Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1-бап



бет1/9
Дата06.10.2023
өлшемі58.43 Kb.
#479998
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
kazakstan respublykasyndagy til turaly


Қазақстан Республикасындағы тiл туралы


1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:


1) диаспора – өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этностық қауымдастық);
1-1) мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы – түпнұсқаның мағынасы мен мазмұнын өзгеріссіз сақтайтын мәтіннің басқа тілге аудармасы;
2) ономастика – тiл бiлiмiнiң жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бөлiмi;
3) ономастика комиссиясы – Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру және сақтау бойынша бiрыңғай көзқарасты қалыптастыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық-кеңесшi орган;
3-1) ономастика саласындағы уәкілетті орган – ономастика саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) орфография – дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн қағидалар жүйесi;
5) Республикалық терминология комиссиясы – уәкілетті органның жанындағы, экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтік-кеңесшi орган;
6) топонимика – ономастиканың географиялық объектiлердiң атауларын, олардың пайда болуының, өзгеруінің және қолданылуының заңдылықтарын зерттейтiн бөлiмi;
7) алып тасталды - ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
8) тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті орган – тілдерді дамыту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 21.01.2013 № 72-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiледi); өзгеріс енгізілді – ҚР 30.04.2021 № 34-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңның реттейтiн мәселесi

Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтiн мәселе болып табылады.

Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi.
3-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасы

Ескерту. 3-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2021 № 94-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.

Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;

қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет