмейтін жергілікті халықтың әдет-ғұрыптарын шариғатқа сіңдіріп, қабыл етіледі.
Адвентизм – (лат.тіл. – «келу») – 1831 ж. Америкада Виллиам Миллер құрған протестант сенімі. Бұл ағым Исаның қайта тірілуі туралы сенім негізінде құрылған.
Адепт – белгілі ілімнің (оның ішінде дін саласында) ізбасары, жақтаушысы.
Азан – (араб тіл. –«хабар беру», «білдіру») – арнайы сөздермен намаз уақытының кіргенін білдіру және намазға шақыру.
Ақида – (араб тіл. – «байланыстыру») – етістігінен шығады және сенім-наным, дүниетаным, идеология мағыналарын білдіреді. «Ақида» сөзінің шариғаттық түсінігі адамның ұстанатын дүниетанымына байланысты. «Ақида» ұғымы сенім жүйесі ретінде қолданылуымен бірге, белгілі бір мәзһабтың немесе бір мәзһабты құрған имамның иман негіздеріне қатысты айтқан пікірлері мен түсінігін білдіру үшін де қолданылады.
Анимизм – (лат. тіл. – «рух», «жан») – рухтар мен жандардың бар болуына сену. Бүкіл табиғаттың жаны бар деп есептеу.
Антропоморфизм – (грек тіл. – «адам» және «түр») – адамға тән қадір-қасиеттерді табиғаттағы нәрселер мен құбылыстарға, жануарларға да тән деп қарау. Құдайды адам бейнесінде елестету.

Апостол – (грек тіл. – «елші») – Жаңа өсиетте осылай дүние жүзінің барлық жақтарына Евангелиені уағыздап таратқан Иса Мәсіхтің (Исус Христос) ең жақын шәкірттерін атайды. «Апостол» деп жұртқа тарату үшін Құдайдан жарлық алғандарды осылай атайды. Сонымен қатар Апостолдар деп Иисустың 12 шәкіртін де атайды.
Апостолдық мұрагерлік – үздіксіз мұрагерлік. Қандай да бір апостолдың мұрагері ретінде епископ лауазымына тағайындау.
Араньяктар – (санскрит тіл. – «Орман кітаптары») – тақуа жандардың мінез-құлық ережелері сипатталған индуизм мәтіндері.
Архат – (санскрит тіл. – «лайықты») –буддизмде рухани жетілу жолымен жүріп, оның биік сатысына жете білген адам.
Архидиакон – (грек тіл.– «бас», «жетекші қызметкер», «бас диакон») – монахтық өмірді таңдаған дін қызметкерлері қатарына кіретін, диаконның өкілетті дәрежесі. Диакондар арасындағы үлкені. Архидиакон атағын шіркеуде ұзақ жылдар бойы мойымай атқарған қызметі үшін береді.
Архиепископ – (грек тіл. «үлкен қараушы») – христиан шіркеулік иерархиясындағы ең жоғары лауазымдардың бірі. Бұл лауазымға бірнеше епархиясы бар үлкен облысты басқаратын немесе Шіркеу алдындағы жеке жетістіктері бар епископ ие болады.
Архиерейство / епископ – (грек тіл. – «бақылаушы», «қараушы») – христиан дүниетанымында қасиеттіліктің жоғарғы сатысы және осы дәрежеде тұрған Патриарх, митрополит, архиепископ және епископ секілді барлық дін қызметкерлерінің жалпы атауы. Православ шіркеуінде тек қана монахтық өмірді таңдаған дін қызметкерлеріне қатысты айтылады.
Архимандрит – (грек тіл.«басты», «үлкен») монахтық шен. Қазіргі таңда протоиерей және протопресвитерге сай, монахтық өмірдегі дін қызметкерлеріне берілетін жоғарғы марапат. Монастырлардың басшысы.
Атеизм – (грек тіл. – «құдайларды жоққа шығару», «құдайсыздық») – құдайдың барын және жанның өлмейтіндігі туралы діни идеяларды жоққа шығарушы көзқарастар жүйесі.
Ашрам – (санскрит тіл.) – ежелгі Үнді елінде әдетте алшақ жерде – тауда немесе орманда орналасқан даналар мен дуаналардың қасиетті мекені. Қазіргі индуизм контексінде «ашрам» термині адамның медитация, дұға ету, рәсімді өткізу және рухани жаңару үшін келетін рухани немесе діни қауымдастықты білдіреді.
Ашура – (екінші атауы «Шахсей-вахсей») – шииттерде 680 жылы Кербалада қайтыс болған имам Хусейнді еске алу күні.
Ашура күні – Хижра жылының алғашқы айы – Мухаррам айы. Мухаррам айы Құранда келген қасиетті төрт айдың бірі. Мухаррам айының 10 күнінде мұсылмандар нәпіл (қосымша) ораза ұстайды.
Аят – (араб тіл. – «белгі», «керемет», «нышан»). Аяқталған ойды білдіретін Құран сүрелерінің бөлігі (тараулары). Құранның кішігірім құрылымдық бөлшегі.
Әлемдік діндер – әр түрлі елдер мен континенттер халықтарының арасында таралып кеткен үш дінді атайды: буддизм, христиан және ислам. Адамдар арасындағы діни наным-сенім байланыстары этникалық және саяси байланыстармен сәйкесетін ұлттық және ұлттық-мемлекеттік діндерге (индуизм, конфуциандық, синтоизм, иудаизм) қарағанда әлемдік діндер жалпыға ортақ сенімі бар адамдарды олардың этникалық, тіл және саяси байланыстарына тәуелсіз еркін біріктіреді.
Әлемдік Жиындар – христиан шіркеулері жоғары дін қызметкерлерінің жиналысы, оның барысында культ және діни ілім жүйесі жетілдіріліп, бекітілетін, канондық нормалар мен құдайға сыйыну ережелері құрастырылатын.
Әулие – әділ өмір мен сенімге берік құлшылығы, ізгілігі, Құдай мен адамдар арасындағы байланыстырушы іс-әрекеті үшін әр түрлі діндерде аса құрметке ие болған тұлға.
Әурет – (араб тіл. – «әлсіз қорғалмаған жер», «жыныс мүшелері») – шариғат бойынша қарауы харам, жабылуы парыз болған адам денесінің ұятты жерлері. Әуреттің мөлшері, әйел кісілерде, қолдың білезігі мен аяқтың тобығына дейін. Ер кісілерде, кіндік пен тізенің арасы.
Баптизм – (грек тіл. – «шоқындыру») – XVII ғ. басында Англияда қалыптасқан протестанттық ағымының бір бағыты. Басында қауымдастық мүшелері «ағайындылар» деп аталып, кейін «баптистер» немесе «шоқындыратындар» деген атауға ие болды. Оның себебі олар шоқынуды адамдардың зерделі жасқа жеткен кезінде саналы түрде жасауы керек деген тұжырымды ұстанатынында.
Бахаизм – Баха-уллахтың (толық аты - Мырза Хусейн Али Нури, лақап аты– Баха-улла – «Аллах жарқылы» (1817-1892 жж.) синкреттік (әр түрлі діндердің кейбір элементтерінен құралған) діни ілім болып табылады. Бахаи ілімінің басты тақырыптары – Құдайдың бірлігі, діндер бірлігі мен адамзат бірлігі болып табылады.
Бидғат (араб тіл. «бид'а» – «жаңалық енгізу», «жаңалық») – исламда дінге енгізілген жаңалық деген мағына береді. Исламның алғашқы дәуірінде болмаған, Мұхаммед пайғамбар мен сахабалардың дәуірінен кейін ислам дініне енгізілген жаңалықтар. Бидғат екі түрге бөлінеді – бидғатус-саийя, бидғатул-хасана, қазақшасы жаман бидғат пен жақсы бидғат.
Бодхисаттва – (санскрит тіл. – «санасы оянған тіршілік иесі») – өзін-өзі тәрбиелеу, жетілдіру арқылы будда дәрежесіне жетуді көздеген адам. Ежелден бері бұл жолды мақсат еткен көптеген бодхисаттар, бүгінгі таңда буддизмнің құрметке бөленген әулие адамдары болып саналады.
Брахмандар – (санскрит тіл.) – индуизмдегі жоғары варнаның өкілдері, дінбасылар, абыздар.
Веда – (санскрит тіл. – «білім», «ілім») – брахманизм мен индуизмде киелілігі мойындалған көне мәтіндер.
Викарий – (латын тіл. «орынбасар») – Католик Шіркеуіндегі епископтың немесе приходтық священниктің көмекшісі. Православиеде епископ мәртебесінде ғана орынбасар болатын дін қызметкерін викарий деп атайды.
Галаха – (иврит тіл. – «жүру», «мінез-құлық») – яхудей өмірін бүкіл саласында реттейтін, яхудейлердің қасиетті кітаптарында берілген заңдар жинағы. «Галаха бойынша өмір сүру» иудаизм канондарына сәйкес, дұрыс өмір сүру дегенді білдіреді.
Гаудия-вайшнавизм – индуизм ішіндегі вайшнавизмнің бір тармағы немесе бағыты болып табылатын діни дәстүр. Гаудия-вайшнавизмнің философиясы ең алдымен «Бхагавад-гита» және «Бхагавата-пурана», сондай-ақ Упанишад секілді ведалық жазбаларға негізделген. Діни тәжірибесі Кришна мен Радхаға, Құдайдың еркектік және әйелдік бастамалары ретінде құлшылық етуге негізделеді.
Гуру – (санскрит тіл. – «лайықты», «ұстаз») – шығыс діндерінде оқытушы, жоғарғы рухани мәнге ие болмыс.
Ғибадат – (араб. тіл. «абд» – «құл», «Құдайға құлшылық»)Құран мен Пайғамбар Сүннетінде бұйырылғандай Алла Тағалаға құлшылық ету. Ислам дінінде намаз сияқты Аллаға арналған белгілі құлшылықтармен бірге шариғатқа қайшы келмейтін әрбір іс-қимылдың барлық түрі құлшылық қатарына жатады.
Дао – (қыт. тіл. «жол»)даосизм мен конфуциандықта жол, әдіс, тұрмыс қалпы, жалпыға ортақ заң, абсолют.
Даосизм – (қыт. тіл.) – Қытайда б.э.д. І мыңжылдықтың екінші жартысында діни және философиялық негіздерге құрылған, дао немесе «заттар жолы» туралы ілім. Оның өзіндік теологиялық негіздері, дін қызметшілері, рәсімдері, қасиетті мәтіндері мен ұйымдық құрылымы бар. Даосизм ғарыш Күштерімен байланыс орнату арқылы өмір күшінің жанаруына көп мән береді.
Дәстүрлі дін – сан ғасырлар бойына қалыптасып келген бір халықтың тарихымен, мәдениетімен, рухани өмірімен тығыз байланысты дін.
Дәстүрлі емес діндер – әлемдік және ұлттық діндердің шектерінен шыққан, бірақ олардың идеяларын, рәміздері мен рәсімдерін қолданатын діни қозғалыстар және олар қалыптастырған ұйымдар. Олардың дәстүрлі емес екені нақты қоғамның мәдени және рухани өмірімен байланыссыздығынан көрінеді.
Диакон – (грек тіл. «қызмет етуші») – Шіркеуде пресвитер мен епископтан бұрын келетін діни қызметтің алғашқы дәрежесі. Диакон – дін қызметкерлері баспалдағындағы алғашқы сатысы. Диакон священник пен архиерей өткізетін құпияшылдыққа тікелей қатысып, көмек бере алады, бірақ оны өз бетінше өткізе алмайды (Шоқындырудан басқасын, оны дін қызметшілер еместер де өткізе алады). Ғибадат ету барысында диакон қасиетті ыдыстарды дайындайды, ектенияларды айтады және т.б.
Догмат – (грек тіл. – «пікір», «шешім», «үкім») – сынауға келмейтін ақиқат шындық жайында мәлімет беруші діни ілім ережесі.
Діни бірлестік – азаматтардың заң шеңберінде діни сенім мен рәсімдердің бірлігі негізінде рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ерікті қалыптасқан бірлестік.

Діни қызмет – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет.
Дін қызметкерлері (духовенство) – діни рәсімдер мен жоралғыларды атқаратын дін қызметкерлері. Осындай дін қызметкерлерінің үш дәрежесі бар: диакон, иерей және архиерей. Православ Шіркеуінде архиерейлікке тек монахтық өмірді таңдағандар ғана жетеді. Сондай-ақ шығыс Шіркеулерде дін қызметкерлерінің ақ және қара түрін ажыратады. Ақ дін қызметкерлеріне приходтық храмдарда қызмет көрсететін священниктер (православиеде – протопресвитер, протоиерей, иерей мен диакон) жатады. Қара (яғни, монахтық өмірді таңдаған) дін қызметкерлеріне патриарх, митрополит, архиепископ, епископ, архимандрит, игумен, иеромонах, иеродиакон жатады. Католиктерде дін қызметкерлері целибат қабылдайды.
Діни рәсім – белгілі бір әлеуметтік қарым-қатынастардың рәмізі, олардың бейнелік көрінісінің және бекуінің формасы болып табылатын дәстүрлі, шартты іс-әрекеттердің жиынтығы. Діни рәсімдер діндарлардың санасындағы діни көзқарастардың орнығуына, діни өзіндік сананың қалыптасуына және тылсым күштерге сенімін нығайтуға ықпалын тигізеді.
Діни сенім – қандай да бір діндерге, шіркеулерге, конфессияларға тиесілі болу.
Діни сенім бостандығы – әркімнің діни және культтік іс-әрекеттерге қатысуына еркіндік берілу құқығын білдіретін құқықтық ұстаным.
Діни синкретизм – (грек тіл. «синкретизм» – «біріктіру», «ұштастыру») – тарихи бастауы бірдей діндердің бір біріне өзара ықпал етуі үдерісіндегі діни және діни білімдік ережелердің бірігуі.
Дінтану – діннің пайда болу тарихы, дамуы, қызмет етуінің негізгі заңдылықтарын үйрететін, оның қоғам өмірінің басқа салаларымен, халық тарихымен байланысы жөніндегі ғылым.
Евангелие – (грек тіл. «жақсы хабар») – Иисус Христостың өмірі мен ілімі жайында түсінік беретін «Жаңа өсиеттің» алғашқы төрт кітабының атауы.
Елеосвящение (зәйтүн майымен жағу) // соборование – ауру адамға Евангелиені, Апостолды және Құдайдың рахымын шақыруға арналған дұға оқу арқылы зәйтүн майын жағуы. Православие мен католицизмде құпияшылдық деп танылады. Праволсавиеде адамның маңдайы, мұрны, беті, аузы, кеудесі, қолдың алақаны мен сыртқы жағы крест бейнесімен жағылады.
Епархия – (грек тіл. «облыс») – территориясындағы благочиниелерге біріккен приходтардан және монастырлардан тұратын, архиерей басқаратын шіркеулік-әкімшілік округі. Орыс православ шіркеуінде епархиялардың шекаралары әдетте облыстар аймақтардың шекараларымен сәйкес келеді.
Епископ – (грек тіл.– «тәртіп сақтаушы», «қараушы») - шіркеудегі дін қызметкерлері басшылығының жоғарғы дәрежесі, священниктік қызмет етудің диакон пен пресвитерден кейінгі үшінші дәрежесі. Шіркеудің барлық жеті құпияшылдықтарын атқара алатын қасиетті билігі бар апостолдың мұрагері, қолберуде (рукоположение) архипасторлық қасиетін қолданады, әкімшіліктік-территориялық қауымдастық ұйымының төрағасы.
Жамағат – (араб тіл. «жұртшылық», «ұжым», «қаумдастық») – бір-бірімен өзара тікелей қарым-қатынас жасамаса да белгілі бір ортақ мүдде жолында діни рәсімдерді істеу үшін, өзара қолдау көрсету үшін, бір-бірімен қатынасу үшін біріккен, алайда ресми түрде ұйымдаспаған мұсылмандар бірлестігі, көпшілік қауым.
Жаңа діни қозғалыс – жаңадан қалыптасқан немесе қоғамда деноминация, шіркеу немесе дін ретінде әлі қабылданбаған діни топ.
Жаңа өсиет – Құтқарушының әлемге келуі, алғашқыхристиандық шіркеуінің даму тарихы, алғашқы шіркеулерге апостолдық жолдаулары және әлемнің ақырғы тағдырлары жайындағы кітап – Апокалипсис туралы әңгімелейтін Інжілдің екінші бөлімі. Христиандар оны Қасиетті жазба ретінде қадір тұтады.
Жахилия – (араб тіл. «жаһилия», «надандық») – исламда арабтарға ислам діні келмей тұрғанда пұтқа табынушылық, адасушылық, ұлттық, нәсілдік, тектік үстемдік басым болған дәуір. Кең мағынасында – «табиғи күйдің» теңдесі: заңсыздық пен қатыгездік.
Жиһад – (араб тіл. – «күш жігер»)араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін, яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді. Жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінуге болмайды. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде аталғанымен, төрт жерде ғана тікелей «соғыс» мағынасында келген. Құранда «соғыс» ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Барлық дипломатиялық байланыстар нәтижесіз аяқталып, келіссөздерден толықтай үміт үзілген шақта отанды қорғау үшін қолға қару алып, жиһад жасауға болады. Жиһад – «адамға Алла тағаланы тану үшін жол ашу» дегенді де білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік пен еркін ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептеледі.
Жоғарғы архиепископ – (лат. тіл.)жоғарғы архиепископтық мәртебесі бар шығыс католиктік шіркеуді басқаратын митрополит. Жоғарғы архиепископ Шығыс-католиктік шіркеуінің патриархынан дәрежесі төмен болғанымен құқықтары жағынан олар қандай жағдайда болса да тең. Өз Шіркеуімен сайланған жоғарғы архиепископты Рим Папасы бекітеді. Жоғарғы архиепископтар шығыс шіркеулері істері бойынша Конгрегация мүшелері болып табылады.
Зәмзәм – (араб тіл. – «мол су») – Қағбаға жақын исламның бас мешіті әл-Масджид әл-Харам аумағында орналасқан қасиетті бұлақ. Зәмзәм бұлағының суы шипалы деп есептеледі.
Зекет – (араб тіл. – «өсу», «тазару») – исламдағы бес парыздың бірі. Мұсылмандар арасындағы ауқатты адамдардың дүние-мүлкі зекет мөлшеріне жетіп, өзінің қажеттілігінен артылған жағдайда жағдайы төмендерге көмек ретінде беруге тиісті жыл сайынғы міндетті садақа.
Зікір – (араб тіл. «зикр» - «еске алу», «еске түсіру», «жадына сақтау»). Сопылық ілімде – Алла тағаланы еске алу, оны ұмытпай, үнемі ойлау. Алланы әрдайым еске ала отырып, оның әмірлерін терең түсіну және ұжданның түкпірінен келген қалтқысыз сезіммен оны құлай сүю. Тілмен айтылатын зікір, яғни «зикр лисан-и» – лә иллаҺа иллаллаҺ, субханаллаһ, әлхамдулиллаһ, аллаһу әкбар сияқты т.б. сөздерді қайталап айтудан тұрады.
И Цзин – (қытай тіл.)Өзгерістер Кітабы (нақтырақ айтқанда Каноны). Б.э.д. ІІ ғ. Конфуциялық дәстүрмен конфуциялық Бескітабы канонының бірі ретінде қабылданды.
Ибраһимдік діндер – Ибраһим пайғамбар идеяларына негізделген діндер (иудаизм, христиан, ислам).
Игумен – (грек тіл. «жетекші») – алғашқыда – монастыр бастығы. Қазіргі таңда игумендік монахтық өмірге бет бұрған дін қызметкеріне (ал монахтық еместе – протоиерейге) берілетін марапат. Монастырдің бастығы болып табылатын игумен, асатаяқты тасу құқығына ие.
Иджма – Мужтаһид ғалымдардың белгілі бір мәселеге бір ауыздан келісуі. Шариғи дәлелдердің төртіншісіне жатады.
Иерей / священник – (грек тіл. «священник»). Діни қызметтің екінші дәрежесіндегі дін қызметкері. Оған берілген рұқсат бойынша «хиротония» және әлем мен «антиминстерді» дәріптеуден басқа барлық құлшылық ету мен құпияшылдықтарын атқара алады.
Иеродиакон – (грек тіл. «қасиетті», «қызметші»). Диакон лауазымындағы монах (тақуа).
Иеромонах – шіркеулік діни қызметкерлікке жататын, священник лауазымы бар дін қызметкері,монах (тақуа).
Ижтиһад – (араб тіл. «ынта», «жігер», «тырысу») – қандай да бір мәселенің шешімі Құраннан, хадистерден, сахабалардың сөздерінен кездеспеген жағдайда Құран мен сүннетке қайшы келмейтін арнайы қағидаларға сүйене отырып, ізденіс арқылы ақылға сүйенген дәлелдермен үкім шығару.
Икона – (грек тіл. – «бейне») –Құдайдың, әулие немесе қасиетті оқиғалар тарихының кескіндеме бейнесі.
Имам – (араб тіл. «әмма» етістігінен шыққан – «алдында тұру», «жетекшілік ету») – құлшылық еткенде алда тұратын рухани басшы, ұстаз және мұсылман қауымының жетекшісі. Исламда мешітті басқаратын және діни рәсімдерді атқаратын діни тұлға. Сондай-ақ «имам» сөзі «үлгі тұтарлық» деген мағынаны береді.
Имамдықтар (имамиттер) – (араб тіл. «ал-имамийя») – исламдағы шииттік ағымның бір тармағы, Әли тегіндегі он екі имамды мойындайтын «қалыпты» шииттер.
Иман (исламда) – (араб тіл. - «сену», «илану», «қабылдау») – ислам догматтарының дұрыстығында сенімді болу. Алла тағалаға және оның елшісі Мұхаммед пайғамбарға сенгендігін тілмен айтып, жүрекпен растау, бір Құдайға сену.
Инквизиция (лат. тіл. – «іздеу», «тергеу», «зерттеу») орта ғасыр мен қайта өрлеу дәуірінің басындағы католик шіркеуінің дінсіздік пен дінсіздерді айқындауға арналған сот институты.
Инь және Ян (даосизм мен басқа да шығыс діндеріндегі) күн мен түннің, қыс пен жаздың, ай мен күннің қарама-қайшылығымен байланысатын әлемдегі энергияның түрлері.
Ифтар - (араб тіл. – «ауыз ашар») – исламда күндізгі оразаның бітіп, ораза ұстаушының күн батқаннан кейін аузды ашып, тағаммен тәбетін ашуы. Ауыз ашар алдында арнайы дұғалар айтылады.
Ихрам (араб тіл. – «арнау») – ислам дінінде қажылық және ұмра амалдарына байланысты рәсімдерді орындау үшін арнайы ниетпен киілетін киім.
Каббала – (иврит тіл. – «алу», «қабылдау», «аңыз») – иудаизмнің эзотерикалық (мистикалық) бөлігі. Каббала Жаратушыны, Жаратылыс пен олардың арасындағы өзара байланыстарын, адам мен табиғаттың рөлі мне мақсаттарын, тіршілік етудің мәнін ұғынумен байланысты.
Канондық құқық – шіркеулік билік жариялаған және шіркеулік канондарда бар қағидалардың жиынтығы, шіркеулік мекемелердің құрылымына, шіркеу мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына, сондай-ақ шіркеу мүшелерінің өміріне қатысты ережелер. Канондық құқық Құдай заңына негізделеді, бірақ берілген уақыт пен орнына қолданбалы рухани және табиғи заңдардың талаптарын да есепке алады.
Кардинал – Католик шіркеуіндегі қасиеттіліктің барлық үш дәрежесін иемденген жоғары дін қызметкері. Кардиналдар – шіркеуді басқарудағы папаның ең жақын кеңесшілері мен көмекшілері. Кардиналдың сыртқы көрінісін қызыл қалпақ және мантия ерекшелейді.
Карма – (санскр.тіл. – «себеп-салдары», «сауап») – үнді діндерінде кез келген тірі жанның қайта туылуындағы болашағын айқындайтын ниет пен іс-әрекеттер жиынтығы.
Катехизис – (лат. грек тіл. – «үйрету», «өсиет айту») – алғашқыда сенімдегі ауызша өсиет айту, бүгінгі таңда катехизис деп дінге жаңадан кірушілерге уағыз жасау үшін қолданылатын діни оқулардың барлық ресми баяндалуын айтуға болады.
Католицизм – христиан дінінің Батыс Рим империясының аумағында б.э. І ғ. пайда болған. Православие мен протестантизммен қатар христиан дінінің негізгі бағытының бірі. Католик Шіркеуінің басшысы Қасиетті Престолды және Римдегі Ватикан қала-мемлекетін басқарушы Рим Папасы болып табылады.
Кашрут (кошер, кашер) – Галаха бойынша белгілі бір нәрсенің рұқсаттылығы, жарамдылығы. Нақтырақ айтқанда, «кашер (кошер) тамағы»– ол яхудейлердің заңдарына сәйкес келетін және яхудейлердің азық ретінде қолдануға жарамды тамақ болып есептеледі.
Кәпір – (араб тіл. «кафир») – Аллаһ Тағалаға (жалғыз Құдайға) және Мұхаммед Пайғамбардың елшілік міндетіне сенбейтін адамдарға қолданылатын ұғым.
Конфессия – (лат. тіл. – «дін жолы») – немесе діни сенім. Белгілі бір діни ілім тұрғысындағы діни сенім ерекшелігі, сондай-ақ бір діни сенімді ұстанатын діндарлар бірлестігі.
Конфуциандық – Конфуций (551-479 б.э.д.) есімімен аталған саяси-этикалық ілім. Қытайда «Ғалымдардың мектебі» деп аталады. Конфуциандық XX ғасырға дейін мәртебесін сақтап келген мемлекеттік идеология болып табылады. Конфуциандық – дүниетаным, өмір сүру амалы, қоғамдық этика, саяси идеология, ғылыми дәстүр болып табылады, кей кезде оны философия деп қарастырса, кейде дін деп қарастырады.
Көз жасы қабырғасы немесе Батыс қабырғасы – Иерусалимдегі б.э.д. 70-жылдары римдіктердің Екінші Храмды қиратқаннан кейін бүтін қалған Храм тауының айналасындағы тіреуші қабырғаның бір бөлігі. Бұл яхудейлер үшін ең қасиетті жер болып саналады, себебі ол өзімен Жалғыз Құдай Храмымен байланысты бүгінге дейін сақталған бір ғана құрылыс нышаны.
Көне өсиет – христиан дінінде Қасиетті жазба ретінде қарастырылатын Інжілдің бір бөлігі.
Күнә – діни өсиеттерді (Құдайдың, құдайлардың ғақлияттарын, бұйрықтары мен дәстүрлерін) тікелей немесе жанама бұзу; қоғамда қалыптасқан басты адамгершілікті-этикалық ережелер мен нормаларды бұзу. Жалпы мағынада күнә жеке адамның ерік актісінің нәтижесі.
Күпірлік – (араб тіл. «куфр»)исламда тұлға мен қоғамның өзіндік құлдырауына апаратын сенбеушілік, өнегелілік діңгегі жоқ рухани вакуумды білдіреді. Ол ақиқатты біле тұра әдейі мойындамай жоққа шығарып, Алла тағаланың бар екендігіне сенбеу. Ислам бойынша, күпірлік – барлық күнәнің түбірі – адамды кәпір қылатын нәрсе.
Қағба – (араб тіл. - «куб») – Меккедегі масжид ул-һарамда (Қасиетті мешіт) мұсылмандар құлшылық ететін қастерлі орындағы тұңғыш ғимарат. «Қасиетті үй», «көне үй» деп аталады. Қағбаның бір бұрышына Қара тас салынған. Қажылық кезінде Қағбаны айнала тауаф рәсімі орындалады. Қағба сондай-ақ бүкіл әлемдегі мұсылмандар үшін намаз кезіндегі құбыла – бағыт қызметін де атқарады. Меккедегі масжид ул-һарамда (Қасиетті мешіт) орналасқандықтан "әл-Бәй-түл-һарам" (қасиетті үй) деп те аталады.
Қадір түні – (араб тіл. «ләйләт-ул қадыр» «қасиетті түн») – Қадір түні Рамазан айының 27-ші түні болады. Бұл түнде Жәбірейіл періште Алла әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады.
Қажылық – (араб тіл. – «талпыныс, ниет», «оралу, жаңару») – Исламдағы бес парыздың бірі. Меккеге белгілі бір уақытта қажылық рәсімдерін орындау үшін арнайы ниетпен бару ауқатты мұсылмандарға парыз.
Қасиетті жазба – христиандықта Библияны, иудаизмде Тәуратты/Танахты, исламда – Құранды осылай атайды.
Қасиетті Үштік – христиан дініндегі Құдай тұлғасының үштігі туралы көзқарас. Құдайдың үш бейнеде – Құдай-әке, Құдай-ұлы, Қасиетті рух болатынына сену.
Қиямет күні – ақырзаман алдындағы барлық адамдарға соңғы рет жасаған іс-әрекеттеріне қарай құрмет көрсету. Тақуалар мәңгілік шаттыққа бөленеді, ал күнәһарлар азаппен тозаққа жіберіледі.
Құпияшылдық (таинство) – христиандық Шіркеу рәсімдеріндегі көзге көрінбейтін Құдайдың рақымын немесе Құдай құдіретін діндарларға жеткізуге мүмкіндік беретін қасиетті іс-әрекеттер.
Құран – (араб тіл. «оқу», «нақыл сөз») – исламның қасиетті кітабы. Жаратушы тарапынан Мұхаммед Пайғамбарға жіберілген қасиетті кітап. Алғашында ауызша түрдегі мәтіндер жинақталса, Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткен соң алғашқы жазба түрдегі Құран халифа Әбу Бәкірдің кезінде пайда болған. 114 тараудан (сүреден) тұрады. Исламдағы ғибадаттар Құран аяттарын оқу арқылы орындалады.
Құтба – Белгілі уақыттарда немесе жұма намазының және айт намазының алдында мешітте имамның мінберге шығып айтқан уағызы. Құтба Алланы мадақтап, оның пайғамбарына салауат айтудан басталады.
Ламаизм (ваджраяна) – Моңғолия, Тибет және басқа да елдерге таралған буддизм ағымының бірі.
Литургия – негізгі христиандық мінәжат ету рәсімі.
Магия – адамдар мен қоршаған әлемге ықпал ету мүмкіндігі бар сеніммен байланысты түсініктер мен рәсімдер жиынтығы.
Мазхаб – (араб тіл. – «жол», «мектеп», «бағыт») – сунниттік бағыттағы исламда діни құқықтық мектеп (олар өзі төртеу – ханафиттік, маликиттік, шафииттік, ханбалиттік).
Махаяна (санскр. тіл. – «екі аяқты үлкен арба») – біздің эрамыздағы алғашқы ғасырлардың бірінде қалыптасқан буддизмнің ірі бағыты. Махаяна – барлық тіршілік иелерінің ізгілігі үшін оянуға талпынатын буддистер жолының үлкен арбасы.
Махди (Мәді) – (араб тіл. – «жетектеген»)исламдағы мессия, қиямет күнінің кіші белгілерінің бірі, ақырзаманның жақындағанын жеткізуші, Мұхаммед Пайғамбардың мирасқоры. Құранда мессия жайында айтылмайды, әйтсе де, мессия идеясы хадистерде, әсіресе, шиизімде ерекше орын алады.
Машиах – (иврит тіл. – «патша»)иудаизмдегі идеалды патша, Давид патшасының ұрпағы, Құдай оны Израиль халқын рухани және физикалық арылтуын және адамзатты құтқаруды жүзеге асыру үшін жібереді.
Медитация – (лат. – «ойлау», «жаттығу») – зейінді мүмкіндігінше жинақтауға, ойлар мен сезімдерді қатаң тәртіпке салуға, ішкі дүниетанымдық пайымдауға бағытталған культтік іс-әрекеттің түрі.
Медресе – (араб тіл. – «дәріс оқитын орын») – орта мектептің және мұсылман рухани семинариясының рөлін атқаратын мұсылмандық оқу орны.
Месса – католиктік литургия (құдайға құлшылық ету), евхаристиямен бірге атқарылатын барлық дұға мен рәсімдердің толық реттілігі.
Мессия – (грек тіл. – «Христос» – «маңдайы майланған (патша)»)– христиандықта – Құдай жер бетіне жіберген адамзатты күнә, қарғыс пен өлімнен құтқарушы, Қиямет күнінің хабаршысы, Құдай бейнесі.
Мешіт – (араб тіл. «масжид» - «сәжде» (жерге маңдайын тигізу) ететін орын»). Мешітте жамағат жиналып бірге бес уақыт намазды, жұма, айт намаздары оқылады. Мешітте жеке адамдар кез келген нәпіл намаздарды, Құранды оқып, Аллаға құлшылық етеді.
Миропомазание / конфирмация – діндарға денесінің мүшелерін мирамен сылату барысында Қасиетті рух сыйлары берілу құпияшылдығы (таинство). Әдетте бұл рәсім шоқындыру рәсімнен кейін орындалады және екеуі бір құлшылық ету дәрежесн құрайды. Екі рәсім де адамның өмірінде тек бір рет қана жасалады. Құпияшылдық (рәсім) ретінде православие мен католицизмде мойындалады.
Миссионерлік – (лат.– «жіберу», «тапсырма») – басқа діни сенім өкілдері немесе тіпті сенім білдірмеушілер арасында өздерінің діни ілімін діни бірлестіктер атынан уағыздайтын тұлғалардың қызметі.
Мистицизм, мистикалық – (грек тіл. – «құпиялы»)философиялық және діни ілім, сондай-ақ әлемді түсіну мен қабылдаудың сезім, интуиция мен ұғымның иррационализміне негізделген ерекше амалы. Өз күшіне басымдылық танытып, Құдаймен тікелей қатынасқа жетуге бағытталған, дін аспектісіне жататын ұғым.
Митрополит – православие мен католицизмдегі шіркеулік аймақтардың басшысы, патриархтік бар жерлерд дін қызметкерлерінің жоғары лауазымы – патриархтан кейінгі екінші тұлға саналады. Православ шіркеуінде автокефальді Шіркеудің басшысы. Католик Шіркеуінде епархия мен архиепископтарды құрайтын шіркеулік аймақтың басшысы. Митрополит міндетті түрде архиепископ болуы қажет.
Миф – (грек тіл. – «аңыз», «риуаят») – алғашқы қоғамда пайда болған құдайлар, рухтар, құдай тектес кейіпкерлер мен түпкі тектер туралы аңыз. Мифтерде дін, философия, ғылым мен өнердің ертеректегі элементтері араласып жатыр. Әр түрлі халықтардың мифтеріне ұқсас қайталанатын тақырыптар мен мотивтер тән. Көбінесе әлемнің, Дүниенің (космогониялық мифтер) және адамның (антропогониялық мифтер) пайда болуы туралы; күннің, айдың, жұлдыздардың жаратылуы туралы, сондай-ақ жануарлар туралы, күн тізбесі туралы мифтер кездеседі.
Мифология – мифтер жиынтығы, әлем жайындағы қиял-ғажайып түсініктер жүйесі.
Михраб (араб тіл. «әл-Михраб», «Махариб» – «күрес алаңы») – терминдік мағынасы – «мешіт қабырғасындағы Меккеге бағытталған қуыс орын». Мінәжат етушілерге арналған бұл белгі құбыланы, намаздағы имамның орнын көрсетеді.
Мокша – (санскр. тіл. – «босатылу») – индуизмде – азат ету, адамзат тіршілігіндегі мақсаттың соңғы жетістігі.
Монастырь – (грек тіл. – «оқшауланған тұрғылықты жер»). Жалпыға бірдей жарғыны орындайтын тақуалардың тұратын жері. Сондай-ақ тақуалардың қауымдастығын да айтуға болады. Қауымдастық ретінде оның өзіндік ішкі құрылымы болады. Монастырьдің негізгі қызметкерлері қатарында: настоятель, казначей, духовник, благочинный, ризничий, эконом және т.б. бар.
Монахтық – (от греч. – «оқшау өмір сүру») – өмірдің бар қызығынан, отбасын құрудан және дүниелік заттардан бас тартқан, оқшауланған қандай да бір дін сеніміне ие тақуалық жолын ұстану.
Монотеизм – (грек тіл. – «бір» «Құдай») – бірқұдайлылық, Құдайдың біреу екендігі туралы ілім және діни ұйымдар жүйесі.
Монофизиттер – (грек тіл. – «бір, жалғыз» - «табиғат, «мән») – Христостың бір ғана болмысын яғни, Құдайшыл болмысына тән екендігін мойындайтын христиандық ағым. Ал ортодокстық шіркеу болса, Христосқа бір уақытта екі болмыстың, яғни, құдайлық және адами болмыстардың тән екендігін қабылдайды.
Мощи (христиандықта) – әулиенің шірімей сақталған мүрдесі. Оны ғажайып нәрселерді істейді деп сеніп діни құлшылық объектісіне айналдырады.
Муаззин (азаншы) – (араб тіл. – «аззана» деген етістіктен алынған жалқы есім) – терминдік мағынасы: мұсылмандарды намазға шақыратын, азан айтатын мешіт қызметшісі.
Муджахит – (араб тіл. – «күресуші» «күш жігер салушы») – жихадқа қатысушы. «Муджахит» – ол тек сарбаз емес, ол сондай-ақ күресі джихадтың оң мағынасының аясына сәйкес келетін кез келген мұсылман да.
Мурид – ерікті ізбасар, шәкірт (сопылықта).
Мұнара – (араб тіл. – «минарат» – «маяк») – мешіттің негізгі бөлігіне жалғастырылып немесе бөлек салынады, «муаззин» (азаншы) азан шақырғанда даусы ұзаққа жету үшін арнайы салынған ғимарат.
Мүфти – (араб тіл. – «ой білдіру») – дінбасы, мұсылман қауымының ресми басшысы. Мүфти – мұсылмандардың дінге қатысты мәселелерін жоғарғы деңгейде шешіп, ұйымдастырушы, үкім шығарылған шариғат заңдарынан заманға сәйкес мәселерді мұсылманға қолайлы түрде жеткізіп беретін басшы. Діни мәселелерге пәтуа беруші. Мүфти – араб тілін, шариғат ілімін жетік меңгерген тұлғалардан мұсылман қауымының құрылтайы арқылы бір ауыздан 5 жылға сайланады.
Мінбер – (араб тіл. «минбар»). Мешіт имамы Құран, құтпа оқығанда немесе уағыз-насихат айтқанда шығатын орын. Мінбер мешіттің басты белгілерінің бірі болып табылады. Михрабқа таяу орналасады. Мінберді ағаштан, тастан кейде кірпіштен жасайды.
Найб имам – исламда мешіт басшысы, яғни бас имамның орынбасары.
Намаз (салят) – исламның бес шартының бірі болып табылатын, күнделікті бес рет орындалуы тиіс ғибадат.
Неке – (неке қиюдың діни рәсімі) – православиелік және католик шіркеулері тарапынан қабылданған діни рәсімдерінің бірі. Ислам дінінде жауапкершілік пен адалдықтың негізінде ер мен әйелдің ерлі-зайыптылыққа деген өзара ниеттерін білдіретін заңды келісімі.
Нирвана – (санскр. тіл. – «сөну», «тоқтату») – үнді діни іліміндегі барлық тіршілік иелерінің жоғарғы мақсатын білдіретін және буддизмде маңызды рөлге ие ұғым – діни тәжірибенің соңғы мақсаты болып табылатын қайғырудан, мұңаюдан құтқару, сөну.
Ораза – (парсы тіл. – «руза», «рузе») – исламдағы бес парыздың бірі, қасиетті Рамазан айындағы (исламдағы) отыз күндік ғибадат. Ораза кезінде мұсылмандар күнде таң атқаннан (таң атпай турып, әдетте күн шығуына 1,5-2 сағ. қалғанда соңғы асын ішіп) күн батқанша тамақ ішуден, ішімдік ішуден және жыныстық қатынастардан бас тартуы керек. Темекі шегуге, дәрі-дәрмек қабылдауға, жыныстық сипаттағы кез келген қарым-қатынастарға тыйым салынады.
Ораза айт (айдуль-фитр) – ораза аяқталған кезеңдегі мейрам. Шәууәл айының (ай күнтізбесінің 10-шы айы) 1-ші күннен бастап 3 күн тойланады.
Ортодоксия – (грек тіл. – «тікелей пікір», «дұрыс ілім», «дұрыс сенім») – қандай да бір ілім, дүниетаным негізінде дәстүрді мықтап ұстануды көздейтін, сәл болса да ауытқуды қаламайтын ұстаным.
Өсиет – Торада бұл сөз Синай тауында, Тора түскен кезде Құдай мен Израиль халқының арасында орныған діни одағына саяды. Иудаизмде Өсиет деп Құдай мен Израиль халқының арасындағы халықтың құдай уағыз-өсиеттерін орындауға негізделген мәңгілік одақ. Христиандықта «жаңа өсиет» деп Құдай мен адам арасындағы жалғыз дәнекер, Құдай баласы – Иисус Христостағы одақты айтады.
Парыз – мұсылмандар үшін Аллаһ Тағаланың тікелей бұйрығы болып табылатын және орындауға міндетті болатын іс-әрекеттер. Оларды орындағандар Аллаһ тарапынан үлкен сауапқа ие болады, орындамағандар күпір деп саналады.
Пасха – христианның басты мейрамы. Иса Мәсіхтің ғажайып қайта тірілуі күні.
Патриарх – (грек тіл.– «ата-баба», «ру басы») – Автокефальді Шіркеудің бірінші киелісі, дін қызметкерлерінің жоғары басшысы (архиерей), алдыңғы қатарлы басшысы. Киім ерекшелігі – төбесінде маржан кресі бар ақ бас киім. Орыс Православ Шіркеуінің басшысының ресми лауазымы – «Святейший Патриарх Московский и всея Руси».
Пәтуа – (араб тіл. – «түсіндіру») – шариғатта қандай да бір ұйғарымды қабылдау немесе түсінік беру үшін жасалған құқықтық қорытынды және шешім.
Періштелер – (грек тіл. – «хабаршы», «елші»), Құдайдың еркін білдіретін және ғажайып мүмкіндіктері бар рухтар. Інжілде Періштелер қызмет рухтары деп аталады. Көбінесе олар арқасында аппақ қанаттары бар адамдар кейпінде бейнеленеді.

Исламда періштелерге сену мұсылман сенімінің ажырамас бөлігі болып табылады, ол мұсылман сенім шарттарының біреуі. Ислами деректерде періштелердің нұрдан жаратылғандығы, жынысы болмайтындығы, шаршау, жалығуды білмейтіндігі, секілді ерекшеліктері айтылады. Олардың тіршілігінің мәні Аллаһқа құлшылық етуден құралады.


Политеизм – (грек тіл. – «көп, саны көп» - «Құдай») – көп құдайлық, көптеген құдайлар тіршілігіне негізделген діни жүйе.
Пост (ауыз бекіту) дін қағидаларына орай тамақты немесе оның кейбір түрлерін жеуге тыйым салу немесе оны шектеу.
Православтық – (грек тіл. «дұрыс пайымдау», «дұрыс ілім») – б.э І мыңжылдығында Рим империясының шығысында Константинополь – Жаңа Рим епископы кафедрасының бастауымен және басты рөлімен пайда болған христиан дініндегі бағыт. Православие сенімнің Никео-Цареград Символын уағыздап, Әлемдік Соборлардың жетеуінің қағидаларын мойындайды.
Преподобный – христиандық шіркеулердегі аға дін қызметкерлеріне қатысты айтылады.
Пресвитер – (грек тіл. – «ақсақал») – Христиандықта қауымдастықтың күнделікті өмірін басқару үшін сайланатын қызметкер. Әдетте пресвитер құдайға құлшылық ету жиындарында уағызшы рөлін атқарады. Орыс тілінде осы сөздің синонимі – священник.
Причащение / евхаристия – (грек тіл. – «рахмет айту»)Құдайға құлшылық ету кезінде діндарларға Христостың «жаны мен қанын» білдіретін нан мен шараптан дәм тататытын христиан шіркеуі рәсімінің бірі.
Пробст – (латын тіл. – «басшы») – христиан шіркеулеріндегі лауазым. Кейбір ұлттық лютерандық шіркеулерде – епископқа бағынған белгілі бір географиялық аумақтың аға пасторы.
Прозелитизм – (латын тіл. – «келген», «өз орнын тапқан») – жаңа сенімге, жаңа ілімге терең берілу, өз сенімін таратуға, оған басқаларды тартуға, өзі ұстанған дінің барлық жерде қалыптастыруға ұмтылыс.
Протестантизм – (лат. тіл. – «жұрт алдында дәлелдеу») – XVI ғасырдағы ұлты неміс дін қызметшісі Мартин Лютердің Рим шіркеуіне қарсылық білдіруімен басталған христиан реформасының қайнар көзі болған христиандықтың негізгі үш бағытының бірі.
Протопресвитер – (грек тіл. – «алғашқы пресвитер») – ерекше жетістіктері үшін марапат ретінде ақ дін қызметкерлерге жататын пресвитерге (священникке) берілетін жоғары билік дәрежесі.
Реформация – (латын тіл. – «қайта құру», «түзету»). Протестанттықтың қалыптасуына негіз болған ХVІ ғасырдағы Батыс Еуропадағы діни және қоғамдық қозғалыс.
Рим Папасы – (латын тіл. – «римдік понтифик», «жоғары егемен понтифик»). Католик шіркеуінің басшысы. Католик шіркеуінде Рим Папасы сондай-ақ Ватикан қосымша егемендік территориясы болып саналатын Қасиетті Престолдың жоғары басшысы болып табылады.
Рукоположение – діни қызметке қабылдану; епсикоптың діни қызметке қабылданып отырған дін қызметкерінің басына қолын қойып Құдайдың атын дұғада атау арқылы мәртебесін беру рәсімі жүзеге асырылады. Православие мен католицизмде мойындалады.
Садақа – (араб тіл. – «шынайы іс-әрекет») – ислам діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай немесе заттай көмек.
Сансара – (санскр. тіл. – «өту, қайта дүниеге келу, өмір») – индуизм, буддизм және басқа да шығыс діндерінде – тұлға мен жанның қайта түрленуінің шексіз тізбегі, кармамен шектелген әлемдердегі дүниеге келу мен өлімнің айналымы.
Сахабалар – (араб тіл. – «замандас») – Мұхаммед Пайғамбардың кезінде исламды қабылдап, кейін мұсылман болып көз жұмғандар. Оның замандастары, серіктері, ислам дінінің нығайып, әлемге таралуына еселі еңбек сіңіргендер.
Секта – (лат. тіл. – «мектеп», «ілім»)негізгі (қалыптасқан, басым) діни бағытқа қарама-қарсы бағытта пайда болған діни бірлестіктің ерекше түрі. Секталар үшін қоғамнан оқшаулану және доктринаның, идеялық қағидаттарының, құндылықтарының өзгешелігі жөніндегі талап қоюы тән.
Секуляризация – (лат. тіл. – «пендешілік» «зайырлы») – қоғам өміріндегі дін рөлінің әлсіреуі, рационалды, діни емес ережелерге негізделетін зайырлы қоғамдық құрылым үлгісіне көшу.
Сенім – ең алдымен сенім деп логикалық тұрғыда дәлелдеуге және тәжірибеде тексеруге келмейтін кейбір жағдайлардың ақиқаттылығына психологиялық сенімділік күйін түсінеді. Христиан дініне қатысты сенім Құдайдың және рухани әлемнің бар болуына, сондай-ақ Құдайлық армандардың орындалуына сенімді болуды білдіреді. Сонымен қатар сенім деп сенімділік затының өзі, яғни, адамның соны шынайы екеніне сенімділігін білдіретін белгілі бір ілім.

Синагога – иудаизмдегі құлшылық ету үйі.
Синтоизм – (жап. тіл. – «құдайлар жолы») – Жапонияда таралған дін. Құлшылық ету көптеген құдайларға және өлгендердің рухына бағытталған ежелгі жапондықтардың анимистикалық сенімдеріне негізделген дін. Өз дамуында буддизмнің ықпалына ұшыраған.
Сопылық – (араб тіл. «тасаууф» – «тазалық») – Исламның қайнарынан бастау алатын рухани құндылық, ислам дінінің дүниетанымдық, ахлақтық-этикалық, эзотерикалық қырларынан көрініс беретін, адамның Аллаһ Тағаланы тануы мен рухани адамгершіліктің кемелденуіне мүмкіндік беретін ілім, мистикалық ағымның бірі.
Суннизм / сүннет жолын ұстанушылар – Ислам дінінің бір бағыты. Құран Кәрімді және Мұхаммед пайғамбардың хадистерін, сондай-ақ оның артынан ерген сахабаларының сенім мәселесіндегі ұстанымдарын басшылыққа алады.
Сүре – (араб тіл. – «бөлім») –терминдік мағынасы: құран аяттарынан құралған жеке топ. Құран мәтінінің 114 бөлігінің атауы.
Табу – (полинез. тіл. – «тыйым салу») – белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға діни санкциялармен бекітілген тыйым салу жүйесі. Оны бұзған жағдайда сәйкесінше жазалау алады.
Талмуд – (иврит тіл. – «білім алу», «ілім») – иудаизмнің Танахпен бір қатарда тұратын орталық мәтіні. Нәтижесінде Галаханы құрайтын ережелер мен құндылықтар жүйесін анықтап, қалыптастыруды мақсат еткен яхудейлер даналарының талқылауларының жазбасы.
Танах – өзінде діни өмірдің ережелері мен діни сенімнің негіздерін қамтыған иудаизмнің Қасиетті жазбасы, Үш бөлімнен тұрады: Тора, Невиим, Ктувим.
Тариқат – (араб тіл. «жол», «сапар») – исламдағы ақиқатқа жетудің мистикалық, танымдық жолы. Тариқат исламның моральдық-этикалық жүйесінің, психологиялық тәжірибесінің практикада жүзеге асуы. Ал діни терминологияда тариқат - хақ пен ақиқатқа жету жолындағы діндегі арнаулы жол, түсінік деген сөз.
Таухид –Аллаһ Тағалаға серік қоспастан тек өзіне ғана құлшылық ету.
Таухид ілімі – ислам дініндегі ақида (сенім) негіздерін терең зерттейтін ілім. Алла тағала жалғыз екендігіне сеніп, одан басқаға табынбау, одан өзгеден жәрдем сұрамау және бір құдайлық ұстаным бағытын зерттеу ілімі.
Тәкпір – «Аллаху акбар» деп айту. «Аллаху Акбар» – Алла ұлық деген мағына береді. Ислам дініндегі намаздың ерекшеліктерінің бірі. Құрбан, ораза айттарында, қажылықта айтылады. Тәкпір намаз уақытының кіргенін және намаздың басталуын білдіретін Азан шақыруда алғашқы айтылатын сөз.
Тәубе ету (исповедь / покояние) – барысында күнәдан арылуға келген адам шын жүректен өкінушілік арқылы Құдайдан өз күнәларынан арылуға рұқсат алатын маңызды рәсімдердің, қасиетті іс-әрекеттердің бірі. Тәубені дін қызметкері немесе архиерей қабылдайды. Құпияшылдық ретінде православие мен католицизмде мойындалады.
Тәурат – (иврит тіл. – «ілім», «заң») – Моисейдің бес кітабы, Танахтың алғашқы бес кітабы («Брейшит», «Шмот», «Ваикра», «Бэмидбар», «Дварим»). Кең мағынасында Жаратушыдан сыйға берілген яхудей халқының бүкіл діни мұрасы.
Теология / (дін ілімі) – (грек тіл. – «Құдай» «ілім») – Құдай жайындағы ілімнің негіздеме жүйесі, діни ілім мен догматика (қатаң қағида) ақиқатының дәлелдер кешені.
Терроризм (лаңкестік) – (лат. тіл. – «үрей, қорқыныш», «қорқыту») – экстремизмнің шеткі көрінісі. Терроризм (лаңкестік) саяси мақсатқа жету жолындағы аса қатігездік, қорқыту, күштеу әдістерін қолданады.
Толеранттылық – (лат. тіл. – «төзімділік») – басқалардың тұрмыс қалпына, мінез-құлқына, әдет-ғұрып, сеніміне, сезіміне, пікіріне, идеясына төзімділік таныту.
Тотемизм – белгілі бір адамдар қауымдастығы (әдетте бір ру, тайпа) мен тотем – мифтік ата тегі арасындағы ғажайып туыстық байланыс туралы түсінікпен байланысты алғашқы қауымдық сенім. Көбінесе тотем болып жануарлар мен өсімдіктер, кейбір табиғат құбылыстары мен жансыз заттар да шыға алатын.
Түсінісу храмы – Тибет Далай-ламасы, Рим Папасы Иоанн Павел ХХІІІ, үнді лидері Джавахарлал Неру қолдаған ұйым. Кейін бұл ұйым адамзатты аман қалдыруға бағытталған рухани және парламенттік лидерлердің Жаһанды Форумына айналды.
Уағыз/өсиет – діни-өнегелік тыйым салу ұйғарымы. Ол діннің негізін құрап, моральдық кеңестері болып саналады.
Уаһһабилік – (араб тіл.) – XVIII ғасырларда Орта Арабияда пайда болған ислам дінінің ағымы. 1703-1787 жылдары өмір сүрген шейх Мұхамед ибн Абдул Уәһһәб ат-Тамими атымен қойылған. Уаһһабилік салафизм (араб тіл. «салафа» – «бастапқы болу») жолын таратады. Уаһһабиліктің басты догматы – бір Аллаһқа сену болып табылады. Олардың ойынша, нағыз исламды Мұхамед пайғамбарға ілесуші алғашқы үш ұрпақ қана таратқан болатын. Одан кейінгі енгізілген жаңашылдықтарды бидғат деп жоққа шығарады.
Упанишадтар – (санскр. тіл. – «қасында отыру») – діни-философиялық сипаттағы ежелгі үнді трактаттар. Ведалардың бір бөлігі болып табылады және шрути категориясындағы индуизмнің қасиетті жазбалары қатарына жатады. Оларда негізінен философия, медитация, Құдайдың табиғаты қарастырылады. Упанишадтарда Ведалардың негізгі мағынасы тұйықталады деген пікір бар, сондықтан оларды «веданта» деп те атайды.
Фетишизм – (фр. тіл. – «идол», «талисман») – сенушілердің түсінігінде ғажайып қасиеттері бар жансыз заттардың – фетиштердің культі. Алғашқы қауымдық халықтарының барлығында кездескен. Фетишизм көріністері қазіргі діндерде де сақталған. Фетишизмді жансыз заттардың культі, тұмар, бойтұмарлардың тылсым күштеріне сену, заттар мен құбылыстарды құдай бейнесімен сипаттау ерекшелейді.
Фиқһ – (араб тіл. – «түсіну», «білу») – мұсылмандық құқықтық ғылым, заң ғылымдарының жиынтығы.
Хадис – (араб тіл. – «әңгіме») – Мұхаммед пайғамбардың істеген немесе ұйғарған мәлімдемелерін көзі көрген кісілердің сөзімен жеткізу. Хадистер жиынтығы – Сүннет.
Халал – (араб тіл. – «рұқсат етілген») – исламда Құран аяттары мен пайғамбар хадистерімен тыйым салынбаған нәрселер.
Халиф – (араб тіл. – «мұрагер», «басшы») – ертедегі исламдағы Мұхаммед пайғамбар қалдырған өсиеттер мен қағидаларын орындауды қадағалау үшін сайланатын мемлекеттің жоғарғы билеушісі және діндарлар қауымының жетекшісі.
Харам – (араб тіл. – «тыйым салынған») – шариғатта жасалуы мен пайдалануы қатаң тыйым салынған нәрселер.
Харизматикалық культ (харизматикалық топ) – бұл сектаның немесе дәстүрлі емес діндердің бір түрі. Ізбасарлары мен жақтаушылары біріге отырып, өзін таңғажайып күштерге ие екендігін алға қойған көшбасшының бастауымен құрылған топтар.
Хижра – (араб тіл. – «көшу», «қоныс аудару») – Мұхаммед пайғамбардың 622 ж. Меккеден Мединаға (Ясрибке) қоныс аударған кезеңі және мұсылман жыл санауының бастауы болып қалыптасты.
Хинаяна (санскр. – «шағын екі аяқты арба» ) – б.э. басында пайда болған буддизмнің негізгі бағыттарының бірі, 18 түрлі мектебі бар. Монахтық өмірді таңдау, қоғамнан алшақтау арқылы нирванаға кетуди мақсат қояды.
Христиандық – б.э. І ғасырында Палестинада пайда болған әлемдік үш діннің бірі. Христиандық Иисус Христосты Құдайдың ұлы деп сенеді. Христиандықтың құрамына әр түрлі шіркеулер мен конфессиялар кіреді.
Целибат – католиктік дін қызметкерлерінің үйленбеске міндетті түрде ант беруі.
Шаббат (иврит тіл. – «демалу», «тиылу») – иудаизмде Құдай осы дүниені жаратып болғанын білдіретін аптаның жетінші күні. Бұл күн Құдайға арналып, үлкен мейрам болып саналады. Шаббатта жұмыс істеуге тыйым салынған.
Шаман – табиғаттан тыс тылсым күштермен байланысатын жоғарғы күшке ие болған адам. Шаманизмде культті орындаушы. Аруахтармен таңдалып, одан кейін қайта жаратылудан өтеді. Қайта жаратылудан өткен шаман адамдарды емдеу мүмкіндігіне ие болады. Емдеумен қатар, шаман қызметіне руластарын қауіп-қатерлер мен аурулардан сақтау, тайпалардың шаруашылық өмірін қолдау, марқұмның жанын о дүниеге шығарып салу рәсімдерін атқару кіреді. Шаман ер адам да, әйел адам да бола алады.
Шариғат – (араб тіл. – «түзу дұрыс жол») – Алла тағаланың құлдарына намаз, ораза, қажылық секілді т.б бұйырған міндетті амалдары. Сонымен қатар мемлекеттік, мұралық, қылмыстық және неке-отбасылық құқықтық нормалардан тұратын, Құран мен Сүннет негізінде құрастырылған исламдық құқықтық және теологиялық нормалар мен заңдар жинағы.
Шәйіт (араб тіл. «шаһиид») – дін жолындағы соғыста немесе отбасын, отанын Алла үшін қорғап, дұшпан қолынан қаза болған мұсылман. «Шахид болу» деген сөзді арабшадан мағынасын бұзбай аударғанда «сыртқы күш тарапынан өлтірілу» дегенді білдіреді. Ал өзін-өзі жарып, өлімге бару шахидтікке жатпайды.
Шәһәдә – (араб тіл. – «қатысу», «білу», «хабарлау», «көру», «куәгер болу») –

1 – діни терминологияда ол «Кәлима шәһадат», исламның бес шартының бірі, ислам дінін қабылдауды білдіретін сөз. «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ уә Әшһәду әннә Мұхаммадан абдуһу уә расулуһ» яғни «Алладан басқа тәңір жоқ Мұхамед оның құлы әрі елшісі екендігін куәлік етемін».

2 – бір адам біреудің құқығының тапталғандығын айту үшін, қазының және екі тараптың алдына шығып, куәлік етуі.

3 – біреу бір қылмыс істегенде оның қылмыс жасағандығына куәлік ету.

4 – екі жас отау құрғанда екі ер кісі немесе бір ер екі әйел кісі оларға куәгерлік етуі.
Шейх – (араб тіл. – «ақсақал», «басшы») – діни қайраткерлерге, діни пәндер білімпаздарына, сопылық бауырластық басшыларына, тәлімгерлер мен ұстаздарға, өздерінің ізгі істерімен танымал болған адамдарға қатысты айтылатын құрметті атақ.
Шиизм – (араб тіл. – «жолын қуушы», «партия») – ислам бағыттарының бірі. Бастапқыда Пайғамбардың мұрагері ретінде оның күйеу баласы Әлидің қабылдаған саяси партиясы. Шииттер Сүннетті мойындамайды және өздерінің шарттары бар.
Ширк – исламда Алладан өзгеге табыну және Алладан өзгеден сұрау. Аллаға серік қосу.
Шоқындыру – (грек тіл. – «суға батыру»)Шіркеу құпияшылдықтарының бірі – рухани туылу. Адам шіркеу мүшесіне айналып, Шіркеу құпияшылдықтарына қатыса алады. Шоқындыру рәсімі судың себелеп шашылуы немесе суға – Әке, Бала және Қасиетті Рух құрметіне деп үш рет батыру арқылы атқарылады. Шоқындыру барлық христиан конфессияларымен мойындалады.
Шіркеу – 1) діни ілім дамуы нәтижесінде қалыптасқан діндарлар ұйымы; 2) христиан діни ғұрыптары мен ғибадаттарын атқаруға арналған ғимарат.
Інжіл – христиан дінінің Қасиетті жазбасын құрайтын кітаптардың жиынтығы. Оған Көне өсиет пен Жаңа өсиет кіреді.
Экзархат – (грек тіл. «басшы», «жетекші») – патриархаты бар елдің сыртында орналасқан ірі шіркеулік аумақ. Экзархаттың құрамына экзархқа бағынышты бірнеше епархиялар, епископтар және архиепископтар кіреді.
Экстремизм – (лат. тіл. – «шеткі») – адамның басқа түсініктерді, сенімдерді, дәстүрлер мен құндылықтарды қабылдамауға түрткі болатын белгілі бір сенімдер мен идеяларға деген шектен тыс радикалды көзқарас жолын ұстаунуы.
Экуменизм – (грек тіл. – «елді әлем») – әлем христиандарының бірігуі үшін қозғалысы. Тар мағынасы, христиан конфессияларының ынтымақтастығы мен өзара түсіністігі үшін қозғалыс. Кең мағынасы, барлық діндердің жаңа бір дін астына бірігу мүмкіндігі туралы ілім.

* * * * * *






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет