Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1172 қаулысы



Дата23.02.2016
өлшемі166.54 Kb.
#5409
Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 қазандағы №1172 қаулысы


«Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы Заңының 20-бабы 1-1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республи­касының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                К.МӘСІМОВ.

Қазақстан Республикасы  Үкіметiнiң  2011 жылғы 14 қазандағы  №1172 қаулысымен бекітілген

Бухгалтерлiк есептi жүргiзу қағидалары

1. Жалпы ережелер


1. Осы Бухгалтерлiк есептi жүргiзу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 ақпандағы Заңына, қаржылық есептiлiктiң халықаралық және ұлттық стандарттарына сәйкес әзiрлендi, дара кәсiпкерлердің, заңды тұлғалардың, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары, өкілдіктері мен тұрақты мекемелерінің (бұдан әрі – субъектілер) бухгалтерлiк есептi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi.
2. Осы Қағидалардың қолданысы:
1) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн реттеудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының секьюрителендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған қаржы ұйымдарына, арнайы қаржы компанияларына, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылған ислам арнайы қаржы компанияларына;
2) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн реттеудi мемлекеттiк мекемелерге арналған Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленетiн мемлекеттiк мекемелерге таралмайды.
3. Бухгалтерлiк есептi жүргiзу қағидасының негiзгi мiндеттерi:
1) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шұғыл басшылық жасау және басқару үшiн, сондай-ақ инвесторлардың, құрылтайшылардың, өнім берушiлердiң, сатып алушылардың, қарыз берушiлердiң, мемлекеттiк органдардың, банктердiң жә­не өзге де мүдделi тұлғалардың пайдалануы үшiн қажеттi субъектілердің қаржылық жағдайы, қыз­мет нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық әрi дұрыс ақпаратты қалыптастыру;
2) шешімдер қабылдау үшін, сондай-ақ шаруашылық операцияларды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын және олардың орындылығын бақылау үшiн қаржылық есептіліктің ішкі және сыртқы пайдаланушыларын қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.

2. Бухгалтерлiк қызмет жұмысын ұйымдастыру тәртібі


4. Бухгалтерлiк қызметтiң басшысы (бұдан әрi – бас бухгалтер) бас бухгалтер немесе халықаралық және ұлттық стандарттарға, Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлік есептің жүргізілуі мен қаржылық есептіліктің жасалуын қамтамасыз ететiн басқа лауазымды тұлға болып табылады.
5. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін субъектінің басшысы деп дара кәсiпкерді немесе заңды тұлғаның, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген шетелдік заңды тұлғаның филиалы, өкілдігі мен тұрақты мекемесінің басшысын немесе заңнамада белгіленген тәртіппен соған уәкілеттік берілген тұлғаны түсінген жөн.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес бас бухгалтердi субъект басшысы тағайындайды. Тағайындау жазбаша тәртіппен ресімделеді.
6. Бас бухгалтер лауазымынан босатылған кезде iстерді жаңадан тағайындалған бас бухгалтерге (ал ол болмаған кезде – субъекті басшысы тағайындаған қызметкерге немесе дара кәсiпкердiң өзіне немесе ұйым басшысына) беру жүргiзiледi.
Iстi қабылдап алу және беру субъекті басшысының бұйрығы негiзiнде жүргiзiледi, онда:
1) бухгалтерлiк қызмет iстерiн қабылдап алу-беру мерзiмi, бiрақ бұйрыққа қол қойылған сәттен бастап екi аптадан аспайды;
2) тапсырушының және қабылдап алушының еңбек төлемі тәртiбi;
3) iстердi қабылдап алу-беру кезеңiнде құжаттарға қол қою құқығы кiмге берiлгенi көрсетiледi, бұл ретте, iстi қабылдап алушы адамға қол қою құқығы ресiмделгенге дейiн құжаттарға қабылдап алушының бақылауымен iстердi тапсырушы қол қояды.
Iстердi беру процесiнде бухгалтерлiк есептiң жай-күйі, есепті деректердiң дұрыстығы тексерiледi, қабылдап алушы және тапсырушы тараптар қол қоятын, субъекті басшысы бекітетін қабылдап алу-беру актiсi жасалады. Актi екi данада жасалады. Бiреуi бухгалтерлiк қызметте, екiншiсi – iстi берушi тарапта қалады.
7. Бухгалтерлiк есептiң жай-күйі қанағаттанарлық болмаған жағдайда бухгалтерлiк есептi қалпына келтiру процесiн ұйымдастыру субъекті басшысына жүктеледi.
8. Бухгалтерлiк есеп автоматты түрде жүргізілген кезде операцияларды өткен кезеңде жасау, сондай-ақ операцияларды кезең жабылғаннан кейін жою тек бас бухгалтердің рұқсатымен ғана мүмкін болады.
9. Түзету жазбалары жүргізілген кезде операцияның мазмұны ашылуы және түзету себептері көрсетіледі. Түзету жазбалары бас бухгалтердің қолы қойылған, ерікті нысанда жазылған бухгалтерлік анықтамамен ресімделеді.
10. Жылдық қаржылық есептілікке субъекті басшысы қол қойғаннан кейін электрондық дерекқор жекелеген электрондық тасығыштарда сақталуға жатады.
11. Субъект бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекіткен бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарына қайшы келмейтін, субъект қабылдаған бухгалтерлік есеп шоттарының жоспарына сәйкес активтердің, міндеттемелердің, капиталдың, кірістер мен шығыстардың болуымен және қозғалысы­мен байланысты операциялар мен оқиғалардың бухгалтерлік есебін жүргізеді;
Есепті кезеңнің аяғына актив шоттарда кредиттік қалдықтардың, пассив шоттарда дебеттік қалдықтардың болуына жол берілмейді.

3. Қаржылық есептілікті жасауға және ұсынуға қойылатын талаптар


12. Қаржылық есептілік субъектінің қаржылық жағдайы, оның өзгерістері, сондай-ақ қызметiнiң қаржылық нәтижелерi туралы дұрыс және толық көлемдегі ақпаратты береді.
13. Субъектілер олардың шағын, орта және ірі кәсіпкерлікке тиесілілігіне сәйкес Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сай бухгалтерлiк есепті жүргізеді, қаржылық есептілікті жасайды және ұсынады.
Жария мүдделі ұйымдардың (қаржы ұйымдарынан басқа) жариялауы үшін жылдық қаржылық есептіліктің тізбесі мен нысандарын бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Уәкілетті орган қаржылық есептіліктің нысандарын бекітпеген Субъектілер оларды өздері дербес әзірлейді не жария мүдделі ұйымдардың жариялауы үшін бекіткен жылдық қаржылық есептілік нысандарын қолданады.
Субъектілер қаржылық есептіліктің нысандарын дербес әзірлеген кезде қаржылық есептіліктің жасалуы оларға сәйкес жүзеге асырылатын қаржылық есептілік стандарттарының талаптары сақталады.
4. Шаруашылық операцияларын құжаттау тәртібі
14. Бухгалтерлiк құжаттаманы жүргiзуге мынандай талаптар қойылады: жазбалардың деректiлiгi, қысқаша әрi анық болуы, оларды өзара бақылау.
15. Бухгалтерлiк құжаттамада операциялар мен оқиғалар бастапқы құжаттардың түпнұсқаларын қоса бере отырып, көрініс табады.

4.1. Бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жасауға қойылатын талаптар


16. Шаруашылық операциялар бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнде хронологиялық тiзбектiлiкте көрсетіледі және бухгалтерлiк есептiң тиiстi шоттары бойынша топтастырылады.
17. Ай аяқталғанда қорытындыланады. Синтетикалық және талдамалы тiркелiмдердiң жиынтық жазбалары айналым ведомостарын салыстыру жолымен немесе басқа тәсiлмен салыстырылады.
18. Бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнде шаруашылық операцияларын көрсету дұрыстығын оларды жасаған және қол қойған адамдар қамтамасыз етедi.
19. Бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнiң деректерi топтастырылған түрде қаржылық есептiлiкке көшiрiледi.

4.2. Бастапқы есепке алу құжаттарының жасалуына қойылатын талаптар


20. Бухгалтерлiк есепте бастапқы есепке алу құжаттарының (бұдан әрі – бастапқы құжаттар) қозғалысы (құру немесе басқа субъектілерден алу, есепке қабылдау, өңдеу, мұрағатқа өткiзу – құжат айналымы) субъектінің басшысы бекiткен кестемен реттеледi.
21. Бастапқы құжаттарды уақтылы және сапалы ресімдеуді, бухгалтерлік есепте көрсету үшін оларды белгіленген мерзімде беруді, сондай-ақ оларда қамтылған деректердің дұрыстығын осы құжаттарды жасаған және оларға қол қойған адамдар қамтамасыз етеді.
22. Бастапқы құжаттар мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жасалады.
23. Кассалық және банктік бастапқы құжаттарға түзетулер енгізуге жол берілмейді, қалған бастапқы құжаттарға түзетулер операциялардың қатысушыларымен келісім бойынша ғана енгізілуі мумкін. Бұл түзетулердің енгізілген күнін көрсете отырып, құжаттарға қол қойған адамдардың қолдарымен расталуы тиіс.
24. Активтерді алу кезінде субъектінің атынан әрекет ететін адамның құқығын ресімдеу үшін сенімхат қолданылады. Сенiмхат материалдық жауапкершiлiк шарты жасалған адамдарға берiледi. Сенiмхатқа субъектінің басшысы, бас бухгалтер қол қояды және мөрмен расталады. Дара кәсiпкерлер мөрі бар болған кезде растай алады.
25. Берiлген сенiмхаттарды есепке алу журналы берiлген сенiмхаттарды тіркеу және олардың алығандығы мен тапсырманың орындалғанын белгілеу үшiн қолданылады және ол сенiмхаттарды беруге және тiркеуге жауапты адамда сақталады. Барлық беттерi нөмiрленiп, тiгiледi және мөр басылады. Дара кәсiпкерлер мөрі бар болған кезде баса алады.
26. Өнім берушiнiң iлеспе құжаттарының деректерiнен сандық және сапалық жағынан алшақтығы бар түскен активтерді қабылдауды ресiмдеу үшiн қабылдау туралы актi қолданылады, ол материалдық-жауапты адамның және жiберушi (берушi) өкiлiнiң немесе мүдделi емес тарап өкiлiнiң мiндеттi қатысуымен екi данада жасалады.
27. Субъектінің бөлімшелері арасында активтердің қозғалысын есепке алу үшiн iшкi орнын ауыстыруға арналған жүкқұжат қолданылады.
28. Есептен шығаруға жататын активтерді есепке алу үшiн екi данада жасалатын есептен шығару актісі қолданылады. Актiнiң бiрiншi данасы бухгалтерлiк қызметке жiберiледi, екiншiсi субъектінің бөлiмшесінде қалады.
29. Жөндеуден, қайта жаңартудан (жаңғыртудан) активтерді қабылдап алу-беруді ресімдеу үшін қабылдап алу-беру актісі ресімделеді. Тапсырыс берушінің материалдық-жауапты қызметкерi және жөндеу, қайта жаңарту (жаңғырту) жүргiзген орындаушының өкiлi қол қойған активтерді қабылдауға екi данада актi жасалады. Актiге бас бухгалтер (бухгалтер) қол қояды және оны тапсырыс берушінің басшылығы бекiтедi.
30. Қорлардың өткізілуін есепке алу үшін жіберу жүкқұжаты қолданылады.
31. Негізгі құралдарды бұзу және демонтаждау кезiнде алынған, жұмыстарды жүргiзу кезiнде қолдануға жарамды қорларды кiрiске алуды ресiмдеу үшiн үш данада жасалатын оларды кiрiске алу туралы актi қолданылады. Актiнiң бiрiншi және екiншi даналары тапсырыс берушіде, үшiншiсi – мердiгерде қалады. Тапсырыс беруші, өз кезегiнде, актiнiң бiрiншi данасын мердiгерге төлеуге берiлген шотпен қоса бередi.
32. Негізгі құралдарды беруді, сатуды ресімдеу үшін қабылдап алу-беру актісі қолданылады. Актi екi данада жасалады және әрбiр жеке объектiге немесе объектiнiң компонентіне екі тарап та қол қояды. Техникалық құжаттамасы қоса берiлген ресiмделген актi бухгалтерлiк қызметке берiледi, оған бас бухгалтер қол қояды және субъектінің басшысы бекiтедi.
33. Негiзгi құралдарды есепке алу үшін түгендеу карточкалары қолданылады, ол негiзгi құралдардың объектiсiн кіріске есептеуге, оны көшiруге, жете жабдықтауға, қайта жаңартуға, жаңғыртуға, күрделi жөндеуге және есептен шығаруға арналған құжаттар негiзiнде толтырылады және негiзгi құралдар объектiсiнiң, сондай-ақ оған қатысты маңызды жапсырламалардың, ыңғайластыратын құрылыстардың негiзгi сапалық және сандық көрсеткiштерiн қамтиды.
Түгендеу нөмiрлерi негiзгi құралдардың объектiлерiне реттiк-сериялық жүйе бойынша олардың түсуіне қарай берiледi.
Негiзгi құралдардың жалға алынған объектiлерiн есепке алу үшiн жалға алынған (ұзақ мерзiмге жалға алынған) негiзгi құралдарды есепке алу карточкасы қолданылады.
34. Жабдықты түгендеу, монтаждау немесе сынау үдерісінде ақау табылған жағдайда, анықталған ақаулар туралы актi қолданылады.

4.3. Қолма-қол ақшаны қабылдау мен беруге және


кассалық құжаттарды ресiмдеуге қойылатын талаптар
35. Субъектінің кассасына қолма-қол ақшаны қабылдап алу бас бухгалтер немесе оған субъектінің басшысы уәкілеттік берген адам қол қойған кiрiс касса ордерi (бұдан әрi – кiрiс ордерi) бойынша жүргiзiледi.
Қолма-қол ақшаны қабылдау кезінде бас бухгалтердің немесе оған субъектінің басшысы уәкілеттік берілген адам және кассир қол қойған, мөрмен расталған түбіртек беріледі. Дара кәсiпкерлер мөрі болған кезде растайды.
36. Кассадан қолма-қол ақша беру шығыс касса ордерi (бұдан әрi – шығыс ордерi) бойынша жүргiзiледi. Шығыс ордеріне субъекті басшысы, бас бухгалтер немесе оған субъекті басшысы уәкілеттік берген адам және кассир қол қояды.
37. Барлық кiрiс және шығыс ордерлерiн оларды кассаға бергенге дейiн бухгалтерлiк қызмет кiрiс және шығыс кассалық құжаттар тiркелетін арнайы журналдарда тiркейдi.
38. Жеке тұлғаға шығыс ордерi немесе төлем ведомосі бойынша ақша берген кезде кассир алушының жеке басын куәландыратын құжатты (азаматтың төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн) көрсетуiн талап етедi, құжаттың атауы мен нөмiрiн, оны кiм және қашан бергенiн жазып алады.
39. Ақшаны алушы шығыс ордерiнде немесе ведомоста тек өз қолымен сиямен немесе шарикті қаламның пастасымен қол қояды.
40. Субъектінің тiзiм құрамында болмаған адамдарға қолма-қол ақшаны беру әрбiр адамға бөлек жазылатын шығыс ордерлерi бойынша немесе жасалған шарттар негiзiнде бөлек ведомості бойынша жүргiзiледi.
41. Қолма-қол ақшаны берудi кассир шығыс ордерде немесе төлем ведомостінде көрсетiлген тұлғаға ғана жүргiзедi. Егер ақшаны беру белгiленген тәртiппен ресiмделген сенiмхат бойынша жүргiзiлсе, ордердiң мәтiнiнде ақшаны алу сенiп тапсырылған адамның және ақшалай қаражатты нақты алушының тегі, аты, әкесінің аты және жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні мен орны көрсетіледi. Сенiмхат кассирде қалады және шығыс ордерiне немесе ведомоске бекiтiледi.
42. Еңбекақы төлеудi, уақытша еңбекке жарамсыздығы үшiн жәрдемақы, стипендиялар, сыйлық­тар төлеудi әрбiр алушыға шығыс ордерiн жасамастан, төлем ведомостары бойынша кассир жүргiзедi.
Берiлген қолма-қол ақшаның жалпы сомасына бiр шығыс ордерi жасалады, оның күнi мен нөмiрi әрбiр төлем ведомостiне қойылады.
43. Төлем ведомосiнiң титул (тақырып) парағына басшылықтың және бас бухгалтердiң қолдары қойылған, қолма-қол ақшаны беру мерзiмi және сомасы сөзбен жазылған қолма-қол ақшаны беру туралы рұқсат жазбасы жасалады.
44. Жалақы төлеу бойынша сенiм бiлдiрiлген тұлғаға (таратушыға) кассадан берiлген ақшаны есепке алу және қолма-қол ақшаның қалдығын және төленген құжаттарды қайтару үшiн кассир қабылдаған және берген ақшаны есепке алу кiтабын қолданады.
45. Шығыс ордерлерiнде оларды жасау үшiн негiздеме көрсетiледi және оған қоса берiлетiн құжаттар санамаланады. Шығыс ордерлерi немесе төлем ведомостары қолма-қол ақша алған адамдардың қолына берiлмейдi.
46. Кiрiс және шығыс ордерлерiн немесе төлем ведомостарын алған кезде кассир:
1) бас бухгалтердiң құжаттардағы қолының, ал шығыс ордерде немесе төлем ведомостінде – субъекті басшысының рұқсат беру қолының болуын және түпнұсқалығын;
2) құжаттарды ресiмдеудiң дұрыстығын;
3) құжаттарда санамаланған қосымшалардың болуын тексередi.
Кассир осы талаптардың ең азы бiреуi сақталмаған жағдайда, тиiсiнше ресiмдеу үшiн құжаттарды бухгалтерлiк қызметке қайтарады.
47. Жалақы төлеуге төлем ведомостерiнде ресiмделген шығыс ордерлерi оны бергеннен кейiн тiркеледi.
4.4. Касса кiтабын жүргiзуге қойылатын талаптар  және ақшаны сақтау қағидалары
48. Қолма-қол ақшамен есептеуді жүзеге асыру үшін субъектілер касса кiтабын жүргізеді, ол нөмiрленедi, тігіледі және мөрмен бекітіледі. Дара кәсiпкерлер мөрі бар болған кезде баса алады. Касса кiтабындағы парақтар субъекті басшылығының, бас бухгалтердiң қолымен расталады.
49. Касса кiтабында жазбалар екі данада жүргiзiледi. Парақтардың екiншi даналары кассирде есеп ретiнде қалады. Парақтардың бiрiншi даналары касса кiтабында қалады. Парақтардың бiрiншi және екiншi даналары бiрдей нөмiрлермен нөмiрленедi.
Касса операцияларын жүргiзудiң автоматтандырылған тәсiлi кезiнде касса кiтабын жүргiзудiң осы бөлімде белгiленген талаптарын сақтау қамтамасыз етіледі. Қағаз тасығыштарда басып шығарылған касса кiтабы хронологиялық тәртiппен брошюраланып жасалады.
50. Әрбiр ордер немесе төлем ведомосі бойынша қолма-қол ақша алынғаннан немесе берілгеннен кейiн кассир бiрден касса кiтабына жазбаларды жүргiзедi. Күн сайын жұмыс күнiнiң соңында кассир бiр күнгi операциялар жиынын есептеп шығарады, кассадағы қолма-қол ақша қалдығын шығарады және касса кiтабына қол қою арқылы кiрiс және шығыс касса құжаттарын бiрге бере отырып, кассир есебiн (бiр күнгi касса кiтабындағы жазбалардың екiншi жыртпа парағын) бухгалтерлiк қызметке бередi. Сонымен бiр уақытта кассир кассадағы қолма-қол ақшаның қалдығын нақты қолма-қол ақшамен салыстырады.
51. Шығыс ордерде немесе төлем ведомосінде алушының қолынсыз қолма-қол ақшаны беру кассадағы қолма-қол ақшаның қалдығын ақтауға қабылданбайды. Бұл сома кемшiн болып саналады және кассирден өндiрiлiп алынады. Кiрiс ордерлерiмен ақталмаған қолма-қол ақша кассаның артығы болып саналады және субъектінің кiрiсiне есептеледi.
52. Касса кітабының дұрыс әрі уақытылы жүргізілуін ұйымдастыру бас бухгалтерге жүктеледі.
Қызметкерлерінің саны он адамнан аспайтын, штатында кассирі жоқ шағын кәсіпкерлік субъектілерде оның міндетін субъекті басшысының жазбаша өкімі бойынша бас бухгалтер орындайды.
53. Субъектіге тиесілі барлық қолма-қол ақша, чектер, қатаң есептілік бланкілері және бағалы қағаздар сейфтерде немесе жанбайтын металл шкафтарда сақталады. Сейфтер мен металл шкафтардың кілттері кассирде сақталады.
54. Сейфтер мен металл шкафтарды ашпай тұрып, кассир олардың бүтіндігін тексереді.
Бұзылуларды анықтаған жағдайда кассир бұл туралы субъекті басшысына баяндайды, ол болған оқиға туралы ішкі істер органдарына хабарлайды және полиция қызметкерлері келгенге дейін кассаны күзету шараларын қабылдайды.
Мұндай жағдайда субъекті басшысы, бас бухгалтер, сондай-ақ кассир ішкі істер органдарынан рұқсат алғаннан кейін кассалық операциялар басталғанға дейін кассада сақтауда жатқан қолма-қол ақшаны және басқа да құндылықтарды тексеруді жүргізеді. Тексеру нәтижелері туралы екі данада акті жасалады, оған тексеруге қатысқан барлық адамдар қол қояды. Актінің бірінші данасы ішкі істер органдарына беріледі, екіншісі – субъектіде қалады.
55. Субъекті басшысы белгілеген және жария етуге жатпайтын мерзімде кассадағы барлық қолма-қол ақшаны толығымен жекелей қайта санай отырып және чектер мен бағалы қағаздарды тексеріп, кассаны түгендеу жүргізіледі. Кассаны түгендеуді жүргізу үшін субъекті басшысының бұйрығымен құрамында кемінде үш адам бар комиссия тағайындалады, ол түгендеу нәтижелері бойынша екі данада акт жасайды.
56. Кассада кем немесе артық ақша болған кезде актіде кемшін немесе артық сома және олардың пайда болу мән-жайы көрсетіледі.

4.5. Есепке берілетін соманы есепке алуға қойылатын талаптар


57. Есепке берілетін сома субъектінің қызметкерлеріне ғана беріледі.
Есепке берілетін соманың есебі әрбір қызметкердің бөлінісінде жүргізіледі. Есепке берілген қолма-қол ақшаны есепке алу субъектінің ішкі құжаттарымен регламенттеледі, бұл ретте мақсатына қарай есеп беретін адамның аванстық есеп беру, қолма-қол ақша қаражатын қайтару мерзімі белгіленеді.
Аванстық есепке субъектінің басшысы қол қояды және бухгалтерлік қызметке өткізіледі, ол аванс­тық есептің және есепте қалатын қолма-қол ақша қаражатының уақтылы өткізілуін қамтамасыз етеді.

5. Түгендеу жүргізу тәртібі


58. Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік деректерінің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында жылына кемінде бір рет активтер мен міндеттемелерді түгендеу жүргізіледі.
Қызметкерлерінің саны он адамнан аспайтын шағын кәсіпкерлік субъектілері түгендеу жүргізу тәртібін дербес анықтайды.
59. Орналасқан орнына қарамастан, сондай-ақ субъектіге тиесілі емес, бірақ бухгалтерлік есепте бар (жауапты сақтаудағы, шартқа сәйкес жалға алынған, қайта өңдеу үшін алынған, комиссияға қабылданған) барлық мүлік, сондай-ақ қандай да бір себептермен есепке алынбаған мүлік және міндеттемелердің барлық түрлері түгендеуге жатады.
60. Әртүрлі кәсіпкерлік субъектілерінің тиістілігіне қарамастан, түгендеу:
1) материалдық жауапты адамдар ауысқан кезде (істерді қабылдап алу–беру күніне);
2) мүлікті талан-таражға салу немесе теріс пайдалану, сондай-ақ бүліну фактілері анықталған кезде;
3) дүлей апат, өрт, авария жағдайларын немесе экстремалдық жағдайлардан туындаған басқа да төтенше жағдайларда;
4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тарату теңгерімін жасау алдында субъектіні қайта ұйымдастыру кезінде жүргізіледі.
61. Есептік кезеңде жоспарлы түгендеу санын, оларды өткізу күнін, олардың әрқайсысының тек­се­рі­летін активтері мен міндеттемелерінің тізбесін субъектінің басшысы есеп саясатында белгілейді.
62. Активтер мен міндеттемелерге түгендеу жүргізу үшін түгендеу комиссиясы құрылады, оның құрамы субъекті басшысының бұйрығымен бекітіледі.
63. Түгендеу өткізілгенге дейін комиссия мүшелері:
1) осы объектілер бойынша өткізілген соңғы түгендеу материалдарымен, соңғы түгендеу нәтижелері бойынша қабылданған шаралармен танысады;
2) қосалқы үй-жайларды, жертөлелерді және бөлек кіретін және шығатын есіктері бар басқа да мүлік сақтау орындарына пломба салады;
3) түгендеу жүргізу және оларды таңбалаудың белгіленген мерзімін сақтау үдерісінде комиссияның жұмысы үшін пайдаланылатын салмақ өлшеу аспаптарының ақаусыздығын тексереді;
4) түгендеу сәтінде соңғы кіріс және шығыс құжаттарының тізілімін немесе түгендеуге тиісті мүліктің қозғалысы туралы есептерді алады.
64. Субъектінің материалдық жауапты адамдары жауапты сақтауға түскен барлық мүліктер түгендеу басталғанда кіріске алынғаны, ал істен шыққандары шығысқа есептен шығарылғаны және оларда есепте тұрған мүлікке барлық шығыс және кіріс құжаттары бухгалтерлік қызметке берілгені туралы қолхаттар береді.
65. Мүлікті түгендеу мүліктің орналасқан орны бойынша жүргізіледі.
Нақты қалдықтарды тексеру субъектінің материалдық жауапты адамның қатысуымен жүргізі­леді, бұл ретте, материалдық жауапты адам өзінің учаскесінде комиссия мүшесі болып табылмайды.
66. Есептеу, өлшеу және салмақтау нәтижелері түгендеу тізімдемесіне – түгендеу жүргізу сәтінде жасалатын және белгілі бір күнге кем дегенде екі данада мүліктің іс жүзінде болуын растайтын құжатқа енгізіледі, оған комиссияның барлық мүшелері және субъектінің материалдық жауапты адамы қол қояды. Тізімдеме соңында субъектінің материалдық жауапты адамы комиссияның оның қатысуымен мүлікті тексергенін растайтын, комиссия мүшелеріне қандай-да бір талап-арыздарының жоқ екендігі туралы қолхат береді.
Материалдық жауапты адам ауысқан жағдайда мүліктің нақты болуын тексеру кезінде түгендеу тізімдемелерінде осы мүлікті қабылдаған адам оларды қабылдағаны, ал өткізген адам – өткізгені жөнінде қол қояды.
Егер мүлікті түгендеу жүргізу кезеңі бір күннен асатын болса, онда түгенделетін мүлік сақталған үй-жай күн сайын комиссия мүшелерінің және материалдық-жауапты адамның қатысуымен мөр басып жабылады.
Егер түгендеу жүргізу кезеңінде комиссияның осы үй-жайда мүлікке есептеу жүргізу мүмкіндігі болмаса және оны тізімдемеге бірден жаза алмаса, түгенделген (есептелген) мүлік тобына нақты бар мүлікке түгендеу заттаңбасы бекітіледі.
67. Субъектіге меншік құқығында тиесілі емес, бірақ олардағы мүлікке, сондай-ақ жарамсыз болып қалған мүлікке жеке түгендеу тізімдемелері жасалады.
68. Түгендеу аяқталғаннан соң ресімделген түгендеу актілері мен тізімдемелері, салыстыру ведомостері бухгалтерлік қызметке тапсырылады.
69. Түгендеу кезінде анықталған мүліктің нақты болуының бухгалтерлік есеп деректерінен алшақтығы: артық – кіріс деп және кіріске алуға жатады, кемшін – шығыс деп немесе кінәлі адамды анықтаған жағдайда оның берешегі деп танылады.
Табиғи кему нормалары нақты кемшін анықталған жағдайда ғана қолданылады.
Кінәлі адамдар болған кезде табиғи кему нормаларынан тыс қорлардың кем шығуы мен бүлінуін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кінәлі адамдар өтейді.
70. Комиссия түгендеу кезінде белгілі болған кемшіндер немесе артық шығу себептерін анықтайды. Комиссияның қорытындылары, ұсыныстары және шешімдері субъектінің басшысы бекіткен хаттамамен ресімделеді.
Түгендеу нәтижелері түгендеу аяқталған сол айдың бухгалтерлік есеп пен қаржылық есепті­лігінде, ал жылдық түгендеу бойынша – жылдық қаржылық есептілікте көрсетіледі.

6. Бухгалтерлік есеп құжаттарын сақтау тәртібі


71. Субъектілер құжаттарды жедел (сол немесе өзге де құжаттарды пайдалану қажет болған жағдайында), уақытша (ұзақ мерзімді) және үнемі сақтауды қамтамасыз етеді.
72. Құжаттарды жедел сақтауды ұйымдастыру жөніндегі шараларды субъектінің басшысы анықтайды және арнайы есепке тиісті құжаттарды жасақтауға және олардың толықтығы мен сақталуына жауапты адамды (немесе адамдарды – қызметтің кейбір бағыттары бойынша) міндетті түрде белгілеуді қамтиды.
73. Құжаттарды мұрағатқа беру алдында оларды тиісті түрде дайындау қажет: біртекті бастапқы құжаттар істі қалыптастырады.
Іс номенклатурасы Қазақстан Республикасында қолданыстағы Қазақстан Республикасының Ұлт­тық мұрағат қоры және мұрағат туралы заңнамасына сәйкес ресімделетін сақтау мерзімі көрсетілген субъектінің іс жүргізуінде жүргізілетін іс тақырыптарының жүйеге келтірілген тізбесін білдіреді.
Іс номенклатурасына сәйкес орындалған құжаттарды іс жүргізуге топтастыру істі қалыптастыру деп ата­лады. Істерді қалыптастыру кезінде мынадай шарттар сақталады: сақтау мерзімі тұрақты және уақытша құ­жаттар істе бөлек топтастырылады; түпнұсқаларды көшірмелерден, ал жылдық жоспарлар мен есеп­терді – тоқсандық және айлық жоспар мен есептерден бөлек болады; іске әр құжаттың бір данасы енгізіледі.
Іске өтпелі істен (мысалы, күнтізбелік жыл аяқталғанда жабылмайтын жеке іс) басқа, бір кезеңнің – айдың, тоқсанның, күнтізбелік жылдың құжаттары топтастырылады. Істегі құжаттардың кезеңі бір айдан асатын болса, құжаттар айы көрсетілген қағаз парақтарымен әр айға бөлінеді.
Бекітілу немесе жасалу күніне қарамастан құжаттарға қосымшалар қатысы бар құжатқа біріктіріледі.
74. Субъектінің құжаттарын тұрақты, уақытша сақтау жеке меншік арнайы жабдықталған үй-жай болған кезде немесе субъектінің қаражаты есебінен тиісті мұрағат мекемесіне сақтауға құжаттар беру арқылы қамтамасыз етіледі.
75. Іс жүргізуде аяқталған істер олар басталған күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін оларды тұрақты сақтауға беруге дайындау үшін қолданыстағы Қазақстан Республикасының мұрағат қоры және мұрағат туралы заңнамасына сәйкес ресімдеуге және сипаттауға жатады.
76. Қайта ұйымдастырылатын субъектілер сақтауға тиіс істерді және құжаттарды заңнамада белгіленген тәртіппен қабылдап алу-беруді қамтамасыз етеді.
Істерді және құжаттарды қабылдау-беру туралы мәліметтер субъектіні қайта ұйымдастырудың аяқталғаны туралы материалдарда көрсетіледі.
77. Бастапқы құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларда ғана алынады.
78. Құжаттар жоғалған (ұрлау, бүліну, жойып жіберу) немесе бүлінген (өрт, су басу, дүлей апат) жағдайда, субъектінің басшысы олардың жоғалу немесе бүліну себептерін тексеру және кінәлі адамдарды анықтау жөніндегі комиссияны белгілейді. Комиссияның жұмыс нәтижелері бойынша акті ресімделеді, оны субъектінің басшысы бекітеді. Актіде: оқиға орны және себептері, сыртқы зақымдану сипаты егжей-тегжейлі сипатталады, жоғалған (зақымдалған) құжаттардың тізбесі келтіріледі, бастапқы құжаттардың сақталуына жауапты адамдар көрсетіледі. Бұл тұлғалардан комиссия болған жағдай туралы жазбаша түсіндірме алады. Актінің көшірмесі жоғары тұрған ұйымға немесе құрылтайшыларға жіберіледі. Құжаттар жоғалған жағдайда субъектінің басшысы оларды қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет