Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы



Дата24.02.2016
өлшемі132.07 Kb.
#13033


Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №1510

2013 жылғы 31 желтоқсан Астана, Үкімет Үйі


Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру бекітілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі С.АХМЕТОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген


Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін

өзгерістер мен толықтыру
1. «Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 32 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 1, 17-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу ережесiнде:

2-тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

«1) лот – мемлекеттiк орман иеленушiнiң тендерге қойылатын орман ресурстары бойынша белгiленген тәртiппен құжаттамалық ресiмделген ұсынысы;

2) өтiнiм-лот – қалыптасу процесiндегi тендерге қойылатын орман ресурстары бойынша мемлекеттiк орман иеленушiнiң ұсынысы;

3) тендердi ұйымдастырушы – тендерге қойылатын мемлекеттiк орман қоры учаскелерiндегi орман ресурстары функционалдық қарауында болатын облыстардың жергілікті атқарушы органдары немесе орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлімшелері;

4) уәкiлеттi орган – мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру тәртiбiнiң сақталуын үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыратын орман шаруашылығы саласындағы мемлекеттiк орган және оның аумақтық бөлімшелері;»;

7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Тендердi ұйымдастырушы өтiнiм-лоттар келiп түскен сәттен бастап екi апта мерзiмде оларды қарастырады, олар бойынша шарттардың жобаларын әзiрлейдi және тендерлік құжаттама топтамасын бекітеді.»;

8 және 9-тармақтар алынып тасталсын;

10-тармақтын бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«10. Тендердi ұйымдастырушы құрамына тендердi ұйымдастырушының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері аумақтық органдарының аумақтық бөлімшелері, орталық атқарушы органның басқа да мүдделi мемлекеттiк органдардың, облыстық өкiлдi органның, мүдделi мемлекеттiк орман иеленушiнiң, қоғамдық ұйымдардың өкілдерi енетiн тендер комиссиясын құрады. Теңдер комиссиясының төрағасы болып тендердi ұйымдастырушы басшыларының бiрi, хатшысы болып тендердi ұйымдастырушының лауазымды тұлғасы тағайындалады. Тендер комиссиясының хатшысы оның құрамына кірмейді.».

2. «Қазақстан Республикасында аңшылық шаруашылығын жүргiзу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 30 желтоқсандағы № 1441 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 50, 665-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында аңшылық шаруашылығын жүргiзу ережесiнде:

4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«1) шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыру нәтижелерi (қорықшылық қызмет штаты, аңшылық алқаптың алаңы мен шекарасының сипаттамасы, аңшылық алқаптың схема-картасы);»;

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Өзге учаскелерден басқа, бекiтiлуi жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi iс-шаралар кешенiн жүзеге асыру үшiн қажет және шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыру материалының негiзiнде айқындалған мемлекеттiк орман қорының учаскелерi де құрамына енетiн аңшылық алқаптарында аңшылық шаруашылығын жүргiзу осы Ереженiң негiзiнде жүзеге асырылады.»;

6-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«6. Аңшылық алқаптарын шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыру нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган мынадай көрсеткiштер бойынша аңшылық шаруашылығы санаттарын айқындайды:»;

көрсетілген Ережеге 1-қосымшада:

Аңшылық шаруашылығын жүргізуге арналған шартта:

4-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«8) жануарлар дүниесi объектiлерiнің өсімін молайтуды қамтамасыз ететiн қажеттi iс-шаралар жүргiзуге;».

3. «Аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру жөнiнде конкурс өткiзу ережесiн және конкурсқа қатысушыларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 21 қаңтардағы №40 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., №2, 18-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген Аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру жөнiнде конкурс өткiзу ережесiнде және конкурсқа қатысушыларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарында:

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Жеке меншiктегi немесе жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың уақытша жер пайдалануындағы жер учаскелерiндегі аң аулайтын алқаптар белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген және уәкiлеттi органның ұсынымы болған жағдайда, олардың өтiнiмi бойынша конкурс өткiзiлмей, облыстардың жергілікті атқарушы органдарының шешiмiмен бекiтілiп берiледi.»;

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру осы Ережеге сәйкес өткiзілетiн конкурстың қорытындылары негiзiнде облыстардың жергілікті атқарушы органдарының шешiмiмен оларға жүзеге асырылады.»;

8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Уәкілетті органның аумақтық органы (бұдан әрі – конкурсты ұйымдастырушы) облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен бірге конкурс өткізу жөнінде конкурстық комиссия құрады. Комиссия төрағасы конкурсты ұйымдастырушының бірінші басшысы болып табылады, сондай-ақ оған облыстардың жергілікті атқарушы органдарының, ғылыми ұйымдардың, су ресурстары жөнiндегi уәкiлеттi органның, облыстардың жергілікті атқарушы органының жер қатынастары басқармасының, аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің аккредиттелген республикалық қауымдастықтарының және басқа да мүдделi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кіреді. Конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ санды құрауға және бес адамнан кем болмауға тиiс. Конкурстық комиссияның хатшысы конкурсты ұйымдастырушының дауыс беру құқығы жоқ өкiлi болып табылады.

Конкурстық комиссияның хатшысы конкурсты ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi бүкiл құжаттаманы жүргiзедi.»;

14-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«3) заңды тұлғалар үшін – өтінім беруші жарғысының және оны заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігінің*немесе анықтаманың, салық төлеуші куәлігінің (салыстыру үшін түпнұсқалар ұсынылмаған жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмелері.

Ескертпе:* – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;»;

15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«15. Конкурсқа қатысушы конкурсқа шығарылатын аңшылық алқаптың шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыру материалымен конкурсты өткiзу басталғанға дейiн таныса алады.»;

17-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Конкурстық өтiнiмдер салынған конверттi ашу нәтижелерi отырысқа қатысушы барлық Комиссия мүшелерi мен хатшы қол қоятын конверттердi ашу хаттамасында көрсетiледi. Ашу хаттамасын екi жұмыс күнi iшiнде конкурстық комиссияның хатшысы облыстардың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурсында орналастырады.»;

20-тармақтын екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

«Конкурстық өтiнiмдердi бағалау қорытындылары тепе-тең болған кезде қорғау, биотехникалық және өсімін молайту iс-шаралары кешенiнiң көлемдерi бойынша аңшылық шаруашылығы субъектісін дамыту, сондай-ақ конкурсқа қатысушыға тиесілі өтімділігі жоғары техникалық құралдардың, кордондардың болуы және қорықшылардың (саны) болуы тұрғысынан алғанда артықшылығы бар конкурсқа қатысушыға басымдық берiледi.

Конкурс қорытындыларын шығару кезiнде жеткiлiктi бәсекелестiк орта болған жағдайда (үш қатысушыдан кем емес) конкурстық комиссия 2-1-қосымшаға сәйкес конкурстық өтінімдерді бағалаудың салыстырма кестесін толтырады және конкурс жеңiмпазынан басқа конкурстық өтiнiмi неғұрлым артықшылық сипатта болған конкурстың екiншi қатысушысын айқындайды.»;

23, 24, 25 және 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«23. Өткізілген конкурс қорытындылары бойынша конкурстық комиссия конкурстық өтінім салынған конверттер ашылған күннен бастап он жұмыс күн ішінде отырысқа қатысушы конкурс комиссиясының мүшелері қол қоятын хаттаманы осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес толтырады. Хаттаманың көшірмесі конкурсқа қатысушыларға жіберіледі. Конкурстық комиссияның хаттамасы облыстың жергілікті атқарушы органының шешім қабылдауына негіз болып табылады. Өткізілген конкурстың қорытындылары облыстардың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурсында орналастырылады.

24. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурс қорытындылары туралы хаттаманы аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру жөнiнде шешiм қабылдау үшiн облыстардың жергілікті атқарушы органдарына жiбередi және конкурстың барлық қатысушыларын конкурс қорытындылары жайында хабардар етеді.

25. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары конкурс қорытындылары туралы хаттаманы алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аң аулайтын алқаптарды конкурс жеңімпазына бекiтiп беру туралы шешiм қабылдайды.

26. Аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру туралы облыстардың жергілікті атқарушы органдарының шешiмi негiзiнде «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі мен жануарлар дүниесiн пайдаланушы – конкурс жеңiмпазының арасында аңшылық шаруашылығын жүргiзуге арналған шарт жасалады.

Егер конкурс жеңiмпазы облыстардың жергілікті атқарушы органдары аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру туралы шешiм қабылдағаннан кейiн он жұмыс күнi iшiнде аңшылық шаруашылығын жүргiзу шартына қол қоймаса, онда конкурсты ұйымдастырушы конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес конкурс жеңiмпазынан кейiн конкурстық өтiнiмi басымдау деп танылған конкурсқа қатысушыға аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру жөнiнде шешiм қабылдау туралы облыстық атқарушы органға ұсыным енгiзедi.»;

осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес көрсетілген Ережеге 2-1-қосымшамен толықтырылсын.

4. «Республикалық және жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттiк қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын азайту ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 11 мамырдағы № 399 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 32, 259-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық және жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттiк қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын азайту ережесі осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.


Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1510 қаулысына 1-қосымша


Аң аулайтын алқаптарды бекiтiп беру жөнiнде конкурс өткiзу ережесiне және конкурсқа қатысушыларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарына 2-1-қосымша
_______________ ауданының «___________»

аңшылық шаруашылығының аң аулайтын алқаптарын

бекітіп беру бойынша конкурстық өтінімдері бағалаудың

салыстырма кестесі


Конкурсқа қатысушының атауы

Даму жоспары

Бар-жоғы, саны

Қорғау іс-шаралары

Өсімін молайту және биотехникалық іс-шаралар

қорық-шылар

кордондар

өтілімділігі жоғары техникалық құралдар

жиыны










































Ескертпе: конкурстық өтінімдерді бағалау балдық жүйе бойынша жүргізіледі, ол берілген конкурстық өтінімдердің санына байланысты.


Комиссия мүшесі________________________________________________________

(Тегі, аты-жөні) (қолы)


Күні_______________________

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1510 қаулысына 2-қосымша


Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 мамырдағы №399 қаулысымен бекітілген
Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту

қағидалары
Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидалар республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарының барлық түрлеріне қолданылады.


2. Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту тәртібі
3. Республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату және олардың аумақтарын қысқарту ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) ұсынысы бойынша жаратылыстану-ғылыми негіздемеге мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.

4. Заңды немесе жеке тұлға республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратуға немесе олардың аумақтарын қысқартуға байланысты өзінің өтінішін құзыретіне өтініште көрсетілген қызмет мәселелері енетін мемлекеттік органға (бұдан әрі – мемлекеттік орган) енгізеді, онда ол 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

5. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту туралы мәселені қарау орынды деп танылған жағдайда, мемлекеттік орган материалдарды (карталар, сызбалар, негіздемелер) уәкілетті органға жібереді.

Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту туралы мәселені қарау орынды деп танылған жағдайда, мемлекеттік орган материалдарды (карталар, сызбалар, негіздемелер) аумақтық тиесілігі бойынша облыстардың немесе республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) жібереді.

6. Уәкілетті орган бір ай мерзім ішінде республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту жөніндегі ұсынысты қабылдамау туралы не бұл мәселені одан әрі қарау туралы шешім шығарады.

Жергілікті атқарушы орган бір ай мерзім ішінде жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды тарату жөніндегі ұсынысты қабылдамау туралы не бұл мәселені одан әрі қарау туралы шешім шығарады.

7. Уәкілетті орган не жергілікті орган оң шешім қабылдағаннан кейін уәкілетті орган республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың немесе олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын (бұдан әрі – жаратылыстану-ғылыми негіздеме) әзірлеуді және оның мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтуін ұйымдастырады.

8. Жаратылыстану-ғылыми негіздеме:

1) зерттеліп отырған аумақтың табиғи кешендері мен онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігін, маңыздылығын және ерекшелік сипатын бағалауды;

2) зерттеліп отырған аумақтағы мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйін, оларды сақтау және қорғау жөніндегі тәуекелдерді, қатерлерді және шараларды;

3) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларды бағалау мен республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың экологиялық және экономикалық орындылығы туралы тұжырымдарды;

4) республикалық және жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарының аумақтары қысқартылған жағдайда – ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамынан шығарылатын меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің ұсынылып отырған шекараларын, шекаралардың сипаттамасын, координаталарын, санаттары мен көлемін;

5) жер учаскелерін кейіннен пайдалану және қалпына келтіру туралы ұсыныстарды қамтиды.

9. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда уәкілетті органның ведомствосы 10 жұмыс күні ішінде бекітеді.

Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасын мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жергілікті атқарушы орган 10 жұмыс күні ішінде бекітеді.

10. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі бекітілгеннен кейін уәкілетті орган 10 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің тиісті жобасын әзірлейді.

Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды таратудың және олардың аумақтарын қысқартудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесі бекітілгеннен кейін жергілікті атқарушы орган 30 күнтізбелік күн ішінде тиісті шешім қабылдайды.

11. Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдар мен республикалық маңызы бар мемлекеттік қорық аймақтарын тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбесіне тиісті өзгерістер енгізіліп жүзеге асырылады.



Жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды тарату немесе олардың аумақтарын қысқарту жергілікті атқарушы орган бекіткен жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесіне тиісті өзгерістер енгізіліп жүзеге асырылады.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет