Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2014 жылдарға арналған стратегиясын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1678 Жарлығы
"Президент пен Үкімет актілерінің
жинағында" жариялануға тиіс
Қазақстан Республикасында нашақорлықтың және есірткі бизнесінің таралуына қарсы пәрменді мемлекеттік және қоғамдық іс-қимылды одан әрі қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2014 жылдарға арналған стратегиясы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті шешімдер әзірлеу кезінде осы Стратегияның негізгі қағидаларын басшылыққа алсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2005 жылғы 29 қарашадағы
N 1678 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және
есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2014 жылдарға
арналған стратегиясы
1. Кіріспе
Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2006-2014 жылдарға арналған стратегиясы (бұдан әрі - Стратегия) Қазақстан қоғамының одан әрі дамуы, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мүддесінде әзірленді.
Стратегия "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы N 735 Жарлығының негізгі қағидаларына жауап береді, онда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып айқындалған. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы 25 тамызда жариялаған Бішкек декларациясының, 2000 жылғы 21 сәуірде Ташкент қаласында Орталық Азия экономикалық қоғамдастығына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Терроризмге, саяси және діни экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және Тараптардың тұрақтылығына өзге де қатерлерге қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы шарттың, сондай-ақ осы саладағы басқа да нормативтік құқықтық актілердің ережелері ескерілген.
Стратегия ахуалға және ел Президентінің 2005 жылғы 18 ақпандағы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мемлекеттік органдар қызметінің перспективаларын бағалауға негізделген, онда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес мемлекеттің басымдық міндеттерінің бірі ретінде көрініс тапқан.
Стратегияның заңнамалық базасын "Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы" 1998 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы құрайды.
Стратегияда Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 16 мамырдағы N 394 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған мұның алдындағы стратегияны және оны орындау үшін қабылданған 2000-2001, 2002-2003 және 2004-2005 жылдарға арналған бағдарламаларды іске асыру барысында қол жеткізілген нәтижелер баяндалған.
Осы Стратегия Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің 2005 жылғы 20 мамырдағы отырысының N 3 хаттамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 сәуірдегі N 411 қаулысына сәйкес әзірленді.
2. Проблеманың жай-күйін талдау
Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының алдында тұрған және шұғыл шешуді талап ететін өзекті мәселелердің ішінде ел халқының денсаулығына және тұтастай алғанда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаһандық қатер ретінде нашақорлықтың және есірткі бизнесінің өсу проблемасы алдыңғы орындардың біріне шығып отыр.
Соңғы 10 жыл ішіндегі Қазақстандағы есірткі ахуалына жасалған талдау республикада оның тұрақты келеңсіз серпінге ие айтарлықтай асқынуымен сипатталатындығын көрсетеді.
Қазіргі кезде Орталық Азия өңірі әр алуан шығу түрлері мен нысандардағы есірткілердің экспансиясына ұдайы ұшырап отыр. Оның негізгі себептері:
1) есірткі қаупінің көзі болып табылатын мемлекеттерге тікелей жақындығы, Еуропаға есірткі құралдарын контрабандалық жеткізу үшін географиялық жағынан қолайлы орналасуы және кеңейіп келе жатқан транзиттік мүмкіндіктер;
2) шекараларының ұзындығы, посткеңестік елдермен шекаралас учаскелерде демаркациялық жұмыстардың аяқталмауы және соған байланысты олардың сырттан есірткінің енуінен жеткілікті түрде қорғалмауы;
3) Ауғанстанда есірткі заттарын өндірудің одан әрі өсуі, есірткі зертханаларының елдің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен (ТМД) тікелей шектесетін солтүстік провинцияларына көшірілуі және құрылуы;
4) Еуропадан келетін синтетикалық есірткілер контрабандасы көлемінің ұлғаюы болып отыр.
Республика өзінің географиялық орны жағынан іс жүзінде есірткіні заңсыз өндірудің және өткізудің әлемдік нарықтары орталығында қалып отыр, бұл біздің еліміздің есірткі бизнесімен байланысты халықаралық қылмыстық ұйымдар мен топтардың мүдделері аясына тартылуына объективті түрде ықпал етеді. 2004 жылы көп сатылы шұғыл іс-шаралар жүргізу нәтижесінде 2003 жылмен салыстырғанда есірткі 9 еседен көп алынды (2003 жылы - 192,518 кг болса, 2004 жылы - 1769,020 кг), ал 2005 жылдың қаңтар айынан бастап қыркүйек айын қоса алғандағы кезеңде 21635 кг-дан астам есірткі алынды.
Қазақстан аумағымен есірткі жолдарының өтуі республикада есірткіге тәуелді азаматтар санының көбеюіне айтарлықтай ықпал етеді. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың есірткі бизнесін бақылауға алуға ұмтылысына байланысты Қазақстанға есірткіні әкелудің, олардың транзиттік жөнелту көлемінің одан әрі ұлғаятынын, сондай-ақ ірі әкелу-әкету пункттерінің құрылуын болжауға болады. Осыған орай елде қылмыстық қызметке тартылатын азаматтар санының ұлғаю мүмкіндігі артады.
Мұны Қазақстанда тіркелетін есірткі қылмыстары санының 2003 жылғы 9 мыңнан 2004 жылғы 11 мыңға дейін және 2005 жылдың 9 айында 7 мыңға өсуі көрсетеді.
Есірткі бизнесінің ауқымын кеңейту үшін ұйымдасқан қылмыстық топтар билік өкілдерімен байланыс орнатуға ұмтылады, шекара маңындағы аудандардағы жалпы ахуалға ықпал етуге, оларды есірткі контрабандасының әкелу-әкету базасына айналдыруға тырысады. Орталық Азияның шекаралас мемлекеттеріндегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақсыздығы билік өкілдерінің ұйымдасқан қылмыстық наркотоптар бастаушыларымен араласуы үшін алғышарттар туғызады. Қоғамның әр түрлі топтарына барынша қатты қысым көрсететін есірткі лоббилерінің құрылу мүмкіндігі де елеулі қауіп төндіреді.
Халықаралық есірткі синдикаттары мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың Қазақстан аумағын есірткі тасымалдау үшін транзиттік дәліз ретінде пайдаланудан аса жоғары пайда табуы біздің азаматтарды есірткі пайдалануға барған сайын көптеп тартуға жағдай туғызады. Алайда есірткі саудасынан түскен кірістерді "тазарту" фактілері іс жүзінде анықталмайды.
Соңғы жылдары республикада есірткі пайдаланатын адамдар қатарының (2004 жылы - 47903 адам, 2005 жылдың 6 айында - 51633 адам), сондай-ақ есірткіні өткізу фактілері санының (2004 жылы - 4435 факті, 2005 жылдың 6 айында - 2334 факті) өсуі байқалады.
Қазақстан үшін қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада есірткі бизнесі мен нашақорлықтың өсу проблемасы қоғамның мынадай маңызды салаларына елеулі нұқсан келтіруі мүмкін.
Әлеуметтік салада - бұл ұлттың салауатты тектік қорының сақталуына төнетін қатер.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес (2005 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша) есірткі құралдары мен психотроптық заттарды теріс пайдаланатын 51633 адам есепте тұрады, бұл 2004 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 8,6 % артық, оның ішінде 4866 әйел (4,1 %-ке артық), 3942 кәмелетке толмағандар (218,2%-ке артық), оның ішінде 14 жасқа дейінгілерді қоса алғанда - 771 (294,1 %-ке артық). Әйелдер мен кәмелетке толмағандар арасында есірткіге тәуелділер санының өсе түскені айрықша алаңдаушылық тудырып отыр.
Сараптамалық бағалар бойынша еліміздің әрбір он бірінші тұрғыны есірткі қаупі аймағына түседі.
Саяси салада - бұл есірткі мафиясы өңірлік және ұлттық тұрақтылыққа мүдделі еместігінен туындайтын қауіп. Есірткіден түсетін пайда Орталық Азия өңірі мемлекеттеріне әсер етуге тырысатын күштерді қолдауға жұмсалады. Есірткі проблемасы халықаралық терроризмді және діни экстремизмді қаржыландырумен тығыз ұштасқан.
Экономикалық салада - бұл өтпелі кезеңде есірткі бизнесінің дамуы мен нашақорлықтың өсуі үшін жағдайлар туғызатын экономикалық проблемалардың шиеленісуі. Орталық Азия елдеріндегі есірткі ахуалының нашарлауына ықпал ететін факторлардың қатарында халық кедейшілігінің жоғары деңгейінің сақталуын, жұмыссыздықты және көлеңкелі шаруашылық қызметінің дамуын айтуға болады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда есірткі нарығын қарқынды құрылымдық қайта құру жүруде, өсімдік тектес дәстүрлі есірткілерді (марихуана, гашиш және т.б.) "ауыр" есірткілермен (ең алдымен героин) ауыстырудың белсенді процесі жүріп жатыр. Әсері күшті, қымбат тұратын және денсаулыққа барынша қауіпті синтетикалық есірткі құралдары мен психотроптық заттарды (ЛСД, экстаздар, амфетаминдер) пайдалану артып отыр.
Қалыптасқан ахуалдың күрделілігі мен оның маңыздылығын Қазақстанның барлық облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген, жасы 18-ден жоғары 12000 адам қатысқан әлеуметтік сауалнаманың нәтижелері де дәлелдейді. Сауалнамаға қатысушылардың басым көпшілігі нашақорлық пен есірткі бизнесінің таралуын барынша күрделі қатерлердің бірі деп есептейді. Атап айтқанда, сауал салынғандардың 30,3 %-і есірткінің таралуы - бүгінде Қазақстан үшін ең өткір проблема деп мәлімдеген.
Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің деректері бойынша 2003 жылы түзеу мекемелерінде ұсталатын сотталғандарда 15561 наркологиялық ауытқу тіркелген (2002 жылы - 14375), олардың 8871-і есірткі препараттарын пайдалану салдарынан болған. 2005 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша түзеу мекемелерінде есірткіге тәуелді 4094 адам ұсталды, олардың 2560-ы мәжбүрлеп емдеудегі адам, 1534-і сот шешімі бойынша емдеуден босатылған, 425-і әйелдер, 7-еуі кәмелетке толмағандар. 2004 жылдың осындай кезеңінде есірткіге тәуелді 4364 адам ұсталған, олардың 2637-і мәжбүрлеп емделген, 1727-сі сот шешімі бойынша емдеуден босатылған, 557-сі әйелдер, 17-сі кәмелетке толмағандар.
Наркологиялық ауытқулармен ауыратын адамдарды емдеуді және оңалтуды, есірткіге деген сұранысты қысқартуға бағытталған мақсатты республикалық және өңірлік бағдарламаларды іске асыруды, нашақорлықты емдеудің қазіргі заманғы әдістерін әзірлеуді және енгізуді, сондай-ақ нашақорлыққа анағұрлым көп ұшыраған өңірлерді анықтауды құрамында "Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемалары республикалық ғылыми-практикалық орталығы" (бұдан әрі - НМӘП РҒПО) РМҚК, "Психиатрия, психотерапия және наркология республикалық ғылыми-практикалық орталығы" мемлекеттік мекемесі бар республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жергілікті денсаулық сақтау органдарының наркологиялық қызметтері жүзеге асырады.
2005 жылдың алты айында нашақорлықпен бастапқы ауыру 100 мың халыққа шаққанда 323 оқиғаны құрады (2004 жылы - 318). Бастапқы ауырудың жоғары көрсеткіштері Павлодар (828), Атырау (735), Шығыс Қазақстан (526), Ақмола (492) және Қарағанды (373) облыстарында тіркелді.
Есірткіге тәуелділердің арасында АҚТҚ/ЖҚТБ-нің таралу проблемасы айрықша алаңдаушылық тудырады. ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың деректері бойынша 2005 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда АҚТҚ жұқтырған 5090 адам ресми түрде тіркелген, оның ішінде егу арқылы қабылданатын есірткілерді пайдаланатындар 63,4 %-ті құрайды. Осы ретте АҚТҚ-ны жыныстық жолмен жұқтыру 25,5 % -ті құрайды.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес проблемалары айқын халықаралық сипатқа ие, осыған байланысты тек қана мемлекеттік деңгейде шешілуі мүмкін емес.
Қазақстан есірткіге қарсы қызметтегі халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен шарттар жасалды. ТМД мемлекеттерімен қатар АҚШ, Канада, Еуропалық Одақ елдері осы саладағы біздің дәстүрлі әріптестерімізге айналды.
Мұның алдындағы Стратегия мен оны орындау үшін қабылданған бағдарламалық құжаттардың нәтижелерін талдау барлық жоспарланған іс-шаралар толық көлемде орындалғанын дәлелдейді. Қазақстанда есірткінің айналымы саласында бірыңғай және теңестірілген мемлекеттік саясат қалыптасты және іске асырылуда, елдегі есірткі ахуалының дамуына мемлекеттік және әлеуметтік бақылау орнатылды. Оны тұрақсыздандыруға және оның Қазақстанның ішкі және сыртқы қауіпсіздігінің жай-күйіне, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына теріс ықпал етуін шектеуге қол жеткізілді.
Солай бола тұра, проблема өткірлігі бәсеңдер емес, оған бір-бірімен өзара байланысты бірқатар факторлар әсер етеді, олардың бірі біздің еліміз арқылы есірткі, ең алдымен Ауғанстанда жасалған есірткі трафигінің күшеюі болып табылады. Ауғанстанмен шекаралас өңірлерде есірткіге қарсы белдеу ұру жөніндегі құқық қорғау шаралары кешенін іске асыруды шұғыл қолға алу қажеттілігі барған сайын артып отыр.
Сонымен бірге есірткі бизнесіне қарсы уәкілетті мемлекеттік органдар қолданып отырған кешенді іс-қимыл шаралары қалыптасқан жағдайға толық барабар емес, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, есірткіге тәуелділерді емдеу және кейіннен оңалту проблемасы тиісті деңгейде шешілмейді. Осыған орай және қалыптасқан жағдайға жедел ден қойып, нашақорлықтың бастапқы алдын алу жөнінде қажетті шаралар қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің Қазақстан Республикасындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган ретіндегі құқықтық мәртебесін дамыту мен жетілдіруге ерекше назар аудару қажет болады.
Проблеманың өткірлігі осы бағыттағы жұмыстың барынша жетілдірілген нысандары мен әдістерін әзірлеу және іске асыру қажеттілігін негіздейді.
3. Стратегияның мақсаты мен міндеттері
Стратегияның мақсаты Қазақстан Республикасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы мемлекеттік және қоғамдық іс-қимыл жүйесін жетілдіру болып табылады.
Стратегияның ең маңызды міндеттерінің қатарында мыналарды айқындау қажет:
1) нашақорлыққа қарсы насихатты күшейту;
2) есірткіге тәуелділердің алдын алу, оларды ерте анықтау, тиімді емдеу және әлеуметтік оңалту жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыру;
3) есірткі бизнесіне қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту;
4) нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;
5) уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алуға және оны емдеуге мамандандырылған медициналық мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту;
6) наркологиялық қызметті реформалау мен дамыту процесін жаңғырту және тиімді ғылыми-ақпараттық сүйемелдеу;
7) наркология саласында кадрлар даярлау жүйесін және білім беру бағдарламаларын жетілдіру;
8) есірткіге қарсы қызметті реттейтін заңнамалық базаны жетілдіру, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған республикалық заңнаманы және құқық қолдану практикасын тиісті халықаралық құқықтық актілермен және қоғамдық ұйымдар ұсынымдарының қағидаларымен одан әрі үйлестіру.
Стратегияның белгіленген мақсатына қол жеткізуге ықпал ететін негізгі факторлар:
1) мемлекеттің мүдделі құзырлы органдарын үйлестіру, олардың кәсібилігі және бірігуі;
2) халықтың және үкіметтік емес ұйымдардың, оның ішінде жастар ұйымдарының қалың көпшілігін қолдау;
3) жеткілікті қаржылық-техникалық жарақтандыру;
4) Стратегияны іске асырудың кезеңділігі мен жоспарлылығы (нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік және салалық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру) болып табылады.
4. Мақсатқа қол жеткізу және басымдық міндеттерді шешу
жөніндегі негізгі шаралар
Әлемдік тәжірибені және өңірдегі жағдайдың даму ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес 2006-2014 жылдары мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:
1) нашақорлықтың бастапқы алдын алу;
2) есірткілерді теріс пайдаланатын адамдарды емдеу және әлеуметтік оңалту;
3) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымының жолын кесу;
4) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымына мемлекет белгілеген тиімді бақылауды қамтамасыз ету.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес процесінің үдемелі дамуын қамтамасыз ету мақсатында Стратегияны іске асыру үш кезеңге бөлінген: 1-кезең - 2006-2008 жылдарды; 2-кезең - 2009-2011 жылдарды; 3-кезең - 2012-2014 жылдарды қамтиды. Тиісінше Стратегия оның негізінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің өңірлік және салалық бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру арқылы кезең-кезеңмен орындалатын болады.
Бұл ретте 1-кезеңнің мақсаты есірткіні теріс пайдаланудың және олардың заңсыз айналымының өсуін тоқтату, есірткілердің таралуын қоғамға барынша аз қауіп келтіретін деңгейге дейін бірте-бірте қысқарту үшін жағдайлар жасау, атап айтқанда:
1) психикалық белсенді заттарға (бұдан әрі - ПБЗ) тәуелді адамдар профилактикасының, диагностикасының, оларды емдеудің, оңалтудың, қайта әлеуметтендірудің қазіргі заманғы технологияларын әзірлеуді қамтамасыз ететін ғылыми-ақпараттық бағыттағы;
2) әлеуметтік салада есірткіге қарсы қызметті реттейтін нормативтік құқықтық базаны әзірлеуді көздейтін нормативтік-құқықтық бағыттағы;
3) наркологиялық емдеу-профилактикалық мекемелердің құрылымын, технологиясын, штаттық кестесін және материалдық-техникалық базасын қазіргі заманғы наркологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың заңнамамен бекітілген стандарттарына сәйкес келтіруді көздейтін ұйымдастырушылық бағыттағы;
4) наркологиялық, психотерапиялық, медициналық-әлеуметтік көмек көрсету жүйесінде наркология, психотерапия, клиникалық және консультативтік психология, әлеуметтік жұмыс бейіндері бойынша мамандардың диплом алдындағы және дипломнан кейінгі даярлығының жаңа біліктілік және білім беру стандарттарын әзірлеуді және бекітуді, жоғарыда аталған мамандықтар бойынша ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың арнайы бағдарламаларын әзірлеуді көздейтін;
5) тесттен өтетін әр адамның химиялық және психологиялық тәуелділікке тартылу қатері дәрежесін анықтай отырып, осы қатерлерді төмендету жөнінде барынша оңтайлы ұсынымдар беріп, автоматтандырылған психологиялық тестілеудің арнайы компьютерлік бағдарламаларын әзірлеу; есірткіге қарсы мектеп және отбасылық бейнеқорларды құру, қағаз және магнитті тасығыштардағы есірткіге қарсы мектеп кітапханасын әзірлеу, "Тиімді отбасының өз бетімен үйрену құралын" және "Тиімді ата-ананың өз бетімен үйрену құралын" дайындау; НМӘП РҒПО жанынан психологиялық-педагогикалық алдын алу, оңалту және әлеуметтік қайта бейімдеу ғылыми-эксперименттік зертханасын ұйымдастыру және жарақтандыру жөніндегі бастапқы-алдын алу бағытындағы;
6) ПБЗ-ға тәуелді адамдарды диагностикалаудың, емдеудің, оңалтудың клиникалық хаттамаларын (стандарттарын), сондай-ақ наркологиялық көмектің түрлі бағдарламаларын және наркологиялық қызмет көрсетулердің ассортименттерін әзірлеу жөніндегі қайталама-алдын алу бағытындағы;
7) "нашақорлық" диагнозы қойылған адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтуға бағытталған бағдарламаларды және қызметтердің тиісті ассортиментін әзірлеу жөніндегі үшінші-алдын алу бағытындағы;
8) діни конфессияларды, жастар және үкіметтік емес ұйымдарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы есірткіге қарсы қызметтің негізгі субъектілерінің бірлескен жоспарларын және өзара іс-қимылының өзге де нысандарын әзірлеу жөніндегі үйлестіру бағытындағы;
9) Орталық Азия елдері үшін білім беру және ресурстық орталық ұйымдастыру жөніндегі халықаралық ынтымақтастық және НМӘП РҒПО базасында наркология және психотерапия бойынша халықаралық конференциялар өткізу саласындағы;
10) ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің осындай жүйелеріне әрі қарай кіріктіру мақсатында, жедел, статистикалық, есепке алу және өзге де мәліметтермен алмасудың ведомствоаралық автоматтандырылған жүйелерін құру жөніндегі;
11) мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша шекаралық бақылауды күшейту жөніндегі іс-шараларды іске асыру болып табылады.
2-кезең Қазақстан Республикасы халқының арасында ПБЗ-ға тәуелділіктің таралуы өсуінің әлеуметтік қауіпті үрдістеріне тосқауыл қоюды және кері дамытуды, яғни:
1) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне және әлеуметтік саласына есірткіге қарсы инновациялық технологияларды кең көлемде енгізу, Қазақстан Республикасының халқына наркологиялық көмек көрсетуді жаңарту жүйесі қызметі тиімділігінің ұдайы мониторингі жөніндегі ғылыми-ақпараттық бағыттағы;
2) денсаулық сақтау мекемелерінің және әлеуметтік саланың есірткіге қарсы қызметін реттейтін жаңартылған заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық базаны бекіту және енгізу жөніндегі нормативтік-құқықтық бағыттағы;
3) Қазақстан Республикасының халқына психотерапиялық, медициналық-психологиялық, консультативтік-психологиялық, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуді реформалау, жоғарыда аталған мамандандырылған көмек көрсету жүйесінің (есірткіге қарсы алдын алу аспекті) қызметі тиімділігінің мониторингі жөніндегі ұйымдастырушылық бағыттағы;
4) денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік сала мамандарының есірткіге қарсы қазіргі заманғы технологиялар бейіні бойынша біліктілігін арттыруға және кең көлемде оқытуға, ғылыми-педагогикалық кадрларды арнайы бағдарламалар бойынша және шетелдік үздік оқу орындары мен клиникаларында оқытуға, тәрбие және білім беру жүйесінде есірткіге қарсы тақырып бойынша педагогтарға, мектеп психологтарына, әлеуметтік педагогтарға, әлеуметтік қызметкерлерге, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандарға арналған арнайы білім беру циклдарын өткізуге бағытталған;
5) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі мен әлеуметтік саласына алдын алудың, диагностиканың, емдеудің, оңалтудың және қайта әлеуметтендірудің инновациялық технологияларын кеңінен енгізу, есірткіге тәуелділер контингентін медициналық-әлеуметтік оңалтудың тиімді бағдарламаларымен толыққанды қамту жөніндегі қайталама - алдын алу бағытындағы;
6) осы бағдарламалармен есірткіні егу арқылы нақты тұтынатындардың кемінде 80%-ін қамту және олардың бестен бір бөлігін толыққанды емдеу-оңалту бағдарламалары шеңберіне ауыстыруға қол жеткізе отырып, Қазақстан Республикасының наркологиялық көмек көрсету жүйесіне үшінші мәрте алдын алудың әзірленген бағдарламаларын кең көлемде енгізу жөніндегі үшінші мәрте-алдын алу бағытындағы;
7) әлеуметтік саланың негізгі агенттерінің есірткіге қарсы қызметтің бірлескен жоспарларын орындауы жөніндегі үйлестіру бағытындағы;
8) халықаралық ынтымақтастықты және Орталық Азия өңірінде Ғылыми-ақпараттық ресурстық өңірлік орталық құру жөніндегі жұмысты жандандыру, Қазақстан Республикасында есірткіге қарсы халықаралық жобаларды іске асыру, Қазақстан мен Орталық Азия өңірлерінің мүдделерін ескере отырып, Біріккен Ұлттар - Ұйымының есірткіге қарсы күрес саласындағы шешімдерін әзірлеу мақсатында БҰҰ-ның Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясындағы және оның қосалқы органдарындағы жұмысқа Қазақстанның қатысуын кеңейту саласындағы іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді.
3-кезеңде Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы тиімді мемлекеттік және қоғамдық іс-қимылдың қалыптасқан кең ауқымды жүйесін одан әрі жетілдіру көзделеді, ол мынадай:
1) есірткіге қарсы қызметтің ғылыми-ақпараттық қамтамасыз етілуін күшейту, әлеуметтік саладағы оның тиімділігінің тұрақты мониторингі жүйесін жетілдіру жөніндегі ғылыми-ақпараттық бағыттағы;
2) халыққа наркологиялық көмек көрсету саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының мүлтіксіз орындалуын бақылау жөніндегі нормативтік-құқықтық бағыттағы;
3) наркологиялық бейіндегі емдеу-профилактикалық мекемелер мен Қазақстан Республикасының әлеуметтік саласында жұмыс істейтін есірткіге қарсы бағыттағы басқа да ұйымдардың құрылымын, технологиясын, кадрлық қамтамасыз етілуін, аталған ұйымдардың қызметі тиімділігінің мониторингі жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұйымдастырушылық бағыттағы;
4) денсаулық сақтау және әлеуметтік сектор саласы үшін жұмыс істейтін наркологиялық бейіндегі мамандардың дипломдық және дипломнан кейінгі даярлық жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі біліктілікті арттыруға, инновациялық білім беру бағдарламаларын кең ауқымда іске асыруға бағытталған;
5) тиісті диагностикалық және бастапқы алдын алу бағдарламаларының тиімділігін, негізгі әлеуметтік індеттерге (АҚТҚ/ЖҚТБ-мен бірге жүретін нашақорлық, қылмыс терроризм, діни экстремизм) тартуға халықтың психологиялық тұрақтылығын арттыру жөніндегі бастапқы-алдын алу бағытындағы;
6) 35-40 %-тік тиімділікке (медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламасы аяқталғаннан кейінгі бір жыл ішіндегі ремиссия көрсеткіші) қол жеткізе отырып, ПБЗ-ға тәуелділерді медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі қайталама-алдын алу бағытындағы;
7) есірткіні егу арқылы тұтынушыларды медициналық-әлеуметтік бағдарламаларға тарту есебінен оларды толыққанды қамту және жалпы санын азайту, есірткіге тәуелділер арасында АҚТҚ/ЖҚТБ-нің таралуына тиімді тосқауыл қою жөніндегі үшінші мәрте-алдын алу бағытындағы;
8) есірткіге қарсы әлеуметтік қызмет саласында мультисекторалдық ынтымақтастықты бірлесіп жоспарлаудың және үйлестірудің сапасын жақсарту жөніндегі үйлестіру бағытындағы;
9) есірткіге қарсы қызметтің белсенділігін арттыру жөніндегі ынтымақтастық саласындағы іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді.
5. Нашақорлықтың бастапқы алдын алу
Қазақстандық қоғамды есірткілендірудің әлеуметтік мәдени факторлары (моральдық-этикалық нормалар мен мінез-құлық құндылықтарының бұзылуы, батыстық мәдениеттің жаппай әсер етуі, отбасылық қарым-қатынастардың бұзылуы, жастардың әлеуметтік мінез-құлқының өзгеруі) ұлт денсаулығының негізі ретінде есірткіге деген қоғамдық иммунитетті қалыптастыру қажеттігін өзекті етеді.
Есірткіге қарсы әлеуметтік иммунитетті қалыптастыруға ең алдымен мемлекеттік әлеуметтік саясат және орта, жоғары білім беру жүйесіндегі жастар арасындағы жұмыс бағытталуы тиіс. Бұл ретте осы саладағы негізгі бағыт беретін күш тек орталық, жергілікті атқарушы билік органдарының ғана емес, азаматтық қоғам институттарының да қызметі болуы тиіс.
Әсіресе балалар, жастар мен әйелдер арасында салауатты өмір салтын, есірткісіз өмірді насихаттау есірткіге қарсы мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Осы тұрғыда ең ортақ алдын алу іс-шаралары ретінде еліміздің жекелеген өңірлерінде есірткі пайдаланатын адамдар санының өсуіне ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу, салауатты өмір салтын жүргізуге ұмтылысты ынталандыратын бағдарламаларды әзірлеу мен енгізуді айтуға болады. Қоғамдық санада адамның денсаулығы өзі үшін де, тұтастай қоғам үшін де құндылық болып табылатындығы жөніндегі идеяның алатын орны барған сайын қомақты болуы тиіс. Оны есірткі пайдаланатын адамдармен жұмыстағы маңызды психологиялық алғышарт деп есептеуге болады, өйткені өзінің денсаулығына деген көзқарастың өзгеруі басқа да алдын алу және емдік бағдарламалардың іске асырылуын жеңілдетеді.
Бұл үшін ең алдымен балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі көп сатылы білім беру бағдарламасын құру қажет.
Аталған міндет екі негізгі құрамдас бөліктің болуын көздейді: ПБЗ-ны теріс пайдаланудың алдын алу мәселелері жөніндегі білім беру мекемелерінің қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау процесін жолға қою және олар бойынша педагогтар алдын алу жұмысымен айналыса алатындай арнайы әдебиет пен құралдар шығаруды ұйымдастыру қажет.
Халыққа есірткілердің зияны туралы кең көлемде ақпарат беруге көп көңіл бөлінуі тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) көпшілік қауым үшін қажетті білімнің негізгі көзі болып есептелуі олардың бұл мәселедегі жауапкершілігін арттырады. Екінші жағынан БАҚ-та есірткі заттарының жарнамасына, есірткілер туралы босаңсу, рахаттану, бедел жинау құралы, өмірдің "жеңіл" стилі делінетіннің атрибуты ретіндегі теріс түсініктер уағызына жол бермеу жөнінде жұмыс жүргізілуі тиіс.
Бұдан басқа, тікелей есірткіге қарсы насихат есірткіге қарсы жарнаманың орналасуын және баспа және электронды БАҚ-та жүйелі қоғамдық-саяси, талдамалық және көркем жарияланымдарды дайындауды, сондай-ақ есірткіге қарсы тақырыптағы тұрақты теледидар бағдарламалары мен хабарларын ұйымдастыруды және өткізуді қоса алғанда, мемлекеттік тапсырысты орындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында болуға тиіс.
Есірткіге қарсы қоғамдық ұстанымды күшейтудің маңызды факторы жастар арасындағы патриоттық көңіл-күйдің өсуі болып табылатындықтан, кең көлемді мәдени-тәрбие жұмысын және оқушылардың, студенттердің, олардың ата-аналарының арасында есірткіге қарсы белсенді насихат жүргізуді негізге ала отырып, оқушылар мен студенттердің "Нашақорлық - Қазақстанның болашағына төнген қатер" атты бүкіл қазақстандық қозғалысын қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды жалғастыру қажет.
Кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қоғамдық құнды ынталары мен бейімділіктері негізінде ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Бұл үшін спорттық секциялар, қызығушылығы бойынша шығармашылық үйірмелер, аула клубтары желілерін жер-жерлерде кеңейту, балалардың бос уақытын ұйымдастыру кезінде пікір сайыстар, дискотекалар, плакаттар мен суреттер конкурстарын, викториналарды және есірткіге қарсы бағыттағы басқа да іс-шараларды өткізуді көздеу қажет.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 27 қарашадағы N 1190 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасын негізге ала отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 19 шілдедегі N 999 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарға сәйкес бұл жұмысқа салауатты өмір салты, отбасын жоспарлау орталықтарын және әлеуметтік саладағы басқа да агенттерді тарта отырып, әйелдердің, әсіресе фертилді жастағылардың, есірткі қабылдамауға деген тұрақтылыққа бағытталған толық ауқымды үгіт саясатын жүргізу қажет.
Бұдан басқа, есірткіге иммунитетті қоғамның өзі қалыптастыруы тиіс. Мемлекет нашақорлықтың және есірткі бизнесінің таралуына қарсы күресте азаматтық қоғам институттары, түрлі қоғамдық-саяси және үкіметтік емес ұйымдар, жекелеген азаматтар арасында бастамашылықты дамыту және көтермелеу үшін барлық қажетті жағдайларды жасауы қажет. Алдын алу жұмысына мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы үкіметтік емес ұйымдарды неғұрлым белсенді түрде тарту, қызметі ПБЗ-ға тәуелділіктің бастапқы алдын алуға бағытталған қазіргі қоғамдық ұйымдарды қолдауды жүзеге асыру және жаңаларын құруға барынша жәрдемдесу, осы салада ғылыми-талдамалық және зерттеу жұмысын жүргізу қажет.
Дінге сенетіндер мен олардың жақындарының есірткіні қабылдамауын орнықты қалыптастыру бойынша діни конфессиялармен тығыз ынтымақтастықты ұйымдастыру қажет.
Нашақорлықтан зардап шегетін адамдарға деген теріс көзқарасты жеңу мемлекет пен қоғамдық ұйымдар қызметінің негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс.
Аталған іс-шаралар кешені есірткіге деген қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға және қоғамның есірткіге бейімделуінің әлеуметтік-мәдени факторларының әсерін төмендетуге мүмкіндік береді.
6. Есірткіні теріс пайдаланатын адамдарды емдеу және
әлеуметтік оңалту
Тәуелсіз сарапшылардың бағалаулары бойынша есірткіні шамадан тыс пайдаланудан Қазақстанда әр тәулікте төрт адам қайтыс болады. Елде соңғы 12 жылда нашақорлықпен ауыратын адамдардың жалпы саны 10 есеге, оның ішінде жасөспірімдер арасында 17 есеге артты. Сондықтан да Стратегияның осы бөлігі қазіргі заманғы әлеуметтік індеттердің таралуының негізгі тетіктерін зерделеу саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер бағдарламасын іске асыруды (ЖҚТБ/АҚТҚ-мен бірге жүретін есірткіге тәуелділік; қылмыстық, діни-экстремистік, террористік ұйымдарға тартумен психологиялық тәуелділік); жоғарыда аталған әлеуметтік індеттерге халықтың психологиялық тұрақтылығын қалыптастыру технологиясын әзірлеумен және олардың Қазақстан Республикасының аумағына таралуына тиімді түрде тосқауыл қоюды қамтамасыз етумен байланысты зерттеулер жүргізуді; ПБЗ-ға тәуелділердің алдын алудың, диагностикалаудың, емдеу мен оңалтудың неғұрлым тиімді технологияларын әзірлеу және Орталық Азия елдеріне тарату мақсатында НМӘП РҒПО базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (бұдан әрі - БҰҰ ЕҚБ) өңірлік Ресурстық ғылыми-ақпараттық орталығын ұйымдастыруды; НМӘП РҒПО жанынан "нашақорлық", "клиникалық психология" және "әлеуметтік психология" мамандықтары бойынша диссертациялық кеңестер ұйымдастыруды көздейді.
Қойылған міндеттерді орындау үшін ел халқының психикалық денсаулығын және психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіруді, республикада психотерапевтік, консультативтік-психологиялық, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету жүйесін дамытуды жалғастыру қажет болады.
Қазақстан Республикасының наркологиялық емдеу-алдын алу мекемелерінің құрылымдарын, технологияларын, штаттық қамтамасыз етілуін және материалдық-техникалық базасын қазіргі заманғы наркологиялық көмекті ұйымдастырудың заңнамада бекітілген стандарттарына қатаң түрде сәйкес келтіру, қазіргі заманғы әлеуметтік індеттерге тартылуға халықтың, психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруды тікелей қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының халқына психотерапиялық, консультативтік-психологиялық, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету жүйесі мекемелерінің (бөлімшелердің, кабинеттердің) технология, кадрмен қамтамасыз ету құрылымдарын аталған айқындамалар бойынша бекітілген кәсіби стандарттарға сәйкес келтіру.
Наркология, психотерапия, клиникалық және консультативтік психология, наркологиялық, психотерапевтік және медициналық-психологиялық көмек жүйесіндегі әлеуметтік жұмыс бейіндері бойынша мамандарды даярлауға қойылатын жаңа біліктілік талаптарын, сондай-ақ үздіксіз оқыту бағдарламаларын әзірлеу және бекіту керек. Денсаулық сақтау саласы және әлеуметтік сала мамандарын есірткіге қарсы қазіргі заманғы технологиялар бейіні бойынша кең ауқымды оқыту керек. Перспективті мамандарды шетелдік мамандандырылған оқу орындары мен клиникаларда оқыту; Қазақстан Республикасының мамандандырылған оқу орындарында әлеуметтік педагогтарды, мектеп психологтарын, валеологтарды, салауатты өмір салты орталығының қызметкерлерін қашықтықтан оқытуға арналған бейнематериалдарды тарату; педагогтар, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер мен тәрбие және білім беру жүйесіндегі әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар үшін есірткіге қарсы тақырып бойынша арнайы білім беру циклдерін әзірлеу және жүргізу керек.
Стратегияны іске асыру барысында Қазақстан Республикасының халқын қазіргі заманғы әлеуметтік індеттерге (ЖҚТБ/АҚТҚ-мен бірге жүретін нашақорлық, қылмыс, терроризм, діни экстремизм) тартылуға азаматтардың психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруды қамтамасыз ететін тиімді бастапқы алдын алу бағдарламаларымен, жоғары қатерлі топтардың, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен әйелдердің аталған індеттерге тартылуына психологиялық тұрақтылық қасиеттерінің жедел дамуын қамтамасыз ететін бастапқы-алдын алу бағдарламаларымен толыққанды қамту көзделетін болады; Қазақстан Республикасының барлық оқу орындарында әрбір тест тапсырушының химиялық және психологиялық тәуелділікке тартылу қатерінің дәрежесін айқындай отырып, аталған қатерді төмендету жөнінде неғұрлым оңтайлы ұсынымдар беру арқылы автоматтандырылған психологиялық тестілеудің арнайы компьютерлік бағдарламаларын, сондай-ақ алдын алу бағытындағы: "Тиімді отбасының өз бетімен үйрену құралы", "Тиімді ата-ананың өз бетімен үйрену құралы" атты екі ақпараттық оқу құралын әзірлеу және тарату; Қазақстан Республикасының барлық оқу орындарын НМӘП РҒПО-ның ғылыми зертханаларында әзірленген, есірткіге қарсы мектепке арналған бейнеқормен және кітапханамен қамтамасыз ету; Орталықтың қызметкерлері әзірлеген, есірткіге қарсы отбасылық бейнеқорды қажет ететін барлық адамдар үшін еркін қол жетімділікті қамтамасыз ету; НМӘП РҒПО жанынан филиалдары Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде жұмыс істейтін психологиялық-педагогикалық алдын алу, оңалту және әлеуметтік қайта бейімдеу ғылыми-эксперименттік зертханасын ұйымдастыру және жабдықтау керек.
Қайталама алдын алу үшін алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік технологиялардың негізінде ПБЗ-ға тәуелділерді диагностикалаудың, емдеудің, оңалтудың клиникалық стандарттарын, сондай-ақ әр түрлі сатыдағы наркологиялық көмек көрсету бағдарламаларының кең ассортиментін әзірлеу және енгізу; мамандандырылған наркологиялық көмек көрсетудің әр түрлі режимдерін (аутрич, диспансерден тыс, амбулаторлық, жартылай тұрақты, тұрақты, мамандандырылған тұрақты, рецидивтікке қарсы) ұйымдастыру; ПБЗ-ға тәуелділер контингентін пациенттердің ұзақ және сапалы ремиссиясын, есірткіге тәуелділіктен босатуды (25-30%-ке дейін) қамтамасыз ететін медициналық-әлеуметтік оңалтудың әр түрлі әдістерімен және түрлерімен толыққанды қамту қажет.
Үшінші алдын алу үшін Қазақстан Республикасының наркологиялық көмек көрсету жүйесіне қызметтердің барынша көп мүмкін болатын түр-түрі бар (диагностика мен коморбидтік дерттерді емдеуді қоса алғанда) үшінші алдын алудың (зиянды төмендету) әр түрлі бағдарламаларын әзірлеу және енгізу; есірткілерді егу арқылы нақты тұтынушылардың кемінде 80 %-ін үшінші алдын алу бағдарламаларымен қамту, осы бағдарламаларға үшінші алдын алу бағдарламаларымен қамтылған есірткі тұтынушылардың жалпы санының жыл сайын 20 %-ін ауыстыруды қамтамасыз ете отырып, толыққанды емдеу-оңалту бағдарламаларының шеңберіне дәлелді кеңес беру және психотерапия компонентін міндетті түрде қосу; ЖҚТБ/АҚТҚ-ның таралу серпінін және аталған індетке қатысты зиянды төмендету бағдарламаларының бастапқы алдын алу функциясының тиімділігін бақылау мақсатында есірткілерді егу арқылы тұтынатындардың арасында ұдайы эпидемиологиялық қадағалау өткізу қажет.
Емдеу мен оңалтуды үйлестіру мақсатында ПБЗ-ға тәуелділіктің таралу проблемасын шешу үшін әлеуметтік саланың ресурстарын (материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық, кадрлық, ақпараттық және т.б.) топтастыру; психикалық денсаулық және психологиялық көмек қызметтерінің (наркологиялық, психиатриялық, психотерапевтік, медициналық-психологиялық) есірткіге қарсы қызметтің, сондай-ақ осы проблемаға тікелей және жанама қатысы бар медициналық қызметтердің (наркологиялық, салауатты өмір салтын ұстау орталықтары, АҚТҚ орталықтары, жұқпалы, тері-венерологиялық, терапевтік және басқалары) бірлескен жоспарларын әзірлеу; әлеуметтік саладағы есірткіге қарсы қызметтің (денсаулық сақтаудың, білім берудің, тәрбиелеудің бейінді мекемелері, БАҚ, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар, қорлар және басқалары) негізгі агенттерімен бірге бірлескен жоспарлар әзірлеу қажет.
Стратегияны іске асыру барысында НМӘП РҒПО базасында Орталық Азия елдерінде әлеуметтік саланың есірткіге қарсы бейіндегі мамандарын даярлау үшін халықаралық білім беру орталығын, Орталық Азия елдерінің (БҰҰ ЕҚБ бекітілген стратегиясын іске асыру шеңберінде) халқына наркологиялық көмек көрсету жүйесін нығайту үшін ПБЗ-ға тәуелділік проблемасы жөніндегі өңірлік Ресурстық ғылыми-ақпараттық орталық ұйымдастыруды көздейтін нашақорлықты емдеу мен оңалту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жолға қою; есірткіге қарсы бағыттағы қолданыстағы және жоспарланып отырған халықаралық жобаларды іске асыруға республикалық наркологиялық мекемелер мен ұлттық үйлестірушілердің белсене қатысуын, наркология және психотерапия бойынша халықаралық конференциялар өткізуді қамтамасыз ету қажет.
7. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен
прекурсорлардың заңсыз айналымының жолын кесу
Құқық қорғау және нашақорлық пен есірткі бизнесінің таралуына қарсы іс-қимылға қатысатын басқа да мемлекеттік органдардың басты назары халықтың есірткі құралдары мен психотроптық заттарға қолжетімділігін барынша шектеуге бағытталатын болады. Осыған байланысты аталған салада Стратегияның негізгі ұстанымдары елге заңсыз есірткілерді әкелуді болдырмаумен, есірткілерді заңсыз айналымнан тиімді алумен, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымнан заңсыз айналымға өтуінің алдын алумен байланысты болады.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында мемлекеттің өзіне баса назар аударатын орталық проблемалары контрабанда көлемінің және опиаттар (героин, апиын) мен синтетикалық есірткілердің неғұрлым қауіпті түрлері транзитінің өсуі болып қалуда.
Республиканың есірткі нарығындағы контрабанда құрамасын ескере отырып, шетелдердің, ең алдымен шекара маңындағы елдердің құқық қорғау және арнайы органдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге баса назар аударылуы тиіс. Осы мақсатта есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында, атап айтқанда "бақыланатын жеткізілім" әдісі бойынша бірлескен арнайы операциялар мен іс-шараларды өткізу, қылмыстық кірістерді және басқа шараларды заңдастыруға қарсы шараларды жүзеге асыру кезінде кең халықаралық ынтымақтастық үшін құқықтық негіздерді құрайтын нормаларды жетілдіруді және бірыңғайлауды жалғастыру қажет. Түрлі мемлекеттер оқу орындарының базасында оқытуды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыруда халықаралық ынтымақтастықтың рөлін күшейту қажет. Есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күрестің ақпаратымен, тәжірибесімен және тәсілдерімен алмасу мақсатында құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің кездесулерін кеңейту және бұдан әрі ұдайы жүзеге асыру қажет.
Қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын, есірткілердің заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрес саласында екіжақты және көпжақты шарттар мен келісімдер практика жүзінде іске асырылатын болады. Осыған байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымы, "Орталық Азия ынтымақтастығы" және ТМД сияқты интеграциялық құрылымдар шеңберінде қабылданған келісімдерді іске асыруға, сондай-ақ осы салада халықаралық ұйымдармен, шет елдермен және олардың құзыретті органдарымен ынтымақтастық туралы жаңа шарттарды әзірлеуге және оларға қол қоюға баса назар аударылатын болады.
Ішкіреспубликалық деңгейде кеден бекеттерін, ҰҚК Шекара қызметінің жекелеген бақылау-өткізу бекеттерін және ішкі істер органдарының "Рубеж-Есірткі" бекеттерін, есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күресті жүргізетін республиканың құқық қорғау және арнайы органдарындағы кинологиялық қызметтерді ұйымдастырушылық-кадрлық және техникалық нығайтуды жалғастыру қажет.
Есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі бөлімшелердің тиімді жұмысының маңызды шарты өзінің құрылымдық бөлімшелерінің жергілікті жерлердегі қызметін үйлестіретін, олардың қызметінің нәтижелерін талдайтын және жинақтайтын, әдістемелік басшылықты жүзеге асыру және оны жетілдіру жөнінде шаралар қабылдайтын, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топтар немесе қылмыстық қоғамдастықтар жасаған есірткілермен байланысты неғұрлым күрделі қылмыстарды ашуға және тергеуге қатысатын орталық аппараттардың бөлімшелерін ұйымдастырушылық-әдістемелік және кадрлық жағынан нығайтуды жалғастыру болып табылады.
Заңсыз ақшалай қаражаттың ұлттық қаржы жүйесіне енуіне жол бермейтін қаржылық реттеудің тиімді режимін қамтамасыз етумен қатар, есірткі бизнесінен алынған ақшаны "ағартуға" қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіру қажет. Осыған орай, құзыретіне осы санаттағы қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу кіретін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетігі жолға қойылатын болады.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз таралу жолдарын анықтау және жолын кесу мақсатында "Көкнәр", "Допинг", "Арна", "Тосқауыл" және басқа да кешенді жедел-алдын алу операцияларын жүргізу кезінде қажетті техникалық қолдаумен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды жүзеге асыру кезінде шетелдердің, ең алдымен шекара маңындағы елдердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жетілдіру керек.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитеті жанындағы Нашақорлықтың ахуалын зерделеу және бағалау жөніндегі ұлттық ақпараттық-талдау орталығын ұйымдастырушылық-кадрлық және техникалық жағынан одан әрі нығайту талап етіледі. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жүзеге асыратын құқық қорғау және арнайы органдардың бөлімшелерінде компьютерлік және өзге де байланыс түрлерінің жүйелерін кезең-кезеңмен енгізуге қол жеткізу керек.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің жедел қызметі базасында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтар, осыған ұқсас қызмет түріне қатысы бар заңды және жеке тұлғалар туралы жедел ақпараттың ведомствоаралық банкін құруды жалғастыру стратегиялық жағынан маңызды болып отыр. Осы ақпарат банкі мемлекетаралық деңгейде жедел ақпаратпен алмасуды одан әрі жетілдірудің негізі болуы тиіс, бұл бірнеше мемлекеттер аумағында әрекет ететін есірткі топтарының қылмыстық қызметінің жолын кесуге бағытталған таяу және алыс шетел елдерінің қатысуымен бірлескен іс-шараларды әзірлеудің және жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады. Алдағы уақытта осы ақпарат банкін Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің телекоммуникациялық автоматтандырылған жүйесіне қосу туралы мәселені шешу қажет болады.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды зерттеу саласында маманданатын сот сараптамасы органдарының бөлімшелерін материалдық-техникалық және кадрлық жағынан нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Кадрларды даярлаудың қолда бар жүйесін жетілдіру дербес бағыт болып табылады.
ІІМ академиясы базасында құрылған, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізетін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқу орталығын ұйымдастыру-кадрлық және техникалық нығайтуды қосымша жүзеге асыру қажет. Құқық қорғау және арнайы органдардың оқу орындарында есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында жұмыс істеу үшін әр түрлі бейіндегі мамандар даярлау ұйымдастырылатын болады. Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің үйлестіруші рөлімен мамандарды даярлаудың қазіргі заманғы жүйесі енгізілетін, оқу процесіне БҰҰ-ның және шетел мемлекеттерінің білікті сарапшыларын тарту практикасы жалғасатын болады.
Есірткілер жөніндегі ұлттық ақпараттық-талдау орталығы, Кинологиялық және Оқу орталықтары Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетімен ұйымдастыру-әдістемелік өзара іс-қимылда болады.
Құрамында есірткісі бар өсімдіктерді жоюдың экологиялық жағынан қауіпсіз және тиімді әдістерін құру жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастыру, ал кейіннен мұны республика аумағында осындай өсімдіктерді оқшаулау және алаңын қысқарту мақсатында енгізу қажет.
Құрамында есірткісі бар өсімдіктерді олардың табиғи өсуінің ірі ошақтарында өнеркәсіптік шикізат ретінде экономикалық жағынан ақталған мүмкіндіктерін қатар зерделеу және оң нәтижелер болған жағдайда тиісті өнеркәсіптік өндірісті жолға қою керек.
Ғылыми-зерттеу, ғылыми-өндірістік және оқу орындары базасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің неғұрлым көкейтесті проблемалары, құрамында есірткісі бар өсімдік шикізатынан жаңа тиімді дәрілік препараттар жасау және басқа да мәселелер бойынша ғылыми тақырыптарды әзірлеу жалғастырылатын болады. Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды табуға арналған жабдықтардың, техниканың, химиялық препараттардың өзіндік өндірісін дамытуға және жаңа әдістерді табуға тапсырыс қалыптастырылатын болады, зерттеудің оң нәтижелері алынған жағдайда оларды өнеркәсіптік дайындау жолға қойылатын болады.
Республиканың құқық қорғау және арнаулы органдарының есірткінің заңсыз айналымы саласындағы келісілген қызметін жүзеге асыруға қол жеткізу қажет. Олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын және кадрмен қамтамасыз етілуін жақсарту, жұмысты ұйымдастыруды жетілдіру арқылы осы органдар қызметінің тиімділігін едәуір арттыру үшін тиісті жағдайлар жасалатын болады.
Жергілікті жерде есірткінің заңсыз айналымы мен оларды теріс пайдаланудың жолын кесу жөніндегі іс-шараларды іске асыруды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астана мен Алматы әкімдері жанынан құрылған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялар үйлестіретін және бақылайтын болады.
8. Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен
прекурсорлардың мемлекет белгілеген айналымын тиімді
бақылауды қамтамасыз ету
Елде қалыптасып отырған есірткі ахуалын ескере отырып және есірткі мен оларды дайындау технологияларын медициналық емес пайдаланудың таралуының алдын алу мақсатында құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар дәрілік заттар мен препараттарды өндіруді, сақтауды, тасымалдауды және ұтымды медициналық пайдалануды, сондай-ақ оларды ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдалануды реттейтін заңнамалық нормаларды және бақылау-технологиялық талаптарды мінсіз сақтаудың бірінші кезектегі маңызы бар.
Бұл үшін есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына қатаң бақылау орнату, олардың заңды айналымнан заңсыз айналымға түсуін елеулі түрде қысқарту жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Мемлекеттің барынша экономикалық пайдасын қамтамасыз ету және олардың "екінші", яғни кейіннен заңсыз айналымын болдырмау мүддесінде заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтаудың, өткізудің және жоюдың тиісті жағдайларын қайта қарастыру және қамтамасыз ету керек. Есірткі құралдарын заттай айғақтар ретінде сақтау мәселелерін реттейтін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы тікелей күрес жүргізетін бөлімшелер мен ведомстволардың жеке құрамымен тәрбиелік және алдын алу жұмысын жақсарту қажет.
Прекурсорларды дайындауға және пайдалануға мемлекеттің пәрменді бақылауын орнату туралы мәселе неғұрлым маңызды мәселелердің қатарында қала береді.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың белгіленген айналымына мемлекеттің тиімді бақылауының негізі заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілер жүйесі болып табылады, оларды жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Бұдан басқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына тиісті мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдар есірткінің айналымы саласында өзара іс-қимыл және тиісті ведомстволық бақылау жөнінде іс-шаралар әзірлеу керек.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндірістік, дәріханалық, емдік, ғылыми және басқа да мекемелерде өндіруді, сақтауды, таратуды және пайдалануды, сондай-ақ құрамында есірткі бар дәрілік препараттар мен прекурсорларды сатып алуды және өткізуді бақылау жүйесінің тиімділігін жетілдіруді және арттыруды қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметтің лицензияланатын түрлерін мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, уәкілетті органдардың қызметін үйлестіруді жақсарту жөніндегі қосымша шаралар кешені қабылданатын болады.
Нақты шаралар бақылаудың техникалық базасын жетілдіруге, атап айтқанда заттардың тізімдік мәртебесін айқындауға, құрылымдық тұрғыдан ұқсас топтар (аналогтар) негізінде олардың тізімдік мәртебесін айқындаудың төтенше немесе жеңілдетілген рәсімдерін қолдануға қатысты, сондай-ақ химиялық құрылымның ұқсастығы және белгілі немесе болжамды фармакологиялық әсері принципі бойынша қылмыстық-құқықтық тәртіппен қудалау мақсатындағы бақылауды жүзеге асыруға бағытталатын болады.
Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың экспорт-импортына және транзитіне бақылауды жүзеге асыру мақсатында қабылданған ұлттық нормативтік құқықтық актілер туралы өзара хабардар болу арқылы БҰҰ-ның Есірткі құралдарын бақылау жөніндегі халықаралық кеңесімен неғұрлым тығыз байланыс орнату керек.
Химиялық өнеркәсіптегі жұмыстың жай-күйін талдау негізінде ұлттық және халықаралық деңгейлерде мүдделі тараптарды экспорт туралы алдын ала хабардар етуді кеңінен қолдана отырып, прекурсорларды өндіруді, оларды сатуды, экспорттауды, импорттауды бақылаудың тиімді жүйесі құрылуы тиіс. 1998 жылғы "Есірткі құралдарының және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы" БҰҰ Конвенциясының 13-бабына сәйкес зертханалық жабдықтарды сатуға бақылауды қамтамасыз ету және прекурсорларды заңсыз дайындаудың, импортын, экспортын, айналымын, таралуын және заңды айналымнан заңсыз айналымға өтуін болдырмау жөнінде шаралар қабылдау қажет.
9. Ұйымдастырушылық және ресурстық қамтамасыз ету
Стратегияны іске асыруды ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитетіне, мүдделі мемлекеттік органдарға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне, сондай-ақ олардың өкілеттіліктері мен мәртебесіне сәйкес нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссияларға жүктеледі. Уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті жыл сайын Қауіпсіздік Кеңестің отырысында республикадағы есірткі ахуалы, оны тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы баяндап, Стратегияны іске асыру барысы туралы есеп беретін болады.
Стратегияны іске асыруды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделетін қаражаттың есебінен және олардың шегінде, сондай-ақ демеушілік және қайырымдылық көмек түрінде мемлекеттік емес ұйымдар мен жеке тұлғалардан келіп түсетін қаражат есебінен, БҰҰ-ның, басқа да халықаралық ұйымдар мен шетелдік мемлекеттердің қаржылық және өзге де техникалық көмектері есебінен жүзеге асырылатын болады.
10. Күтілетін нәтижелер
Стратегияның мақсаттарына қол жеткізудің тиімділігі барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес бірлестіктердің және қалың жұртшылықтың оның негізінде Қазақстан Республикасындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің өңірлік және салалық бағдарламаларын әзірлеуге әр кезеңде барынша топтасуының жағдайына байланысты болады.
Толық көлемде қаржыландыру және осы бағдарламаларды іске асыру кезіндегі орындаушылардың жауапкершілігі мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:
1) проблема мониторингінің нәтижелеріне тиімді ден қою;
2) есірткіге тәуелді науқастарды оңалту және қайта әлеуметтендіру үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау;
3) есірткінің заңсыз айналымы деңгейін төмендету және онымен байланысты қылмысты бейтараптандыру;
4) мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін өзі басқару органдарымен қоғамдық ұйымдар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселелері бойынша өзара іс-қимылды кеңейту;
5) нашақорлықтың алдын алу, есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту, есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында Қазақстан Республикасының өкілетті органдарының мүдделі халықаралық ұйымдармен іс-қимылын үйлестіруді арттыру.
Достарыңызбен бөлісу: |