42-бап. Уәкілетті орган қолданатын ықпал етудің шектеулі
шаралары және санкциялар
1. Уәкілетті орган пруденциалдық нормативтердің және басқа да сақталуға міндетті нормалар мен лимиттердің бұзылғандығын, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің бұзылғандығын тапқан, жинақтаушы зейнетақы қорының лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздіктері анықталған жағдайларда уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорына ықпал жасаудың мынадай шектеулі шараларының бірін қолдануға:
1) анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою жөнінде орындалуы міндетті жазбаша нұсқама беруге;
2) жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін қызметінен шеттету туралы акционерлер алдында мәселе қоюға;
3) міндеттеме-хат талап етуге;
4) жинақтаушы зейнетақы қорымен жазбаша келісім жасауға құқылы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттеме-хатында орын алған кемшіліктерді мойындау фактісі және жинақтаушы зейнетақы қоры басшыларының оларды қатаң белгіленген мерзімде жою және (немесе) жоспарланған іс-шаралардың тізбесін көрсете отырып, алдағы уақытта мұндай кемшіліктерді болдырмау жөнінде кепілдігі қамтылуға тиіс.
3. Жазбаша келісім - бұл анықталған кемшіліктерді дереу жою қажеттігі туралы және осыған байланысты бірінші кезектегі шараларды бекіту жөнінде жинақтаушы зейнетақы қоры мен уәкілетті орган арасындағы келісім.
4. Жинақтаушы зейнетақы қоры міндеттеме-хаттың немесе жазбаша келісімнің осы құжатта көрсетілген мерзімде орындалғандығы жөнінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
5. Ықпал етудің шектеулі шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
6. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорына оған бұрын қолданған ықпал ету шараларына қарамастан санкция қолдануға құқылы.
7. Уәкілетті орган санкция ретінде мынадай шаралар қолдануға:
1) Осы Заңның 42-1, 42-2, 42-3, 42-4, 42-5 және 42-6-баптарында белгіленген негіздемелер бойынша және тәртіппен консервациялау енгізуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айыппұл салуға және өндіртіп алуға;
3) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға не одан айыруға;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) іс-әрекеті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтіндігін тану үшін жеткілікті деректердің негізінде, сонымен бір мезгілде жинақтаушы зейнетақы қорының басқарушы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып ала отырып, осы Заңның 40-бабында көрсетілген адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттетуге құқылы.
8. Уәкілетті орган мынадай негіздемелердің кез-келгені бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметке лицензияның қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы:
1) негіздемесі бойынша лицензия берілген ақпараттың дәйексіздігі;
2) лицензия берілген сәттен бастап жинақтаушы зейнетақы қоры қызметінің басталуын бір жылдан астам уақытқа кешіктіруі;
3) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт бойынша міндеттемелерін жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде қатарынан үш және одан да көп жағдайларда) орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы;
4) уәкілетті орган белгілеген нормативтерді және жинақтаушы зейнетақы қоры орындауға міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде қатарынан үш және одан да көп жағдайларда) бұзуы;
5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы ережелерін жүйелі түрде (күнтізбелік он екі ай ішінде қатарынан үш және одан да көп жағдайларда) бұзуы не уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын орындамауы;
6) жүргізілген аудит туралы аудиторлық ұйымдардың есебінде көрсетілген бұзушылықтарды жинақтаушы зейнетақы қорының осы Заңның 49-3-бабының 2-тармағында көрсетілген мерзімде жоймауы;
7) есептілік пен мәліметтер бермеу немесе қасақана дәйексіз
есептілік пен мәліметтер беру.
9. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыру және бұрын тартылған салымшыларға зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру құқығын сақтай отырып, жаңа салымшыларды тартуға, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық қызметін жүзеге асыруына тыйым салуға әкеп соғады.
10. Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметіне берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы уәкілетті орган қабылдаған шешімді жинақтаушы зейнетақы қоры екі баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарлама жариялау арқылы он күн ішінде салымшылар мен алушыларды хабардар етеді.
11. Жинақтаушы зейнетақы қоры лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұруының себептерін белгіленген мерзімде жоймаса, уәкілетті органның лицензиядан айыруы үшін негіз болып табылады.
12. Өзіне қатысты уәкілетті орган ықпал етудің шектеулі шараларын немесе санкция қолданған жинақтаушы зейнетақы қоры, оның шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы. Уәкілетті органның аталған шешімдеріне шағымдану, оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
13. Егер уәкілетті орган ірі қатысушылардың немесе олардың
лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің тәртіп бұзушылығы, заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайын нашарлатқандығын айқындаса, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында келтірілген шаралар ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушыларына да қолданылады.
42-1-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау ұғымы
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау уәкiлеттi органның шешiмi бойынша әкiмшiлiк, заң, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және басқа да iс-шаралар кешенiн және жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайын оңалту мен жұмыс сапасын жақсарту мақсатында оған қатысты рәсiмдердi мәжбүрлеп жүргiзудi бiлдiредi.
2. Жинақтаушы зейнетақы қоры осы Заңның 42-бабының 1-1-тармағының 3) 6) тармақшаларында көрсетiлген негiздердiң бiрi бойынша консервациялауға ұшырауы мүмкiн.
3. Консервациялау режимiн белгiлеу уәкiлеттi органның шектелген мерзiмге (бiр жылға дейiн) жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөнiндегi уақытша әкiмшiлiктi немесе жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны тағайындауды көздейдi.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау жинақтаушы зейнетақы қорының өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уәкiлеттi органның консервациялауды жүргiзу туралы шешiмiне жинақтаушы зейнетақы қорының акционерлерi сот тәртiбiмен он күн мерзiмде шағымдануы мүмкiн. Көрсетiлген шешiмге шағымдану жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялауды тоқтатпайды.
42-2-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөнiндегi уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы)
1. Уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiктi (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) оның қызметкерлерiнiң iшiнен не оның қызметкерлерi болып табылмайтын, осы Заңның 40-бабының 2-тармағында белгiленген ең төменгi талаптарға сай келетiн адамдар iшiнен тағайындайды.
2. Уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) басшысының және оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ еңбекақы төлеу талаптары уәкiлеттi орган мен уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) арасында жасалатын шартта белгiленедi.
3. Уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiктiң мүшелерiн (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) кез келген сәтте ауыстыруға құқылы.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорына келтiрiлген залал үшiн уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) басшысы мен оның мүшелерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершiлiкте болады. Уақытша әкiмшiлiк басшысы мен оның мүшелерiне (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) әдеттегi өндiрiстiк тәуекел санатына жатқызылуы мүмкiн залал үшiн жауапкершiлiк жүктеуге жол берiлмейдi.
42-3-бап. Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорына консервация жүргiзу туралы шешiмi
1. Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорына консервация жүргiзу туралы шешiмi:
1) жинақтаушы зейнетақы қорының атауын және оның орналасқан жерiн;
2) жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау туралы шешiмнiң негiздемесiн;
3) консервациялауды қолданудың басталуын және мерзiмiн;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының қызметiне салынған шектеулер тiзбесiн;
5) уақытша әкiмшiлiктiң дербес құрамын;
6) консервациялау режимiндегi жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерiне өз жұмысы туралы есептi әзiрлеу жөнiндегi нұсқаманы, кiрiс туралы декларацияны, меншiктiң бар екендiгi және оның мөлшерi және осы құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) ұсынуы туралы мәлiметтердi;
7) уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) ұсынымдарын қамтуы тиiс.
2. Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорына консервациялау жүргiзу туралы шешiмiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жариялайды.
42-4-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау кезеңiнде басқару ерекшелiктерi. Жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөнiндегi уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) өкiлеттiктерi
1. Консервация жасалуы басталысымен және оның мерзiмiнде:
1) эмитенті аталған қор болып табылатын жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің акцияларды пайдалану және оған билік ету бойынша құқығы тоқтатыла тұрады;
2) жинақтаушы зейнетақы қоры органдарының және оның басшы қызметкерлерiнiң өкiлеттiктерi тоқтатыла тұрады;
3) жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөніндегі жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерінің барлық құқықтары, сондай-ақ эмитенті аталған қор болып табылатын акцияларды пайдалану құқығы уақытша әкімшілікке (жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша меңгерушісіне) өтеді.
4) жинақтаушы зейнетақы қоры атынан және оның есебiнен уақытша әкiмшiлiкке (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) мәлiм етпестен және оның жазбаша келiсiмiнсiз жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы):
1) осы Заңның 42-5-бабының талаптарын ескере отырып, жинақтаушы зейнетақы қоры қызметiнiң барлық мәселелерi жөнiнде дербес шешiм қабылдауға;
2) жинақтаушы зейнетақы қоры атынан шарттарға және құжаттарға қол қоюға;
3) жинақтаушы зейнетақы қоры атынан және оның мүддесiне орай талап қоюға;
4) жұмыстан босату, лауазымын төмендету немесе лауазымынан уақытша босату, жинақтаушы зейнетақы қоры қызметкерлерiнiң арасында мiндеттердi бөлу туралы бұйрықтарды қоса алғанда, бұйрықтар шығаруға құқылы.
42-5-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын басқару жөнiндегi уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiн бақылау
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады, ол:
1) уақытша әкiмшiлiкке (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыға) жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау кезеңiндегi iс-шаралардың негiзгi бағыттары туралы ұсынымдар беруге;
2) уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) орындауға мiндеттi жазбаша нұсқамалар беруге;
3) уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) оның қызметi және жинақтаушы зейнетақы қорының қызметi туралы кез келген ақпаратты беруiн талап етуге;
4) жасалған жұмыс туралы уақытша әкiмшiлiктiң жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) есебiн тыңдауға;
5) консервациялау мерзiмiн ұзартуға;
6) жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялауды аяқтау туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiн егжей-тегжейлi регламенттеу және оның үшiншi тұлғалармен өзара қарым-қатынастарының принциптерi уәкілетті органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.
42-6-бап. Консервациялауды тоқтату
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау мынадай негiздер бойынша тоқтатылады:
1) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген консервациялау мерзiмiнiң өтуi;
2) уәкiлеттi органның консервациялауды мерзiмiнен бұрын аяқтау туралы шешiм қабылдауы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайын оңалтуға және жұмыс сапасын жақсартуға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялауды (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын да) тоқтату жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) белгiлеген барлық шектеулердiң күшiн жоюға әкеп соғады. Бұл жағдайда консервациялау мерзiмi iшiнде құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар, жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органдары және қызметкерлер құрамы күшiнде қалады.
3. Егер жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау оның қаржылық жағдайын оңалтуға және жұмыс сапасының жақсаруына әкеп соқпаған жағдайда, уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында көзделген негiздер бойынша зейнетақы жарналарын тарту және жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру бойынша қызметке берiлген лицензиядан айыруға құқылы.
42-7-бап. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі
қатысушыларына қолданылатын мәжбүрлеу шаралары
1. Уәкілетті орган ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушыларына:
1) ірі қатысушы мәртебесін алуға уәкілетті органның келісімін алмаған;
2) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін алғаннан кейін осы Заңның 36-2-бабының 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар пайда болған;
3) осы Заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын орындамаған;
4) салдарынан ашық жинақтаушы зейнетақы қорына залал келтірілген әрекеттерді ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы жасаған;
5) салдарынан ашық жинақтаушы зейнетақы қорына залал келтірілген, ашық жинақтаушы зейнетақы қоры ірі қатысушыларының қаржылық жағдайының тұрақсыздығы;
6) ашық жинақтаушы зейнетақы қоры мен оның ірі қатысушысы арасында уәкілетті органның осы Заңда көзделген қадағалау функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін қатынастар болған жағдайларда мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде, уәкілетті орган:
1) ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысынан ашық жинақтаушы зейнетақы қорының оған тікелей немесе жанама тиесілі акцияларының санын дауыс беретін акциялардың он процентінен төмен деңгейге дейін азайтуды не ашық жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін басқаруға тікелей немесе жанама қатысудан, оның ішінде дауыс беру құқығын жүзеге асырудан бас тартуды талап етуге;
2) ашық жинақтаушы зейнетақы қорынан оның өзі мен ірі қатысушы арасындағы, ашық жинақтаушы зейнетақы қорын тәуекелге ұрындыратын операцияларды (тікелей және жанама) ірі қатысушыға қатысты жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге құқылы.
3. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы осы баптың 2-тармағында, сондай-ақ осы Заңның 49-3-бабының 2-тармағында көзделген талаптарды уәкілетті орган белгілеген мерзім ішінде орындамаған жағдайда, уәкілетті орган ашық жинақтаушы зейнетақы қоры ірі қатысушысының акцияларын ашық жинақтаушы зейнетақы қорын басқаруға қатысатын сенімгерлікпен басқарушы ретіндегі құқығымен үш айға дейінгі мерзімге уәкілетті органның сенімгерлікпен басқаруына беру жөнінде ашық жинақтаушы зейнетақы қорының акционерлерімен шарт жасасу туралы шешім қабылдауға құқылы.
Акцияларды сенімгерлікпен басқаруға берудің негіздері осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген мерзімде жойылмаған кезде, уәкілетті орган сенімгерлікпен басқарудағы акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдасқан нарығында сату жолымен осы акцияларды иеліктен шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Көрсетілген акцияларды сатудан түскен ақша акциялары уәкілетті органның сенімгерлікпен басқаруына берілген тұлғаларға аударылады.
Акционерлер акцияларды сенімгерлікпен басқаруға беруден бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
4. Мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
43-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құру
1. Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құру уәкiлеттi органның рұқсатымен акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша бiрiктiру, бөлiп шығару, жинақтаушы зейнетақы қорының корпоративтiк түрден ашық түрге өзгерту нысанында жүзеге асырылады. Pұқсат беру талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
Жинақтаушы зейнетақы қорының қайта құруды жүргiзуге рұқсат алу туралы өтiнiшiне мынадай құжаттар қоса тiркеледi:
жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының оны қайта құру туралы шешiмi;
жинақтаушы зейнетақы қорын қайта ұйымдастырудың көзделiп отырған шарттарын, нысандарын, тәртiбi мен мерзiмдерiн жазылатын құжаттар;
қайта құру нәтижелерiнiң қаржылық болжамы, соның iшiнде жинақтаушы зейнетақы қорының және жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құрудың нәтижесiнде құрылатын заңды тұлғалардың оны қайта құрғаннан кейiнгi есептiк балансы;
Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құруға рұқсат алу туралы өтiнiштi құжаттардың толық топтамасы табыс етiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiс.
2. Қайта ұйымдастырылатын жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органның қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсатын алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде екі баспасөз басылымында мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жариялау арқылы өзінің барлық салымшылары мен алушыларына алдағы өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің салымшылар мен алушыларды хабарландыруға қатысты талабы жинақтаушы зейнетақы қоры үшін оның атауы өзгерген жағдайда да міндетті болып табылады.
3. Бөлiнiп шыққан жинақтаушы зейнетақы қоры (қорлары) бөлiнiп шығу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда зейнетақы жарналарын тарту жөнiндегі қызметті және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға жаңа лицензия алуға мiндеттi.
Қайта ұйымдастыру жағдайында мынадай жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) бөліп шығару нысанында қайта ұйымдастыру кезінде өзінен екі және одан да көп заңды тұлға бөлініп шыққан жинақтаушы зейнетақы қоры;
2) біріктіру нысанында қайта ұйымдастыру кезінде өзіне басқа жинақтаушы зейнетақы қорын қосып алған жинақтаушы зейнетақы қоры лицензиясының негізінде қайта ұйымдастырылған жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметті және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті қолда бар лицензиясы негізінде жүзеге асыруға құқылы.
Жинақтаушы зейнетақы қорын корпоративтік қордан ашық қор етіп түрiн өзгерткен жағдайда қайта ұйымдастырылған жинақтаушы зейнетақы қоры да жаңа лицензия алуға міндетті.
44-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құруға рұқсат беруден бас тарту
Уәкiлеттi органның жинақтаушы зейнетақы қорын қайта құруға рұқсат беруден мына негiздердiң кез келгенi:
1) қайта құрылатын Жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының тиiстi шешiмдерi болмауы;
2) көзделiп отырған қайта құрудың нәтижесiнде салымшылар мен алушылардың мүдделерiне нұқcан келтiрiлуi;
3) көзделiп отырған қайта барудың нәтижесiнде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңдары талаптарының бұзылуы бойынша бас тартылады.
45-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорын тарату
1. Жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) уәкiлеттi органның өзi белгiлеген тәртiппен берген рұқсаты болған кезде Жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша;
2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда соттың шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.
2. Ерiктi және мәжбүрлеп тарату, тарату комиссиясының өкiлеттi осы Заңда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
3. Кредиторлардың мүдделерiн қамтамасыз ету және жинақтаушы зейнетақы қорларын ерiктi және мәжбүрлеп тарату рәсiмдерiне олардың қатысуымен шешiм қабылдау мақсатында кредиторлар комитетi құрылады.
Ерiктi немесе мәжбүрлеп таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының кредиторлар комитетiнiң құрамын жинақтаушы зейнетақы қорын тарату комиссиясының ұсынысы бойынша уәкiлеттi орган бекiтедi.
Кредиторлар комитетiн құрудың және оның қызметiнiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
4. алынып тасталды
5. Таратылатын мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорының алушылары мен салымшылары тарату комиссиясы немесе уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) белгілеген мерзiмдерде басқа жинақтаушы зейнетақы қорын дербес таңдауға құқылы.
6. Тарату комиссиясы бекiтiлгеннен кейiн жетi күн мерзiмде тарату балансы мен есебiн уәкiлеттi орган мен Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне табыс етуге мiндеттi.
Тарату комиссиясы жинақтаушы зейнетақы қорын таратуды аяқтаған кезде белгiленген тәртiппен құжаттарды сақтау үшiн мұрағатқа тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
7. Жинақтаушы зейнетақы қоры кредиторларының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен танылған талаптары Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген кезектiлiкпен қанағаттандырылады.
Тиiстi кезектiлiк басталғаннан кейiн кредитордың талабы оның келiсiмiмен Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн тәсiлдермен, оның iшiнде ақшалай нысанда және (немесе) есеп айырысудың барабарлық принципiн сақтай отырып мүлiктi заттай нысанда беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкiн.
Тарату iсiн жүргiзуге байланысты, оның iшiнде жинақтаушы зейнетақы қорын тарату комиссиясының қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi шығыстар, сондай-ақ таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының негiзгi функцияларын қамтамасыз ету қажеттiлiгiнен туындайтын шығыстар кезектен тыс және тұрақты түрде жүзеге асырылады.
8. Жинақтаушы зейнетақы қорын тарату комиссиясының қызметін бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |