Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге
қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарлама туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
-
Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
-
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
-
бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
-
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында белгіленген мерзімдерде және тәртіппен Бағдарламаның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ақпарат ұсынсын.
-
Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
-
Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
-
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2013 жылғы 24 қыркүйек
№ 648
Қазақстан Республикасы Президентінің
2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға»
ТүсінІК Беру
Мемлекет басшысының 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығымен Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілді.
Мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес әзірленген.
Бағдарламаның негізгі мақсаты діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Бұл мақсатқа қол жеткізу діни экстремизм және терроризм профилактикасы шараларын жетілдірумен, аталған көріністерді анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттырумен, сондай-ақ экстремистік және террористік әрекеттердің салдарларын азайту және жою шаралары жүйесін жетілдірумен қамтамасыз етіледі.
Бұл ретте бағдарламада профилактикалық жұмыс пен нысаналы топтар арасындағы ақпараттық-насихат жұмысын жаңғыртуға жұртшылықты кеңінен тартуға баса назар аударылған.
Бағдарламада көзделген профилактикалық іс-шаралардың көпшілігі алғашқы рет іске асырылатын болады және ел тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымына сүйенеді, ол сайып келгенде қоғамда толерантты діни сананы және радикалды идеологияға деген иммунитетті күшейтуге мүмкіндік береді.
Тұтас алғанда, Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы
Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы
Достарыңызбен бөлісу: |